98-бап. Банкрот мүлкінің (активтерінің) құнын бағалау
1. Уақытша басқарушының түгендеу туралы есебінде көрсетілген мүлікке (активтерге) бағалау жүргізу туралы шешімді кредиторлар жиналысы қабылдайды.
Жаңадан анықталған не мүліктік массаға қайтарылған мүлікке (активтерге) бағалау жүргізу туралы шешімді банкроттықты басқарушының түгендеу туралы есебін қарау кезінде кредиторлар комитеті қабылдайды.
2. Жиналыстың не кредиторлар комитетінің бағалау туралы шешімінде:
1) конкурстық комиссияның саны мен құрамы туралы мәліметтер;
2) бағалаушыны таңдау жөнінде конкурс жариялау және өткізу үшін мерзімдер қамтылуға тиіс.
3. Жиналыстың не кредиторлар комитетінің шешіміне сәйкес банкроттықты басқарушы конкурстық негізде тиісті мамандарды тарта отырып, дебиторлық берешекті қоса алғанда, борышкердің мүлкін (активтерін) бағалауды жүргізеді.
4. Банкроттықты басқарушы кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде мүлікті оның теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қоюға құқылы.
99-бап. Банкроттың мүлкін (активтерін) сату
1. Талап қою құқығын қоса алғанда, банкроттың мүлкiн сатуды банкроттықты басқарушы сату жоспарына сәйкес не тікелей сату әдісімен электрондық аукцион өткiзу арқылы жүзеге асырады.
Борышкердің (банкроттың) мүлкiн (активтерiн) сату бойынша электрондық аукционды өткiзу тәртiбiн және оны ұйымдастырушыны Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
2. Банкроттықты басқарушы сату жоспарын банкроттың мүліктік массасын түгендеу және бағалау деректерінің негізінде, сондай-ақ мүлікті теңгерімдік құны бойынша электрондық аукционға қою туралы кредиторлар жиналысы шешімінің негізінде жасайды.
Банкроттың мүлкін сату жоспарында аукционға бірыңғай лотпен мүліктік массаны бастапқы қою бойынша міндетті шарт қамтылуға тиіс.
Банкроттықты басқарушы кредиторлар жиналысы белгілеген мерзімде сату жоспарын жасауға және оны кредиторлар жиналысына ұсынуға міндетті.
Егер аукцион бірыңғай лот бойынша өтпеген жағдайда не оған қатысушылардың ешқайсысы бірыңғай лотты иемденбесе, мүлікті өткізу бөлек лоттармен жүзеге асырылады
3. Банкроттың айналымда шектеулі мүлкін өткізу жабық электрондық аукционда жүзеге асырылады. Осы мүлікті иемденуге құқығы бар адамдар жабық электрондық аукционның қатысушылары бола алады.
4. Банкроттың мүлікті сату жоспарына сәйкес сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған мүлкі өздерінің талаптары толық көлемде қанағаттандырылмаған тиісті кезектің кредиторларына, олардың келісімімен сату жоспарында көрсетілген бастапқы бағасы бойынша жалпы үлестік меншікке беруге жатады.
5. Стратегиялық объектіні сату кезінде Қазақстан Республикасы осындай мүлікті иемденуге басым құқыққа ие болады.
Банкроттықты басқарушы стратегиялық объектіні сатуды «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны иеліктен шығаруға рұқсат беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін алғаннан кейін жүзеге асырады.
6. Банкроттың мүлкін (активтерін) тікелей сату кезінде сату бағасы және басқа да шарттар, сондай-ақ сатып алушы және онымен сатып алу-сату шартын жасасу мерзімі кредиторлар жиналысының бірауыздан қабылданған шешімімен және мүліктің меншік иесінің келісімімен айқындалады.
7. Банкроттың мүліктік массасында банкроттықты басқарушы тағайындалғанға дейінгі мерзім ішінде құны елеулі төмендейтін мүлік (тез бұзылатын тауарлар, мал және жедел өткізуді талап ететін өзге де тауарлар) болған жағдайларда, уақытша басқарушы осындай мүлік анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде осындай мүлікті сату жоспарын жасауға және оны уәкілетті органға келісуге ұсынуға міндетті.
Уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде уақытша басқарушының өтінішін қарауға және қабылданған шешім туралы уақытша басқарушыны дереу хабардар ете отырып, сату жоспарын келісу не келісуден бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті
Уақытша басқарушы бекітілген сату жоспарына сәйкес мүлікті өткізуге міндетті.
100-бап. Мүліктік массаны бөлудің кезектілігі
1. Әкiмшiлiк және сот шығыстары банкрот мүлкiнiң есебiнен кезектен тыс өтеледi.
Банкроттық рәсімін жүргізуге байланысты әкiмшiлiк шығыстар олар бойынша төлеу міндеті банкроттық туралы іс қозғалған кезден бастап және одан кейінгі кезең ішінде туындаған, тартылатын мамандардың қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығындарды, уақытша және банкроттықты басқарушыларға ағымдағы төлемдер сомасын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға еңбекақы төлеуді қамтиды.
Әкімшілік шығыстарға салықтық тексерулердің нәтижелері бойынша салық қызметі органы банкроттық рәсімі қолданылған салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңдер үшін есептеген, салық төлеушінің салықтық есептілікке сәйкес есептеген салықтар және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жатады.
Кредиторлар комитетінің банкроттықты басқарушымен жасасқан келісімі шегіндегі әкімшілік шығыстар сомаларын басқарушы олардың пайда болуына қарай төлеуі мүмкін.
2. Бірінші кезекте өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша; алименттерді өндіріп алу бойынша; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектерді төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы мен өтемақыларды төлеу бойынша; авторлық шарттар жөніндегі сыйақыларды төлеу бойынша талаптар қанағаттандырылады.
Бірінші кезектегі талаптарды өтеу осы тармақта жазылған тәртіппен жүзеге асырылады.
Кредиторлардың өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянның орнын толтыру бойынша талаптарын өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған кезде мүлік олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомаларына пропорционалды түрде олардың арасында бөлінеді. Осы бөлік ережелері кредиторлардың алименттерді өндіріп алу бойынша; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешектерді төлей отырып, еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы мен өтемақыларды төлеу бойынша; авторлық шарттар жөніндегі сыйақыларды төлеу бойынша талаптарын өтеу кезінде қолданылады.
3. Екінші кезекте осы Заңның 104-бабында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген банкрот мүлкінің кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелері бойынша кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады.
4. Үшінші кезекте салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек өтеледі.
5. Төртінші кезекте азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі, сондай-ақ осы Заңның 104-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады.
6. Бесінші кезекте кредиторлардың залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) өндіріп алу бойынша талаптары қанағаттандырылады.
101-бап. Кредиторлармен есеп айырысу қағидалары
1. Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектегі талаптар толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.
Кредитордың талабы оның келісуімен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілдермен, оның ішінде ақшалай нысанда және (немесе) мүлікті заттай беру арқылы қанағаттандырылуы мүмкін.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар және міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша кредитордан басқа кредитор оны банкроттықты басқарушы ұсынған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде мүлікті талапты өтеу есебіне заттай қабылдау туралы өзінің жазбаша келісімін (келіспейтінін) білдіруге тиіс. Кредитордың жазбаша келісімін белгіленген мерзімде ұсынбауы мүлікті заттай қабылдаудан бас тартуы болып танылады.
2. Егер талаптарды есепке жатқызу кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың кезектілігін бұзбаса, басқа тұлғалар тартылмай, тікелей, өзаралық негізде болып табылса, кредиторлар комитетінің шешімі бойынша банкроттықты басқарушы оның қабылданған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей кредиторға талаптарды есепке жатқызу туралы мәлімдеуге міндетті. Есепке жатқызуға ақшаны төлеу туралы талаптар бойынша ғана жол беріледі.
3. Кредиторлардың осы Заңның 90-бабының 3-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін, бірақ тарату теңгерімі бекітілгенге дейін мәлімделген талаптары, есептелген тұрақсыздық айыбын және сыйақыны (мүддені) немесе өзге де айыппұл санкцияларын, залалдарды ескере отырып, кредиторлардың қайтадан мәлімделген талаптарын қоспағанда, белгіленген мерзімде мәлімделген кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін банкроттың қалған мүлкінен қанағаттандырылады.
