3. Транзиттік декларацияда:
1) көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарларды жөнелтуші, алушы;
2) тауарды жөнелтуші ел, оларды жеткізу межеленген ел;
3) декларант;
4) тасымалдаушы;
5) тауарлар тасымалданатын халықаралық тасымалдаудың көлік құралы;
6) коммерциялық құжаттарға, көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарлардың атауы, мөлшері, құны;
7) Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесіне немесе Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың алғашқы алты белгіден кем емес деңгейдегі коды;
8) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының немесе Тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесінің әрбір коды бойынша тауарлардың брутто салмағы немесе көлемі, сондай-ақ қосымша өлшем бірліктеріндегі мөлшері (мұндай мәліметтер болған жағдайда);
9) жүк орындарының саны;
10) көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарларды жеткізу межеленген пункт;
11) егер мұндай өткізу осы құжаттар болған кезде жол берілсе, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;
12) жолда тауарларды жоспарланған қайта тиеу немесе жүк операциялары туралы мәліметтер болуға тиіс.
Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген транзиттік декларация ретінде қабылданатын құжаттарда осы тармақта көрсетілген барлық мәліметтер болмаса, жетіспейтін мәліметтер кеден органына табыс етілетін, мұндай транзиттік декларацияға қоса берілетін не онымен бірге жүретін құжаттарда болуға тиіс.
4. Кеден органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда, декларанттан басқа да мәліметтерді талап етуге құқылы емес.
5. Транзиттік декларацияны кеден органы тіркейді, оның ішінде кеден органдары қолданатын ақпараттық жүйелерді және ақпараттық технологияларды пайдалана отырып тіркейді.
Транзиттік декларацияны беру және тіркеу тәртібі Комиссияның шешімімен айқындалады.
281-бап. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттарды табыс ету
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларацияны беру кеден органына олардың негізінде кедендік декларация толтырылған құжаттардың табыс етілуімен бірге жүруге тиіс.
Мұндай құжаттарға:
1) шот-фактура (инвойс), олар болмаған кезде сыртқы экономикалық мәміленің жасалғанын растайтын құжат;
2) пайдаланылатын көлік түріне қарай көліктік (тасымалдау) құжаты жатады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Төменде көрсетілген талаптар қолданылатын тауарлар мен мәмілелерге қатысты осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарға қосымша мынадай құжаттар:
1) Қазақстан Республикасының валюта заңнамасындакөзделген жағдайда валюталық бақылау саласындағы талаптардың сақталуын растайтын құжат;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында, Комиссияның шешімдерінде және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шығарылған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда тыйым салулар мен шектеулердің, сондай-ақ арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдануға байланысты шектеулердің сақталуын растайтын құжаттар;
3) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) егер тауарлар мұндай қамтамасыз етуді ұсыну шартымен шығарылған жағдайда, кедендік баждар, салықтар төлеудің қамтамасыз етілгенін растайтын құжаттар;
5) осы Кодексте, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда, кедендік рәсімдерге сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден толық немесе ішінара босатуды растайтын құжаттар табыс етіледі.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде беру кеден органына олардың негізінде тауарлар туралы мәліметтер мәлімделген құжаттарды ұсынумен бірге жүргізілмейді.
Кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде ұсыну, пайдалану және сақтау тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
4. Егер кедендік декларация толтыру үшін негізге алынған жекелеген құжаттар кедендік декларацияны беру кезінде табыс етіле алмайтын болса, декларанттың дәлелді өтініші бойынша кеден органы мұндай құжаттарды тауарлар шығарылғанға дейін табыс етуге рұқсат етеді.
Егер жекелеген құжаттар декларанттың дәлелді өтініші бойынша көрсетілген мерзімдерде табыс етіле алмайтын болған жағдайда, егер құжат тауарларды шығару туралы шешім қабылдау үшін міндетті болып табылмаса, кеден органдары кейін құжаттарды алу үшін қажетті мерзімдерде, бірақ оларды кедендік декаларация тіркелгеннен кейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей бере отырып, олардың көшірмелерін беруге рұқсат етеді. Декларант құжаттарды белгіленген мерзімдерде табыс етпегені не құжаттардың бұрын берілген көшірмелерінде мәліметтерді дұрыс мәлімдемегені үшін жауапты болады.
5. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттардың түпнұсқалары не олардың көшірмелері табыс етіледі. Кеден органы табыс етілген құжаттар көшірмелерінің олардың түпнұсқаларына сәйкестігін тексеруге құқылы.
Егер тауарларды кедендік декларациялау кезінде кеден органына кедендік декларациялау кезінде пайдаланылатын құжаттар бұрын табыс етілсе, мұндай құжаттардың көшірмелерін табыс ету не кеден органына мұндай құжаттарды табыс ету туралы мәліметтерді көрсету жеткілікті.
6. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде құжаттар осы Кодекске сәйкес электронды құжаттар түрінде табыс етілуі мүмкін.
Электронды құжаттарды табыс ету және пайдалану тәртібі Кеден одағының кеден заңнамасында айқындалады.
7. Егер кеден органына мұндай құжаттар бұрын табыс етілсе не олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейін табыс етілуі мүмкін болса, кедендік декларацияны электронды нысанда беру кеден органына олардың негізінде кедендік декларация толтырылған құжаттардың, оның ішінде осы Кодекстің 344, 357, 369, 398, 403 және 413-баптарында белгіленген құжаттардың табыс етілуімен ілесе жүрмеуі мүмкін.
8. Кеден органдары кедендік декларациялау кезінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде және шет тілдерде жасалған құжаттар мен мәліметтерді қабылдауы және пайдалануы мүмкін. Кеден органы құжаттарда бар мәліметтердің қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын талап етуге құқылы.
9. Декларанттың немесе кеден өкілінің электронды (автоматтандырылған) түрдегі есебін алу мақсатында кеден органына мына құжаттар:
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) заңды тұлғалар үшін:
заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе оның құрылымдық бөлімшесі үшін есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
банктен заңды тұлғаның банк шотын ашқаны туралы анықтама;
сәйкестендіру нөмірі;
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) жеке тұлғалар үшін:
Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;
банктен банк шотын ашқаны туралы анықтама (ол болған жағдайда);
сәйкестендіру нөмірі табыс етіледі.
282-бап. Кедендік рәсімдердің шарттарына сәйкес кедендік декларациялау кезінде табыс етілетін қосымша құжаттар
Тауарларды мәлімделген кедендік рәсімдердің шарттарына сәйкес кедендік декларациялау кезінде осы Кодекстің 281-бабында көрсетілген құжаттарға қосымша:
1) кедендік аумақта қайта өңдеудің кедендік рәсімі кезінде - осы Кодекстің 344-бабының 1-тармағына сәйкес тауарларды кедендік аумақта қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
2) кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімі кезінде - қайта өңдеу мақсаты жөндеу болып табылатын жағдайларды қоспағанда, тауарларды кедендік аумақтан тыс қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
3) ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің кедендік рәсімі кезінде - тауарларды ішкі тұтыну үшін қайта өңдеудің шарттары туралы құжат;
4) кері импорттың кедендік рәсімі кезінде - тауарларды әкету кезінде қабылданған кедендік декларация және тауарларды әкету кезінде оларды кедендік шекара арқылы өткізген күнді растайтын құжаттар;
5) ішкі тұтыну үшін бұрын кедендік шығару рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кері экспорттың кедендік рәсімі кезінде - мыналар:
тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелу жағдайы (сыртқы экономикалық мәмілені жасағанын растайтын құжаттарды негізге ала отырып);
сыртқы экономикалық мәміленің шарттарын орындамау;
осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру;
осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылғаннан кейін пайдалану туралы мәліметтер бар құжаттар;
6) жою кедендік рәсімі кезінде - қоршаған ортаны қорғау саласындағы органның тауарларды жою мүмкіндігі туралы қорытындысы;
7) еркін кедендік аймақ және еркін қойма кедендік рәсімдері кезінде - Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына сәйкес құжаттар табыс етіледі.
283-бап. Кедендік декларацияны беру мерзімдері
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тауарларға арналған кедендік декларация, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, тауарларды уақытша сақтау мерзімі аяқталғанға дейін беріледі.
2. Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілетін тауарларға кедендік декларация, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, олар Кеден одағының кедендік аумағынан кеткенге дейін беріледі.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасау қаруы, құралы немесе нысанасы болып табылған, қайтару туралы шешім қабылданған және осы Кодекске сәйкес кедендік декларациялауға жататын тауарларға қатысты кедендік декларация:
1) қылмыстық (әкімшілік) жауапкершіліктен босату туралы сот шешімі;
2) әкімшілік жауапкершіліктен босату туралы кеден органының (лауазымды адамның) шешімі;
3) соттың немесе кеден органының (лауазымды адамның) қылмыстық (әкімшілік) іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешімі;
4) соттың немесе кеден органының (лауазымды адамның) әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде беріледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік декларация белгіленген мерзімде берілмеген тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
284-бап. Декларант
Мыналар:
1) Кеден одағына мүше мемлекеттің:
сыртқы экономикалық мәміле жасасқан тұлғасы не оның атынан (тапсырмасы бойынша) осы мәміле жасалған;
сыртқы экономикалық мәміле болмаған кезде тауарларды иемдену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығы бар тұлғасы;
2) шетелдік тұлғалар:
жеке пайдалануға арналған тауарларды алып өтетін жеке тұлға;
осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кедендік жеңілдіктерді пайдаланатын тұлға;
Кеден одағына мүше мемлекеттің аумағында белгіленген тәртіппен құрылған өкілдігі бар ұйым, - уақытша әкелу, кері экспорт кедендік рәсімдерін, сондай-ақ осы өкілдіктердің жеке мұқтаждары үшін әкелінетін тауарларға ғана қатысты ішкі тұтыну үшін кедендік шығару рәсімін мәлімдеген кезде;
Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы мәміле тараптарының бірі болып әрекет ететін, мәміле шеңберінен тыс тауарларға билік ету құқығы бар тұлға;
3) кедендік транзит кедендік рәсімін мәлімдеу үшін - осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар, сондай-ақ:
тасымалдаушы, оның ішінде кедендік тасымалдаушы;
экспедитор, егер ол Кеден одағына мүше мемлекеттің тұлғасы болып табылса, декларант бола алады.
285-бап. Декларанттың құқықтары
Тауарларды кедендік декларациялау және тауарларды кедендік рәсімге орналастыру үшін қажет өзге де кедендік операцияларды жасау кезінде декларант:
1) кедендік бақылаудағы тауарларды қарауға, өлшеуге және жүк операцияларын орындауға;
2) кедендік бақылаудағы тауарлардың сынамалары мен үлгілерін осы Кодекстің 247-бабында көзделген шарттар сақталған кезде кеден органының рұқсатымен алуға;
3) кеден органдарының лауазымды адамдары тауарларды кедендік қарау мен кедендік тексеріп қарау кезінде және тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алған кезде қатысуға;
4) өздері декларациялайтын тауарлардың кеден органдарында бар сынамалары мен үлгілерін зерттеу нәтижелерімен танысуға;
5) осы Кодекске сәйкес құжаттар мен мәліметтерді электронды құжаттар түрінде ұсынуға;
6) кеден органдарының шешімдеріне, кеден органдарының немесе олардың лауазымды адамдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
7) өзі декларациялайтын тауарлар туралы мәліметтерді нақтылау үшін сарапшыларды тартуға;
8) осы Кодексте көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
286-бап. Декларанттың міндеттері
Тауарларды кедендік декларациялау және тауарды кедендік рәсіммен орналастыру үшін қажет өзге де кедендік операцияларды жасау кезінде декларант:
1) тауарларды кедендік декларациялауды жүргізуге;
2) егер Кеден одағының кеден заңнамасында өзгеше белгіленбесе, кедендік декларация толтыру үшін негізге алынған құжаттарды кеден органына табыс етуге;
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) кедендік декларацияны электрондық құжат түрінде тапсырған кезде, тәуекелдерді басқару жүйесі кеден органына онда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды беруді көздейтін тәуекелдерді болғызбау және барынша төмендету жөніндегі шараларды берген жағдайда, осындай құжаттарды қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық түрде ұсынуға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды
2-2) кеден органы талабының негізінде тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылау кезінде электрондық құжат түрінде берілген, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды қағаз түрінде кеден органына табыс етуге;
3) декларацияланатын тауарларды осы Кодексте белгіленген жағдайларда не кеден органының талабы бойынша көрсетуге;
4) осы Кодекске сәйкес кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуге және (немесе) олардың төленуін қамтамасыз етуге;
5) тиісті кеден рәсімінде тауарларды пайдаланудың талаптары мен шарттарын сақтауға;
6) осы Кодексте көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 287-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
287-бап. Декларанттың жауаптылығы
Декларант, осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 286-бабында көзделген міндеттерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін кедендік декларацияда көрсетілген анық емес мәліметтерді мәлімдегені үшін, сондай-ақ кеден өкіліне көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді және (немесе) қолдан жасалған құжаттарды табыс еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Декларант мынадай жағдайларда:
1) тауарлар шығарылғанға дейін кеден органы лауазымды адамының тауарларды дұрыс сыныптамауы фактісі анықталған жағдайда, тауарлар шығарылғаннан кейін оларды сыныптау жөніндегі шешімдерді қайта қарау кезінде тауарлардың коды өзгертілген;
2) камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жойған;
3) тауарлар шығарылғаннан кейін бұзушылықтарды өз бетінше анықтаған және көшпелі кедендік тексерудің жүргізілуі басталғанға дейін бір жыл ішінде өз еркімен жойған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген жауаптылыққа тартылмайды.
288-бап. Кедендік декларацияны беру және тіркеу
1. Кедендік декларацияны декларант немесе кеден өкілі Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларацияны тіркеуге құқылы кеден органына береді.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Электрондық құжат түріндегі кедендік декларация кеден органдарының ақпараттық жүйесіне ақпараттық технологиялар арқылы беріледі.
Декларант тауарларға арналған декларацияны берген кезде, электрондық құжат түріндегі кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтердің толықтығын тексеру кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде жүзеге асырылады.
2. Кеден органы кедендік декларацияның, оның электрондық көшірмесінің және қажетті құжаттардың берілген күні мен уақытын, оның ішінде ақпараттық технологияларды қолдана отырып, белгілеп қояды.
3. Кеден органы кедендік декларацияны Комиссияның шешімінде айқындалатын тәртіппен кедендік декларация берілген кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде тіркейді немесе тіркеуден бас тартады.
4. Кеден органы кедендік декларацияны тіркеуден, егер:
1) кедендік декларация кедендік декларацияны тіркеуге құқылы емес кеден органына берілсе;
2) кедендік декларацияны уәкілетті емес тұлға берсе;
3) кедендік декларацияда осы Кодекстің 278 - 280-баптарында көзделген қажетті мәліметтер көрсетілмесе;
4) кедендік декларацияға қол қойылмаса не тиісті түрде куәландырылмаса немесе белгіленген нысан бойынша жасалмаса;
5) декларацияланатын тауарларға қатысты осы Кодекске сәйкес кедендік декларация берілгенге дейін немесе берілуімен бір мезгілде жасалуға тиіс әрекеттер жасалмаса, бас тартады.
5. Кедендік декларацияны тіркеуден бас тартуды кеден органының лауазымды адамы жазбаша нысанда бас тарту себебін көрсете отырып ресімдейді.
Кедендік декларацияны тіркеуден бас тартылған жағдайда кедендік декларация және табыс етілген құжаттар декларантқа не кеден өкіліне қайтарылады.
6. Егер кедендік декларацияны кеден органы тіркемесе, ондай декларация кедендік мақсаттар үшін берілмеген болып саналады.
7. Кедендік декларация тіркелген кезден бастап заңдық маңызы бар фактілер туралы куәландыратын құжатқа айналады.
8. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды кедендік декларациялау кезінде қолданылмайды.
