Осы редакция 2014 жылғы 19 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген
Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің
үлгілік қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі (бұдан әрі - «Білім туралы» Заң) және «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» 2002 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан арнайы білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Арнайы білім беру ұйымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Білім туралы» Заңды, осы Қағидаларды, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
Мемлекет даму мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайларды қамтамасыз етеді.
3. Арнайы білім беру ұйымдарына:
1) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа сәйкес мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім берудің арнайы түзету білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар:
арнайы мектепке дейінгі ұйымдар;
арнайы жалпы білім беру ұйымдары жатады.
Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оңалту жөніндегі білім беру процесінің қызмет бағыттарының нақты міндеттері мен ерекшеліктеріне, сондай-ақ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін іске асырылатын білім беру бағдарламаларының деңгейлеріне байланысты:
есту қабілеті бұзылған (естімейтін, нашар еститін, кейіннен саңырау болып қалған);
көру қабілеті бұзылған (көзі көрмейтін, нашар көретін, кейіннен соқыр болып қалған);
тірек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған;
сөйлеу қабілеті бұзылған;
ақыл-ойы кенжелеп қалған;
психикалық дамуы тежелген;
эмоциялық-еркі жағынан және мінез-құлқы бұзылған;
күрделі бұзылыстары бар, оның ішінде соқыр-саңырау болып қалған балаларға арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдары құрылады;
2) арнайы түзету жеке, топтық және шағын топтық дамытушы, диагностикалық бағдарламаларды іске асыратын ұйымдар:
- психологиялық-медициналық-педагогтік консультация;
- оңалту орталығы;
- психологиялық-педагогтік түзету кабинеті.
Сыныптардың (топтарының) толымдылығы:
1) есту қабілеті бұзылған: естімейтіндер үшін - 8 баладан көп емес, нашар еститіндер мен кейіннен саңырау болып қалғандар үшін - 10 баладан көп емес;
2) көру қабілеті бұзылған: көзі көрмейтіндер үшін - 8 баладан көп емес, нашар көретіндер мен кейіннен соқыр болып қалғандар үшін - 12 баладан көп емес;
3) тірек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылғандар үшін - 12 баладан көп емес;
4) сөйлеу қабілеті бұзылғандар үшін - 12 баладан көп емес;
5) ақыл-ойы кенжелеп қалғандар үшін - 8 баладан көп емес;
6) психикалық дамуы тежелгендер үшін - 12 баладан көп емес;
7) эмоциялық-еркі жағынан және мінез-құлқы бұзылғандар үшін - 6 баладан көп емес;
8) күрделі бұзылыстары бар, оның ішінде соқыр-саңырау болып қалғандар үшін - 6 баладан көп емес.
2. Арнайы білім беру ұйымдарының міндеттері
4. Арнайы білім беру ұйымдары жалпы білім беру ұйымымен негізгі міндеттерді шеше отырып, бір мезгілде жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге, бастапқы және қайталама ауытқуды түзетуге, сақталған талдауыштардың функцияларын дамытуға бағытталған бейіндік функцияларды орындайды:
1) азаматтылықпен отансүйгіштікке, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, ұлттық дәстүрлерді қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға қарсы кез-келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу;
2) балалар мен жасөспірімдердің қоғамда әлеуметтік-еңбектік бейімделуіне, оңалуы мен кірігуіне ықпал ететін өтемдеуіш дағдыларын қалыптастыру;
3) республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттілігін, тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы қарым-қатынасын қалыптастыру;
4) әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ және республиканың өзге де халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік, орыс, шет тілдерін меңгеру;
5) оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу.
3. Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі
Қызметті ұйымдастыру
5. Арнайы білім беру ұйымы дербес заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және өз атауы бар мөрі, ағымдағы шоты және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да шоттары болады.
6. Арнайы жалпы білім беру ұйымдарының білім беру қызметі ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.
7. Арнайы білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды құзыреттілігіне сәйкес білім беруді басқарудың мемлекеттік органдары жоспарлы тәртіппен бес жылда бір рет өткізеді.
8. Арнайы білім беру ұйымдарындағы білім беру қызметін арнайы білімі бар, «Білім туралы» Заңға сәйкес аттестаттаудан өтетін педагогтар жүзеге асырады.
9. Арнайы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері «Білім туралы» Заңмен, жарғымен, Ішкі тәртіп қағидаларымен және қызметтік нұсқаулықтармен айқындалады.
Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру
10. Ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлік бұзылулары бар) балаларға арналған ұйымдарды қоспағанда, арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының негізінде әзірленген оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Арнайы білім беру ұйымында білім беру мазмұны тәрбиеленушілердің психикалық-дене дамуының және жеке мүмкіндіктерінің ерекшеліктеріне байланысты әзірленетін білім беру бағдарламасымен айқындалады.
Даму мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін білім алушылар мен тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктері мен әлеуетті мүмкіндіктерін ескеретін, психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялар ұсынымдарын ескере отырып айқындалатын арнайы білім беру бағдарламалары әзірленеді.
