1. Жергілікті өкілді органдар:
1) төтенше жағдайлар туындаған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, олардың алдын алу және жою жөніндегі қағидаларды бекітуге құқылы, оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Азаматтық қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлардың салдарларын жоюды жүзеге асырады, сондай-ақ уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, олардың алдын алуды және оларды жоюды қамтамасыз етеді.
3. Жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қорғау саласындағы өкілеттіктеріне:
1) халық пен ұйымдарға азаматтық қорғау саласындағы шаралар туралы хабар беру;
2) мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін ұйымдастыру, оларды материалдық-техникалық жарақтандыру;
3) қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері болған жағдайда оларды оқшаулау, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншіктерді күзету, қоғамдық тәртіпті ұстап тұру жөніндегі іс-шараларды орындау бойынша, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, қажетті көмек көрсету;
4) азаматтық қорғауды басқарудың аумақтық кіші жүйелерінің күштері мен құралдарын құру және оларды ұдайы әзірлікте ұстап тұру;
5) аварияларды, төтенше жағдайларды тергеп-тексеруге қатысу;
6) бекітілген бюджеттік мақсаттарға сәйкес азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою бойынша жергілікті бюджеттің атқарылуын қамтамасыз ету;
7) төтенше жағдайларды жойғаннан кейін қоршаған ортаны сауықтыру, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметін қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
8) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесіне басшылық ету;
9) азаматтық қорғаныс мүлкінің көлемдерін айқындау және оларды жинақтау, сақтау, жаңарту және әзірлікте ұстап тұру жөнінде қажетті шаралар қолдану;
10) игеріліп жатқан кен орындары аудандардағы және сейсмикалық қауіпті өңірлердегі бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын арттыру;
11) құлақтандыру мен хабар берудің техникалық құралдарын орналастыруды ұйымдастыру;
12) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың авариялық және шұғыл қызметтерінің, азаматтық қорғау қызметтерінің бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметімен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыру;
13) төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету;
14) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын бекіту;
15) дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттерді сөндіру;
16) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға жергілікті атқарушы органдардың төтенше резервінен қаражат бөлу;
17) төтенше жағдайларды болғызбау, адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі салдарларды жою және нұқсанды азайту жөнінде шараларды әзірлеу және қолдану;
18) төтенше жағдай аймағында зардап шеккендерді медициналық қамтамасыз етуді, оның ішінде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
19) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз ету;
20) жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
4. Жергілікті атқарушы органдар:
1) ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының ерікті өрт сөндірушілеріне, құтқарушыларына, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне осы Заңның 103-бабының 3, 4, 5 және 7-тармақтарына сәйкес әлеуметтік көмек үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджет қаражатын бөлу туралы шешім қабылдауға;
2) ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын, өртке қарсы ерікті құралымдарды жарақтандыруға жәрдем көрсетуге;
3) бюджет қаражаты болған кезде уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес уәкілетті органға оның аумақтық бөлімшелері мен оған ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің ғимараттары мен құрылыстарын материалдық-техникалық жарақтандыруға, салуға, реконструкциялауға және жөндеуге жәрдем көрсетуге құқылы.
16-бап. Ұйымдардың азаматтық қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Ұйымдардың:
1) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына азаматтық қорғауды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) өздерінің объектілерінде болған авариялардың, оқыс оқиғалар мен өрттердің себептері мен мән-жайларын анықтау жөнінде жұмыстар жүргізуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған шекте азаматтық қорғауды қамтамасыз ету жөнінде әлеуметтік және экономикалық ынталандыру шараларын белгілеуге;
4) азаматтық қорғау мәселелері жөнінде ақпарат алуға;
5) өздері өз қаражаты есебінен ұстайтын мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құруға, қайта ұйымдастыруға және таратуға, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті шарттар негізінде тартуға;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерге бағалау жүргізуге құқығы бар.
