14-бап. Тауардың монополиялық жоғары және монополиялық төмен бағасы
1. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) осы баға нақ сол тауар нарығында бәсекелестік жағдайында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін ең жоғары бағадан асып кетсе немесе салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағадан асып кетсе;
2) осы баға осындай тауарды өндіру және өткізу үшін қажет шығыстар мен пайда сомасынан асып кетсе, тауардың монополиялық жоғары бағасы болып табылады.
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Салыстырмалы тауар нарығы деп тауарды сатып алу немесе сату мақсаттарын негізге ала отырып айқындалатын сатылатын тауар көлемі, тауарды сатып алушылар немесе сатушылар (өнім берушілер) құрамы және тауар нарығына кіру талаптары бойынша салыстырылатын басқа тауар нарығы түсініледі.
Нақ сол тауар нарығындағы бағаны салыстыру мүмкін болмаған жағдайда, салыстырмалы тауар нарығындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі салыстырмалы тауар нарығындағы тауар бағасымен салыстыру жүргізіледі.
Егер салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағаны не салыстырмалы тауар нарығын айқындау, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде айқындау мүмкін болмаса, нарық субъектісінің шығыстарына және пайдасына талдау жүргізіліп, тауардың негізделген бағасы айқындалады.
3. Реттеуші органның нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгілеген тауар бағасы монополиялық жоғары баға болып танылмайды.
4. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
1) осы баға нақ сол тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін бағадан төмен болса;
2) осы баға осындай тауарды өндіру мен өткізудің нақты шығыстары сомасынан төмен болса, тауардың монополиялық төмен бағасы болып табылады.
5. Егер, тауардың бағасы осы баптың 4-тармағында аталған критерийлердің біреуіне де сәйкес келмесе, ол монополиялық төмен баға болып танылмайды. Реттеуші органның нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгілеген тауар бағасы монополиялық төмен баға болып танылмайды.
15-бап. Монопсониялық жағдай және монопсониялық төмен баға
1. Сатып алушы ретінде үстем немесе монополиялық жағдайға ие,тиісті тауар нарығындағы үлесі жетпіс және одан көп процентті құрайтын нарық субъектісінің жағдайы монопсониялық жағдай болып танылады.
2. Монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауарды сатып алатын тауар бағасы, егер:
1) осы баға монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісіне тауар өткізетін нарық субъектілері есебінен өндіру және (немесе) өткізу шығындарын төмендету жолымен оған қосымша табыс алуға мүмкіндік берсе;
2) осы баға тауар өткізуші нарық субъектісіне осындай тауарды өндіру мен өткізуіне қажетті шығыстар мен пайда сомасынан төмен болса, монопсониялық төмен баға болып табылады.
3. Егер тауардың бағасы осы баптың 2-тармағында аталған критерийлердің біреуіне де сәйкес келмесе, ол монопсониялық төмен баға болып танылмайды.
3-тарау. ЖОСЫҚСЫЗ БӘСЕКЕЛЕСТІК
16-бап. Жосықсыз бәсекелестік
1. Құқыққа сыйымсыз артықшылықтарға қол жеткізуге немесе оларды беруге бағытталған, сондай-ақ тұтынушылардың заңды құқықтарын бұзатын бәсекелестіктегі кез келген іс-әрекеттер жосықсыз бәсекелестік болып табылады. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
2. Жосықсыз бәсекелестікке мынадай іс-әрекеттер жатады:
1) тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану;
2) басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
3) бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;
4) нарық субъектісінің беделін түсіру;
5) көрінеу жалған, жосықсыз және дәйексіз жарнама;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу);
7) сатушыға (өнім берушіге) бойкот жасауға шақыру;
8) сатып алушының (өнім берушінің) беделін түсіруге шақыру;
9) нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру;
10) сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық;
11) сатып алушының қызметкерін сатып алушылық;
12) коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды
13) тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес ақпарат ұсына отырып, тауарды өткізу;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) нарық субъектiсiнiң өзi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарларын нарықтың басқа субъектiлерi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарлармен орынсыз салыстыруы.
17-бап. Тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану
Бөгде тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар үшін олармен ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану немесе құқық иеленушінің немесе оған уәкілетті тұлғаның рұқсатынсыз әдеби, көркем шығармалардың, мерзімді басылымдардың атауын пайдалану немесе буманы тұтынушыны тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына қатысты немесе оны өндірушілерге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп пайдалану тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
18-бап. Басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану
Құқық иеленушінің немесе оған уәкілетті тұлғаның рұқсатынсыз өндірушінің белгілерін өзгерту не алып тастау жолымен басқа өндірушінің тауарын өз белгісімен шаруашылық айналымына енгізу басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
19-бап. Бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу
1. Нарықтың басқа субъектісі бұйымының сыртқы түрін қайта жасап шығару және оны тұтынушыны тауар өндірушіге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп шаруашылық айналымға енгізу бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу болып табылады.