11. Білім беру процесін ұйымдастыру оқу жоспары негізінде жасалады және жылдық күнтізбелік оқу жоспарымен және сабақ кестесімен регламенттеледі.
12. Білім алушы тұлғасының жеке қажеттілігі мен мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беру бағдарламалары арнайы жалпы білім беретін білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқыту, сондай-ақ облыстың жергілікті атқарушы органы берген рұқсатпен экстернат нысанында игерілуі мүмкін.
Білім алудың әртүрлі нысандарына үйлестіруге мүмкіндік беріледі.
13. Арнайы білім беру ұйымдарының педагогтары қажет болған жағдайда, ата-аналарға (заңды өкілдерге) каникул кезінде балаларға арналған түзету сабақтарын ұйымдастыру мәселесі бойынша консультациялар өткізеді.
14. Есту, көру, тірек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған балаларға арналған арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымдарының құрамында ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлік бұзылулары бар) (8 баладан көп емес) және психикалық дамуында бұзылулары бар (12 баладан көп емес)арнайы сыныптар (топтар),арнайы ұйымдардың барлық түрлерінде - кемістік құрылымы күрделі балаларға арналған арнайы сыныптар (6 баладан көп емес)ашылуы мүмкін.
15. Ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлік бұзылыстары бap) балаларға арналған арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінің шешімі бойынша және қажетті жағдайлар болған кезде зияткерлік бұзылыстары бap ақыл-ойы кенжелеп қалған балалар үшін (8 баладан көп емес) арнайы сыныптар ашылуы мүмкін.
16. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдар бойынша факультативтік сабақтар өткізу кезінде сынып екі топқа бөлінеді. Қоғамдық пайдалы өндіріс еңбегін ұйымдастыру кезінде сынып 5-сыныптан бастап оқушылардың еңбекке даярлығы бейіндерін ескере отырып топтарға бөлінеді.
Кәсіби-еңбекке оқыту жөніндегі сабақтар үшін сыныптар бесінші сыныптан бастап, ал ақыл-ойы кенжелеп қалған балалар үшін төртінші сыныптан бастап екі топқа бөлінеді. Топтарды еңбек түрлері бойынша жинақтау білім алушылардың психикалық-дене жағдайы мен мүмкіндіктерін ескере отырып, дәрігердің ұсынымдары негізінде жүзеге асырылады.
17. Арнайы білім беру ұйымындағы сабақ кестесін арнайы білім беру ұйымының әкімшілігі әзірлейді және бекітеді.
Кестеде оқу және жеке түзету сабақтарының күнделікті саны, ұзақтығы мен бірізділігі көрсетіледі.
Сабақтардың ұзақтығы белгіленген норманың ұзақтығына сәйкес болады.
Арнайы білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары сағат 8-ден ерте басталмайды.
18. Арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беретін ұйымдар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес мемлекеттік, орыс және басқа да шет тілдерін оқытумен дамытуды қамтамасыз етеді.
19. Оқу-тәрбие процесі баланың психологиялық-медициналық-педагогикалық және клиникалық зерделеу деректеріне негізделген сараланған және жеке тұрғыдан келу қағидаттарының негізінде жүзеге асырылады. Балалардың сөйлеуінің, назарының, жұмысқа қабілетінің ерекшеліктерін, олардың даму серпінін, білім алушылардың нақты білімдерін, олардың оқу материалын меңгеруінің мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін анықтауды жүйелі зерделеу білім алушының даму перспективасын айқындау және түзеу жұмысының құралдарын таңдау үшін жүргізіледі.
20. Оқу аптасының ұзақтығын тиісті білім беруді басқару органының келісімімен педагогтік кеңес белгілейді және ол жарғыда бекітіледі.
21. Дамуындағы ауытқуларды еңсеру мақсатында арнайы түзету ұйымында топтық және жеке түзету сабақтары жүргізіледі (логопед, олигофренопедагог, тифло және сурдопедагог).
22. Арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары шеңберінде оқуда қиындық көретін білім алушыларға, сол сияқты неғұрлым қабілетті білім алушыларға арналған жеке оқу бағдарламаларын және оқу жоспарларын бекітеді.
23. Арнайы жалпы білім беру ұйымында еңбекке баулу жұмысшы кадрларға қажеттілікке бағдарланған өңірлік, жергілікті жағдайларға қарай және жеке еңбек қызметіне тәрбиеленушіні даярлауды қамтитын еңбек бейінін таңдау негізінде тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) психикалық-дене дамуының жеке ерекшеліктерін, денсаулығын, мүмкіндіктерін, сондай-ақ қызығушылығын ескере отырып жүзеге асырылады.
24. Балаларды арнайы білім беру ұйымдарына жіберу ата-аналардың (заңды өкілдердің) келісімімен ғана және психологиялық-медициналық-педагогтік консультацияның (бұдан әрі - ПМПК) қорытындысы бойынша жүзеге асырылады.
