6. Кедендік бақылау аймағының шекарасы арқылы және оның шегінде тауарлар мен көлік құралдарының өтуіне кеден органының рұқсатымен жол беріледі.
7. Өндірістік және өзге кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, аталған қызмет уақытша сақтау орнының немесе қоймасының, еркін қойманың, кеден қоймасының және бажсыз сауда дүкенінің мақсатына сәйкес келген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ режимдік объектілердің кедендік бақылау аймақтарында болуына жол берілмейді.
187-бап. Кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсыну
1. Декларант, кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар және өзге де мүдделі тұлғалар кеден органдарына кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ауызша, жазбаша және (немесе) электронды нысанда табыс етуге міндетті.
2. Кеден органы кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді жазбаша және (немесе) электронды нысанда сұратуға және оларды табыс ету мерзімін белгілеуге құқылы.
Кеден органы белгілейтін мерзім сұратылған құжаттар мен мәліметтерді ұсыну үшін жеткілікті болуға тиіс.
3. Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан жүзеге асырылатын сыртқы экономикалық мәмілелер бойынша ақша операциялары туралы құжаттар мен мәліметтерді алуға құқылы.
4. Тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылау жүргізу мақсатында кеден органдары коммерциялық және бухгалтерлік құжаттарды, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізуге, оларды шығаруға және Кеден одағының кедендік аумағында немесе одан тыс жерде пайдалануға қатысты өзге де ақпаратты, соның ішінде электрондық нысанда сұратуға және алуға құқылы.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге мерзім белгіленбесе, тұлғалар және кеден органдары кедендік бақылау жүргізу үшін қажетті құжаттарды тауарлардың кедендік бақылауда болуы аяқталған кезден бастап бес жыл бойы сақтауға тиіс.
Кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар кедендік бақылау үшін қажетті құжаттарды кедендік операциялар жүргізілген жылдан кейін бес жыл бойы сақтауға тиіс.
188-бап. Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау
Кеден органдары тауарлар шығарылғаннан кейін тауарлардың кедендік бақылауда болуы аяқталған кезден бастап бес жыл бойы кедендік бақылау жүргізеді.
Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау осы Кодекстің 21 және 24-тарауларында белгіленген нысандарда және тәртіппен жүргізіледі.
189-бап. Кеден одағының кедендік аумағына әкелінген тауарлардың айналымы кезіндегі кедендік бақылау
Кеден органдары кедендік бақылауды аумағына әкелінген тауарлардың айналымы кезінде мұндай тауарлардың Кеден одағы кеден заңнамасының талаптары мен шарттарына сәйкес шығарылу фактісін растайтын мәліметтерді тексеру, оның ішінде Кеден одағының кедендік аумағына тауарларды әкелудің заңдылығын растау үшін тауарларда пайдаланылатын таңбалаудың немесе өзге де сәйкестендіру белгілерінің болуын тексеру мақсатында жүргізеді.
190-бап. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде маманның қатысуы
1. Қажетті жағдайларда кедендік бақылауды жүргізу кезінде нақты әрекеттер жасауға қатысу үшін, мұндай әрекеттердің нәтижесіне мүдделі емес, кеден органдарына жәрдем ету үшін, оның ішінде техникалық құралдарды қолдану кезінде қажет болатын арнайы білімі мен дағдылары бар маман тартылуы мүмкін.
2. Маман ретінде тұлғаны тарту шарт негізінде жүзеге асырылады.
3. Маман:
1) оның қатысуымен жүзеге асырылатын нақты іс-әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты материалдармен танысуға;
2) өзі қатысқан кедендік бақылауды жүргізу кезінде іс-әрекеттер жасау нәтижелері бойынша ресімделетін құжаттармен танысуға және жасаған іс-әрекеттері бойынша мұндай құжаттарға енгізілуге тиіс өтініштер немесе ескертулер жасауға құқылы.
4. Маман:
1) арнайы білімді талап ететін іс-әрекеттер жасауға қатысуға, жасайтын іс-әрекеттері бойынша түсіндірме беруге;
2) аталған іс-әрекеттер жасау фактісін, олардың мазмұны мен нәтижелерін өз қолымен куәландыруға міндетті.
5. Маман өзі алған мемлекеттік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты, сондай-ақ өзге де жасырын ақпаратты жарияламауға, өзге де мақсаттарда пайдаланбауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғаларға бермеуге тиіс.