2. Егер мұндай көшіріп алу олардың функционалдық қолданылуына ғана байланысты болса, бұйымның сыртқы түрін немесе оның бөліктерін көшіріп алу құқыққа сыйымсыз болып танылмайды.
20-бап. Нарық субъектісінің беделін түсіру
Нарық субъектісінің қызметіне байланысты көрінеу жалған, дәйексіз мәліметтерді кез келген нысанда тарату нарық субъектісінің беделін түсіру болып табылады.
21-бап. Көрінеу жалған, жосықсыз және дәйексіз жарнама
Жосықсыз, дәйексіз және көрінеу жалған жарнамалардың белгілері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
22-бап. Мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзу (сатып алу)
Сатушының (өнiм берушiнiң) немесе сатып алушының тауарды өткiзуі (сатып алуы) кезiнде сатушының (өнім берушінің), тұтынушының құқығына қысым жасайтын және өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сай мәмiленiң нысанасына қатысы жоқ қосымша талаптарды немесе шарттарды белгiлеу жөнiндегi кез келген iс-әрекеттерi мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзу (сатып алу) болып табылады.
23-бап. Сатушыға (өнім берушіге) бойкот жасауға шақыру
Бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы ұйымдастырған, сатып алушылардың сатушымен (өнім берушімен) шарттық қатынастарды орнатудан немесе оның тауарларын сатып алудан бас тартуға бағытталған іс-әрекеттері сатушыға (өнім берушіге) немесе оның тауарына бойкот жасауға шақыру болып табылады.
24-бап. Сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру
Сатып алушы (өнім беруші) бәсекелесінің тікелей өзі немесе делдал арқылы өнім берушіні (сатып алушыны) шарт жасасудан бас тартуға немесе маңызы бірдей шарттар бойынша өзге де сатып алушыларға (өнім берушілерге) кемсітетін талаптар қолдануға мәжбүрлеуге бағытталған іс-әрекеттері сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру болып табылады.
25-бап. Бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру
Нарық субъектісінің тікелей өзі немесе делдал арқылы материалдық сыйақы, басқа да артықшылықтар беру немесе ұсыну не нарық субъектісінің қызметін жүзеге асыруына негізсіз кедергі келтіру арқылы бәсекелеспен шартқа қатысушының - нарықтың өзге субъектісінің шарттық міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына бағытталған іс-әрекеттері бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру болып табылады.
26-бап. Сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық
Сатып алушы бәсекелесінің тікелей өзі немесе делдал арқылы сатушы (өнім беруші) қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін мүліктік және мүліктік емес игіліктерді беруі, бұл сатып алушы бәсекелесінің сатып алушы алдында белгілі бір артықшылықтар алуына және (немесе) сатып алушының шығын шегуіне әкеп соқса немесе әкеп соғу мүмкін болса, сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық болып табылады.
27-бап. Сатып алушының қызметкерін сатып алушылық
Сатушы (өнім беруші) бәсекелесінің тікелей өзі немесе делдал арқылы сатып алушы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін оған мүліктік және мүліктік емес игіліктерді беруі, бұл сатушы (өнім беруші) бәсекелесінің сатушы (өнім беруші) алдында белгілі бір артықшылықтар алуына және (немесе) сатушының (өнім берушінің) шығын шегуіне әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, қызметкерді сатып алушылық болып табылады.
28-бап. Коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану
Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді құқық иесінің рұқсатынсыз пайдалану коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
3-БӨЛІМ. БӘСЕКЕЛЕСТІК САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-тарау. КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАТЫСУ
29-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу принциптері
1. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу принциптері:
1) заңдылық;
2) негізділік;
3) шектеулілік;
4) жарысқа қатыспаушылық болып табылады.
30-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы
Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы:
1) мемлекеттік кәсіпорындар құру;
2) заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу жолымен жүзеге асырылады.
31-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының негіздері
1. Мемлекет мынадай:
1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін немесе қоғам мүддесін қорғауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндігі болмаған;
2) мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілер пайдаланылған;
3) қоғамдық өндірістің бәсекелестік жоқ немесе бәсекелестік жеткілікті дамымаған салаларындағы тауарлар өндірісіне қоғамдық қажеттілік болған жағдайларда қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне қарай айқындалатын әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу мақсатында кәсіпкерлік қызметке қатысады.
2. Мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғаларды құру, мұндай құру Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, монополияға қарсы органның алдын ала келісімімен жүзеге асырылады.
