349-бап. Істі қарау мерзімдері
Апелляциялық сатыда іс сотқа келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде қаралуға тиіс.
Егер жаңа материалдарды, дәлелдемелерді зерттеуге және жаңа шешiм шығаруға қажеттілік болса, онда апелляциялық сатыда іс сотқа келіп түскен күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қаралуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 350-бап жаңа редакцияда
350-бап. Апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізу
1. Апелляциялық сатыдағы сотта істер бойынша іс жүргізу осы Кодекстің 41-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Осы Кодекстің 55-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың отырысына іс бойынша қорытынды беретін прокурор қатысады.
Апелляциялық сатыдағы сот прокурорға:
1) апелляциялық сатыда қаралуға жататын істер туралы;
2) істер бойынша қабылданған, апелляциялық сатыда қаралған шешімдер туралы хабарлайды.
3. Апелляциялық сатыдағы сот тараптар табыс еткен немесе олардың өтініштері бойынша талап етіліп алынған, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар қосымша материалдарды, алынған сараптамалық қорытындыларды бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша зерделеп, отырысқа шақыртылған тұлғалардан жауап алады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 351-бап жаңа редакцияда
351-бап. Істі талқылаудың басталуы
Төрағалық етуші сот отырысын ашып: қандай іс, кімнің шағымы және (немесе) наразылығы бойынша және қай соттың шешіміне орай қаралуға жататынын хабарлайды. Төрағалық етуші іске қатысатын тұлғалардың және өкілдердің қайсысы келгенін анықтайды, келген тұлғалардың жеке басын анықтайды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттігін тексереді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 352-бап өзгертілді
352-бап. Іске қатысушы адамдардың сот отырысына келмеуінің салдары
1. Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбаған іске қатысушы адамдардың біреуі сот отырысына келмеген жағдайда сот істі қарауды кейінге қалдырады.
2. Осы бапта аталған, істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған адамдардың келмеуі істі талқылауға кедергі болмайды. Алайда сот бұл жағдайда да келмеу себебін дәлелді деп тани отырып, істі қарауды кейінге қалдыруға құқылы.
3. Iстi талқылау кейiнге қалдырылған жағдайда апелляциялық сатыдағы сот iске қатысушы адамдарға соттың қайта өткiзiлетiн отырысында iстiң қаралу уақыты мен орны жайында тиiсiнше хабарлайды. Бұл жағдайда iстi талқылау басынан бастап жүргiзiледi.
353-бап. Соттың іске қатысушы тұлғалар арыздарын шешуі
1. Іске қатысушы тұлғалардың апелляциялық сатыдағы істі қарауға байланысты барлық мәселелер бойынша арыздар мен өтініштерін сот іске қатысушы басқа тұлғалардың пікірін тыңдағаннан кейін шешеді.
2. Тараптар зерттеген кезде өздеріне бірінші сатыдағы сот бас тартқан дәлелдемелерді талап ету туралы өтініш жасауға құқылы.
3. Мәлімделген өтініштерді шешу осы Кодекстің 186-бабының ережелері бойынша жүргізіледі, бұл орайда апелляциялық сатыдағы соттың өтінішті бірінші сатыдағы сот қанағаттандырмағандығын негізге алып, оны қанағаттандырудан бас тартуға құқығы жоқ.
354-бап. Іске қатысушы адамдардың түсініктемелері
Соттың отырысына келген іске қатысушы тұлғалар мен өкілдердің түсініктемелерін сот тыңдайды. Апелляциялық шағым берген немесе наразылық келтірген тұлға және оның өкілі бірінші болып сөз сөйлейді. Екі тарап та шешімге шағым жасаған жағдайда бірінші болып талап қоюшы сөйлейді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 355-бап өзгертілді
355-бап. Дәлелдемелерді зерттеу
1. Дәлелдемелерді зерттеудің тәртібі мен шектерін іске қатысушы тұлғалардың пікірлерін ескере отырып, апелляциялық сатыдағы сот белгілейді.
2. Тараптардың түсініктемелерінен кейін сот істе бар және тараптар жаңадан табыс еткен, дәлелдi себептермен олар бірiншi сатыдағы соттың қарауына табыс ете алмаған дәлелдемелерді тексереді. Сотқа қосымша дәлелдемелер табыс еткен тұлғалар олардың қандай жолмен алынғанын және қосымша дәлелдемелер табыс ету қажеттiгi қандай мән-жайларға байланысты туындағанын көрсетуге мiндеттi.
