Сақтандыру төлемiнiң дау айтылған бөлiгiн сақтандырушы бiтiм келісімi жасалған және оны сот бекiткен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде не, егер сот шешiмдi шұғыл түрде орындауды ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап төлеуге тиiс.
8. Аудиторлық ұйымдардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу кезеңiнде келтiрiлген зиян үшiн сақтандыру төлемi туралы талап сақтандырушыға сақтандыру жағдайы басталған кезден бастап үш жыл iшiнде қойылуы мүмкiн.
9. Сақтандыру төлемi уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырушы пайда алушыға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
20-бап. Зиян келтiрген тұлғаға керi талап құқығы
1. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушының сақтанушыға жүзеге асырылған сақтандыру төлемі шегінде мынадай жағдайларда:
1) сақтанушы сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған, не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттер жасағанда;
2) сақтанушы Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы қасақана қылмыстық не әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттер жасағанда;
3) сақтанушы сақтандыру жағдайы кезіндегі шығынды азайту жөнiнде шараларды қасақана қолданбағанда;
4) сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның салдары туралы бiле тұра жалған мәлiметтердi хабарлағанда;
5) сақтанушы сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзiнiң талап қою құқығынан бас тартқанда, сондай-ақ сақтандырушыға талап қою құқығының өтуi үшiн қажеттi құжаттарын беруден бас тартқанда керi талап қоюға құқығы бар.
2. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға сақтанушының сақтандыру нәтижесiнде сақтандырушы өтеген шығындар үшiн жауапты тұлғаға керi талап құқығы төленген сома шегiнде ауысады.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
21-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негiздерi
1. Сақтандырушы егер сақтандыру жағдайы:
1) аудиттеу субъектiсiнiң сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерiнiң;
2) аудиттеу субъектiсiнiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттерiнiң салдарынан болса, сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.
2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшін мыналар да:
1) сақтанушының шығынды келтiруге кiнәлi тұлғадан шығынның тиiстi өтемiн алуы;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру жағдайының басталуы туралы сақтандырушыға хабарламау немесе уақтылы хабарламау;
3) сақтанушының сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайларын тексеру және келтiрiлген зиянның мөлшерiн белгiлеу кезiнде сақтандырушыға кедергi келтiруi;
4) аудиттеу субъектiсiнiң аудит жүргiзуге арналған шартта көзделген мiндеттердi бұзуы;
5) сақтанушының аудиторлық ұйымның Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңдарында белгiленген функцияларына және мiндеттерiне сәйкес келмейтiн қызметтi жүзеге асыруы;
6) аудиттеу субъектiсiнiң сақтанушыға аудит жүргiзу үшiн қажеттi толық емес және (немесе) расталмаған құжаттаманы және басқа да ақпаратты ұсынуы негiз болуы мүмкiн.
3. Сақтандыру жағдайының басталуы туралы сақтандырушыға хабарламау немесе уақтылы хабарламау, егер сақтандырушының сақтандыру жағдайының басталғаны туралы уақтылы бiлгендiгi дәлелденбесе не сақтандырушыда бұл туралы мәлiметтердiң болмауы сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асыру мiндетiне әсер етпесе, ол сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқылы.
4. Сақтандыру төлемiнен бас тарту үшiн негiздер бар кезде сақтандырушы осы Заңның 19-бабында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жетi жұмыс күнi iшiнде сақтандыру төлемi туралы өтiнiш берген тұлғаға бас тартудың себептерiне жазбаша нысанда, дәлелдi негiздемемен келтiрген сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тарту туралы тиiстi шешiмдi жiберуге мiндеттi.
5. Сақтандырушының осы бапта көзделмеген негiздер бойынша сақтандыру төлемiнен бас тартуға құқығы жоқ.
5-тарау. Қорытынды ережелер
22-бап. Дауларды қараудың тәртібі
Аудиторлық ұйымдардың жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.
23-бап. Қазақстан Республикасының аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы заңдарын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының
Президентi | Н.А. Назарбаев |