14-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ТУРАЛЫ
ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
126-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзыла отырып жасалған, жер қойнауын пайдаланумен байланысты мәмілелер жарамсыз болып табылады.
Аталған мәмілелерді жасасуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылықта болады.
127-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын бұзумен келтірілген нұқсанды (зиянды) өтеу
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының талаптарын бұзу салдарынан зиян келтірген тұлғалар, егер тек зиян еңсерілмейтін күштің немесе зардап шегушінің пиғылы салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен өтеуге міндетті.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген залал мөлшерін жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесе отырып айқындайды.
3. Жер қойнауын қорғау саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген нұқсанның мөлшерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес айқындайды.
128-бап. Дауларды шешу
1. Келісімшартты орындауға, өзгертуге немесе тоқтатуға байланысты даулар келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
2. Егер келісімшартты орындауға, өзгертуге немесе тоқтатуға байланысты даулар осы баптың 1-тармағына сәйкес шешілмейтін болса, онда тараптар дауларды Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шешуге құқылы.
15-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
129-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылады.
2012.20.02. № 567-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2010 жылғы 5 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Құзыретті органмен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға жобалау құжаттары болмаған жағдайларда қол қойған жер қойнауын пайдаланушылар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап жиырма төрт айдан аспайтын мерзімде олардың әзірленуін және белгіленген тәртіппен бекітілуін қамтамасыз етуге және осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап отыз айдан кешіктірмей, жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға жобалау құжаттарының негізінде барлау мен өндіруге арналған келісімшарттардың жұмыс бағдарламаларын келісуге ұсынуға міндетті.
2012.09.01. № 535-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен жер қойнауын пайдалануға арналған бұрын жасалған келісімшарттар бойынша тараптар терминологияны бірізге келтіру, кадрлардағы жергілікті қамту, ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесіне сәйкес есептелген тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту туралы, құзыретті орган бекітетін тәртіппен және нысандар бойынша жоспарланып отырған және нақты жүргізілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы ақпарат беру бөлігінде осы Заңда белгіленген талаптарды басшылыққа алуға міндетті.
4. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген лицензиялар мен жасалған келісімшарттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының олармен байланысты барлық актілері өз қолданысын сақтайды.
5. Жер қойнауын пайдалануға бұрын берілген және қолданыстағы лицензияларға қатысты лицензиялық органның - Қазақстан Республикасы Үкіметінің функциялары құзыретті органға жүктеледі.
6. Мұнай операцияларын жүргізуге арналған, 2004 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған бір келісімшарттың шеңберінде бір бөлігі Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бекіткен тұтқырлығы жоғары, су басқан, дебиті аз немесе игерілген кен орындары тізбесіне енгізілген көмірсутек шикізатының бірнеше кен орындарында өндіруді жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар құзыретті органға мұндай кен орнына (кен орындарына) қатысты өндіруге арналған бөлек келісімшарт жасасу жөнінде жүгінуге құқылы. Мұндай келісімшарт бастапқы келісімшарттың аяқталуына дейін қалған мерзімге жасалуы мүмкін.
130-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң, 2010 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілетін 77-баптың 3-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Қазақстан Республикасының мына заңдарының күші жойылды деп танылсын:
1) «Мұнай туралы» 1995 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 11, 76-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 11, 150-құжат; 1999 ж., № 21, 787-құжат; 2003 ж., № 6, 34-құжат; № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 22, 131-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2006 ж., № 16, 99-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 22-құжат; № 8, 52-құжат; № 9, 67-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; № 24, 129-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат);
2) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 1996 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 2, 182-құжат; 1999 ж., № 11, 357-құжат; № 21, 787-құжат; 2003 ж., № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 22, 131-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 16, 99-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 3, 22-құжат; № 22, 170-құжат; 2008 ж., № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 18, 84-құжат; № 24, 133-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2010 жылғы маусымның 24-і.
№ 291-ІV ҚРЗ