7. Арнаулы (әскери) оқу орындарын, адъюнктураны, докторантураны бітірген қызметкерлер қажетті бiлiм деңгейi бар адамдар алмастыруға жататын және Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетін арнаулы мемлекеттік органдағы лауазымдар және оларға сәйкес келетiн арнаулы атақтар тiзбесiнде (бұдан әрі - Лауазымдар тiзбесi) көзделген офицерлік құрамның лауазымдарына тағайындалады.
Аталған лауазымдарға тағайындау мүмкiн болмаған кезде мұндай қызметкерлер даярлық бейiнi бойынша ұқсас өзге лауазымдарға тағайындалады (айрықша жағдайларда лауазымға одан әрі тағайындау үшiн тиісті бастықтың қарамағына жiберiледi).
8. Лауазымдарға тағайындау кезiнде мынадай шарттар сақталады:
1) сержанттар құрамы және офицерлік құрам атқаруға жататын лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлері тағайындалады.
Аталған лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлерiн тағайындау мүмкiн болмаған кезде оларға арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы айқындайтын тәртiппен төмен тұрған құрамның қызметкерлері тағайындалуы мүмкiн;
2) тиiстi бастықтардың қарамағына жiберiлген қызметкерлерді лауазымдарға тағайындау осы Заңның 33-бабының 4-тармағында белгiленген мерзiмнен аспайтын, мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүргiзiледi;
3) қызметке жарамдылық санаты туралы әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысы ұсынылады;
4) егер қызметкерге мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсаттама беруден бас тартылған немесе аталған рұқсаттама тоқтатылған жағдайда, ол мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерге берiлетiн рұқсаттамамен байланысты емес лауазымға белгiленген тәртiппен тағайындалады немесе қызметтен шығарылуға жатады;
5) өзара жақын туыстықта болатын қызметкерлерге, олар бiр-бiрiне тiкелей бағынысты болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет өткеруге рұқсат берiлмейдi.
9. Қызметкерлер жоғары тұрған, тең немесе төмен тұрған лауазымдарға тағайындалуы мүмкiн.
10. Лауазымдар тiзбесiнде ол лауазымға бұрынғы лауазым бойынша арнаулы атаққа қарағанда неғұрлым жоғары арнаулы атақ, ал штатта көзделген арнаулы атақтар тең болған жағдайда - бiлiктiлiк талаптарының немесе басқару органының неғұрлым жоғары деңгейi сәйкес келсе, лауазым жоғары тұрған болып есептеледі.
11. Қызметкерді жоғары тұрған лауазымға тағайындау қызметi бойынша жылжыту тәртібiмен жүргiзiледi.
Жоғары тұрған лауазымға өзі қызмет өткеретiн органының аттестаттау комиссиясы ұсыным жасаған, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсіби қасиеттерін және ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсеткен қызметкер тағайындалады.
12. Лауазымдар, егер оларға тең арнаулы атақ, сондай-ақ тең бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының деңгейi сәйкес келсе, тең болып есептеледі.
13. Қызметкерді тең лауазымға тағайындау:
1) ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
2) қызметкерді қызметте орынды пайдалану үшiн;
3) осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде, келiсiмшарт бойынша қызмет өткеретiн қызметкердің баянатына сәйкес отбасы жағдайы бойынша;
4) әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жүргiзiледi.
14. Лауазым, егер оған неғұрлым төменiрек арнаулы атақ, сондай-ақ анағұрлым төмен бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының төменгi деңгейi сәйкес келсе, төмен болып есептеледі.
15. Төмен лауазымға тағайындау:
1) қызметкердің келiсiмiмен:
оның даярлық бейiнiне тең бос лауазым болмаған кезде ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;
үлгi нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн отбасылық-мүлiктiк жағдайын тексеру актiсiмен расталатын, осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында айқындалған отбасы жағдайы бойынша;
әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша;
осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында айқындалған мән-жайларды қоспағанда, бастықтың қарамағында болған кезеңде;
2) келiсiмшартты бұзу үшiн негiздер болып табылмайтын, қызмет өткеру тәртібi мен қағидаларын бiрнеше рет (бір жыл ішінде екі және одан да көп) бұзған жағдайда аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша қызметкердің келiсiмiнсiз бiр сатыдан төмен емес лауазымға тағайындау жүргiзiледi.
