2. Осы Кодекстің 357-бабының 3-тармағына сәйкес Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын, осы Кодекстің 397-бабының 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда, кері импорттың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар Кеден одағы тауарларының мәртебесіне ие болады.
397-бап. Тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кері импорт кедендік рәсімімен:
1) егер:
бұл тауарлар кері импорт кедендік рәсімімен оларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкету кезінде Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілген күннен кейінгі күннен бастап үш жыл ішінде немесе осы баптың 2-тармағына сәйкес белгіленген өзге де мерзімде орналастырылса;
бұл тауарлар тасудың (тасымалдаудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, өзгеріссіз күйінде болса;
кеден органына осы Кодекстің 398-бабына сәйкес құжаттар ұсынылған болса, экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған не кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын және кері экспорт кедендік рәсіміне сәйкес Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген;
2) егер бұл тауарлар уақытша әкету мерзімі ішінде әкелінсе және тасудың (тасымалдаудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді, сондай-ақ оларды уақытша әкетудің кедендік рәсіміне сәйкес пайдалану кезінде мұндай тауарларға қатысты жол берілетін өзгерістерді қоспағанда, сол күйінде тұрса, уақытша әкету кедендік рәсімімен орналастырылған;
3) егер бұл тауарлар қайта өңдеу мерзімі ішінде әкелінсе және тасудың (тасымалдаудың), сақтаудың және (немесе) пайдаланудың (қолданудың) қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи тозу немесе табиғи кему салдарынан болған өзгерістерді қоспағанда, олар Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген күйінде тұрса, кедендік аумақтан тысқары жерде қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған;
4) егер ақысыз (кепілдік беріп) жөндеу қайта өңдеудің мақсаты болса және оларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен шығару кезінде осы тауарларды ақысыз (кепілдік беріліп) жөндеу себебі болып табылған ақаудың (ақаулардың) болуы ескерілген тауарларды қайта өңдеу өнімдерін қоспағанда, бұл тауарлар қайта өңдеу мерзімі ішінде кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылса, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері болып табылатын, бұрын шығарылған тауарлар орналастырылуы мүмкін.
2. Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты Кеден одағы комиссиясының шешімімен осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мерзімнен асатын мерзімдер белгіленуі мүмкін.
3. Кері импорт кезінде салықтарды өтеу тауарларды кедендік аумақтан әкетумен байланысты осындай салықтардың сомалары төленбесе не қайтарылса, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі.
4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген кедендік рәсімдерге сәйкес тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан әкетілген кедендік рәсімдердің бірінің декларанты болып табылатын тұлға кері импорттың кедендік рәсімінің декларанты болып әрекет етуі мүмкін.
Кеден одағының кеден заңнамасында өзге тұлғаның кері импорт кедендік рәсімінің декларанты болып әрекет етуі мүмкін болатын жағдайлар белгіленуі мүмкін.
5. Тауарлар осы баптың 1-тармағында көрсетілген кедендік рәсімдердің біріне орналастырылған Кеден одағына мүше мемлекетте кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылады.
398-бап. Тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер
1. Тауарларды кері импорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін декларант тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкетудің мән-жайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ, егер тауарлармен мұндай операциялар Кеден одағының кедендік аумағының шегінен тысқары жерлерде жүргізілсе, тауарларды жөндеу жөніндегі операциялар туралы мәліметтерді кеден органына табыс етеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтерді растау үшін декларант тауарларды әкету кезінде қабылданған кедендік декларацияны және оларды әкету кезінде тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасынан өткен күнін растайтын құжаттарды табыс етеді.
399-бап. Кедендік әкету баждары сомаларын қайтару (есепке алу)
Егер көрсетілген тауарлар мұндай тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған күннен кейінгі күннен бастап алты айдан кешіктірілмей кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылса, кері импорт кедендік рәсімімен орналастырылған, осы Кодекстің 397-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты кедендік әкету баждарының төленген сомасы қайтарылады (есепке жатқызылады).
46-тарау. Кері экспорт кедендік рәсімі
400-бап. Кері экспорт кедендік рәсімінің мазмұны
Кері экспорт Кеден одағының кедендік аумағына бұрын әкелінген тауарлар не кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлемей не (немесе) олардың төленген сомасын қайтара отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай осы аумақтан әкетілетін кездегі кедендік рәсім болып табылады.
