529-бап. Адамды қылмыстық жауапқа тарту немесе үкiмдi орындау үшiн ұстап беру туралы талапты жiберу
1. Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарында көзделген жағдайда және тәртiпте Қазақстан Республикасының Бас прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор шетел мемлекетінiң құзыреттi мекемесiне Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын қылмыс жасаған адамды, егер осы адамға қатысты айыптау үкімі немесе оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығарылса, оны ұстап беру туралы талаппен шетел мемлекетiнiң тиiстi мекемесiне өтiнiш жасайды.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және заңдарында көзделген жағдайда және тәртiпте қылмыстық iс жүргiзушi орган Қазақстан Республикасының аумағында қылмыс жасап, оның аумағынан кетiп қалған адамды ұстап беру туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға өтiнiш жасап, оған қажеттi құжаттарды қоса тiркейдi.
3. Беру туралы талапта:
1) қылмыстық iстi жүргiзiп жатқан органның атауы;
2) сотталушының (айыпталушының) тегi, аты, туған жылы, азаматтығы туралы деректер, сыртқы бет-пiшiн сипаттамасы, фотосуретi;
3) осы қылмыс үшiн жауаптылықты көздейтiн заңның мәтiнiн келтiрiп, жазаны мiндеттi түрде көрсете отырып, жасалған қылмыстың iс жүзіндегі мән-жайларының баяндалуы;
4) заңды күшiне енген үкiмнiң, не тиiстi құжаттардың куәландырылған көшiрмелерiн қоса тiркей отырып, айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулының шығарылған жерi мен уақыты туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
4. Ұстап беру туралы өтiнiшке: айып тағу туралы қаулының көшiрмесi, қамауға алу туралы қаулының көшiрмесi, ұстап берiлуге тиiстi адамның азаматтығын растайтын құжаттар, тиiстi прокурордың ұстап беру туралы өтiнiшiнiң заңдылығы мен негiздiлiгi туралы қорытындысы қоса тiркелуге тиiс.
530-бап. Берiлген адамның қылмыстық жауаптылық шектерi
1. Шетел мемлекетi ұстап берген адам беруге қатысы жоқ өзге қылмысы үшiн қылмыстық жауапқа тартылмайды, жазаланбайды, сондай-ақ оны ұстап берген мемлекеттiң келісімiнсiз үшiншi бiр мемлекетке берiлмейдi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң ережесi адамның ол ұстап берiлген соң қылмыс жасаған жағдайларға қолданылмайды.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 531-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
531-бап. Шетел мемлекетiнiң азаматын ұстап беру туралы талапты атқару
1. Қылмыс жасады деп айыпталушы немесе шетел мемлекетiнiң аумағында сотталған шетел мемлекетiнiң азаматын ұстап беру туралы талапты Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе уәкiлеттi прокурор қарайды, оның нұсқаулары ұстап берудi орындау үшiн негiз болып табылады. Адамды ұстап беру туралы бiрнеше мемлекеттiң талаптары болған ретте адамның қандай мемлекетке ұстап берiлуге жататындығы туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қабылдайды.
2. Ұстап берудiң шарты мен тәртібі осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының шетел мемлекетiмен жасасқан халықаралық шартымен айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында басқа қылмысы үшiн жазасын өтеп жүрген мемлекетiнiң азаматына қатысты ұстап беру туралы өтiнiш келiп түскен жағдайда ұстап беру мерзiм жазасын өтегенге дейiн немесе кез келген заңды негiз бойынша жазасынан босатылғанға дейiн ұзартылуы мүмкiн. Шетел мемлекетiнiң азаматы қылмыстық жауапқа тартылған жағдайда, оны ұстап беру мерзiмi үкiм шығарылғанға дейiн, жазасын өткерген немесе кез келген негiз бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылғанға немесе жазадан босатылғанға дейiн ұзартылуы мүмкiн. Егер ұстап берудiң мерзiмiн ұзарту қылмыстық iзге түсу мерзiмi өтуiне алып баратын немесе қылмысты тексеруге залал келтiруi мүмкiн болса, ұстап беру өтiнiшi бойынша талап етiлетiн адам тараптардың келісімiмен айқындалатын белгiлi бiр уақытқа берiлуi мүмкiн.
