67. Егер мейманмен зайыбы (жұбайы) бірге жүретін болса, ресми
кездесу рәсімінен кейін екі елдің мемлекеттік туларының жанында мемлекеттер басшыларының зайыптарымен (жұбайларымен) бірге протоколдық суретке түсуі көзделеді. Одан кейін мейманның зайыбы (жұбайы) жеке бағдарламаға сәйкес бөлек кетеді.
3-параграф. Жүзбе-жүз кездесу
68. Кездесуге мейман мен Президент қана қатысады. Тараптардың келісімі бойынша қатысушылар форматы өзгеруі мүмкін. Протоколдық суретке түсу көзделеді (2-3 минут). Келіссөз барысында шай, кофе, сусындар беріледі.
4-параграф. Жұмыс бабындағы таңғы (түскі) ас
69. Жүзбе-жүз кездесу аяқталғаннан кейін Президент атынан жұмыс бабындағы таңғы (түскі) ас ұйымдастыру көзделеді.
Қабылдауға ресми делегациялар мүшелерінің қатысуы көзделеді (қатысушылар саны әр тараптан 8 адамнан аспайды). Тост айтылмайды. Ресми қабылдаудың орташа ұзақтығы 1-1,5 сағат. Қабылдауды музыкалық бағдарламамен сүйемелдеу көзделмейді.
70. Қабылдау кезінде бірге жүретін адамдар үшін (мейман елінің протокол, баспасөз қызметінің қызметкелері және қауіпсіздік офицерлері үшін) «техникалық үстел» ұйымдастыру көзделеді.
5-параграф. Екіжақты құжаттарға қол қою
71. Тараптардың келісімі бойынша жұмыс бабындағы таңғы (түскі) ас аяқталғаннан кейін екіжақты құжаттарға қол қою рәсімін өткізу көзделуі мүмкін. Әрбір құжатқа қол қою аяқталғаннан кейін құжаттары бар папкалармен алмасып, қол алысады. Шампан әкелу көзделмейді.
6-параграф. Баспасөзге мәлімдеме жасау
72. Бірінші болып Президент сөз сөйлейді, содан кейін мейманға сөз беріледі. Сұрақ қою көзделмейді.
7-параграф. Әуежайда шығарып салу рәсімі
73. Мейманды әуежайда шығарып салу рәсіміне Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасының бекітілген лауазымды адамы (орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары деңгейінде), Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі және қала әкімінің орынбасары қатысады.
8-параграф. Естелік сыйлықтар
74. Ресми сапарлар кезінде мейманға және мейман елі делегациясының мүшелеріне Президент атынан естелік сыйлықтар тапсыру көзделеді.
75. Делегация мүшелеріне сыйлықтар тапсыру екі елдің протокол қызметтері арқылы жүзеге асырылады.
4-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының жұмыс бабындағы сапарлары
76. Шет мемлекеттер басшыларының жұмыс бабындағы сапарлары кезінде мынадай протоколдық іс-шаралар көзделеді.
1-параграф. Әуежайда қарсы алу (шығарып салу)
77. Әуежайда мейманды бекітілген лауазымды адам (орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары деңгейінде), Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры, мейман елінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі және қала әкімінің орынбасары қарсы алып, шығарып салады.
78. Бекітілген лауазымды адам автомашинамен қонақүйге (резиденцияға) дейін мейманмен бірге жүреді.
2-параграф. Келіссөздер, әңгімелесулер, құжаттарға қол қою
79. Сыртқы істер министрлігі жұмыс бабындағы сапардың мақсатын ескере отырып, шетелдік және қазақстандық тараптан келіссөздер мен әңгімелесулерге қатысушылар құрамын Президент Әкімшілігімен келіседі.
80. Жұмыс бабындағы сапар шеңберінде шет мемлекеттің басшысы Президентпен, қазақстандық ресми адамдармен жеке келіссөздер жүргізіп, бірлескен құжаттарға қол қоюы, БАҚ үшін мәлімдеме жасауы мүмкін.
3-параграф. Қабылдау
81. Жұмыс бабындағы сапардың бағдарламасында шет мемлекет басшысының құрметіне немесе іс-шара (саммит, форум, съезд) өткізуге орай жұмыс бабындағы қабылдау (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) көзделуі мүмкін.
82. Гүл себетін (гүл шоғын) қою, астананың көрікті жерлеріне бару, ел аралау сапарына шығу секілді іс-шаралар сапар бағдарламасына мейманның тілегі бойынша енгізіледі.
5-тарау. Шет мемлекеттер басшыларының жеке сапарлары
83. мемлекеттер басшыларының жеке сапарларының форматы, протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз етілуі және бағдарламасы тараптардың уағдаластығы бойынша айқындалады.
84. Шет мемлекет басшысының жеке сапарын өткізу кезінде делегацияны қонақүймен, автокөлікпен, жеке күзетпен қамтамасыз ету көзделуі мүмкін.
6-тарау. Шет мемлекет басшыларының жол-жөнекей сапарлары
85. Меймандардың өтініші бойынша және тиісті уағдаластыққа қол жеткізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарымен кездесулер және әңгімелесулер ұйымдастырылады. Басқа елдерге бара жатқан жолда ұшағы Қазақстан Республикасының әуежайларына қонуды жүзеге асырған кезде шет мемлекеттің басшысын Қазақстан Республикасының ресми лауазымды адамы (тапсырма бойынша), Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры, облыс (қала) әкімінің орынбасары, мейман елінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі қарсы алады.
86. Мейман елінің мемлекеттік туы ілінбейді, Республикалық парадтық есептобы сап түземейді.
Қазақстан Республикасында болу ұзақтығына байланысты шет мемлекет басшысы қонақүйге (резиденцияға) орналастырылуы мүмкін.
Мейманның құрметіне жұмыс бабындағы қабылдау (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) берілуі мүмкін.
87. Қазақстан аумағы арқылы жол жүру барысында Қазақстан Республикасының ресми адамдарының көрсетілген делегациялармен кездесулері өткізілетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан тарапы Қазақстан аумағы арқылы жол жүріп өтетін шетелдік мемлекеттік, үкіметтік және басқа да делегациялардың Қазақстан Республикасында болуына байланысты шығыстарды көтермейді.
7-тарау. Шет мемлекеттердің басшыларын қабылдау тәртібі
88. Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы сапардың мерзімін келіседі. Шетелдік делегацияның елде болу мерзімі үш күннен аспайды.
89. Сапарды дайындау жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан Республикасына сапар басталғанға дейін кемінде бес күн бұрын келеді. Жұмыс тобының келуі бойынша шығыстардың бәрін, әдетте, жіберуші тарап төлейді, бірақ өзара сыйластық қағидаты ескеріледі.
90. Сыртқы істер министрлігі және мейман елінің тиісті инстанциялары келетін делегацияның құрамын айқындайды, сапардың бағдарламасын жасайды, делегацияның қауіпсіздігіне, орналасуына, көлікпен қамтамасыз етілуіне, тамақтануына және болу шығыстарын төлеуге байланысты мәселелерді пысықтайды. Одан кейін сапар бойынша ақпарат (сапар бағдарламасының жобасы, делегациялардың құрамы, ресми кездесу рәсіміне, шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге, ресми қабылдауға қатысушылардың тізімдері, қол қойылатын бірлескен құжаттардың тізімі, мемлекеттік гимннің партитурасы (аудиожазбасы), мейман елінің мемлекеттік туының үлгісі және мейманның жеке байрағы) Президент Әкімшілігіне жолданады.
91. Мемлекеттік сапар кезінде делегацияның 12 адамға дейін, ресми сапарда 8 адамға дейін, ал жұмыс сапары мен жол-жөнекей сапарда - 5 адамға дейін ресми адамдары Қазақстан тарапы есебінен қабылданады. Әрбір нақты жағдайда өзара сыйластық қағидаты ескеріледі.
92. Сапарды дайындау барысында Президенттің протоколы Президент Сарайында ресми рәсімді, келіссөздерді, бірлескен құжаттарға қол қою рәсімін, Президент атынан берілетін қабылдауды (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) өткізу бойынша протоколдық-ұйымдастыру мәселелеріне жауапты болып табылады.
93. Сыртқы істер министрлігі әуежайда қарсы алудың (шығарып салудың), Отан қорғаушылар монументіне гүл себетін (гүлдесте) қою рәсімін өткізудің протоколдық-ұйымдастыру мәселелеріне және мәдени бағдарламаны қамтамасыз етуге, сондай-ақ мейман жұбайының (зайыбының)болу бағдарламасын дайындауға жауапты болып табылады.
94. Күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (бұдан әрі - Президенттің Күзет қызметі) айналысады.
95. Шет мемлекеттер басшыларының мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарларын дайындау мен өткізудегі өзара іс-қимылды үйлестіру және ұйымдастыру Президент протоколы мен Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметіне жүктеледі.
