2) іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауынан;
3) егер рақымшылық жасау актiсi жасалған іс-әрекет үшiн жаза қолдануды жойса, соның салдарынан;
4) қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне орай;
5) осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 32-бабының екiншi және үшінші бөлiктерiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жәбірленушінің шағымының болмауынан, сондай-ақ осы Кодекстің 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 32-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша жекеше айыптаушы айыптаудан бас тартқан не коммерциялық немесе өзге де ұйымның немесе уәкілетті органның басшысы адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы арызды кері қайтарып алған кезде;
6) егер жасаған іс-әрекеті үшін қылмыстық жауаптылықтың күшін жоятын заң қолданысқа енгізілген болса не Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі осы қылмыстық іс бойынша қолданылуға жататын, іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы оған байланысты болатын заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп таныған жағдайда;
7) егер адамға қатысты соттың нақ осы айыптау бойынша заңды күшiне енген үкiмi не соттың қылмыстық қудалаудың мүмкiн еместiгiн белгiлейтiн, күшi жойылмаған қаулысы бар болса;
8) егер адамға қатысты қылмыстық қудалау органының нақ осы күдік бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату туралы күшi жойылмаған қаулысы бар болса;
9) iс бойынша іс жүргізу өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, егер қылмыстық заң тыйым салатын іс-әрекеттi есi дұрыс емес күйде жасаған адамға қатысты болса;
10) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары немесе иммунитетi бар адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға уәкiлеттi органның немесе лауазымды адамның келiсiм беруден бас тартуына байланысты;
11) iс бойынша iс жүргiзу қайтыс болған адамды ақтау немесе iстi басқа адамдарға қатысты тергеп-тексеру, сондай-ақ заңсыз жолмен табылған мүлікті, тәркіленуге жататын, келтірілген зиянның өтелуін қамтамасыз ететін ақша қаражатын және өзге де құндылықтарды анықтау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, қайтыс болған адамға қатысты;
12) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң ережелерiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты тоқтатылуға жатады.
2. Іс бойынша іс жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығы дәлелденген кезде де, егер қосымша дәлелдемелер жинау үшiн барлық мүмкiндiктер қолданылса, олардың болуы дәлелденбеген кезде де осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады.
3. Іс бойынша іс жүргізу осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармағында көзделген негіз бойынша және күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының зиян келтiруi құқыққа сыйымды болып табылған не күдікті, айыпталушы немесе сотталушы іс-әрекетті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес оны қылмыстық құқық бұзушылық деп тануды және қылмыстық жауаптылықты жоққа шығаратын мән-жайлар кезінде жасаған жағдайларда тоқтатылады.
4. Егер арыз иесі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсететін адам (қорғалуға құқығы бар куә), күдікті, айыпталушы, сондай-ақ сотталушы немесе оның заңды өкілдері бұған қарсылық бiлдiрсе, қылмыстық істі осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 3), 4) және 11) тармақтарында көрсетiлген негiздер бойынша тоқтатуға жол берiлмейдi. Бұл жағдайда іс бойынша iс жүргiзу жалғастырылады және оған негiздер болған кезде адамды жазадан не қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкiмiн шығару арқылы аяқталады.
Қылмыстық істі осы баптың бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 11) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша тоқтату туралы шешім қабылдау үшін жәбірленушінің келісімі талап етілмейді.
Қылмыстық істі тоқтату сонымен бір мезгілде қылмыстық қудалауды тоқтатуға әкеп соғады.
5. Іс-әрекет жасалған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық жүктеу мүмкін болатын жасқа толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көрсетілген негiз бойынша қабылдануға жатады. Іс-әрекет жасалған кезде заңға сәйкес қылмыстық жауаптылық басталатын жасқа толса да, психикалық дамуы жағынан психикасының бұзылуына байланысты емес артта қалуы салдарынан өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн толық түйсіне алмаған және оларды игере алмаған, кәмелетке толмаған адамға қатысты қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiм де осы негiз бойынша қабылдануға жатады.
