9. Өрттерді сөндіру кезінде келтірілген материалдық нұқсан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.
Өрт сөндіру кезінде құқыққа сыйымды әрекет еткен өртке қарсы қызметтердің қызметкерлері мен ерікті өрт сөндірушілер келтірілген нұқсанды өтеуден босатылады.
64-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері және сәйкестікті растау
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері өнім және (немесе) оның өмірлік циклінің процестері болып табылады.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
65-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау және шығару кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау және шығару кезінде:
1) өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін орналастыру;
2) өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін қолдану;
3) өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін өрт сөндіру-техникалық тұрғыдан сыныптау;
4) өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін өрт сөндіру деполары ғимараттарымен және құрылыстарымен қамтамасыз ету;
5) адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) өрттің таралуын болғызбау;
7) өрт сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
8) өрт сөндіру кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі талаптар сақталуға тиіс.
66-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және іске асыру кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілерін пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және іске асыру кезінде:
1) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар;
2) адамдарды эвакуациялау жолдары;
3) өрт шыққан кезде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және іс-қимыл тәртібі;
4) инженерлік жүйелердің жарақтандырылуы және жұмыс істеу жай-күйі;
5) өрт сөндіру автоматикасы жүйелерінің жарақтандырылуы және жұмыс істеу жай-күйі, оларға қызмет көрсету және қызмет көрсету персоналы үнемі болатын орындарға шығару;
6) өрт сөндіру техникасының жарақтандырылуы және жұмыс істеу жай-күйі;
7) өрттің таралуын болғызбау;
8) өрт сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
9) аумақтарды, ғимараттар мен құрылыстарды, үй-жайларды күтіп-ұстау;
10) өрт сөндіру кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі талаптар сақталуға тиіс.
13-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ЕМЕС ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ЕРІКТІ ҚҰРАЛЫМДАР
67-бап. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет
1. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің негізгі міндеттері:
1) ұйымдардағы, елді мекендердегі және объектілердегі өрттердің алдын алу және сөндіру;
2) ұйымдардағы, елді мекендердегі және объектілердегі авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерімен мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті міндетті түрде құру көзделген ұйымдар мен объектілердің, сондай-ақ елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құру немесе жұмыс істеп тұрған мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтермен қызмет көрсетуге шарттар жасасу арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өз жұмысын осы Заңға және өртке қарсы қызмет жұмысын реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет субъектілері өрт қауіпсіздігі саласындағы міндеттерді орындауда мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына жәрдем көрсетуге міндетті.
4. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жұмысқа он сегіз жасқа толған және арнайы даярлық пен оқу курсынан өткен Қазақстан Республикасының азаматтары қабылдана алады.
Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған және денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған, психикасының бұзылуы салдарынан жарамсыз деп танылған адамдар, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жұмысқа қабылдана алмайды.
Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өз жұмыскерлерін мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген нормалар бойынша арнайы киім-кешекпен және өртке қарсы жарақтармен қамтамасыз етуге міндетті.
5. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өрт сөндіру техникасы, өрт сөндіру-техникалық құрал-сайманы мен жабдығы бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген тиесілік нормаларына сай болуға тиіс.
68-бап. Өртке қарсы ерікті құралымдар
1. Дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттердің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында өртке қарсы ерікті құралымдар құрылуы мүмкін.
2. Өртке қарсы ерікті құралымдардың негізгі міндеттеріне:
1) дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттердің алдын алу және оларды сөндіру;
2) дала өрттерін, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттерді сөндіруге байланысты авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;
3) өрт қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету;
4) халықты өрт қауіпсіздігі шараларына және өрт шыққан кездегі іс-қимылдарға оқыту жатады.
3. Өртке қарсы ерікті құралымдар ерікті өрт сөндірушілерден жасақталады.
Ерікті өрт сөндірушілерге өздерінің іскерлік және моральдық қасиеттері бойынша, сондай-ақ денсаулық жағдайына қарай өрттердің алдын алуға және (немесе) сөндіруге байланысты міндеттерді атқаруға қабілетті азаматтар ерікті негізде жеке тәртіппен қабылданады.