4. Белгiлi бiр уақытқа берiлген адам өзi берiлген қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу әрекеттерi жүргiзiлген соң, бiрақ адамды берген уақытынан бастап үш айдан кешiктiрiлмей қайтарылуы тиiс. Өзара уағдаластық бойынша бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ сот кескен жазасының мерзiмiнен немесе Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмысы үшiн заңға сәйкес кесiлуi мүмкiн мерзiмнен аспайды.
5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе уәкiлеттi прокурордың ұстап беру туралы қаулысын алғаннан кейiн қамауда ұстау орнының әкiмшiлiгi ұстап берiлетiн адамның ол ұстап берiлген мемлекеттiң органына айдап жөнелтiлуi мен берiлуiн отыз тәулiк iшiнде ұйымдастыруға және орындалғаны туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарлауға мiндеттi.
6. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе уәкілетті прокурордың шет мемлекеттің азаматын ұстап беру туралы талапты қарау нәтижелері туралы оны ұстап беру туралы өтініш келіп түскен адамға хабарланады, сондай-ақ оған қабылданған шешімге сотқа шағымдану құқығы түсіндіріледі.
Ұстап беру туралы қаулы өзіне қатысты қаулы қабылданған адамға хабарланған кезден бастап он тәулік өткен соң заңды күшіне енеді. Қаулыға шағым берілген жағдайда ұстап беру сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін жүргізілмейді.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 531-1-баппен толықтырылды
531-1-бап. Адамды ұстап беру туралы шешімге шағымдану
1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе уәкілетті прокурордың ұстап беру туралы қаулысына өзіне қатысты осы шешім қабылданған адам немесе оның қорғаушысы хабарлама алған кезден бастап он тәуліктің ішінде адамның орналасқан жеріндегі аудандық және оған теңестірілген сотқа шағым бере алады.
2. Оған қатысты ұстап беру туралы шешім қабылданған адамды қамауда ұстау орнының әкiмшiлiгi сотқа жолданған шағымды алған соң жиырма төрт сағаттың ішінде оны тиісті сотқа жібереді және бұл туралы прокурорға хабарлайды.
3. Прокурор ұстап беру туралы қаулыға шағымдану туралы хабарлама келіп түскен кезден бастап он тәуліктің ішінде сотқа өзі қабылдаған шешімнің заңдылығы мен негізділігін растайтын материалдарды жібереді.
4. Адамды ұстап беру туралы шешімнің заңдылығы мен негізділігін тексеруді сот шағымды алған күннен бастап бір ай ішінде прокурордың, оған қатысты ұстап беру туралы шешім қабылданған адамның және, егер ол қылмыстық іске қатысса, оның қорғаушысының қатысуымен ашық сот отырысында жүргізеді.
5. Отырысты бастар алдында төрағалық етуші қандай шағым қарауға жататынын жариялайды, қатысушыларға олардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершіліктерін түсіндіреді. Содан кейін өтініш беруші және (немесе) егер қылмыстық іске қатысса, оның қорғаушысы шағымды негіздейді, содан кейін сөз прокурорға беріледі.
6. Сотта қарау барысында сот осы адамды ұстап беру туралы шешімнің Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарына сәйкестігін тексерумен шектеліп, шағым жасаған адамның кінәлілік мәселелерін талқыламайды.
7. Тексеру нәтижесінде сот мынадай:
1) адамды ұстап беру туралы шешімді заңсыз немесе негізсіз деп тану және оның күшін жою туралы;
2) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
3) адамды қамауда ұстау мерзімін кемінде бір ай мерзімге ұзарта отырып, осы шешімді қабылдау үшін елеулі маңызы бар мәселелерді қарағанға дейін ұстап беру туралы шешімді тоқтата тұру туралы қаулылардың бірін шығарады.
8. Ұстап беру үшін қамауға алынған адамды босату осы Кодекстің 534-бабында көзделген тәртіппен ұстап беруді заңсыз немесе негізсіз деп тану және оның күшін жою туралы сот қаулысы күшіне енгеннен кейін жүргізіледі.