6. Қылмыстық қудалау органы қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң кез келген сатысында қылмыстық iстi тоқтату туралы қаулы шығарады.
Прокурор істі басты сот талқылауында қарау басталғанға дейін оны соттан кері қайтарып алуға және осы бапта көзделген негіздер бойынша тоқтатуға да құқылы. Прокурор істі соттан кері қайтарып алғаннан кейін оны тоқтату үшін ол бойынша жаңадан сотқа дейінгі іс жүргізу өткізуге және оны сотқа қайтадан жіберуге жол берілмейді.
7. Мемлекеттiк айыптаушы сотта қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдеуге мiндеттi. Мемлекеттiк айыптаушының айыптаудан бас тарту туралы мәлiмдемесi, егер жекеше айыптаушы айыптауды қолдауын жалғастырса, қылмыстық iстi қарауды жалғастыруға кедергi келтiрмейдi.
8. Сот қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайларды анықтағанда қылмыстық iстi тоқтату туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
9. Қылмыстық қудалау органдары және соттар қылмыстық іс тоқтатылған кезде, адамның әрекеттерінде әкімшілік немесе тәртіптік (сыбайлас жемқорлық) құқық бұзушылық белгілері болған кезде материалдарды әкімшілік немесе тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін он тәулік ішінде уәкілетті органдарға (лауазымды адамдарға) жіберуге міндетті.
36-бап. Қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайлар
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 65-бабының бірінші бөлігінде, 66, 67-баптарында, 68-бабының екінші, үшінші бөліктерінде, 69-бабының бірінші бөлігінде, 83-бабының бірінші, үшінші бөліктерінде, сондай-ақ 441, 442, 444 - 448, 453-баптарының ескертпелерінде көзделген жағдайларда, қылмыстық қудалау органы, сот тиісті мән-жайлар болған кезде өз құзыреті шегінде адамды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, қылмыстық қудалауды тоқтатуға құқылы. Мұндай жағдайларда сот қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкiмiн шығаруға да құқылы.
2. Мемлекеттiк айыптаушы сотта қылмыстық қудалауды жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жайларды анықтағанда айыпталушыны қылмыстық қудалаудан бас тартатынын мәлiмдеуге құқылы. Мемлекеттiк айыптаушы мәлiмдеген қылмыстық қудалаудан бас тарту жекеше айыптаушының қылмыстық iс материалдарын пайдалана отырып, айыпталушыны қылмыстық қудалауды жалғастыруына кедергi келтiрмейдi.
3. Қылмыстық iс тоқтатылғанға дейiн күдіктіге, айыпталушыға iстi тоқтатуға негiз, оның құқықтық салдары және істі осы негiз бойынша тоқтатуға қарсылық бiлдiру құқығы түсiндiрiлуге тиiс.
4. Қылмыстық iстi тоқтату туралы жәбірленуші және (немесе) оның өкілі хабардар етіледі, олар қаулыға осы Кодексте көзделген тәртіппен прокурорға не сотқа шағым жасауға құқылы.
5. Қылмыстық iстi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша тоқтатуға, егер күдікті, айыпталушы немесе жәбірленуші бұған қарсылық бiлдiрсе, жол берiлмейдi. Мұндай жағдайда iс бойынша iс жүргiзу әдеттегi тәртiппен жалғастырылады.
4-тарау. АҚТАУ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ПРОЦЕСТІ ЖҮРГІЗЕТІН ОРГАННЫҢ ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТТЕРІМЕН КЕЛТІРІЛГЕН ЗИЯНДЫ ӨТЕУ
37-бап. Күдікті, айыпталушы, сотталушы ретiнде тартылған адамды ақтау
1. Сот бойынша ақталған адам, сол сияқты өздеріне қатысты қылмыстық iстi осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1), 2), 5), 6), 7) және 8) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтату туралы соттың, қылмыстық қудалау органының қаулысы шығарылған күдікті, айыпталушы, сотталушы ақталуға, яғни олардың құқықтары қалпына келтірілуге тиіс және оның Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берілген құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге болмайды.
