11) мәлімделген жұмыс режимін сақтауға;
12) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
Сатушы (дайындаушы) бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарына қойылған тауардың құнын көрсетуге, сондай-ақ тауарды сақтау жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
Дайындаушы (орындаушы) жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің құнын жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
Дайындаушы тауардың жарамдылық мерзімін, сақтау мерзімін белгілеуге міндетті.
25-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат беру жөніндегі міндеті
1. Тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат міндетті түрде мыналарды:
1) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауын;
2) ұсынылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) түрлері мен ерекшеліктерін;
3) егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) техникалық регламенттерде, стандарттарда және өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестікті растау рәсіміне жататын жағдайда сәйкестік белгісін;
4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, азық-түліктің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтерді, сондай-ақ кейбір аурулар мен сырқаттану кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен оларды қолдануға болмайтындығы туралы мәліметтерді;
5) тауардың құрамын, тамақ өнімдеріне қатысты - олардың құрамы, оның ішінде тамақ қоспаларының, азықтардың және азық қоспаларының, тамаққа биологиялық активті қоспалардың болуы және олардың мөлшері туралы мәліметтерді;
6) егер мұндай компоненттегі генетикалық түрлендірілген организмдер құрамы 0,9 және одан да көп процентті құрайтын болса, тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген организмдерден тұратын немесе соларды қолдана отырып алынған компоненттердің болуы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс. Бұл ретте, оралған өнімдерде - заттаңбада, оралмаған өнімдерде - өнім туралы нұсқамаларда «Осы өнімнің құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер бар» деген сөздер жеке сөйлем ретінде көрсетілуге тиіс;
7) дайындаушының тауарлық белгісін;
8) тауарды шығарған елді;
9) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құны мен шарттарын;
10) кепілді мерзімнің болуын немесе болмауын;
11) егер бұл тауарлардың ерекшелігіне байланысты талап етілсе, тамақ өнімдерін дайындау жөніндегі ұсынымдарды;
12) тауардың дайындалған күні мен орнын, қызмет ету мерзімін және (немесе) жарамдылық мерзімін және (немесе) сақтау мерзімін, егер тауарды сақтаудың талаптары тиісті тауарды сақтаудың әдеттегідей жағдайларынан ерекшеленетін не арнайы сақтау талаптарын қажет ететін болса, оларды сақтау талаптарын көрсетуді, сондай-ақ, егер тауар көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндіретін болса немесе мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болса, көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының қажетті іс-әрекеттері және мұндай іс-әрекеттерді орындамаған кездегі ықтимал салдарлар туралы мәліметтерді;
13) сатушының (дайындаушының, орындаушының) атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын), сатушы (дайындаушы) тұтынушыдан қойылған кінәларды қабылдауға уәкілеттік берген және тауарды жөндейтін әрі оған техникалық қызмет көрсететін дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің) орналасқан жерін;
14) егер мұның жұмыс (көрсетілетін қызмет) сипатымен байланысты мәні болса, жұмысты орындайтын (қызмет көрсететін) нақты тұлғаны көрсетуді және ол туралы ақпаратты;
15) музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсетуі кезінде фонограммаларды, дыбыс-бейне жазбаны пайдалануын көрсетуді;
16) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) массасының шамасын (нетто), көлемін, санын және (немесе) жиынтықталымын;
17) тауардың мақсаты туралы және тиімді әрі қауіпсіз қолданылу жағдайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұтынушыға ұсынылуы міндетті болып табылатын не тұтынушы мен сатушы (дайындаушы, орындаушы) арасында жасалған шартта көзделген өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
Егер тұтынушы иеленетін тауар пайдалануда болса немесе ондағы кемшілік жойылған болса, тұтынушыға ол жөнінде ақпарат берілуге тиіс. Мұндай тауарды иеленген жағдайда кемшіліктің болуы туралы мәліметтер иелену фактісін растайтын құжатта көрсетілуге тиіс.
2. Сатушы (дайындаушы) айырбастауға жатпайтын тиісті сападағы тауар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілетін құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен тұтынушының назарына қазақ және орыс тілдерінде жеткізіледі.
