2. Шетелдік тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және ұйымдарымен бірдей іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін орындайды.
3. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекске және өзге де заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының іс жүргізу құқықтарына арнайы шектеулер қойылатын мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы соған сәйкес шектеулер белгілеуі мүмкін.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 414-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
414-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық іс жүргізуге әрекет қабілеттілігі
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық іс жүргізуге әрекет қабілеттілігі олардың жеке заңы бойынша айқындалады.
2. Азаматтың жеке заңы өзі азаматы болып табылатын мемлекеттік құқығы болып табылады. Егер азаматта шет мемлекеттің азаматтығымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтығы да болса, оның жеке заңы Қазақстан Республикасының заңы болып есептеледі. Мұндай адамда шет мемлекет азаматтығының болуын Қазақстан Республикасының соттары танымайды.
3. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болса, бұл адам неғұрлым тығыз байланыстағы мемлекеттің құқығы оның жеке заңы болып табылады.
4. Азаматтығы жоқ адамның тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы сол адамның жеке заңы, ал мұндай болмаған жағдайда - оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы болып табылады.
5. Өзінің жеке заңы бойынша іс жүргізу әрекетіне қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іс жүргізу қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында іс жүргізу әрекетіне қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
415-бап. Шетелдік халықаралық ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеттілігі
1. Шетелдік ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеттілігі ұйым соған сәйкес құрылған шет мемлекеттің заңы бойынша белгіленеді. Бұл заң бойынша іс жүргізу құқығына қабілеті жоқ шетелдік ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құқық қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
2. Халықаралық ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеті ұйым соған сәйкес құрылған халықаралық шарт, оның құрылтай құжаттары немесе Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органымен келісім негізінде белгіленеді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 416-бап өзгертілді
416-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстан Республикасы соттарының құзыреті
1. Егер Қазақстан Республикасының аумағында жауапкер-ұйым орналасқан болса немесе жауапкер-азаматтың тұрғылықты жері болса, шетелдік тұлғалар қатысатын істі Қазақстан Республикасының соттары қарайды.
2. Қазақстан Республикасының соттары, сондай-ақ шетелдік тұлғалар қатысатын істерді мына жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік тұлғаның басқару органы, филиалы немесе өкілдігі болғанда;
2) жауапкердің Қазақстан Республикасы аумағында мүлкі болғанда;
3) алиментті өндіріп алу туралы және әке екенін анықтау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;
4) мертігу, денсаулыққа өзге де зақым келтіру немесе асыраушысының қайтыс болуы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиян Қазақстан Республикасы аумағында келтірілгенде немесе талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;
5) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиянды өтеу туралы талап қоюға негіз болған іс-әрекет немесе өзге де мән-жайлар Қазақстан республикасының аумағында орын алғанда;
6) талап қою, оның толық немесе ішінара орындалуы Қазақстан Республикасы аумағында орын алуға тиіс болған немесе орын алған шарттан туындағанда;
7) талап қою Қазақстан Республикасы аумағында орын алған негізсіз баюдан туындағанда;
8) неке бұзу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда немесе ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болғанда;
9) ар-ожданды, абыройды және іскерлік беделді қорғау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған жағдайларда қарайды.
3. Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңдарымен өз құзыретіне жатқызылса, басқа істерді де қарайды.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 417-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
417-бап. Айрықша құзырет
1. Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне:
1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлік құқығына байланысты істер;
2) тасымал шартынан туындайтын тасымалдаушыға талап қою жөніндегі істер;
3) егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некесін бұзу туралы істер;
4) осы Кодекстің 25-29-тарауларында көзделген істер жатады.