2. Ұйымдар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік инспекторлардың бұзушылықтарды жою жөнінде берген нұсқамаларын орындауға;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар әзірлеуге және оларды жүзеге асыруға;
3) өртке қарсы насихат жүргізуге, сондай-ақ өз жұмыскерлерін өрт қауіпсіздігі шараларына оқытуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті құруға немесе мемлекеттік емес өртке қарсы қызметпен шарттар жасасуға;
5) өрт сөндіру жүйелері мен құралдарын жарамды күйде ұстауға, олардың мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеуге;
6) өрттерді сөндіру, аварияларды жою, олардың туындау және өршу себептері мен жағдайларын анықтау кезінде, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуына, өрттердің және авариялардың туындауына жол берген тұлғаларды анықтау кезінде жәрдем көрсетуге, азаматтық қорғау күштерінің бөлімшелері ұйымдардың аумақтарында қызметтік міндеттерін жүзеге асырған кезде олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кіруін қамтамасыз етуге;
7) уәкілетті органның және мемлекеттік инспекторлардың сұрау салуы бойынша өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы, оның ішінде өздері өндіретін өнімдердің өртену қауіптілігі туралы, сондай-ақ өз аумақтарында болған өрттер, авариялар, оқыс оқиғалар және олардың салдарлары туралы мәліметтер мен құжаттарды беруге;
8) өртке қарсы қызметке туындаған өрттер, өртке қарсы қорғанудың қолда бар жүйелері мен құралдарының ақаулары туралы, жолдар мен кірме жолдар жай-күйінің өзгеруі туралы дереу хабарлауға;
9) төтенше жағдайлардың туындау қатері туралы немесе туындауы туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен беруге, жұмыскерлер мен халықты құлақтандыруға;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жұмыскерлерге және басқа да азаматтарға төтенше жағдайлардың салдарларынан келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеуді қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларды жойғаннан кейін қоршаған ортаны сауықтыру, жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметін қалпына келтіру жөнінде іс-шаралар жүргізуге;
11) жұмыскерлерді және өндірістік әрі әлеуметтік мақсаттағы объектілерді төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға міндетті.
3. Қауіпті өндірістік объектілері бар және (немесе) олардағы жұмыстарға тартылатын ұйымдар осы баптың 2-тармағына қосымша:
1) Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берілген технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
3) өндірістік ғимараттарды, технологиялық құрылыстарды зерттеп-қарау мен диагностикалауды жүргізуге;
4) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын, сондай-ақ осы Заңның 71-бабының 2-тармағында көрсетілген техникалық құрылғыларға техникалық куәландыруды жүргізуге;
5) қызмет етудің нормативтік мерзімі біткен техникалық құрылғыларға оларды одан әрі қауіпсіз пайдаланудың мүмкін мерзімін анықтау үшін сараптама жүргізуге;
6) белгіленген өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай келетін лауазымды адамдар мен жұмыскерлерді қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа жіберуге;
7) қауіпті өндірістік объектілерге бөгде адамдардың кіруін болғызбау жөнінде шаралар қабылдауға;
8) авариялардың, оқыс оқиғалардың туындау себептеріне талдау жүргізуге, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің және олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға;
9) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, жергілікті атқарушы органдарға, төтенше жағдай таралатын есепті аймаққа жататын халыққа және жұмыскерлерге авариялар туралы және қауіпті өндірістік факторлардың туындауы туралы дереу хабар беруге;
10) аварияларды, оқыс оқиғаларды есепке алуды жүргізуге;
11) қауіпті өндірістік объектінің қаржылық-экономикалық қызметі жоспарларын әзірлеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды көздеуге;
12) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне жарақаттану және оқыс оқиғалар туралы ақпарат беруге;
13) мемлекеттік инспекторды қауіпті өндірістік объектіде болған кезде жеке қорғану құралдарымен, қауіпсіздік аспаптармен қамтамасыз етуге;