Ерікті өрт сөндірушілерге қабылданған азаматтар жүргізілуін өртке қарсы ерікті құралымдар жүзеге асыратын ерікті өрт сөндірушілер тізіліміне тіркеледі және мамандандырылған оқу орталықтарында бастапқы даярлықтан өтеді.
Ерікті өрт сөндірушілерді бастапқы даярлаудың оқу бағдарламасын уәкілетті орган бекітеді.
Ерікті өрт сөндірушілердің кейінгі даярлығы өртке қарсы ерікті құралымда жүзеге асырылады.
Ерікті өрт сөндірушілердің кейінгі даярлық бағдарламасын өртке қарсы ерікті құралымның басшысы әзірлейді және оны уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басшысы бекітеді.
4. Өртке уақтылы ден қою үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша өртке қарсы ерікті құралымның басшысы ерікті өрт сөндірушілерді жинау тәртібі мен оларды өрт шыққан жерге жеткізу тәсілін айқындайды.
5. Ерікті өрт сөндіруші өрттердің алдын алу және сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау кезеңінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оның отбасы мүшелеріне соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақысының он еселенген жылдық мөлшерінен кем емес мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді.
6. Ерікті өрт сөндірушіге қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертігуі, жарақаттануы, жаралануы, контузия алуы, ауыруы салдарынан мүгедектік белгіленген кезде оған мынадай мөлшерлерде:
1) бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке - жалақысының бес еселенген жылдық мөлшерінде;
2) үшінші топтағы мүгедекке - жалақысының екі еселенген жылдық мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
7. Ерікті өрт сөндіруші қызметтік міндеттерін атқару кезінде еңбекке қабілеттілігінен тұрақты айырылып ауыр мертіккен, жарақаттанған, жараланған, контузия алған, ауырған жағдайда, оған мүгедектік белгіленбей, жалақысының жылдық мөлшерінен кем емес мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді.
8. Осы баптың 5, 6 және 7-тармақтарында көзделген біржолғы жәрдемақылар бюджет қаражаты есебінен төленеді.
9. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өртке қарсы ерікті құралымдардың тізілімін жүргізеді.
14-тарау. ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
69-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік техникалық регламенттерде, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында, нұсқаулықтарда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға бағытталған.
2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын белгілеу және орындау;
2) қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға жол беру;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін қауіпті техникалық құрылғыларды Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол беру;
4) қауiптi өндiрiстiк объектiнiң өнеркәсіптік қауiпсiздiгiн декларациялау;
5) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк қадағалау, сондай-ақ өндiрiстiк бақылау;
6) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк сараптамасы;
7) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына заңды тұлғаларды аттестаттау;
8) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк мониторингі;
9) кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің немесе құралымдарының қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсетуі арқылы қамтамасыз етiледi.