2. Сот, қылмыстық қудалау органы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамды ақтау және оған қылмыстық процестi жүргiзетін органның заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу бойынша заңда көзделген барлық шараларды қолдануға тиiс.
38-бап. Қылмыстық процестi жүргiзетiн органның заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеткізуге құқығы бар адамдар
1. Адамға заңсыз ұстап алудың, күзетпен ұстаудың, үйқамақтың, лауазымынан уақытша шеттетудiң, арнаулы медициналық ұйымға орналастырудың, соттаудың, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың салдарынан келтірілген зиян қылмыстық процестi жүргiзетін органның кiнәсi бар-жоғына қарамастан, толық көлемде республикалық бюджеттен өтеледi.
2. Қылмыстық процестi жүргiзетін органның заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеткізуге:
1) осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың;
2) егер осы Кодекстiң 32-бабының төртінші бөлiгiнде көзделген мән-жайлардың жоқтығына қарамастан, қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайлар анықталған кезден бастап сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылмаса, өздеріне қатысты қылмыстық іс осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылуға жататын адамдардың;
3) өздеріне қатысты қылмыстық iс осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3) және 4) тармақтарында көзделген негiздер бойынша тоқтатылуға тиiс, бiрақ қылмыстық қудалауды болғызбайтын мән-жайлар анықталған кезден бастап тоқтатылмаған және мұндай адамдардың қылмыстық iстi тоқтатуға келiскенiне қарамастан, қылмыстық қудалау заңсыз жалғастырылған адамдардың;
4) жасаған іс-әрекетiнiң саралануы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң оны жасағаны үшiн күдік келтiру немесе айыптау кезiнде осы Кодексте ұстап алуға немесе күзетпен ұстауға жол берiлмейтiн неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты көздейтiн бабына өзгертілген не осы бап бойынша неғұрлым жеңiл жаңа жаза тағайындалған немесе үкiмнен айыптау бөлiгi алып тасталған және осыған байланысты жазасы төмендетiлген жағдайларда, сол сияқты соттың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын немесе мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдану туралы заңсыз шешiмiнің күші жойылған жағдайда қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған, ұстап алынған немесе күзетпен ұсталған адамның құқығы бар. Қамаққа алудың немесе бас бостандығынан айырудың нақты өтелген мерзiмi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң кiнәлi адам жасаған іс-әрекет жаңадан сараланған бабында көзделген қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаның ең жоғары мөлшерiнен асатын бөлiгiнде заңсыз өтелген болып есептеледі;
5) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында заңды негiзсiз тиiстi мерзiмiнен артық күзетпен ұсталған, сол сияқты кез келген өзге де процестік мәжбүрлеу шараларына заңсыз ұшыраған адамның құқығы бар.
3. Азамат қайтыс болған жағдайда, зиянды өтеткiзу құқығы белгiленген тәртiппен - оның мұрагерлерiне, ал төленуi тоқтатыла тұрған зейнетақылар мен жәрдемақыларды алу бөлiгiнде - отбасының асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етiлетiн адамдар тобына жататын мүшелерiне ауысады.
4. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында адамның ерiктi түрде өзiне өзi жала жабу жолымен ақиқатты анықтауға кедергi келтiргендiгi және сол арқылы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген салдарлардың басталуына ықпал еткендігі дәлелденсе, оған зиян өтелмеуге тиіс.
5. Осы баптың екiншi бөлiгiнiң 3) тармағында көрсетілген мән-жайлар болмаған кезде осы баптың қағидалары адамға қатысты қолданылған процестік мәжбүрлеу шараларының немесе шығарылған айыптау үкiмiнің күші рақымшылық жасау немесе кешiрiм жасау актiлерiнiң шығуына, ескіру мерзiмдерiнiң өтуiне, қылмыстық жауаптылықты жоятын немесе жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты жойылған немесе олар өзгертiлген жағдайларға қолданылмайды.
6. Өзге мән-жайлар зиянды өтеткізуге негіз болып табылмайды.