8-тарау. Сайланған Президенттің қызметіне кірісуі салтанатты рәсімін дайындау және өткізу тәртібі
96. Сайланған Президенттің қызметіне кірісуі салтанатты рәсімі (ұлықтау) ол сайланған жылдан кейінгі жылдың каңтарының екінші сәрсенбісінде өткізіледі.
Ұлықтау Астана қаласында өткізіледі.
97. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ұлықтауға Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасының депутаттары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы президенттері қатысады.
98. Сондай-ақ ұлықтауға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы және Президент Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, өзге де орталық мемлекеттік органдарының басшылары, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері, шет мемлекеттер және үкіметтер басшылары, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері, қазақстандық және халықаралық қоғамдастықтың, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысуға құқылы.
99. Ұлықтауға дейін, сайланған Президент тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін сайланған Президенттің қызметіне кірісу салтанатты рәсімін дайындау мен өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес дайындық іс-шаралары жүзеге асырылады.
100. Республикалық ұланның әскери қызметшілерінің парадтық есептоптары марш әуенімен ұлықтау өткізілетін залға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Президенттің байрағын және Қазақстан Республикасының Конституциясын әкеледі.
101. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының халқына ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі деп хабарлайды.
102. Сайланған Президент Қазақстан халқына ант берген кезде оң қолын Қазақстан Республикасының Конституциясына қойып, мемлекеттік тілде Конституцияда белгіленген анттың мынадай мәтінін айтады: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.».
103. Ант берілгеннен кейін қызметіне кіріскен Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына келіп, оның матасының шетінен сүйеді.
Содан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады.
Президент Резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріледі.
104. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы еткен сайлау қорытындылары бойынша сайланған Президентке сөз арнайды және оған Президенттің куәлігін, кеудеге тағатын белгісін, байрағын және арнайы үлгідегі «Алтын Қыран» орденін тапсырады.
Егер бір адам Қазақстан Республикасының Президенті болып екінші өкілеттік мерзімге сайланған жағдайда, Президенттің кеудеге тағатын белгісі, байрағы және «Алтын Қыран» ордені оған қайталап тапсырылмайды.
105. Қызметіне кіріскен Президент сөз сөйлейді, оны аяқтаған соң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің баянатын қабылдайды.
106. Президент Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскерлерінің түрлері мен тектерінің парадтық есептоптарына ықылас білдіреді.
107. Қызметіне кіріскен Президенттің алдынан Қарулы Күштер әскерлерінің түрлері мен тектерінің парадтық есептоптары салтанатты маршпен құрмет көрсетіп өтеді.
108. Ұлықтау артиллерия дүркінімен қосталып тұрады.
9-тарау. Президенттің шетелдерге және ел ішіндегі сапарларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
109. Президенттің шетелдерге сапары форматы бойынша мемлекеттік, ресми, жұмыс бабындағы, жеке және жол-жөнекей сапарлар болып бөлінеді.
110. Президенттің шетелдік сапарын өткізу мерзімдерін Сыртқы істер министрлігі келіседі.
111. Шетелдік мемлекетке сапарды ұйымдастыру үшін онда құрамына Президент протоколының, Президенттің Баспасөз қызметінің, Сыртқы саясат орталығының, Президенттің Күзет қызметінің және Президенттің Іс басқармасының, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің өкілдері кіретін жұмыс тобы жіберіледі.
112. Президент шет мемлекетке (шет мемлекеттен) кеткен (келген) кезде Астана қаласының әуежайында шығарып салуға (қарсы алуға) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Президент Әкімшілігінің Басшысы және Астана қаласының әкімі қатысады.
113. Президентті Астана қаласының әуежайында шығарып салуға (қарсы алуға) Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің Басшысы және Астана қаласының әкімі, ал өңірлерде облыс әкімі, облыстық маңызы бар қаланың әкімі немесе республикалық маңызы бар қаланың әкімі қатысады.
114. Ел ішіндегі жұмыс бабындағы сапарлар кезінде әуежайда және баратын орындарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ілінеді. Мемлекет басшысының автомобилінде және резиденциясында Президент байрағы орнатылады.
115. Президенттің жұмыс бабындағы сапар бағдарламасын дайындау және қамтамасыз ету үшін ол жерлерге алдын ала Президент протоколының, Президенттің Баспасөз қызметінің және Күзет қызметінің қызметкерлері мен Президент Әкімшілігінің баратын өңірді қадағалайтын мемлекеттік инспекторы барады.
