Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кен орны бойынша баланстан тыс қорлардың құрамынан өндірілетін пайдалы қазбалардың және минералды шикізаттың барлық түріне пайдалы қазбаларды өндіру салығы 0 пайыз мөлшерлеме бойынша төленеді.
Бұл ретте өндірілуі баланстан тыс қорлардың құрамынан рентабельділігі төмен кен орындарында жүзеге асырылатын, пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесі 2008 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қолданыста болған редакциядағы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шарттарында белгіленген мөлшерлеме және салық салынатын база бойынша есептелген роялти мөлшерінде белгіленетін пайдалы қазбаларды және минералды шикізатты өткізу жағдайларын қоспағанда, баланстан тыс қорлардың құрамынан, оның ішінде бастапқы қайта өңдеуден (байытудан) кейін алынатын пайдалы қазбаларды және минералды шикізатты өткізген жағдайда өндіру салығының мөлшерлемесі 0 пайыз мөлшерінде қолданылмайды.
3-параграф. Кең таралған пайдалы қазбаларға, жер-асты суларына және емдік балшыққа арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығы
747-бап. Салық салу объектісі
Жер қойнауын пайдаланушының салықтық кезеңде өндірген кең таралған пайдалы қазбалардың, жерасты сулары мен емдік балшықтың нақты көлемі салық салу объектісі болып табылады.
Салық салу объектісін айқындау мақсаттары үшін жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын минералды шикізат қорларының есептік және жиынтық баланстарында пайдаланылатын өлшем бірліктері қолданылады.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы мынадай жағдайларда:
1) жер қабатының қысымын ұстап тұру үшін жерасты суларын жер қойнауына кері айдаған (техногендік суды сорып алған) кезде;
2) пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру кезінде ілеспе өндірілген (ілеспе алынған, сорып алынған) жерасты суларын (шахталық, карьерлік, кеніштік) төгу кезінде;
3) меншік құқығында, жер пайдалану құқығында және жерге арналған өзге де құқықтарда өзіне тиесілі жер учаскесінде жерасты суларын өндіруді жүзеге асыратын жеке тұлға өндірілген жерасты сулары кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде пайдаланылмаған жағдайда төлемейді;
4) өзiнiң шаруашылық мұқтаждықтары үшiн мемлекеттік мекемелер өндiретін жерасты сулары бойынша төленбейді.
748-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері
1. Кең таралған пайдалы қазбаларға және емдік балшыққа арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері өндірілген кең таралған пайдалы қазбалар және емдік балшық көлемінің бірлігі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшері негізге алына отырып есептеледі және мыналарды құрайды:
| Р/с № | Пайдалы қазбалардың атауы | Мөлшерлемелер, АЕК-пен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Метаморфалық жыныстар: мәрмәр, кварцит, кварцтық-далалық шпат жыныстары | 0,02 |
| 2. | Магмалық тау жыныстар: гранит, сиенит, диорит, габбро, риолит (липарит), андезит, диабаз, базальт, вулкандық туфтар, шлактар, помпалар, вулкандық шынылар және шыны тектес жыныстар (перлит, обсидиан) | 0,02 |
| 3. | Шөгінді тау жыныстары: жұмыртастар мен қиыршық тас, қиыршық тас-құмды (құмды-қиыршық тасты) қоспа, құм және құмтастар, саз және сазды жыныстар (саздақ топырақ, алевролиттер, аргиллиттер, сазды тақта тастар), ас тұзы, гипстік жыныстар, мергельдер, әктастар, оның ішінде қабықшалар, борлы жыныстар, доломиттер, әктас-доломитті жыныстар, кремний жыныстары (трепел, опока, диатомит), табиғи пигменттер, шымтезек | 0,04 |
| 4. | Емдік балшық | 0,02 |
2. Жерасты суларына арналған пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелері өндірілген жерасты суының 1 текше метрі үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшері негізге алына отырып есептеледі және мыналарды құрайды:
| Р/с № | Пайдалы қазбалардың атауы | Мөлшерлемелер, АЕК-пен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Осы кестенің 2-14-жолдарында көрсетілген жерасты суларын қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы өндірген жерасты суы | 1,000 |
| 2. | Табиғи монополия субъектісі болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірген және ол Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес су тұтынушыларға және сумен жабдықтау жөніндегі ұйымдарға сумен жабдықтау қызметтерін көрсету үшін пайдаланған жерасты суы | 0,001 |