70-бап. Қауіпті өндірістік объектілердің белгілері
Қауіпті өндірістік объектілердің белгілері:
1) мынадай қауіпті заттардың ең болмағанда біреуін:
иондаушы сәулелену көзін;
тұтанғыш затты - қалыпты қысымда және ауамен араласқан кезде тұтанғыш болатын және қалыпты қысым кезінде қайнау температурасы 20 немесе одан төмен Цельсий градусы болатын газды;
жарылғыш затты - сыртқы әсердің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөліп және газ құрап, өздігінен жылдам тарайтын химиялық өзгеріске ұшырай алатын затты;
жанғыш затты - өздігінен тұтанып, сондай-ақ от алдыру көзінен жана алатын және оны алып тастағаннан кейін де өздігінен жанатын сұйықтықты, газды;
тотықтандырғыш затты - жануға көмектесетін, тұтануды тудыратын және (немесе) тотықтандыру-қалпына келтірудің экзотермиялық реакциясы нәтижесінде басқа заттардың тұтануына себеп болатын затты;
уытты затты - тірі организмдерге әсер еткен кезде олардың өліміне әкеп соқтыра алатын және мынадай сипаттамалары бар:
асқазанға енгізген кезде өлтіретін орташа дозасы - бір килограмм салмаққа қоса алғанда 15-тен 200 миллиграмға дейінгі;
теріге жаққан кезде өлтіретін орташа дозасы - бір килограмм салмаққа қоса алғанда 50-ден 400 миллиграмға дейінгі;
ауадағы өлтіретін орташа концентрациясы - бір литрге қоса алғанда 0,5-тен 2 миллиграмға дейінгі затты;
жоғары уытты затты - тірі организмдерге әсер еткен кезде олардың өліміне әкеп соқтыра алатын және мынадай сипаттамалары бар:
асқазанға енгізген кезде өлтіретін орташа дозасы - бір килограмм салмаққа 15 миллиграмнан аспайтын;
теріге жаққан кезде өлтіретін орташа дозасы - бір килограмм салмаққа 50 миллиграмнан аспайтын;
ауадағы өлтіретін орташа концентрациясы - бір литрге 0,5 миллиграмнан аспайтын затты;
қоршаған ортаға қауіп төндіретін, оның ішінде судағы ортада мынадай өте уытты көрсеткіштермен сипатталатын:
балыққа тоқсан алты сағат бойы ингаляциялық әсер еткен кезде өлтіретін орташа дозасы - бір литрге 10 миллиграмнан аспайтын;
дафнияға қырық сегіз сағат бойы әсер еткен кезде белгілі әсер тудыратын удың орташа концентрациясы - бір литрге 10 миллиграмнан аспайтын;
балдырларға жетпіс екі сағат бойы әсер еткен кезде баяулататын орташа концентрациясы - бір литрге 10 миллиграмнан аспайтын затты өндіру, пайдалану, қайта өңдеу, түзу, сақтау, тасымалдау, жою;
2) қара, түсті, бағалы металдардың балқымаларын және осы металдардың негізінде алынатын қорытпаларын өндіру;
3) тау-кен, геологиялық барлау, бұрғылау, жарылыс жұмыстарын, пайдалы қазбаларды өндіру және минералды шикізатты қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды, жерасты жағдайларында жұмыстарды жүргізу болып табылады.
71-бап. Қауіпті өндірістік объектілер
1. Қауіпті өндірістік объектілерге осы Заңның 70-бабында белгіленген белгілер бар және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қауіпті өндірістік объектілерді сәйкестендіру қағидаларына сәйкес сондай деп сәйкестендірілетін кәсіпорындар, өндірістік бөлімшелер және осы кәсіпорындардың басқа да объектілері жатады.
2. Қауіпті өндірістік объектілерге мынадай қауіпті техникалық құрылғылар да:
1) жылу желілерін қоспағанда, 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе 115 Цельсий градустан аса судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін техникалық құрылғылар;
2) жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер жатады.
72-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына заңды тұлғаларды аттестаттау
1. Заңды тұлғалар:
1) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк сараптамасын жүргiзу;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау;
3) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу;
4) қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу;
5) газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу құқығына аттестатталуға жатады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттау үшін заңды тұлға уәкілетті органға:
1) өнеркәсіп саласын және жүзеге асырылатын қызмет түрін көрсете отырып, электрондық құжат нысанындағы өтінішті;
2) ұйымның мәлімделген жұмыс түрлеріне, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы сараптама қорытындысының электрондық көшірмесін;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын білуіне тексеруден өткен мамандардың біліктілік құрамы, материалдық-техникалық база туралы электрондық құжат нысанында мәліметтерді ұсынады.
3. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттау туралы құжаттарды қарауды, олар уәкілетті органда тіркелген күннен бастап есептелетін он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган жүзеге асырады.
4. Уәкiлеттi орган қарау қорытындылары бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестат (бұдан әрі - аттестат) беру немесе аттестатты беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.
5. Аттестат немесе аттестат беруден дәлелді бас тарту өтініш берушіге шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі.