Президенттің ел ішіндегі жұмыс сапарлары кезінде бірқатар протоколдық іс-шараларды өткізу көзделеді (келісім бойынша).
116. Президенттің шет мемлекеттердің саяси және іскер топтарының өкілдерімен жұмыс бабындағы кездесулерін Президент Әкімшілігі белгіленген тәртіппен жоспарлайды, келіседі және қамтамасыз етеді.
117. Кездесуге шетелдік және қазақстандық тараптардан қатысушылардың құрамы жөніндегі ұсыныстарды Сыртқы істер министрлігі кездесулер өткізуден 5 күн бұрын Президент Әкімшілігіне енгізеді. Президенттің кездесулер тәртібін Президент протоколы айқындайды.
10-тарау. Шет мемлекеттердің үкімет басшыларының ресми сапарлары
118. Шет мемлекеттер үкіметтерінің басшылары (бұдан әрі - шетелдік үкімет басшысы) қатысатын протоколдық іс-шаралар елдердің мемлекеттік басқару нысаны ескеріле отырып өткізіледі.
Басқару нысаны парламенттік шет мемлекеттер үкіметтерінің басшылары келген жағдайда, оларды қабылдау шет мемлекеттердің басшыларын қабылдау протоколына сәйкес жүзеге асырылады.
119. Әуежайда екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді. Ұшу алаңында Республикалық ұланның құрметті қарауылы сап түзейді.
120. Ұшақ басқышы жанында шетелдік үкімет басшысын Қазақстан Республикасының бекітілген лауазымды адамы (Министрдің орынбасарына теңестірілген деңгейде) (екіжақты үкіметаралық комиссия болған жағдайда - тиісті үкіметаралық комиссияның өкілі), Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі (келісім бойынша) және Астана қаласы әкімінің орынбасары қарсы алады/шығарып салады. Мейман зайыбымен/жұбайымен бірге келген жағдайда, оны бекітілген басқа лауазымды адам (тиісті жыныстағы) қарсы алады/шығарып салады және еріп жүреді.
Ұшақ басқышы жанында мейманға қазақтың ұлттық киімін киген бойжеткен гүл ұсынады (егер мейман зайыбымен (жұбайымен) бірге келсе, мейманға және зайыбына (жұбайына) ұлттық киім киген бойжеткен мен бозбала гүл ұсынады).
121. Өзара сәлемдесуден кейін шетелдік үкімет басшысы бекітілген лауазымды адаммен және/немесе Сыртқы істер министрлігінің департамент директорымен бірге құрметті қарауыл сап түзеп тұрған кілемшенің үстімен жүріп өтеді, қысқаша әңгімелесу үшін әуежай ғимаратының VІР-бөлмесіне өтеді (әңгімелесу уақытында шай, сусындар беріледі).
Бұл уақытта ресми делегация мүшелері, бірге жүретін адамдар мен мейман елінің баспасөз және күзет өкілдері екінші басқышпен төмен түсіп, әуежай ғимаратының VІР-залы арқылы өтеді және жайғасу схемасына сәйкес автомашиналардан орын алады.
122. Қысқаша әңгімелесуден кейін мейман бекітілген лауазымды адаммен және/немесе Сыртқы істер министрлігінің департамент директорымен бірге автомашинаға өтіп, отырады. Мейманның автомобиліне мейман елінің автомобильдік мемлекеттік туы орнатылады.
123. Жол полициясы бастап жүретін кортеж қалаға бет алады. Мейманның әуежайдан жүретін жолының бойына мемлекеттік тулар тігіледі.
124. Бекітілген лауазымды адам және/немесе Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры мейманмен автомашинада қонақүйге (резиденцияға) дейін бірге жүреді.
125. Мейманның қонақүйінің (резиденциясының) үстінде оның елінің мемлекеттік туы көтеріледі.
126. Үкімет басшысының ресми сапарының бағдарламасы шеңберінде: Премьер-Министрмен келіссөздер; екіжақты құжаттарға қол қою (қажет болған жағдайда); баспасөз конференциясы; ресми қабылдау; Қазақстан Республикасының басқа да лауазымды адамдарымен кездесулер мен әңгімелесулер; гүл себетін (гүл шоғы, гүлдесте) қою (тараптардың келісімі бойынша) өткізіледі, сондай-ақ мейманның тілегін ескере отырып басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
127. Қазақстан тарапынан келіссөздерге қатысушылар құрамын Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша Премьер-Министрдің Кеңсесі бекітеді.
