221-бап. 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
222-бап. Су асты кабельдері мен құбырларын жобалау, төсеу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Әрбір нақты объектіні салу мен пайдалануға арналған трассалар, конструкциялар, жабдықтар, технологиялар мен техникалық құралдар орналастырылатын жерлерді таңдау қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді азайту мақсатында баламалы негізде жүргізілуге тиіс.
2. Құбыр трассасына немесе су асты кабельдеріне бес жүз метрден жақын арақашықтықта бұрғылау-жару жұмыстарына және пневматикалық және басқа да қуатты толқындар (сейсмикалық дабыл) тудыру көздерімен сейсмикалық барлауға тыйым салынады.
3. Құбырлар мен су асты кабельдері трассаларын кесіп өтетін жолмен сейсмикалық косты сүйреуге және балық аулау кемелеріне тралмен балық аулауға тыйым салынады.
4. Салынуға тиіс құбырлар мен соған ілеспе инженерлік құрылыстарды жобалау:
1) олардың беріктігінің, қауіпсіздігінің, олардың техникалық жай-күйін қорғау мен бақылаудың жоғары деңгейі;
2) кездейсоқ ахуалдарға жедел ден қою мүмкіндігі;
3) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жеделдігі мен сапасы;
4) қоршаған ортаға теріс әсердің неғұрлым аз болуы қамтамасыз етілуге тиіс.
5. Жобада міндетті түрде құрылыс, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелердің талаптарына, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның нұсқамалық құжаттарына сәйкес келетін дербес «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімі болуға тиіс.
6. Жобалау-сметалық құжаттамалардың толықтығы мен дұрыстығына тапсырыс беруші мен жобаны әзірлеуші жауап береді.
7. 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
8. Құбыр төсеу жобаларында құрылыстарды салған және кейіннен пайдаланған кезде оларды қорғау жөніндегі шаралар көзделу қажет. Құрылыстың әрбір кезеңінде және көмірсутегі шикізаты мен оның өңделген өнімдері тасымалданатын құбырды пайдаланған кезде қоршаған ортаны, сондай-ақ тәуекелі жоғары объектілерге жататын құбырларды қорғау жөнінде шаралар қабылдануға тиіс.
9. Құбырлардың кеме жүзетін өзендермен және каналдармен қиысу орындары жағалауларда навигациялық белгілермен белгіленеді. Навигациялық белгілер магистральдық құбыр салған кезде Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі саласындағы заңнамасына сәйкес орнатылады.
10. Құбырлардың зақымдану ықтималдығын болғызбау үшін оларды төсеудің кез келген түрінде күзет аймағы:
1) су асты өтпе жолдарының бойымен - өтпе жолдардың шеткі сызықтарының осінен әрбір жағынан жүз метр қашықтықтағы, параллель жазықтар арасында орналасқан, су үстінен түбіне дейінгі су кеңістігінің учаскесі түрінде;
2) өнімді тасымалдауға дайындаудың технологиялық қондырғыларының, басты және аралық, қайта айдайтын және құятын насос станцияларының, резервуарлық парктердің, компрессорлық және газ бөлетін станциялардың, өнім өлшейтін тораптардың құятын және ағызатын эстакадалардың, мұнай мен мұнай өнімдерін қыздыратын пункттердің айналасында - аталған объектілер аумағы шекараларының жан-жағынан жүз метр қашықтықта орналасқан тұйық сызықпен шектелген жер учаскесі түрінде белгіленеді.
11. Күзет аймақтарын, оның құрамына кіретін коммуникациялар мен объектілерді қоса, құбырлардың нақты жағдайының материалдары оларды аудандық жер пайдалану карталарына енгізу үшін тиісті жергілікті атқарушы органдарға берілуге тиіс. Жергілікті атқарушы органдар мүдделі заңды тұлғаларға олардың сұраулары бойынша құбырлардың орналасқан жері туралы мәліметтер береді.
12. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында олардың қалыпты пайдаланылуының бұзылуына не бүлінуіне әкеп соғуы мүмкін іс-әрекет жасауға:
1) навигациялық айырым белгілерін, бақылау-өлшеу пункттерінің орнын ауыстыруға, оларды көмуге және сындыруға;
2) кабель байланысының қызмет көрсетілмейтін пункттерінің люктерін, қақпалары мен есіктерін, тораптық арматуралар тораптарының қоршауларын, катодтық және сорғыту қорғаныс қондырғыларын, желілік және қарап көруге арналған құдықтар мен басқа да желілік қондырғыларды ашуға, крандар мен жылжытқыштарды ашып, жабуға, байланыс, энергиямен жабдықтау және құбырлар телемеханикасы құралдарын қосуға немесе ажыратуға;
3) қоқыс үйінділеріне айналдыруға, қышқылдар, тұздар мен сілтілер ерітінділерін төгуге;
4) жағалауларды бекітетін құрылыстарды, су өткізетін қондырғыларды, құбырларды бұзылудан, ал іргелес аумақтар мен айналадағы жерді тасылатын өнімдердің авариялық жайылып төгілуден сақтайтын топырақтан жасалған немесе өзге құрылыстарды (қондырғыларды) бұзуға;
5) зәкір тастауға, түсірілген зәкірлермен, шынжырлармен, лоттармен, ысырғыштармен және тралдармен өтуге, түбін тереңдететін және топырағын аршитын жұмыстар жүргізуге;
6) от жағуға және ашық немесе жабық от көздерін орналастыруға тыйым салынады.
13. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында магистральдық құбыр желісі меншік иесінің жазбаша рұқсатынсыз кез келген жұмысты атқаруға, оның ішінде ұңғымалар, шурфтар орнатумен және топырақ сынамасын алумен байланысты геологиялық-түсіру, геологиялық-барлау, іздеу, геодезиялық және басқа іздестіру жұмыстарына, сондай-ақ жару жұмыстарын жасауға тыйым салынады. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында жару жұмыстарын жүргізуге жазбаша рұқсат осы жұмыстарды жүргізетін ұйым Жару жұмыстары кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай ережелерінде көзделген тиісті материалдарды табыс еткеннен кейін ғана беріледі.
14. Құрамында күкіртті сутегі бар мұнай және су авариялық жағдайда төгілген кезде оларды дереу жинау және сол жерде залалсыздандыру немесе көмуге алып кету керек.
15. Газ-, мұнай-, конденсат құбырлары қиылысатын темір және су жолдарына, автомобиль жолдарына, жыраларға және басқа да табиғи кедергілерге, бұрылыс бұрыштарына, адамдар көп жиналуы мүмкін пункттерге, газ-, мұнай-, конденсат құбырлары технологиялық тораптарына тиісті қауіпсіздік белгілері мен жазбалар қойылады. Аталған жерлер үшін жобада шығарындылардың қауіптілігін болғызбайтын немесе азайтатын қосымша іс-шаралар көзделуге тиіс.
223-бап. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегi экологиялық талаптар
1. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оларды су деңгейі көтерілген жағдайда теңіздің ластануын болғызбайтындай немесе барынша азайтатындай етіп жүргізуге міндетті.
2. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы, өзінің келісімшарт аумағында теңіз ластанған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының кінәсі болмаса да, қоршаған ортаға, жеке немесе заңды тұлғаларға келтірілген залал мен шығындар үшін жауаптылықта болады.
33-тарау. Суды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
224-бап. Су объектілерін пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар
1. Су объектілерінде суды ортақ пайдалану Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Жеке және заңды тұлғалар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары белгілеген суды ортақ пайдалану ережелерін сақтауға міндетті.
