2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қордың, Қордың тобына кіретін ұйымдардың жедел (ағымдағы) қызметіне мемлекеттік органдар тарапынан араласуға жол берілмейді.
3. Ұсынылуы Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде тікелей көзделген есептілікті қоспағанда, Қордың және Қор тобына кіретін ұйымдардың мемлекеттік органдарға есептілік ұсынуы Қордың интернет-ресурсына тиісті ақпаратты орналастыру арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік органдарға қажетті есептілікті Қордың интернет-ресурсына орналастыру қағидаларын, сондай-ақ есептіліктің тізбесін, нысанын және орналастыру кезеңділігін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
14-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің экономиканы немесе экономиканың жеке алғанда бір саласын дамытуға әсерін талдау тәртібі
1. Қордың тобына кіретін ұйымдар қызметінің экономиканы немесе экономиканың жеке алғанда бір саласын дамытуға әсерін кешенді және объективті талдау (бұдан әрі - талдау), олардың Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, республикалық бюджеттің қаражатын, сондай-ақ мемлекеттің кепілгерліктері мен активтерін пайдалануға байланысты мәселелерді қоспағанда, Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің қызметі шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің тұрақты мүшесі - дауыс беру құқығы бар сарапшы болып табылады, ол Қордың бюджетіне салынған қаражат шегінде Қордың тобына кіретін ұйымдардың сыртқы аудитінің, сондай-ақ Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті белгілеген мәселелер қойылатын талдаудың міндетті түрде жүргізілуіне бастамашылық жасайды.
Қордың тобына кіретін ұйымдарға жүргізілген сыртқы аудиттің нәтижелері Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынылады.
3. Директорлар кеңесі басқарма төрағасына құрамына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің өкілі кіретін талдау жүргізу жөніндегі тексеру тобын құруға не Қордың тобына кіретін ұйымдардың сыртқы аудитін жүргізу туралы тапсырма беруге құқылы.
4. Қордың тобына кіретін ұйымды талдаудың нәтижелері Қордың директорлар кеңесіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынылатын актімен ресімделеді.
5. Қордың тобына кіретін ұйымның тиімсіз қызмет жасау жағдайлары анықталған кезде, Қордың органдары осындай ұйым қызметінің тиімділігін арттыру үшін қажетті шаралар қолданады.
6. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, Қордың директорлар кеңесінің жанындағы мамандандырылған комитеттің жұмысы барысында алынған ақпаратты өз қызметінде пайдалануға құқылы.
15-бап. Қордың әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруының ерекшеліктері
1. Қор және Қордың тобына кіретін ұйымдар Қор қызметінің бағыттары бойынша индустриялық-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ескере отырып, әлеуметтік маңызы бар және индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға қатыса алады.
2. Қордың немесе Қордың тобына кіретін ұйымдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі бастамашылық жасайтын рентабельділігі төмен болып табылатын әлеуметтік маңызы бар және (немесе) индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда толық немесе ішінара бюджеттік қаржыландыру және (немесе) мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйымдар іске асыратын әлеуметтік маңызы бар және (немесе) индустриялық-инновациялық жобаларды рентабельділігі төмен жобаларға жатқызу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Қор немесе Қордың тобына кіретін ұйым индустриялық-инновациялық қызметті жүзеге асырған кезде оған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы заңнамасына сәйкес индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.
16-бап. Қордың және Қордың тобына кіретін ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарлары
1. Қордың даму стратегиясы Қор қызметінің бағыттары бойынша индустриялық-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары ескеріле отырып, он жылға әзірленеді.
2. Даму стратегиясын іске асыру мақсатында Қордың бес жылға арналған даму жоспары әзірленеді. Қордың даму жоспарының мазмұнына қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен оның мазмұнына қойылатын ең төменгі талаптардың негізінде Қордың директорлар кеңесі айқындайды. Компаниялар өз қызметінің саласы шегінде Қордың даму стратегиясын әзірлеуге тартылады.
3. Компанияларда Қордың даму стратегиясы негізінде компаниялардың он жыл мерзімге арналған даму стратегиялары әзірленеді. Компанияның даму стратегиясын оның директорлар кеңесі бекітеді.
Компаниялардың директорлар кеңестері өздерінің даму стратегияларын іске асыру мақсатында бес жыл мерзімге әзірленетін даму жоспарларын бекітеді.
17-бап Қордың тобындағы басқару қағидаттары
1. Қордың тобындағы басқару корпоративтік басқарудың ең озық тәжірибесіне сәйкес және мынадай қағидаттардың негізінде жүзеге асырылады:
1) компаниялар активтерінің нарықтық құнын ұлғайту;
2) корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігі;
3) дивидендтік саясаттың тиімділігі;
4) ақпаратты ашу және ашықтық.
4-тарау. ҚОР ТОБЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІН ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
18-бап. Қордың ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз етуге арналған ерекше өкілеттіктері
1. Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттыру, ұлттық әл-ауқатты қамтамасыз ету мақсатында Қордың мынадай ерекше өкілеттіктері:
1) мемлекеттік емес заңды тұлға немесе жеке тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығаруға ниет білдірген жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу қолданылған немесе оңалтушы немесе конкурстық басқарушы стратегиялық объектіні иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге қойылған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттан тыс тәртіппен сатқан, не сот актісі негізінде стратегиялық объектіге өндіріп алу қолданылған жағдайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша стратегиялық объектілерді иемденуге басым құқығы;
2) акцияларының пакеттері (қатысу үлестері) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған ұйымдардың немесе республика экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар ұйымдардың банкроттығы кезінде конкурстық массаны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша иемденуге басым құқығы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен банктердің акцияларын иемденуге құқығы бар.
2. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және шарттарда жер қойнауын пайдалану құқығына және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіге ие тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иеліктен шығару ниеті болған жағдайда мемлекет Қор, ұлттық компания немесе уәкілетті мемлекеттік орган арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын (оның бір бөлігін) және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектіні иемденудің басым құқығына ие болады.
19-бап. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу
1. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілерінде көзделген арнаулы тәртібі Қор және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы Қордың директорлар кеңесі бекітетін қағидалар негізінде жүргізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың Қордың директорлар кеңесі бекітетін қағидаларға сәйкес сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу үшін жауапты құрылымдық бөлімшесі болуға тиіс.
4. Қор осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы мәселелері бойынша бақылауды, әдіснамалық басшылықты, мониторингті және талдауды жүзеге асырады.
Бақылау осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларында белгіленген талаптарды сақтауын тексеру және қадағалау жөніндегі Қордың қызметін білдіреді. Қордың осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғаларға қатысты бақылауы Қордың директорлар кеңесі белгілейтін тәртіппен олардың корпоративтік басқару деңгейі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
5. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізу кезінде осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар:
1) тендерге қатысушыларға ұсынылатын тендерлік құжаттамада тендерге қатысушылар - отандық тауар өндірушілердің және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің бағаларын шартты түрде төмендету жөніндегі талаптарды көздеуге;
2) отандық тауар өндірушілердің және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің өтінімдерін қарау және тендер жеңімпазын таңдау кезінде бағаларды шартты түрде төмендетуді қолдануға;
3) тендерге қатысушылардың баға ұсыныстары тең болған кезде отандық тауар өндірушілерге және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге артықшылық беруге тиіс.
6. Жергілікті қамту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі бойынша айқындалады.
7. Тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту жөніндегі ақпарат индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға ол белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде ұлттық басқарушы холдинг атынан шоғырландырылған түрде ұсынылады.
8. 1-тармақты қоспағанда, осы баптың ережелері екінші деңгейдегі банктерге (Қазақстанның Даму банкі мен Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен басқа) және олардың еншілес ұйымдарына қолданылмайды.
20-бап. Ақшаны басқару
1. Қордың және барлық дауыс беретін акциялары (қатысу үлестері) Қорға тиесілі заңды тұлғалардың ақшасын басқару жөніндегі Қордың директорлар кеңесі бекітетін бірыңғай саясатты Қор іске асырады.
2. Қордың тобына кіретін ұйымдар өзге ұйымдарға, оның ішінде Қордың тобына кіретін ұйымдарға төлемділік, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредиттер (қарыздар) беруге құқылы.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кредиттерді (қарыздарды) беру тәртібі мен шарттары Қордың директорлар кеңесі бекітетін ішкі кредит саясатында айқындалады.
4. Қор және Қордың тобына кіретін ұйымдар Қордың директорлар кеңесі бекітетін, демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету мөлшерінің лимиті көзделетін демеушілік және қайырымдылық көмек көрсету саясатына сәйкес демеушілік және қайырымдылық көмек көрсете алады.
21-бап. «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелер
«Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелер Қордың тобына кіретін ұйымдар арасында олар қолданылмай, Қордың директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен жасалады.
22-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдардың өзге заңды тұлғалардың акцияларын (қатысу үлестерін) иемденуі
Бағалы қағаздардың қайталама нарығында акционерлік қоғамдардың дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп пайызын иемденудің «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртібі Қорға немесе дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды.
23-бап. Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге мүлікті енгізу арқылы оған мемлекеттік меншікті тоқтату
1. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қор меншігінде тұрған басқа мүлікке айырбастау арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың меншігіне берілуі мүмкін.
24-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдарды басқару
1. Қордың тобында ішкі аудиттің бірыңғай орталықтандырылған қызметтері, сондай-ақ Қорға және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қызметті жүзеге асыратын Қордың орталықтандырылған қауіпсіздік қызметі құрылуы мүмкін. Ішкі аудиттің орталықтандырылған қызметін, орталықтандырылған қауіпсіздік қызметін құру туралы шешімді Қор басқармасы қабылдауы мүмкін.
2. Барлық дауыс беретін акциялары Қордың меншігінде болатын компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретін мәселелер осындай компанияның директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:
1) жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
2) ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
3) директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
4) директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар мөлшерін және оларды төлеу шарттарын айқындау;
5) «алтын акцияны» енгізу және оның күшін жою мәселелері қосылмайды.
3. Барлық дауыс беретін акциялары Қордың меншігінде болатын компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне кіретін мәселелер көрсетілген компанияның атқарушы органының құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:
1) қызметтің басым бағыттарын айқындау;
2) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жарияланған акциялар шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;
3) қоғамның орналастырылған акциялардың немесе басқа да бағалы қағаздардың құнын төлеуі және олардың құнын төлеу бағасы туралы шешім қабылдау;
4) атқарушы органның сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
5) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық жалақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы мен сыйлықақы төлеудің шарттарын айқындау;
6) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметінің қызметкерлеріне еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен шарттарын айқындау;
7) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысының мөлшерін және оған сыйақы беру шарттарын айқындау мәселелері қосылмайды.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қордың және оның лауазымды адамдарының жауапкершілігі
Қор, Қордың тобына кіретін өзге де ұйымдар және олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және негіздерде жауапты болады.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2009 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 2-3, 17-құжат; № 24, 133-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 1-і.
№ 550-IV