4. Дайындалған жерінен басқа жерде тұтыну ыдысына бөлшектеп салынған және оралған азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларда осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа, бөлшектеп салушы және ораушы (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда), сондай-ақ бөлшектеп салынған және оралған күні мен уақыты туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
26-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат беру жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) өзінің атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын) және жұмыс режимін қазақ және орыс тілдерінде аталған ақпаратты маңдайшаға орналастырып, тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Дара кәсіпкер болып табылатын сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға өзінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болғанда) туралы, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткені және оны дара кәсіпкер ретінде тіркеуді жүзеге асырған органның атауы туралы ақпаратты да ұсынуға тиіс.
2. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) жүзеге асыратын қызметтің түрі лицензиялауға жатса, тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде лицензия, оның қолданылу мерзімі, оны берген мемлекеттік орган туралы ақпарат берілуге, сондай-ақ тұтынушының талабы бойынша лицензияның түпнұсқасымен немесе нотариат куәландырған көшірмесімен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат сауда-саттық, тұтынушыларға көрсетілетін тұрмыстық және өзге де қызмет түрлері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұрақты орналасқан жерінен тысқары жерде, уақытша үй-жайларда, жәрмеңкелерде, сөрелерден және басқа да жағдайларда жүзеге асырылған кезде тұтынушының назарына жеткізілуге тиіс.
27-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы) тауардың белгіленген сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде тауардың қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға ықтимал тәуекел туралы және тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдаланудың шарттары туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдалану, оны сақтау, тасымалдау немесе кәдеге жарату үшін арнаулы ережелерді сақтау қажет болса, онда дайындаушы (орындаушы) оларды тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілген құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен көрсетуге міндетті.
3. Сәйкестігі міндетті расталуға жататын тауарды, оның ішінде импорттық тауарды сәйкестіктің тиісті сертификаттарынсыз немесе сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді.
4. Тұтынушы тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың немесе кәдеге жаратудың белгіленген ережелерін сақтаған кезде тауар тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтірсе немесе келтіруі мүмкін болса, сатушы (дайындаушы) зиянның себептері жойылғанға дейін оны өндіруді (өткізуді) дереу тоқтата тұруға міндетті. Егер зиянның себептерін жою мүмкін болмаса, сатушы (дайындаушы) мұндай тауарды өндірістен (өткізуден) алуға және ол жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға уақтылы хабарлауға, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға ықтимал қауіп туралы уақтылы хабарлау, тауарды айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тауарлар туралы хабарлау сатушының (дайындаушының) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. Сатушы (дайындаушы) осы баптың 4-тармағында көзделген міндеттерін орындамаған кезде тауарды өндірістен алу, оны айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу тиісті мемлекеттік органның нұсқамасы бойынша жүргізіледі. Тиісті мемлекеттік органның нұсқамасын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Тауарды қайтарып алуға байланысты тұтынушыға келтірілген залалды сатушы (дайындаушы) толық көлемде өтеуге тиіс.
28-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының өзіне ыңғайлы уақытта тиісті сападағы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескеріп, еркін таңдауын қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны тиісті емес сападағы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өзіне қажетсіз мөлшерде және (немесе) ассортиментте сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.
2. Сатушы тауарды сату кезінде Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарын пайдалануға тиіс.
3. Тауардың (жұмыстың) салмағы, саны, ұзындығы және өзге де өлшемдері тұтынушының күмәнін туғызған жағдайларда сатушы (дайындаушы) аталған сипаттамаларды Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарының көмегімен дербес тексеруге мүмкіндік беруге міндетті.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) таңдау кезінде қандай да бір артықшылықтарды, тікелей немесе жанама шектеулерді белгілеуге жол берілмейді.
29-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Егер шартта тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға осы талаптарға сай келетін тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы), егер бұл тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сипатына қарай мүмкін болса, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қасиеттері мен оны пайдалануды көрсетуге және тұтынушыға сапасы тауар (орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет) туралы берілген ақпаратқа және шарттың талаптарына сай келетін тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызмет көрсетуге), сондай-ақ тұтынушының талабы бойынша оған тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы мен қауіпсіздігін және оның жиынтықталымын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
3. Шартта тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы туралы талаптар болмаған кезде сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келетін және осындай тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
4. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыны (дайындаушыны, орындаушыны) тауарды сатып алудың (жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
5. Тауарды үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сату кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды беруге міндетті.