3. Су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру қоршаған ортаны қорғаудың, жер қойнауын қорғаудың, санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік қауіпсіздікті, су ресурстарын молайту мен ұтымды пайдаланудың талаптары мен ережелерін сақтай отырып, сондай-ақ аталған объектілер қызметінің экологиялық салдарлар ескеріле отырып жүргізіледі.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Су объектiлерiнiң жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындар мен басқа да құрылыстарды салу, реконструкциялау, пайдалану, консервациялау, жою, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мемлекеттiк органының (эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерге жатқызылған объектілерге) оң қорытындылары болған кезде жүзеге асырылады.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 224-1-баппен толықтырылды (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
224-1-бап. Жерасты суларын пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жер асты суларын алу және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес берілетін арнайы су пайдалануға рұқсат негіз болып табылады.
2. Тәулігіне екі мың текше метрден басталатын көлемде жерасты суларын алу мен пайдалануды жүзеге асыруға негіз болатын жоба (технологиялық схема) мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады.
3. Табиғат пайдаланушылар жерасты суларын барлауды, тәулігіне екі мың текше метрден басталатын көлемде тартуды және (немесе) пайдалануды жүргізу кезінде өз есебінен жерасты суларының кен орындарын әзірлеудің жаңа тәсілдері мен технологиялық схемаларын іздестіру және қолда барын жетілдіру жөніндегі ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарын жүргізуге, технологиялық жабдықты, үздіксіз және кезеңдік бақылау құралдарын жаңғыртуға, жерасты суларын ұтымды пайдалануда және оның тартылу мен ластанудан сақталуын, жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Арнайы су пайдалануға рұқсаттар шарттарында көзделмеген мақсаттар үшін немесе осы шарттарды бұза отырып жерасты суларын тартуға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.
5. Жерасты суларын барлау, тарту және (немесе) олардың кен орындарын пайдалану арнайы су пайдалануға рұқсат шарттарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген нормалар мен талаптар сақталған кезде жүзеге асырылуға тиіс.
6. Жерасты суларын барлауды, тартуды және (немесе) пайдалануды жүргізетін табиғат пайдаланушылар мыналарды қамтамасыз етуге міндетті:
1) ұңғымаларды пайдаланудағы кемшіліктер есебінен судың мүлдем жоғалуын болғызбауға және оның сапалық қасиеттерінің жойылмауына қол жеткізілетін, жерасты суларын ұтымды барлау, тарту және (немесе) пайдалану;
2) су тұтқыш жиектерінің ластану ықтималдығын болғызбау;
3) әртүрлі су тұтқыш жиектердегі судың араласып кету және бір жиектерден екіншіге ағып кету ықтималдығын, егер бұл жобада көзделмесе, болғызбау;
4) жерасты суларын бақылаусыз реттелмей шығаруға жол бермеу, ал авариялық жағдайларда су ысырабын жою жөніндегі шараларды шұғыл қолдану;
5) құрамында пайдалы құрауыштар бар жерасты суларын кешенді пайдалану;
6) атмосфералық ауаны, жерүсті қабатын, ормандарды, суларды және басқа да табиғи объектілерді, сондай-ақ ғимараттар мен құрылысжайларды су пайдалануға байланысты жұмыстардың зиянды әсерінен қорғау;
7) жерасты суларын барлау, тарту және (немесе) пайдалану процесінде жарамсыз күйге келтірілген жер учаскелерінде қалпына келтіру жұмыстары кешенін жүргізу.
7. Табиғат пайдаланушы гидрогеологиялық ұңғымаларды, оның ішінде өздігінен ағатын және барлау ұңғымаларын, сондай-ақ іске қосуға жарамсыз немесе пайдаланылуы тоқтатылған ұңғымаларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттегіш құрылғылармен жабдықтауға, консервациялауға немесе жоюға тиіс.
8. Егер жер қойнауы басқа пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру үшін пайдаланылған кезде су тұтқыш жиектер ашылса, табиғат пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жерасты су объектілерін қорғау жөнінде шаралар қолдануы қажет және бұл жөнінде қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау, жер қойнауын зерттеу жөніндегі, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға хабарлауға тиіс.
9. Ашылған жерасты су тұтқыш жиектері олардың ластануын болғызбайтын сенімді оқшаулаумен қамтамасыз етілуге тиіс.
10. Шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланылуы мүмкін су тұтқыш жиектері ашылған кезде бұрғылау мен цемент ерітінділерін дайындау (өңдеу) үшін қолданылатын химиялық реагенттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісілген уыттылық сипаттамасы болуға тиіс.
11. Қазақстан Республикасының Су кодексінде және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыз суға жарамды сапасы бар жерасты суларын шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға байланысты емес мұқтаждық үшін пайдалануға жол берілмейді.
12. Жерасты суларының су тартуларын су реттегіш құрылғылармен, су өлшегіш аспаптармен жабдықтамай, сондай-ақ санитариялық қорғау аймақтарын белгілемей және жерасты су объектілерінің жай-күйі көрсеткіштерін байқау пункттерін құрмай оларды пайдалануға беруге тыйым салынды.
13. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы органмен келісу бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген жерасты су объектілеріне зиянды әсерлердің шекті жол берілетін нормативтерін сақтауға міндетті.
14. Жерасты су объектілерін пайдалануға байланысты су тартуларды орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру және пайдалану кезінде олардың жерүсті су объектілеріне және қоршаған ортаға зиянды әсерін (аумақты су басуын, жердің шөлейттенуін, батпақтануын, топырақтың көшуі мен шөгуін) болғызбайтын шаралар көзделуге тиіс.
15. Табиғат пайдаланушылар жерасты суларын мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз ету, олардың пайдаланылуын бақылау және қоршаған ортаны қорғау мақсатында:
1) жерасты су объектілерінен тартылатын және оларға ағызылатын судың бастапқы есебін қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін тәртіппен және мерзімдерде жүргізеді;
2) су тарту және су ағызу құрылысжайларын су шығындарын өлшегіш құралдармен жабдықтайды, сондай-ақ өздігінен ағатын ұңғымаларға реттегіш құрылғылар орнатады;
3) жерасты сулары кен орындарының ағымдағы игерілуіне бақылауды, ұңғымалардың жұмысына жедел бақылауды және технологиялық режимнің орындалуына бақылауды кен орындарын әзірлеудің бекітілген жобасына немесе технологиялық схемаға сәйкес жүргізеді. Бақылаудың кезеңділігі әзірлеу жобасында (технологиялық схемада) белгіленеді;
4) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекітетін статистикалық әдіснамаға сәйкес жерасты суларын пайдалану туралы бастапқы статистикалық деректерді ұсынады.
16. Осы баптың 1-5, 7, 11-13 және 15-тармақтарының талаптары пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру кезінде ілеспе алынған жерасты (шахта, карьер, кеніш) суларына қолданылмайды.
225-бап. Сарқынды суды ағызып жіберу кезіндегi экологиялық талаптар
1. Табиғи су объектілерін сарқынды суды ағызып жіберу үшін пайдалануға осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салынады.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қоршаған ортаға эмиссияға тиісті экологиялық рұқсат бар болған кезде сарқынды суды жер үсті су объектілеріне және жер қойнауына ағызып жіберуге жол беріледі.
Бұл ретте сарқынды суларды жерүсті су объектілеріне ағызуға - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша, сарқынды суларды жер қойнауына ағызуға жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті лицензия немесе келісімшарт болған кезде жол беріледі.
2015.15.06. № 322-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сарқынды суларды жинағыштары және (немесе) сарқынды суларды табиғи биологиялық тазартуға арналған жасанды су объектілері бар табиғат пайдаланушылар олардың қоршаған ортаға әсерiн болғызбау жөніндегі қажеттi шараларды қолдануға, сондай-ақ оларды пайдалану тоқтатылғаннан кейiн жерлердi рекультивациялауды жүзеге асыруға мiндеттi.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Жинақталған сарқынды суды кәдеге жаратудың немесе қалдықсыз өндіріске ауыстырудың басқа әдістерін қолданудың мүмкін еместігі негізделген кезде жаңа жинақтауыш-буландырғыштар құруға (қолданыстағыларын кеңейтуге) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының рұқсаты бойынша жол беріледі.