Арнайы мектепке дейінгі және жалпы білім беру ұйымының көмекші сыныбына (тобына) білім алушылар (тәрбиеленушілер) ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен ПМПК қорытындысы негізінде арнайы білім беру ұйымында бір жыл оқығаннан және тәрбиеленгеннен кейін ғана ауыстырылады.
Кемістік құрылымы күрделі тәрбиеленушілерге арналған сыныптар (топтар) арнайы білім беру ұйымында осындай тәрбиеленушілердің білім беру процесі жағдайында психологиялық-медициналық-педагогтік бақылаудың барысында айқындалуына қарай жинақталады.
25. Тәрбиеленушіні арнайы білім беру ұйымынан басқа білім беру ұйымына ауыстыруды білім беруді басқару органдары ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен және ПМПК қорытындысы негізінде жүзеге асырады.
26. Арнайы білім беру ұйымдарында оқу бағдарламаларын игеру кезінде ерекше жетістіктерге қол жеткізген арнайы білім беру ұйымдарының бітірушілеріне үздік білімі туралы құжаттар беріледі.
Көру, есту және тірек-қозғалыс аппараты функцияларының бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы жалпы білім беру ұйымдарының мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан сәтті өткен бітірушілеріне ұйымның мөрі басылған, тиісті білімі туралы мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі.
Ақыл-ойы кенжелеп қалған (зияткерлік ауытқулары бар) балаларға арналған арнайы ұйымның бітірушілері ұйымның осы түрі үшін белгіленген үлгідегі куәлікті алады.
27. Арнайы білім беру ұйымының персоналын жинақтау тәртібі оның жарғысымен және тиісті нормативтік құқықтық актілермен регламенттеледі.
28. Жалпы орта білім берудің, бастауыш, негізгі және орта білім беру деңгейлерінің мұғалімдері, арнайы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшін нормативтік оқу жүктемесі аптасына 18 сағатты, тәрбиешілер үшін - 25 сағатты құрайды. Ағымдағы жылы белгіленген оқу жүктемесінің көлемін әкімшіліктің бастамасы бойынша осы жылдың аяғына дейін азайтуға болмайды.
29. Арнайы білім беру ұйымында медициналық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы ұйымның әкімшілігімен бірлесе отырып, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтауға және олардың психикалық-дене жағдайын нығайтуға, диспансерлеуге, алдын алу іс-шараларын өткізуге жауап беретін және санитариялық-гигиеналық әрі эпидемияға қарсы режимді, дене тәрбиесі мен шынығуды, тамақтандыруды, оның ішінде диеталық тамақтандыруды ұйымдастыруды бақылайтын штаттағы медицина қызметкерлері жүзеге асырады.
30. Медицина қызметкерлері педагогтерге тәрбиеленушілердің денсаулығы мен даму ерекшеліктерін ескере отырып оларға жеке және сараланған тәсілді ұйымдастыруға көмек көрсетеді, медициналық-педагогтік түзеу, еңбекке баулудың бейінін таңдау, кәсіби бағдар беру, жұмысқа орналастыру бойынша, ата-аналарға (заңды өкілдерге) аурудың алдын алу мақсатында үйдегі жағдайда қорғау режимін сақтау қажеттілігі туралы ұсынымдар береді.
31. Арнайы білім беру ұйымдарында дәрі-дәрмектік және физиотерапевтік емдеу, климаттық емдеу және шынығу, емдік дене шынықтыру, массаж бен психотерапия жүргізіледі.
Арнайы білім беру ұйымын басқару
32. Арнайы білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
Алқалық басқару нысандары педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес, әдістемелік кеңес және басқалар болып табылады.
Арнайы білім беру ұйымын тікелей басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген тәртіппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын басшы жүзеге асырады.
33. Арнайы білім беру ұйымының басшысы өз жұмысында «Білім туралы» Заңды және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. Ұйымның кеңестері мен басшы арасындағы өкілеттіліктердің ара-жігін ажырату білім беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
34. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді және:
1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.
35. Арнайы ұйымның басшысы оқу орнының жарғысына сәйкес білім беруді басқарудың уәкілетті органымен келісім бойынша өз орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Оларды тағайындау және босату тәртібі білім беру ұйымының жарғысымен айқындалады.
36. Арнайы білім беру ұйымдары оқу-тәрбие процесін, кадрларды таңдау мен орналастыру, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар шегінде дербес жүзеге асырады.
37. Арнайы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтары, міндеттері, әлеуметтік кепілдіктері мен жеңілдіктері «Білім туралы» Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
Арнайы ұйымның материалдық базасы, қаржыландыру
38. Арнайы білім беру ұйымдарын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
39. Арнайы білім беру ұйымдары жергілікті жағдайларға қарай қосалқы шаруашылық, оқу-тәжірибе учаскесін және оқу-өндірістік шеберханалар құра алады.
Қайта ұйымдастыру және тарату
40. Арнайы білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.