153-бап. Мәмiленiң жазбаша түрiн сақтамау салдары
1. Мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырмайды, бiрақ дау туған жағдайда тараптарды мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалуын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда тараптар мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге, куәгерлiк айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы.
2. Заң құжаттарында немесе тараптардың келісімiнде тiкелей көрсетiлген реттерде мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
3. Сыртқы экономикалық мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау мәмiленiң жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
154-бап. Мәмiленi нотариаттың куәландыруы
1. Заң құжаттарында немесе тараптардың келісімiмен белгiленген реттерде жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп саналады. Мұндай талапты сақтамау осы Кодекстiң 157-бабының 3-тармағында көзделген салдармен мәмiленiң жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
2. Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшiншi жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша мәмiленi жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмiленi кейiннен нотариаттың куәландыруы талап етiлмейдi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 155-бап өзгертiлдi; 2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 155-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 155-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
155-бап. Мәмілелерді тіркеу
1. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, заңнамалық актілерге сәйкес мiндеттi мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тiркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі.
Тіркеуден бас тарту жазбаша түрде ресімделуге тиіс және заңнама талаптарының бұзылуына сілтеме жасалғанда ғана мүмкін болады.
2. Егер тараптардың бірі мәмiленi мемлекеттік тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәмiленi тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. Мұндай жағдайда мәмiле сот шешіміне сәйкес тіркеледі.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 156-бап өзгертілді; 2009.28.08 № 192-ІV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.кара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 156-бап өзгертілді
156-бап. Биржалық мәмiлелер
1. Биржалық мәмiлелер - нысаны биржадағы айналысқа жiберiлген мүлiк болып табылатын және тиiстi биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелерiне сәйкес онымен сауда-саттық жүргiзуге қатысатындармен жасалатын мәмiлелер.
2. Биржалық мәмiлелер осы мәмiлелердiң жасалғандығын растау үшiн биржа беретiн құжаттармен ресiмделедi.
3. Егер заңдардан, тараптардың келісімiнен немесе мәмiленiң мәнiнен өзге жағдайлар туындамаса, биржалық мәмiлелерге олардың мазмұнына қарай тиiстi шарт (сатып алу-сату, комиссиялар және басқалар) туралы ережелер қолданылады.
4. Заңнамада немесе биржалық сауда ережелерiнде, «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын мәліметтерден басқа, тараптардың коммерциялық құпиясы болып табылатын және олардың келісімiнсiз жария етуге жатпайтын биржалық мәмiлелердiң талаптары көзделуi мүмкiн.
5. Биржалық мәмiлелер жасасуға байланысты даулар тиiстi биржа жанындағы биржа төрелiгiнде қаралады, заңда көзделген жағдайларда оның шешiмiне сотта дау айтылуы мүмкiн.
6. алынып тасталды
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 157-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
157-бап. Жарамсыз мәмiлелер мен жарамсыздықтың салдары
1. Мәмiленiң нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ олардың ерiк бiлдiру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда, мүдделi тұлғалардың, тиiстi мемлекеттік органның не прокурордың талап-арызы бойынша мәмiле жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Көрсетiлген мәмiленi жасау нәтижесiнде құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған немесе бұзылуы мүмкiн тұлға мүдделi тұлға болып табылады.
2. Мәмiле жарамсыздығының негiздемелерi, сондай-ақ оны жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдардың тiзбесi осы Кодексте не өзге де заң құжаттарында белгiленедi.
3. Мәмiле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы екiншi тарапқа мәмiле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда (оның iшiнде, алынғандар мүлiктi пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетiлген қызмет түрінде болса) - қайтарылуға тиiс мүлiктiң құнын, мүлiктi пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетiлген қызметтердiң құнын, егер мәмiле жарамсыздығының өзге салдары осы Кодексте көзделмеген болса, ақшалай қайтаруға мiндеттi.