| 3. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және ол Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес сумен жабдықтау қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектісіне өткізген жерасты суы | 0,001 |
| 4. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және ол: | |
| 4.1. | пайдалы қазбалардың басқа да түрлерін өндіру (оның ішінде бастапқы қайта өңдеу) және қайта өңдеу кезінде және (немесе) ол басқа жер қойнауын пайдаланушыға пайдалы қазбалардың басқа да түрлерін өндіру (оның ішінде бастапқы қайта өңдеу) және қайта өңдеу кезінде соңғысы пайдалану үшін көлемі есепке алу аспабының көрсеткіштері бойынша жер қойнауын пайдаланушылармен келісілген құжатта көрсетілген, сумен жабдықтау жүйелері бойынша іс жүзінде берілген су шегінде пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 4.2. | жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыскерлерге санитариялық-гигиеналық еңбек жағдайларын жасау жөніндегі міндеттерді орындауы үшін, оның ішінде санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды (кір жуатын орындарды, дәретханаларды, жуыну, шайыну орындарын) қамтамасыз ету үшін пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 5. | Пайдалы қатты қазбаларды барлау және (немесе) өндіру кезінде ілеспе өндірілген (ілеспе алынған, сорып алынған), жер қойнауын пайдаланушы техникалық сумен жабдықтау және басқа да өндірістік мұқтаждықтар үшін өткізген немесе пайдаланған жерасты суы (шахталық, карьерлік, кеніштік), өндірістік-техникалық жерасты суы | 0,003 |
| 6. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және ол медициналық қызметті, жұмыскерлердің, олардың отбасы мүшелерінің, өзара байланысты тараптардың жұмыскерлері мен олардың отбасы мүшелерінің демалысын ұйымдастыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ жұмыскерлердің қоғамдық тамақтануын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін осы Кодекстің 239-бабында айқындалған әлеуметтік сала объектілерін пайдалану кезінде пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 7. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және өңірдің әлеуметтік саласын дамыту жөніндегі келісімшарттық міндеттемелерді орындау шеңберінде жүзеге асырылатын әлеуметтік сала объектілерін күтіп-ұстау үшін ол пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 8. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлердің жұмыс өндірісі объектісінде болу кезеңінде олардың тамақтануын ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындау үшін ол пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 9. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және (немесе) оны қайта өңдеу үшін пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 10. | Санаторий-курорттық ұйым (санаторий, профилакторий) болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасына сәйкес санаторий-курорттық емдеу жөніндегі қызметтер көрсету үшін ол пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 11. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау туралы заңнамасына сәйкес санаторий-курорттық емдеу жөніндегі қызметтерді көрсету үшін ол санаторий-курорттық ұйымдарға (санаторийлерге, профилакторийлерге) өткізген жерасты суы | 0,003 |
| 12. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына сәйкес туристерді орналастыру орындарын пайдалануға беру үшін ол пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 13. | Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес балалардың сауықтыру лагері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушы өндірген және балалардың сауықтыру лагерінің жұмыс істеу мақсаттары үшін ол пайдаланған жерасты суы | 0,003 |
| 14. | Жер қойнауын пайдаланушы өндірген және алкоголь өнімін, тамақ өнімін және (немесе) алкогольсіз сусындар өндіру үшін ол пайдаланған минералды жерасты суы, шаруашылық-ауызсуға арналған жерасты суы (4.2, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13-жолдарда көрсетілген мақсаттарға пайдаланылған жерасты суын қоспағанда) | 0,250 |
3. Өндірілген жерасты суын бөлек есепке алу болмаған жағдайда, осы баптың 2-тармағында белгіленген жерасты суларына пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін қолдану мақсатында мөлшерлеменің ең көп мөлшері қолданылады.
749-бап. Салықтық кезең
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
750-бап. Төлеу мерзімдері
Салық төлеушi салықтың есептелген сомасын тұрған жерiндегі бюджетке салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешiктiрмей төлеуге мiндеттi.