14) қызмет етуінің нормативтік мерзімі біткен техникалық құрылғыларды уақтылы жаңартуды қамтамасыз етуге;
15) осы Заңда айқындалған қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігін декларациялауға;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес қауіпті өндірістік объектінің жұмыскерлер штатының жасақталуын қамтамасыз етуге;
17) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандардың, жұмыскерлердің даярлығын, қайта даярлығын және білімін тексеруді қамтамасыз етуге;
18) кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерімен және құралымдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет көрсетуге арналған шарттар жасасуға немесе осы ұйымдардың қауіпті өндірістік объектілеріне қызмет көрсету үшін объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құруға;
19) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қауіпті заттардың тасымалданатыны туралы бұларды жүзеге асырғанға дейінгі кемінде күнтізбелік үш күн бұрын жазбаша хабарлауға;
20) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде қауіпті өндірістік объектілерді есепке қоюды, есептен шығаруды жүзеге асыруға;
21) осы Заңға сәйкес қауіпті өндірістік объектіні салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға жобалық құжаттаманы келісуге;
22) қауіпті өндірістік объектіні пайдалануға берген кезде мемлекеттік инспектордың қатысуымен қабылдау сынақтарын, техникалық куәландыруларды жүргізуге;
23) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жиынтықпен, қажетті техникамен, жабдықпен, сақтандыру және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ете отырып, объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын әзірлікте ұстап тұруға;
24) қауіпті өндірістік объектілерде ықтимал аварияларды және олардың салдарларын оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға;
25) аварияларды жою жоспарына сәйкес жұмыстарды жүргізуге материалдық және қаржылық ресурстардың резервтеріне ие болуға;
26) қауіпті өндірістік объектілерде авария, оқыс оқиға туындаған жағдайда мониторинг жүргізу, байланыс және іс-қимылдарды қолдау жүйелерін құруға және олардың орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
27) қауіпті өндірістік объектілерде авария, оқыс оқиға болған жағдайда жұмыскерлерді іс-қимылдарға оқытуды жүзеге асыруға;
28) жергілікті құлақтандыру жүйелерін құруға және ұдайы әзірлікте ұстап тұруға міндетті.
4. Қауіпті өндірістік объектілері бар және (немесе) олардағы жұмыстарға тартылатын ұйымдарға, егер олар осы объектілерде:
көмірсутек шикізатын геологиялық барлауды қоспағанда, геологиялық барлау жұмыстарын және бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізбестен кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру бойынша тау-кен жұмыстарын;
жүк көтергіш механизмдер пайдаланылатын жұмыстарды ғана жүргізсе, осы баптың 3-тармағы 18) тармақшасының күші қолданылмайды.
5. Азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдар осы баптың 2-тармағына қосымша:
1) азаматтық қорғаныс жоспарларын әзірлеуге және іске асыруға;
2) объектілік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеуге, бекітуге және іске асыруға;
3) әскери қақтығыстар жүргізу кезінде жұмыскерлерді және объектілерді қорғау бойынша азаматтық қорғаныс іс-шараларын жүзеге асыруға;
4) азаматтық қорғаныс бойынша жұмыскерлерді оқытуды жүзеге асыруға;
5) ұжымдық және жеке қорғану құралдарының запастарын құруға және оларды ұдайы әзірлікте ұстап тұруға;
6) өз объектілерінде авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуді ұйымдастыруға міндетті.
17-бап. Қоғамдық бірлестіктердің азаматтық қорғау саласындағы қызметі
1. Қоғамдық бірлестіктер азаматтық қорғау саласында:
халық арасында азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды жүзеге асырады;
орталық және жергілікті атқарушы органдарға зардап шеккендерге шұғыл гуманитарлық және өзге де көмек беруде жәрдем көрсетеді;
Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады.
2. Осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің құтқарушы немесе ерікті өрт сөндіруші мәртебесі болған кезде төтенше жағдайларды жоюға қатысуға құқығы бар.
