2. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, егер әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін қызметті тоқтата тұру не оған тыйым салу түрінде санкция тағайындау мүмкін болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) материалдарының негізінде сот тәртiбiмен ғана жүргiзiледi. Мұндай істерді қарауды сот он тәулік ішінде жүзеге асырады.
3. Қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұруды сот үш айға дейінгі мерзімге белгілейді.
4. Сотта іс қаралғанға дейін жеке немесе заңды тұлғаға осы Кодекстің 801-бабында көзделген тәртіппен қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу түрінде қамтамасыз ету шарасы қолданылуы мүмкін. Бұл жағдайда қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу мерзімі, егер әкімшілік жазалаудың бұл шарасын сот қолданса, қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу мерзіміне қосылады.
49-бап. Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу
Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзуды судья осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген жағдайларда тағайындайды.
50-бап. Әкiмшiлiк қамаққа алу
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әкімшілік қамаққа алу — отыз тәулікке дейінгі, ал төтенше жағдайлар режимі талаптарын бұзғаны үшін қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Әкімшілік қамаққа алуды судья айрықша жағдайларда осы бөлімнің Ерекше бөлігінде көзделген шектерде тағайындайды.
2. Жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, 1 және 2-топтардағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан еркектерге әкiмшiлiк қамаққа алуды қолдануға болмайды.
3. Әкiмшiлiк ұстап алу мерзiмi әкiмшiлiк қамаққа алу мерзiмiне қосылады.
51-бап. Шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу
1. Шетелдiктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберуді судья осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде көзделген тәртiппен және негiздер бойынша әкiмшiлiк жазалау шарасы ретiнде қолданады.
Осы бөліктің ережелерi шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылатын шығарып жiберу жағдайында қолданылмайды.
2. Егер әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында өзіне қатысты Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу түрiнде әкiмшiлiк жазалау шарасы қолданылуы мүмкiн адам, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып танылатын іс-әрекеттің өзiне қатысты жасалғаны туралы хабарланған жағдайда, онда осы адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнiң 179-бабында белгiленген тәртiппен хабарлама немесе арыз бойынша шешiм қабылданғанға дейiн кейiнге қалдырылады.
52-бап. Әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға осы тұлғаның жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында мынадай әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеру;
2) құқық бұзушының мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген әкiмшiлiк құқықтық ықпал ету шаралары әкiмшiлiк жаза қолданумен қатар, әкімшілік құқық бұзған адамды осы Кодекстің 64-бабында көзделген негіздер бойынша әкімшілік жауаптылықтан босатқан кезде оның орнына да қолданылуы мүмкін.
53-бап. Жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеру
Осы Кодекстiң 590 (оныншы бөлiгiнде), 591 (екiншi бөлiгiнде), 592 (төртiншi бөлiгiнде), 593 (сегізiншi бөлiгiнде), 594 (төртінші бөлiгiнде), 595 (төртiншi бөлiгiнде), 596 (төртiншi бөлiгiнде), 597 (бесінші және алтыншы бөлiктерінде), 598 (үшiншi бөлiгiнде), 599 (екiншi бөлiгiнде), 600 (екiншi бөлiгiнде), 601 (екiншi бөлiгiнде), 602 (екiншi бөлiгiнде), 613 (он үшiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген құқық бұзушылықтарды жасаған көлiк құралдарының жүргiзушiлерi жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеру үшiн емтихан тапсыруға жiберiледi.
Жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеруге жiберу туралы қаулыны осы Кодекстiң көрсетілген баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органдар (лауазымды адамдар) шығарады.
54-бап. Құқық бұзушының мiнез-кұлқына ерекше талаптар белгiлеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардың және (немесе) iшкi iстер органдарының өтiнiшхаты бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау кезiнде сот осы Кодекстiң 73, 128, 131, 436, 442, 461-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасаған адамның мiнез-құлқына үш айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге:
1) жәбiрленушiнiң отбасының кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабiлетсiз мүшелерiн қоса алғанда, жәбірленушінің еркiне қарамастан, оны iздестiруге, оның iзiне түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсiлдермен байланыс жасауға;
2) атыс қаруын және қарудың басқа да түрлерiн сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға;
3) кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз кәмелетке толмағандарға белгілі бір жерлерге баруына, басқа да жерлерге шығуына толық көлемде немесе жеке-жеке тыйым салуды көздейтiн ерекше талаптар белгiлеуi мүмкiн.
2. Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамның мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiленген кезде жәбiрленушi мен оның отбасы мүшелерiн күзету және қорғау үшiн сот ерекше жағдайларда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамға осы адамның басқа да тұрғынжайы болған жағдайда, жәбiрленушiмен бiрге жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге де тұрғынжайда тұруға тыйым салу түрiнде әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шарасын отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге қолдануға құқылы.
3. Құқық бұзушының мiнез-құлқына ерекше талаптардың қолданылу мерзiмi iшiнде оған профилактикалық әңгiмелесу үшiн айына бiр реттен төрт ретке дейiн iшкi iстер органдарына келіп тұру мiндетi жүктелуi мүмкiн.
7-тарау. Әкiмшiлiк жаза қолдану
55-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза қолданудың жалпы қағидалары
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жаза осы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген шекте осы Кодекстiң ережелерiне дәл сәйкестiкте қолданылады.
2. Әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуға тиiс.
3. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
4. Заңды тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
5. Әкiмшiлiк жаза қолдану адамды, орындамағаны үшiн көрсетілген жаза қолданылған мiндеттердi орындаудан, жол берiлген бұзушылықтарды жоюдан және залалды өтеуден босатпайды.
6. Бiр әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн бiр негiзгi не негiзгi және қосымша әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкiн.
56-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар
1. Мыналар:
1) кiнәлi адамның өкiнуi;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаның құқық бұзушылықтың зиянды салдарын болғызбауы, залалды өз еркiмен өтеуi немесе келтiрiлген зиянды жоюы;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қатты жан толқынысының әсерiмен не жеке басының немесе отбасының ауыр мән-жайлары салдарынан жасау;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған адамның жасауы;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жүктi әйелдiң немесе он төрт жасқа дейiнгi баласы бар әйелдiң жасауы;
6) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты күшпен немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде жасау;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қажеттi қорғаныстың заңдылық шарттарын бұзу, құқыққа қарсы қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу, бұйрықты немесе өкiмдi орындау кезiнде жасау;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет абайсызда жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын сот (судья), орган (лауазымды адам) осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілмеген мән-жайларды да жеңiлдететiн мән-жайлар деп тануы мүмкiн.
57-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар
Мыналар:
1) прокурордың заңды түсiндiргенiне және (немесе) осыған уәкiлеттi тұлғалардың оны тоқтату талабына қарамастан құқыққа қарсы
мiнез-құлықты жалғастыру;
2) бұрын бiртектi әкiмшiлiк құқық бұзушылығы үшiн әкiмшiлiк жазаға тартылған, ол бойынша осы Кодекстiң 61-бабында көзделген мерзiмi өтпеген адамның оны бiр жыл iшiнде қайталап жасауы;
3) кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту;
4) кiнәлi адамға психикасының ауыр түрде бұзылуынан зардап шегетіні көрінеу белгілі адамдарды не әкiмшiлiк жауаптылық туындайтын жасқа толмаған адамдарды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тарту;
5) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың заңды әрекеттерi үшiн кек алу, сондай-ақ басқа құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
6) адамға немесе оның жақындарына қатысты осы адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
7) кiнәлi адамға жүктiлік жағдайда екені көрінеу белгілі әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кiнәлi тұлғаға тәуелдi адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
8) адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
9) дүлей зілзала жағдайларында немесе басқа да төтенше жағдайлар кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
10) алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп танылады. Әкiмшiлiк жаза қолданатын сот (судья), орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипатына қарай осы мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауы мүмкiн.
58-бап. Бiрнеше әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде әкiмшiлiк жазалар қолдану
1. Бiр адам екi немесе одан да көп әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде әрбiр құқық бұзушылық үшiн жеке-жеке әкiмшiлiк жаза қолданылады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер адам бірнеше әкімшілік құқық бұзушылықтар жасап, оларды сол бiр судья, орган (лауазымды адам) қараса, онда бұл адамға сол бiр түрдегi жазалар қолданылған жағдайда, жазаның түпкiлiктi мөлшерiн жазаның осы түрi үшiн осы Кодексте белгiленген, үш еселенген ең жоғары шектен асыруға болмайды, ал әкiмшiлiк қамаққа алу үшін осы Кодекстiң 50-бабының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнен асыруға болмайды.
3. Егер әкімшілік айыппұлдар заңнамалық актілерде белгіленген, орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған салық міндеттемесі сомасының пайызымен көрсетілген жағдайда, бұлар бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны үшін салынған кезде айыппұл әрбір құқық бұзушылық үшін жеке өндіріп алынады.
