15) кредиторға оның жазбаша сұрау салуы негізінде банкроттық рәсімінің жүзеге асырылу барысы, борышкердің қаржылық жағдайы туралы сұрау салу келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабарлауға;
16) егер банкроттықты басқарушымен жасалған банкроттық рәсімін жүргізу туралы шартта өзгеше белгіленбесе, сот банкрот пен оның кредиторларының мүдделерін қозғайтын сот актісін шығарған жағдайда, кредиторлар комитетіне осы сот актісіне шағым жасау туралы мәселені қарау үшін оның көшірмесін алған күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде ұсынуға;
17) кредиторлар жиналысы мен комитеті отырыстарының өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы кредиторларды хабардар етуге;
18) соттың банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарымы заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға банкроттың банктік шоттарын жабу туралы өтініш жіберуге, банкроттың мөрін (болған кезде) жоюға;
19) сот оңалту рәсімін тоқтату, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда, оңалтуды басқарушыдан тағайындалған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтай құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, банкротқа тиесілі материалдық және өзге де құндылықтарды қабылдауға;
20) құрылтай құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, материалдық және өзге де құндылықтарды:
соттың борышкерді банкрот деп тану туралы шешімінің күшін жою туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде - борышкерге немесе оңалтуды басқарушыға;
банкроттың кәсіпорнын сату кезінде тапсыру актісіне қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сатып алушыға беруге;
21) банкроттықты басқарушы шеттетілген (босатылған) жағдайда жаңадан тағайындалған банкроттықты басқарушыға ол тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтай құжаттарын, есепке алу құжаттамасын, банкроттың мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды, мөрлерді (олар болған кезде), мөртабандарды, банкротқа тиесілі материалдық және өзге де құндылықтарды, сондай-ақ банкроттың банктік шоттарының бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары туралы және қозғалысы туралы қолда бар ақпаратты беруге;
22) тағайындалған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде кредиторлар комитетімен банкроттық рәсімін жүргізу туралы шарт жасасуға;
23) құқық қорғау органдарына әдейі банкроттық белгілерінің бар екенін көрсететін қолда бар деректер туралы хабарлауға;
24) осы Заңның 6-бабында белгіленген жағдайларда, құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) лауазымды адамды субсидиарлық жауаптылыққа тарту және осы Заңның 96-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде сомаларды өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге;
25) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді орындауға міндетті.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Сот оңалту рәсімін тоқтату, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешім қабылдағаннан кейін банкроттықты басқарушы:
1) уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға борышкерді банкрот деп тану және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде тағайындалған күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей жіберуге де;
2) осы Заңның 88-бабы 3-тармағының 2) - 8) тармақшаларында және 92-бабының 1-тармағында көзделген міндеттерді орындауға да міндетті.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 90-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
90-бап. Банкроттық рәсімінде кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру
1. Уақытша басқарушы тағайындалған күнінен бастап екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде кредиторлар талаптарының тізілімін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша қазақ және орыс тілдерінде қалыптастыруға міндетті.
Кредиторлар талаптарының тізілімін қалыптастыру мақсатында уақытша басқарушы сот банкроттық туралы іс қозғау туралы ұйғарым шығарған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей, ал егер салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор не мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға өтініш беруші болып табылса - тағайындалған күнінен бастап уәкілетті органға банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау және кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыруды уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін қазақ және орыс тілдерінде жібереді.
Кредиторлардың талаптарын қабылдауды борышкердің орналасқан жері бойынша не әкімші ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламада өзі көрсеткен әкімшінің тіркелген орны бойынша уақытша басқарушы жүзеге асырады.
Уәкілетті орган хабарландыруды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Борышкердің интернет-ресурсы болған кезде көрсетілген интернет-ресурста хабарды жариялау міндетті болып табылады.
2. Уақытша басқарушы сот орындаушыларынан заңды күшіне енген сот шешімін немесе борышкерден ақша өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде осындай кредиторларды банкроттық туралы іс қозғау (борышкерді банкрот деп тану) және талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы жазбаша хабардар етеді.
Уақытша басқарушы банкроттық туралы іс қозғалған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде, ал егер салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор не мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға өтініш беруші болып табылса - тағайындалған күнінен бастап борышкер өздерінің алдында өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін жауапты болатын азаматтарды банкроттық туралы іс қозғау (борышкерді банкрот деп тану туралы) және талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы да жазбаша хабардар етеді.