9. Ұстап беруді заңсыз немесе негізсіз деп тану және оның күшін жою туралы не шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы сот қаулысына ол шығарылған күннен бастап он тәуліктің ішінде облыстық және оған теңестірілген сотқа шағым берілуі немесе наразылық білдірілуі мүмкін.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 532-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
532-бап. Ұстап беруден бас тарту
1. Егер:
1) Қазақстан Республикасы осы адамға саяси баспана берсе;
2) Ұстап беру туралы талапқа негiз болған әрекет Қазақстан Республикасында қылмыс деп танылмайтын болса;
3) ол адамға қатысты дәл сол қылмысы үшiн заңды күшiне енген үкiм шығарылып үлгерсе немесе iс бойынша iс жүргiзу тоқтатылса;
4) Қазақстан Республикасының заңдары бойынша қылмыстық iс қозғалмайтын болса немесе ескіру мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде немесе өзге заңды негiз бойынша үкiмнiң орындалуы мүмкiн болмаса;
5) сұраушы мемлекетте адам қинауды қолдану қаупіне ұшырауы мүмкін деп ұйғаруға негіз болса, ұстап беруге жол берiлмейдi.
2. Егер ұстап беру туралы талап мәлiмденген қылмыс Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегiнен тыс жерде жасалған болса, бiрақ Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған болса ұстап беруден бас тартылуы мүмкiн.
533-бап. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсудi жалғастыру және оларды ұстап беру
1. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсу материалдарын жiберудiң және қылмыстық iзге түсудi жалғастыру туралы немесе қылмыстық iс қозғау туралы өтiнiштердi орындау тәртібі осы Кодекстiң 527, 528-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2. Азаматтығы жоқ адамдарды, үшiншi бiр елдiң азаматтарын ұстап беру тәртібі осы Кодекстiң 529, 530, 531, 532-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 534-бап өзгертілді
534-бап. Әдеттен тыс қамау (ұстап беру үшiн тұтқындау және қамап қою)
1. Шетел мемлекетiнiң құзыреттi органынан тиiстi түрде ресiмделген талапты алу кезiнде және адамды ұстап беру үшiн заңды негiздер болған ретте ол ұсталуы мүмкiн және оған әдеттен тыс қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады. Сұраушы мемлекеттiң өтiнiшi бойынша адам ұстап беру туралы талап алынғанға дейiн де қамалуы мүмкiн. Өтiнiште қамауға алу туралы қаулыға немесе заңды күшiне енген үкiмге сiлтеме болуы және ұстап беру туралы талаптың қосымша табыс етiлетiндiгi айтылуға тиiс. Ұстап беру туралы талап мәлiмделгенге дейiн қамауға алу туралы өтiнiш почта, телеграф, телекс немесе факс бойынша берiлуi мүмкiн. Табыс етілген материалдар зерделеніп, ұсталған адамды іздеу жарияланған адам деп санауға жеткілікті негіздер болғанда және осы Кодекстің 532-бабында жазылған негіздер жоқ болған кезде прокурор аудандық және оған теңестірілген сотқа экстрадициялық қамауға алу туралы өтініш енгізеді. Аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы осы Кодекстің 150-бабында көзделген ережелер мен мерзімдерді сақтай отырып, өтінішті қарайды және мынадай: экстрадициялық қамау туралы; экстрадициялық қамаудан бас тарту туралы қаулылардың бірін шығарады. Судьяның осы қаулысына шағымдану, наразылық білдіру және оны апелляциялық қарау осы Кодекстің 110-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Адам, егер оның басқа мемлекеттiң аумағында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс жасағандығына сезiк келтiретiн заңмен көзделген негiздер болса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген өтiнiшсiз-ақ үш тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұсталуы мүмкiн.
3. Прокурор адамның қамауға алынғаны туралы ұстап беру туралы өтiнiштi, қамау туралы өтiнiштi жiберген немесе жiберуi мүмкiн шетел мемлекетiнiң мекемесiне ұстап беру уақыты мен орнын ұсына отырып, дереу хабарлайды.
