2. Осы баптың 1-тармағында тізбеленген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері орталық мемлекеттік және (немесе) жергілікті атқарушы органдарда аккредиттелуге жатады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеу жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестерінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін білдіруге белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігін тиісті мемлекеттік органдардың тануы болып табылады.
3. Егер аккредиттелуге бір өңірді, бір саланы білдіретін екі және одан көп бірлестік үміткер болған жағдайда, онда жиынтығында осы бірлестіктің мүшелері болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі жұмыскерлердің саны көп бірлестік аккредиттелуге жатады.
4. Егер аккредиттелуге бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкті, бiр қызмет саласын бiлдiретiн екi және одан көп коммерциялық емес ұйым үмiткер болған жағдайда, онда жиынтығында осы коммерциялық емес ұйымның мүшелері болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілеріндегі жұмыскерлердің саны көп коммерциялық емес ұйым аккредиттелуге жатады.
5. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң бiрлестiктерiн аккредиттеуден өткізу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Аккредиттеу туралы куәлік Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша үш жыл мерзімге беріледі.
Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдарда қатарынан екі реттен көп аккредиттелген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері аккредиттеу туралы куәлікті мерзімсіз негізде алады.
64-бап. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері
1. Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңес (бұдан әрі - сараптамалық кеңес) Орталық мемлекеттік, өкілді және жергілікті атқарушы органдар жанынан:
кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен және мүдделі коммерциялық емес ұйымдардан сараптамалық қорытындыларды алу;
кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарды тұжырымдау;
кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Орталық мемлекеттiк, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестерге Ұлттық палатаның, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң, аккредиттелген коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк органдардың өкiлдерi кiредi.
Сараптамалық кеңестердің отырыстары тоқсанына бір реттен сиретпей өткізіледі.
3. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерi мен коммерциялық емес ұйымдар орталық мемлекеттiк және жергiлiктi өкілді және атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамына ұжымдық мүше ретiнде кiредi және өкiлеттiгi сенiмхатпен расталатын өз өкiлi арқылы әрекет етедi.
Орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердiң құрамдары мемлекеттiк органдар басшыларының шешiмдерiмен бекiтiледi.
4. Кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнi әзiрлейтiн мемлекеттiк орган, мемлекеттiк құпияларды құрайтын нормативтiк құқықтық актілерді қоспағанда, оны сараптамалық кеңестiң қарауына енгiзедi.
5. Осы Кодекстің 66-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сараптамалық кеңес нормативтік құқықтық актінің жобасын, Қазақстан Республикасы халықаралық шартының жобасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шартты қарауды оны сараптамалық кеңестің мүшелеріне жіберу арқылы отырыс өткізбей жүзеге асыруы мүмкін.
6. Егер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселе тиісті орталық мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жататын жағдайда, осындай кез келген мәселе сараптамалық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.
7. Сараптамалық кеңестер туралы үлгiлік ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
8. Сараптамалық кеңестердің жұмысын талдауды және оның мониторингiн кәсіпкерлік жөніндегі уәкiлеттi орган жанынан құрылатын үйлестiру кеңесi жүзеге асырады.
Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның басшысы үйлестiру кеңесiнiң төрағасы болып табылады.
Үйлестiру кеңесiнiң құрамын кәсіпкерлік жөніндегі уәкiлеттi органның басшысы қалыптастырады.
65-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердi әзірлеу және қабылдау ерекшеліктерi
1. Орталық мемлекеттік, жергiлiктi өкілді және атқарушы органдар кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiнiң жобасын сараптамалық қорытынды алу үшiн, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса бере отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Ұлттық палатаға жiбередi.
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына сараптамалық қорытынды беру үшін орталық мемлекеттік және жергілікті өкілді және атқарушы органдар белгілейтін мерзім ол жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Ұлттық палатаға келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.
Осы тармақтың ережелері кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заңдар жобаларының тұжырымдамаларына қолданылады.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазбада нормативтік құқықтық актінің қолданысқа енгізілуіне байланысты кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азайғанын және (немесе) ұлғайғанын растайтын есеп-қисап нәтижелері қамтылуға тиіс.
3. Осы бапта және осы Кодекстің 66 - 68-баптарында көзделген талаптар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
4. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейтін мемлекеттік органдар оларды кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келіседі.
5. Осы Кодекстің 82-бабының 3-тармағында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен осы Кодекске сәйкес реттеушілік әсерді талдау жүргізіледі.
66-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының тұжырымдамалары, нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша сараптамалық қорытындылар
1. Сараптамалық қорытындылар жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата мүшелерiнiң жинақталған пiкiрiн бiлдiредi, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн оның жобасына, оның ішінде осы жобаны мүдделi мемлекеттiк органдармен келесі әрбiр келiсу кезінде мiндеттi қосымша болып табылады.
Сараптамалық қорытындылар қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
2. Сараптамалық қорытындыларды мемлекеттiк органдар белгiлеген мерзiмдерде:
1) республикалық деңгейде - жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің республикалық бiрлестiктерi, республикалық салааралық, салалық бірлестіктер, сондай-ақ шағын, орта және (немесе) ірі кәсiпкерлiк субъектілерінің республикалық бiрлестiктері;
2) облыстық деңгейде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық бірлестіктері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдары;
3) қалалық, аудандық деңгейлерде - жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, шағын, орта және (немесе) ірі кәсіпкерліктің облыстық, қалалық, аудандық бірлестіктері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық бірлестіктерінің филиалдары береді.
3. Мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiспеген жағдайда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, Ұлттық палатаға келiспеу себептерiнің негiздемесі бар жауап жiбередi. Негіздемесі бар мұндай жауаптар заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн оның жобасына мiндеттi қосымша болып табылады.
4. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Ұлттық палата заң жобасының тұжырымдамасы немесе нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертпелері бар сараптамалық қорытынды берген және сараптамалық кеңестің мүшесі сараптамалық кеңестің отырысын өткізуді талап еткен жағдайларда, мұндай отырыстың өткізілуі міндетті болып табылады.
Бұл ретте сараптамалық кеңестің отырыстары сараптамалық кеңестің мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізілуі мүмкін.
67-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау (тарату)
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары тиісті органда немесе сараптамалық кеңестің отырысында олар қаралғанға дейін, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.
68-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу тәртібі
Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері кәсіпкерлік субъектісіне қызметін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға байланысты жүзеге асыруға дайындалу үшін қажетті мерзімдер негізге алына отырып белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері кәсіпкерлік субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
69-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын халықаралық шарттар жасасудың ерекшеліктерi
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды әзірлеу мен жасасу кезінде осы Кодекстің 65 - 68-баптарында көзделген тәртіп қолданылады.
5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК
70-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұғымы
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік мынадай белгілерге сәйкес келетін, мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы ынтымақтастық нысаны болып табылады:
1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу арқылы мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес қатынастарын құру;
2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді мерзімі (мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының ерекшеліктеріне қарай үштен отыз жылға дейін);
3) мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға бірлесіп қатысуы;
4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру.
71-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері
Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес, сондай-ақ «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері болып табылады.
72-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері
Жобалануы, салынуы, жасалуы, реконструкциялануы, жаңғыртылуы және пайдаланылуы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын мүлік, мүліктік кешендер мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері болып табылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілеріне жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында ендірілуге жататын инновациялар да жатады.
73-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері мен қағидаттары
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимыл жасауы үшін жағдайлар жасау;
2) халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымы мен жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекеттің экономикасына инвестициялар тарту;
3) халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейін және сапасын арттыру;
4) Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болып табылады.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қағидаттары:
1) дәйектілік қағидаты - мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасындағы өзара қатынастарды кезең-кезеңмен орнату;
2) конкурстық қағидаты - «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, жекеше әріптесті конкурстық негізде айқындау;
3) теңгерімділік қағидаты - мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру процесінде міндеттерді, кепілдіктерді, тәуекелдерді және кірістерді мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында өзара тиімді бөлу;
4) нәтижелілік қағидаты - мемлекеттік-жекешелік әріптестік нәтижелеріне қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін өлшемшарттар мен көрсеткіштерді белгілеу болып табылады.
74-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдану салалары және оны жүзеге асыру тәсілдері
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономиканың барлық саласында (аясында) жүзеге асырылады. Бұл ретте тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын объектілер мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін берілмейді.
2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүзеге асырылу тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді.
3. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы іске асырады.
4. Өзге жағдайларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәсілі бойынша жүзеге асырылады.
Келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу арқылы, оның ішінде мынадай түрлердегі:
1) концессия;
2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару;
3) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға беру);
4) лизинг;
5) технологияны әзірлеуге, тәжірибелік үлгіні дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ және ұсақ сериялы өндіріс бойынша жасалатын шарттар;
6) өмірлік цикл келісімшарттары;
7) сервистік келісімшарттар;
8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік белгілеріне сәйкес келетін өзге де шарттар жасасу арқылы іске асырылады.
6-тарау. КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
75-бап. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігінің жалпы ережелері
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік, экологиялық және өзге де салаларды дамытуға ерікті үлес қосуы кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі болып табылады.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасында кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі үшін жағдайлар жасайды.
3. Кәсіпкерлік субъектілерін әлеуметтік жауапкершілік бойынша қызметті жүзеге асыруға мәжбүрлеуге ешкім құқылы емес.
Қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің істеріне мемлекеттің заңсыз араласуына жол берілмейді.
4. Кәсіпкерлік субъектілері өз қызметінде жұмыспен қамту және еңбек қатынастары, қоршаған ортаны қорғау салаларында және өзге де салаларда кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін ендіре алады.
Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін кәсіпкерлік субъектілері қайырымдылық арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де нысандарда жүзеге асыра алады.
76-бап. Кәсіпкерліктің жұмыспен қамту және еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік жауапкершілігі
1. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқықтарын қорғау негізінде құрылады және әлеуметтік мәселелерді шешуде және еңбек жағдайларын регламенттеуде кәсіпкерлік субъектісі мен оның жұмыскерлері арасындағы әріптестік қатынастарды дамытуға бағытталуға тиіс.