59-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келтiрiлген зиянды өтеу
1. Судья мүлiктiк зиян келтiрілген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарай келiп, әкiмшiлiк жаза қолдану туралы мәселенi шешкен кезде, егер мұндай зиянның мөлшерi туралы дау болмаса, оны бiр мезгiлде өндiрiп алады.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келтiрiлген мүлiктiк зиянның мөлшерi туралы даулар азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қаралады.
2. Өзге де уәкiлеттi органдар (лауазымды адамдар) қарайтын әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша мүлiктiк зиянды өтеу, кiнәлi тұлға оны өз еркiмен өтеуден бас тартқан жағдайда, азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен жүргiзiледi.
3. Iскерлiк беделдi қорғау немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талаптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген негiздер бойынша азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қаралады.
60-бап. Әкiмшiлiк жаза мерзiмдерiн есептеу
Әкімшілік қамаққа алу мерзімі тәуліктермен, ал жеке немесе заңды тұлғаға берiлген арнайы құқықтан айыру, сондай-ақ рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру мерзiмi жылдармен, айлармен немесе күнтiзбелiк күндермен есептеледi.
61-бап. Тұлға әкiмшiлiк жазаға тартылды деп есептелетiн мерзiм
Әкiмшiлiк құқық бұзушылығы үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған тұлға әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны орындау аяқталған күннен бастап бiр жыл ішінде осы жазаға тартылды деп есептеледi.
8-тарау. Әкiмшiлiк жауаптылықтан және әкiмшiлiк жазадан босату
62-бап. Ескіру мерзiмінiң өтуiне байланысты әкiмшiлiк жауаптылықтан босату
1. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа кезде, тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн, ал қоршаған ортаны қорғау саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн - оны жасаған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
2. Жеке тұлға әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ салық салу саласында, кеден ісі, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы, энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы, мемлекеттік құпиялар, табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар туралы заңнамасы және монополияға қарсы заңнама саласында құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды, ал заңды тұлға (оның iшiнде дара кәсiпкер) әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру туралы заңнамасы саласында құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап үш жыл өткеннен кейiн, ал салық салу саласында, кеден ісі, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру, табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасы мен монополияға қарсы заңнама саласындағы құқық бұзушылық үшiн оны жасаған күннен бастап бес жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
3. Созылып кеткен әкiмшiлiк құқық бұзушылық кезiнде, сондай-ақ бюджеттiк қатынастар саласында қоғамның және мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне қол сұғылатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екi ай өткеннен кейін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
Қаржы саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап бес жылдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға жатады, бiрақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екi ай өткеннен кейін әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылмайды.
4. Осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнiң ережелерi әкiмшiлiк құқық бұзушылық қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен және бұл туралы қылмыстық iстi тергеп-тексеру немесе сот қарауы барысында белгілі болған жағдайларға қолданылмайды. Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнiң 405-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен мұндай құқық бұзушылыққа кiнәлi тұлғаға, егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезден бастап бiр жылдан аспайтын уақыт өткен болса, әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану мерзiмiнiң өтуі сараптама тағайындалған, сондай-ақ iстi сот инстанцияларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген мемлекеттiк органның лауазымды адамына жiберген кезден бастап тоқтатыла тұрады.
Бұл мерзiмдердi есептеу сараптама қорытындыларын алған кезден қайтадан басталады.
6. Құқық бұзушының әрекеттерiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда, тұлға оны тоқтату туралы шешiм келіп түскен күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
7. Егер осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетілген мерзiмдер өткенге дейiн тұлға жаңа әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза қолдану мерзiмiнiң өтуiне үзiлiс жасалады. Мұндай жағдайларда мерзiмдi есептеу жаңа әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған кезден басталады.
8. Судьяның немесе уәкiлеттi органның әкiмшiлiк iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулысы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мерзiмге қарамастан, ол заңды күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде прокурордың наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкiн.
Ескертпе. Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылып кеткен құқық бұзушылық деп танылады.
63-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтан және әкiмшiлiк жазадан рақымшылық жасау актiсi негiзiнде босату
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе қолданылған әкiмшiлiк жазадан рақымшылық жасау актiсi негiзiнде, егер көрсетілген акт әкiмшiлiк жаза қолдануды жоятын болса, босатылуы мүмкiн.
2. Рақымшылық жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Парламентi жекелей анықталмаған адамдар тобына қатысты шығарады.