3. Қоғамдық бірлестіктер зардап шеккендерге шұғыл гуманитарлық және өзге де көмек көрсету жөніндегі өз қызметін уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшелерімен үйлестіреді, олардың іс-қимылдары төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою жөніндегі тиісті іс-қимылдар жоспарларында көрініс табуға тиіс.
18-бап. Жеке тұлғалардың азаматтық қорғау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Жеке тұлғалардың:
1) ұшырауы мүмкін төтенше жағдайлардың қауіпті факторларының туындау қатері туралы және қажетті қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратты күні бұрын алуға;
2) азаматтарды, объектілерді төтенше жағдайлардан және олардан туындаған салдарлардан қорғау мәселелері бойынша жеке өтініш білдіруге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жеке және ұжымдық өтініштер жіберуге;
3) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте қатысуға;
4) осы Заңда көзделген жағдайларда, азаматтарды қорғауға арналған ұжымдық және жеке қорғану құралдарын, басқа да мүлікті пайдалануға;
5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан өздерінің денсаулығына келтірілген зиян мен мүлкіне келтірілген нұқсанды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтетуге;
6) төтенше жағдайлар туындаған жағдайда өмірін, денсаулығын және жеке мүлкін қорғауға;
7) мертігуіне немесе ауруына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айырылған, мертігуден немесе аурудан қаза тапқан немесе қайтыс болған асыраушысынан айырылған жағдайларда, егер бұлар төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою жөніндегі міндеттерді орындау салдарынан болған болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандырылуға;
8) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан өздерінің денсаулығына келтірілген зиян мен мүлкіне келтірілген нұқсанды өтету туралы сотқа қуыным беруге құқығы бар.
2. Жеке тұлғалар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасын сақтауға;
2) бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметіне өздеріне белгілі болған төтенше жағдайлардың туындау қатері немесе туындағаны туралы хабар беруге;
3) «Баршаның назарына!» құлақтандыру сигналы бойынша іс-қимыл тәртібін білуге және орындауға;
4) азаматтық қорғау бойынша оқудан өтуге;
5) тұрмыста және күнделікті еңбек пен шаруашылық қызметте қауіпсіздік шараларын сақтауға, төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соғуы мүмкін өндірістік және технологиялық тәртіптің, қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол бермеуге;
6) өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін адамдарды, мүлікті құтқару және өрттерді сөндіру бойынша қолдан келген шараларды қабылдауға;
7) өртке қарсы қызметке өрттерді сөндіру кезінде оларды сөндірумен тікелей байланысты емес жәрдем көрсетуге;
8) мемлекеттік инспекторлар мен азаматтық қорғау органдарының нұсқамаларын және заңды талаптарын орындауға;
9) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою бойынша өткізілетін оқу-жаттығулар мен жаттығуларға қатысуға, халықты және объектілерді қорғау құралдарына ұқыпты қарауға міндетті.
3. Қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істейтін жеке тұлғалар осы баптың 2-тармағына қосымша:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға;
2) ұйым әкімшілігіне қауіпті өндірістік объектідегі авариялар, оқыс оқиғалар туралы дереу хабар беруге, өрттерді байқаған жағдайда бұлар жөнінде өртке қарсы қызметті хабардар етуге;
3) өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша оқудан және нұсқама алудан, қайта даярлықтан, білімін тексеруден өтуге;
4) аварияларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияларға жәрдем көрсетуге міндетті.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген азаматтық қорғау саласындағы құқықтарды пайдаланады және міндеттілікте болады.
2-БӨЛІМ. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС
4-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫСҚА БАСШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ ІС-ШАРАЛАРЫ
19-бап. Азаматтық қорғанысқа басшылық және оны басқару
1. Азаматтық қорғанысқа басшылықты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жүзеге асырады, ол лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы болып табылады.
2. Уәкілетті орган басшысы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары болып табылады және бейбіт уақытта азаматтық қорғанысқа басшылық етеді.