3. Кредиторлар банкротқа қоятын талаптарын кредиторлардың талаптарды мәлімдеу тәртібі туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бір ай мерзімде мәлімдеуге тиіс.
Кредиторлардың талаптарында:
1) талаптың сомасы туралы (негізгі борыштың, сыйақының (мүдденің), тұрақсыздық айыбы мен өзге де айыппұл санкцияларының, залалдардың сомасы туралы жеке-жеке) мәліметтер қамтылуға тиіс. Талап сомасы көрсетілген талап мәлімделген күнге айқындалады;
2) осы Заңның 25-бабының 1-тармағында көзделген, кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарлама тәсілдерінің бірін көрсету қамтылуға тиіс.
Салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқалары ұсыныла отырып, талаптың негізі мен сомасын растайтын құжаттардың көшірмелері (соттардың заңды күшіне енген шешімдері, шарттардың көшірмелері, борышкердің борышты мойындауы) талапқа қоса беріледі.
Егер сыйақы (мүдде) мен залалдар бойынша осы тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген талап сомасы сот борышкерді банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған күнге өзгертілсе, онда сот осындай шешім қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде кредитор өзгерісті ескере отырып, өзінің талаптарын қайта мәлімдейді.
Кредиторлар талаптың негізі мен сомасын растайтын өзге де құжаттарды ұсынуға да құқылы.
Кредитордың талабы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен өндіріп алуға жатпайтын бөлігінде кредиторлар талаптарының тізіліміне талап қоюдың ескіру мерзімінің өтуі себебінен енгізілмейді.
Кредиторлардың шетел валютасында көрсетілген талаптары сот борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешім қабылдаған күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен есепке алынады.
4. Қалыптастырылған кредиторлар талаптарының тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен енгізіледі.
5. Кредитордың осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп мәлімделген талабы кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі, бірақ мұндай кредитор бір ай мерзімде мәлімделген кредиторлар талаптары толық қанағаттандырылғанға дейін кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
6. Кредиторлардың талаптарын уақытша басқарушы немесе банкроттықты басқарушы осындай талаптар мәлімделген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
Танылған талаптар карау нәтижелері бойынша кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізуге жатады.
Кредиторлардың сотқа бұрын өздері мәлiмдеген талаптары, егер олар осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сай келсе, кредитордың өтініші болған кезде тiзiлiмге енгiзiлуi мүмкiн.
7. Кредиторлар талаптарының тізіліміне:
1) кредиторлардың Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасында айқындалған, бөлiнген активтермен қамтамасыз етілген талаптары және мынадай мүлiктi: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша (ипотекалық куәліктердің кепілін қоса алғанда) талап құқықтарын, сондай-ақ ұстаушыларында көрсетілген облигацияларға меншік құқығы мәмілелер не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бойынша туындаған немесе оларға көшкен жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының кепілімен қамтамасыз етілген ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың талаптары;
2) кредиторлардың мемлекет кепiлгерлiгiмен қамтамасыз етiлген инфрақұрылымдық облигациялар бойынша талаптары;
3) борышкер құрылтайшыларының (қатысушыларының) еңбекке ақы төлеу, еңбек шарттары бойынша өтемақылар төлеу жөніндегі талаптарын, Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар, мiндеттi зейнетақы жарналары және мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша міндеттемелерді қоспағанда, олардың талаптары;
4) кепіл беруші үшінші тұлғалар болған жағдайларда, кепілді кредиторлардың кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану нәтижелері бойынша өтелген талаптары енгізілмейді.
8. Кредиторлар борышкерге берешектің сомасын және осы сомаға тиесілі сыйақыны (мүддені), борышкер тарапынан міндеттемелерді орындамаудан немесе тиісінше орындамаудан келтірілген залалдарды, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) және өзге де айыппұл санкцияларын қамтитын талаптарды қоюға құқылы.
9. Сыйақының (мүдденiң) және залалдардың сомасы сот борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылдаған күнге айқындалады.