751-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейiнгi екінші айдың 15-күнінен кешiктiрмей тапсырады.
86-тарау. ҮСТЕМЕ ПАЙДА САЛЫҒЫ
752-бап. Жалпы ережелер
1. Үстеме пайда салығы осы Кодекстің 753-бабына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығын төлеуші болып табылатын жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша салықтық кезең үшін есептеледі.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушы осы тарауда белгіленген тәртіпке сәйкес жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша салық салу объектісін, сондай-ақ салық салумен байланысты мынадай объектілерді:
1) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті;
2) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кірісті;
3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жылдық жалпы кірісті;
4) үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдерді;
5) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығын;
6) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісі салығының есеп айырысу сомасын айқындайды.
753-бап. Төлеушілер
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды қоспағанда, жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылар үстеме пайда салығын төлеушілер болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай:
1) осы Кодекстің 722-бабының 1-тармағында көрсетілген;
2) осы келісімшарттар пайдалы қазбалардың басқа топтарын өндіруді көздемеген жағдайда, пайдалы қатты қазбаларды, жерасты суларын және (немесе) емдік балшықты барлауға және (немесе) өндіруге;
3) барлауға және өндіруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және пайдалануға арналған келісімшарттардың негізінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушылар осы тарауда белгіленген үстеме пайда салығын төлеушілер болып табылмайды.
754-бап. Салық салу объектісі
Осы Кодекстің 758-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдаланушының шегерімдер сомасының 25 пайызына тең сомадан асатын салықтық кезең үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша осы Кодекстің 755-бабына сәйкес үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін айқындалған жер қойнауын пайдаланушының таза кірісінің бір бөлігі үстеме пайда салығын салу объектісі болып табылады.
755-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарындағы таза кіріс осы Кодекстің 756-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кіріс пен осы Кодекстің 759-бабына сәйкес есептелген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бейрезиденттер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттарындағы таза кіріс тұрақты мекеменің жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарт бойынша, осы Кодекстің 760-бабына сәйкес есептелген таза кірісі салығының есеп айырысу сомасына қосымша азайтылады.
756-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салық салынатын кіріс
1. Осы тараудың мақсаттарында салық салынатын кіріс осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомасына азайту ескеріле отырып, осы Кодекстің 757-бабына сәйкес айқындалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жылдық жалпы кіріс пен осы Кодекстің 758-бабына сәйкес айқындалған үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалады.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсатында салықтық кезең үшін шегерімдердің жылдық жалпы кіріс сомасынан асып кетуі келесі салықтық кезеңдердің үстеме пайда салығын есептеу мақсатында салық салынатын кіріс есебінен өтеу үшін ауыстырылады.
757-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша жылдық жалпы кіріс
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жылдық жалпы кірісті осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалған, осы Кодекстің 228, 234 және 235-баптарында көзделген кірістерді қоспағанда, келісімшарттық қызмет бойынша жер қойнауын пайдаланушы жылдық жиынтық кірісті айқындау үшін осы Кодексте айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша айқындайды.
2. Үстеме пайда салығын есептеу мақсатында осы Кодекстің 234 және 235-баптарында көзделген кірістер осы Кодекстің 258, 259 және 270-баптарында көрсетілген активтердің өткізілуінің, берілуінің және шығып қалуының толық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы Кодекстің 228-бабында көзделген кірістер көрсетілген активтердің құны үстеме пайда салығын есептеу мақсатында шегерімдерге жатқызылған жағдайда осы Кодекстің 258, 259 және 270-баптарында көрсетілген активтердің өткізілуінің, берілуінің және шығып қалуының толық құны мөлшерінде айқындалады.
Осы Кодекстiң 228-бабында көрсетiлген, құны үстеме пайда салығын есептеу мақсатында шегерiмге жатқызылуға тиіс емес активтердi өткізуден түсетін кіріс мөлшері осы Кодекстiң 228-бабына сәйкес айқындалады.