4. Егер қырық тәулiк iшiнде ұстап берiлмесе, қамауда отырған адам прокурордың қаулысы бойынша босатылуға тиiс. Осы баптың екiншi бөлiгiне сәйкес тұтқындалған адам оны ұстап беру туралы талап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тұтқындалу мерзiмiнiң iшiнде келiп түспесе, босатылуы тиiс. Қайта қамауға алуға осы баптың бiрiншi бөлiгiне сәйкес ұстап беру туралы жаңа талапты қараған соң ғана жол берiледi.
5. Осы Кодекстiң 531-бабына сәйкес ұсталған адамды әдеттен тыс қамауды сот қырық тәулікке дейiнгi мерзiмге жүзеге асырады.
6. Бұл мерзiмде iздеу жариялаған мемлекеттiң құзыреттi органынан ұстап беру туралы өтiнiш түспеген жағдайда, бiрақ қамауға алу туралы өтiнiш және ұстап беру туралы кейiннен өтiнiш жiберуге кепiлдiк болған ретте, прокурордың өтініші бойынша экстрадициялық қамау мерзімін сот екi айға дейiн ұзартуы мүмкiн, бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарланады.
7. Осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған жағдайлар болған ерекше реттерде облыс прокурорының немесе оған теңестiрiлген прокурордың өтiнiшi бойынша әдеттен тыс қамау мерзiмiн сот үш айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
Ұстап беруі сұралған адамның немесе оның қорғаушысының ұстап беру туралы шешімге шағымдану, оған босқын немесе баспана іздеген адам мәртебесін беру мәселелері бойынша не ұстап беру туралы шешім қабылдау үшін елеулі маңызы бар өзге де мәселелер бойынша шағымы болған жағдайда, прокурордың өтініші бойынша экстрадициялық қамау мерзімін сот он екі айға дейін, бірақ үкімді орындау үшін ұстап беруді сұрап отырған шет мемлекетте адам сотталған мерзімнен артық емес мерзімге ұзартуы мүмкін.
8. Қамауда ұстау орнының әкiмшiлiгi қамалушының қамауда ұстау мерзiмi өткенге дейiн жетi тәулiктен кешiктiрмей бұл жөнiнде прокурорға хабарлауға мiндеттi.
9. Қамалған адамды оны ұстап беру үшiн босату прокурордың қаулысы негiзiнде, соның iшiнде осы бапта аталған мерзiм өткеннен кейiн де, егер бұл мерзiмде адам ұстап берiлмеген болса, жүзеге асырылып, бұл жөнiнде дереу Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарланады.
535-бап. Транзиттiк тасымалдау
1. Шетел мемлекетi мекемесiнiң осы мекемеге үшiншi бiр мемлекеттiң ұстап берген адамын Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттiк тасымалдау жөніндегі өтiнiшi оны ұстап беру туралы талап қаралған тәртiппен қаралады.
2. Транзиттiк тасымалдаудың тәсiлiн тиiстi ведомстволардың келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
536-бап. Заттарды беру
1. Адамды шет мемлекеттiң мекемесiне ұстап беру кезiнде қылмыс жасау құралдары болып табылатын заттар, сондай-ақ қылмыс iзi бар немесе қылмыстық жолмен алынған заттар берiледi. Бұл заттар өтiнiш бойынша және адамды ұстап беру оның қайтыс болуы салдарынан немесе басқа себептер бойынша iске аспаған жағдайда берiледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген заттар басқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн қажет болса, белгiлi бiр уақытқа кiдiртiлуi мүмкiн.
3. Үшiншi адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшiн осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған заттарды беру шетел мемлекетi мекемесiнiң iс бойынша iс жүргiзудi аяқтаған соң заттарды қайтару туралы кепiлдiктерi болған ретте ғана жүргiзiледi.
56-тарау. Жазасын өзі азаматы болып табылатын
мемлекетте өтеу үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамды беру
537-бап. Жазасын өзi азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамды беру негiздерi
Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамды жазасын өзi азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшiн беруге, нақ сол сияқты шетел мемлекетiнiң соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматын жазасын Қазақстан Республикасында өтеу үшiн беру Қазақстан Республикасының тиiстi шетел мемлекетiмен халықаралық шарты не Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының шетел мемлекетiнiң құзыреттi органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара шарттағы жазбаша келісімi негiз болып табылады.