Жобаланған (пайдалануға жаңадан берілетін) өндірістік сарқынды суларды жинақтауыш-буландырғыштарға:
1) сүзгіге қарсы экранның болуы;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар жобалық шешімдерге сәйкес нормативтік-тазартылған сарқынды суды орналастыру талаптары қойылады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Табиғат пайдаланушы ластаушы заттардың сарқынды суда белгіленген шоғырлану нормативтерін асыра немесе сарқынды судың құрамына экологиялық рұқсатта көзделмеген жаңа заттарды қоса алмайды. Аталған талаптар бұзылған кезде сарқынды суды ағызып жіберу тоқтатылуға тиіс. Беткі су айдынына ағызылатын су мөлдір, бояусыз, иіссіз болуға, құрамында ауру тудыратын бактериялар және гигиеналық нормативтерден асатын шоғырлануларда адамның денсаулығы мен жануарлар үшін зиянды заттар болмауға тиіс. Ағызылатын судың температурасы Цельсий бойынша 30 градустан аспауға тиіс.
5. Ағызылатын суда бетон мен металды бүлдіріп-бұзатын заттар болмауға тиіс.
6. Сарқынды суды, олардың тазалану деңгейіне қарамастан, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғалу аймақтарындағы, курорттардағы, суға түсуге арналған жерлердегі су айдындарына ағызып жіберуге жол берілмейді.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды
7. Сарқынды суды су объектілеріне, жер қойнауына, сарқынды су жинақтауыштарға, жергілікті жердің рельефіне ағызуды жүзеге асыратын немесе су бөлудің тұйықталған циклінде жұмыс істейтін табиғат пайдаланушылар Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес су көлемін есептеу аспаптарын пайдалануға және су тұтыну мен су бөлуді есепке алу журналын жүргізуге тиіс.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды; 2017.05.04. № 56-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Тау-кен металлургиясы кәсіпорындарының шахта және карьер суларын жинақтауыш тоғандарға және (немесе) буландырғыш тоғандарға, сондай-ақ сумен суыту үшін пайдаланылатын суларды сумен жабдықтаудың тұйықталған (айналымды) жүйесінде орналасқан жинақтауыштарға ағызуды қоспағанда, сарқынды суларды алдын ала тазартусыз су объектілеріне, жергілікті жердің рельефіне және сарқынды су жинақтауыштарға ағызуға тыйым салынады.
34-тарау. Ормандарды және өзге де өсімдіктерді пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
226-бап. Аралық пайдалану мақсатында ағаш кесуді жүзеге асырған кезіндегі экологиялық талаптар
Мемлекеттік орман қоры санатындағы ормандарда бағалылығы төмен және қорғаныштық, су сақтау және басқа экологиялық функцияларын жоғалта бастаған екпелерді реконструкциялаумен байланысты ағаш кесу мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша ғана жүргізіледі.