30-бап. Сатушының (дайындаушының) тиісті сападағы да, тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттері
1. Мыналарды:
дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды;
іш киімді;
шұлық-ұйық бұйымдарын;
жануарлар мен өсімдіктерді қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түлік емес тауар пайдалануда болмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды иелену фактісін растайтын құжат, егер шартта бұдан да ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сақталса, сатушы (дайындаушы) оны айырбастап беруді немесе қайтарып алуды қамтамасыз етуге міндетті.
Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалып қалса немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмесе, егер тұтынушы тауарды осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастап беру немесе қайтарып алу жүргізілуге тиіс.
2. Тұтынушы тауардан кемшіліктер тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда сатушы (дайындаушы) - оны дереу ауыстыруға, ал сатушының (дайындаушының) тауар сапасын қосымша тексеруі қажет болған кезде тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.
Тауарды (жиынтықтаушы бұйымды) ауыстыру кезінде, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілді мерзім оны тұтынушыға берген күнінен бастап қайта есептеледі.
3. Егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тұтынушының келісімі бойынша сатушы (дайындаушы) тауардан табылған кемшіліктерді тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жоюға тиіс.
Тауардағы кемшіліктер жойылған жағдайда кепілді мерзім тауар пайдаланылмаған мерзім ішіндегі уақытқа ұзартылады. Көрсетілген уақыт тұтынушы кемшіліктерді жою туралы талаппен жүгінген күннен бастап тұтынушының талабы орындалған кезге дейін есептеледі.
4. Сатушы (дайындаушы) кепілді мерзімін белгілемеген тауарға қатысты, не осы Заңның 17-бабы 2-тармағының төртінші абзацында көзделген жағдайда және тәртіппен, егер тұтынушы тауардың кемшіліктері тұтынушыға берілгенге дейін пайда болғанын немесе сол кезге дейін пайда болған себептерден туындағанын дәлелдесе, тауардың кемшіліктері үшін сатушы (дайындаушы) жауап береді.
Сатушы (дайындаушы) сатылған (дайындалған) тауардың кемшіліктері үшін олар жөнінде өзі білмеген жағдайда да жауап береді. Сатушыны (дайындаушыны) жауапкершіліктен босату туралы немесе оны шектеу туралы келісім жарамсыз болады.
5. Сатушы (дайындаушы) кепілді мерзімін белгілеген тауарға қатысты, сатушы (дайындаушы) егер тауардағы кемшіліктер оларды тұтынушыға бергеннен кейін тұтынушының тауарды пайдалану немесе оны сақтау ережелерін бұзуы не үшінші бір тұлғалардың іс-әрекеті немесе еңсерілмейтін күштің салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға міндетті.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, тұтынушының талаптарын орындау мерзімін өткізіп алғаны үшін осындай бұзушылықтарға жол берген сатушы (дайындаушы) тұтынушыға мерзімі өткізіп алынған әрбір күн үшін тауар (жұмыс) құнының бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді.
7. Тұтынушыға тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтарып беру кезінде сатушы (дайындаушы) одан тауарды толық немесе ішінара пайдаланғандықтан, оның тауарлық түрін жоғалтуынан немесе басқа да осы сияқты мән-жайлардан тауардың құны төмендеген соманы ұстап қалуға құқылы емес.
Кемшіліктері бар тауарды дәл сондай маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстырған кезде бағасын қайта есептеу жүргізілмейді.
Шартты бұзған кезде тұтынушымен есеп айырысу тауардың бағасы көтерілген жағдайда - оның шартты бұзған кездегі бағасының негізінде, ал бағасы төмендеген жағдайда тауардың сатып алу кезіндегі бағасының негізінде жүргізіледі.
Кемшіліктері бар тауарды басқа маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстырған кезде, егер ауыстыруға жататын тауардың бағасы ауыстырылып берілген тауардың бағасынан төмен болса, тұтынушы баға айырмашылығын төлеуге тиіс. Тұтынушы қосымша ақы төлеуден бас тартқан жағдайда тараптар шартты бұзып, тұтынушыға сатып алынған тауарға төленген ақшалай сома қайтарылады. Ауыстыруға жататын тауардың бағасы ауыстырылып берілген тауардың бағасынан жоғары болған жағдайда, баға айырмашылығы тұтынушыға төленеді. Көрсетілген есеп айырысуларда ауыстыруға жататын тауардың бағасы көтерілген жағдайда - оның талап қойылған кездегі бағасы, ал бағасы төмендеген жағдайда сатып алу кезіндегі бағасы қолданылады.