401-бап. Тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
Кері экспорт кедендік рәсімімен:
1) Кеден одағының кедендік аумағындағы шетелдік тауарлар, оның ішінде тарифтік емес реттеу шараларын бұза отырып әкелінген тауарлар және кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдері;
2) егер ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар сыртқы экономикалық мәміле шарттарының орындалмау себебі бойынша, оның ішінде саны, сапасы, сипаттамасы немесе орамасы бойынша қайтарылса, мына талаптар сақталған жағдайда:
тауарлар кері экспорт кедендік рәсімімен ішкі тұтыну үшін шығарылған күннен кейінгі күннен бастап бір жыл ішінде орналастырылған;
кеден органына осы Кодекстің 403-бабына сәйкес құжаттар табыс етілген;
тауарларды ақауларын анықтау үшін пайдалану қажет болған жағдайларды немесе тауарларды қайтаруға әкеп соққан өзге де жағдайларды қоспағанда, тауарлар Кеден одағының кедендік аумағында пайдаланылмаған және жөнделмеген;
тауарларды кеден органының сәйкестендіруі мүмкін болатын жағдайларда орналастырылуы мүмкін.
402-бап. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды тасымалдау ерекшеліктері
Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан осы Кодекстің 38-тарауына сәйкес әкетіледі.
403-бап. Бұрын ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтер
Бұрын ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін декларант кеден органына:
1) тауарларды Кеден одағының кедендік аумағына әкелудің мән-жайлары туралы (сыртқы экономикалық мәмілелердің жасалуын растайтын құжаттардың негізінде);
2) сыртқы экономикалық мәміле шарттарының орындалмағаны туралы;
3) осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастыру туралы;
4) осы тауарларды ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімімен орналастырғаннан кейін пайдалану туралы мәліметтерді қамтитын құжаттарды табыс етеді.
404-бап. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет декларантта кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеті:
1) Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалған тәртіппен кететін жеріндегі кеден органы растаған шетелдік тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкету кезінде;
2) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағымен белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кему нәтижесінде жойылуды (қайтармсыз жоғалуды) қоспағанда, кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған шетелдік тауарларды Кеден одағының кедендік аумағынан әкетпеу кезінде тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып саналады.
4. Осы баптың 3-тармағымен белгіленген кедендік әкелу баждары, салықтар кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер ескерілмей, шетелдік тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, тауарларды кері экспорт кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
Кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдеріне қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған және олардың шығу нормаларына сәйкес қайта өңдеу өнімдерін дайындау үшін пайдаланылған шетелдік тауарларға қатысты төленуге жататын кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
5. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тоқтатылған кезде осы баптың 3-тармағына сәйкес төленген немесе өндіріп алынған кедендік әкелу баждары, салықтар осы Кодекске сәйкес белгіленген тәртіппен қайтарылуға жатады.
6. Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік әкелу баждары, салықтар төленуге жатпайды.
405-бап. Кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасын қайтару (есепке жатқызу)
Кері экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған және Кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетілген, осы Кодекстің 401-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарларға қатысты осы Кодекстің 17-тарауына сәйкес кедендік әкелу баждарының, салықтардың төленген сомасын қайтару (есепке жатқызу) жүргізіледі.
47-тарау. Бажсыз сауда кедендік рәсімі
406-бап. Бажсыз сауда кедендік рәсімінің мазмұны
Бажсыз сауда, тауарлар Кеден одағының кедендік аумағынан шығып кететін жеке тұлғаларға не шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге, халықаралық ұйымдардың оларға теңестірілген өкілдіктеріне, консулдық мекемелерге, сондай-ақ дипломатиялық агенттерге, консулдық лауазымды адамдарға және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне кедендік баждар, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай бажсыз сауда дүкендерінде бөлшек саудада сатылатын кездегі кедендік рәсім болып табылады.
407-бап. Тауарларды бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен Кеден одағының кедендік аумағына әкелінуге, Кеден одағының кедендік аумағының шегінен тысқары жерлерге әкетілуге тыйым салынған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында айналымға тыйым салынған тауарларды қоспағанда, кез келген тауарлар орналастырылуы мүмкін.
Кеден одағының комиссиясы бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылуға жатпайтын өзге тауарлардың тізілімін жасауы мүмкін.
2. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарлардың декларанты болып тек осы тауарларды сатуды жүзеге асыратын бажсыз сауда дүкенінің иесі әрекет етуі мүмкін.
3. Бажсыз сауда дүкенінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын тауарлар бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылуға жатпайды.