289-бап. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту және толықтыру
1. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер кеден органының рұқсатымен декларанттың дәлелді жазбаша өтініші бойынша тауарлар шығарылғанға дейін бір мезгілде мына шарттар сақталған кезде:
егер енгізілген өзгерістер мен толықтырулар тауарларды шығару туралы шешім қабылдауға ықпал етпесе және тауарлардың кедендік құнын түзету және тыйым салулар мен шектеулерді сақтау жағдайларын қоспағанда, кедендік төлемдер мен салықтар сомаларының мөлшерін анықтауға әсер ететін мәліметтерді өзгерту қажеттігіне әкеп соқтырмаса;
декларанттың өтінішін алған кезде кеден органы оны кедендік тексеріп қарауды өткізу орны мен уақыты туралы хабардар етпесе және (немесе) тауарларға қатысты кедендік бақылаудың өзге нысандарын жүргізу туралы шешім қабылдамаса, өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
Тіркелген кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді өзгерту және толықтыру тіркелген кедендік декларацияда көрсетілгеннен өзге тауарлар туралы мәліметтерді мәлімдеуге әкеп соқпайды.
2. Кедендік декларацияға тауарларды шығарғаннан кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге Комиссияның шешімімен айқындалатын жағдайларда және тәртіппен жол беріледі.
3. Кеден органдарының өз бастамасы, тұлғаның тапсырмасы немесе өтініші бойынша кеден декларациясын толтыруға, енгізілуі кеден органдарының құзыретіне жататын мәліметтерді, тауарлардың кедендік құнын түзетуді және (немесе) тауарларды шығарғаннан кейін кедендік төлемдер сомасының мөлшерін анықтауға ықпал ететін өзге де мәліметтерді өзгертуді және Кеден одағы кеден заңнамасының ережелеріне сәйкес жүргізілетін тыйым салулар мен шектеулерді сақтауды қоспағанда, кеден декларациясында көрсетілген мәліметтерді өзгертуге немесе толықтыруға құқылы емес.
290-бап. Кедендік декларацияны кері қайтарып алу
1. Декларант жазбаша өтініші бойынша шетел тауарларына тіркелген кедендік декларацияны кеден органы тауарларды шығару туралы шешім қабылдағанға дейін оларды кері қайтарып алуы мүмкін.
Кедендік декларацияны кері қайтарып алу кезінде жаңа кедендік декларация тауарларды уақытша сақтау мерзімі шегінде берілуі тиіс.
Кедендік декларация осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзімде берілмеген кезде тауарларды кеден органдары осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес ұстайды.
2. Декларанттың жазбаша өтініш бойынша Кеден одағының тауарларына кедендік декларация тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан нақты шыққанға дейін, оның ішінде тауарларды шығару туралы шешім қабылданғаннан кейін кері қайтарып алынуы мүмкін.
Кеден одағының тауарларына кедендік декларацияны кері қайтарып алу үшін кері қайтарып алу туралы өтініште тауардың тұрған жері көрсетілуі тиіс.
3. Егер декларанттың өтінішін алғанға дейін кеден органы декларантты кедендік декларацияда мәлімделген тауарларды кедендік тексеріп қарауды жүргізу орны мен уақыты туралы хабардар етпесе және (немесе) Кеден одағының кеден заңнамасын әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын бұзуды анықтамаса, кедендік декларацияны кері қайтарып алуға кеден органының жазбаша рұқсатымен жол беріледі.
Кедендік декларация тауарды кедендік тексеріп қараудан кейін, егер мұндай тексеріп қарау барысында әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын Кеден одағының кеден заңнамасын бұзушылықтар анықталмаған болса, кері қайтарып алынуы мүмкін.
291-бап. Тауарларды алдын ала кедендік декларациялау
1. Кедендік декларация шетелдік тауарларға қатысты олар Кеден одағының кедендік аумағына әкелінгенге дейін берілуі мүмкін.
2. Егер кедендік мақсаттар үшін тауарларға ілеспе көлік (тасымалдаушы) немесе коммерциялық құжаттардың пайдаланылуы тиіс болса, тауарларды алдын ала кедендік декларациялау кезінде кеден органы бұл құжаттардың декларант растаған көшірмелерін немесе бұл құжаттардағы мәліметтерді электрондық түрде қабылдайды және тауарларды кеден органына көрсеткеннен кейін көрсетілген құжаттардың көшірмелеріндегі мәліметтерді құжаттардың түпнұсқаларындағы, соның ішінде электрондық құжаттардағы мәліметтермен салыстырады.