16. Қызметкерді лауазымға тағайындау, лауазымнан босату, бастықтың қарамағына жіберу, шығару, арнаулы атақ беру, одан төмендету, айыру кезiнде, сондай-ақ жаңа келiсiмшарт жасасқан кезде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіпте ұсыну ресiмделедi.
31-бап. Қызметкерлерді ауыстыру тәртібі
1. Қызметкерді ауыстыру - бұл оның лауазымдық жағдайын немесе қызмет орнын өзгерту.
Ауыстыру:
1) лауазымға тағайындалған;
2) iссапарға жiберiлген;
3) осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша бастықтың қарамағына жiберiлген;
4) арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған;
5) бiр арнаулы мемлекеттік органнан басқасына ауыстырылған;
6) бөлiмше тұрақты орналасу орнын өзгерткен жағдайларда жүргiзiледi.
2. Ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларға сәйкес жүзеге асырылатын бөлімшенің тұрақты орналасу орны өзгерген, сондай-ақ бөлімшенің тұрақты орналасу орнына қарамастан тең лауазымға тағайындалған кезде қызметкерді ауыстыру арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы осы құқықты берген уәкілетті басшының шешімімен оның келісімінсіз жүргізіледі.
3. Қызметкерді ауыстыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iстердi және лауазымын тапсырғаннан кейiн ғана жүргiзiледi.
Iстерді және лауазымын тапсыруды бастауды уәкілетті басшы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзiндi-көшірме немесе қызметшiнi ауыстыру жөнiнде жазбаша хабарлама түскен күннен бастап, бiрақ хабарлама келіп түскен күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген қызметкер үшін - ол келген күннен бастап айқындайды.
32-бап. Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқаруды жүктеу
1. Қызметтiк қажеттiлiкке байланысты қызметкерге ол атқармайтын лауазымға тең немесе одан жоғары лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқару:
1) бос (тағайындалмаған) лауазым бойынша - оның келiсiмiмен жүктелуi мүмкiн, бұл жағдайда қызметкер атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатылады, бiрақ атқарып отырған лауазымынан босатылмайды және оған мiндеттердi уақытша атқаруға жiберiлген лауазымы бойынша ақшалай үлес төленеді;
2) бос емес (тағайындалған) лауазым бойынша - оны атқарып отырған қызметкер уақытша болмаған немесе оны атқарып отырған қызметкерді лауазымынан шеттеткен жағдайда, 2 айдан аспайтын мерзiмге жүктелуi мүмкiн.
2. Қызметкерге бос лауазымды уақытша атқаруды жүктеудi және оны атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатуды осы лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бұл ретте қызметкерге жоғары офицерлік құрам атқаруға тиiс бос лауазымдар бойынша лауазымды уақытша атқаруды жүктеу арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Органның бастығы өзi уақытша болмаған жағдайда мiндеттердi уақытша атқаруды орынбасарларының бiреуiне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейдi.
33-бап. Бастықтың қарамағына жіберу
1. Қызметтi одан әрі өткеру мәселелерiн шешу үшiн қызметкерлерді лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам бұйрықтар шығару құқығы бар уәкілетті басшының қарамағына жiберуi мүмкiн.
2. Қызметкерді бастықтың қарамағына жiберуге осы баптың 4-тармағында айқындалған жағдайларда және мерзiмдерде жол берiледi.
3. Қарамағында қызметкерлер бар лауазымды адамдар олардың лауазымдық мiндеттерiнiң тiзбесiн бекiтедi.