4. Кеден одағының тауарлары бажсыз сауда кедендік рәсімімен кедендік декларацияны беру жолымен орналастырылады.
408-бап. Бажсыз сауда дүкендері
1. Бажсыз сауда дүкендерінің жұмыс істеу тәртібі, оларды жайластыруға, жабдықтауға қойылатын талаптар осы Кодекстің 53 - 58-баптарында белгіленген.
2. Бажсыз сауда дүкендері:
1) Кеден одағының кедендік аумағынан шығып кететін жеке тұлғалар үшін - Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өту пункттерінде;
2) шетелдік дипломатиялық өкілдіктер, оларға теңестірілген халықаралық ұйымдардың өкілдіктері, консулдық мекемелер, сондай-ақ дипломатиялық агенттер, консулдық лауазымды адамдар және олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері үшін - астанада орналастырылады.
409-бап. Бажсыз сауда дүкендерінде тауарларды өткізу және олардағы кедендік бақылау тәртібі
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды өткізу кедендік бақылаумен:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің салық заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, бақылау-кассалық машиналарды міндетті түрде қолдана отырып, жолаушылардың жол жүру құжаттары бойынша Кеден одағының кедендік аумағының шегінен тысқары жерлерге кететін жеке тұлғаларға бөлшек сауда арқылы;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге, оларға теңестірілген халықаралық ұйымдардың өкілдіктеріне, консулдық мекемелерге, сондай-ақ дипломатиялық агенттерге, консулдық лауазымды адамдарға және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес, осындай тұлғалардың Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде аккредиттелгенін растайтын құжатты көрсеткен кезде кедендік бақылаумен жүзеге асырылады. Бажсыз сауда дүкендеріндегі тауарларды өткізу тәртібін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен келісу бойынша кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді;
2. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларға қатысты кедендік бақылауды қызметі аймағында бажсыз сауда дүкені орналасқан кеден органы жүзеге асырады.
410-бап. Бажсыз сауда кедендік рәсімінің аяқталуы
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімінің қолданылуы осы кедендік рәсімге орналастырылған тауарларды жеке тұлғаларға, осы Кодекстің 406-бабында көрсетілген тұлғаларға бажсыз сауда дүкендерінде бөлшек саудада өткізу не бұл тауарларды осы Кодекске сәйкес өзге кедендік рәсімдермен орналастыру арқылы аяқталады.
2. Бажсыз сауда дүкендерінің қызметі тоқтатылған жағдайда, бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар аталған дүкеннің қызметі тоқтатылған күннен кейінгі күннен бастап бір ай ішінде өзге кедендік рәсімге орналастырылуға жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген әрекеттер жасалмаған кезде осы Кодекстің 24-тарауына сәйкес кеден органдары тауарларды кідіртеді.
411-бап. Бажсыз сауда кеден рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы мен тоқтатылуы және оларды төлеу мерзімі
1. Бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет декларантта кеден органы кедендік декларацияны тіркеген кезден бастап туындайды.
2. Декларанттың бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу міндеті:
1) бұл тауарлар осы Кодекстің 406-бабында көрсетілген тұлғаларға өткізілген кезде;
2) бұл тауарлар өзге кедендік рәсіммен орналастырылған кезде;
3) осы Кодекстің 26-тарауына сәйкес кеден органдары тауарларды кідірткен кезде;
4) осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
3. Мыналар:
1) бажсыз сауда кедендік рәсімінің талаптары мен шарттарын бұза отырып, шетелдік тауарларды пайдалану және оларға билік ету кезінде - белгіленген талаптар мен шарттарды бұзатын әрекеттердің жасалған күні, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарларды бажсыз сауданың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күн;
2) аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылуды (қайтарымсыз жоғалуды) не тасудың (тасымалдаудың) және сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи кемуді қоспағанда, шетелдік тауарларды жоғалтқан жағдайда, - тауарларды жоғалтқан күн, ал егер бұл күн анықталмаса, - тауарларды бажсыз сауданың кедендік рәсімімен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күн кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.
4. Кедендік әкелу баждары, салықтар, осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларда, кедендік әкелу баждары, салықтар тарифтік преференцияларды және кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі жеңілдіктер ескерілмей, тауарларды ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын, оған сәйкес тауарлар бажсыз сауда кедендік рәсімімен орналастырылған кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күніне есептелген кедендік әкелу баждарының, салықтардың сомасына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
48-тарау. Жою кедендік рәсімі
412-бап. Жою кедендік рәсімінің мазмұны
Жою, шетелдік тауарлар кедендік әкелу баждары, салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай кедендік бақылаумен жойылатын кездегі кедендік рәсім болып табылады.