2. Қазақстан Республикасының соттары ерекше іс жүргізу ісін:
1) фактілерді анықтау туралы іс бойынша арыз берушінің Қазақстан Республикасы аумағында тұрғылықты жері болған немесе анықталуы қажетті факт Қазақстан Республикасының аумағында орын алған немесе орын алатын;
2) әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы мәселе қойылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған;
3) хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы мәселе қойылған азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында соңғы белгілі тұратын жері болған және бұл орайда Қазақстан Республикасының аумағында белгілі тұратын жері болса және мұнда Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері немесе орналасқан орны бар азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау осы мәселенің шешілуіне байланысты болған;
4) иесіз деп тану туралы арыз берілген зат Қазақстан Республикасы аумағында болған;
5) бағалы қағазды жоғалды деп тану туралы және оған тиісті құқықтарды (шақыртып іс жүргізу) қалпына келтіру туралы берілген арызды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе орналасқан азамат немесе ұйым берген;
6) жаңсақтығын анықтау туралы арыз берілген азаматтық хал актілерін жазуды Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазу органдары жасаған;
7) шағым жасалып отырған нотариаттық іс-әрекеттерді (оларды жасаудан бас тартуды) Қазақстан Республикасының нотариусы немесе басқа органы жасаған жағдайларда қарайды.
418-бап. Соттылық
Қазақстан Республикасының заңдарымен Қазақстан Республикасы соттарының құзыретіне жатқызылған істердің соттылығы осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша анықталады.
419-бап. Шарттық соттылық
Шетелдік соттың құзыреті осы Кодекстің 33-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тараптардың жазбаша келісіммен көзделуі мүмкін. Мұндай келісім болған жағдайда сот жауапкердің өтінішімен, егер мұндай өтініш істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін мәлімделсе, арызды қарамай тастайды.
420-бап. Құзыреттің өзгермейтіндігі
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құзыреттілік ережелерін сақтай отырып, Қазақстан Республикасының соты іс жүргізуге қабылданған іс ол кейіннен тараптардың азаматтығы, тұрғылықты жері өзгеруіне және құзыретке әсер ететін басқа да мән-жайларға байланысты басқа мемлекет сотының соттауына жатқызылса да, мәні бойынша шешіледі.
421-бап. Шетелдік сотта іс жүргізудің маңызы
1. Егер сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша сол тараптар арасындағы дау жөнінде Қазақстан Республикасының сот шешімдерін өзара тану және сот шешімдерін орындауды көздейтін халықаралық шарты бар шет мемлекеттің соты бұрын шешім шығарып қойған болса, Қазақстан Республикасының соты арызды қарамай тастайды, ал іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
2. Егер шет мемлекеттің сотында сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша шешімді Қазақстан Республикасында танылуға тиісті дау жөнінде бұрын қозғалған іс болса, Қазақстан Республикасының соты арызды қарамай тастайды, ал іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері бұл іс Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне жатқызылатын жағдайларды қозғамайды.
422-бап. 2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
423-бап. Сот тапсырмалары
1. Қазақстан Республикасының соттары өздеріне Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында көзделген тәртіппен берілген жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін жасау (хабарламалар мен басқа да құжаттар тапсыру, тараптардан, куәлардан түсініктемелер алу, жергілікті жерде сараптама және тексеріс жүргізу және т.б.) туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды, бұған:
1) тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне қайшы келетін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін;
2) тапсырманы орындау сот құзыретіне кірмейтін жағдайлар қосылмайды.
2. Шетелдік соттардың жеке іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы тапсырмаларын атқару, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген іс жүргізу іс-әрекеттерін орындау туралы шетелдік соттарға тапсырмалар мен өтініш жасауы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттарымен қарым-қатынас жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленеді.
424-бап. Шет мемлекеттердің органдары берген құжаттарды тану
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарына немесе шетелдік азаматтарға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгіленген нысанмен берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық жариялау болған жағдайда қабылдайды.
425-бап. Шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін тану және орындау
1. Егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзара түсіністік негізінде бұл көзделген болса, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдері Қазақстан Республикасында танылады және орындалады.
2. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, шетелдік соттар мен төрелік соттардың шешімдерін танудың және орындаудың шарттары мен тәртібі заңда белгіленеді.