6. Аттестатты беруден мынадай себептер бойынша:
1) осы баптың 2-тармағында көрсетiлген құжаттар ұсынылмағанда;
2) өтініш беруші өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарға сәйкес келмегенде бас тартылуы мүмкін.
Заңды тұлға көрсетілген себептерді жойған кезде аттестаттау туралы өтініш жалпы негіздерде қаралады.
7. Аттестаттың қолданылу мерзімі бес жылды құрайды.
Аттестат бланкілері қатаң есептілік құжаттары болып табылады, қорғанышы мен нөмірі болады.
Аттестат жалғыз данада беріледі, оны басқа заңды тұлғаларға беруге тыйым салынады.
Жоғалған, бүлінген аттестаттар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына уәкілетті орган аттестаттаған ұйым (бұдан әрі - аттестатталған ұйым) уәкілетті органға жазбаша өтініш (аттестаттың жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттарды қоса бере отырып) берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аттестаттың телнұсқасын беруді жүргізеді.
Аттестатталған ұйым Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзып, оның ішінде осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарда анық емес ақпарат бере отырып қызметін жүзеге асырған жағдайда, аталған ұйым Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Аттестаттың қолданылуын тоқтата тұрудың себептері жойылмаған жағдайда, аттестаттан айыру сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Аттестаттың қолданылуы:
1) аттестатталған ұйым аттестаттың қолданылуын тоқтату туралы өтініммен өтініш ұсынған;
2) оның қолданылу мерзімі өткен;
3) заңды тұлға таратылған;
4) аттестаттан айырған жағдайларда тоқтатылады.
8. Аттестатталған ұйымдар туралы немесе аттестаттың қолданылуын тоқтату туралы ақпаратты уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында орналастырады және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында жарияланады.
Уәкілетті орган берілген және өз қолданысын тоқтатқан аттестаттардың тізілімін жүргізеді.
73-бап. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк сараптамасы
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасына:
1) осы Заңның 71-бабының 2-тармағында көрсетілген қауіпті техникалық құрылғылар;
2) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын құрылыс материалдарын қоспағанда, қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар;
3) қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясы;
4) қауіпті өндірістік объектілердің өндірістік ғимараттары, технологиялық құрылыстары;
5) аттестат алу кезінде мәлімделген жұмыс түрлеріне, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне заңды тұлғалар жатады.
2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк сараптамасын өтініш беруші ұйымға тәуелді емес аттестатталған ұйымдар өтініш беруші ұйымның қаражаты есебiнен жүргiзедi.
3. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк сараптамасын жүргізудің нәтижесi сараптама қорытындысы болып табылады.
74-бап. Қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, қауіпті техникалық құрылғыларды қолдануға рұқсат беру
1. Қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, қауіпті техникалық құрылғыларды, оның ішінде шетелде шығарылғандарын қолдануға рұқсат алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың, қауіпті техникалық құрылғылардың мақсаты және олардың қолданылу саласы туралы қысқаша ақпаратпен электрондық құжат нысанындағы өтінішті және қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың, қауіпті техникалық құрылғылардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы сараптама қорытындысының электрондық көшірмесін береді.
Қазақстан Республикасының резиденті емес - заңды тұлғалар қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, қауіпті техникалық құрылғыларды қолдануға рұқсат алу үшін уәкілетті органға:
1) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың, қауіпті техникалық құрылғылардың мақсаты және олардың қолданылу саласы туралы қысқаша ақпаратпен өтінішті;
2) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың, қауіпті техникалық құрылғылардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы сараптама қорытындысын береді.
2. Қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар, қауіпті техникалық құрылғылар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган күнтізбелік он бес күн ішінде оларды қолдануға рұқсат береді.
3. Техникалық құрылғылардың құрамына кіретін тораптарды, детальдарды, аспаптарды, жинақтаушы бұйымдарды, қосалқы бөлшектерді қолдануға рұқсат беру талап етілмейді.