3. Алдын ала кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияда өз сипаты бойынша тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелгенге және (немесе) оларды кеден органына көрсеткенге дейін декларантқа белгілі бола алмайтын мәліметтер жоқ болуы мүмкін.
Мұндай мәліметтер кедендік декларацияға Комиссияның шешімінде белгіленген тәртіппен тауарларды шығару туралы шешім қабылданғанға дейін енгізілуі тиіс.
Кедендік баждар, салықтар тауарларды шығарғанға дейін төленеді.
4. Көлік (тасымалдаушы) немесе коммерциялық құжаттар көшірмелерінің негізінде бұрын мәлімделгеннен ерекше құндық, сандық немесе салмақтық көрсеткіштер өзгерген жағдайда міндетті түрде құнның, санның немесе салмақтың өзгергенін растайтын құжаттар табыс етіледі.
5. Егер тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелгеннен кейін декларант бұрын мәлімделгеннен өзгеше құндық, сандық немесе салмақтық көрсеткіштердің сәйкессіздігін тапса, декларант осы Кодекстің 290-бабында көзделген тәртіппен кедендік декларацияны кері қайтарып алуға құқылы.
6. Тауарларды алдын ала кедендік декларациялау кезінде кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күнге қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер қолданылады.
7. Егер тауарлар кедендік декларацияны тіркеген кеден органына не Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес белгіленген өзге кеден органына ол тіркелген күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде көрсетілмесе не бұл мерзім ішінде тыйым салулар мен шектеулер енгізілсе, кеден органы мұндай тауарларды шығарудан бас тартады.
292-бап. Тауарларды толық емес кедендік декларациялау
1. Егер де декларантта оған байланысы жоқ себептер бойынша кедендік декларацияны толтыруға қажетті барлық ақпарат толық болмаған жағдайда, декларанттың толық емес кедендік декларацияны беруі жолымен тауарларды шығару, кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу және төлеу үшін қажетті мәліметтерді мәлімдеу шартымен тауарларды толық емес кедендік декларациялауға жол беріледі.
Көрсетілген мәліметтер тыйым салулар мен шектеулерді сақтауды растауға, сондай-ақ кеден органдарына тауарлардың сандық және сапалық сипаттамаларының жиынтығы бойынша оларды сәйкестендіруге мүмкіндік беруге тиіс.
2. Тауарларды толық емес кедендік декларациялау, егер әкелінетін тауарларды өткізу:
1) ашық көлік құралдарында - тауарлардың дәл салмағын кеден органының кедендік декларацияны тіркеу күніне мәлімдеу мүмкін болмаған;
2) арнайы контейнерлер мен көлік құралдарында - тауарлармен технологиялық операциялар жүргізбей тауарлардың дәл санын мәлімдеу мүмкін болмаған кезде жүзеге асырылған жағдайда қолданылуы мүмкін.
3. Декларант толық емес кедендік декларацияны табыс еткен кезде, егер бастапқыда толық және тиісінше толтырылған кедендік декларация берілген жағдайда қолданылатын кедендік баждарды, салықтарды есептеу және төлеу тәртібін қоса алғанда, осы Кодексте көзделген шарттар мен талаптар қолданылады.
4. Тауарларды толық емес кедендік декларациялауды қолдану кезінде декларант кеден органы толық емес кедендік декларацияны тіркеген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде олар түзеткен және нақтылаған мәліметтерді ескере отырып, толық кедендік декларацияны табыс етуге міндетті.
293-бап. Тауарларды мерзімдік кедендік декларациялау
1. Белгілі бір тұлға белгілі бір тауарды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тұрақты өткізген кезде кеден органы күнтізбелік отыз күн ішінде Кеден одағының кедендік шекара арқылы өткізілетін барлық тауарларға кедендік декларацияны табыс етуге рұқсат беруі мүмкін.
2. Егер тауарлардың Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша бірдей сыныптау коды болса, олар белгілі бір тауар ретінде қарастырылады.