3. Апелляциялық сатыдағы сот іске қатысушы, сот отырысына келмеген адамдардың түсініктемелерін, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы сот отырысына шақырылмаған куәлардың айғақтарын жария етуге құқылы.
3-1. Тараптар өздеріне бірінші сатыдағы сот жауап алуға рұқсат бермеген куәларды шақыру және олардан жауап алу туралы және зерттеуге рұқсат бермеген дәлелдемелерді талап ету туралы өтініштер мәлімдеуге құқылы.
4. Егер бұл түсініктемелер мен айғақтарға тараптар дау шығарса, аталған адамдар апелляциялық сатыдағы сотқа шақырылуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 356-бап өзгертілді
356-бап. Сот жарыссөзі
1. Іс мәні бойынша қаралып біткен соң төрағалық етушi тараптар мен өкілдерден олардың жасайтын өтініштері мен толықтырулары туралы сұрайды. Сот бұл өтініштерді шешіп, содан соң сот жарыссөзіне көшеді.
2. Сот жарыссөзі осы Кодекстің 211-бабында көзделген ережелер бойынша өткізіледі, бұл орайда апелляциялық шағым немесе наразылық берген адам бірінші болып сөйлейді. Шешімге екі тарап та шағым жасаған жағдайда бірінші болып талап қоюшы сөйлейді.
3. Сот жарыссөзі және прокурордың қорытынды сөзiн тыңдау аяқталғаннан кейін судья соттың актісін қабылдауға арналған кеңесу бөлмесіне кетеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 356-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
356-1-бап. Сот отырысының хаттамалары
1. Апелляциялық сатыдағы сот істі бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша қарай келіп, істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар қосымша материалдарды, алынған сараптамалық қорытындыларды зерттеу, отырысқа шақыртылған тұлғалардан жауап алу қажет болған жағдайларда сот отырысының хаттамасын жүргізеді.
2. Апелляциялық сатыдағы сот сондай-ақ өз бастамасы немесе тараптардың өтініші бойынша сот отырысының хаттамасын жүргізуге құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 357-бап жаңа редакцияда; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 357-бап өзгертілді
357-бап. Сот актісін шығару және оны жариялау
1. Апелляциялық сатының сот актісін шығаруы және оны жариялауы осы Кодекстің 216, 217, 218-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
2. Сот осы баптың бірiншi бөлiгiнiң талаптарын сақтай отырып, сот актісінің қарар бөлiгiн шығара алады. Бұл жағдайда дәлелді сот актісі iстi қараған күннен бастап бес күн мерзiмде жазылып, оған судья қол қояды.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 358-бап өзгертілді
358-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың өкілеттігі
Апелляциялық сатыдағы сот:
1) шешімді өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырмай тастауға;
2) бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге;
3) бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюға және жаңа шешім шығаруға;
4) 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) осы Кодекстің 247 және 249-баптарында көзделген негіздер бойынша шешімнің толық немесе оның бөлігіндегі күшін жоюға және іс бойынша іс жүргізуді қысқартуға не арызды қарамай тастауға құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 359-бап жаңа редакцияда
359-бап. Апелляциялық сатының сот актілері
1. Апелляциялық сатыдағы сот мынадай актілерді шығарады:
1) осы Кодекстің 341-бабының екінші бөлігі мен 358-бабының 1), 2), 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда қаулы;
2) осы Кодекстің 358-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда шешім;
3) ұйғарым.
2. Апелляциялық сатыдағы соттың дәлелді актісі ол қабылданған күннен бастап бес күн ішінде шығарылуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 360-бап жаңа редакцияда
360-бап. Апелляциялық қаулының, шешімнің мазмұны
1. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында: апелляциялық қаулының шығарылған күні мен орны; апелляциялық қаулыны шығарған соттың атауы; сот құрамы; тараптар; іске қатысушы басқа тұлғалар және өкілдер; даудың нысанасы немесе мәлімделген талап; талап қоюлардың және оларға қарсылықтардың мәні; бірінші сатыдағы сот анықтаған істің мән-жайы; бірінші сатыдағы сот шешім немесе ұйғарым шығарған кезде басшылыққа алған себептер көрсетілуге тиіс.
2. Бұдан басқа, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында:
1) апелляциялық шағым немесе наразылық берген тұлғаның атауы;
2) шағым немесе наразылық берген тұлғаның талаптары, олардың негіздемелері;
3) апелляциялық сатыдағы соттың бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруының, оның күшін жоюының не оны өзгертуінің негіздері;
4) апелляциялық сатыдағы соттың өз тұжырымдарын жасауына алып келген уәждер және сот басшылыққа алған заңдарға сілтеме;
5) апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары көрсетіледі.