4. Бірінші кезектегі кредиторлардың барлық кредиторлармен есеп айырысу аяқталғанға дейін мәлімделген талаптары мүліктік масса есебінен қанағаттандырылуға жатады. Мұндай талаптарды тізілімге енгізгенге дейін кредиторлардың талаптарын өтеу тоқтатыла тұрады.
5. Банкрот мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты кредиторлардың қанағаттандырылмаған талаптары өтелді деп саналады.
Көрсетілген сомаларды кредитор банкроттық рәсімін аяқтау туралы сот ұйғарымының негізінде дебиторлық берешек есебінен шығаруға тиіс.
102-бап. Бірінші кезектегі кредиторлардың талабын қанағаттандыру сомасы мен тәртібі
1. Борышкер өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін олардың алдында жауапты болатын азаматтар талаптарының сомасын айқындау азаматқа ол жетпіс жасқа толғанға дейін, бірақ кемінде он жыл ішінде төленуге жататын тиісті мерзімдік төлемдерді (борышкер банкрот деп танылған күнгі мөлшерде) капиталдандыру арқылы жүзеге асырылады. Егер азаматтың жасы жетпіс жастан асқан жағдайда, тиісті мерзімдік төлемдерді капиталдандыру кезеңі он жылды құрайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіпке сәйкес айқындалатын соманың төленуі банкроттың тиісті міндеттемесін тоқтатады.
3. Бірінші кезектегі кредиторлардың банкрот мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты қанағаттандырылмай қалған, өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша талаптары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеледі.
4. Кредиторлардың еңбекақы және өтемақылар төлеу бойынша талаптарының сомасын айқындау кезінде, осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, банкроттық туралы iс бойынша іс жүргізу қозғалған кезге түзілген берешек бірінші кезек құрамында ескеріледі.
5. Өздерімен еңбек қатынастары бiр жылдан басталатын банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi кезең iшiнде туындаған кредиторлардың еңбекақы мен өтемақы төлеу бойынша талаптары борышкерде банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi бiр жылдың алдындағы күнтiзбелiк он екi айда құралған орташа айлық жалақыдан аспайтын есеппен бірiншi кезек құрамында ескерiледi. Талаптардың қалған сомалары бесінші кезек құрамында ескерiледi.
6. Қызметкердiң жалақысын көтеру нәтижесiнде пайда болған, бiр жылдан бастап банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi кезеңде есептелген еңбекақы және өтемақы төлеу жөнiндегi кредиторлар талаптарының ұлғайту сомасы кредиторлар талаптарының тiзiлiмiнде бесiншi кезек құрамында ескерiледi.
103-бап. Екінші кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру сомасы мен тәртібі
1. Кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша талаптың сомасын айқындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделген кепілмен қамтамасыз етілген бөлігіндегі міндеттеме бойынша берешек ескеріледі.
2. Кредитордың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша талаптары кепіл нысанасын өткізуден түскен соманың мөлшері шегінде қанағаттандырылады. Талаптардың кепіл нысанасын өткізуден түскен соманың мөлшерінен асатын сомасы төртінші кезек құрамына енгізуге жатады.
3. Кепілді кредитор кепіл мүлікті заттай алуға келіскен кезде оның талаптарын өтеу осы Заңның 104-бабында көзделген тәртіппен және шарттармен жүргізіледі.
104-бап. Кепілді кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру
1) Банкроттықты басқарушы кепіл мүлікті бағалауды жүргізу туралы кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік қырық бес күн ішінде кепіл мүлікті бағалауды жүргізуге және кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін кепіл мүлікті кепілді кредиторларға беру туралы мәселені кредиторлар жиналысының кезекті отырысына шығаруға міндетті.
