86-бап. Тасымалдаушының жүкке қатысты мiндеттерi
1. Тасымалдаушы жүктi тасымалдау үшiн қабылдаған кезден бастап оны берген кезге дейiн тиеудi, тасымалдауды және түсiрудi тиiстi түрде жүзеге асыруға және жүктiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Тасымалдау үшiн қабылданған жүкке оның ерекше қасиеттерiне қарай жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында аталған тиiсiнше назар аударып қарау талап етiлетiн жағдайда, тасымалдаушы жүктiң осындай нұсқауларға сәйкес сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптарды бұза отырып жасалған шарттар жарамсыз болады.
87-бап. Жүк тасымалдаудың мерзiмi мен маршруты
Тасымалдаушы жолаушыны, багаж бен жүктi тараптардың келісімiмен белгiленген мерзiмде және маршрут бойынша апарылатын портқа (пунктке) жеткізуге мiндеттi. Мұндай келісім болмаған жағдайда ақылға қонымды мерзiмде және әдеттегi маршрут бойынша жеткiзiлуге тиiс.
88-бап. Кеменiң белгiленген портқа кіруiне кедергiлер
1. Тасымалдаушыға байланысты емес себептердiң салдарынан кеме баратын портына кiре алмаған жағдайда, тасымалдаушы бұл туралы жөнелтушiге немесе кеменi жалдаушыға не мұндай тұлға тасымалдаушыға белгiлi болса, жүкке билiк жасауға уәкiлеттi тұлғаға дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Жүктi тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген және тасымалдаушы хабарлама жiберген кезден бастап ақылға сыйымды мерзiм iшiнде жүктi не iстеу керек екенi туралы нұсқау түспеген жағдайда, кеме капитанының пiкiрiнше, жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы не жүкке билiк жасауға уәкiлеттi тұлға үшiн неғұрлым тиiмдi болып көрiнуiне қарай, кеме капитаны жүктi ең жақын порттардың бірiнде түсiріп кетуге не жүктi жөнелтiлген портына қайтаруға құқылы.
3. Жүктi тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлмеген және тасымалдаушы хабарлама жiберген кезден бастап үш тәулiк iшiнде жүктi не iстеу керек екенi туралы нұсқау түспеген жағдайда, кеме капитаны жүктi ең жақын порттардың бірiне түсiрiп кетуге және жөнелтушiге немесе кеменi жалдаушыға не жүкке билiк жасайтын уәкiлеттi тұлғаға бұл туралы хабарлауға құқылы. Кеме капитаны өзi алған өкiмдi кемедегi басқа жүктердің иелерiне залал келтiрмей орындай алмайтын болған жағдайда да солай iстеуге құқылы.
4. Тасымалдаушы жөнелтушiнің немесе кеменi жалдаушының не жүкке билiк жасайтын уәкiлеттi тұлғаның өкімін күткен жағдайда, тасымалдаушының осындай күтуге байланысты шығыстарын, сондай-ақ кеменiң нақты жүріп өткен қашықтығына бара-бар мөлшерде жалдау ақысын өтеткiзiп алуға құқығы бар.
89-бап. Тараптардың жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартуы
1. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты тараптарының әрқайсысы екiншi тарапқа зияндарды өтемей, кеме жүк тиеу орнынан кеткенге дейiн:
1) кеменi немесе жүктi басып алу қатерiн төнгiзетiн соғыс қимылдары мен өзге де iс-әрекеттер;
2) жөнелтiлетiн орынның немесе баратын орынның қоршауға алынуы;
3) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының тараптарына байланысты емес себептермен кеменiң кiдiртiлуi;
4) төтенше сипаттағы жағдайлар кезiнде кеменi мемлекеттік қажеттерге тарту;
5) тасымалдануға тиiс жүктi жөнелтiлетiн жерден алып шығуға немесе баратын жерiне жүктi алып кіруге тыйым салынған мән-жайлар туындаған кезде ол шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
Осы тармақтың 3) және 5) тармақшаларында көзделген мән-жайлар, егер кеме қысқа мерзiмге кiдiртiледi деп көзделсе, екiншi тарапқа зияндарды өтемей жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тарту үшiн негiз бола алмайды.