64-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтан тараптардың татуласуына байланысты босату
1. Осы Кодекстiң 73, 79 (бірінші бөлігінде), 146, 185, 186, 220, 229 (екінші бөлігінде)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жәбiрленушiнiң арызы бойынша ғана қозғалады және ол әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғамен татуласқаннан кейiн тоқтатылуға жатады.
2. Татуласу жәбiрленушi мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлға қол қойған жазбаша келiсiм негiзiнде жүзеге асырылады.
9-тарау. Кәмелетке толмағандардың әкiмшiлiк жауаптылығы
65-бап. Кәмелетке толмағандардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар осы тараудың күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп танылады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал етудiң шаралары қолданыла отырып, әкiмшiлiк жаза қолданылуы мүмкiн.
66-бап. Кәмелетке толмағандарға әкiмшiлiк жазалар қолданудың ерекшелiктерi
1. Кәмелетке толмаған адамға салынатын әкiмшiлiк айыппұлдың мөлшерiн осы бөлімнің Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген айыппұл мөлшерiне қарамастан, он айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жеткiлiктi мүлкi болмаған жағдайда, айыппұл ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады.
2. Арнайы құқықтан айыру кәмелетке толмағандарға бiр жылдан аспайтын мерзiмге қолданылуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк жазалардың басқа да түрлерi (әкімшілік қамаққа алуды қоспағанда), сондай-ақ осы Кодекстiң 41 және 52-баптарында көрсетілген әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары кәмелетке толмағандарға жалпы негiздерде қолданылады.
67-бап. Кәмелетке толмаған адамға әкiмшiлiк жаза қолдану
1. Осы Кодекстiң 56 және 57-баптарында көзделген мән-жайлардан басқа кезде, кәмелетке толмаған адамға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде оның өмiр сүру және тәрбиелену жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың әсер етуi ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар жиынтығында жеңiлдететiн мән-жай ретiнде ескерiледi.
68-бап. Кәмелетке толмағандарды әкiмшiлiк жауаптылықтан және әкiмшiлiк жазадан босату
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) оған заңнамада көзделген тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдана отырып, әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе тағайындалған әкiмшiлiк жазаны орындаудан босатуы мүмкiн.
69-бап. Тәрбиелiк ықпал ету шаралары
1. Кәмелетке толмаған адамға мынадай тәрбиелiк ықпал ету шаралары тағайындалуы мүмкiн:
1) заңды түсiндiру;
2) ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың не мамандандырылған мемлекеттiк органның қадағалауына беру;
3) келтiрiлген зиянның есесін толтыру мiндетiн жүктеу;
4) кәмелетке толмаған адамдарды бос уақытын шектеу және мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу.
2. Кәмелетке толмаған адамға бiр мезгiлде бiрнеше тәрбиелiк ықпал ету шаралары тағайындалуы мүмкiн.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 4) тармақшасында көзделген тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдану мерзiмi үш айға дейiнгi ұзақтыққа белгiленедi.
4. Кәмелетке толмаған адам осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң
4) тармақшасында көзделген тәрбиелiк ықпал ету шараларын үнемі орындамаған жағдайда, мамандандырылған мемлекеттiк орган, егер осы Кодекстiң 890-бабының бірінші бөлігінде белгiленген ескіру мерзiмі өтпеген болса, бұл шараның күшiн жою және кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк жауаптылыққа тарту мәселесiн шешу үшiн материалдарды сотқа ұсынады.
70-бап. Тәрбиелiк ықпал ету шараларының мазмұны
1. Заңды түсiндiру кәмелетке толмаған адамға оның іс-әрекетiмен келтiрiлген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың заңдық салдарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-анаға немесе оларды алмастыратын адамдарға не мамандандырылған мемлекеттiк органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал ету және оның мінез-құлқына бақылау жасау жөнiндегi мiндеттердi жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянның есесін толтыру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайы және оның тиiстi еңбек дағдыларының болуы ескерiле отырып жүктеледi.
4. Кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақытты өткiзудiң белгiлi бiр нысандарын, оның iшiнде көлiк құралын басқарумен байланысты нысандарды пайдалануға, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерде болуын шектеу, соттың не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органның (лауазымды адам) рұқсатынсыз басқа жерлерге шығуға тыйым салуды көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға қатысты құқық бұзушының мінез-құлқына осы Кодекстiң 54-бабында көзделген ерекше талаптар белгiленуi, сондай-ақ оқуды аяқтау не кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның көмегiмен жұмысқа орналасу талабы қойылуы мүмкiн.