2) Кредиторлар жиналысы кепіл мүлікті бағалау нәтижелерін ескере отырып, кепіл мүлікті кепілді кредиторға беруге келісу (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
Егер жиналыс кепіл мүлікті кепілді кредиторға беруге келісу туралы шешім қабылдаған жағдайда, кепілді кредитор кредиторлар жиналысының құзыретіне кіретін қалған мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде кредиторлар жиналысында дауыс беру құқығынан айырылады.
Егер жиналыс кепіл мүлікті кепілді кредиторға беруден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, кепілді кредитордың қалған мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде кредиторлар жиналысында дауыс беруге құқығы болады, кепіл мүлік мүліктік массаға енгізілуге жатады, ал кепілді кредитордың талаптары осы Заңның 103-бабына сәйкес екінші кезектің құрамында қанағаттандырылуға жатады.
Кепілді кредитордың кредиторлар жиналысына келмеуі кепіл мүлікті қабылдаудан бас тартуға теңестіріледі. Кепілді кредитор кепіл мүлікті заттай қабылдаудан бас тартқан кезде кепіл мүлік банкроттың мүліктік массасына енгізіледі және кепілді кредитордың талаптары екінші кезектегі тәртіппен қанағаттандырылуға жатады.
Кепілді кредитордың өзіне кепіл мүлікті беруге қарсы дауыс беруі де кепіл мүлікті қабылдаудан бас тартуға теңестіріледі.
3. Егер кепіл мүліктің кепілді кредитор бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне төлеген соманы шегергендегі бағалау құны кепілді кредитордың кепілмен қамтамасыз етілген талабынан артық болған жағдайда, онда айырманы кепілді кредитор кредиторлар жиналысы кепіл мүлікті кепілді кредиторға беру туралы шешім қабылдаған күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей банкроттың мүліктік массасына қайтарады.
Егер кепіл мүліктің бағалау құны кепілді кредитор бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне төлеген сомамен жиынтықта кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген кепілді кредитордың талаптарынан кем болған жағдайда, кепілді кредитордың талаптары айырма мөлшерінде кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі және төртінші кезек құрамында қанағаттандырылуға жатады.
4. Кредиторлар жиналысы кепіл мүлікті беру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде кепілді кредитор бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын және кепіл мүлікті сақтауға және ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды өтеуге міндетті. Егер кредиторлар жиналысы бірнеше кепілді кредиторға қатысты оларға кепіл мүлікті беру туралы шешім қабылдаған жағдайда, бірінші кезектегі кредиторлардың талаптарын өтеуді осындай кепілді кредиторлар олардың кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшеріне пропорционалды түрде жүргізеді.
Кепіл мүлікті кепілді кредиторға беру ол бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары мен кепіл мүлкін сақтауға және ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды өтегеннен кейін жүргізіледі.
5. Борышкер банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін шарт міндеттемелерін орындау процесінде қандай да бір сомаларды өтеген жағдайда кепілді кредиторлардың талаптары олардың өтелген бөлігінде қанағаттандырылуға жатпайды.
Кепілге салынған мүліктің жоғалғаны немесе бүлінгені үшін сақтандыру өтелген жағдайда, кепілді кредиторлардың талаптары олардың өтелген бөлігінде қанағаттандыруға жатпайды және бұл талаптардың кез келген өтелмеген бөлігі төртінші кезек шеңберінде өтелуге тиіс.
105-бап. Үшінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
1. Үшінші кезектегі талаптардың құрамына енгізілетін талаптардың сомасын айқындау кезінде банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған кезіне түзілген салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешек ескеріледі.
2. Егер борышкер банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалғаннан кейінгі кезеңде салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді толық көлемде аудармаған жағдайда, сот борышкерді банкрот деп тану және оны банкроттық рәсім арқылы тарату туралы шешім шығарғанға дейін төленбеген сомалар борышкердің үшінші кезектегі кредиторлар алдындағы берешегінің жалпы сомасына енгізіледі.
106-бап. Төртінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
1. Төртінші кезектегі талаптар құрамына енгізілетін талаптар сомасын айқындау кезінде азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредиторлардың талаптары, сондай-ақ осы Заңның 104-бабына сәйкес туындаған кепілді кредиторлардың талаптары ескеріледі.