4. Егер мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталып, екi тарапта да жымысқы ниет болған жағдайда олардың мәмiле бойынша алғандарының немесе алуға тиiстi болғандарының бәрi соттың шешiмi немесе үкімі бойынша тәркiленуге тиiс. Мұндай мәмiленi бiр тарап орындаған ретте, екiншi тараптан алғандарының бәрi және одан мәмiле бойынша бiрiншi тарапқа тиесiлiнiң бәрi тәркiленуге тиiс. Егер тараптардың ешқайсысы да орындауға кiрiспеген болса, мәмiледе орындалуы көзделгеннiң бәрi тәркiленуге тиiс.
5. Қылмыстық мақсатқа жету жөніндегі жымысқы ниет тараптардың бiрiнде ғана болған жағдайда оның мәмiле бойынша алғандарының бәрi екiншi тарапқа қайтарылуы тиiс, ал соңғысының алғаны не оған мәмiле бойынша тиесiлiсi тәркiленуге тиiс.
6. Нақты мән-жайларды ескере отырып, сот осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген салдарды, жарамсыз мәмiле бойынша алынған, не алынуға тиiс мүлiктi тәркiлеуге қатысты бөлiгiнде iшiнара не толық қолданбауға құқылы. Бұл бөлiкте осы баптың 3-тармағында көзделген салдар басталады.
7. Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген салдармен қоса, сот мәмiленiң жарамсыз болуын туғызған әрекеттердi жасауға кiнәлi тараптан мәмiленi жарамсыз деп тануға байланысты екiншi тараптың залалын оның пайдасына өндiрiп беруi мүмкiн.
8. Егер осы Кодексте, заңнамалық актiлерде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарға әкелiп соқтырмайды, бұған оның жарамсыздығына байланысты және ол жасалған кезден бастап жарамсыз болған мәмiлелер кiрмейдi.
9. Мәмiленi жарамсыз деп тани отырып, сот нақты мән-жайларды ескеру арқылы оның одан әрi орындалуына тыйым салумен шектелуге құқылы.
158-бап. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн мәмiленiң жарамсыздығы
1. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн, сондай-ақ құқықтық тәртiп негiздерiне немесе адамгершiлiкке көрiнеу қайшы келетiн мақсатпен жасалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Заң талаптарын, заңды тұлғаның жарғысын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi қасақана жасасқан адамның, егер мұндай талап пайдакүнемдiк себептерден немесе жауапкершiлiктен жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
3. Егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемесiн орындаудан немесе үшiншi жақ не мемлекет алдындағы жауапкершiлiктен жалтару ниетiмен жасалған ретте, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi жақ (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
02.03.98 ж. № 211-1; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 159-бап өзгертiлдi; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 159-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
159-бап. Мәмiлелер жарамсыздығының негiздерi
1. Қажеттi лицензия алмай, не лицензияның қолданылу күшiнiң мерзiмi бiткеннен кейiн жасалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Терiс пиғылды бәсеке мақсатын көздейтiн немесе iскерлiк әдеп талаптарын бұзатын мәмiле жарамсыз болады.
3. Осы Кодекстiң 23-бабында көзделген мәмiлелердi қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адам (жас бала) жасаған мәмiле жарамсыз болады.
4. Он төрт жасқа толған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің келісімiнсiз жасаған мәмiлесiн, заң бойынша оның өзi дербес жасауға құқығы бар мәмiлелердi қоспағанда, сот заңды өкілдерінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Осы баптың қағидалары осы Кодекске сәйкес әрекетке толық қабiлеттi деп танылатын (осы Кодекстiң 17-бабының 2-тармағы, 22-1-бабы) кәмелетке толмағандардың мәмiлелерiне қолданылмайды.
5. Есуастық немесе ақыл-есi кем болуы салдарынан әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған адам жасасқан мәмiле жарамсыз болады. Кейiннен әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған азамат жасасқан мәмiле (осы Кодекстiң 26-бабы), егер мәмiленi жасау кезiнiң өзiнде-ақ бұл азаматтың психикалық шатасу жағдайында болғаны дәлелденсе, оның қорғаншысының талабы бойынша сот мәмiленi жарамсыз деп тануы мүмкiн.