39-бап. Зиянды өтеткiзу құқығы және талап қою мерзімдері
1. Қылмыстық процестi жүргiзетін орган адамды толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдай отырып, оның зиянды өтеткізу құқығын тануға тиiс. Ақтау үкiмiнiң немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi тұлғаға табыс етіледі не пошта арқылы жiберiледi. Сонымен бір мезгілде оған зиянның өтелу тәртiбi түсiндiрiлген хабарлама жіберіледі. Залалды өтеткізуге құқығы бар, қайтыс болған адам мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұрғылықты жері туралы мәлiметтер болмаған кезде оларға хабарлама қылмыстық процестi жүргiзетін органға олар өтiнiш жасаған күннен бастап бес тәуліктен кешiктiрiлмей жіберіледі.
2. Осы Кодекстің 38-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген адамдардың мүліктік зиянды толық көлемде өтеткізуге, моральдық зиянның салдарын жойғызуға және еңбек, зейнетақы, тұрғынжай және өзге де құқықтарын қалпына келтіртуге құқығы бар. Соттың үкімі бойынша құрметті, әскери, арнаулы немесе өзге де атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан, сондай-ақ мемлекеттік наградалардан айырылған адамдардың атағы, сыныптық шені, дипломатиялық дәрежесі, біліктілік сыныбы қалпына келтіріліп, мемлекеттік наградалары қайтарып беріледі.
3. Қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеткізу туралы талаптар осы тарауда көзделген тәртіппен құқықтарды қалпына келтіру тәртібі түсіндірілетін хабарлама алынған күннен бастап алты ай ішінде қойылуы мүмкін. Осы мерзім дәлелді себеппен өткізіп алынған жағдайда, оны мүдделі тұлғалардың арызы бойынша сот қалпына келтіруі мүмкін.
40-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу
1. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) олар айырылған жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыларды, өзге де қаражаттар мен табыстарды;
2) соттың үкiмi немесе өзге де шешiмi негiзiнде заңсыз тәркiленген немесе мемлекеттiң кiрiсiне айналдырылған мүлiктi;
3) соттың заңсыз үкiмiн орындау үшiн өндiрiп алынған айыппұлдарды; заңсыз әрекеттерге байланысты адам төлеген сот шығындары мен өзге де сомаларды;
4) заң көмегін көрсету үшiн адам төлеген сомаларды;
5) қылмыстық қудалау салдарынан шегілген өзге де шығыстарды өтеудi қамтиды.
2. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарды күзетпен ұстауға, қамаққа алуды немесе бас бостандығынан айыруды өтеу орындарында ұстауға жұмсалған сомалар, бұл адамдарды қылмыстық қудалауға байланысты сот шығындары, сол сияқты олардың күзетпен ұсталуы, қамаққа алуды немесе бас бостандығынан айыруды өтеуi уақытында қандай да бiр жұмыстарды орындағаны үшiн алған жалақысы қылмыстық процестi жүргiзетін органның заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу төлемiне жататын сомадан шегеріле алмайды.
3. Осы Кодекстiң 38-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адамдар осы Кодекстiң 39-бабының бірінші бөлігінде көрсетiлген құжаттардың көшiрмелерiн зиянды өтеу тәртiбi туралы хабарламамен бiрге алған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы үкiм, қаулы шығарған органға мүлiктiк зиянды өтеу туралы талаппен жүгінуге құқылы. Егер жоғары тұрған сот iстi тоқтатса немесе үкiмдi өзгертсе, зиянды өтеу туралы талап үкiмдi шығарған сотқа жіберіледі. Кәмелетке толмаған адамның атынан зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi мәлімдеуге құқылы.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетілген орган арыз түскен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей, қажет болған жағдайларда қаржылық органдардан және әлеуметтiк қорғау органдарынан есеп-қисап сұрата отырып, зиянның мөлшерiн айқындайды, содан кейiн инфляцияны ескере отырып, осы зиянды өтеу үшін төлем жүргiзу туралы қаулы шығарады. Егер сот iстi апелляциялық, кассациялық тәртіппен немесе қадағалау тәртiбiмен қарау кезiнде тоқтатса, істі бiрiншi сатыда қараған соттың судьясы көрсетiлген әрекеттердi сот талқылауын өткізбестен жеке-дара жүргiзедi.