Осы тармақта көзделген мән-жайлар туындаған кезде тасымалдаушы жүктi түсiруге жұмсалған шығыстарды көтермейдi.
2. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты тараптарының әрқайсысы, сондай-ақ рейс кезiнде осы баптың 1-тармағында көзделген кез келген мән-жайлардың бірi туындауы салдарынан, оны орындаудан бас тартуға құқылы. Бұл орайда жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы тасымалдаушыға жүкке жұмсалған барлық шығыстарын, соның iшінде оны түсiруге жұмсалған шығыстарын, сондай-ақ кеме нақты жүрiп өткен қашықтыққа бара-бар мөлшерде жалдау ақысын өтейдi.
90-бап. Тасымалдаушының жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартуы
Тиелген жүктің құны жалдау ақысы мен тасымалдаушының жүк бойынша басқа да шығыстарын жаппайтын, ал жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы кеме жөнелтiлер алдында жалдау ақысын толық енгiзбеген не қосымша қамтамасыз етiп бермеген жағдайда тасымалдаушының кеме рейске шыққанға дейiн жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартуға құқығы бар. Бұл жағдайда жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы тасымалдаушыға толық жалдау ақысының екiден бір бөлiгiн, ал босқа тұрып қалу болған жағдайда - босқа тұрып қалғаны үшiн ақы төлеуге және тасымалдаушының өзге де шығыстарын өтеуге тиiс. Жүктi түсiру жөнелтушiнiң немесе кеменi жалдаушының есебiнен жүзеге асырылады.
91-бап. Жөнелтушiнiң немесе кеменi жалдаушының жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартуы
1. Жүктi тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген жағдайда жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы:
1) егер жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы сталиялық немесе контрсталиялық уақыт бiткенге дейiн бас тартса не кеме рейске шыққанға дейiн аталған жәйттердің қайсысы бұрын туындаса, толық жалдау ақысының екiден бірiн, босқа тұрып қалу болған жағдайда - тасымалдаушы жүк есебiнен жасаған және шығыстар жалдау ақысының сомасына енгiзiлмеген босқа тұрып қалу үшiн төленетiн ақыны;
2) егер жөнелтушiнің немесе кеменi жалдаушының бас тартуы осы тармақтың 1) тармақшасында аталған жәйттердiң бірiнен кейiн болса және жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бір рейске жасалса, толық жалдау ақысын, осы тармақтың 1) тармақшасында аталған басқа да сомаларды;
3) бірiншi рейс үшiн толық жалдау ақысын, осы тармақтың 1) тармақшасында аталған басқа да сомаларды және жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы осы тармақтың 1) тармақшасында аталған жәйттердiң бірiнен кейiн бас тартса және жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бірнеше рейске жасалса, қалған рейстер үшiн жалдау ақысының екiден бірiн төлеген жағдайда, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартуға құқылы.
Жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы кеме рейске шыққанға дейiн жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартқан жағдайда тасымалдаушы, егер жүктi түсiру тiптi кеменi белгiленген мерзiмнен артық кiдiртетiн болса да, жүктi жөнелтушiге немесе кеменi жалдаушыға беруге мiндеттi.
Жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан рейс кезiнде бас тартқан жағдайда, жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес кеме кіруге тиiстi немесе қажеттiлiкке қарай кiрген портта ғана жүктің берiлуiн талап етуге құқылы.
2. Жүктi тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлмеген жағдайда, жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы толық жалдау ақысы, бос тұрып қалғаны үшiн ақы төленген, тасымалдаушының жүк есебiнен жасалған және жалдау ақысы сомасына енгiзiлмеген шығыстары өтелген жағдайда, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартуға құқылы. Тасымалдаушы жөнелтушiнiң немесе кеменi жалдаушының талап етуiмен, егер бұдан тасымалдаушыға және басқа жөнелтушiге немесе кеменi жалдаушыға залал келтiрiлмейтiн болса ғана, жүктi белгiленген портқа жеткiзгенге дейiн беруге мiндеттi.