10. Кредиторлардың банкроттық рәсiміне қатысуына байланысты шығыстары орнын толтыруға жатпайды.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 91-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
91-бап. Кредиторлардың талаптарын қарау
1. Кредиторлардың талаптарын қарау нәтижелері туралы (талапты толық көлемде немесе бір бөлігін тану немесе танымау себептерін көрсете отырып, танымау туралы) уақытша басқарушы шешім қабылданған күннен кейінгі күні әрбір кредиторды жазбаша хабардар етуге міндетті. Кредиторлардың борышкер банкрот деп танылғаннан кейін мәлімделген талаптары бойынша уақытша немесе банкроттықты басқарушы шешім қабылданған күннен кейінгі күні осындай кредиторды жазбаша хабардар етуге міндетті.
Кредитордың талабын (толық көлемде немесе бір бөлігін) тану туралы хабарламада уақытша немесе банкроттықты басқарушы кредиторлардың алғашқы жиналысының өткізілетін күнін, уақытын, орнын және күн тәртібін көрсетуге міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігінің ережелері сот оңалту рәсімін тоқтату, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда, банкроттықты басқарушыға қолданылады.
2. Уақытша немесе банкроттықты басқарушының шешімімен келіспеген жағдайда кредитор талаптарды қарау нәтижелері туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай шешімге банкроттық туралы істі қарайтын сотта шағым жасауға құқылы.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 92-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
92-бап. Кредиторлар талаптарының тізілімін жариялау
1. Уақытша басқарушы қалыптастырылған кредиторлар талаптарының тізілімін, сондай-ақ талаптары танылмаған кредиторлардың тізбесін уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін уәкілетті органға кредиторлар талаптарының тізілімі қалыптастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жіберуге міндетті.
Уәкілетті орган кредиторлар талаптарының тізілімін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
2. Кредитор өз талабының мөлшеріне, сондай-ақ жарияланған тізілімге енгізілген басқа кредиторлар талаптарының мөлшері мен негізіне жарияланған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде шағым жасауға құқылы.
Жарияланған тізілімге енгізілген кредиторлар талаптарының мөлшері мен негізіне осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде борышкер - дара кәсіпкер де, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі де (ол уәкілеттік берген орган да), құрылтайшысы да (қатысушысы да) шағым жасауы мүмкін.
93-бап. Кредиторлар жиналысының банкроттық рәсіміндегі өкілеттіктері
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кредиторлардың алғашқы жиналысын уақытша басқарушы борышкер банкрот деп танылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кеш болмайтын мерзімде өткізеді.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кредиторлардың алғашқы жиналысында:
1) кепілге салынған мүлікті қоспағанда, мүлікке бағалау жүргізу туралы шешім қабылданады;
2) хабарламалары әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғалар арасынан банкроттықты басқарушының кандидатурасы таңдалады;
3) кредиторлар комитеті құрамының саны айқындалады және осы құрам, кредиторлар комитетінің төрағасы бекітіледі;
4) кредиторлар комитетінің жұмыс регламенті бекітіледі;
5) банкроттың мүліктік массасын түгендеу туралы есеп қаралады;
6) банкроттың қызметін жалғастыру (тоқтату) туралы шешім қабылданады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Кредиторлар жиналысының құзыретіне:
1) хабарламалары әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізіліміне енгізілген тұлғалар арасынан банкроттықты басқарушының кандидатурасын таңдау;
2) кредиторлар комитетінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
3) банкрот мүлкін тікелей сату туралы шешім қабылдау;
4) лизинг нысанасын мерзімінен бұрын сатып алу туралы шешім қабылдау;
5) банкроттықты басқарушыға уәкілетті орган белгілеген шекте негізгі сыйақы мөлшерін айқындау;
6) банкроттық рәсімін жүргізу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдау;
7) қорытынды есепті келісу;
8) банкроттық рәсімін жүргізу үшін банкроттықты басқарушының қарыз алуы туралы шешім қабылдау;
9) бітімгершілік келісім жасасу туралы шешім қабылдау;
10) банкроттық рәсімі барысында оңалту рәсіміне өту туралы шешім қабылдау;
11) осы Заңның 95-1-бабында көзделген жағдайда оңалту жоспарын келісу;
12) кредитордың кредиторлар жиналысына келмеу себебін дәлелді себеп ретінде тану туралы шешім қабылдау;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар жатады.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Банкроттықты басқарушының кандидатурасын таңдаған кезде кредиторлар жиналысы әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінде тұрған тұлғаларға қатысты ұсынымдарды әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалардың кәсіптік бірлестіктерінен алуы мүмкін.