Қаулыда: мүліктік зиянды өтеу негіздері; оның ақшалай мәндегі есеп-қисабы мен мөлшері; ақталған адамға қайтарылуға жататын мүлік; төлем жүргізуге немесе мүлікті қайтаруға міндетті орган; төлем жүргізу үшін қаулыны ұсынудың мерзімдері, қаулыға шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдері көрсетілуге тиіс.
5. Органның зиянды өтеу туралы мәселе жөніндегі қаулысына осы Кодекстiң тиісінше 105 және 106-баптарында көзделген тәртiппен прокурорға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін. Соттың қаулысына осы Кодексте көзделген тәртiппен жоғары тұрған сотқа шағым жасалуы мүмкін.
6. Заңды күшіне енгеннен кейін қаулының елтаңбалы мөрмен расталған көшiрмесi төлем жүргiзуге мiндеттi органдарға ұсыну үшiн адамға табыс етіледі немесе жіберіледі. Төлем тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Қылмыстық қудалау органының немесе соттың мүліктік зиянды өтеу үшін төлем жүргізу туралы қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап - үш жыл ішінде төлеуге ұсынылуы, ал осы Кодекстің 41-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген өзге де құқықтарды қалпына келтіру туралы қаулы - алты ай ішінде ұсынылуы мүмкін.
7. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын органдардың заңсыз әрекеттерімен заңды тұлғаларға келтірілген зиянды өтеу туралы талап осы бапта көзделген тәртіппен қаралады және мемлекет зиянды белгіленген көлемде өтейді.
41-бап. Моральдық зиянның салдарын жою
1. Қылмыстық процестi жүргiзетін, адамды ақтау туралы шешiм қабылдаған орган келтiрілген зиян үшiн одан ресми түрде кешiрiм сұрауға мiндеттi.
2. Келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай мәнде өтемақы туралы талаптар азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қойылады.
3. Егер адам заңсыз қылмыстық қудалауға ұшырап, ал қылмыстық қудалау, ұстап алу, күзетпен ұстау, лауазымынан уақытша шеттету, медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, соттау және оған қатысты қолданылып, кейiннен заңсыз деп танылған басқа да әрекеттер туралы мәлiметтер баспасөзде жарияланса, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылса, онда осы адамның талап етуi бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда, оның туыстарының немесе оның құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған, қылмыстық процестi жүргiзетін органның талап етуi бойынша тиiстi бұқаралық ақпарат құралдары бiр айдың iшiнде бұл туралы қажеттi хабар жасауға мiндеттi.
4. Қылмыстық процестi жүргiзетін орган осы Кодекстiң 38-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген адамдардың талап етуi бойынша он төрт күндік мерзiм iшiнде олардың жұмыс iстейтiн, оқитын, тұрғылықты жерi бойынша заңсыз шешiмдердiң күшi жойылғаны туралы жазбаша хабарлама жіберуге мiндеттi.
42-бап. Құқықтарды талап қою тәртiбiмен қалпына келтiру
Егер зиянды өтеу туралы талапты осы тарауда көзделген тәртіппен беруге арналған алты айлық мерзім өткізіп алынса, адам азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа жүгінуге құқылы.
5-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
43-бап. Қылмыстық iстердi бiрiктiру
1. Бiр немесе бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылықты сыбайласып жасаған бірнеше адамға қатысты қылмыстық iстер, бiрнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға қатысты істер, сондай-ақ осы қылмыстарды күнi бұрын уәде бермей жасырғандығы немесе олар туралы айтпағандығы үшін күдік келтірілетін, айыпталатын адамға қатысты істер бiр iс жүргiзуге бiрiктiрілуi мүмкiн.
2. Күдікті анықталмаған, бірақ бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты бір адам немесе адамдар тобы жасады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған жағдайларда да қылмыстық істерді біріктіруге жол беріледі.