3. Шетелдік соттың немесе төрелік соттың шешімі шешім заңды күшіне енген кезден бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындауға берілуі мүмкін. Дәлелді себептермен өткізіліп алынған мерзімді осы Кодекстің 128-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының соты қалпына келтіруі мүмкін.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 425-1-баппен толықтырылды; 2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 425-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
425-1-бап. Төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындату
1. Егер төреліктің шешiмi онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, төреліктің шешiмi пайдасына шығарылған төрелікте талқылау тарапы (өндiрiп алушы) төреліктің шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызбен төрелік дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Атқару парағын беру туралы арызға төрелiктiң тиiстi түрде расталған түпнұсқа шешiмi немесе соның тиiстi түрде расталған көшiрмесi, сондай-ақ төрелiктің түпнұсқа келісімi немесе оның тиiстi түрде расталған көшiрмесi қоса берiледi. Егер төрелiктің шешiмi немесе келісімi шетел тілінде жазылса, тарап осы құжаттың мемлекеттік тiлдегi немесе орыс тiліндегі тиiстi түрде расталған аудармасын табыс етуге тиiс.
3. Атқару парағын беру туралы арыз төрелiктiң шешімiн ерiктi түрде атқаруға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктiрiлмей берiлуi мүмкiн.
4. Белгiленген мерзiмiн өткiзiп алған не оған қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады, оған осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
5. Егер, сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес күн iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Өндiрiп алушының төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оның соттың отырысында қаралу орны мен уақыты туралы сот борышкердi хабардар етедi. Оның арызын қарау орны мен уақыты туралы өндiрiп алушы да хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетіліп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы ұсыныс түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.
8. Сот төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде төрелiктiң шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға тиiс.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 425-2-баппен толықтырылды
425-2-бап. Атқару парағын беру
1. Сот төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 236-бабының ережелерi бойынша берiледi.
2. Төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына осы Кодексте сот актілеріне шағым жасау үшiн көзделген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 425-3-баппен толықтырылды
425-3-бап. Атқару парағын беруден бас тарту
Егер, сот:
1) бұл тарап:
сот төрелiк келісім тараптарының бірiн әрекетке қабiлетсiз не әрекетке қабiлетi шектеулi деп немесе төрелiк келісімдi тараптар оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыз деп тануының;
оған төрешiнiң тағайындалғаны туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өз түсiндiрмелерiн бере алмағанының;
төрелiктiң шешiмi төрелiк келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғанының не төрелiк келісімнiң шегінен шығатын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiк соттың ведомстволық қарауында еместiгiнiң дәлелдемелерiн сотқа табыс етсе, төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Егер төрелiк келісімде қамтылатын мәселелер жөніндегі төрелiктiң шешiмiн осындай келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі шешiмнен бөлiп шығаруға болатын болса, онда төрелiктің төрелiк келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі шешiмi бар сол бөлігінiң ғана күшi жойылуы мүмкiн;
төрелiк құрам немесе төрелiк iс қарау рәсiмi тараптардың келісімiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмегенiнiң дәлелдемесiн сотқа табыс етсе;
2) сот төрелiктiң шешiмi Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібіне қайшы келетiнiн немесе төрелiктiң шешiмi шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы бола алмайтынын анықтаса, төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 426-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
426-бап. Шетелдік соттардың орындауды талап етпейтін шешімдерін тану
Шетелдік соттардың өз сипаты бойынша орындауды талап етпейтін мынадай шешімдері:
1) соты шешім шығарған мемлекет азаматтарының ғана жеке мәртебесін қозғайтын;
2) егер неке бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрған болса, Қазақстан Республикасының азаматтары және шетелдіктер арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы;
3) егер некенің бұзылуы кезінде ерлі-зайыптылардың екеуі де Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрған болса, Қазақстан Республикасының азаматтары арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы шешімдері Қазақстан Республикасында танылады.