4. Қызметкер:
1) оны басқа лауазымға тағайындау кезінде уәкілетті басшының қарамағында екі айдан аспайтын мерзімде болу;
2) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар (штаттардың қысқаруы) өткізуге байланысты уәкілетті басшының қарамағында үш айдан аспайтын мерзімде болу;
3) қызметкерді тең лауазымға ауыстыру мүмкіндігінің болмауына байланысты уәкілетті басшының қарамағында алты айдан аспайтын мерзімде болу;
4) қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалуына байланысты уәкілетті басшының қарамағында қылмыстық іс бойынша шешім шыққанға дейін болу;
5) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберілу;
6) қолданыстағы резервте болу жағдайларында штаттық емес лауазымдарда қызмет өткеруі мүмкін.
34-бап. Лауазымнан босату
1. Қызметкер жаңа лауазымға тағайындалған, ауыстырылған, қызметтен шығарылған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Заңда көзделген басқа да мән-жайларға байланысты атқарып жүрген лауазымынан босатылады.
2. Қызметкерді атқарып жүрген лауазымынан босатуға уәкілетті басшының құқығы бар.
35-бап. Ресми өкілдер
Арнаулы мемлекеттік органдар өздерінің ресми өкілдерін өзге мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен немесе құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелеріне жіберуі мүмкін.
Ресми өкілдер туралы ережені арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.
36-бап. Қызметкерлерді мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберу
1. Қызметкерлер мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу үшін және заңдарда көзделген өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарына, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, олардың бірінші басшыларының келісімімен, не халықаралық шарттар негізінде халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілуі мүмкін.
Бұл ретте іссапарға жіберілген адамның мәртебесі сақталады, ал бұдан бұрын жасалған келісімшарттың қолданысы тоқтатылмайды.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлермен жаңа келісімшарттар жасасу осы Заңға сәйкес жүргізіледі.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге арнаулы атақтар беру, оларды қызметтен шығару, мемлекеттік наградалармен наградтау осы Заңда көзделген тәртіппен жүргізіледі.
4. Іссапарға жіберілген қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген лауазымдық айлықақылар және арнаулы атақ бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлықақылар төленеді.
5. Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге сыйлықақы беру олар іссапарға жіберілген мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ ұйымдардың қызметкерлерi үшiн айқындалған тәртiппен лауазымдық айлықақылар негiзге алына отырып жүзеге асырылады.
Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге лауазымдық айлықақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен сыйлықақы төлеу олар iссапарға жiберiлген мемлекеттiк органдарды, сондай-ақ ұйымдарды ұстауға көзделген қаражат есебiнен Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Өзге де төлемдер, сондай-ақ арнаулы киім үлгісімен қамтамасыз ету, қызметкерлерді iссапарға жiберген арнаулы мемлекеттік органды ұстауға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.
6. Халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге, егер халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген жалақы оларды ұстау үшін көзделген қаражат есебінен төленеді.
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберу кезеңінде қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтар, кепілдіктер, жеңілдіктер, өтемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау сақталады.
Іссапарға жiберiлген қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте іссапарға жіберілген қызметкерлерге міндетті зейнетақы аударымдарын есептеу үшін олардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ ұйымдарында атқарып отырған лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары есепке алынады, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлердің міндетті зейнетақы аударымдарын есептеу үшін арнаулы мемлекеттік органдарда атқарған соңғы лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары және арнаулы атақтары бойынша айлықақылары есепке алынады.
Қалған бiржолғы сипаттағы төлемдер бойынша iссапарға жiбергенге дейiн қызметкердің атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы есепке алынады.
37-бап. Кадр резерві
1. Арнаулы мемлекеттік органның кадрлық құрамын қалыптастыру және лауазымдардың жасақталуын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы мемлекеттік органда кадр резерві жасалады.
2. Кадр резерві аттестаттау нәтижелері бойынша жоғары тұрған лауазымға жоғарылатуға ұсынылған қызметкерлерден қалыптастырылады.
3. Бос басшы лауазымға арнаулы мемлекеттік органның кадр резервінде тұрған адам уәкілетті басшының шешімі бойынша орналастырылады. Кадр резервінде тұрған қызметкерлер ұсынылған лауазымнан бас тартқан кезде бос лауазымға аттестаттау нәтижесі бойынша басқа қызметкер орналастырылады.
4. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру жауаптылығы арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті басшысына және кадр бөлімшесіне жүктеледі. Арнаулы органдарда кадр резерві кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға орналастыру қажеттігі ескеріле отырып қалыптастырылады.
5. Кадр резервіне қоюды уәкілетті басшы жүзеге асырады.
6. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған, лауазымынан немесе арнаулы атағынан төмендетілген, сондай-ақ оған қызметіне толық сәйкес келмеуі туралы ескерту түрінде тәртіптік жазалау шарасы қолданылған жағдайларда кадр резервінен шығарылады.
7. Қызметкердің кадр резервінде тұру мерзімі үш жылдан аспауға тиіс. Кадр резервіне қойылып, бірақ кадр резервінде болған кезеңде олар үшін жоспарланған лауазымға тағайындалмаған адамдар кадр резервіне жалпы негіздерде жаңадан қойылуы мүмкін.
8. Арнаулы мемлекеттік органның кадр бөлімшелері кадр резервіне қойылған қызметкерлердің тізімдерін жүргізеді.
9. Кадр резервін қалыптастыру және олармен жұмыс істеуді ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
5-тарау. ДЕМАЛЫСТАР
38-бап. Демалыс түрлері
1. Қызметкерлер үшін демалыстардың мынадай түрлері белгіленедi:
1) жыл сайынғы;
2) қысқа мерзiмдi;
3) жүктiлiгi және босануы бойынша, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыстар;
4) қосымша;
5) каникулдық;
6) оқу;
7) ауруы бойынша;
8) бала үш жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге арналған айлықақысы сақталмайтын демалыс.
39-бап. Демалыстар берудің және олардың ұзақтығын есептеудің жалпы тәртібі
1. Демалыстар уәкілетті басшының бұйрығы негiзiнде берiледi.
2. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады, бұл ретте жыл сайынғы және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы, демалысты өткiзу орнына барып қайту жолына қажеттi уақыт есептелмегенде, демалыс берiлетiн жылда алпыс тәулiктен аспауға тиiс.
3. Осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыстардың барлық түрлерiнде болған кезеңде қызметкерлердің ақшалай үлесi және өзге де қосымша төлемдерi сақталады.
40-бап. Жыл сайынғы демалыс
1. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыстар уәкілетті басшы бекіткен демалыстар кестесіне сәйкес күнтізбелік жыл ішінде беріледі.
Демалыс уақытында, бөлімшенің толық таралуын және келісімшартта көзделген өзге жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның бастамасы бойынша қызметкерді ауыстыруға, жұмыстан шығаруға жол берілмейді.
2. Еңбек сіңірген жылдарын, қызмет ерекшеліктері мен жағдайларын ескере отырып, қызметкерлерге (курстанттарды қоспағанда) берілетін жыл сайынғы демалыстардың ұзақтығы:
қызметте еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік 10 жылға дейінгілерге - 30 тәулік;
10-нан 15 жылға дейінгілерге - 35 тәулік;
15-тен 20 жылға дейінгілерге - 40 тәулік;
20 жыл және одан көптерге - 45 тәулік;
ұшу жұмыстарындағы, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жергілікті жерлерде қызмет өткеретін адамдарға - 45 тәулік болып белгіленеді.
3. Қызмет мүдделерін және қызметкерлердің тілектерін ескере отырып, демалыс екі бөлікке бөлінуі мүмкін.
4. Қызметкердің қызметке тұрған жылдағы және қызметтен шығарылған жылдағы жыл сайынғы демалысының ұзақтығын есептеу жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екіге бөліп, алынған тәулік санын қызметке тұрған немесе шығарылған жылдағы қызметтің толық айларының санына көбейту арқылы есептеледі.