3. Жаңа уәждердің болмауына байланысты шағымдар, наразылық қанағаттандырусыз қалдырылған кезде апелляциялық қаулының дәлелдеу бөлігінде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодекспен көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Апелляциялық шағымда, наразылықта бірінші сатыдағы соттың қарау нысанасы болып табылмайтын жаңа уәждер келтірілген жағдайда, қаулының дәлелдеу бөлігінде жаңа уәждер негізсіз деп танылған негіздемелер көрсетілуге тиіс.
4. Осы Кодекстің 358-бабының 3) тармақшасымен көзделген жағдайда қабылданған апелляциялық шешімнің мазмұны осы Кодекстің 221-бабының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
5. Осы Кодекстің 230-232-баптарында көзделген жағдайларда және тәртіппен апелляциялық сатыдағы сот кеткен қате жазуларды және анық арифметикалық қателерді түзету туралы мәселені қарауға, қосымша шешім, қаулы шығаруға немесе шығарылған шешімнің, қаулының мәнін өзгертпей оны түсіндіруге құқылы. Апелляциялық сатыдағы соттың көрсетілген мәселелер жөніндегі шешімі, қаулысы шығарылған күнінен бастап күшіне енеді.
361-бап. ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 361-бап алып тасталды
362-бап. Іс апелляциялық тәртіппен қаралғаннан кейін түскен апелляциялық шағымды немесе наразылықты қарау тәртібі
1. Белгіленген мерзімде немесе өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіргеннен кейін берілген апелляциялық шағым немесе наразылық басқа шағымдар бойынша іс қаралғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сотқа түскен жағдайда, сот мұндай шағымды немесе наразылықты өзінің іс жүргізуіне қабылдауға міндетті.
2. Апелляциялық сатыдағы сот өзінің бұрын шығарған актісінің күшін жояды және аталған шағымда немесе наразылықта оның күшін жоюдың негізі көзделсе, істі толық көлемінде қарайды.
363-бап. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
364-бап. Апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюдың не оны өзгертудің негіздемелері
1. Апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға немесе оны өзгертуге:
1) іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберінің дұрыс анықталмауы және дұрыс айқындалмауы;
2) бірінші сатыдағы сот белгіленген іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуі;
3) бірінші сатыдағы сот шешімінде баяндалған қорытындылардың істің мән-жайына сәйкес келмеуі;
4) материалдық нормалардың немесе іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы негіз болып табылады.
2. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күшін бір ғана үстірт пікірлер бойынша жоюға болмайды.
365-бап. Материалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы
Материалдық құқық нормалары, егер сот:
1) қолданылуға тиісті заңды қолданбаса;
2) қолданылмауға тиісті заңды қолданса;
3) заңды дұрыс түсіндірмесе;
4) заңға ұқсас қалыпты немесе құқыққа ұқсас қалыпты дұрыс қолданбаса, бұзылған немесе дұрыс қолданылмаған деп есептеледі.
366-бап. Іс жүргізу құқығы нормаларының бұзылуы және дұрыс қолданылмауы
1. Бірінші сатыдағы сот шешімінің күші мына жағдайларда, егер:
1) істі бұл істі қарауға құқығы жоқ судья қараса;
2) сот, істі сот отырысының уақыты мен орны хабарланбаған, іске қатысушы адамдардың біреуі болмаған жағдайда қараса;
3) істі қарау кезінде сот ісі жүргізіліп отырған тіл туралы ереже бұзылғанда;
4) сот іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселелерді шешкенде;
5) шешімге судья қол қоймағанда немесе шешімде көрсетілгеннен басқа судья қол қойғанда;
6) істе сот отырысының хаттамасы болмағанда;
7) істе осы Кодекстің 255-бабына сәйкес жасалуы міндетті жеке іс жүргізу іс-әрекетінің хаттамасы болмағанда шағым, наразылық дәлелдеріне қарамастан жойылуға тиіс.
2. Басқа да іс жүргізудің бұзылуы орын алған жағдайда, егер бұл бұзушылық істі дұрыс шешпеуге әкеп соқтырса немесе әкеп соқтыруы мүмкін болса, шешімнің күші жойылуға тиіс.