92-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша мiндеттемелердi орындау мүмкiн болмағандықтан олардың тоқтатылуы
1. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты, егер оны жасағаннан кейiн және кеме жүк тиеу орнынан кеткенге дейiн тараптарға байланысты емес мән-жайлар салдарынан:
1) кеме опат болған немесе күшпен басып алынған;
2) кеме жүзуге жарамсыз деп танылған;
3) жеке-дара анықталған жүк жойылған;
4) жүктi тиеу үшiн жөнелтушi теңiз портына өткiзгеннен кейiн және жөнелтушi тиеу үшiн басқа жүктi тапсырып үлгiрмеген, тектiк белгiлерi анықталған жүк жойылған болса, тараптардың бірi екiншi тарапқа шарттың тоқтатылуы туғызған залалдарды өтеу мiндетiнсiз тоқтатылады.
2. Тасымалдау жөніндегі мiндеттеменi осы баптың 1-тармағында көзделген мән-жайлар бойынша рейс кезiнде орындау мүмкiн болмағандықтан ол тоқтатылған жағдайда, құтқарылған және сақтауға немесе алушыға өткiзiлген жүктiң саны негiзге алына отырып, тасымалдаушыға кеменiң нақты жүзiп өткен қашықтығына бара-бар мөлшерде жалдау ақысы төленедi.
93-бап. Жүктi алуға құқығы бар тұлға
1. Тасымалдануы коносамент негiзiнде жүзеге асырылатын жүктi тасымалдаушы түсiру портында коносаменттiң түпнұсқасын:
1) атаулы коносаменттiң түпнұсқасын - коносаментте аталған алушыға немесе коносамент атаулы өткізу жазбасы бойынша немесе талапты басқаға беру үшiн белгiленген ережелерге сәйкес өзге де нысанда берiлген тұлғаға;
2) ордерлiк коносаменттiң түпнұсқасын - бұйрығына коносамент жасалған тұлғаға, коносаментте өткізу жазбалары болған жағдайда - өткізу жазбаларының үзiлiссiз қатарындағы соңғы аталған тұлғаға немесе соңғы бланкiлiк жазбасы бар коносаменттi ұсынушыға;
3) ұсынушыға арналған коносаменттiң түпнұсқасын - коносаменттi ұсынушыға бередi.
2. Жүк тасымалдау теңiз жүкқұжаты негiзiнде немесе өзге де құжат негiзiнде жүзеге асырылатын жағдайда, тасымалдаушы жүктi осындай құжатта аталған алушыға немесе жөнелтушi көрсеткен алушыға беруге құқылы.
94-бап. Жүктi сақтауға өткізу
1. Жүктi тасымалдау үшiн кеменiң бір бөлiгi берiлген жағдайда, егер түсiру портында алушы жүктi талап етпесе немесе одан бас тартса не жүк белгiленген уақытта түсiрiле алмайтындай етiп оны қабылдауды кешiктiрсе, тасымалдаушы жүкке билiк жасайтын уәкiлеттi тұлғаның есебiнен жүктi сақтауға өткiзіп, бұл туралы жөнелтушiге немесе кеменi жалдаушыға, сондай-ақ алушы тасымалдаушыға белгiлi болса, соған хабарлауға құқылы.
2. Жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген жағдайда, тасымалдаушы жүктi түсiрудi және сақтауға өткізудi, егер сталиялық және контрсталиялық уақыт iшiнде жөнелтушiнің немесе кеменi жалдаушының не жүкке билiк жасайтын уәкiлеттi тұлғаның өзге өкімі түспесе, сталиялық және контрсталиялық уақыт бiткеннен кейiн жүзеге асырады. Тасымалдаушының жүктi сақтауға өткізу үшiн жұмсаған уақыты босқа тұрып қалған уақыт ретiнде қарастырылады.
3. Кеменiң түсiру портына келген күнiнен бастап екi ай iшiнде сақтауға өткiзiлген жүк талап етiлмеген және жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы не жүкке билiк жасайтын уәкiлеттi тұлға тасымалдаушыға жүктi тасымалдағаны үшiн тиесiлi төлемдердi төлемеген жағдайда тасымалдаушы жүктi белгiленген тәртіппен сатуға құқылы. Талап етiлмеген тез бүлiнетiн жүк, сондай-ақ сақтауға кететiн шығыны өз құнынан асып түсетiн жүк аталған мерзiм бiткенге дейiн, бірақ ерте дегенде жүктi жеткізу мерзiмiнде сатылуы мүмкiн.
4. Жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi төлемдер мен жүктi сақтауға және сатуға кеткен шығыстар шегерiлiп, жөнелтушiге немесе кеменi жалдаушыға берiледi.
Жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi төлемдердi және жүктi сақтау мен сатуға кеткен шығыстарды жабу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, тасымалдаушы өзi алмаған соманы жөнелтушiден немесе кеменi жалдаушыдан өндiрiп алуға құқылы.
95-бап. Жүктi алушыға берген кездегi төлемдер. Жүктi ұстап қалу құқығы
1. Алушы өзiне жүк берiлген кезде тасымалдаушы жүк есебiнен шығарған шығыстарды өтеуге, кеменiң жүк түсiру портында босқа тұрып қалғаны үшiн ақы төлеуге, сондай-ақ жалдау ақысын төлеуге және бұл коносаментте немесе негiзге алына отырып жүк тасымалы жүзеге асырылған басқа құжатта көзделсе, кеменiң жүк тиеу портында босқа тұрып қалғаны үшiн төлем енгізуге мiндеттi, жалпы авария жағдайында авариялық жарна енгізуге немесе тиiсiнше қамтамасыз етiп беруге мiндеттi.
2. Тасымалдаушы осы баптың 1-тармағында көзделген сомалар төленгенге немесе қамтамасыз етiп берiлгенге дейiн жүктi ұстап қалуға құқылы.
Алушыға тиесiлi емес қоймаға жүктi сақтауға өткiзген ретте, бұл туралы қойма иесiне дереу хабарлаған жағдайда тасымалдаушы жүктi ұстап қалу құқығын сақтайды.
3. Жүк алушыға берiлгеннен кейiн, егер тек тасымалдаушы өзiне байланысты емес себептер бойынша жүктi ұстап қалу құқығын жүзеге асыра алмай қалғанда болмаса, тасымалдаушы жөнелтушіден немесе кеменi жалдаушыдан алушы төлемеген сомаларды талап ету құқығынан айрылады.
4. Жүктi ұстап қалатын тасымалдаушының талабы жүктiң құны есебiнен, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген көлемде және тәртiппен қанағаттандырылады.
5. Жүктi сатудан түскен сома алушыға осы баптың 1-тармағына сәйкес тасымалдаушыға тиесiлi сома мен жүктi сатуға байланысты шығыстар шегерiле отырып берiледi.
Жүктi сатудан түскен сомалар осы баптың 1-тармағына сәйкес тасымалдаушыға тиесiлi соманы төлеу үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, тасымалдаушы өзi алмаған соманы жөнелтушiден немесе кеменi жалдаушыдан өндiріп алуға құқылы.
96-бап. Жүктi қарап шығу немесе оның жай-күйiн тексеру
Жүк нақты жоғалған немесе жоғалды, кем шықты не зақымданды (бүлiндi) деп жорамалданған жағдайында алушы мен тасымалдаушы бір-бірiне жүктi алушыға бергенге дейiн жүктi қарап шығуға немесе оның жай-күйiне тексеру жүргiзуге мүмкiндiк беруге мiндеттi. Жүктi қарап шығуға немесе жай-күйiн тексеруге жұмсалған шығыстарды қарап шығуды немесе тексерудi талап еткен тарап көтередi. Алушының талап етуi бойынша жүргiзiлген жүктi қарап шығу немесе оның жай-күйiн тексеру нәтижесiнде жауапкершiлiгi тасымалдаушыға жүктелетiн жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) анықталған жағдайда, жүктi қарап шығуға немесе оның жай-күйiн тексеруге жұмсалған шығыстарды тасымалдаушы көтередi.
97-бап. Жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы мәлiмдеме
1. Жүк берiлгенге дейiн немесе оның берiлуi кезiнде алушы жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) туралы тасымалдаушыға жазбаша нысанда мәлiмдеме жасалмаған және жүк жоғалғанының, кем шыққанының немесе зақымданғанының (бүлiнгенiнің) жалпы сипаты көрсетiлмеген жағдайда, жүк өзге дәлелдер болмаған кезде коносамент талаптарына сәйкес алынды деп есептеледi.
