32-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелері
1. Қазақстан Республикасы аумағының шекараларындағы жер қойнауы учаскелері мемлекеттік меншік болып табылады және осы Заңда белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін беріледі.
2. Жер қойнауы учаскесі айналым нысанасы бола алмайды.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығы осы Заңда айқындалған тәртіппен және талаптарда айналым объектісі болып табылады.
33-бап. Геологиялық және тау-кендік бөлулер
1. Барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған, сондай-ақ барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған жер қойнауын пайдалану құқығының иесі жер қойнауын пайдалану жөніндегі тиісті операцияларды геологиялық немесе тау-кендік бөлуге сәйкес айқындалған жер қойнауы учаскесі шегінде ғана жүргізуге құқылы.
2. Геологиялық бөлуді жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган конкурс жеңімпазы немесе осы Заңда көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану құқығы конкурс өткізбей-ақ берілген тұлға өтініш берген күннен бастап жиырма күн ішінде береді.
3. Тау-кендік бөлуді жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган конкурс жеңімпазына немесе осы Заңның 35-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану құқығы конкурс өткізбей-ақ берілетін тұлғаға аталған тұлға тау-кендік бөлу жобасын берген күннен бастап жиырма күннен кешіктірмей береді.
4. Өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығының иесі тау-кендік бөлумен айқындалған жер қойнауы учаскесі шегінде барлау жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы. Қорлардың өсімі және оларды жер қойнауының мемлекеттік сараптамасы растаған жағдайда келісімшартқа тараптардың жазбаша келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістер енгізілуге тиіс.
34-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығының туындауы
1. Жер қойнауын пайдалану құқығы:
1) беру;
2) табыс ету;
3) құқық мирасқорлығы тәртібімен ауысу жолымен туындайды.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жер қойнауын пайдалану құқығын тұлғаға тікелей мемлекеттің беруін білдіреді.
3. Жер қойнауын пайдалану құқығын табыс ету жер қойнауын пайдалану құқығын тұлғаға басқа жер қойнауын пайдаланушының беруін білдіреді.
4. Жер қойнауын пайдалану құқығының құқық мирасқорлығы тәртібімен ауысуы заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие жеке тұлға қайтыс болған кезде құқық мирасқорында жер қойнауын пайдалану құқығының туындауын білдіреді.
35-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы баптың 5, 6, 9 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқығын беру келiсiмшарт жасасу жолымен жүргiзiледi.
2. Барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт конкурс нәтижелерінің негізінде оның жеңімпазымен жасалады.
Конкурс өткізбей-ақ, тікелей келіссөздер негізінде:
1) барлауға арналған келісімшарт негізінде коммерциялық табумен байланысты өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын алуға айрықша құқығы бар тұлғамен өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге;
2) барлаумен немесе өндірумен байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және (немесе) пайдалану жөніндегі операциялар жүргізуге;
3) 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4) ұлттық компаниямен барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге;
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерімен барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуге;
5) осы Заңның 54-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайда барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге;
6) қойнауында жерасты сулары бар жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушысы осы учаскеде арнаулы су пайдалану құқығын иеленген жағдайда, онымен халықты ауыз сумен немесе шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау үшін тәулігіне екі мың текше метрден астам көлемдегі жерасты суларын өндіру жөніндегі операциялар жүргізуге келісімшарттар жасалады.