2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен 45-1-тараумен толықтырылды
45-1-тарау. Төрелiктiң шешiмдерiне шағым жасау туралы iстер бойынша iс жүргiзу
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 426-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
426-1-бап. Өтінішхат беру
1. Төрелік шешiмiнің күшін жою туралы өтінішхатты төрелікте талқылау тараптары, іске қатысуға тартылмаған, бiрақ құқықтары мен мiндеттерiне қатысты төрелік шешiм қабылдаған үшiншi тұлғалар төрелiк шешiмнің көшірмесін алған күннен бастап үш ай iшiнде бере алады.
2. Төреліктің шешiмiне шағым жасау туралы өтінішхат төрелік дауды қараған жердегi сотқа беріледі.
3. Егер шешімге шағым жасау үшін осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім аяқталса және осы Кодекске сәйкес оны қалпына келтіруге негіздер болмаса, судья өтінішхатты қайтарады.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 426-2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
426-2-бап. Өтінішхатты қарау
1. Сот төреліктің шешiмiне шағым жасау туралы өтінішхатты осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша iс қозғалған кезден бастап он күн iшiнде қарайды.
Судьяның үшінші тұлға шағым берген кезде қосымша дәлелдемелер беру қажет болған жағдайда, іс бойынша іс жүргізуді отыз күнге дейінгі мерзімге ұзартуға құқығы бар.
2. Төрелікте талқылау тараптарының біреуінің өтінішхаты бойынша істі сот талқылауына дайындаған кезде судья дәлелдемелерді талап ету үшін осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша төреліктен не бірінші сатыдағы тиісті соттан іс материалдарын талап ете алады.
3. Сот төрелікте талқылау тараптарына, сондай-ақ үшінші тұлғалар төреліктің шешіміне шағым берген жағдайда үшінші тұлғаларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған тұлғалардың келмей қалуы істі қарауға кедергі болып табылмайды.
4. Сот істі қараған кезде төрелік шешімінің күшін жою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздердің бар немесе жоқ екендігін анықтайды.
5. Сот төрелiктiң шешiмiне шағым жасау туралы өтiнiшхатты қарау нәтижелерi бойынша төрелiк шешiмiнiң күшiн жою не өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығара алады. Мүдделi тұлғалар соттың ұйғарымына шағым жасауы мүмкiн.
2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен 46-тараумен толықтырылды
46-тарау. Шет мемлекеттің және оның меншігінің юрисдикциялық иммунитетi
427-бап. Шет мемлекеттің иммунитетi
Шет мемлекет Қазақстан Республикасында, осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, соттық иммунитетті, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитетті және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитетті қоса алғанда, юрисдикциялық иммунитетті пайдаланады.
428-бап. Соттық иммунитет
Осы Кодекстің ережелеріне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келіссе не осы Кодекстің 434-бабына сәйкес шет мемлекетке иммунитет қолданылмайтын болса, сондай-ақ, егер ол мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырғандағыдан өзге қызметті жүзеге асырса, оның ішінде осы Кодекстің 435-441-баптарында көрсетілген жағдайларда соттық иммунитетті пайдаланбайды.
429-бап. Шет мемлекеттің Қазақстан Республикасы сотының юрисдикциясына келісуi
1. Егер шет мемлекет тиісті мәселеге немесе іске қатысты, атап айтқанда:
1) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келісімде;
3) Қазақстан Республикасының сотында мәлімдеме жасау немесе нақты іс қарау шеңберінде жазбаша хабардар ету арқылы Қазақстан Республикасы сотының юрисдикцияны жүзеге асыруына тікелей келісім білдірсе, ол соттық иммунитеттен бас тартуға келіскен деп танылады.
2. Шет мемлекеттің соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі оның талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитет пен сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттен бас тартуға келісуі ретінде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдануға келісуі оның соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі ретінде қарастырылмайды.