2. Жүктiң жоғалғанын, кем шыққанын немесе зақымданғанын (бүлiнгенiн) оны әдеттегi әдiспен қабылдау кезiнде анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, алушы жүк берiлгеннен кейiн үш күн iшiнде тасымалдаушыға мәлiмдеме жасауы мүмкiн.
3. Егер алушы жүктi беру кезiнде тасымалдаушымен бірге жүктi қарап шықса немесе оның жай-күйiн тексерсе, ол осы баптың 1-тармағында аталған мәлiмдеменi жасамауға құқылы.
98-бап. Жүктердi тасымалдау кезіндегі төлемдер
Тасымалдаушыға тиесiлi барлық төлемдердi жөнелтуші немесе кеменi жалдаушы төлейдi. Жөнелтушiнiң немесе кеменi жалдаушының және тасымалдаушының арасындағы келісімде көзделген жағдайларда және бұл туралы деректер коносаментке енгiзiлген кезде төлемдердi алушыға аударуға жол берiледi.
99-бап. Жалдау ақысының мөлшерi
1. Жалдау ақысының мөлшерi тараптардың келісімiмен белгiленедi. Тараптардың келісімi болмаған жағдайда жалдау ақысының мөлшерi жүктi тиеу орнында және жүктi тиеу кезiнде қолданылатын ставкалар негiзге алына отырып есептеп шығарылады.
2. Жүк кемеге жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделгеннен көп мөлшерде тиелген жағдайда жалдау ақысының мөлшерi тиiсiнше ұлғайтылады.
3. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделгеннiң орнына кемеге басқа жүк тиелiп, оның тасымалданғаны үшiн жалдау ақысының мөлшерi жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделгеннен көп болған жағдайда, жалдау ақысы шын мәнiнде тиелген жүктiң тасымалданғаны үшiн төленедi.
4. Шын мәнiнде тиелген жүктiң тасымалданғаны үшiн төленетiн жалдау ақысының мөлшерi жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделген жүктiң тасымалдағаны үшiн төленетiн жалдау ақысынан кем болған жағдайда, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделген жалдау ақысы төленедi.
100-бап. Тасымалдау кезiнде жоғалған жүк үшiн жалдау ақысы
1. Тасымалдау кезiнде жоғалған жүк үшiн жалдау ақысы алынбайды немесе қайтарылуға тиiс. Жоғалған жүк құтқарылған жағдайда, тасымалдаушының кеме жүрiп өткен қашықтыққа бара-бар мөлшерде жалдау ақысын алуға құқығы бар.
Кеменің iс жүзiнде жүрiп өткен қашықтығы үшiн жалдау ақысын есептеу кезiнде жолдың кеме жүк алып өткен бөлiгi мен кеменiң келісілген рейсiнiң бүкiл жолының ұзақтығымен арақатынасы есепке алынады.
2. Жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) табиғи қасиеттерiнiң немесе жөнелтушiге байланысты себептердiң салдарынан болған жүктер үшiн жалдау ақысы толық төленедi.
101-бап. Тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Тасымалдаушы тасымалдау үшiн қабылданған жүктің жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, сондай-ақ жүктi қабылдаған кезден бастап берген кезге дейiн оның жеткiзiлу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн жауапты болады.
2. Егер жүк түсiру портына жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында көзделген, тараптардың келісімiмен белгiленген мерзiмде, мұндай келісім болмаған жағдайда - салыстырмалы мән-жайлар кезінде талап етiлетiн мерзiмде жүк берiлмесе, тасымалдаушы жүктiң жеткiзiлу мерзiмiн өткiзiп алған деп танылады.
3. Тасымалдаушыға жүктің жоғалуына байланысты талап мәлiмдеуге құқығы бар тұлға, егер жүк түсiру портындағы жүктi алуға уәкiлеттi тұлғаға осы баптың 2-тармағында белгiленген жүктi беру мерзiмi бiткеннен кейiн жүк күнтiзбелiк отыз күн iшінде берiлмесе, жүктi жоғалған деп есептей алады.
4. Осы Заңның 105-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тараптардың келiсуiмен тасымалдаушыны жауапкершiлiктен босатуға немесе оның жауапкершiлiгi мөлшерiн шектеуге жол берiлмейдi.