758-бап. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер
1. Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша шегерімдер:
1) осы Кодекстің 242 - 248, 252 - 257, 261 - 263 және 272-баптарына сәйкес келісімшарттық қызмет бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында есепті салықтық кезеңде шегерімдерге жатқызылған шығыстардың;
2) мыналарға:
тіркелген активтер топтарының (кіші топтарының) құндық баланстарына;
осы Кодекстің 258, 259 және 260-баптарына сәйкес пайда болған амортизацияланатын активтердің жекелеген топтарына қосуға жататын, салықтық кезең ішінде іс жүзінде шеккен шығындар сомасы ретінде айқындалады.
Бұл ретте үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін жалпы және (немесе) жанама тіркелген активтерді сатып алу бойынша шығындар жер қойнауын пайдаланушы салықтық кезең үшін жүргізген тікелей шығыстардың жалпы сомасындағы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір нақты келісімшартқа және келісімшарттан тыс қызметке сай келетін тікелей шығыстардың үлес салмағы бойынша шегерімге жатқызылуға тиіс.
2. 2018 жылдың салықтық кезеңі үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімге жатқызылуға тиіс, бірақ 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімге жатқызылмаған шығындардың үстеме пайда салығын есептеу мақсатында жинақталған соманың біржолғы шегерімі жүргізіледі.
3. Егер шығыстардың нақ сол түрлері осы бапта белгіленген шегерімдердің бірнеше түрінде көзделген жағдайда салық салынатын кірісті есептеу кезінде көрсетілген шығыстар бір рет қана шегеріледі.
759-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы
Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жеке келісімшарт бойынша келісімшарттық қызмет бойынша салықтық кезең үшін осы Кодекстің 313-бабының 1-тармағында белгіленген мөлшерлеме мен осы Кодекстің 288-бабында көзделген кірістер мен шығыстар сомаларына, сондай-ақ осы Кодекстің 299 және 300-баптарына сәйкес ауыстырылатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша залалдар сомасына азайтылған, осы Кодекстің 302-бабында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған осындай келісімшарт бойынша есептелген салық салынатын кірістің көбейтіндісі ретінде айқындалады.
760-бап. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салықты есептеу сомасы
Осы тараудың мақсаттары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салықтың есеп айырысу сомасы салықтық кезең үшін осы Кодекстің 313-бабының 3-тармағында белгіленген бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салықтық мөлшерлеме мен осы Кодекстің 652-бабында айқындалған тәртіппен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша есептелген бейрезиденттің тұрақты мекемесінің таза кірісіне салық салу объектісінің көбейтіндісі ретінде айқындалады.
761-бап. Есептеу тәртібі
1. Салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу осы Кодекстің 762-бабында белгіленген әрбір деңгей бойынша әрбір тиісті мөлшерлемені осындай деңгейге жататын, кейіннен барлық деңгейлер бойынша үстеме пайда салығының есептелген сомаларына жинақтап қоса отырып, үстеме пайда салығын салу объектісінің әрбір бөлігіне қолдану арқылы жүргізіледі.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерін қолдану үшін жер қойнауын пайдаланушы:
1) салық салу объектісін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын салумен байланысты объектіні айқындайды;
2) осы Кодекстің 762-бабында белгіленген әрбір деңгей бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомаларын мынадай тәртіппен:
1, 2, 3, 4, 5 және 6-деңгейлер үшін - осы Кодекстің 762-бабында келтірілген кестенің 3-бағанында белгіленген әрбір деңгей үшін пайыз бен үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының көбейтіндісі ретінде;
7-деңгей үшін:
егер үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сомадан көп болған жағдайда - үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы мен үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сома арасындағы айырма ретінде;
егер үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін шегерімдер сомасының 70 пайызына тең сомадан аз немесе оған тең болған жағдайда - нөл ретінде айқындайды;
3) осы Кодекстің 762-бабында көзделген деңгейлер бойынша үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін салықтық кезеңде іс жүзінде алынған таза кірісті мынадай тәртіппен бөледі:
1-деңгей үшін:
егер салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы бірінші деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасынан асса, онда таза кірістің бірінші деңгей үшін бөлінген бөлігі бірінші деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасына тең болады;
егер салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасы бірінші деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасынан аз болса, онда таза кірістің бірінші деңгей үшін бөлінген бөлігі салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс сомасына тең болады. Бұл ретте келесі деңгейлер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлу жүргізілмейді;
2, 3, 4, 5, 6 және 7-деңгейлер үшін:
егер салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс пен алдыңғы деңгейлер бойынша таза кірістің бөлінген бөліктерінің жалпы сомасы арасындағы айырма тиісті деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасынан асса немесе соған тең болса, онда осы деңгей үшін таза кірістің бөлінген бөлігі осы тиісті деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасына тең болады;
егер салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кіріс пен алдыңғы деңгейлер бойынша таза кірістің бөлінген бөліктерінің жалпы сомасы арасындағы айырма тиісті деңгей үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасынан аз болса, онда осы деңгей үшін таза кірістің бөлінген бөлігі осындай айырмаға тең болады.
