Қызмет өңірін айқындау тәртібін көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
5. Міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу екі: дайындық және негізгі кезеңдерді қамтиды.
Міндетті техникалық қарап тексеруден өткізудің дайындық кезеңі барысында көлік құралын сәйкестендіру және сәйкестендіру нәтижелерінің тіркеу және өзге де құжаттардың деректеріне сәйкестігін тексеру жүргізіледі.
Міндетті техникалық қарап тексеруден өткізудің негізгі кезеңі барысында көлік құралының техникалық жай-күйінің Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін айқындау жұмысы (тексеру) орындалады.
6. Міндетті техникалық қарап тексеруден өту үшін көлік құралының иесі техникалық қарап тексеру операторына көлік құралын және көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ұсынады.
Техникалық қарап тексеру операторы көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректерін және техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасындағы мәліметтерді механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап тексерудің бiрыңғай ақпараттық жүйесiне енгiзудi қамтамасыз етедi.
7. Егер көлік құралын міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу нәтижелері бойынша ақаулар және көлік құралы мен оның тіркемелерін пайдалануға тыйым салатын жағдайлар анықталмаса, міндетті техникалық қарап тексеру өткізілді деп танылады.
Бұл жағдайда көлік құралы иесіне міндетті техникалық қарап тексеруден өтудің белгіленген мерзімділігіне сәйкес келесі міндетті техникалық қарап тексеруден өту мерзімі көрсетіле отырып, техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы беріледі.
8. Егер мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу нәтижелерi бойынша ақаулар және көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн пайдалануға тыйым салатын жағдайлар анықталса, мiндеттi техникалық қарап тексеру өткiзiлмеді деп танылады.
Бұл жағдайда көлiк құралы иесiне техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы ақаулары көрсетiле отырып берiледi.
9. Анықталған ақаулар және механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін пайдалануға тыйым салатын жағдайлар жойылғаннан кейiн механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесi оны қайта мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзуге ұсынады.
Механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерін қайта техникалық қарап тексеру алғашқы міндетті техникалық қарап тексеру өткізілген техникалық қарап тексеру орталығында не өзге де техникалық қарап тексеру орталығында өткізіледі.
Механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін алғашқы мiндеттi техникалық қарап тексеру өткізілген техникалық қарап тексеру орталығында қайта техникалық қарап тексеруден өткiзу кезінде техникалық қарап тексеру белгiленген критерийлерге сай болмаған және техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасында көрсетiлген позициялар бойынша ғана жүргiзiледi. Бұл жағдайда төлем қайтадан тексерiлетiн позицияларды тексергені үшiн ғана алынады.
Мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу кезiнде ақаулар анықталғаннан кейiн қайта мiндеттi техникалық қарап тексеруге механикалық көлiк құралы мен оның тіркемелерін ұсынудың ең ұзақ мерзiмi күнтiзбелiк он күндi құрайды.
10. Механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесі анықталған ақауларды және механикалық көлiк құралы мен оның тiркемелерiн пайдалануға тыйым салатын жағдайларды жою жөніндегі жұмыстардың орындалатын жерін және оның орындаушысын өзі анықтайды.
11. Егер міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу барысында техникалық қарап тексеру операторы механикалық көлік құралының техникалық ақауларын анықтамаса не мұндай ақауларды анықтап, бірақ бұлар туралы мәліметтерді техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасына енгізбесе, техникалық қарап тексеру операторы механикалық көлік құралы иесінің не үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне осындай ақаулардың салдарынан келтірілген зиянды толық көлемде өтеуге міндетті.
12. Техникалық қарап тексеру операторының міндетті техникалық қарап тексеруді өткізуден бас тартуына:
1) көлік құралы иесінің көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ұсынбауы;
2) иесінің көлік құралын ұсынбауы;
3) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректеріне сәйкес келмейтін, нөмірлік агрегаттары (шасси, шанақ) уәкілетті органмен келісілмей ауыстырылған көлік құралын міндетті техникалық қарап тексеруге ұсыну;
4) мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жоқ көлік құралдарын міндетті техникалық қарап тексеруге ұсыну негіздер болып табылады.
13. Жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде қызмет өңірі шегінде механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу кестесін келіседі.