2. Мүлік жеткіліксіз болған кезде ол төртінші кезектегі кредиторлардың арасында олардың қанағаттандырылуға жататын талаптарының сомасына пропорционалды түрде бөлінеді.
107-бап. Бесінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
Мүлік жеткіліксіз болған кезде кредиторлардың залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсiмпұлдарды) өндiрiп алу бойынша талаптары, сондай-ақ кредиторлардың осы Заңның 102-бабының 5 және 6-тармақтарында көрсетілген талаптары олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомасына пропорционалды түрде қанағаттандырылуға жатады.
108-бап. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік
1. Кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшаны банкроттықты басқарушы Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе банкроттың құрылтайшылық құжаттарына сәйкес банкрот мүлкінің меншік иесіне не оның құрылтайшыларына (қатысушыларына) береді.
2. Банкроттың сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған, сондай-ақ кредитор талапты қанағаттандыру есебіне қабылдамаған, кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейінгі қалған заттай мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген, сондай-ақ егер осындай мүлікті әкімші әкімшілік шығыстарды өтеу есебіне және кредитор талаптарды қанағаттандыру есебіне қабылдамаған жағдайларды қоспағанда, банкроттың меншік иесіне не қатысушыларға (құрылтайшыларға) беріледі.
109-бап. Банкротты борыштардан босату
1. Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін банкрот атқаруға қойылған және заңды тұлғаны банкрот деп тану кезiнде ескерiлген мiндеттемелер мен өзге де талаптарды орындаудан босатылады.
Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін банкрот деп танылған дара кәсіпкер банкрот деп жарияланған тұлға өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін олардың алдында жауаптылықта болатын азаматтардың талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеке сипаттағы өзге де талаптарды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметке байланысты қалған міндеттемелерді орындаудан босатылады.
2. Егер банкрот оңалту және банкроттық туралы іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішінде өз мүлкінің бір бөлігін жасырса немесе жасыру мақсатында басқа адамға берсе, бухгалтерлік кітаптарды, шоттарды, құжаттарды қоса алғанда, қажетті есептік ақпаратты бүгіп қалса немесе бұрмаласа, ол борыштардан босатылмайды.
110-бап. Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі
1. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн банкроттықты басқарушы тарату теңгерімі мен кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiктi пайдалану туралы есептi қоса бере отырып, сотқа өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
2. Сот банкроттықты басқарушының қорытынды есебi мен тарату теңгерімін бекiтедi және олар ұсынылған кезден бастап күнтізбелік он бес күннен кешiктірілмейтiн мерзiмде банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарым шығарады.
Банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейiн сот бiр апталық мерзiмде банкроттықты басқарушының бiрiншi кезектегi кредиторлардың қанағаттандырылмаған талаптары туралы мәлiметтер қамтылған, бекiтiлген қорытынды есебiнен үзiндi көшiрмені уәкiлеттi органға жiбередi.
Банкроттық рәсімді аяқтау туралы ұйғарымда банкроттықты басқарушыға сыйақы төлеуге және банкроттың өткізілмей қалған мүлкiне байланысты реттелмеген мәселелер де шешiлуге тиiс. Сот ұйғарымның көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкiлеттi органға, мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына, сондай-ақ талаптары қанағаттандырылмаған банкроттың кредиторларына жiбередi.
111-бап. Уәкілетті органның интернет-ресурсында банкроттар тізімін жариялау
1. Банкроттық саласындағы уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері күшіне енген банкроттардың (дара кәсіпкерлердің, заңды тұлғалардың) тізімін жариялайды.
Борышкерді банкрот деп тану туралы шешім күшін жойған жағдайда, ол тізімнен алып тасталады.
Тізімде борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не атауы, экономикалық қызмет түрі, борышкердің деректемелері, басшы мен құрылтайшылардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімінің және банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы сот ұйғарымының күндері көрсетіледі.
2. Уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған банкроттар тізімі оларға қатысты банкрот деп тану туралы сот шешімдері өткен айда заңды күшіне енген банкроттарды енгізу жолымен ай сайын, өткен айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей жаңартылады.