5. Толық емес тәуліктер мен айлардың санын дөңгелектеу ұлғайту жағына қарай жүргізіледі. Қызметкерді қызметтен уақтылы шығару (арнаулы мемлекеттік органның жеке құрамы тізімінен алып тастау) мүмкін болмаған жағдайда, оны шығару күні жыл сайынғы демалыстың пайдаланылмаған күндеріне есеп айырысу жүргізіліп, ол қызметкерге беріледі. Мерзімінен бұрын қызметтен шығару кезінде (келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін), егер демалыс кестесіне сәйкес демалыс бұрын пайдаланылмаса, қызметкердің жыл сайынғы демалыс ұзақтығы осындай тәртіппен есептеледі.
6. Арнаулы (әскери) оқу орнын бітірген қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс аталған оқу орнын аяқтағаннан кейін беріледі.
7. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын биік таулы жерлерде (биіктігі бір мың бес жүз метр және одан жоғары), климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткеріп жүрген қызметкерлерге еңбек сіңірген жылдарына қарамастан ұзақтығы күнтізбелік қырық бес күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.
8. Қызметкерлердің жыл сайынғы демалысының ұзақтығы демалысты өткізу орнына барып қайту жолы үшін қажет уақытты ескере отырып, тәулік санына ұлғайтылады.
9. Қызметкердің баянаты және уәкілетті басшының шешімі бойынша қызметкерге жыл сайынғы және қосымша демалыстар олардың арасын үзбей жалғастырылып беруге жол беріледі.
10. Өткен жылдың жыл сайынғы және (немесе) қосымша демалыстарын қызметкер дәлелді себептермен толық пайдаланбаған жағдайда, демалыстың пайдаланылмаған күндері оның өтініші бойынша келесі жылы беріледі.
11. Жыл сайынғы немесе қосымша демалыс уақытында (арнаулы мемлекеттік органның жеке құрамы тізімінен шығара отырып, қызметтен шығарылатын жылдан басқа) ауырып қалған қызметкерлерге, отбасы жағдайлары бойынша демалысты қоспағанда, ауырған күндерінің санына сәйкес жыл сайынғы немесе қосымша демалыс уақыты ұзартылады. Бұл жағдайда демалысты ұзартуды уәкілетті басшы емдеу-сауықтыру мекемесінің анықтамасы негізінде жүзеге асырады.
12. Отбасы мүшесінің денсаулық жағдайы ауыр немесе ол қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, сондай-ақ демалыстағы қызметкердің отбасы мүшелері табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тап болғанда қызметкер демалып жүрген аумақтың аумақтық орган басшысы қызмет өткеру орнына баруға қажет уақытты есептемегенде, демалысты он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.
Аумақтық орган басшысы демалыстың ұзартылғаны туралы аталған қызметкер қызмет өткеретін бөлімше басшысын дереу хабардар етеді.
41-бап. Қысқа мерзімді демалыстар
1. Қызметкерлерге қысқа мерзімді демалыс он тәулікке дейінгі мерзімге:
1) жақын туыстарының (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) денсаулық жағдайы ауыр немесе қайтыс болған (қаза тапқан);
2) жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тап болған;
3) шұғыл әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелер туындаған жағдайларда, сондай-ақ уәкілетті орган басшысы дәлелдi деп танылған басқа да себептер бойынша беріледі.
2. Қызметкерге берілетін қысқа мерзімді демалыс ұзақтығы демалыс өткізу орнына баруы мен қайту жолына қажетті тәулік санына ұлғайтылады.
3. Қызметкерге қысқа мерзiмдi демалыстар жылына екі реттен артық берілмейді.
42-бап. Жүктiлiгi және босануы бойынша демалыс, бала (балалар) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалыс
1. Әйел қызметкерге жүктiлiгi және босануы бойынша демалыс босанғанға дейін ұзақтығы күнтізбелік жетпіс күн және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты (босануы ауыр болған немесе екі немесе одан да көп бала туылған жағдайда - жетпіс) күн беріледі. Есептеу жинақтап жүргізіледі және босанғанға дейінгі нақты пайдаланылған күндердің санына қарамастан толық демалыс беріледі.
Қызметкерлерге аталған демалыс тиісті медициналық мекеме берген еңбекке уақытша жарамсыздық парағының негізінде беріледі.