89-бап. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмi
1. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiн жүргiзедi, оны өзiнiң интернет-ресурсында орналастыруды жүзеге асырады.
Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiн жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Техникалық қарап тексеру операторы көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзген күннен бастап көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады.
2. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзу мақсатында көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi органға мынадай құжаттар:
1) өтiнiш;
2) заңды тұлға үшiн - заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесi;
3) дара кәсiпкер үшiн - жеке басты куәландыратын құжаттың және дара кәсiпкер ретiнде тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмелерi;
4) техникалық қарап тексерудің стационарлық желісін ашқан жағдайда - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу туралы белгісі бар, техникалық қарап тексеру операторының жылжымайтын мүлікке меншiк немесе оны иелену және пайдалану құқығын растайтын құжаттарының нотариат куәландырған көшiрмелерi;
5) жасаушы зауыт беретін бастапқы өлшеп тексеру мерзімі көрсетілген сынақ жабдығы мен өлшем құралдары паспорттарының көшірмелері және (немесе) салыстырып тексеру үшін түпнұсқалары беріле отырып, өлшем құралдарын өлшеп тексеру және сынақ жабдығына аттестаттау жүргізілгенін растайтын құжаттардың көшірмелері ұсынылады. Түпнұсқалар салыстырылып тексерілгеннен кейін өтініш берушіге қайтарылады;
6) өтініш беруші техникалық қарап тексеру орталығын ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша ұсынатын сынақ жабдықтары және өлшем құралдары туралы ақпарат;
7) техникалық қарап тексерудің стационарлық желісін ашқан жағдайда - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша аумақ пен үй-жайдың тиісті стандарттар талаптарына сәйкестігі туралы ақпарат ұсынылады.
3. Көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган құжаттары қоса берiлiп отырған өтiнiштi ол берiлген күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қарайды, оның қорытындылары бойынша өтiнiш берушiге техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзілгені туралы жазбаша хабарлама немесе дәлелдi бас тарту жiберiледi.
4. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзуден бас тартуға:
1) осы баптың 2-тармағына сәйкес талап етiлетiн құжаттарды ұсынбау;
2) ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәлiметтердiң анық еместігі және (немесе) толық болмауы;
3) осы баптың 5-тармағының 3) - 5) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша өтiнiш берiлген күнге дейiн алты ай iшiнде техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастау негiздер болып табылады.
5. Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастауға:
1) дара кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiнен өз еркiмен алып тастау туралы өтiнiшi;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дара кәсiпкер қызметiнiң тоқтатылуы немесе заңды тұлғаның таратылуы;
3) техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзу кезiнде көрiнеу анық емес ақпарат беру;
4) көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап тексеруден өткiзу және жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету жөнінде қызметтер көрсетуді қоса атқару;
5) көлiк құралдарын мiндеттi техникалық қарап тексеруді жүзеге асыру саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықты бiр жыл iшiнде қайталап жасау негiздер болып табылады.
Техникалық қарап тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастау туралы хабарлама көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган тиісті шешім қабылдағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде дара кәсіпкерге немесе заңды тұлғаға жіберіледі.
90-бап. Халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаты
1. Механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесі халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатын алу үшін жергілікті атқарушы органға өтініш береді және оған мынадай құжаттарды:
1) халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатын беру үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті;
2) жеке тұлғалардың «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (Салық кодексі) белгіленген тәртіппен ағымдағы күнтізбелік жылға көлік құралы салығын төлегенін немесе оны төлеуден босатылу құқығын растайтын құжаттарды;
3) техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасының көшірмесін қоса береді.
2. Жергілікті атқарушы орган құжаттары қоса беріліп отырған өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесіне халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатын береді.
3. Осы баптың 1-тармағында санамаланған құжаттар болмаған жағдайда, жергілікті атқарушы орган өтініш берілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің иесіне бас тарту себептерін көрсете отырып, халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатын беруден дәлелді бас тартуды жазбаша түрде жібереді.
4. Халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес беріледі.
5. Халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаты жоғалған немесе бүлінген кезде көлік құралы иесінің халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатының телнұсқасын алуға құқығы бар.
Халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатының телнұсқасын алу үшін көлік құралы иесі жергілікті атқарушы органға өтініш береді және халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатының телнұсқасын беру үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті ұсынады.
Халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатының жоғалған немесе бүлінген бланкісі жергілікті атқарушы органға оның жоғалғаны немесе бүлінгені туралы өтініш берілген күннен бастап жарамсыз деп танылады.
6. Жергілікті атқарушы орган өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында «Телнұсқа» деген жазбасы бар халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатының телнұсқасын береді.
7. Көлік құралы иесі халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатының телнұсқасын беру үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртекті ұсынбай өтініш берген жағдайда, жергілікті атқарушы орган осы баптың 6-тармағында көрсетілген мерзімде халықаралық техникалық қарап тексеру сертификатының телнұсқасын беруден жазбаша нысанда бас тартады.
8. Халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаты техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасында көрсетілген мерзімге сәйкес келетін мерзімге беріледі.
91-бап. Техникалық қарап тексеру операторларының құқықтары мен міндеттері
1. Техникалық қарап тексеру операторлары:
1) техникалық қарап тексеру орталықтарының өндірістік үй-жайы мен аумағының мемлекеттік стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;
2) біліктілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін қызметкерлерге міндетті техникалық қарап тексеруді өткізуге рұқсат беруге;
3) міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу кезіндегі жұмыстарды орындау процесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға;
4) көлік құралдары иелерінің өтініші бойынша механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу кезінде орындалатын жұмыстарға қатысты өзге де мәліметтерді хабарлауға;
5) қарап тексерілген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің техникалық жай-күйі туралы мәліметтерді электрондық түрде есепке алуды жүзеге асыруға;
6) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректеріне сәйкес келмейтін нөмірлік агрегаттарды (қозғалтқыш, шасси, шанақ) ауыстыру, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жоқ не көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілгендерге сәйкес келмейтін белгілері бар көлік құралдарын техникалық қарап тексеруге ұсыну фактілері туралы ішкі істер органдарына хабарлауға;
7) міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу нәтижелері бойынша механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесіне мәліметтер беруге;
8) көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi органды техникалық қарап тексеру орталығының орналасқан жерінің өзгергені туралы күнтізбелік бес күн ішінде хабардар етуге;
9) жергілікті атқарушы органдардың келісуімен қызмет өңірі шегінде міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу кестесін жасауға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
2. Техникалық қарап тексеру операторларына:
1) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің деректеріне сәйкес келмейтін, уәкілетті органмен келісілмей ауыстырылған нөмірлік агрегаттары (шасси, шанақ) бар, сондай-ақ белгіленген талаптар бұзыла отырып, қайта жабдықталған, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері жоқ көлік құралдарын міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуге;
2) міндетті техникалық қарап тексеруді өткізуден негізсіз бас тартуға;
3) міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу мерзімінің бұзылуына байланысты міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу шарттарын өзгертуге;
4) көлік құралының иесінен міндетті техникалық қарап тексеруден өткізуге байланысты қосымша сыйақы талап етуге тыйым салынады.
92-бап. Міндетті техникалық қарап тексеруді ұйымдастыру және өткізу тәртібінің сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Техникалық қарап тексеру операторларының механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруді ұйымдастыру және одан өткізу тәртібін сақтауын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында жүзеге асырылады.
2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
14-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
93-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Жол жүрісі саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
94-бап. Айналасындағыларға жоғары қауіптілік төндіретін, жол жүрісі саласындағы қызметтен келтірілген зиян үшін жауаптылық
1. Жеке және заңды тұлғалардың жол жүрісі саласындағы қызметі айналасындағыларға жоғары қауіптілік төндіретін қызметке (жол жүрісі саласында тәуекелдері бар ұйымдар, көлік құралдарының иелері және тағы басқалар), ал көлік құралдары мен жолдар жоғары қауіптілік көзіне жатқызылады.
2. Қызметі жоғары қауіптілікпен байланысты жеке және заңды тұлғалар жоғары қауіптілік көзінен келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен өтеуге міндетті.
95-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы» 1996 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., № 14, 273-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2003 ж., № 10, 54-құжат; № 12, 82-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; 2008 ж., № 13-14, 54-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 23, 100-құжат; 2010 ж., № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 2, 25-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы сәуірдің 17-і.
№ 194-V