367-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту немесе арызды қарамай қалдыру арқылы шешімнің күшін жою
Осы Кодекстің 247, 249-баптарында аталған негіздер бойынша іс жүргізуді қысқарту немесе арызды қарамай қалдыру арқылы сот шешімінің күші апелляциялық тәртіппен жойылуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 368-бап жаңа редакцияда
368-бап. Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілерінің заңды күшіне енуі
Апелляциялық сатыдағы соттың сот актілері олар жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.
369-бап. Істі бірінші сатыдағы сотқа қайтару
Апелляциялық сатыдағы сот істі қарағаннан кейін оны бірінші сатыдағы сотқа қайтарады.
42-тарау ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен алып тасталды
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 42-1-тараумен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 42-1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
42-1-тарау. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, ұйғарымдарына
және қаулыларына кассациялық тәртіппен шағымдану және наразылық келтіру
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-1-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-1-бап. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық тәртіппен шағымдану және наразылық келтіру құқығы
1. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық шағымдану және наразылық келтіру құқығы тараптарға және іске қатысушы басқа тұлғаларға тиесілі.
2. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ соттар олардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты шешім, қаулы немесе ұйғарым шығарған тұлғалар да кассациялық шағым беруге құқылы.
3. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық наразылық келтіру құқығы істі осы сатыларда қарауға қатысқан прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына наразылық келтіруге құқылы.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-2-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-2-бап. Кассациялық шағымдар мен наразылықтарды қарайтын соттар
Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, қаулыларына және ұйғарымдарына кассациялық шағымды немесе наразылықты облыстық және оған теңестірілген сот кемінде үш судья құрамында қарайды.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 383-3-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 383-3-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
383-3-бап. Істі талап ету, кассациялық шағымды немесе наразылықты беру тәртiбi
Кассациялық шағымдар мен наразылықтар iске қатысушы адамдардың санына сәйкес көшiрмелерiмен қоса тiкелей кассациялық сатыдағы сотқа жолданады және берiледi. Прокурордың кассациялық наразылығы, шағымы азаматтық іспен бірге кассациялық сатыдағы сотқа жіберіледі.
Қажеттi жағдайларда сот кассациялық шағым немесе наразылық берген адамды, шағымға немесе наразылыққа қоса тiркелген жазбаша дәлелдемелердiң көшiрмелерiн iске қатысушы адамдардың санына сәйкес ұсынуды мiндеттей алады.
Азаматтық істі Қазақстан Республикасының Бас прокуроры не оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар кассациялық тәртіппен тексеру үшін тиісті соттан талап ете алады. Сот прокурордың істі талап ету туралы сұрау салуын ол сотқа келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күннен кешіктірмей және заңды күшіне енген сот актілерін орындау үшін іс жүргізу әрекеттері орындалғаннан кейін ғана орындайды. Сұрау салулар байланыс арналарын пайдалану арқылы жіберілуі мүмкін.
Істі талап еткен жағдайда кассациялық наразылық келтіру туралы өтінішхатты прокурор іс прокуратураға келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарауға тиіс.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-4-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-4-бап. Кассациялық шағым немесе наразылық беру мерзімі
1. Кассациялық шағым немесе наразылық бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың шешімі, қаулысы, ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде берілуі мүмкін.
2. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілген шағым немесе наразылық қараусыз қалдырылады және шағымды немесе наразылықты берген тұлғаға кері қайтарылады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-5-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-5-бап. Кассациялық шағымның немесе наразылықтың мазмұны
1. Кассациялық шағымда немесе наразылықта:
1) шағым немесе наразылық жолданған соттың атауын;
2) шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның атауын;
3) шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған шешімнің, қаулының және ұйғарымның көрсетілуін;
4) шешімнің, қаулының және ұйғарымның дұрыс еместігі, сондай-ақ шағымды немесе наразылықты берген тұлғаның өтініші неге саятындығының көрсетілуін;
5) шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелген жазбаша материалдардың тізбесін қамтуға тиіс. Кассациялық шағымға шағым берген тұлға немесе оның өкілі қол қояды. Кассациялық наразылыққа прокурор қол қояды.
2. Егер кассациялық шағымданған өкілдің істі жүргізуге берілген сенімхатында кассациялық шағым беру құқығы арнайы айтылмаса немесе ол бірінші сатыдағы сотта істі талқылау уақытында процеске қатыспаса, кассациялық шағымға өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат қоса тіркелуге тиіс.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-6-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-6-бап. Кассациялық шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру
1. Кассациялық шағымды немесе наразылықты берген тұлғалардың қолы қойылмаған, шағым жасалып немесе наразылық келтіріліп отырған қаулы, шешім және ұйғарым көрсетілмеген немесе барлық қажетті көшірмелер қоса тіркелмеген кассациялық шағым немесе наразылық берілген кезде облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады және шағым немесе наразылық берген тұлғаға кемшіліктерді жою үшін мерзім тағайындайды.