3. Орталық атқарушы органдарда және ұйымдарда азаматтық қорғанысқа басшылықты олардың бiрiншi басшылары жүзеге асырады, олар лауазымы бойынша азаматтық қорғаныстың тиiстi бастықтары болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктерінде азаматтық қорғанысқа басшылықты әкімдер жүзеге асырады, олар лауазымы бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің азаматтық қорғаныс бастықтары болып табылады.
5. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары лауазымы бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктердің азаматтық қорғанысының тиісті бастықтарының орынбасарлары болып табылады.
6. Мемлекеттің азаматтық қорғаныс бойынша дайындығы қару-жарақтың, әскери техниканың және халық пен объектілерді қорғау құралдарының дамуы ескеріле отырып, күні бұрын бейбіт уақытта жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде азаматтық қорғанысты жүргізу ерекше жағдайларда, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери қақтығыстардың нақты басталуынан немесе соғыс жағдайын енгізуден басталады.
8. Азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын қамтамасыз ету:
1) уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелеріне;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдарында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелерге;
3) азаматтық қорғаныс санаттарына жатқызылған, бірінші басшыға тікелей бағынатын ұйымдарда азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелерге немесе жекелеген жұмыскерлерге жүктеледі.
Уәкілетті органда, оның аумақтық бөлімшелерінде және ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерде штат санының лимиті шегіндегі лауазымдардың бір бөлігі әскери қызметшілерден, оның ішінде Қорғаныс министрлігінен, арнайы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан ауыстырылған (іссапарға жіберілген) әскери қызметшілерден жасақталады.
9. Азаматтық қорғаныс бастықтары:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы белгiлеген тәртiппен тиісті деңгейдегi азаматтық қорғаныс жоспарын бекiтуге және қолданысқа енгізуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты аумақта эвакуациялық іс-шаралар жүргізуге;
3) азаматтар мен ұйымдарды азаматтық қорғаныс іс-шараларын жүргiзуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тартуға міндетті.
20-бап. Қалаларды азаматтық қорғаныс бойынша топтарға жатқызу.
Ұйымдарды азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызу
1. Азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды - топтарға, ал ұйымдарды санаттарға жатқызу мемлекеттiк, қорғаныстық маңызына және халықтың тiршілігін қамтамасыз етуге қарай азаматтық қорғаныс iс-шараларын кешендi және сараланған түрде жүргiзу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Азаматтық қорғаныс бойынша орындалатын мiндеттердiң көлемiне қарай қалалар үшін мынадай: ерекше, бiрiншi, екiншi және үшінші топтар айқындалады.
Қалаларды топтарға жатқызу мынадай критерийлер бойынша белгiленедi:
1) ерекше топқа астана мен республикалық маңызы бар қала жатады;
2) бiрiншi топқа мынадай қалалар:
халқының саны миллион адам және одан астам болатын;
халқының саны бес жүз мың адам және одан астам, аумағында аса маңызды санаттағы кемiнде үш ұйым немесе елуден астам санаттандырылған ұйым орналасқан;
егер қала халқының не аумағының елу пайыздан астамы жаһандық немесе өңiрлік ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кірсе жатады;
3) екiншi топқа мынадай қалалар:
халқының саны бес жүз мың адам және одан астам болатын;
халқының саны екі жүз елу мың адамнан бес жүз мың адамға дейiн, аумағында аса маңызды санаттағы кемiнде екi ұйым немесе жиырмадан астам санаттандырылған ұйым орналасқан;
егер қала халқының не аумағының отыздан елу пайызға дейiнгісі жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кірсе жатады;
4) үшінші топқа мынадай қалалар:
халқының саны екі жүз елу мың адамнан бес жүз мың адамға дейiнгі;
халқының саны он мың адамнан екі жүз елу мың адамға дейiнгі, аумағында аса маңызды санаттағы бір ұйым немесе екеуден астам санаттандырылған ұйым орналасқан;