«Қарағанды облысында «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»
акционерлік қоғамын құру туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 қыркүйектегі № 868 Қаулысы
Осы редакция 2014 жылғы 19 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 - 2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желілік кестесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 222 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қарағанды облысында жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - қоғам) құрылсын.
2. Қоғам қызметінің негізгі мәні инвестициялар мен инновацияларды тарту үшін қолайлы экономикалық орта қалыптастыру, жаңа жобаларды іске асыру, қорғалған сауда белгісі және зияткерлік меншік құқықтары бар тауарларды өндіру үшін жағдай жасау, өңірдегі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру жолымен Қарағанды облысының экономикалық дамуына жәрдемдесу болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруға 2006 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 284444500 (екі жүз сексен төрт миллион төрт жүз қырық төрт мың бес жүз) теңге бөлсін.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігіне берсін;
Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігімен бірлесіп:
1) қоғамның жарғылық капиталын осы қаулының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен бөлінетін қаражаттан 284444500 (екі жүз сексен төрт миллион төрт жүз қырық төрт мың бес жүз) - теңге мөлшерінде қалыптастыруды;
2) қоғамды Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, Қарағанды облысының әкімдігімен және «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамымен бірлесіп, бір апта мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне қоғам Директорлар кеңесінің құрамы жөнінде ұсыныстар енгізсін.
6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
«Қарағанды облысы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 214-13-жолмен толықтырылсын:
«214-13. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы»;
2) «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулыға қосымшада:
«Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігіне» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 237-21-жолмен толықтырылсын:
«237-21. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы»;
3) «Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Yкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., № 47, 586-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
«Акционерлік қоғамдар» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 12-жолмен толықтырылсын:
«12. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы», Қарағанды қаласы».
7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі К.Қ.Мәсімовке жүктелсін.
8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |