3. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде мемлекет сатып алатын мүлік мемлекеттік немесе жергілікті қазынаға түседі.
29-бап. Көмбеге мемлекеттік меншік құқығына ие болу
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мемлекет меншігіндегі жер учаскесінен немесе өзге де жылжымайтын мүліктен табылған көмбе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекет пен көмбені тапқан адамның арасында жасалған шартпен өзгеше белгіленбегендіктен, олардың меншігіне тең үлеспен түседі.
2. Егер көмбе мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын болса, олар Қазақстан Республикасының меншігіне берілуге тиіс. Осындай көмбе табылған жылжымайтын мүлік иесінің және көмбені тапқан адамның, егер олардың арасында жасалған шартта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 247-бабына сәйкес көмбе құнының елу пайызы мөлшерінде тең үлеспен сыйақы алуға құқығы бар. Мәдени құндылықтарға жатқызылған заттардан тұратын көмбе мемлекетке тиесілі жер учаскесінен немесе өзге де жылжымайтын мүліктен табылған жағдайда, көмбені тапқан адам осы көмбе құнының елу пайызын алуға құқылы.
3. Мәдени құндылықтарға жатқызылған заттардан тұратын көмбені тапқаны үшін сыйақы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған тәртіппен бюджет қаражатынан төленеді.
30-бап. Олжаға мемлекеттік меншік құқығына ие болу
1. Мемлекетке тиесілі үй-жайдан немесе көліктен табылған зат не меншік иесінің тұрған жері белгісіз зат Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабына сәйкес жалпы негізде аудандық коммуналдық меншікке өтеді.
2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабы 4-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда, олжа аудандық коммуналдық меншікке өтеді.
Зат аудандық коммуналдық меншікке өткен жағдайда оны тауып алған адамның затты сақтауға, өткізуге және сатуға байланысты қажетті шығыстарды аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына өтетуге құқығы бар.
31-бап. Қараусыз қалған жануарларға мемлекеттік меншік құқығына ие болу
1. Өзінің бағуында және пайдалануында қараусыз қалған жануарлар болған адам өзінің бағуындағы жануарларды меншігіне алудан бас тартқан кезде олар аудандық коммуналдық меншікке түседі және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдары айқындаған тәртіппен пайдаланылады.
2. Жануарлар мемлекет меншiгiне өткеннен кейiн олардың бұрынғы меншiк иесi келген жағдайда, осы жануарлардың бұрынғы меншік иесіне үйiрсектiгi сақталғанын немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтін мән-жайлар болған кезде - ол аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың тиісті жергілікті атқарушы органдарымен келісім бойынша айқындалатын шарттармен, ал келісімге қол жеткізілмеген кезде сот тәртібімен оларды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы.
32-бап. Өз бетінше салынған құрылысқа мемлекеттік меншік құқығына ие болу
Мемлекетке тиесілі және жер пайдалануда болмаған жер учаскелерінде (мемлекетке тиесілі жер учаскесі ретінде қалыптастырылмаған жерлерде) тұлға өз бетінше салған құрылыс, оның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескеріле отырып, құрылысқа жұмсалған шығыстар сот айқындаған мөлшерде өтеліп, аудандық коммуналдық меншікке берілуі мүмкін.
Мемлекеттік жер пайдаланушылардың жер пайдалануындағы жер учаскесінде өз бетінше құрылыс салуды жүзеге асырған кезде өз бетінше салынған құрылыс әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орындылығы ескеріле отырып, құрылысқа жұмсалған шығыстар сот айқындаған мөлшерде бюджет қаражатынан өтеліп, аудандық коммуналдық меншікке берілуі мүмкін.
33-бап. Күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың мемлекеттік мүлік құрамына түсуі
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше құндылыққа жатқызылған және мемлекет қорғайтын тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың меншiк иесi осы ескерткіштер мен құндылықтарды күтімсіз ұстап, бұл оларға өз маңызын жоғалту қатерiн төндiрген жағдайларда, мемлекет мұндай ескерткіштер мен құндылықтарды меншiк иесiнен сот шешiмi бойынша сатып алу арқылы алып қояды.
2. Тарих және мәдениет ескерткіштері, мәдени құндылықтар сатып алынған кезде - олардың құны тараптардың келісімімен, ал дау туған жағдайда сот тәртібімен белгіленген мөлшерде меншiк иесiне өтеледi.
3. Күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша жүргізіледі.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын сақтауын және күтімсіз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекет меншігіне өтуін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
4. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудың жай-күйі мен күтіп ұстау тәртібін мемлекеттік бақылауды тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.
5. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдаланудың жай-күйі мен күтіп ұстау тәртібін мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде оларды күтімсіз ұстау фактілері анықталған жағдайда тиісті уәкілетті органдар:
уәкілетті орган - халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесіне;
жергілікті атқарушы органдар - жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзғаны және осындай бұзушылықтарды нұсқамада көрсетілген мерзім ішінде жою туралы нұсқама береді.
6. Ұлттық мәдениет игiлiгі объектілерінің мемлекеттік тiзiлiміне енгiзiлген мәдени құндылықтарды тиісінше күтіп ұстамаған және сақтамаған жағдайда мәдениет саласындағы уәкілетті орган мәдени құндылықтардың меншік иесіне мәдени құндылықтарды сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзғаны және осындай бұзушылықтарды хабарламада көрсетілген мерзім ішінде жою туралы хабарлама береді.
7. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің, мәдени құндылықтардың меншік иесі олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бұзушылықты жоймаған жағдайда:
халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне, мәдени құндылықтарға қатысты - уәкілетті орган;
жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды меншік иесінен алып қою туралы талап-арызбен сотқа жүгінеді.
8. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды мемлекет соттың шешімі бойынша алып қойған жағдайда, олар - республикалық мүлік құрамына, ал жергілікті маңызы барлары коммуналдық мүлік құрамына түседі.
34-бап. Жеке меншiктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне мемлекеттік меншік құқығына ие болу
Жер учаскесiнiң меншiк иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан кезде жеке меншiктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне мемлекеттік меншік құқығына ие болу Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
35-бап. Шартты бұзу немесе өзгерту не мәмілені жарамсыз деп тану кезінде мүлікті қайтарған жағдайларда мемлекеттік мүлікке құқықтың туындауы
1. Шарт бұзылған немесе өзгерген кезге дейін мемлекеттік мүлік жеке немесе заңды тұлғалардың жеке меншігіне соның негізінде өткен шарт бұзылған немесе өзгерген жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімінде өзгеше белгіленбесе, тараптар шарт бұзылған немесе өзгерген кезге дейінгі міндеттемесі бойынша өздері атқарған жұмысты қайтаруды талап етуге құқылы емес.
2. Мемлекеттік мүлік жеке немесе заңды тұлғалардың жеке меншігіне соның негізінде өткен мәмілені сот жарамсыз деп таныған жағдайда, мұндай мүлік мемлекетке қайтарылады, ал мүлікті заттай қайтару мүмкін болмаған кезде, оның құны ақшалай өтеледі.
36-бап. Мемлекеттік меншік құқығының презумпциясы
1. Егер Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу жүйесін енгізгенге дейін мемлекеттік заңды тұлғаның балансына қойылған ғимаратқа, құрылысқа және өзге де жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тану туралы дау болмаса, осы мүлікке мемлекеттік меншік құқығы, қажетті құқық белгілейтін құжаттар болмаған жағдайда, осындай мүліктің мемлекеттік мүлік құрамында болуы туралы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) құжаттарымен расталуы мүмкін. Дау туындаған жағдайда, көрсетілген мүлікке меншік құқығы мүдделі тұлғаның талап-арызы негізінде сот тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағындағы әрі жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылмайтын барлық тарих және мәдениет ескерткіштері, сондай-ақ қала құрылысы және сәулет, археология ескерткіштері Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.
4-тарау. Реквизициялау
1-параграф. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау
37-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау туралы жалпы ережелер
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау халықты, қоршаған ортаны және шаруашылық жүргізу объектілерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан кепілді түрде қорғауды қамтамасыз ету үшін құрылған материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстардың мемлекеттік резерві болмаған немесе жеткіліксіз болған кездегі ерекше жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау төтенше жағдай аймағымен (төтенше жағдай туындаған белгілі бір аумақпен) және (немесе) төтенше жағдай аймағында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілетін төтенше жағдай кезеңімен шектеледі. Төтенше жағдайлар кезінде төтенше жағдай аймағынан тыс немесе төтенше жағдай кезеңінен тыс реквизициялауға жол берілмейді.
3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюды қамтамасыз ету үшін азаматтығына және мемлекеттік тіркеу орнына қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне қатысты реквизициялауға жол беріледі.
38-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялаудың негізгі мақсаттары мен шарттары
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккен халықты азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, тұрғын жайлармен қамтамасыз ету, ұлттық экономиканың тұрақты жұмыс істеуіне жағдайлар жасау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстар кезінде өзге де материалдық проблемаларды шешу үшін жүзеге асырылады.
2. Реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне мүліктің нарықтық құнын өтеу мүліктің меншік иесінің таңдауы бойынша реквизициялау күніне немесе мүліктің құнын өтеу күніне айқындалады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлкі реквизицияланбайтын ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Мүліктің жекелеген түрлерін реквизициялау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
39-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау негіздері
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар басталған кезде реквизициялауға «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес әзірленетін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар туралы жергілікті атқарушы органдардың жоспарларына сәйкес жол беріледі.
2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимін енгізу кезінде қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін төтенше жағдай режимін енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде және соған сәйкес реквизициялауға жол беріледі.
3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялауға төтенше жағдайларды жою басшысының шешімі негізінде қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде де жол беріледі.
40-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялау тәртібі
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде жалпы басшылықты және реквизициялауды қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген төтенше жағдайлардың түрі (объектілік, жергілікті, өңірлік және жаһандық) мен сыныпталуына байланысты төтенше жағдайларды жою басшысы жүзеге асырады.
2. Реквизициялау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимін енгізу кезінде мүлікті реквизициялау осы Заңның 42 және 43-баптарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Жергілікті атқарушы органның реквизициялау туралы шешімі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою басшысының шешімі негізінде шығарылады.
4. Шешімде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету үшін қажетті мүлік туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
5. Реквизициялау туралы шешім:
1) реквизициялауға жататын мүліктің тізбесін, мүліктің меншік иесі және оның орналасқан жері, реквизицияланатын мүлікті жинайтын орын туралы мәліметтерді, сондай-ақ реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді;
2) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында реквизициялауды бақылауға және қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлғалардың дербес құрамын;
3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында мүлікті алып қоюды жүзеге асыруға уәкілетті лауазымды тұлғалардың дербес құрамын;
4) кемінде бір бағалаушы енгізілуге тиісті бағалау комиссиясының саны мен дербес құрамын;
5) реквизициялауды жүргізу мерзімін;
6) өтем төлеу мерзімдерін;
7) реквизициялауды жүргізуге қажетті өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
6. Қажет болған жағдайда, оның ішінде реквизициялануға жататын мүліктің тізбесі, лауазымды тұлғалардың немесе бағалау комиссиясының дербес құрамы өзгерген кезде реквизициялау туралы шешімге тиісті өзгерістер енгізіледі.
7. Реквизициялау туралы шешім және оған кейіннен жасалатын барлық өзгерістер мен толықтырулар қабылданған кезден бастап екі күн мерзімнен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға, сондай-ақ онымен еркін танысу үшін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағындағы қолжетімді жерлерде орналастырылуға жатады.
41-бап. Реквизициялау туралы шешім шығарылған мүлікті алып қою
1. Мүлікті алып қойғанға дейін меншік иесі реквизициялау туралы шешіммен жеке қолын қойып танысуға тиіс.
2. Мүлікті алып қоюды осыған уәкілетті лауазымды тұлғалар мүліктің меншік иесінің (немесе оның уәкілетті өкілінің) және бағалау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен реквизициялау туралы актінің негізінде жүргізеді.
3. Реквизициялау туралы акт:
1) реквизициялау туралы шешімнің деректемелерін көрсете отырып реквизициялау жүргізу негіздерін;
2) мүлікті алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғалар, бағалау комиссиясының құрамы мен мүшелерінің саны, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, мүлікті алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
5) мүлікті бағалау туралы және өтемнің мөлшері туралы мәліметтерді;
6) өтемді төлеу мерзімін және жауапты лауазымды тұлғаны көрсете отырып, оны төлеуді қамтамасыз ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын тиісті атқарушы органды көрсетуді;
7) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
4. Реквизициялау туралы акт кемінде екі данада жасалады, оған уәкілетті лауазымды тұлғалар, бағалау комиссиясының мүшелері мен мүліктің меншік иесі немесе оның уәкілетті өкілі қол қояды және актінің бір данасы реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне табыс етіледі. Уәкілетті лауазымды тұлға екінші данасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына есеппен бірге жібереді.
42-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимін енгізген кезде реквизициялау ерекшеліктері
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймақтарында төтенше жағдай режимін енгізген кезде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын авариялық-құтқару қызметінің басшысы қажетті құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін қажетті мүлікті реквизициялауды өзінің жеке жауапкершілігімен дербес жүргізуге құқылы.