6. Егер кедендік бақылауды жүргізу барысында Кеден одағының кеден заңнамасының бұзушылықтары анықталса, кеден органдарының маманды тартуға байланысты туындаған шығыстары оған немесе оның тауарларына қатысты кедендік бақылау жүргізілетін тұлғаның қаражаты есебінен өтеледі. Өзге жағдайларда көрсетілген қызмет үшін мұндай төлем Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджеттік қаражат есебінен жүзеге асырылады.
191-бап. Кедендік бақылауды жүргізуге жәрдем ету үшін басқа мемлекеттік органдардың мамандары мен сарапшыларын тарту
1. Кеден органдары кедендік бақылауды жүргізуге жәрдем ету үшін басқа мемлекеттік органдардың мамандары мен сарапшыларын тартуға құқылы.
2. Басқа мемлекеттік органдардан тартылатын мамандар мен сарапшылар мемлекеттік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, сондай-ақ сыртқы экономикалық және кеден ісі саласындағы өзге де қызметке қатысушыларға қатысты жасырын ақпаратты жария етпеуге міндетті.
3. Басқа мемлекеттік органдардың мамандары мен сарапшыларын тартуға байланысты шығыстар, егер бұл жұмыс олардың қызметтік міндеттері шеңберіне кірмесе, осы Кодекстің 190-бабының 6-тармағында айқындалған тәртіппен өтеледі.
192-бап. Кеден одағының кедендік шекарасында кеден органдары мен мемлекеттік бақылаушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл
1. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және басқа мемлекеттік бақылаушы органдардың бақылауына жататын тауарларға кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары мұндай әрекеттерді жалпы үйлестіруді және бірлескен актіде айқындалған тәртіппен бірлескен бақылауды бір мезгілде өткізуді қамтамасыз етеді.
2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында кеден органдары мен мемлекеттік бақылаушы органдар ақпараттық жүйелер мен технологияларды пайдалана отырып, кедендік бақылау мен мемлекеттік бақылаудың өзге де түрлерін жүргізу үшін қажетті ақпаратпен (мәліметтермен) және (немесе) құжаттармен алмасады.
3. Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде мемлекеттік бақылау рәсімдерін жеделдету мақсатында кедендік тексеріп қарау Кеден одағының кедендік шекарасында бақылауды жүзеге асыратын барлық мемлекеттік органдардың қатысуымен жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте кедендік тексеріп қарау актісі жасалады.
192-6аптың 4-9-тармақтары 2011 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
4. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың және (немесе) көлік құралдарының иондаушы сәуле шығару деңгейін тексеру және халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оны табиғи ортамен салыстыру радиациялық бақылау болып табылады.
Радиациялық бақылауды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде орналасқан кеден органдары радиациялық бақылаудың техникалық құралдарын пайдалана отырып, автоматты түрде не қолмен тексеру режимінде жүргізеді.
Радиациялық бақылауды жүргізу тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен келісе отырып белгілейді.
5. Кеден органдары экспорттық бақылауға жататын тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілген кезде аталған тауарларға кедендік бақылауды жүзеге асырады.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган экспорттық бақылау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады.
Кеден органдары экспорттық бақылауға жататын тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасынан заңсыз өткізілуінің алдын алады және жолын кеседі.
6. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобильмен өту пункттерінде мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру мақсатында жүзеге асырылады және Кеден одағының кедендік аумағын Кеден одағының мүшесі болып табылмайтын басқа мемлекеттерден жануарлардың инфекциялық және экзотикалық ауруларының әкелінуінен және таралуынан қорғауға бағытталған.
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобильмен өту пункттерінде мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарының кеден органдарына іссапарға жіберілген ветеринарлық-санитарлық инспекторлары жүзеге асырады.
7. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобильмен өту пункттерінде өсімдіктер карантині бойынша бақылау Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасының талаптарын орындау мақсатында жүзеге асырылады және Кеден одағының кедендік аумағын Кеден одағының мүшесі болып табылмайтын басқа мемлекеттерден тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін карантиндік объектілердің әкелінуінен немесе өздігінен еніп кетуінен қорғауға бағытталған.
