1. Ұңғымаларды бұрғылау теңізде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық практикада қабылданған сынақтан өткен озық қағидаттар мен әдістер негізінде жүзеге асырылуға тиіс.
2. Келісімшарт аумағы шегінде теңіз бұрғылау платформаларын орналастыруға арналған орындар балық аулау кәсіпшілігі, балықтардың бағалы түрлерін және су кәсіпшілігінің басқа да объектілерін сақтау және олардың өсімін молайту үшін перспективалық маңызы бар теңіз аудандарының қоршаған ортасын барынша сақтау мүмкіндігі ескеріле отырып таңдалуға тиіс.
3. Кеме қатынасы үшін қолжетімді акваторийде мұз жабыны болған кезде бұрғылау баржасынан немесе платформасынан бұрғылау жұмыстарын жүргізу көмірсутектердің ықтимал төгілуін оқшаулау үшін қажетті жабдықтары бар мұзжарғыш типтегі корабльдің ұдайы болуымен жүзеге асырылуға тиіс. Осы тармақта көрсетілген талап жасанды аралдарда ұңғымаларды бұрғылауға қолданылмайды.
4. Теңізде мұз қатқан қиын жағдайларда болжамды экстремалдық қысымы бар және құрамындағы күкіртсутегі өте жоғары болатын қалың тұз астындағы өнімді белдеуді ашуға және ұңғымаларды сынауға тыйым салынады.
5. Теңізде көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұңғымалар сағаларында байқау және өлшеу арқылы өндірістік процеске мониторинг жүргізуге міндетті.
6. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы авариялық төгілудің алдын алу, оны оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етуге тиіс.
7. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуі туындаған кезде жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде оны жоюдың оңтайлы әдістері қолданылуға тиіс.
Жиынтық экологиялық пайданы талдау адамдардың денсаулығын барынша сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған, мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін іріктеу тәсілін білдіреді.
Мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін іріктеу адамдардың денсаулығын барынша сақтау және қоршаған ортаны қорғау үшін жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде жүргізіледі.
Жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін қоршаған ортаны қорғау, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу тек қана:
1) елді мекеннен қашықтығы бес километрден кем болған кезде мұнай дағын жағу;
2) жағуға жататын мұнай дағын оқшаулау мақсатында хердерлерді қолдану;
3) су тереңдігі он метрден кем және жағалауға дейінгі қашықтық 1 километрден кем болған кезде диспергенттерді қолдану үшін талап етіледі.
Өзге жағдайларда мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін іріктеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырылады.
Диспергенттерді, хердерлерді кез келген қолдану немесе мұнай дағын жағу туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабар беру қажет.
Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін айқындау, келісу және оларды таңдау туралы шешім қабылдау қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) жиынтық экологиялық пайданы алдын ала және жедел талдау негізінде мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін келіседі;
2) жиынтық экологиялық пайдаға талдау жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
3) жиынтық экологиялық пайданы талдау мәселелері және теңізде мұнайдың төгілуін жою әдістері бойынша ұсынылатын ең үздік халықаралық практикалар тізбесін бекітеді.
9. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде теңізде мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін айқындау, келісу және оларды таңдау туралы шешім қабылдау қағидаларында белгіленген жағдайларда мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін келіседі.
10. Теңізде және ішкі су айдындарында мұнайдың авариялық төгілуін жою кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізілген диспергенттер мен хердерлер қолданылады.
Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған диспергенттер мен хердерлердің тізбесін, Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған диспергенттер мен хердерлердің тізбесіне диспергенттер мен хердерлерді енгізу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Диспергенттер - беткі-активті заттар мен еріткіштердің қоспасы, олар мұнай дағының табиғи процестердің әсер етуінен бұзылғанға дейін судың қабатында қала отырып, онымен барынша тиімді араласа алатын ұсақ тамшыларға бөлінуіне мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған диспергенттердің тізбесіне енгізу үшін диспергенттерді айқындау жөніндегі әдістемені қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған диспергенттер мен хердерлердің тізбесіне енгізу үшін хердерлерді айқындау әдістемесін бекітеді.
11. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін экологиялық сезімталдық карталарын (бұдан әрі - экологиялық сезімталдық карталары) әзірлеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қамтамасыз етеді және ол жинау, сақтау, өңдеу (есепке алу және жүйелеу), талдау жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
Экологиялық сезімталдық картасы экологиялық құндылығы жоғары әлеуметтік-экономикалық объектілердің, қоршаған орта объектілерінің орналасуын және теңізде мұнайдың төгілуін жою кезінде қорғау мен тазартудың басымдылығын айқындау үшін маусымдылықты ескере отырып, олардың сезімталдық индексін айқындайды.