6. Сот әрекет қабiлеттiлiгiн шектеген адам жасасқан мәмiленi сот оның қамқоршысының талап етуi бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
7. Әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған азамат жасасқан мәмiленi сот сол азаматтың талабы бойынша, ал егер тiрi кезiнде талап етуге азаматтың мүмкiндiгi болмаса, азамат қайтыс болғаннан кейiн басқа мүдделi адамдардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
8. Елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы.)
Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмiлеге қатысушы екiншi жақтың мүдделерiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.
9. Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
10. Бiр тарап өкiлiнiң екiншi тараппен зұлымдық ниетте келiсуi нәтижесiнде жасалған мәмiленi сот жәбiрленушi тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Жәбiрленушi тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртібімен өтеу (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы) терiс пиғылды өкiлге жүктелуi мүмкiн.
11. Заңды тұлғаның осы Кодексте, өзге де заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетiн етiп жасаған, не оның органының жарғылық құзыретiн бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мәмiледегi басқа тараптың мұндай жолсыздықтар туралы бiлгенi немесе бiлуге тиiс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлiк иесiнiң қуынымы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
12. Осы баптың 3, 5-тармақтарында көзделген мәмiлелер жас балалардың немесе әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адамдардың заңды өкілдерінің талабы бойынша, егер олар аталған адамдардың пайдасына жасалған болса, сот шешiмiмен жарамды деп танылуы мүмкiн.
160-бап. Жалған немесе қулықпен жасалған мәмiлелер
1. Заңдық салдар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалған жалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.
161-бап. Мәмiленiң бiр бөлiгi жарамсыздығының салдары
Егер мәмiленi оның жарамсыз бөлiгiн енгiзбей-ақ жасауға болар едi деп ойлау мүмкiн болса, мәмiленiң бiр бөлiгiнiң жарамсыздығы оның басқа бөлiктерiнiң жарамсыз болуына әкелiп соқтырмайды.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 162-баптың 1-тармағы алып тасталды
162-бап. Жарамсыз мәмiлелер бойынша талап қою мерзiмдерi
1. алынып тасталды
2. Осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтарында көзделген негiздер бойынша мәмiленiң жарамсыздығына байланысты даулар бойынша талап қою мерзiмi қорлық немесе қорқыту ықпалымен мәмiле жасалып, сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған күннен бастап не талап қоюшы мәмiленi жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын өзге де мән-жайларды бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл болады.
5-тарау. Өкілдік және сенімхат
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 163-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
163-бап. Өкiлдiк
1. Басқа адамның (өкiлдiк берушiнiң) атынан бiр адамның (өкiлдiң) сенімхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлеттiгi күшiмен жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушiнiң азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн тiкелей туғызады, өзгертедi және тоқтатады.
Өкiлеттiк өкiлдiң (бөлшек сауда жүйесіндегі сатушы, кассир және т.б.) әрекет жасаған жағдайынан да көрiнуi мүмкiн.
2. Өкiл жасаған мәмiле бойынша тiкелей өкiлдiк берушiде құқықтар мен мiндеттер пайда болады.
3. Өкiл жеке өзiне қатысты да, сонымен бiрге өзi өкiлi болып табылатын басқа адамға қатысты да өкiлдiк берушiнiң атынан мәмiлелер жасай алмайды.
Бұл қағида коммерциялық өкілдікке қолданылмайды.
4. Басқалардың мүдделерi үшiн болса да өз атынан әрекет ететiн адамдар (коммерциялық делдалдар, мұрагерлiк кезiнде өсиеттi орындау тапсырылған адамдар және т.б.), сондай-ақ болашақта жасалуы мүмкiн мәмiлелерге қатысты келiссөз жүргiзуге уәкiлдiк берiлген адамдар өкiлдер болмайды.
5. Сипаты жөнiнен тек жеке өзi ғана жасауға болатын мәмiленi, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген реттердегi басқа да мәмiлелердi өкiл арқылы жасауға жол берiлмейдi.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 164-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
164-бап. Әрекет қабiлеттiгi жоқ адамдар үшiн өкiлдiк
Әрекет қабiлеттiгi жоқ азаматтардың атынан мәмiлелердi олардың заңды өкiлдерi жасайды.