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобильмен өту пункттерінде өсімдіктер карантині бойынша бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органының кеден органдарына іссапарға жіберілген өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
8. Адамдар мен тауарларды (жүктерді) Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізген кезде Кеден одағының кедендік аумағына инфекциялық және паразиттік аурулардың, сондай-ақ адамның денсаулығы үшін ықтимал қауіпті заттар мен өнімдердің әкелінуіне жол бермеу мақсатында жүргізілетін тауарлардың (жүктердің) санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйін және адамдардың денсаулық жағдайын бақылау санитарлық-карантиндік бақылау болып табылады.
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобильмен өту пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды кеден органдарының лауазымды адамдары кеден ісі саласындағы уәкілетті орган мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган арасында жасалатын бірлескен актіде айқындалған тәртіппен жүргізеді.
Кеден одағының мүшесі болып табылмайтын басқа мемлекеттен инфекциялық және паразиттік аурулардың, сондай-ақ адамның денсаулығы үшін ықтимал қауіпті заттар мен өнімдердің әкелінуінің нақты қаупі туындаған жағдайда кеден органдары санитарлық-карантиндік бақылау жүргізу мақсатында кеден ісі саласындағы уәкілетті орган мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органның бірлескен актілерінде айқындалған тәртіппен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы аумақтық органдарды тартады.
9. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде кеден органдарына жүктелген көлік бақылауы Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі саласындағы заңнамасының талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын тексеру мақсатында жүзеге асырылады.
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобильмен өту пункттерінде кеден органдарына жүктелген көлік бақылауын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган мен көлік саласындағы уәкілетті орган арасында жасалатын бірлескен актіде белгіленген тәртіппен кеден органдарының лауазымды адамдары жүзеге асырады.
10. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын сақтау мақсатында кеден органдары:
1) өз құзыреті шегінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар мен жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының валюта заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қозғалысы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етіп отырады;
3) кеден органдары анықтаған Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы талаптарының бұзылғандығы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етіп отырады.
193-бап. Кедендік бақылау жүргізу кезінде заңсыз зиян келтіруге жол бермеу
1. Кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдарының әрекеттері (әрекетсіздіктері) және шешімдері мүдделерін қозғайтын тасымалдаушыға, декларантқа, олардың өкілдеріне, уақытша сақтау қоймаларының, кеден қоймаларының, бажсыз сауда дүкендерінің иелеріне және өзге де мүдделі тұлғаларға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылауды жүргізу кезінде заңсыз зиян келтіруге жол берілмейді.
2. Кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органдарының не оның лауазымды адамдарының заңсыз шешімдерінен, әрекеттерінен (әрекетсіздіктерінен) келтірілген шығындар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық көлемде өтелуге жатады.
3. Кеден органдары лауазымды адамдарының заңды шешімдерінен, әрекеттерінен тұлғаға келтірілген шығындар өтелуге жатпайды.
194-бап. Кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолдануынан босату
1. Кеден органдарының кедендік бақылаудың белгілі нысандарын қолдануынан босату осы Кодексте, Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленеді.
2. Мыналардың:
1) Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының және олармен бірге жүретін отбасы мүшелерінің;
2) егер қызметтік міндеттерін орындауға байланысты Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өтсе, Кеден одағына мүше мемлекеттер үкімет басшыларының, үкімет мүшелерінің;
3) Кеден одағына мүше мемлекеттерге ресми сапармен келетін шет мемлекеттер басшыларының, шет мемлекеттердің үкімет басшыларының, сыртқы істер министрлерінің;
4) Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарына және өзге де халықаралық шарттарға сәйкес өзге де тұлғалардың жеке багаждары кедендік тексеріп қарауға жатпайды.
3. Кедендік тексеріп қараудан:
1) шетелдік әскери корабльдер (кемелер), әскери әуе кемелері және өздігінен жүретін әскери техника;
2) Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының арнайы өтініштеріне сәйкес Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін әскери мүлік босатылады.