8. Сатушы (дайындаушы) тұтынушыға тиісті емес сападағы тауарды жеткізуге және (немесе) қайтарып беруге байланысты шығыстарды өтеуге міндетті.
9. Сатып алынатын тауарға ақы төлеу нысаны тұтынушы мен сатушы (дайындаушы) арасындағы келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен айқындалады.
31-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтеу жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) құрастыру, рецептілік немесе өзге де кемшіліктер салдарынан не тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы толық емес, дұрыс емес немесе уақтылы берілмеген ақпарат салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды толық көлемде өтеуге міндетті, сондай-ақ талап берілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде тұтынушыға зиянды өтеу туралы жауап беруге не тұтынушының талаптарын қанағаттандыру үшін тиісті шаралар қолдануға тиіс.
Оның кінәсіне және тұтынушының онымен шарттық қатынастарда болғандығына немесе болмағандығына қарамастан, келтірілген зиян сатушының (дайындаушының, орындаушының) өтеуіне жатады.
2. Тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшілік фактісі расталған жағдайда сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауарға (жұмысқа, көрсетілген қызметке) сараптама жүргізумен байланысты тұтынушыға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне, қауымдастықтарға (одақтарға) келтірілген шығыстарды толық көлемде өтеуге міндетті.
3. Тауардағы кемшіліктерден және тауардың қауіпсіздік нормаларының бұзылуынан туындаған зиян, егер ол тауардың белгіленген жарамдылық мерзімі (қызмет ету мерзімі) ішінде келтірілген болса - өтелуге, ал егер жарамдылық мерзімі (қызмет ету мерзімі) белгіленбесе - тауар өндірілген күннен бастап он жыл ішінде өтелуге тиіс.
Тауардағы кемшіліктер салдарынан келтірілген зиянды тұтынушының таңдауы бойынша тауарды сатушы немесе дайындаушы өтеуге тиіс.
Жұмыстағы немесе көрсетілген қызметтегі кемшіліктер салдарынан келтірілген зиянды олардың орындаушысы өтеуге тиіс.
4. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) зиянның үшінші тұлғалардың әрекеттері не еңсерілмейтін күш немесе тұтынушының тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) пайдаланудың, сақтаудың белгіленген ережелерін бұзуы салдарынан келтірілгеніне дәлелдер ұсынған кезде жауапкершіліктен босатылады.
32-бап. Дайындаушының (орындаушының) тауардың жарамдылық мерзімін, сақтау мерзімін және қызмет ету мерзімін белгілеу жөніндегі міндеттері
1. Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес дайындаушы тұтынушылық қасиеттері уақыт өте келе нашарлауы мүмкін тауарлардың жарамдылық мерзімін және (немесе) сақтау мерзімін белгілеуге міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы) жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі белгіленген тауарларды тұтынушыға оларды жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі өткенге дейін мақсатына сай пайдалана алатындай етіп беруге міндетті.
3. Тауардың жарамдылық мерзімі тауар әзірленген кезден бастап есептеледі. Егер әзірлеу кезі мен пайдалануға дайын болу кезі сәйкес келмесе, тауардың жарамдылық мерзімі пайдалануға дайын болу кезінен бастап қолданыла бастайды, ол жөнінде тұтынушы хабардар етілуге тиіс. Белгіленген жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі өткеннен кейін тауарды, сондай-ақ жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі белгіленуге тиіс, бірақ олар белгіленбеген тауарды өткізуге тыйым салынады.
4. Белгіленген мерзімінен тыс пайдаланылуы тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіпті болып табылатын тауарлардың қызмет ету мерзімі белгіленеді.
33-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) иелігінде бақылау-кассалық машинаның және омырау карточкасының болуы міндеттері
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) бақылау-кассалық машинаны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда қолдануға міндетті.
Сатушы (дайындаушы, орындаушы) бақылау-кассалық машиналар орналастырылған жерде тұтынушының бақылау (тауарлық) чегін алу қажеттігі және бақылау-кассалық машиналарын қолдану тәртібі бұзылған жағдайда оның мемлекеттік кіріс органына жүгіну құқығы туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастырады.