165-бап. Өкiлеттiгi жоқ өкiлдiк
Мәмiле жасауға уәкiлдiк берiлмеген адамның басқа адам атынан немесе өкiлеттiгiн асыра пайдаланып жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушi осы мәмiленi кейiннен мақұлдаған ретте ғана ол үшiн азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туғызады, өзгертедi және тоқтатады.
Өкiлдiк берушiнiң кейiннен мақұлдауы мәмiленi оның жасалған кезiнен бастап жарамды етедi.
166-бап. Коммерциялық өкiлдiк
1. Кәсiпкерлер шарт жасасқан кезде олардың атынан үнемi және дербес өкiлдiк етушi адам (коммерциялық өкiл) өкiлдiң өкiлеттiгi көрсетiлетiн жазбаша шарт негiзiнде, ал ол көрсетiлмеген жағдайда сенімхат негiзiнде де әрекет жасайды.
2. Коммерциялық өкiл сонымен бiр мезгiлде өзiнiң қатысуымен жасалатын шарттың түрлi тараптарының мүдделерiн бiлдiре алады. Бұл орайда ол өзiне берiлген тапсырмаларды кәдiмгi кәсiпкердiң ыждағаттылығымен орындауға мiндеттi.
3. Коммерциялық өкiл келісілген сыйақыны және өзi тапсырмаларды орындаған кезде жұмсаған шығындарын, егер өздерiнiң арасындағы келісімде өзгеше көзделмесе, шарт тараптарынан тең мөлшерде төлеудi талап етуге құқылы.
4. Коммерциялық өкiл өзiне белгiлi болған сауда мәмiлелерi туралы мәлiметтердi өзiне берiлген тапсырманы орындағаннан кейiн де құпия сақтауға мiндеттi.
5. Кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген салаларындағы коммерциялық өкiлдiктiң ерекшелiктерi заңмен белгiленедi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 167-бап өзгертілді
167-бап. Сенімхат
1. Бiр адамның (сенім бiлдiрушiнiң) өз атынан өкiлдiк ету үшiн екiншi адамға (сенім бiлдiрген) берген жазбаша уәкiлдiгi сенімхат деп танылады.
2. Мүлiкке билiк жасауға және нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiлелер жасауға берiлетiн сенімхатты, егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, нотариат куәландыруға тиiс.
3. Нотариат куәландырған сенімхаттарға:
1) госпитальдарда, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлердiң және өзге де адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, медицина бөлiмi жөніндегі орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған сенімхаттар;
2) мемлекеттік нотариалдық кеңселер мен басқа да нотариалдық әрекет жасайтын органдары жоқ әскери бөлiмдер, құрамалар, мекемелер және әскери-оқу орындары орналасқан мекендердегi осы бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған әскери қызметшiлердiң сенімхаттары, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерi мен әскери қызметшiлер отбасы мүшелерiнiң сенімхаттары;
3) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған сенімхаттары;
4) халықты әлеуметтiк қорғау мекемелеріндегі кәмелетке толған әрекет қабiлеттiгi бар азаматтардың осы мекеменiң немесе тиiстi халықты әлеуметтiк қорғау органдарының басшысы куәландырған сенімхаттары теңестiрiледi.
4. Хат-хабар, соның iшiнде ақша және сәлемдеме алуға, жалақы және азаматтар мен заңды тұлғалардан өзге де төлемдер алуға сенімхатты сенім бiлдiрушi тұратын республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл әкімдері, ол жұмыс iстейтiн немесе оқитын ұйым, тұрғылықты жерi бойынша тұрғын үй пайдалану ұйымы, ол емделiп жатқан тұрақты емдеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi, сондай-ақ әскери қызметшiлерге сенімхат берiлгенде тиiстi әскери бөлiмдердiң командованиесi куәландыруы мүмкiн. Құжат жiберудi байланыс қызметкерi жүзеге асырған кезде телеграф арқылы, сондай-ақ байланыстың басқа да түрлерi арқылы жiберiлетiн сенімхатты байланыс органдары куәландырады.