102-бап. Тасымалдаушыны жауапкершiлiктен босату
1. Егер жоғалу, кем шығу, зақымдану (бүлiну) немесе мерзiмiн өткiзiп алу:
1) еңсерілмейтiн күш;
2) теңiздегi және басқа да кеме жүзетiн сулардағы қауiптер немесе кездейсоқтықтар;
3) теңiзде адамдарды немесе мүлiктердi құтқару жөніндегі шаралар;
4) тасымалдаушының кiнәсiнсiз шыққан өрт;
5) мемлекеттік органдардың iс-әрекеттерi немесе өкiмдерi (ұстау, тұтқындау, карантин және басқалар);
6) соғыс қимылдары;
7) жөнелтушiнiң немесе алушының әрекетi (әрекетсiздiгi);
8) жүктiң, оның қасиеттерiнiң байқалмайтын кемшiлiктерi немесе табиғи кемуi;
9) жүктiң ыдыстары мен буып-түйiлуiнiң байқалмайтын кемшiлiктерi;
10) жүктi таңбалаудың жетiспеушiлiгi немесе көмескiлiгi;
11) теңiз портының жұмысын толық немесе iшiнара тоқтатуды не шектеудi туғызған ереуiлдер немесе өзге де мән-жайлар;
12) тасымалдаушының, оның қызметкерлерiнiң немесе агенттерiнiң кiнәсiнсiз туындаған өзге де мән-жайлар салдарынан болғанын дәлелдесе, тасымалдаушы жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн, сондай-ақ оның жеткiзiлу мерзiмiнiң өткiзiп алынғаны үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
2. Жүк баратын портына:
1) жүк қойылатын жарамды жайларда, жөнелтушiнiң пломбалары бұзылмай;
2) жолда ашылған iзi жоқ жарамды ыдыста;
3) жөнелтушiнiң немесе алушының өкiлi бірге келген жағдайда;
4) тасымалдаушының кiнәсi жоқ екенiн дәлелдейтiн өзге де мән-жайлар болған кезде, егер алушы тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) тасымалдаушының кiнәсiнен болғанын дәлелдей алмаса, тасымалдаушы жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн жауапкершiлiктен босатылады.
103-бап. Жүктің жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы жауапкершiлiгінiң мөлшерi
1. Тасымалдаушы жүктi тасымалдау кезiнде келтiрiлген залалды:
1) жүк жоғалған немесе кем шыққан жағдайда - жоғалған немесе кем шыққан жүктiң құны мөлшерiнде;
2) жүк зақымданған (бүлiнген) жағдайда - оның құны төмендеген сома мөлшерiнде, ал зақымданған (бүлiнген) жүктi қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайда - оның құны мөлшерiнде;
3) тасымалдауға бағасы жарияланып өткiзiлген жүк жоғалған жағдайда жүктің жарияланған құны мөлшерiнде өтейдi.
2. Жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) туғызғаны анықталған залалды өтеумен қатар, тасымалдаушы жоғалған, кем шыққан немесе зақымданған (бүлiнген) жүктi тасығаны үшiн өндіріп алынған жалдау ақысын, егер ол жүктің құнына кірмесе, жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) қайтарып бередi.
3. Тасымалдауға өткiзiлген жүктiң құны оның сатушы шотында көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасы негiзге алына отырып, ал шот болмаған немесе шартта бағасы көрсетiлмеген жағдайда - мән-жайлар (жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес жүк түсiрiлген немесе түсiрiлуге тиiс болған жердегi және сол күнгi) салыстырыла отырып, әдетте сондай тауарлардан алынатын баға негiзге алына отырып анықталады.
4. Жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн өтелуге тиiстi сомадан жүк иесi жасауға тиiс болған, бірақ жүктiң жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) салдарынан жасалмаған жүк тасымалына жұмсалған шығыстар (жалдау ақысы, баж және басқалар) шегерiледi.
104-бап. Тасымалдаушының жауапкершiлiгiн шектеу
1. Жүктiң тегi мен түрiн, сондай-ақ құнын жүк тиелгенге дейiн жөнелтушi жарияламаған және коносаментке енгiзiлмеген жағдайда, тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi, қай соманың жоғары екендiгiне қарай, орын үшiн 666,67 есептiк бірлiктен немесе жүк түсiрудiң басқа бірлiгiнен не жоғалған, кем шыққан немесе зақымданған жүк брутто массасының бір килограмы үшiн екi есептiк бірлiктен аспауға тиiс.