128. Шетелдік үкімет басшысы сапарының бағдарламасында Президентпен әңгімелесу көзделуі мүмкін (келісім бойынша). Президенттің келіссөздер жүргізу тәртібін Президент протоколы айқындайды.
129. Шетелдік үкімет басшысының тілегі бойынша сапар бағдарламасында ел аралау сапары көзделуі мүмкін. Сапарда мейманмен бекітілген лауазымды адам және/немесе Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі (келісім бойынша) бірге жүреді.
130. Ресми сапарлар барысында мейманға және делегация мүшелеріне Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан екі елдің протоколдық қызметтері арқылы естелік сыйлықтар тапсыру көзделеді.
131. Мейман зайыбымен/жұбайымен келген жағдайда ол үшін елде болудың жеке бағдарламасы көзделеді.
11-тарау. Шет мемлекеттердің үкімет басшыларының жұмыс бабындағы сапарлары
132. Үкімет басшыларының жұмыс бабындағы сапарларын өткізу кезінде Премьер-Министрмен келіссөздер жүргізуді, бірлескен құжаттарға қол қоюды, баспасөз конференциясын өткізуді және қабылдауды (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) ұйымдастыруды көздейтін болу бағдарламасы жасалады.
133. Әуежайда шетелдік үкімет басшысын Үкіметтен бекітілген лауазымды адам (екіжақты үкіметаралық комиссия болған жағдайда - тиісті үкіметаралық комиссияның өкілі), Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі (келісім бойынша) қарсы алады және шығарып салады.
Әуежайда екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді.
134. Қонақүй аумағында мейман елінің мемлекеттік туы көтеріледі.
12-тарау. Шетелдік үкімет басшыларының жол-жөнекей сапарлары
135. Меймандардың өтініші бойынша және тиісті уағдаластыққа қол жеткізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарымен кездесулер және әңгімелесулер ұйымдастырылады. Басқа елдерге бара жатқан жолда ұшағы Қазақстан Республикасының әуежайларына қонуды жүзеге асырған кезде шетелдік үкімет басшысын Қазақстан Республикасының ресми лауазымды адамы (тапсырма бойынша), Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры, Қазақстан Республикасының мейман еліндегі Елшісі қарсы алады.
Мейман елінің мемлекеттік туы ілінбейді, Республикалық ұланның парадтық есептобы сап түземейді.
Шетелдік үкімет басшысының Қазақстан Республикасында болу ұзақтығына байланысты ол қонақүйге (резиденцияға) орналастырылуы мүмкін.
Мейманның құрметіне жұмыс бабындағы қабылдау (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) ұйымдастырылуы мүмкін.
136. Қазақстан тарапы Қазақстан аумағы арқылы жол жүріп өтетін шетелдік мемлекеттік, үкіметтік және басқа да делегациялардың Қазақстан Республикасында болуына байланысты шығыстарды, Қазақстан Республикасының ресми адамдары аталған делегациялармен кездесулер өткізілетін жағдайларды қоспағанда, Қазақстан аумағы арқылы жол жүру барысында көтермейді.
13-тарау. Шет мемлекеттердің үкімет басшыларын қабылдау тәртібі
137. Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы сапардың мерзімін келіседі. Шетелдік делегацияның елде болу мерзімі үш күннен аспайды. Мейман беймезгіл уақытта (мереке және демалыс күндері, таңертең ерте немесе тым кешкі уақытта) келген жағдайда Қазақстан тарапынан қарсы алатын ресми адамдардың деңгейі төмендетілуі мүмкін.
138. Сапарды дайындау жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан Республикасына сапар басталғанға дейін кемінде бес күн бұрын келеді. Жұмыс тобының келуіне жұмсалатын барлық шығыстарды әдетте, жіберуші тарап төлейді, бірақ өзара сыйластық қағидаты ескеріледі.
139. Сыртқы істер министрлігі және мейман елінің тиісті инстанциялары келетін делегацияның құрамын айқындайды, сапардың бағдарламасын жасайды, делегацияның қауіпсіздігіне, орналасуына, көлікпен қамтамасыз етілуіне, тамақтануына және болу шығыстарын төлеуге байланысты мәселелерді пысықтайды. Одан кейін сапар бойынша ақпарат (сапар бағдарламасының жобасы, делегациялардың құрамы, шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерге, ресми қабылдауға қатысушылардың тізімдері, қол қойылатын бірлескен құжаттардың тізімі) Премьер-Министрдің Кеңесіне жолданады.