5. Үшiншi жақтар сенім бiлдiрiлген адамға сенім бiлдiрушi факсимилелiк және өзге де байланыстар бойынша, ресми байланыс органдарының қатысуынсыз жолдаған өздерiне қатысты әрекеттер жасау үшiн берiлген сенімхатты түпнұсқа деп санауға құқылы.
6. Заңды тұлға атынан сенімхат оның басшысы немесе бұған оның құрылтай құжаттарымен уәкiлдiк берiлген өзге де адамның қолы қойылып берiледi және сол ұйымның мөрiмен бекітіледi.
7. Ақша және басқа бағалы мүлiктi алуға немесе беруге мемлекеттік органның, коммерциялық ұйым мен коммерциялық емес ұйымның атынан берiлетiн сенімхатқа сол ұйымның бас (аға) бухгалтерi де қол қоюға тиiс.
8. Банкiде операциялар жасауға берiлетiн сенімхатты және сауда саласында мәмiле жасауға берiлетiн сенімхатты беру тәртібі мен нысаны арнайы ережелермен белгiленуi мүмкiн.
168-бап. Сенімхат мерзiмi
1. Сенімхат үш жылдан аспайтын мерзiмге берiлуi мүмкiн. Егер сенімхатта неғұрлым ұзақ мерзiм көрсетiлсе, ол үш жыл бойы, ал егер қолдану мерзiмi көрсетiлмесе, берiлген күннен бастап бiр жыл бойы жарамды болады.
2. Берiлген күнi көрсетiлмеген сенімхат жарамсыз болады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 169-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
169-бап. Сенім ауысуы
1. Сенім бiлдiрiлген адам өзiне уәкiлдiк берiлген әрекеттi өзi жасауға тиiс. Алған сенімхат бойынша сенім ауыстыруға уәкiлдiк берiлген не сенім бiлдiрушiнiң мүдделерiн қорғауға мәжбүр болған ретте ғана ол осы әрекеттердi жасау сенімiн басқа адамға аудара алады.
2. Сенім бiлдiрiлген адамның өз өкiлеттiгiн басқа адамға беруi жөніндегі сенімхатты, осы Кодекстiң 167-бабының 4 және 6-тармақтарында көзделгеннен басқа жағдайларда, нотариат куәландыруға тиiс.
Сенім бiлдiрiлген адам өз өкiлеттiгiн басқа адамға толық көлемде сенiп беретiн сенімхатқа бастапқы сенімхат қоса берiлуге тиiс. Сенім бiлдiрiлген адам бастапқы сенімхатта көрсетілген жекелеген өкiлеттіктерді басқа адамға не бірнеше адамға сенiп беретiн сенімхатқа бастапқы сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесі қоса берiлуге тиiс.
3. Сенім ауыстыру жөнiнде берiлген сенімхаттың қолданылу мерзiмi ол негiзге алынып берiлген алғашқы сенімхаттың қолданылу мерзiмiнен аспауы керек.
4. Өз өкiлеттiгiн басқа бiреуге берген сенім бiлдiрiлген адам бұл жөнiнде сенім бiлдiрушiнi дереу хабардар етуге және оған әлгi адам туралы, оның тұрғылықты жерi туралы қажеттi мәлiметтердi хабарлауға тиiс. Бұл мiндеттiң орындалмауынан, сенім бiлдiрiлген адамға нақ өз әрекеттерi үшiн жауапкершiлiк жүктелетiнi сияқты, өз өкiлеттiгiн берген адамның әрекеттерi үшiн де жауапкершiлiк жүктеледi.
170-бап. Сенімхаттың тоқтатылуы
1. Сенімхаттың қолданылуы:
1) сенімхат мерзiмiнiң өтуi;
2) сенімхатта көзделген әрекеттердiң жүзеге асуы;
3) сенімхатты берушi адамның оның күшiн жоюы;
4) сенімхат берiлген адамның одан бас тартуы;
5) өз атынан сенімхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы;
6) атына сенімхат берiлген заңды тұлғаның таратылуы;
7) сенімхат берген адамның қайтыс болуы, оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы;
8) сенімхат берiлген азаматтың қайтыс болуы, оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы салдарынан тоқтатылады.