Бұл ретте келесі деңгейлер үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлу жүргізілмейді.
Таза кіріс бөліктерінің деңгейлері бойынша бөлінген жалпы сома салықтық кезең үшін үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірістің жалпы сомасына тең болуға тиіс;
4) үстеме пайда салығының тиісті мөлшерлемесін осы Кодекстің 762-бабында сәйкес таза кірістің деңгейлер бойынша бөлінген әрбір бөлігіне қолданады;
5) осы Кодекстің 762-бабында көзделген барлық деңгейлер бойынша үстеме пайда салығының есептелген сомаларына жинақтап қоса отырып, салықтық кезең үшін үстеме пайда салығының сомасын айқындайды.
762-бап. Үстеме пайда салығының мөлшерлемелері, үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасын есептеуге арналған пайыздардың деңгейлері мен мөлшері
Жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығын мынадай тәртіппен айқындалатын мөлшерлемелердің өзгермелі шәкілі бойынша төлейді:
| Деңгей № | Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін деңгейлер бойынша таза кірісті бөлу шәкілі, шегерімдер сомасының пайызы | Үстеме пайда салығын есептеу мақсаттары үшін таза кірісті бөлудің шекті сомасын есептеуге арналған пайыз | Мөлшерлеме (%-бен) |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | 25 пайыздан аз немесе оған тең | 25 | Белгіленбейді |
| 2. | 25 пайыздан 30 пайызды қоса алғанға дейін | 5 | 10 |
| 3. | 30 пайыздан 40 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 20 |
| 4. | 40 пайыздан 50 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 30 |
| 5. | 50 пайыздан 60 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 40 |
| 6. | 60 пайыздан 70 пайызды қоса алғанға дейін | 10 | 50 |
| 7. | 70 пайыздан жоғары | Осы Кодекстің 761-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес | 60 |
763-бап. Салықтық кезең
1. Үстеме пайда салығы үшін 1 қаңтар - 31 желтоқсан аралығындағы күнтізбелік жыл салықтық кезең болып табылады.
2. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күнтізбелік жыл ішінде жасалса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап күнтізбелік жыл аяқталғанға дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін бірінші салықтық кезең болып табылады.
3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, күнтізбелік жыл басталғаннан бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін соңғы салықтық кезең болып табылады.
4. Егер күнтізбелік жыл басталғаннан кейін күшіне енген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы осы күнтізбелік жыл аяқталғанға дейін өткен болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша үстеме пайда салығын есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
764-бап. Салықты төлеу мерзімі
Үстеме пайда салығы салық төлеушінің тұрған жеріндегі бюджетке декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей төленеді.
765-бап. Салық декларациясы
Жер қойнауын пайдаланушы үстеме пайда салығы бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
87-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУҒА БАЛАМАЛЫ САЛЫҚ
766-бап. Жалпы ережелер
1. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес:
1) Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында көмірсутектерді өндіруге және (немесе) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
2) тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде өндіруге немесе барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кен жатындары жоғарғы нүктесінің тереңдігі 4500 метрден жоғары емес және тау-кендік бөлуде немесе тау-кендік бөлу болмаған кезде өндіруге немесе барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта көрсетілген көмірсутектер кен жатындары төменгі нүктесінің тереңдігі 5000 метр және одан төмен кен орындары бойынша өндіруге және (немесе) барлауға және көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғалар тарихи шығындарды өтеу бойынша төлемнің, пайдалы қазбаларды өндіру салығының және үстеме пайда салығының орнына қолдануға құқылы.