112-бап. Банкротты таратуды аяқтау
1. Заңды тұлғалар мен дара кәсiпкерлердiң мемлекеттiк тiркелiмдерiне жазба енгiзiлгеннен кейін банкротты тарату аяқталды, ал банкрот жұмыс iстеуiн тоқтатты деп саналады.
2. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органдар банкротты заңды тұлғалардың тiркелiмiнен алып тастау туралы бұйрықтарды сотқа және уәкiлеттi органға, сондай-ақ банкроттың орналасқан жерi бойынша салық органына жiбередi.
3. Заңды тұлғалар банкроттарының акционерлік қоғамдарының директорлар кеңесінің мүшелері, атқарушы органының басшылары мен мүшелері, бас бухгалтері уәкілетті орган қалыптастыратын банкроттар құрылтайшыларының тізіліміне енгізіледі.
7-тарау. БАНКРОТТЫҚТЫҢ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН РӘСІМДЕРІ
113-бап. Таратылатын борышкердің банкроттығы
1. Осы Заңның 11-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар анықталған кезде тарату комиссиясы сотқа борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiш беруге мiндеттi. Тарату комиссиясы көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде ол туралы борышкер-заңды тұлғаны хабардар етуге мiндеттi.
2. Сот банкроттық туралы iсті қозғаған кезден бастап борышкер мүлкiнiң меншiк иесiне және оның құрылтайшыларына (қатысушыларына) осы Заңның 50-бабында көзделген салдарлар қолданылады.
114-бап. Соттың істі қарауы
1. Таратылатын заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы iсті қозғаған сот бiр ай мерзiмде борышкердi банкрот деп тану және оны тарату туралы шешiм шығарады.
2. Егер iстi қарау кезiнде борышкердегi бар мүлiк (активтер) барлық кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға мүмкіндік беретіні анықталса, сот борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм шығарады. Соттың шешiмi борышкердi Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен таратуды жалғастыруға негiз болып табылады.
115-бап. Борышкерді тарату тәртібі
Банкроттықты басқарушы осы Заңның 84 - 112-баптарында көзделген тәртiппен борышкердi таратуды жүзеге асырады.
116-бап. Борышкердi банкроттық тәртiппен таратудан бас тартудың салдарлары
1. Егер заңды тұлға тек банкроттық тәртiппен таратылуға тиiс болатын мән-жайлардың болуына қарамастан, меншiк иесi, құрылтайшылар (қатысушылар), тарату комиссиясы борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнбесе және заңды тұлғаны таратуды жүзеге асырса, барлық кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандырмау заңды тұлғаның қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркеуден бас тарту үшін негiз болып табылады.
2. Егер борышкер мүлкiнiң меншік иесi, құрылтайшылар (қатысушылар), тарату комиссиясы (таратушы) осы Заңға немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес борышкердің өтелмеген мiндеттемелерi бойынша жауаптылықта болса, кредиторлар оларға қанағаттандырылмай қалған талаптарын қоюға құқылы.
117-бап. Кредитордың өтiнiшi бойынша таратылатын борышкердiң банкроттығы
1. Заңды тұлғаның меншiк иесiнің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) оны тарату туралы шешiм қабылдауы кредитордың мұндай заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа жүгiнуiне кедергi болып табылмайды.
2. Борышкердi банкрот деп тану туралы сот шешiм қабылдаған жағдайда осы тараудың ережелерi қолданылмайды, ал борышкердi тарату осы Заңның 84 - 112-баптарында көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
118-бап. Уәкілетті органның банкроттық рәсімін қозғамастан банкротты таратуы
1. Осы Заңның 57-бабының 2-тармағына сәйкес тарату рәсімін жүргізу уәкілетті органға жүктелген кезде әкімшінің осы Заңда көзделген құқықтары мен міндеттері уәкілетті органға ауысады.
2. Банкротта активтер, сондай-ақ осы Заңның 7-бабына сәйкес жарамсыз деп тануға жататын мәмілелер болмаған жағдайда, уәкілетті орган бір ай мерзімде кредиторлар жиналысына келісу үшін қорытынды есепті және тарату балансын ұсынуға міндетті.