Қазақстан Республикасының
Конституциялық Заңы
«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы»
Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы
1-бап. «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 23, 145-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., №4, 44-құжат; 1999 ж., №10, 344-құжат; 2004 ж., №22, 129-құжат; 2007 ж., №12, 84-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Республика Үкіметінің құзыреті
Республика Үкіметі:
1) мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, кауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) мемлекеттік бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге енгізеді;
3) әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мақұлдайды;
4) Республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөніндегі шараларды тұжырымдайды;
5) Республика Президенті айқындайтын тәртіппен республикалық бюджетті және оған өзгерістерді әзірлеуге қатысады, Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;
6) Республиканың қаржы жүйесін нығайту жөніндегі шараларды әзірлейді және жүзеге асырады; мемлекеттік валюта, қаржы ресурстары мен материалдық ресурстарды жасақтау және пайдалану кезінде заңдылықтың сақталуын мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді;
7) құрылымдық және инвестициялық саясатты жүзеге асырады;
8) мемлекеттік баға белгілеу саясатын тұжырымдайды; мемлекет реттейтін бағалар қолданылатын өнімдер, тауарлар және көрсетілетін қызметтер номенклатурасын белгілейді;
9) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шараларды тұжырымдайды және жүзеге асырады, мемлекеттік меншік құқығын қорғауды қамтамасыз етеді;
10) еңбекке ақы төлеу, азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік сақтандыру жүйесін және шарттарын қалыптастырады;
11) мемлекеттік өңірлік саясаттың негізгі бағыттарын тұжырымдайды; өңіраралық проблемалар мен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуді қамтамасыз етеді;
12) ғылым мен техниканы дамыту, жаңа технологияларды енгізу, мәдениетті, білім беруді, денсаулық сақтауды, туризм мен спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
13) табиғи ресурстар мен қоршаған табиғи ортаны ұтымды пайдалануды және қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және жүзеге асырады;
14) құқықтық саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін, Республиканың қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін, Республиканың аумақтық тұтастығын және мемлекеттік шекараларының күзетілуін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлейді және іске асырады;
15) келіссөздер жүргізу және үкіметаралық келісімдерге қол қою туралы шешімдер қабылдайды; Республиканың шет мемлекеттермен, халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді; сыртқы экономикалық саясатты іске асыру жөніндегі шараларды тұжырымдайды; сыртқы сауданы дамыту жөнінде шаралар қолданады; халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты және өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
16) өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.»;
2) 19-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Республика Премьер-Министрі:
1) Үкіметтің жұмысын ұйымдастырады және Үкімет мүшелерінің арасында функционалдық міндеттерді бөледі;
2) Республика Президентімен, Парламентпен, Конституциялық Кеңеспен, Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және басқа да мемлекеттік органдармен қарым-қатынастарда Үкімет атынан өкілдік етеді немесе Үкімет атынан өкілдік етуді тапсырады;
3) халықаралық қатынастарда Үкімет атынан өкілдік етеді немесе Үкімет атынан өкілдік етуді тапсырады және үкіметаралық шарттар мен келісімдерге қол қояды;
4) Республика Президентіне: Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы; министрліктерді және Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қоспағанда, министр лауазымына тағайындау үшін кандидатуралар жөнінде; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қоспағанда, министрді, оның ішінде Үкімет жүргізіп отырған саясатпен келіспейтін немесе оны жүргізбей отырған министрді лауазымынан босату туралы ұсыныстар енгізеді;
5) Республиканың мемлекеттік бюджеті есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсынады;
6) Президентке Үкімет қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндайды;
7) Үкімет мүшелерінің, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдайды;
8) Үкімет жанындағы консультациялық-кеңесші органдарды құрады және таратады;
9) Үкіметтің қызметін ұйымдастыруға және оған басшылық жасауға байланысты басқа да функцияларды орындайды.»;
3) 22-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Министрлік Республиканың тиісті мемлекеттік басқару саласына (аясына) - басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органы болып табылады.
Министрлік өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады.»;
4) 23-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«23-бап. Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган
1. Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органды Республика Премьер-Министрінің ұсынысы бойынша Республика Президенті құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.
Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асырады.
2. Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган тиісті мемлекеттік басқару саласына (аясына) - басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асырады.
3. Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органның құрылымын жауапты хатшы бекітеді және ол, әдетте, департаменттер мен басқармалардан тұрады.
Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органның департаменттері мен басқармаларының жиынтығы Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органның аппараты болып табылады.
4. Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган басшысының жанынан консультациялық-кеңесші орган болып табылатын алқа құрылады. Алқаның сандық және дербес құрамын Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органның басшысы бекітеді.
5. Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган басшысының бұйрықтары Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органның актілері болып табылады.»;
5) 24-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Ведомство Республиканың орталық атқарушы органының құзыреті шегінде реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыра алады, сондай-ақ орталық атқарушы органның стратегиялық функцияларын орындауға ведомствоның құзыреті шегінде қатыса алады.».
2-бап. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2014 жылғы қыркүйектің 29-ы
№ 238-V ҚРЗ