2. Егер шағымды немесе наразылықты берген тұлға ұйғарымдағы нұсқауларды белгіленген мерзімде орындаса, шағым немесе наразылық сотқа алғаш тапсырылған күні берілген деп есептеледі. Олай болмаған жағдайда шағым немесе наразылық берілмеген деп есептеледі және соттың ұйғарымымен шағым немесе наразылық берген тұлғаға қайтарылады.
2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 383-7-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-7-бап. Судьяның кассациялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейінгі іс-әрекеті
Облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы кассациялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейін:
1) азаматтық істің материалдарын талап етіп алдыруға;
2) пікір беру мерзімін бере отырып, іске қатысушы тұлғаларға шағымның немесе наразылықтың және оларға қоса тіркелген жазбаша материалдардың көшірмелерін жіберуге;
3) іске қатысушы тұлғаларға кассациялық шағымның немесе наразылықтың қаралатын уақыты мен орны туралы хабарлауға;
4) қарауға тағайындалған істер туралы прокурорға хабарлауға міндетті.
383-8-бап. Кассациялық шағымға қосылу
Процесте кассациялық шағым берген тұлғаның жағында әркет еткен тараптар және үшінші тұлғалар берілген шағымға жазбаша арыз беру арқылы қосыла алады.
383-9-бап. Кассациялық шағымға немесе наразылыққа пікір
1. Іске қатысушы тұлға кассациялық шағымға немесе наразылыққа пікірді, шағымдарға қатысты қарсылықтарды растайтын құжаттарды қоса тіркеп, іске қатысушы басқа тұлғаларға және кассациялық сатыдағы сотқа жібереді. Кассациялық сатыға жіберілетін пікірге іске қатысушы басқа тұлғаларға пікірдің жіберілгенін растайтын құжат қоса тіркеледі.
2. Пікір сот отырысы басталғанға дейін онымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ететін, сот белгілеген мерзімде жіберіледі.
3. Пікірге іске қатысушы тұлға немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл қол қойған пікірге оның өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжаттар қоса тіркеледі.
383-10-бап. Кассациялық шағымнан бас тарту және кассациялық наразылықты кері қайтарып алу
1. Кассациялық шағым берген тұлға одан бас тартуға құқылы. Алайда сот осы Кодекстің 8-бабының төртінші бөлігінде белгіленген негіздер бойынша бас тартуды қабылдамай тастауға және істі кассациялық тәртіппен қарауға құқылы.
2. Кассациялық наразылық келтірген прокурор, сондай-ақ жоғары тұрған прокурор сот отырысы басталғанға дейін наразылықты кері қайтарып алуға құқылы. Наразылықтың кері қайтарылып алынғаны туралы сот іске қатысушы тұлғаларға хабарлайды.
3. Егер шешімге басқа тұлғалар шағымданбаса немесе наразылық бермесе, сот шағымнан бас тартуды қабылдау туралы және наразылықты кері қайтарып алған кезде кассациялық іс жүргізуді қысқартатын ұйғарым шығарады.
2011.28.01. № 402-IV ҚР Заңымен 383-11-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
383-11-бап. Талап қоюдан бас тарту, тараптардың бітімгершілік келісімі және дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім
1. Кассациялық шағым немесе наразылық берілгеннен кейін жасалған талап қоюшының талап қоюдан бас тартуы, тараптардың бітімгершілік келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім кассациялық сатыдағы сотқа жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс. Сот талап қоюдан бас тарту қабылданғанға дейін, бітімгершілік келісімі немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілгенге дейін талап қоюшыға немесе тараптарға олардың іс жүргізу іс-әрекеттерінің салдарын түсіндіреді.
2. Талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын қабылдау, тараптардың бітімгершілік келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекіту кезінде кассациялық саты шығарылған шешімнің күшін жойып, іс бойынша іс жүргізуді қысқартады. Егер сот осы Кодекстің 49-бабы екінші бөлігінің негізінде талап қоюдан бас тартуды, бітімгершілік келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді қабылдамаса, ол істі кассациялық тәртіппен қарайды.