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайда мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғаларды құру туралы шешім қабылдайтын орган монополияға қарсы органға негізделген материалдарды монополияға қарсы орган белгілеген нысан бойынша бере отырып, мұндай құру туралы өтінішхат береді.
Монополияға қарсы орган өтінішхат келiп түскен кезден бастап күнтiзбелiк алпыс күн iшiнде мемлекеттiк кәсiпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды құру болжанатын тауар нарықтарын тексеруге, осы тауар нарықтарында бәсекелестiктiң даму деңгейi туралы, оның iшiнде осы тауар нарығында мемлекеттiк кәсiпорынның, акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаның, онымен үлестес тұлғаның қатысу мерзiмi туралы қорытындыны дайындауға және өтінішхатты ұсынған тұлғаға негізделген шешiмдi жiберуге мiндеттi.
Монополияға қарсы орган өтінішхатты қарау барысында шешім қабылдау үшін қажетті қосымша ақпарат сұратуға құқылы. Қосымша ақпарат беру кезеңінде өтінішхатты қарау мерзімі тоқтатыла тұрады, монополияға қарсы орган бұл туралы өтінішхат берген тұлғаны жазбаша хабардар етуге міндетті.
4. Монополияға қарсы орган, егер мұндай құру бәсекелестікті шектеуге әкеп соғатын болса, мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғаларды құруға келісім беруден бас тартады.
5. Монополияға қарсы органның мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғаларды құруға келісім беру туралы шешімі өтінішхат берген тұлғаның мұндай құрудың бәсекелестікке теріс әсерін жоятын немесе бәсеңдететін белгілі талаптар мен міндеттемелерді орындауымен байланыстырылуы мүмкін.
6. Мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (үлестерінің) елу проценттен астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және өз қызметтерін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын, олармен аффилиирленген тұлғалар монополияға қарсы органның алдын ала келісімінсіз құрылған жағдайда монополияға қарсы орган аталған іс-әрекеттерге сот тәртібімен шағым жасауға құқылы.
7. Осы баптың 2-6-тармақтарының талаптары осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайға ғана қолданылады.
32-бап. Мемлекеттік монополия
1. Мемлекет тауарларды бәсекелес нарықта өткізу конституциялық құрылыстың, ұлттық қауіпсіздіктің, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, халықтың денсаулығын сақтаудың жай-күйіне теріс ықпал етуі мүмкін қызмет салаларында тауарды өндіруге және (немесе) сатуға, сатып алуға немесе оларды пайдалануға мемлекеттің айрықша құқығын Заңмен бекіту жолымен бәсекелестікті шектеуге құқылы.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Айрықша құқықты іске асыру мемлекеттік монополия субъектісін құру жолымен жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Үкіметі не Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік кәсіпорын ғана мемлекеттік монополия субъектісі бола алады.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу қағидаларын мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік органмен бірлесіп, монополияға қарсы орган әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік монополия субъектісіне:
1) тауарларды өндірумен технологиялық тұрғыдан байланысты қызметті қоспағанда, мемлекеттік монополия саласына жатпайтын тауарлар өндіруге;
2) заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иеленуге, сондай-ақ олардың қызметіне өзгеше түрде қатысуға;
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) мемлекеттік монополияға байланысты құқықтарды басқаға қайтадан беруге;
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) өздері өндіретін немесе өткізетін тауарларға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейтін бағалардан ерекшеленетiн баға белгiлеуге тыйым салынады.
Дүлей зілзала, эпидемия, эпизоотия кезінде, сондай-ақ негізгі қызметін одан әрі жалғастыруға кедергі келтіретін шектеулер болған кезде мемлекеттік монополия субъектісіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша негізгі қызметін қайтадан жүргізгенге дейін технологиялық тұрғыдан негізгі қызметіне жақын өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқық беріледі.
4. Мемлекеттік монополия субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды; 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 4-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-1. Мемлекеттiк монополия субъектiлерiнiң осы баптың 3-тармағында белгiленген шектеулердi сақтауын бақылауды монополияға қарсы орган осы Заңға сәйкес жүзеге асырады.
5. Мемлекеттік монополияны енгізген кезде мынадай талаптар сақталады:
1) нарық субъектілері осы шешім туралы ол қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде алты ай бұрын хабардар етілуге тиіс;
2) мемлекеттік монополия күшіне енгізілгеннен кейін осы тауарды алты ай мерзім бойы өндірумен, сатумен айналысқан немесе пайдаланған нарық субъектілері, орындалу мерзімі жоғарыда көрсетілген мерзімнен асатын мәмілелер жасауды қоспағанда, осы тауарды өткізуді жүзеге асыруға құқылы;
3) нарық субъектілеріне мемлекеттік монополия енгізу салдарынан келтірілген залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеледі.
2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Осы баптың ережелері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметіне қолданылмайды.