2. Тасымалдау үшiн қабылданған жүктің жеткiзiлу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес төленуге тиiс жалдау ақысы мөлшерiнен аспауы керек.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес тасымалдаушы өтеуге тиiс жалпы сома осындай жауапкершілік туындаған жүкке қатысты оның толық жоғалғаны үшiн осы баптың 1-тармағына сәйкес белгiленген жауапкершiлiк шегiнен аспауы керек.
4. Жүктi тасымалдауға контейнер немесе арнаулы құрылғы (тұғырық немесе өзгелерi) пайдаланылатын жағдайда, осындай құрылғымен тасымалданғандар ретiнде орындар саны немесе түсiру бірлiктерi болып коносаментте тiзiп келтiрiлген орындар саны немесе жүк түсiру бірлiктерi есептеледi. Өзге жағдайларда, мұндай құрылғы жүктiң орны немесе бірлiгi болып есептеледi.
5. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының тараптары өздерiнiң келісімiмен осы баптың 1-3-тармақтарында көзделгендерден асып түсетiн жауапкершiлiк шектерiн белгiлей алады.
105-бап. Жауапкершiлiктi шектеу құқығын жоғалту
Егер тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) не оны жеткізу мерзiмiнiң өткiзiп алынғаны тасымалдаушының қасақана немесе өрескел абайсыздықтан жасаған әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) салдарынан болғаны дәлелденсе, оның осы Заңның 104-бабында көзделген жауапкершілiктi шектеуге құқығы жоқ.
106-бап. Нақты тасымалдаушының жауапкершiлiгi
1. Осы тараудың тасымалдаушы жауапкершiлiгi жөнiнде белгiленген ережелерi нақты тасымалдаушының өзi жүзеге асырған жүк тасымалы үшiн жауапкершiлiгiне де қолданылады.
2. Егер жүктi немесе оның бір бөлiгiн тасымалдауды нақты тасымалдаушы жүзеге асырғанның өзiнде де, осы тарауда белгiленген ережелерге сәйкес бүкiл тасымалданған жүк үшін тасымалдаушы жауапты болады.
3. Тасымалдаушы өзiне осы тарауда көзделмеген мiндеттемелердi алғанда немесе осы тарауға сәйкес берiлетiн құқықтардан бас тартқанда негiз болатын келісім, нақты тасымалдаушыға, ол бұған жазбаша нысанда келісім берген жағдайда ғана қолданылады.
4. Тасымалдаушы мен нақты тасымалдаушы жауапты болған жағдайда олардың жауапкершiлiгi ортақ болып табылады.
5. Тасымалдаушының және нақты тасымалдаушының тасымалдау үшiн қабылданған жүктің жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) не оны жеткізу мерзiмiнiң өткiзiп алынғаны үшiн жауапкершiлiгiнiң мөлшерi осы тарауда көзделген шектi жауапкершiлiк мөлшерiнен аспауға тиiс.
107-бап. Жүкті толассыз тасымалдау
1. Тасымалдаушы жүктiң бір бөлiгiн тасымалдауды тасымалдаушы емес, басқа тұлға жүзеге асыруға тиiс екендiгi көзделетiн толассыз коносамент беретiн жағдайда, толассыз коносаментте тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жүк басқа тұлғаның қарауында болып, ол жүктiң бір бөлiгiн тасымалдауды жүзеге асырған кезде орын алған мән-жайлардан туындаған жоғалуы, кем шығуы немесе зақымдануы (бүлiнуi) не оның жеткiзiлу мерзiмiнiң өткiзiп алынуы үшiн тасымалдаушының жауапты болмайтыны көзделуi мүмкiн. Тасымалдау үшiн қабылданған жүктiң жоғалуын, кем шығуын немесе зақымдануын (бүлiнуiн) не оның жеткiзiлу мерзiмiнiң өткiзiп алынуын осындай мән-жайлар туғызғанын дәлелдеу мiндетi тасымалдаушыға жүктеледi.