3. 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Барлаумен немесе өндірумен байланысты және барлауға немесе өндіруге арналған келісімшарттардың жұмыс бағдарламаларында көзделген жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға жер қойнауын пайдалану құқығын беру талап етілмейді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Шаруашылық-ауыз су және өндірістік-техникалық мақсаттағы жерасты суларын тәулігіне елу текше метрден екі мың текше метрге дейін алу лимиттерімен өндіру құқығын беру су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган берген рұқсаттың негізінде жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жер қойнауын пайдаланушыға пайдалы қазбаны өндірудің технологиялық схемасына сәйкес өндірістік-техникалық жерасты суларын тәулігіне екі мың және одан да көп текше метр көлемінде қаттарға айдау үшін оларды барлау немесе өндіру не тау-кен қазбаларын пайдалану кезінде су деңгейін төмендету мақсатында жерасты суларын өндіру құқығын беру индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның рұқсат беруі арқылы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың ережелері жер қойнауын пайдалануға жасалған келісімшарт шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы жүзеге асыратын,
тау-кен қазбаларын пайдалану кезінде су деңгейін төмендету мақсатында жерасты суларын өндіруге қолданылмайды.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Осы баптың 10-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндiруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органымен келiсiмшарт жасасу жолымен жүргiзiледi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге жер қойнауын пайдалану құқығын беру жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізуге жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісімшарт (шарт) жасасу арқылы ол белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
9. Кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін, сондай-ақ тәулігіне елу текше метрден аспайтын көлемде жерасты суларын өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру қойнауында кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты сулары бар жер учаскесін жеке меншікке немесе жер пайдалануға берумен бір мезгілде жүргізіледі. Жер учаскесін уақытша жер пайдалануға беру кезінде кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтажы үшін, сондай-ақ тәулігіне елу текше метрден аспайтын көлемде өндірілетін жерасты суларын пайдалану талаптары уақытша жер пайдалану туралы шартта көзделуі мүмкін.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды; 2013.13.06. № 102-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 10-тармақ жаңа редакцияда
10. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, темiржолдарды және гидроқұрылыстарды салу (реконструкциялау) және жөндеу кезiнде пайдаланылатын кең таралған пайдалы қазбаларға арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша жергiлiктi атқарушы органның жазбаша рұқсаты негізінде жүзеге асырылады.
36-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын және жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді беру
1. Жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді беру:
1) өтемді не өтеусіз азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде басқа тұлғаға жер қойнауын пайдалану құқығын ішінара немесе толық иеліктен шығару;
2) өтемді не өтеусіз азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді иеліктен шығару;
3) жер қойнауын пайдалану құқығын, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді басқа заңды тұлғаның жарғылық капиталына беру;
4) жер қойнауын пайдалану құқығына ие мемлекеттік кәсіпорындардың мүліктік кешендерін жекешелендіру процесінде жүзеге асырылатын жер қойнауын пайдалану құқығын иеліктен шығару;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) банкроттық рәсімі процесiнде жер қойнауын пайдалану құқығын, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектiлердi иелiктен шығару;
6) жер қойнауын пайдалану құқығынан, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерден, оның ішінде кепілге беру кезінде ақы өндіріп алу;
7) бір немесе бірнеше қатысушылардың қосымша салымдар енгізуі жолымен, сондай-ақ заңды тұлғаның қатысушылары құрамына жаңа қатысушыны қабылдау жолымен жарғылық капиталды ұлғайту нәтижесінде жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы, егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, осындай жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғадағы үлеске құқықтың пайда болуы арқылы жүзеге асырылады.
2. Кең таралғандарын қоспағанда, пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді беру құзыретті органның осы Заңның 37-бабында белгіленген тәртіппен берілетін рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді беру облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының осы Заңның 37-бабында белгіленген тәртіппен берілетін рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
3. Жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғаның, осындай жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғаның, егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, акцияларын немесе акцияларға меншік құқығын растайтын өзге де бағалы қағаздарын не акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарын ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымға бастапқы шығару, оның ішінде қосымша эмиссия шеңберінде шығарылған осындай бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында бастапқы орналастыру құзыретті органның осы Заңның 37-бабында белгіленген тәртіппен берілетін рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
4. Жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін), жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді кепілге беру құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты осы Заңның 37-бабында белгіленген тәртіппен берілетін рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
Жер қойнауын пайдалану құқығын кепілге салудан алынған кредитті жер қойнауын пайдаланушының өзі немесе жарғылық капиталында жер қойнауын пайдаланушының жүз пайыздық қатысу үлесі бар еншілес ұйым жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген Қазақстан Республикасының аумағында жер қойнауын пайдалану не кейіннен қайта бөлісуді ұйымдастыру мақсаттарына пайдалануға тиіс.
5. Осы баптың 2-тармағының ережелері мынадай жағдайларға:
1) жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаның, осындай жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғаның, егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын акцияларын немесе акцияларға меншік құқығын растайтын өзге де бағалы қағаздарын не акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарын иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасасуға;
2) жер қойнауын пайдалану құқығының, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің барлығын немесе бір бөлігін:
мұндай еншілес ұйым салық салуда жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде жер қойнауын пайдаланушыға тиесілі болатын еншілес ұйымның пайдасына;
жер қойнауын пайдалану құқығының, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің барлығын немесе бір бөлігін сатып алушы салық салуда жеңілдігі бар мемлекетте тіркелмеген жағдайда, әрқайсысында қатысу үлестерінің (акциялар пакеттерінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде белгілі бір тұлғаға тиесілі болатын заңды тұлғалар арасында беруге;
3) егер осындай берудің нәтижесінде тұлға жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның және (немесе) осындай жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғаның, егер осы заңды тұлғаның негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) 0,1 пайыздан кеміне тікелей немесе жанама түрде (үшінші тұлғалар арқылы) билік ету құқығын сатып алса, жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғадағы акцияларды (қатысу үлестерін) беруге қолданылмайды.