140. Ресми сапар кезінде делегацияның 7 адамға дейін, ал жұмыс бабындағы сапар және жол-жөнекей сапар кезінде 5 адамға дейін ресми адамдары Қазақстан тарапы есебінен қабылданады. Әрбір нақты жағдайда өзара сыйластық қағидаты ескеріледі.
141. Сапарды дайындау барысында Премьер-Министрдің протокол қызметі «Үкімет үйі» ғимаратында қарсы алу рәсімін, келіссөздерді, бірлескен құжаттарға қол қою рәсімін Премьер-Министр атынан ресми қабылдау (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) өткізу бойынша протоколдық-ұйымдастыру мәселелеріне жауапты болып табылады.
142. Сыртқы істер министрлігі әуежайда қарсы алудың (шығарып салудың), Отан қорғаушылар монументіне гүл себетін (гүл шоғын) қою рәсімін өткізудің протоколдық-ұйымдастыру мәселелеріне және мәдени бағдарламаны қамтамасыз етуге, сондай-ақ мейман жұбайының (зайыбының) болу бағдарламасын дайындауға жауапты болып табылады.
143. Күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп пен делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен Президенттің Күзет қызметі айналысады.
144. Шет мемлекеттер үкімет басшыларының ресми және жұмыс
сапарларын дайындауда және өткізуде өзара іс-қимыл жасауды үйлестіру мен ұйымдастыру Премьер-Министрдің протокол қызметіне және Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік протокол қызметіне жүктеледі.
14-тарау. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шетелдерге және ел ішіндегі сапарларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету
145. Сыртқы істер министрлігі Премьер-Министрдің шет мемлекеттерге сапарының мерзімдерін келіседі. Сапарды ұйымдастыру үшін құрамына Премьер-Министр Кеңсесінің, Сыртқы істер министрлігінің, Президенттің Күзет қызметінің және Қазақстан Республикасының басқа да мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері кіретін жұмыс тобы жіберіледі.
Премьер-Министрді әуежайда шығарып салуға (қарсы алуға) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы қатысады.
146. Премьер-Министрдің ел ішіндегі жұмыс бабындағы сапары бағдарламасында мынадай іс-шаралар өткізу: Астана қаласында және жергілікті жерлерде шығарып салу (қарсы алу), өнеркәсіптік және басқа да әлеуметтік маңызды объектілерге бару көзделеді.
147. Ұйымдастыру мәселелерін шешу және Премьер-Министрдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірлерге алдын ала жұмыс тобы жіберіледі, оның құрамына Премьер-Министр Кеңсесінің және Президенттің Күзет қызметінің өкілдері енгізіледі.
148. Премьер-Министр жұмыс бабындағы сапарларға/сапарлардан шыққан (келген) кезде шығарып салуға (қарсы алуға) Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы, ал жергілікті өңірлерде облыс әкімі, облыстық маңызы бар қаланың әкімі немесе республикалық маңызы бар қаланың әкімі қатысады.
Премьер-Министрдің ел ішіндегі жұмысындағы сапарлары кезінде бірқатар протоколдық іс-шаралар өткізу көзделеді (келісім бойынша).
149. Премьер-Министр қатысатын іс-шараларды, оның ішінде шет мемлекеттердің өкілдерімен өткізілетін жұмыс бабындағы кездесулер мен әңгімелесулерді Сыртқы істер министрлігі мен Премьер-Министр Кеңсесі белгіленген тәртіппен жоспарлайды, келіседі және қамтамасыз етеді.
15-тарау. Шет мемлекеттердің орталық өкілді органдары басшыларының, мемлекеттік хатшыларының, үкімет басшылары орынбасарларының сыртқы саясат ведомстволары басшыларының Қазақстан Республикасына сапарлары
150. Халықаралық іс-шараларды (екіжақты сапарлар, конференциялар, форумдар, семинарлар және т.б.) дайындау мен өткізу жөніндегі ұйымдастыру мәселелерін Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органы Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша жүзеге асырады.
1-параграф. Шет мемлекеттердің орталық өкілді органдары басшыларының сапарлары
151. Қазақстан Республикасы Парламентінің (оның палаталарының) шақыруы бойынша шет мемлекеттердің орталық өкілді органдары басшыларының (бұдан әрі - парламент басшысы) сапарлары Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының төрағалары бекітетін бағдарламаның негізінде жүзеге асырылады.