Кредиторлар жиналысы сайланған кандидатты оның кандидатурасын уәкілетті органға ұсынғанға дейін оның банкроттықты басқарушы ретінде таңдалғаны туралы хабардар етуге міндетті.
Уәкілетті орган кредиторлар жиналысы ұсынған кандидатураны кредиторлар жиналысы оны ұсынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде банкроттықты басқарушы етіп тағайындауға міндетті.
Уәкілетті орган осы Заңның 12-бабы 5-тармағының бірінші бөлігі негізінде кандидатураны банкроттықты басқарушы етіп тағайындауға кедергі болатын мән-жайларды анықтаған жағдайда, анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде банкроттықты басқарушының кандидатурасын тағайындаудан уәжді бас тартуды не осы Заңның 12-бабы 8-тармағының 3) тармақшасы негізінде әкімші қызметін жүзеге асыруға құқылы адамдардың хабарламалары тізілімінен банкроттықты басқарушының хабарламасын алып тастау туралы хабарды кредиторлар жиналысына жіберуге міндетті.
Кредиторлар жиналысы ұсынылған кандидатураны тағайындаудан уәкілетті орган бас тартқан жағдайда, банкроттықты басқарушы етіп тағайындау үшін басқа кандидатура ұсынуға міндетті.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Кредитор оңалту рәсімін жүргізу барысында оңалтуды басқарушыдан борышкердің қаржылық жағдайы туралы ақпаратты сұратуға құқылы.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 94-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
94-бап. Банкроттық рәсімінде кредиторлар комитетінің өкілеттігі
Кредиторлар комитеті:
1) банкроттық рәсімінің жүргізілуіне және банкроттықты басқарушының қызметіне жедел бақылауды жүзеге асырады;
2) банкроттықты басқарушымен шарт жасасады және оны бұзады;
3) шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын банкроттық рәсімін жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;
4) банкроттың жаңадан анықталған не мүліктік массаға қайтарылған мүлкіне бағалау жүргізу туралы шешім қабылдайды;
5) банкроттықты басқарушы сатып алатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды;
6) борышкер мен кредитор арасындағы талаптарды өзара есепке жатқызу туралы шешім қабылдайды;
7) банкроттықты басқарушыны шеттету және бір мезгілде жаңа банкроттықты басқарушыны таңдау мәселесі бойынша кредиторлар жиналысын ұйымдастырады;
8) мүлікті сату жоспарын бекітеді;
9) мүлікті баланстық құны бойынша электрондық аукционға қою туралы шешім қабылдайды;
10) борышкердің өндіріп алу мүмкін емес дебиторлық берешегінің сомасын бекітеді;
11) баланста есепте бар, бірақ түгендеу актісі бойынша жоқ жылжымалы мүлікті есептен шығару туралы шешім қабылдайды;
12) борышкер мүлкін мүліктік жалға беру (жалдау) шартын жасасу талаптарын айқындайды;
13) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
95-бап. Кредиторлардың еңбекақы төлеу жөніндегі мүдделерін білдіру
1. Борышкерге еңбекақы төлеу жөнінде талаптары бар адамдар жиналыста (конференцияда) жасырын дауыс беру арқылы борышкердің, оның кредиторларының алдында өздерінің мүдделерін қорғауға уәкілетті өкілді сайлайды.
Кредитордың еңбекақы төлеу жөніндегі өкілі кредиторлар комитетінің құрамына кіреді.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен сайланған өкіл банкроттық рәсімінің жүргізілу кезеңінде өзіне осы Заңмен берілетін барлық кредитордың құқықтарын пайдаланады. Өкіл еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізу нәтижелері бойынша өзін сайлаған жиналыс (конференция) алдында есеп береді.
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 95-1-баппен толықтырылды; 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 95-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
95-1-бап. Банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту
1. Борышкерге қатысты оңалту рәсiмi қолданылмаған, ал банкроттық рәсімі барысында борышкер - дара кәсіпкер, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшысы (қатысушысы) осы Заңның 73-бабы 1, 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін оңалту жоспарын әзірлеген жағдайда, борышкер - дара кәсіпкер, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшысы (қатысушысы) банкроттықты басқарушыға әзірленген оңалту жоспарын және банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өту мүмкіндігін қарау үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы өтiнiшхатпен жүгінуге құқылы.