430-бап. Шет мемлекеттің сотта іс қарауға қатысуы
1. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында өзінің бастамасымен қозғалған істі қарау тарабы болып табылса, немесе Қазақстан Республикасының сотында істің мәнін қарауға қатысса, немесе істің мәні бойынша қандай да бір өзге іс-әрекетті қолданса, осы мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келіскен деп танылады. Алайда, егер мемлекет ол осындай іс-әрекет қолданғанға дейін иммунитет туралы мәлімдеуге негіз болатын фактілер өзіне белгілі болуы мүмкін болмағанын сотта дәлелдесе, ол осы фактілер өзіне белгілі болғаннан кейін дереу солардың негізінде иммунитетке сүйене алады.
2. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында істі қарауға қатысса немесе иммунитетке сүйену немесе іс қараудың нысанасы болып табылатын мүлікке қатысты өз құқығына дәлелдемелер келтіру мақсатында қандай да бір іс-әрекет қолданса, соттық иммунитеттен бас тартқаны ретінде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекет өкілінің Қазақстан Республикасының сотына куәлік айғақтар беру үшін келуі осы мемлекеттің соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі ретінде қарастырылмайды.
4. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында істі қарауға қатыспаса, бұл мән-жай өзінен-өзі оның соттық иммунитеттен бас тартуға келіскені ретінде түсіндірілмеуге тиіс.
431-бап. Қарсы талап қоюға қатысты иммунитеттен бас тарту
1. Қазақстан Республикасының сотына талап қойған шет мемлекет осы мемлекеттің алғашқы талап қоюындағы сияқты сол құқықтық қатынастарға немесе фактілерге негізделген кез келген қарсы талапқа қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келіскен деп танылады.
2. Қазақстан Республикасының сотына қарсы талап қойған шет мемлекет алғашқы талап қоюына қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келіскен деп танылады.
432-бап. Төрелік іс қарауға қатысты иммунитеттен бас тарту
Егер шет мемлекет туындаған немесе болашақта туындауы мүмкін дауларды өзінің қатысуымен төрелікте қарауға жазбаша нысанда келісім білдірсе, Қазақстан Республикасы сотының төрелікке қатысты функцияларды жүзеге асыруына қатысты мәселелер бойынша оның осы дауларға байланысты соттық иммунитеттен бас тартуға ерікті түрде келіскені деп танылады.
433-бап. Иммунитеттен бас тартуға келісімді кері қайтарып алу
1. Шет мемлекеттің соттық имунитеттен, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитет пен сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттен бас тартуға келісуі, осындай келісуді кері қайтарып алуға жол беру дауға қатысушы басқа тараппен келісімде тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, кері қайтарылып алынбайды.
2. Шет мемлекеттің соттық иммунитеттен бас тартуға келісуі сотта іс қараудың барлық сатыларында қолданылады.
434-бап. Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетінің бұзылуына байланысты даулар
бойынша иммунитетті қолданбау
Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттің Қазақстан Республикасы мен оның меншігінің юрисдикциялық иммунитетін бұзуына байланысты даулар бойынша осындай шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитетті, сол сияқты талап қоюды қамтамасыз етуден және сот актісін мәжбүрлеп орындатудан иммунитетті пайдаланбайды.
435-бап. Кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша иммунитетті қолданбау
1. Шет мемлекеттің Қазақстан Республикасының аумағында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы кезінде туындаған даулар бойынша соттық иммунитетті осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Шет мемлекет жасаған немесе мемлекеттің егеменді билігін жүзеге асырған кездегіден өзге түрде онымен байланысты болатын кәсіпкерлік қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмілелерден туындаған даулар бойынша соттық иммунитетті осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
3. Шет мемлекет жасаған немесе ол байланысты болатын мәміле оның егеменді билігін жүзеге асыруымен байланысты қызмет болып табыла ма деген мәселені шешу кезінде Қазақстан Республикасының соты осындай мәміленің сипаты мен мақсатын назарға алады.
436-бап. Заңды тұлғаларға қатысуға байланысты даулар
бойынша иммунитетті қолданбау
Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында құрылған немесе негізгі қызмет орны бар коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларға өзінің қатысуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитетті Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.