2. Сенімхатты берген адам сенімхаттың немесе сенім ауысуының күшiн кез келген уақытта жоя алады, ал сенімхат берiлген адам одан бас тарта алады. Бұл құқықтан бас тарту туралы келісім жарамсыз болады.
171-бап. Сенімхаттың тоқтатылу салдары
1. Сенімхат берушi сенімхаттың күшiн жойғандығы туралы (осы Кодекстiң 170-бабы) сенімхат берiлген адамға, сондай-ақ сенімхат берiлгендердiң алдында өкiлдiк ету үшiн өзiне белгiлi үшiншi жаққа хабарлауға мiндеттi. Сенімхат осы Кодекстiң 170-бабының 5 және 7-тармақтарында көрсетiлген негiздерге сүйенiп тоқтатылған реттерде дәл сондай мiндет сенімхат берушi адамның құқықты мирасқорларына да жүктеледi.
2. Сенімхат берiлген адамға сенімхаттың тоқтатылғанын бiлгенге дейiн немесе бiлуге тиiс болған кезге дейiн оның жасаған әрекеттерi нәтижесiнде пайда болған құқықтар мен мiндеттер сенімхатты берген адам және оның құқықты мирасқорлары үшiн үшiншi жақтарға қатысты күшiн сақтайды. Егер үшiншi жақ сенімхаттың тоқтатылғанын бiлсе немесе бiлуге тиiс болса бұл ереже қолданылмайды.
3. Сенімхат берiлген адам немесе оның құқықты мирасқоры сенімхат тоқтатылысымен оны дереу қайтаруға тиiс.
4. Сенімхаттың тоқтатылуына байланысты осы сенімхат бойынша басқа адамға өкiлеттiк беру де (сенім ауысуы) күшiн жояды.
6-тарау. Мерзімдерді есептеу
172-бап. Мерзiм белгiлеу
1. Заңдармен, мәмiлемен белгiленген не сот тағайындайтын мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе сөзсiз болуға тиiстi оқиға көрсетiлiп белгiленедi.
2. Мерзiм жылдармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
173-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң басталуы
Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң өтуi күнтiзбелiк күннен немесе мерзiмнiң басталуы белгiленген оқиға болғаннан кейiнгi келесi күннен басталады.
174-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң аяқталуы
1. Жылдармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде бiтедi.
Жарты жылмен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады.
2. Жыл тоқсандарымен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады. Бұл орайда бiр тоқсан үш айға тең деп есептеледi, ал тоқсандарды есептеу жыл басынан бастап жүргiзiледi.
3. Айлармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде бiтедi.
Жарты аймен белгiленетiн мерзiм күндермен есептелетiн мерзiм ретiнде қаралады да, он бес күнге тең болып есептеледi.
Егер айлармен есептелетiн мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, мерзiм сол айдың соңғы күнiнде бiтедi.
4. Апталармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде бiтедi.
175-бап. Мерзiмнiң жұмыс iстемейтiн күнде аяқталуы
Егер мерзiмнiң соңғы күнi жұмыс iстемейтiн күнге тура келсе содан кейiнгi ең таяу жұмыс күнi мерзiмнiң аяқталған күнi болып саналады.
176-бап. Мерзiмнiң соңғы күнiнде әрекет жасау тәртібі
1. Егер мерзiм қандай да бiр әрекет жасауға белгiленген болса, ол әрекет мерзiмнiң соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейiн орындалуы мүмкiн.
Алайда, егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиiс болса, онда мерзiм осы ұйымда белгiленген ережелер бойынша тиiстi операциялар тоқтатылған сағатта бiтедi.
2. Мерзiмнiң соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейiн почтаға, телеграфқа немесе өзге де байланыс мекемесiне тапсырылған жазбаша мәлiмдемелер мен хабарламалар мерзiмiнде жасалған болып саналады.