Банкроттықты басқарушы борышкер - дара кәсіпкердің, борышкер - заңды тұлға мүлкі меншік иесінің (ол уәкілеттік берген органның), құрылтайшысының (қатысушысының) өтiнiшхаты келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде кредиторларды кредиторлар жиналысын өткізу туралы осы Заңның 25-бабында көзделген тәртіппен хабардар етуге міндетті.
2. Кредиторлар жиналысы ұсынылған оңалту жоспарымен және банкроттық рәсімінен оңалту рәсіміне өтумен келіскен жағдайда жиналыс бір мезгілде борышкерді басқару жөніндегі өкілеттікті борышкер - дара кәсіпкерге, борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі, құрылтайшысы (қатысушысы) уәкілеттік берген органға немесе тұлғаға жүктеу туралы мәселені шешуге не әкімші қызметін жүзеге асыру құқығы бар тұлғалар хабарламаларының тізілімінде тұрған тұлғалар арасынан оңалтуды басқарушының кандидатурасын таңдауға міндетті.
3. Банкроттықты басқарушы оңалту жоспарын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оңалту жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуын ескере отырып, борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша жасауға және оны борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларына (қатысушыларына), дара кәсіпкерге жіберуге міндетті.
Осы тармақта көзделген борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны осы Заңның 49-1-бабын ескере отырып, банкроттықты басқарушы жасайды.
4. Борышкер - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшысы (қатысушысы), дара кәсіпкер кредиторлар жиналысының келісімі және оңалту жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылу қорытындысы бойынша борышкер қаржылық орнықтылықтың І сыныбына жатқызылатын, борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы банкроттықты басқарушының қорытындысы болған кезде банкроттық рәсiмін тоқтату, оңалту рәсiмiн қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.
5. Сот борышкер - дара кәсіпкердің, борышкер - заңды тұлға мүлкі меншік иесінің (ол уәкілеттік берген органның), құрылтайшысының (қатысушысының) банкроттық рәсiмін тоқтату, оңалту рәсiмiн қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы өтінішін осы Заңда көзделген ерекшеліктермен азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қарайды.
6. Істі қарау нәтижелері бойынша сот банкроттық рәсімін тоқтату, оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы не бас тарту туралы шешім шығарады.
7. Сот оңалту рәсімін қолдану және оңалту жоспарын бекіту туралы шешім шығарған жағдайда, борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiмнің күші шешім шығарған соттың жоюына жатады.
96-бап. Мүліктік масса
1. Мүліктік массаның құрамына:
1) банкроттың, оның ішінде оның қаржылық құжаттарында көрсетілмеген, бірақ талап құқықтарын (дебиторлық берешек) қоса алғанда, борышкердің меншік құқығын растайтын құжаттары бар мүлкі;
2) Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген жағдайларда банкроттың тұрақты және ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқықтары кіреді.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мүліктік массаға банкрот - дара кәсіпкердің жеке мүлкі, толық серіктестік, коммандиттік серіктес, қосымша жауапкершілігі бар серіктестік қатысушыларының, сондай-ақ өндірістік кооператив мүшелерінің мүлкі бөлек енгізіледі және ескеріледі, оларға банкроттың мүлкі жеткіліксіз болған кезде Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тұлғаны субсидиарлық жауаптылыққа тарту кезінде мәлімделетін талаптардың мөлшері мұндай тұлғаны әкімшілік немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен әдейі банкроттыққа кінәлі деп тануға негіз болған сот актісінде белгіленген залалдың мөлшеріне тең болады.
4. Мүліктік массаға:
1) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес жобалық қаржыландыру кезінде арнайы қаржы компаниясының міндеттемелері бойынша қамтамасыз ету және секьюритилендiру кезінде арнайы қаржы компаниясының облигациялары бойынша қамтамасыз ету болып табылатын бөлiнген активтер мен ипотекалық облигациялар бойынша мынадай қамтамасыз ету болып табылатын кепілге салынған мүлік: ипотекалық тұрғын үй қарызы шарттары бойынша (ипотекалық куәліктерді қоса алғанда) талап құқығы, сондай-ақ көрсетілген акцияларға олардың ұстаушыларында мәмілелер не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша меншік құқығы туындаған немесе оларға ауысқан жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары енгізілмейді. Банкроттықты басқарушы көрсетiлген мүлiк пен бөлiнген активтердi кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшiн Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес айқындалған ипотекалық облигацияларды ұстаушылардың өкiлiне, кредиторлардың және (немесе) облигацияларды ұстаушылардың өкiлiне береді;