538-бап. Өзi азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн сотталушыны берудiң шарттары мен тәртібі
1. Өзi азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн Қазақстан Республикасында сотталған адамды беруге сотталушының, оның заңды өкiлiнiң немесе жақын туған-туыстарының өтiнiшi бойынша, сондай-ақ сотталушының келісімiмен тиiстi мемлекеттiң құзыреттi органының өтiнуi бойынша оның бас бостандығын айыру туралы жазасын өтеуiне дейiн жол берiледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамды беру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының шешiмi бойынша үкiм заңды күшiне енген соң ғана жүзеге асырылуы мүмкiн, олар үкiм шығарған сотқа осы адамның берiлгенiн хабарлайды.
539-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталушыны жазасын өтеу үшiн беруден шет мемлекетке бас тарту
Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамды ол азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн беруден, егер:
1) адам сол үшiн сотталған әрекеттерiнiң бiрде бiрi сотталушы азаматы болып табылатын мемлекеттiң заңдары бойынша қылмыс болып танылмаса;
2) жаза шет мемлекетте ескіру мерзiмiнiң өтуi салдарынан немесе осы мемлекеттiң заңдарында көзделген өзге негiз бойынша орындалмайтындай болса;
3) сотталушыдан немесе шет мемлекеттен азаматтық талап бөлiгiнде үкiмнiң орындалуына кепiлдiк алынбаса;
4) сотталушыны халықаралық шартта көзделген жағдайларда беру туралы келісімге қол жеткiзiлмесе;
5) сотталушының Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болса, бас тартылуы мүмкiн.
540-бап. Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу үшiн қабылдау туралы өтiнiштi қарау
1. Шет мемлекеттiң соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматы, оның заңды өкiлi немесе жақын туған-туыстары, сондай-ақ шет мемлекеттiң құзыреттi органдары сотталушының келісімiмен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына сотталушының жазасын Қазақстан Республикасында өтеуi туралы өтiнiш жасай алады.
2. Өтiнiш қанағаттандырылған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры шет мемлекет сотының үкімін атқару туралы облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа сотталушының Қазақстан Республикасынан кеткенге дейiнгi тұрақты тұрғылықты жерi бойынша ұсыныс енгiзедi. Сотталушының тұрақты тұрғылықты жерi болмаған кезде ұсыныс Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына енгiзiледi.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 541-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
541-бап. Соттың шет мемлекет сотының үкімін атқаруға байланысты мәселелердi шешу тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынысын судья сот отырысында сотталушыны қатыстырмай үкiмдi атқаруға байланысты мәселелердi шешуге байланысты осы Кодекспен белгiленген тәртiп пен мерзiмдерде қарайды.
2. Шет мемлекет сотының үкімін атқару туралы судьяның қаулысында:
1) шет мемлекет сотының атауы, үкiмнiң шығарылған уақыты мен жерi;
2) сотталушының Қазақстан Республикасындағы соңғы тұрғылықты жерi, оның жұмыс орны және сотталғанға дейiнгi айналысқан кәсiбi туралы мәлiметтер;
3) азамат жасағанына кiнәлi деп таныған қылмыстың саралануы және оның қандай қылмыстық заңның негiзiнде сотталғандығы;
4) сотталушының жасаған қылмысы үшiн жауаптылық көздейтiн Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы;
5) жазаның (негiзгi және қосымша) түрi мен мерзiмi, сотталушы Қазақстан Республикасында өтеуi тиiс жазаның басталу және аяқталу мерзiмi; қылмыстық түзеу мекемесiнiң түрi, қуыным бойынша залалды өтеудiң тәртібі көрсетiлуi тиiс.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңы бойынша осы қылмыс үшiн бас бостандығынан айырудың шектi мерзiмi шет мемлекет судьясы тағайындаған үкiм бойынша тағайындалғаннан аз болса, судья осы қылмысты жасағаны үшiн бас бостандығынан айырудың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген ең жоғары мерзiмiн белгiлейдi. Егер бас бостандығынан айыру жаза ретiнде көзделмеген болса, судья Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде белгiленген шекте осы қылмыс үшiн және шет мемлекет сотының үкімі бойынша тағайындалғанға мейлiнше сәйкес келетiн жазаны айқындайды.