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 5-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр.ред.қара)
5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК, жергілікті атқарушы ОРГАНДАРДЫҢ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ ҚАРСЫ
ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ, келісімдері
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33-бап. Мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестiкке қарсы iс-әрекеттерi, келiсiмдерi
1. Мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға немесе тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасауға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн актiлер не шешiмдер қабылдаудан көрiнетiн бәсекелестiкке қарсы iс-әрекеттерiне конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тыйым салынады және олар толықтай немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
2. Мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдардың бәсекелестiкке қарсы iс-әрекеттерi болып, оның ішінде мыналар танылады:
1) қызметтiң қандай да бiр саласында нарық субъектiсiн құруға қатысты шектеулер енгiзу;
2) нарық субъектiсiнiң қызметiн жүзеге асыруына негiзсiз кедергi келтiру;
3) тауарлардың еркiн қозғалысына қатысты тыйым салуларды белгiлеу немесе шектеулер, нарық субъектiлерiнiң тауарларды өткiзу құқықтарына өзге де шектеулер енгiзу;
4) нарық субъектiсiне сатып алушылардың белгiлi бiр санаты үшiн тауарларды бiрiншi кезекте беру не белгiлi бiр сатушылардан (өнiм берушiлерден) тауарларды бiрiншi кезекте сатып алу туралы немесе басымдықты тәртiппен шарттар жасасу туралы нұсқаулар беру;
5) тауарларды сатып алушылар үшін олардың осындай тауарлар ұсынатын нарық субъектiлерiн таңдауына шектеулер белгiлеу;
6) бағаларды көтеруге, төмендетуге немесе ұстап тұруға бағытталған iс-әрекеттер;
7) тауар нарығын аумақтық қағидат, тауарлардың сатылу немесе сатып алыну көлемi, өткiзiлетiн тауарлардың ассортиментi бойынша не сатушылардың (өнiм берушiлердiң) немесе сатып алушылардың құрамы бойынша бөлуге бағытталған iс-әрекеттер;
8) нарық субъектiлерiнiң тауар нарығына кiруiн, одан шығуын шектеу немесе оларды тауар нарығынан ығыстырып шығару;
9) нарықтың жекелеген субъектiлерiне оларды бәсекелестерге қатысты артықшылықты жағдайға қоятын жеңiлдiктер немесе басқа да басымдықтар беру немесе бәсекелестермен салыстырғанда қызметте қолайсыз немесе кемсiтушілік жағдайлар жасау;
10) нарық субъектiлерiн шарттарды басымдықты тәртiппен жасасуға, тауарларды тұтынушылардың белгiлi бiр тобына бiрiншi кезекте беруге не тауарларды белгiлi бiр сатушылардан (өнiм берушiлерден) бiрiншi кезекте сатып алуға тiкелей немесе жанама мәжбүрлеу.
3. Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк, жергілікті атқарушы органдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арасындағы немесе олар мен нарық субъектiлерi арасындағы келiсiмдерге, егер мұндай келiсiмдер бәсекелестiктi болғызбауға, шектеуге немесе жоюға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, тыйым салынады.
34-бап. 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
35-бап. 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
36-бап. 2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-тарау. Монополияға қарсы орган және мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган
37-бап. Монополияға қарсы органның жүйесі
1. Монополияға қарсы органның біртұтас жүйесін орталық мемлекеттік орган және оған бағынысты аумақтық органдар құрайды.
2. Аумақтық органдар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында және орталық мемлекеттік орган бекіткен ережелерде белгіленген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
38-бап. Монополияға қарсы органның міндеттері
Монополияға қарсы органның міндеттері:
1) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;
2) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын құқықтық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеу, жолын кесу;
3) экономикалық шоғырлануға бақылау жасау;
4) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады.
39-бап. Монополияға қарсы органның құзыреті
Монополияға қарсы орган:
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) бәсекелестiктi қорғау және монополистiк қызметтi шектеу саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) монополияға қарсы орган құзыретінің мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік органдардың бәсекелестікті шектеуге және (немесе) жоюға бағытталған актілерінің, іс-әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) жолын кеседі;
6) экономикалық шоғырлануға бақылауды жүзеге асырады;
7) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың алдын алады және оны жояды;
8) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін және келісілген іс-әрекеттерін, жосықсыз бәсекелестікті болдырмайды және олардың жолын кеседі;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) нарық субъектiлерiн тiзiлiмге енгiзу және одан алып тастау қағидаларын әзiрлейді;
10) бәсекелестікті дамыту, монополистік қызметті шектеу және тауар нарықтарының жұмыс істеуі салаларында нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және келіседі;
2013.06.03. № 81-V ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды
10-1) адал бәсекелестікті насихаттауды жүзеге асырады;