2. Жұмыс орындарын сақтау, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбек жағдайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау нормаларын сақтау, сондай-ақ ішкі саясатты бекіту кәсіпкерліктің жұмыспен қамту және еңбек қатынастары саласындағы негізгі бағыттары болып табылады.
3. Кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік және ұжымдық қатынастар саясатын іске асыруға қатысады.
77-бап. Кәсіпкерліктің экология саласындағы әлеуметтік жауапкершілігі
1. Кәсіпкерлік субъектілері қоршаған ортаға ұқыпты және ұтымды қарым-қатынасты қамтамасыз етуге тиіс.
2. Кәсіпкерліктің экология саласындағы әлеуметтік жауапкершілігі мынадай міндеттерді:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламалар мен іс-шараларды қаржыландыруды және көшелерді, саябақтар мен басқа да қоғамдық орындарды абаттандыруды;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы ішкі саясатты бекітуді;
3) қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған өзге де мәселелерді шешуді ерікті түрде орындау арқылы іске асырылады.
78-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылықты жүзеге асыру кезіндегі мемлекеттік кепілдіктері
1. Қайырымдылыққа қатысушы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мемлекет кепілдік береді және қолдау көрсетеді.
2017.03.07. № 86-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылығын осындай қызметті жүзеге асыратын, қайырымдылықты дамытуға елеулі үлес қосқан кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тәртіппен мемлекеттік наградалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен құрметті атақтар белгілеу және беру арқылы ынталандырады.
3. Қайырымдылықты жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салық жеңілдіктеріне құқығы бар.
4. Кәсіпкерлік субъектілерінің қайырымдылықты жүзеге асыру бойынша құқықтарының іске асырылуына және жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық көмек алуына кедергі келтіретін мемлекеттік органдардың лаузымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
79-бап. Мемлекет және қайырымдылықпен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимылы
1. Мемлекет қайырымдылықты жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ олардың бірлестіктерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
2. Қайырымдылықты жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ олардың бірлестіктері мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтаса алады және өзара іс-қимыл жасап, олармен келісімдер жасаса алады, сондай-ақ шарттар негізінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген белгілі бір жұмыстарды орындай алады.
3. Осы Кодекстің нормалары филантропиялық қызметтің мақсаттары үшін пайдаланылмайтын байланысты және байланысты емес гранттарды тарту, бағалау, мониторингтеу және пайдалану тетігіне қолданылмайды.
7-тарау. КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
80-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен шектері
1. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің мақсаттары кәсіпкерлік субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін, олардың заңды мүдделерін қорғауды, қоршаған орта үшін қауіпсіздігін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін, мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптарды белгілеуі арқылы, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасының заңдары;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік қаулылары;
4) Қазақстан Республикасы министрлерінің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілері;
6) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері деңгейінде реттегіш құралдар пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
Реттегіш құралдарды енгізу осы Кодекстің 82-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Реттегіш құралдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты ықпал ету тәсілдерін, оның ішінде:
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалатын рұқсаттарды және хабарламаларды;
осы Кодекстің 13-тарауына сәйкес мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларын;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ақпараттық құралдарды;
80-баптың 2-тармағының үшінші бөлігінің бесінші абзацы өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзін-өзі реттеу ұйымдарына міндетті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуді білдіреді.
Ақпараттық құралдар деп кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік органдарға немесе өзге де тұлғаларға ақпарат ұсыну тетіктері түсініледі.
3. Осы Кодекстің мақсаттары үшін ақпараттық құралдар деп:
1) осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде кәсіпкерлік субъектілерінің үшінші тұлғаларға ақпаратты, оның ішінде таңбалау, декларациялау, міндетті нұсқаулықтар, қызмет көрсету қағидалары бөлігіндегі ақпаратты, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, үшінші тұлғаларға ұсыну үшін міндетті, кәсіпкерлік субъектілері туралы тұтынушыларға ұсыну үшін міндетті өзге ақпаратты ұсыну талаптарын белгілеу;
2) салықтық, статистикалық және өзге есептілікті қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндетті есептілікті мемлекеттік органдарға тұрақты негізде ұсыну;
3) кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдарға ақпаратты, оның ішінде мәліметтер, үзінді көшірмелер, декларациялар, хабарламалар нысандары арқылы ақпаратты, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыруды бастауға, жүзеге асыруға немесе тоқтатуға байланысты мемлекеттік органдарға берілетін, кәсіпкерлік субъектілері толтыратын өзге де ақпаратты ұсыну танылады.
81-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу нысандары мен құралдары
Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу:
1) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ өнімдеріне, процестеріне қойылатын талаптарды белгілеу;
2) кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу;
3) кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруына рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу;
4) техникалық реттеу;
5) бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеу;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;
7) мемлекеттік бақылау және қадағалау;
8) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу;
9) мемлекеттік тапсырыс;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік субъектілерінің, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін белгілеу;
11) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің өзге де нысандары мен құралдары арқылы жүзеге асырылады.
82-бап. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралдар енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердi әзірлеу және қабылдау ерекшеліктерi
1. Егер реттеуші мемлекеттік органдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құрал енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды жоспарлаған жағдайда, реттеуші мемлекеттік органдар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.