2. Телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радиоарналарды телерадио хабарларын таратудың кабельдік және эфирлік-кабельдік желілері арқылы таратуы теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметті жүзеге асыруға берілген лицензия негізінде жүзеге асырылады.
3. Телерадио хабарларын тарату операторларының эфирлік-кабельдік телерадио хабарларын тарату арқылы теле-, радиоарналарды таратуы осы Заңның 15-бабына сәйкес берілген жиіліктер белдеуін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсат болған кезде жүзеге асырылады.
4. Кабельдік телерадио хабарларын тарату операторлары мен міндетті теле-, радиоарналар құқық иелері арасындағы өзара есепке жатқызу негізінде міндетті теле-, радиоарналардың трансляциясын және (немесе) ретрансляциясын кабельдік телерадио хабарларын тарату операторлары жүзеге асырады.
39-бап. Дара спутниктік қабылдау
1. Жеке және заңды тұлғалардың дара спутниктік қабылдауы одан әрі ретрансляциялау құқығынсыз жүзеге асырылады.
2. Телевизиялық сигналдың дара спутниктік қабылдауын қамтамасыз ету үшін «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сәйкестігі растаудан өткен дара спутниктік қабылдау құрылғылары пайдаланылуға тиіс.
40-бап. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесі
1. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесі - бір үй және (немесе) бірнеше үй шегінде теле-, радиоарналарды қабылдауды қамтамасыз ететін техникалық құралдар кешені.
2. Теле-, радиоарналарды ұжымдық қабылдау жүйесін ұйымдастыру жөніндегі коммерциялық мақсаттарды көздейтін қызмет кабельдік телерадио хабарларын таратуға теңестіріледі және теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысу үшін лицензиялануға жатады.
3. Коммерциялық мақсаттарды көздемейтін, бір үй шегіндегі ұжымдық қабылдау жүйесі үйдің меншік иелерінің жазбаша келісімімен ғана орнатыла алады. Коммерциялық мақсаттарды көздемейтін бірнеше үйлер шегінде ұжымдық қабылдау жүйесі, егер осы үйлердің меншік иесі бір жеке немесе заңды тұлға болып табылса, орнатыла алады.
4. Ұжымдық қабылдау жүйелері телерадио хабарларын таратудың басқа операторларының хабар тарату сапасына әсер етпеуге тиіс.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
41-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық
Телерадио хабарларын тарату саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
42-бап. Өтпелі ережелер
1. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін аналогтік эфирлік телерадио хабарларын таратудың жұмыс істеп тұруы қамтамасыз етіледі.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Телерадио хабарларын таратуды техникалық қолдау саласындағы уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша уәкілетті орган цифрлық эфирлiк телерадио хабарларын таратуға толық көшу мерзiмдерiн цифрлық эфирлiк телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейiн кемiнде алты ай бұрын айқындайды. Цифрлық эфирлiк телерадио хабарларын таратуға толық көшу мерзiмдерi туралы ақпарат ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және телерадио хабарларын таратуды техникалық қолдау саласындағы уәкiлеттi органның интернет-ресурсында жарияланады.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін мемлекеттік емес еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды тарату республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшу Қазақстан Республикасында тұратын барлық халықтың цифрлық эфирлік және цифрлық спутниктік телерадио хабарларын тарату арқылы таратылатын теле-, радиоарналарды қабылдау мүмкіндігімен қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылады.
3. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін телевизиялық хабарларды таратуды ұйымдастыру бойынша қызметпен айналысу үшін бұрын берілген лицензиялар және жиіліктер белдеуін, радиожиіліктер (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсаттар қолданылады. Бұл ретте теле-, радиокомпаниялар осы Заңның талаптарына сәйкес цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкеннен кейінгі бір жыл ішінде телеарналарды есепке қоюды жүзеге асыруға міндетті.
4. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшу кезінде әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында аналогтік жиіліктер белдеулері, радиожиіліктер арқылы таратылатын телеарналар аталған жиіліктерді, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) босатады және телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы оларды цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратудың телеарналар топтамасына міндетті түрде тегін қосады. Бұл теле-, радиоарналарды тарату жасалған шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.
5. Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкеннен кейін аналогтік телерадио хабарларын тарату кезінде телеарналарға радиожиілік спектрін пайдалануға берілген рұқсаттар және телевизиялық хабарларды таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензиялар өз күшін тоқтатады.
6. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату арқылы еркін қолжетімді теле-, радиоарналарды трансляциялауды қамтамасыз ету мақсатында теле-, радиохабарлар таратудың ұлттық операторы жиіліктер белдеулерін, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) пайдалануға рұқсатты конкурс өткізілместен алады.
7. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік теле-, радиоарналар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде есепке қоюды жүзеге асырады.
8. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін телерадио хабарларын тарату қызметін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын телерадио хабарларын тарату операторлары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде лиценциясын қайта ресімдеуге міндетті.
9. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға толық көшкенге дейін халықтың әлеуметтік қорғалатын топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен телевизиялық абоненттік жалғамалармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
10. 10-баптың 2-тармағының үшінші абзацы осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі.
43-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы қаңтардың 18-і.
№ 545-IV