Тауарларды жою деп тауарларды зарарсыздандыру, олар ішінара немесе толық өзінің тұтыну және (немесе) өзге де қасиеттерін жоғалтатын және экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы күйіне келтіру мүмкін болмайтын күйге келтіру түсініледі.
Жою кедендік рәсімі аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан жойылған, қайтарымсыз жоғалған тауарларға қатысты қолданылуы да мүмкін.
413-бап. Тауарларды жою кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Тауарларды жою кедендік рәсімімен орналастыруға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшесінің жоюдың тәсілі мен орны көрсетілетін жою мүмкіндіктері туралы қорытындысы негізінде жол беріледі.
Тауарлар аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан қайтарымсыз жоғалған жағдайларда, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің қорытындысы талап етілмейді. Мұндай тауарларды жою кедендік рәсімімен орналастыру үшін тауарларды аварияның немесе еңсерілмейтін күш әсерінің салдарынан біржола жоғалту фактілерін растайтын құжаттар табыс етілуге тиіс.
2. Жою кедендік рәсімімен мынадай санаттағы тауарлар орналастырыла алмайды:
1) мәдени, археологиялық, тарихи құндылықтар;
2) індеттер мен эпизоотиялардың және карантинді объектілердің таралуының жолын кесу мақсатында оларды жою талап етілетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын түрлерге жататын жануарлар мен өсімдіктер, олардың бөліктері мен дериваттары;
3) кепіл қатынастары тоқтағанға дейін кепіл зат ретінде кеден органдары қабылдаған тауарлар;
4) алып қойылған тауарлар немесе тыйым салынған тауарлар, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заттай дәлелдемелер болып табылатын тауарлар;
5) тізбесі Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын өзге де тауарлар.
3. Егер мұндай жою:
1) қоршаған ортаға зиян келтіруі немесе адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болса;
2) тауарлардың кәдуілгі арналған мақсатына сәйкес оларды тұтыну жолымен жүргізілсе;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары үшін шығыстарға әкеп соқса, тауарларды жоюға жол берілмейді.
4. Тауарларды жою, жою кедендік рәсімі декларантының есебінен жүргізіледі.
5. Тауарларды жою осы тауарларды іс жүзінде жою үшін қажетті уақыт, оларды жою тәсілі мен орны негізге алынып, кеден органы белгілеген мерзімде жүргізіледі.
414-бап. Жою кедендік рәсімін қолданудың ерекшеліктері
1. Жою кеден органының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органы аумақтық бөлімшесі өкілдерінің және декларанттың қатысуымен жою кедендік рәсімімен тауарды орналастыруға бақылауды жүзеге асырушы кеден органы құратын комиссияның қатысуымен жүргізіледі. Жою кедендік рәсімімен тауарды орналастыруға бақылауды жүзеге асырушы кеден органы қажет болған жағдайда өзге мемлекеттік органдардың мамандары мен тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
Жою:
1) нәтижесінде тауарлар толығымен жойылатын термиялық, химиялық, механикалық не өзге де әсер ету (өртеу, бұзу, көму және тағы басқа) жолымен жүргізіледі. Тауарларды жою тәсілі оларды мақсаты бойынша пайдалану үшін қалпына келтіру, бастапқы күйіне келтіру мүмкіндіктерін болдырмауды қамтамасыз етуге тиіс;
2) тауарларды кейіннен қалпына келтіруді және оларды пайдалану мүмкіндігін болдырмайтындай жағдайда мұндай бүлдіру тесіп тастауды, жарықтар салуды, өзге де тәсілдермен бүлдіруді қоса алғанда, демонтаждау, бұзу, механикалық бүлдіру жолымен жүргізіледі.
Сақтаудың ерекше жағдайларын талап ететін, техникалық себептерге байланысты сақталу орындарынан алынуы және пайдаланылуы мүмкін болмайтын тауарларды жою Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органның тауарларды сақталу орындарынан алудың және оларды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы қорытындысы негізінде жүргізілген болып есептеледі.
2. Тауарларды жою нәтижесінде жиналып қалған қалдықтар, оларды одан әрі пайдалану мүмкін болған кезде тиісті кедендік рәсімге орналастырылуы тиіс және кедендік әкелу баждары мен салықтарды алу мақсатында Кеден одағының кедендік аумағына осы күйінде әкелінген шетелдік тауарлар ретінде қарастырылады.