2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен 227-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
227-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асырған кезде орман пайдаланушылар:
1) жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтін, ормандардың жай-күйі мен молықтырылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектілердің жай-күйіне теріс әсерді болдырмайтын немесе оны шектейтін және жануарлар дүниесі мен олардың тіршілік ету ортасының сақталуын қамтамасыз ететін тәсілдермен жүргізуге;
2) ағаш сүрегін дайындаған кезде мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобаларда көзделген техника мен технологияны пайдалана отырып, ормандарды табиғи түрде молықтыру үшін оңтайлы жағдайларды сақтау жөніндегі талаптарды ұстануға;
3) ағашы кесілетін жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудің белгіленген мерзімі аяқталған соң кесілмеген және дайындалған ағаш сүректерін қалдырмауға;
4) ағаш сүрегін дайындаумен бір мезгілде кеспеағаш аймағын кесілген ағаштардың қалдықтарынан тазартуды жүргізуге;
5) мемлекеттік орман қорының орман пайдалануға бөлінген учаскелерінде ағаштың заңсыз кесілуіне және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын өзгедей бұзуға жол бермеуге;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде басты мақсатта пайдалану үшін ағаш кескен кезде, орман орналастыру жобасына сәйкес, орманды қайта жаңартуды қоса алғанда, ағашы кесілген алаңның екі еселенген мөлшерінен астам алаңға ағаш отырғызуды жүзеге асыруға;
7) ағашы кесілген жерлерде және өздерінің қызметі нәтижесінде өскіндері жойылған, ағаш пен бұта өсімдіктері құрып кеткен алаңдарда ормандарды молықтыруды өз есебінен жүзеге асыруға;
8) ормандардың санитарлық жай-күйін қамтамасыз ету мен жақсарту жөніндегі ережелерді сақтауға;
9) ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде мемлекеттік орман қоры учаскелерін орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
10) мемлекеттік орман иеленушілерді мемлекеттік орман қорының орман пайдалану үшін оларға бөліп берген учаскелерінде орман зиянкестері мен ауруларының пайда болғаны туралы хабардар етуге;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға және оның аумақтық органдарына, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына және мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға орман қорының мемлекеттік есебін, мемлекеттік орман кадастрын, мемлекеттік орман мониторингін жүргізу, орман пайдалану төлемақысының мөлшерін анықтау үшін қажетті ақпаратты беріп тұруға міндетті.
228-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман шаруашылығын ұйымдастыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман шаруашылығын жүргізу ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыру ағаш кесудің ғылыми негізделген жүйесін іске асыру, ормандарды молықтыру, олардың тұқымдық құрамын жақсарту, селекциялық-гендік негізде тұрақты ормандық тұқым базасын жасау және оны тиімді пайдалану, су-орман мелиорациясы, күтіп-баптау үшін ағаш кесу мен санитарлық ағаш кесуді қоса алғанда, орманды күтіп-баптау, орман шаруашылығы мақсатында жол салу, басқа да орман шаруашылығы іс-шараларын өткізу нәтижесінде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандардың ресурстық және экологиялық әлеуетін арттыру жөніндегі іс-шараларды орман мекемелері мен орман пайдаланушылар орман орналастыру жобаларына сәйкес жүргізеді.
229-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру кезіндегi экологиялық талаптар
1. Ормандарды молықтыру мақсаты мемлекеттік орман қорының ағашы кесілген, өртелген және бұрын орман өскен өзге де аумақтарында орманды уақытында қалпына келтіру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнімділігін арттыру, мемлекеттік орман қоры жерлерінің ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Орман өсірудің мақсаты бұрын орман өспеген аумақтарда екпелер отырғызу болып табылады.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру жөніндегі іс-шаралар орман өсіру жағдайлары мен экономикалық мақсатқа сәйкестігі ескеріле отырып, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталып, неғұрлым қысқа мерзімде өнімділігі жоғары және төзімді екпелер жасауды қамтамасыз ететін тәсілдермен жүргізілуге тиіс.
4. Мемлекеттік орман қорында ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөніндегі жұмыстар көлемі мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.
230-бап. Ормандарды молықтыру мен орман өсіру үшін орман тұқымдары мен екпе материалдарды дайындау, өңдеу, сақтау, орнын ауыстыру, сату және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
2012.10.07. № 31-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сатуға және егу үшін пайдалануға жататын орман тұқымдарының егу сапасын, олардың ұлттық стандарттарға, техникалық шарттарға және орман тұқым шаруашылығы жөніндегі басқа да нормативтік құжаттарға сәйкестігін айқындауды орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мамандандырылған ұйымдары жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеруден өтпеген орман тұқымдарын сату мен егуге тыйым салынады.
3. Селекциялық-тұқым шаруашылығы мақсатындағы объектілерді қалыптастыру, оларды мемлекеттік орман қоры учаскелерінде пайдаланудың режимін белгілеу мемлекеттік-экологиялық сараптамадан өткен жобалармен айқындалады.