6. Жер қойнауын пайдаланушыға жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен келісімшарт (шарт) негізінде берілген жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге жер қойнауын пайдалану құқығын беру осы органның алдын ала келісімі негізінде ғана жүргізілуі мүмкін.
7. Кең таралған пайдалы қазбаларды және жерасты суларын өз мұқтажын қанағаттандыру үшін барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру қойнауында кең таралған пайдалы қазбалар немесе жерасты сулары бар жер учаскесін жеке меншікке немесе жер пайдалануға берумен бір мезгілде жүргізіледі. Жер учаскесін уақытша жер пайдалануға беру кезінде кең таралған пайдалы қазбалар мен жерасты суларын өз мұқтажын қанағаттандыру үшін пайдалану талаптары уақытша жер пайдалану туралы шартта көзделуі мүмкін.
Кең таралған пайдалы қазбаларды және жерасты суларын өз мұқтажын қанағаттандыру үшін барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының рұқсаты талап етілмейді.
Өз мұқтажын қанағаттандыру үшін кең таралған пайдалы қазбаларға және жерасты суларына жер қойнауын пайдалану құқығын қойнауында солар болатын жер учаскесінсіз беруге тыйым салынады.
8. Жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға ішінара беру жағдайында жер қойнауын пайдаланушы және осындай тұлға келісімшарт бойынша бірлесіп құқықтарды жүзеге асыру мен міндеттерді орындау кезінде туындайтын өзара міндеттемелер бойынша келісімге келуге тиіс. Жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы бірлескен қызмет туралы шарт не келісімшарт бойынша қызмет шеңберінде өзара құқықтар мен міндеттерді белгілеу туралы өзге де шарт құзыретті органмен немесе кең таралған пайдалы қазбаларға қатысты облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органымен келісіледі және келісімшарт тараптары үшін міндетті күші бар келісімшартқа толықтыру болып табылады.
9. Иелері бірнеше жеке немесе заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдалану құқығының бір бөлігін беру жағдайында мұндай беру осы жер қойнауын пайдалану құқығының барлық иелерінің келісімімен ғана мүмкін болады.
10. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшартқа қандай да болсын қатысуы сақталатын кезге дейін ол және жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін тұлға келісімшарттың негізінде туындаған міндеттемелер бойынша ортақ жауапкершілік атқарады.
11. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жер учаскесін, тау-кендік немесе геологиялық бөлуді қайта ресімдеудің сөзсіз негізі болып табылады.
Жер қойнауын пайдалану құқығын беру келісімшарт талаптары бойынша қалыптастырылған тарату қорын қайта ресімдеудің (берудің) сөзсіз негізі болып табылады.
12. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша барлық шығыстар, егер беру шарттарында өзгеше көзделмесе, жер қойнауын пайдаланушының шығыстарына жатқызылады.
13. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру келісімшартқа тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажеттілігіне әкеп соғады және осындай өзгерістер және (немесе) толықтырулар тіркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі. Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі азаматтық-құқықтық мәміле жасасу фактісі болмаған кезде не жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органға немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беруге рұқсат берілген дәйексіз ақпарат беруі фактісі анықталған кезде, не осы баптың 8 және 9-тармақтарының ережелері сақталмаған кезде келісімшартты тіркеуден бас тартуға құқылы.
Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге құқықтарды беру осы баптың ережелері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен ресімделеді.
14. Жер қойнауын пайдалану құқығын, жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді беруге бағытталған, құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осы баптың 2-тармағында көзделген рұқсаты болмай, сол сияқты рұқсаттың қолданылу мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ осы баптың 6-тармағына сәйкес берілетін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның алдын ала келісімінсіз жасалған мәмілелер мен өзге де іс-әрекеттер олар жасалған кезден бастап жарамсыз болады.