Егер тауарларды жою нәтижесінде жиналып қалған қалдықтар Кеден одағының кедендік аумағында оларды одан әрі коммерциялық пайдалану үшін жарамсыз күйде болған және экономикалық тиімді тәсілмен бастапқы күйіндегі қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, олар Кеден одағының тауарлары ретінде қарастырылады.
415-бап. Жою кедендік рәсімінің аяқталуы
1. Жою кедендік рәсімі мынадай негізгі мәліметтерді:
тауарларды жоюдың күні мен орнын;
жоюдың кедендік рәсімін мәлімдеген адам туралы мәліметті;
жою кезінде қатысқан адамдар туралы мәліметті;
жойылған тауарлардың атауларын, олардың өлшем бірлігіндегі санын;
тауарларды жою тәсілін;
жойылғаннан кейінгі қалдықтардың болуы мен санын, оларды одан әрі пайдалану мүмкіндігін қамтитын жою актісі жасала отырып, тауарларды іс жүзінде жоюмен аяқталады.
2. Жою актісі барлық комиссия мүшелерінің және қатысушы адамдардың қолымен расталады, үш данада ресімделеді: бірінші дана кеден органында сақталады; екінші дана Қазақстан Республикасының экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының аумақтық бөлімшесіне беріледі; үшінші дана декларантта қалады.
3. Тауарларды жою фактісі фото - және (немесе) бейне түсірілімдер қолданыла отырып тіркеледі, нәтижесі кеден органында сақталатын жою актісіне қоса тіркеледі.
49-тарау. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімі
416-бап. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімінің мазмұны
1. Мемлекет пайдасына бас тарту шетелдік тауарлар кедендік баждар мен салықтар төленбей және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылмай Кеден одағына мүше мемлекеттердің меншігіне өтеусіз берілетін кедендік рәсім болып табылады.
2. Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар Кеден одағы тауарының мәртебесіне ие болады.
417-бап. Тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыру шарттары
1. Кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағында айналымына тыйым салынған тауарларды қоспағанда, шетелдік тауарлар мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылуы мүмкін.
2. Мемлекет пайдасына бас тарту кеден органдарын қандай да бір шығыстарға әкеп соқтырмауға тиіс.
3. Кеден одағы комиссиясының шешімімен мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыруға жатпайтын өзге тауарлардың тізбесі белгіленуі мүмкін.
418-бап. Тауарлардан мемлекет пайдасына бас тарту тәртібі
Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімі декларанттың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органына беруімен аяқталады. Бұл ретте, қабылдау-беру актісі жасалып, оның көшірмесі кедендік декларацияға қоса тіркеледі. Кедендік декларациялау аяқталғаннан кейін көрсетілген кедендік рәсімді өзгертуге жол берілмейді.
Мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды кедендік декларациялау аяқталғаннан кейін, мұндай тауарлар осы Кодекстің 34-тарауына сәйкес мемлекеттердің меншігіне айналдырылады.
50-тарау. Арнайы кедендік рәсім
419-бап. Арнайы кедендік рәсімнің мазмұны
Арнайы кедендік рәсім кедендік баждар мен салықтарды алмай және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбай, кедендік мақсаттар үшін Кеден одағының кедендік аумағында немесе оның шегінен тысқары жерлерде тауарлардың жекелеген санаттарын пайдалану және (немесе) оларға билік ету талаптары мен шарттарын айқындайтын кедендік рәсім болып табылады.
Арнайы кедендік рәсім Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалған жағдайларға сәйкес және тауарлар санаттарына қатысты осы Кодексте белгіленеді.
7-БӨЛІМ. ТАУАРЛАРДЫҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫН КЕДЕН ОДАҒЫНЫҢ КЕДЕНДІК ШЕКАРАСЫ АРҚЫЛЫ
ӨТКІЗУ ЖӘНЕ ОЛАРҒА ҚАТЫСТЫ КЕДЕНДІК ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ЖАСАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
51-тарау. Халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік
операцияларды жасау ерекшеліктері
420-бап. Халықаралық почта жөнелтімдері
1. Халықаралық почта жөнелтімдеріне посылкалар және Дүниежүзілік почта одағының актілеріне сәйкес почта алмасу объектілері болып табылатын жазбаша хат-хабар жөнелтімдері жатады.