3. Қылмыстық істердi бiрiктiру қылмыстық процестi жүргiзетін органның қаулысы негiзiнде жүргізіледі. Қылмыстық қудалау органы шығарған қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға және қорғаушы тарапқа жіберіледі.
4. Мыналар:
1) әртүрлі адамдарға қатысты бірдей күдіктенулер, айыптаулар;
2) жекеше айыптау ісі қаралып жатқан жағдайлардан басқа, бір-біріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айып тағылған адамдарға қатысты күдіктенулер, айыптаулар;
3) біреуі бойынша қылмыстық қудалау - жекеше тәртіппен, ал екіншісі бойынша - жариялы тәртіппен жүзеге асырылатын істер;
4) бірге қаралуы істі объективті қарауға кедергі келтіруі мүмкін барлық басқа да күдіктенулер, айыптаулар бір іс жүргізуге біріктірілмеуге тиіс.
5. Бiрнеше iс бiрiктiрiлген iс бойынша iс жүргiзу мерзiмi уақыты бойынша бiрiншi қылмыстық iс жүргізу басталған күннен бастап есептеледi. Егер бiрiктiрiлген iстердiң бiреуi бойынша бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау не үйқамақ қолданылса, тергеу мерзiмi көрсетілген бұлтартпау шаралары қолданылған істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған күннен бастап есептеледi.
6. Қылмыстық процеске қатысушылардың құқығы адамдарға өздеріне қатысты бiрiктiрiлген iстер бойынша ғана тиесiлi болады.
44-бап. Қылмыстық iстi бөлектеп алу
1. Сот, қылмыстық қудалау органы қылмыстық iстен:
1) мемлекеттiк құпияларды қорғауға байланысты жабық сот талқылауы үшiн негiздер өздеріне қатысты болатын, бiрақ басқа күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты емес жекелеген күдіктілерге немесе айыпталушыларға;
2) ересектермен бiрге қылмыстық жауаптылыққа тартылған кәмелетке толмаған күдіктіге немесе айыпталушыға;
3) қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жататын жекелеген анықталмаған адамдарға қатысты, сондай-ақ осы Кодекстің 45-бабында көзделген басқа да жағдайларда;
4) прокурор процестік келісім жасасқан күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты басқа қылмыстық iстi жеке іс жүргiзуге бөлектеп алуға құқылы.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе күзетпен ұстау мерзiмдерi аяқталып келе жатқан көп эпизодты қылмыстық iстi тергеп-тексеру жағдайында тергеушi, анықтаушы, анықтау органы күдіктену бөлiгiнде тергеп-тексеру жан-жақты, толық және объективті жүргiзiлді деп тани отырып, iстiң бiр бөлiгiн, егер бұл iстiң қалған бөлiгiн тергеп-тексеруге және қарауға кедергi келтірмесе, сотқа жіберу үшiн жеке iс жүргiзуге бөлектеп алуға құқылы.
3. Егер қылмыстық iс бойынша тергелетін iске байланысты емес қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi бар әрекеттер туралы мәлiметтер алынса, олар туралы барлық материалдар осы Кодексте көзделген тәртiппен сотқа дейінгі жаңа тергеп-тексеру бастау үшiн дереу бөлектеп алынуға тиiс.
4. Қылмыстық iстердi бөлектеп алуға, егер бұл мән-жайларды зерттеу мен істі шешудiң жан-жақтылығына, толықтығына және объективтілігіне әсер етпесе, жол беріледі.
5. Iстi бөлектеп алу қылмыстық процестi жүргiзетін органның қаулысы негiзiнде жүзеге асырылады. Қылмыстық қудалау органы шығарған қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жіберіледі. Қаулыға төлнұсқалар немесе көшiрмелер түрінде бөлектеп алынатын материалдардың тiзбесi қоса берілуге тиiс.
6. Бөлектеп алынған iс бойынша iс жүргiзудiң мерзiмi қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз, хабар жаңа қылмыстық құқық бұзушылық бойынша, Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелген күннен бастап есептеледi. Қалған жағдайларда мерзiм негiзгi қылмыстық iс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап есептеледi.