Жасалған мәміле туралы құзыретті органға ол жасалғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде хабарламау мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болып табылады.
37-бап. Жер қойнауын пайдалану құқығын және онымен байланысты құқықтарды иеліктен шығаруға рұқсат беру тәртібі
1. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, өзіне тиесілі жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді иеліктен шығару ниеті бар тұлға құзыретті органға жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді табыс етуге рұқсат беру туралы өтініш жібереді.
Кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) иеліктен шығарған кезде жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған рұқсат беру туралы өтініш облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына жіберіледі.
2. Жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы өтініш қазақ және орыс тілдерінде жасалуға және:
1) жер қойнауын пайдалану құқығы не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объекті тиесілі заңды тұлғаның толық атауын не жеке тұлғаның тегін және атын;
2) иеліктен шығарылатын жер қойнауы учаскесін және жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) көрсетуді не иеліктен шығаруға жататын жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні көрсетуді;
3) иеліктен шығарылатын жер қойнауын пайдалану құқығының (оның бір бөлігінің) көлемін не қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) мөлшерін, иеліктен шығарылатын бағалы қағаздар санын дәл көрсетуді, сондай-ақ бастапқы иегерде және басқа тұлғаларда қалатын құқықтар көлемін, иеліктен шығарылатын бағалы қағаздардың түрін көрсетуді;
4) жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаның, осындай жер қойнауын пайдаланушы қабылдайтын шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі бар заңды тұлғаның жарғылық капиталының жалпы мөлшері туралы және қатысушыларының құрамы, акцияларға меншік құқығын растайтын не акцияларға айырбасталатын шығарылған бағалы қағаздарының жалпы саны, акцияларының жалпы саны мен пакеттерінің арақатынасы туралы мәліметтерді;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) жер қойнауын пайдалану құқығын не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні сатып алушы туралы мәліметтерді:
заңды тұлғалар үшін - сатып алушының атауын, оның орналасқан жерін, мемлекеттік тиесілігін, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі және мемлекеттік кіріс органдарында тіркелуі туралы мәліметтерді, басшылары мен олардың өкілеттіктері туралы мәліметтерді, қатысу үлестерінің (акциялар пакеттерінің) мөлшері көрсетіле отырып, қатысушылар туралы мәліметтерді, бағалы қағаздардың жалпы саны көрсетіле отырып, заңды тұлғаның осындай қағаздарының ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы айналымы туралы мәліметтерді, сатып алушының еншілес ұйымдары туралы мәліметтерді;
жеке тұлғалар үшін - сатып алушының тегін, атын және әкесінің атын (ол болған жағдайда), заңды мекенжайын, азаматтығын, жеке басын куәландыратын құжаттары, мемлекеттік кіріс органдарында тіркелуі, кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелуінің болуы не болмауы туралы мәліметтерді, сатып алушы қатысушысы (акционері) болып табылатын заңды тұлғалар туралы мәліметтерді;
6) соңғы үш жылда оларда өз қызметін жүзеге асырған мемлекеттер тізбесін қоса алғанда, сатып алушының бұрынғы қызметі туралы мәліметтерді, сондай-ақ персоналдың біліктілігін қоса алғанда, сатып алушының қаржылық, техникалық, басқарушылық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктері туралы деректерді;
7) жер қойнауын пайдалану құқығын не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеліктен шығару негізін;
8) жер қойнауын пайдалану құқығын не жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғадағы қатысу үлесін (акциялар пакетін) иеліктен шығару бойынша құқық қатынасында өтініш берушінің құқықтық мәртебесін көрсетуді;
9) сатып алушының өтініште және оған қоса берілетін құжаттарда өзі туралы көрсетілген барлық мәліметтердің дұрыс екені туралы жазбаша растауын;
10) өтінішке қол қойған адамның тегі мен атын, осындай адамның өкілеттіктерін көрсетуді, оның жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді;
11) жер қойнауын пайдалану құқығының не жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектінің бағасы және басқа да иеліктен шығару талаптары туралы мәліметтерді қамтуға тиіс.
Өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын, тиісті түрде куәландырылған құжаттар (не олардың нотариат куәландырған көшірмелері) қоса беріледі.
Өтінішке қоса берілетін барлық құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Егер өтінішті шетелдік немесе шетелдік заңды тұлға берсе, мұндай құжаттар әрбір құжатқа дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы міндетті түрде қоса беріліп, өзге тілде жасалуы мүмкін.