2. Сатушы тауарды сату (жұмысты орындау жөніндегі, қызмет көрсету жөніндегі) жөніндегі қызметті тікелей жүзеге асыратын жеке тұлғада оның тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) жазылған және фотосуреті бар омырау карточкасының (бейджінің) болуын қамтамасыз етеді.
5-тарау. жұмысты орындау (қызмет көрсету)
34-бап. Жұмысты орындау (қызмет көрсету) мерзімдері
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, орындаушы жұмысты орындау (қызмет көрсету) туралы шартта белгіленген мерзімде жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) міндетті.
2. Шартта жұмысты орындаудың (қызмет көрсетудің) бастапқы және түпкілікті мерзімдері, сондай-ақ жұмыстың жекелеген кезеңдерінің аяқталу мерзімдері (аралық мерзімдер) айқындалуы мүмкін.
Егер жұмыс (көрсетілетін қызмет) шарттың қолданылуы мерзімі ішінде бөліп орындалатын (көрсетілетін) болса (мерзімді басылымды жеткізу, техникалық қызмет көрсету), жұмысты орындаудың (қызмет көрсетудің) аралық мерзімдері көзделуге тиіс.
3. Жұмысты орындаудың (қызмет көрсетудің) шартта көрсетілген бастапқы, түпкілікті және (немесе) аралық мерзімдері тараптардың келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін.
4. Егер орындаушы жұмысты орындау (қызмет көрсету) мерзімдерін - жұмысты орындауды (қызмет көрсетуді) бастау және (немесе) аяқтау мерзімдерін және жұмысты орындаудың (қызмет көрсетудің) аралық мерзімдерін бұзса, оны мерзімінде аяқтау анық мүмкін болмаса, онда тұтынушы шарттан бас тартуға және залалдарды өтеуді талап етуге құқылы.
Егер жұмысты орындау кезінде оның тиісті дәрежеде орындалмайтыны айқын болса, тұтынушы кемшіліктерді жою үшін орындаушыға жаңа мерзім тағайындауға және осы талапты белгіленген мерзімде орындаушы орындамаған кезде шарттан бас тартуға не жұмысты орындауды орындаушы есебінен үшінші тұлғаға тапсыруға, сондай-ақ залалды өтеуді талап етуге құқылы.
Егер орындаушы жұмысты орындау (қызмет көрсету) мерзімдерін өткізіп алу еңсерілмейтін күш салдарынан немесе тұтынушының кінәсінен болғанын дәлелдесе, тұтынушының осы тармақта белгіленген талаптары қанағаттандырылуға жатпайды.
5. Орындаушы жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) кірісуге және оны аяқтауға тиісті, тұтынушының тағайындаған жаңа мерзімдері шартта көрсетіледі.
Тағайындалған жаңа мерзімдер күнтізбелік он күннен астам уақытқа өткізіп алған жағдайда тұтынушы осы баптың 4-тармағында белгіленген өзге де талаптарды қоюға құқылы.
6. Жұмыс (қызмет көрсету) уақтылы орындалмаған жағдайда шартты бұзған кезде орындаушының жұмысты орындау (қызмет көрсету) процесінде өзінің жұмсаған шығындарын өтеуді, сондай-ақ орындалған жұмысқа (көрсетілген қызметке) ақы төлеуді талап етуге құқығы жоқ.
35-бап. Тұтынушының орындалған жұмыстан (көрсетілген қызметтен) кемшіліктер табылған кездегі құқықтары
1. Тұтынушы орындалған жұмыстан (көрсетілген қызметтен) кемшіліктер табылған кезде өз таңдауы бойынша:
1) орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді өтеусіз жоюды;
2) орындалған жұмыс (көрсетілген қызмет) үшін сыйақыны тиісті мөлшерде азайтуды;
3) сапасы дәл сондай біртектес материалдан басқа затты өтеусіз жасап беруді немесе жұмысты қайта орындауды (қайта қызмет көрсетуді);
4) тұтынушылардың кемшіліктерді жою құқығы шартта көзделгенде, оларды жоюға арналған өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы.
2. Егер орындаушы орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса не егер жұмыста (көрсетілетін қызметте) шарт талаптарынан ауытқулар немесе жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) өзге де кемшіліктер айтарлықтай және жойылмайтындай болса, тұтынушы шартты бұзуға және залалды өтеуді талап етуге құқылы.