4. Егер үкiм екi немесе бiрнеше әрекетке қатысты болса, Қазақстан Республикасында бәрi бiрдей қылмыс деп танылмаса, судья шетел мемлекетi сотының үкімі бойынша қылмыс болып табылатын әрекетке жазаның қай бөлiгi қолданылатындығын айқындайды.
5. Судьяның қаулысы ол шығарылған күннен бастап күшiне енедi және орындалуын қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жiберiледi.
6. Шет мемлекеттiң соты үкiмнiң күшiн жойған немесе өзгерткен жағдайда шет мемлекетте не Қазақстан Республикасында шығарылған рақымшылық ету немесе кешiрiм жасау актiсiн жазасын Қазақстан Республикасында өтеп жүрген адамға қолданылған ретте қайта қаралған үкiмдi орындау, сондай-ақ рақымшылық етудi немесе кешiрiм жасауды қолдану мәселелерi осы баптың ережелерi бойынша шешiледi.
2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 13-бөліммен толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
13-бөлім. Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс жүргізу
57-тарау. Жалпы ережелер
542-бап. Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс жүргізу тәртібi
Сот алқабилердің қатысуымен қарайтын қылмыстық істер бойынша іс жүргізу осы бөлімде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара); 2010.14.06. № 290-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.29.11. № 502-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 543-бап өзгертілді; 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 543-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
543-бап. Алқабилердің қатысуымен соттың қарауына жататын iстер
1. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96 (екінші бөлігінің п) тармағында), 162 (төртінші бөлігінде), 165, 166-1, 167, 171, 233 (төртінші бөлігінде), 235-1 (бесінші бөлігінде), 250 (төртінші бөлігінде), 259 (төртінші бөлігінде), 260 (төртінші бөлігінде), 261 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді, сондай-ақ көрсетілген әрекеттерді есі дұрыс емес күйінде жасаған не оларды жасағаннан кейін жүйке ауруына ұшыраған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы істерді алқабилердің қатысуымен қарайды.
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабында көзделген қылмыстарды жасады деп айыпталған болса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96 (екінші бөлігінің п) тармағында), 162 (төртінші бөлігінде), 165, 166-1, 167, 171, 233 (төртінші бөлігінде), 235-1 (бесінші бөлігінде), 250 (төртінші бөлігінде), 259 (төртінші бөлігінде), 260 (төртінші бөлігінде), 261 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді қоспағанда, жасалғаны үшін қылмыстық заңда өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстың ең болмағанда біреуі кірсе, айыпталушының өз ісінің сотта алқабилердің қатысуымен қаралуына құқығы бар.
3. Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталса, оны соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы, егер сотталушылардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшхатпен жүгінсе, олардың барлығына қатысты қарау осы бөлiмде көзделген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 544-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
544-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилердің қатысуымен сот бір судьяның және он алқабидің құрамында әрекет етеді.
545-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Алқабилердің қатысуымен бүкіл сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушыға, жәбірленушіге, сотталушыға және оның қорғаушысына, сондай-ақ процестің басқа да қатысушыларына осы істі қарауға қатысушы алқабилермен белгілеген тәртіптен тыс араласуға тыйым салынады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 546-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
546-бап. Соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш
1. Осы бөлімде көзделген ережелерге сәйкес, қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асыру айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Тергеуші алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін айыпталушыға істің барлық материалдарын таныстыру кезінде оған соттың оның ісін алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш беру құқығын, сондай-ақ соттың алқабилердің қатысуымен шығарған үкіміне шағым жасау және шағымды қарау ерекшеліктерін қоса, осындай өтінішті қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсіндіруге міндетті.
3. Айыпталушыға алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарлаған және істің барлық материалдарын танысу үшін ұсынған кезде, сондай-ақ келесі кезеңде, оның ішінде сотта істі алдын ала тыңдауда, бірақ соттың басты сот талқылауын тағайындауына дейін оның істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш мәлімдеуге құқығы бар.