2. Жаңа туылған бала (балалар) асырап алған қызметкерге (ата-анасының біріне) асырап алған күннен бастап және баланың туылған күнінен елу алты күн өткенге дейінгі мерзімге демалыс беріледі.
43-бап. Қосымша демалыстар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткеретiн қызметкерлердің ұзақтығы мен беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыстар алуға құқығы бар.
2. Қызметiнiң ерекше жағдайлары үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк он күнге дейiн қосымша ақы төленетін демалыс берiледi, ол жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылып есептеледi және қызметкердiң қалауы бойынша онымен бiр мезгiлде немесе бөлек берiлуi мүмкiн.
3. Зиянды жағдайларда мiндеттерiн атқарғаны және қызметiнiң ерекше сипаты үшiн бiр мезгiлде қосымша демалыс алуға құқығы бар қызметкерлерге қосымша демалыс олардың таңдауы бойынша тек бiр негiз бойынша ғана берiледi.
44-бап. Каникулдық демалыстар
1. Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында күндiзгi оқу нысаны бойынша білім алатын курсанттарға оқу сабақтарындағы үзілістер кезінде мынадай мерзімдерге каникулдық демалыстар беріледі:
1) қысқы демалыс - 14 тәулік;
2) жазғы демалыс - 30 тәулік.
2. Демалысты өткізу орнына барып қайту үшін қажетті уақыт берілмейді.
45-бап. Оқу демалыстары
1. Қызметкерлерге уәкілетті басшылардың шешімі бойынша оқу демалыстары:
1) оқуға түсу емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшін;
2) білім алу кезеңінде берілуі мүмкін.
2. Оқу демалыстарының ұзақтығы оқу жоспарында белгіленеді және оны оқу орнының жазбаша шақыруы негізінде уәкілетті басшы береді.
46-бап. Ауыру бойынша демалыстар
1. Қызметкерге ауыруы бойынша демалыс әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде беріледі. Қызметкерге ауыруы бойынша демалыс отыз тәуліктен алпыс тәулікке дейін, ал қызметтен шығарылатын жылы - келісімшарт мерзімі аяқталатын күнге дейін беріледі.
2. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін денсаулығына жағымсыз әсер ететін міндеттерді орындағаннан кейін оларға медициналық оңалту жүргізіледі.
Қызметкерге медициналық оңалту үшін берілетін қосымша тәуліктер санын әскери-дәрігерлік комисссияның қорытындысы негізінде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.
3. Ауыру бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы және қосымша демалыстар есебіне кірмейді.
47-бап. Демалыстан шақыртып алу
1. Қызмет бабында аса қажет болған жағдайда уәкілетті басшының шешімі бойынша қызметкер демалыстан шақыртылып алынуы мүмкін.
2. Қызметкердi демалыстан шақыртып алу бұйрықпен ресімделеді. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi он және одан көп тәулiктi құрайтын болса, қызметкерге демалысты өткiзу орнына, бірақ ол шақыртып алынған орыннан алыс емес жерге барып қайту жолы үшiн қажеттi уақыт берiледi. Демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi қызметкердің қалауы бойынша келесi жылғы демалысқа қосылуы мүмкiн.
6-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДА ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУ
48-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi тоқтатудың негiздерi
Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi тоқтатуға:
1) осы Заңда белгiленген тәртiппен қызметтен шығару;
2) қызметкердiң қайтыс болуы (қаза табуы) немесе соттың заңды күшiне енген шешiмiне сәйкес қайтыс болды деп хабарлануы;
3) қызметкердi заңда белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен немесе iс-әрекетке қабiлетсiз, әрекет қабiлетi шектеулi деп тану негiз болып табылады.
49-бап. Қызметтен шығару
1. Қызметкерлерді қызметтен шығару мынадай негiздер бойынша:
1) қызметте болудың шекті жас жағдайына жеткен кезде - жасы бойынша;
2) келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша;
3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы туралы қорытындысы негiзiнде денсаулық жағдайы бойынша;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы атақтан айырған кезде;