4. Пайдалану процесінде қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың, қауіпті техникалық құрылғылардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған кезде, оларды қолдануға берілген рұқсатты уәкілетті орган кері қайтарып алады.
5. Қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, қауіпті техникалық құрылғыларды қолдануға берілген, қайтарып алынған рұқсаттарды есепке алуды уәкілетті орган жүзеге асырады.
6. Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берілген, қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологиялар, техникалық құрылғылар, материалдар, қауіпті техникалық құрылғылар туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
75-бап. Жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды ұдайы қолдануға, жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру
1. Жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды, оның ішінде шетелде шығарылғандарын ұдайы қолдануға рұқсат алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға тәжірибелік партияны қабылдау сынақтары актісінің және аттестатталған ұйымның сараптама қорытындысының электрондық көшірмелері қоса тіркелген электрондық құжат нысанындағы өтінішті береді.
2. Сынақтар жүргiзу жөнiндегi комиссияның құрамына өтініш берушінің, аттестатталған ұйымның және уәкiлеттi органның өкiлдерi кіруге тиiс.
3. Жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды ұдайы қолдануға рұқсатты уәкілетті орган мыналарды:
1) жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдардың оларды дайындауға және қолдануға арналған техникалық құжаттамада белгіленген талаптарға, оның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне бақылау сынақтарын;
2) өндірістік жағдайларда қабылдау сынақтарын қамтитын сынақтар кешенін жүргізгеннен кейін береді.
4. Жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі береді.
76-бап. Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздігін міндетті декларациялау
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті міндетті декларациялауға қауіпті өндірістік объектілерді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен декларацияланатын объектілерге жатқызу критерийлеріне сәйкес келетін қауіпті өндірістік объектілер жатады.
2. Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсiптiк қауiпсiздiк декларациясы (бұдан әрi - декларация) жобаланатын және жұмыс істеп тұрған қауіпті өндірістік объектілер үшін әзірленеді.
3. Декларация әзiрлеудi қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйым декларация әзірлеу құқығын беретін аттестат болған кезде дербес не декларация әзірлеу құқығына аттестатталған бөгде ұйым жүзеге асырады.
4. Декларацияны қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның басшысы бекiтедi.
Қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның басшысы декларацияның уақтылы ұсынылуына, онда қамтылған мәлiметтердiң толықтығына және анықтығына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
5. Декларацияны әзірлеу құқығын беретін аттестатталған ұйымда декларация сараптама жасалуға жатады.
6. Декларацияға тіркеу шифрын беру үшін өтініш беруші уәкілетті органға электрондық құжаттар нысанында өтініш пен декларацияны сараптама қорытындысының сканерленген көшірмесімен бірге береді.
Уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды қарап шығып, декларацияны тіркеу туралы шешім қабылдайды не дәлелді бас тартуды ұсынады.
Уәкілетті орган тіркеген декларация уәкілетті органда электрондық құжат нысанында сақталады.
7. Қауiптi өндірістік объектiнi уәкілетті орган тіркеген декларациясыз пайдалануға тыйым салынады.
8. Тіркелген декларациялардың тізбесі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
9. Қауіпті өндірістік объектіні жаңғырту немесе қайта бейіндеу жағдайларын қоса алғанда, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер ететін шарттар өзгерген жағдайда, декларация өзгертілуге жатады.
Декларацияға өзгерістер енгізілген кезде ол өзгерістер енгізілгеннен кейін үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде қайта сараптама жүргізілуге және тіркелуге жатады.
77-бап. Қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару
1. Қауіпті техникалық құрылғыны есепке қою, есептен шығару үшін қауіпті техникалық құрылғыны пайдаланатын ұйым басшысы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтініш береді.
2. Өтініште есепке қою немесе есептен шығару үшін қауіпті техникалық құрылғыны сәйкестендіру негіздері көрсетіледі.
3. Қауіпті техникалық құрылғыны есепке қою, есептен шығару қауіпті техникалық құрылғыны есепке қою, есептен шығару туралы хабарлама беріліп, өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.