Экологиялық сезімталдық картасы бағдарламалық қамтылыммен қалыптастырылады, жылына бір реттен кем емес кезеңділікпен толықтырылып және жаңартылып отырады.
12. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу және Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін сезімталдық индексін айқындау бойынша шешімдер қабылдау қағидаларын;
2) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін сезімталдық индекстері бар экологиялық сезімталдық картасын;
3) Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу әдіснамасын бекітеді.
399-бап. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы шегiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiндегi экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы шегiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оларды су деңгейi көтерiлген жағдайда теңiздiң ластануын болғызбайтындай немесе барынша азайтатындай етіп жүргiзуге мiндеттi.
2. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы шегiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы өзiнiң келiсiмшарттық аумағынан теңiз ластанған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының кiнәсiнің болған-болмағанына қарамастан, қоршаған ортаға, жеке немесе заңды тұлғаларға келтiрiлген залал мен шығын үшiн жауапты болады.
400-бап. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде түзілетін күкіртпен жұмыс істеу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде түзілетін техникалық газ күкіртін экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталған арнайы алаңдарда ашық түрде орналастыруға және сақтауға жол беріледі.
2. Техникалық газ күкіртімен жұмыс істеген кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда көзделген экологиялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілуге тиіс.
401-бап. Суасты құбыржолдары мен кәбілдерін жобалау, төсеу және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Әрбiр нақты объектiнi салу және пайдалану үшін трассалар, конструкциялар, жабдықтар, технологиялар мен техникалық құралдар орналастырылатын жердi таңдау қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді азайту мақсатында баламалы негiзде жүргiзiлуге тиiс.
2. Суасты құбыржолдары мен кәбілдер трассасына бес жүз метрден кем арақашықтықта бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізуге және серпімді толқындар (сейсмикалық сигналдар) туғызатын пневматикалық және басқа да детонациялайтын көздермен сейсмикалық барлауға тыйым салынады.
3. Су асты құбыржолдары мен кәбілдерiнің трассаларын кесіп өтіп сейсмикалық шалғыларды сүйретуге және балық аулау кемелерiнің тралдауына тыйым салынады.
4. Салынуға жататын құбыржолдар мен соған iлеспе инженерлiк құрылысжайларды жобалау:
олардың сенімділігінің, қауiпсiздiгiнiң, қорғалуы мен техникалық жай-күйiн бақылаудың жоғары дәрежесін;
күтпеген жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін;
жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарының жеделдiгi мен сапасын;
қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді барынша азайтуды қамтамасыз етуге тиiс.
5. Жобада құрылыс, санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен қағидалардың талаптарына, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның нұсқаулық құжаттарына сәйкес келетiн «Қоршаған ортаны қорғау» деген дербес бөлім мiндеттi түрде болуға тиiс.
6. Жобалау-сметалық құжаттаманың толықтығы мен анықтығы үшін жобаның тапсырыс берушiсі мен әзiрлеушiсі жауапты болады.
7. Құбыржол төсеу жобаларында салынған және кейiннен пайдаланылған кезде оларды қорғау жөнiндегi шаралар көзделуі қажет. Көмiрсутек шикiзаты мен оны қайта өңдеу өнiмдерiн тасымалдайтын құбыржолдарды салудың әрбір сатысында және пайдалану кезінде қоршаған ортаны, сондай-ақ тәуекелi жоғары объектiлерге жататын құбыржолдарды қорғау және сақтау жөнiнде шаралар қабылдануға тиiс.
8. Құбыржолдардың кеме жүзетiн өзендермен және каналдармен қиылысатын жерлері жағалауларда навигациялық белгiлермен белгiленуге тиіс. Магистральдық құбыржолды салған кезде навигациялық белгiлер Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi саласындағы заңнамасына сәйкес орнатылады.