2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы актінің негізінде жүзеге асырылады, ол:
1) реквизициялау жүргізудің негіздерін;
2) алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғаның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ реквизициялауға уәкілетті тұлғаларды тағайындау туралы бұйрықтың деректемелері көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
5) мүлікті бағалау туралы және өтем мөлшері туралы мәліметтерді;
6) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Реквизициялау туралы актінің бір данасы реквизицияланған мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі.
4. Жүргізілген реквизициялау туралы есеп жасалады, ол қоса тіркелген реквизициялау туралы актімен бірге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жіберіледі.
43-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде реквизициялау
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай аймағында құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде ерекше жағдайларда авариялық-құтқару қызметтерінің немесе шұғыл медициналық көмек қызметтерінің жекелеген жасақтарының (бөлімшелерінің) мұқтажы үшін реквизициялауды осы жасақтың (бөлімшенің, экипаждың) бастығы дербес жүргізеді.
2. Мүлікті алып қою реквизициялау туралы актінің негізінде жүргізіледі, ол:
1) реквизициялауға негіз болған ерекше мән-жайлар туралы нұсқауды;
2) алып қоюды жүргізудің уақыты мен орнын;
3) реквизициялауды жүргізетін лауазымды тұлғаның лауазымы, атағы және аты, сондай-ақ өзге де қажетті деректемелер көрсетілген, реквизицияланатын мүліктің меншік иесі, алып қою кезінде қатысатын өзге де тұлғалар туралы мәліметтерді;
4) салмағы, өлшемі, сапасы мен буып-түю түрі, құқық белгілейтін құжаттар, мемлекеттік тіркеу туралы және өзге де жеке айқындалған сипаттамалар туралы мәліметтер көрсетілген реквизицияланатын мүліктің тізімдемесін;
5) реквизициялау және реквизицияланатын мүлік туралы өзге де қажетті мәліметтерді қамтуға тиіс.
3. Реквизициялау туралы актінің бір данасы реквизицияланатын мүліктің меншік иесіне немесе оның уәкілетті өкіліне беріледі.
4. Авариялық-құтқару қызметтері немесе шұғыл медициналық көмек қызметтері жасағының (бөлімшесінің, экипажының) бастығы есеп пен реквизициялау туралы актіні қоса бере отырып, жүргізілген реквизициялау туралы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органды дереу хабардар етуге міндетті.
44-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизицияланған мүлікті қайтару
1. Реквизицияланған мүліктің меншік иесі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар аймағында төтенше жағдай режимінің күші жойылған немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тоқтатылған кезде сақталған мүлікті осы бапта көзделген қағидалар бойынша қайтаруды сот тәртібімен талап етуге құқылы.
2. Мүлкін алып қойғаны үшін өтем алмаған реквизицияланған мүліктің меншік иесі өзінің таңдауы бойынша мүлікті қайтаруды және залалдарды өтеуді не өтемді толық көлемде беруді талап етуге құқылы. Ішінара өтем алған меншік иесінің де осындай құқығы бар. Ішінара өтем алған меншік иесіне мүлікті қайтару кезінде залалдарды өтеу төленген сома ескеріле отырып жүргізіледі.
3. Толық көлемде өтем алған реквизицияланған мүліктің меншік иесі мүліктің қайтарылған күнгі бағасы бойынша сақталған мүлікті басымдықпен, бірақ алынған өтем сомасынан аспайтындай сомамен сатып алуға құқылы.
4. Реквизицияланған мүліктің меншік иесіне мүліктің жекелеген түрлерін қайтарудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
45-бап. Реквизицияланған мүлік үшін ақшалай өтем төлеу
1. Реквизицияланатын мүлік үшін ақшалай өтем Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражатынан төленеді.
2. Өтем реквизиция туралы шешімде көрсетілген мерзімде, бірақ реквизициялау туралы актіге қол қойылған кезден бастап күнтізбелік алпыс күннен кешіктірілмей төленуге тиіс.
3. Өтемді төлеудің мерзімі өткен кезде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкасы негізге алынып есептелетін мөлшерде нақты төленетін күнге тұрақсыздық айыбы борыштың сомасына есептеледі.
46-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизицияланатын мүлікті есепке алу
1. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде реквизициялауды жүзеге асырған мемлекеттік орган реквизицияланған мүліктің есебін жүргізуге міндетті, онда алып қойылған мүліктің тізбесі және реквизицияланған мүлік пайдалану үшін берілген авариялық-құтқару қызметінің жасақтары (бөлімшелері) немесе өзге де ұйымдар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
2. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету мұқтажы үшін, сондай-ақ құтқару және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде берілген реквизицияланған мүлікті есепке алу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды және оны табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.