9. Құбыржолдардың зақымдалу ықтималдығын болғызбау үшiн оларды төсеудің кез келген түрінде мынадай:
су асты өткелдерінің бойында - өткелдердің шеткi сызықтарының осiнен әрбiр жағынан жүз метр қашықтықтағы, параллель жазықтар арасында орналасқан, су бетінен түбiне дейiнгi су кеңiстiгiнiң учаскесi түрiнде;
өнiмдi тасымалдауға дайындау технологиялық қондырғыларының, басты және аралық, қайта айдайтын және құятын сорғы станцияларының, резервуарлық парктердiң, компрессорлық және газ тарату станцияларының, өнiм өлшейтiн тораптардың, құятын және ағызатын эстакадалардың, мұнай мен мұнай өнiмдерiн қыздыратын пункттердің айналасында - көрсетілген oбъектiлер аумағы шекараларының жан-жағынан жүз метр қашықтықта болатын тұйық сызықпен шектелген жер учаскесi түрiнде күзет аймақтары белгіленеді.
10. Күзет аймақтарын, оның құрамына кіретін коммуникациялар мен объектілерді байланыстыра отырып, құбыржолдың нақты жағдайының материалдары, координаталары оларды мемлекеттік жер кадастрына енгізу үшін тиісті жергілікті атқарушы органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілуге тиіс.
11. Құбыржолдардың күзет аймақтарында олардың қалыпты пайдаланылуын бұзуы не бүлiнуiне алып келуі мүмкiн әрекеттер жасауға:
навигациялық танымдық белгiлердің, бақылау-өлшеу пункттерiнiң орнын ауыстыруға, оларды көмуге және сындыруға;
қызмет көрсетiлмейтiн кәбілдік байланыс пункттерiнiң люктерiн, қақпалары мен есiктерiн, желілік арматуралар тораптарының қоршауларын, катодтық және дренаждық қорғау қондырғыларын, желiлiк және байқау құдықтары мен басқа да желiлiк құрылғыларды ашуға, крандар мен тартпаларды ашуға және жабуға, байланыс, энергиямен жабдықтау және құбыржолдардың телемеханикасы құралдарын ажыратуға немесе қосуға;
қоқысқа айналдыруға, қышқылдардың, тұздар мен сiлтiлердің ерiтiндiлерiн төгуге;
жағалауларды бекiтетiн құрылысжайларды, су өткiзетiн құрылғыларды, құбыржолдарды - бұзылудан, ал iргелес жатқан аумақ пен қоршаған жергілікті жерді тасымалданатын өнiмнің авариялық төгiлуінен сақтайтын топырақтан жасалған немесе өзге құрылысжайларды (құрылғыларды) бұзуға;
зәкiр тастауға, түсiрiлген зәкiрлермен, шынжырлармен, лоттармен, ысырғыштармен және тралдармен өтуге, түбiн тереңдету және топырақты аршу жұмыстарын жүргiзуге;
от жағуға немесе ашық немесе жабық от көздерiн орналастыруға тыйым салынады.
12. Құбыржолдардың күзет аймақтарында магистральдық құбыржолдың меншік иесінің жазбаша рұқсатынсыз кез келген жұмыстарды, оның ішінде геологиялық-түсіру, геологиялық-барлау, іздеу, геодезиялық және ұңғымаларды, шурфтарды орнатуға және топырақ сынамасын алуға байланысты басқа да іздестіру жұмыстарын, сондай-ақ жару жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Құбыржолдардың күзет аймақтарында жару жұмыстарын жүргізуге жазбаша рұқсат осы жұмыстарды жүргізетін ұйым қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында көзделген тиісті материалдарды ұсынғаннан кейін ғана беріледі.
13. Құрамында күкіртті сутек бар мұнай мен судың авариялық төгілуі кезінде күкіртті сутек құрамының тиісті жұмыстарды жүзеге асыратын персонал үшін қауіпсіз деңгейіне жеткеннен кейін оларды дереу жинап, сол жерде бейтараптандыру немесе көмуге әкету керек.
14. Теміржол және су жолдарының, автомобиль жолдарының, жыралардың және басқа да табиғи кедергілердің газ, мұнай, конденсат құбыржолдарымен қиылысатын жерлерінде, бұрылыс бұрыштарында, адамдардың жиналуы мүмкін пункттерінде, газ, мұнай, конденсат құбыржолдарының технологиялық тораптарында тиісті қауіпсіздік белгілері мен жазбалар қойылады. Санамаланған орындар үшін жобада шығарындылардың, ағындылардың, төгінділердің қауіптілігін болғызбайтын немесе азайтатын қосымша іс-шаралар көзделуге тиіс.
402-бап. Жойылуы қиын органикалық ластағыштар мен құрамында хлор бар қалдықтарды өндіру, әкелу, әкету, пайдалану және жою жөніндегі қызметке қойылатын экологиялық талаптар
1. Жойылуы қиын органикалық ластағыштар - Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген, ыдырауға төзімді, биожинақталумен сипатталатын және ауа, су арқылы трансшекаралық тасымалдау объектісі және көшпелі түрлер болып табылатын, сондай-ақ құрлық экожүйелерінде және су экожүйелерінде жинақтала отырып, өздерінің шығарылу көзінен алыс қашықтықта шөгетін, тірі организмдердің иммундық, эндокриндік жүйелерінің бұзылуын және онкологиялық ауруларды қоса алғанда, әртүрлі аурулар тудыратын неғұрлым қауіпті органикалық қосылыстар.
2. Жойылуы қиын органикалық ластағыштар экологиялық қауіпсіз тәсілмен жойылуға жатады.
3. Бөлінетін газдарды кешенді тазартпай жойылуы қиын органикалық ластағыштар мен құрамында хлор бар қалдықтарды жоюға арналған технологияларды пайдалануға тыйым салынады. Бөлінетін газдарды кешенді тазарту тазартылған бөлінетін газдарда диоксиндер мен фурандардың бір текше метрде 0,1 нанограмнан аспайтын концентрацияда болуын қамтамасыз етуге тиіс.
4. Азық-түлікті немесе жемшөпті өндіруге және қайта өңдеуге байланысты жерлерде жойылуы қиын органикалық ластағыштарды пайдалануға тыйым салынады.
5. Құрамында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген, жойылуы қиын органикалық ластағыштар бар пестицидтерді өндіруге және пайдалануға тыйым салынады. Осы заттарды оларды жою мақсаттарында ғана экспорттауға және импорттауға рұқсат етіледі.
6. Жойылуы қиын органикалық ластағыштармен жұмыс істеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен жойылуы қиын органикалық ластағыштармен және оларды қамтитын қалдықтармен жұмыс істеу қағидаларында реттеледі.
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының жойылуы қиын органикалық ластағыштар туралы халықаралық шарттарын іске асыруды қамтамасыз етеді.
403-бап. Гендік-инженерлік қызметті жүзеге асыруға, қазіргі заманғы биотехнология өнімдерін өндіруге, қолдануға және таратуға қойылатын экологиялық талаптар
1. Генетикалық түрлендірілген организм деп адам организмін қоспағанда, қазіргі заманғы биотехнологияны пайдаланудың нәтижесінде алынған генетикалық материалдың жаңа комбинациясына ие, кез келген организм (оның ішінде микроорганизм) түсініледі.
2. Қазіргі заманғы биотехнология деп:
1) рекомбинантты дезоксирибонуклеин қышқылын (ДНК) және жасушаларға немесе органеллаларға нуклеин қышқылдарын тікелей инъекциялауды қоса алғанда, нуклеин қышқылдарын пайдалана отырып in vitro әдістерін; немесе
2) табиғи физиологиялық репродуктивтік немесе рекомбинациялық кедергілерді еңсеруге мүмкіндік беретін және шығару мен селекция үшін дәстүрлі әдістер болып табылмайтын әртүрлі таксономиялық мәртебесі бар организмдер жасушаларының бірігуіне негізделген әдістерді қолдану түсініледі.
3. Микроорганизм деп вирустарды, вироидтарды, дақылдағы жануарлар мен өсімдіктер жасушаларын қоса алғанда, генетикалық материалдың репликациясына немесе берілуіне қабілетті жасушалық немесе жасушалық емес кез келген микробиологиялық түзілім түсініледі.
4. Генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға әдейі босату деп генетикалық түрлендірілген организмдермен жанасуды шектеу және жалпы халық пен қоршаған орта қауіпсіздігінің жоғары дәрежесін қамтамасыз ету үшін оқшаулаудың (тежеудің) қандай да бір арнайы шаралары пайдаланылмайтын генетикалық түрлендірілген организмдерді немесе генетикалық түрлендірілген организмдердің комбинациясын қоршаған ортаға кез келген әдейі интродукциялау (шығару) түсініледі.
Генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға әдейі босату кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) кез келген жаңа орында генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға әдейі босату санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде және генетикалық түрлендірілген организмдерді генетикалық түрлендірілген организмдер мен өнімдердің тізіліміне (тізбесіне) енгізгеннен кейін ғана жүзеге асырылады;
2) генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға әдейі босатуға қатысты шешімдер қабылдау процесінде мынадай ақпарат: генетикалық түрлендірілген организмнің жалпы сипаттамасы; генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға әдейі босатуды жүзеге асыруды жоспарлап отырған субъектінің атауы мен мекенжайы; генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға әдейі босатуды жүзеге асыру жоспарланып отырған учаскенің орналасқан жері; генетикалық түрлендірілген организмдерді пайдаланудың болжамды түрлері; қоршаған ортаға әсер етуді бағалау құжаттамасы; санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысы; жұртшылықтың қатысу нәтижелері; генетикалық түрлендірілген организмдердің қоршаған ортаға әдейі босатылуын санкциялайтын шешімнің мазмұны және оның негіздемесі қандай жағдайда болсын құпия деп есептелмейді;
3) генетикалық түрлендірілген организмдердің бақылаусыз таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар қамтамасыз етілуге тиіс.
5. Генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта өткізу (орналастыру) деп генетикалық түрлендірілген организмдерді үшінші тараптарға ақыға немесе тегін беру түсініледі.
Генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта бастапқы өткізу (орналастыру) кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта бастапқы өткізу (орналастыру) экологиялық тәуекелдер мен адамдардың денсаулығына қатерлерге бағалау жүргізілгеннен және генетикалық түрлендірілген организмдерді генетикалық түрлендірілген организмдер мен өнімдердің тізіліміне (тізбесіне) енгізгеннен кейін ғана жүзеге асырылады;
2) генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта бастапқы өткізуге (орналастыруға) қатысты шешімдер қабылдау процесінде мынадай ақпарат: генетикалық түрлендірілген организмнің жалпы сипаттамасы; генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта бастапқы өткізуді (орналастыруды) жүзеге асыруды жоспарлап отырған субъектінің атауы мен мекенжайы; генетикалық түрлендірілген организмдерді пайдаланудың болжамды түрлері; экологиялық тәуекелдер мен адамдардың денсаулығына қатерлерді бағалау құжаттамасы; экологиялық мониторинг жөніндегі ұсыныстарды қоса алғанда, қоршаған ортаға және (немесе) адамдардың денсаулығына әсер етуді болғызбау, төмендету үшін көзделген шаралардың сипаттамасы; жұртшылықтың қатысу нәтижелері; генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта бастапқы өткізуді (орналастыруды) санкциялайтын шешімнің мазмұны және оның негіздемесі қандай жағдайда болсын құпия деп есептелмейді;
3) генетикалық түрлендірілген организмдердің бақылаусыз таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар қамтамасыз етілуге тиіс.
6. Генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалану деп қандай да бір кәсіпорын, қондырғы немесе өзге де физикалық объекті шегінде жүзеге асырылатын, өздеріне қатысты сыртқы ортамен байланысын және оған әсер етуін тиімді шектейтін оқшаулаудың (тежеудің) арнайы шаралары пайдаланылатын генетикалық түрлендірілген организмдерге байланысты кез келген қызмет түсініледі.
Генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалану кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
1) микроорганизмдердің жаңа штаммдарын жасау және генетикалық түрлендірілген организмдерді шығару Кеден одағы комиссиясының Микроорганизмдердің, оның ішінде генетикалық түрлендірілген микроорганизмдердің жасалған жаңа штаммдарының қауіпсіздігі (патогендігінің, вируленттілігінің, уыттылығының және аллергендігінің болмауы) туралы 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес берілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жүзеге асырылады;
2) генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалануға қатысты шешімдер қабылдау процесінде мынадай ақпарат: генетикалық түрлендірілген организмнің жалпы сипаттамасы; генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалануды жүзеге асыруды жоспарлап отырған субъектінің атауы мен мекенжайы; генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалануды жүзеге асыру жоспарланып отырған кәсіпорынның, қондырғының немесе өзге де физикалық объектінің орналасқан жері; қоршаған ортаға әсер етуді бағалау құжаттамасы; санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысы; оқшаулаудың (тежеудің) арнайы шараларының сипаттамасы; генетикалық түрлендірілген организмдердің қоршаған ортаға абайсызда босатылуына және қоршаған ортаға және (немесе) адам денсаулығына залал келтіру қаупінің туындауына байланысты күтпеген (төтенше) мән-жайлар жағдайына арналған іс-шаралар жоспарының мазмұны; жұртшылықтың қатысу нәтижелері; генетикалық түрлендірілген организмдерді тұйық жүйелерде пайдалануды санкциялайтын шешімнің мазмұны және оның негіздемесі қандай жағдайда болсын құпия деп есептелмейді;