2013.21.05. № 95-V ҚР Заңымен 195-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
195-бап. Кеден органдарының кедендік бақылау жүргізу кезінде тұлғалар туралы ақпарат жинауы
1. Кедендік бақылау жүргізу мақсатында кеден органдары Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізуге байланысты сыртқы экономикалық қызметті не кедендік бақылаудағы тауарларға қатысты кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы мыналарды:
1) заңды тұлғаның құрылтайшылары туралы;
2) дара кәсіпкердің не заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуі туралы;
3) кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын мүліктің құрамы туралы;
4) ашылған банк шоттары туралы;
5) сыртқы экономикалық қызмет саласындағы қызмет туралы;
6) ұйымның орналасқан жері туралы;
7) салық төлеушінің салық органында салық төлеуші ретінде есепке тұруы және сәйкестендіру нөмірі туралы;
8) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар тізіліміне енгізілген тұлғалардың төлем қабілеттілігі туралы;
9) жеке тұлғаларға қатысты - тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде), туған күні және орны, жынысы, тұрғылықты мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжаттардан алынған деректер, салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі (егер бар болса), сондай-ақ олардың Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарлар өткізу жиілігі туралы мәліметтерді қамтитын ақпарат жинауды жүзеге асыруға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар кеден органдарында бар өзі туралы құжаттамалық ақпаратпен танысуға және оның толықтығын және дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында осы ақпаратты нақтылауға құқығы бар.
3. Кеден органдары тұлғалар туралы ақпарат жинауды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік операциялар жасау кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарынан көрсетілген ақпаратты алу арқылы жүзеге асырады.
196-бап. Кедендік бақылау жүргізу кезінде техникалық құралдарды, су және әуе кемелерін пайдалану
1. Кедендік бақылау жүргізу уақытын қысқарту және оның тиімділігін арттыру мақсатында кеден органдары тізбесі мен қолданылу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін кедендік бақылаудың техникалық құралдарын пайдалануы мүмкін.
Көрсетілген техникалық құралдарды қолдану адамның өмірі мен денсаулығы, жануарлар мен өсімдіктер үшін қауіпсіз болуға тиіс және тұлғаларға, тауарлар мен көлік құралдарына зиян келтірмеуге тиіс.
2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты кедендік бақылау кеден органдарының су және әуе кемелерін пайдалана отырып жүргізілуі мүмкін.
3. Кедендік бақылаудың мақсаттары үшін кеден органдарының су және әуе кемелерін пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
197-бап. Кедендік бақылау үшін қажетті тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялар
1. Кеден органының талабы бойынша декларант, қойма иесі, кеден өкілі және тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де тұлға кедендік бақылауға жататын тауарларды тасымалдауды, өлшеуді немесе тауарлардың санына өзге де анықтауды, тиеуді, түсіруді, қайта тиеуді, зақымданған орамды жөндеуді, орамды ашуды, тауарларды орауды не қайта орауды, сондай-ақ тауарлар орналасқан немесе орналасуы мүмкін үй-жайларды, ыдыстарды және басқа да орындарды ашуға міндетті.
2. Тасымалдаушы өзі тасымалдайтын тауарларға және мұндай тауарлар тасымалданатын көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялардың жүргізілуіне жәрдемдесуге міндетті.
3. Тауарлар мен көлік құралдарына қатысты жүк және өзге де операциялар кеден органы үшін қандай да бір шығыстарға әкеп соқпауға тиіс.
198-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын, үй-жайлар мен басқа да орындарды сәйкестендіру
1. Кеден органдары кедендік бақылаудағы тауарларды, көлік құралдарын, үй-жайларды, ыдыстарды және кедендік бақылауға жататын тауарлары бар немесе болуы мүмкін басқа да орындарды сәйкестендіруі мүмкін.
Сәйкестендіру пломбалар қою, мөр басу, сандық, әріптік және өзге де таңбалау, сәйкестендіру белгілерін салу, мөртабандар қою, сынамалар мен үлгілерді іріктеп алу, тауарларды егжей-тегжейлі сипаттау, сызбалар жасау, масштабтық бейнелеу, фотосуреттер, иллюстрациялар жасау, тауарға ілеспе құжатты және өзге де құжаттаманы пайдалану жолымен және өзге де тәсілдермен жүргізіледі.
2. Сәйкестендіру құралдарын қолдану мен дайындауға қойылатын талаптарды кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
3. Кедендік мақсаттар үшін сәйкестендіру құралдары ретінде пломбалар, мөрлер немесе шет мемлекеттердің кеден органдары, сондай-ақ тауарларды жіберушілер немесе тасымалдаушылар қолданатын сәйкестендірудің өзге де құралдары танылуы мүмкін.
4. Тауарлардың жойылуының, қайтарымсыз жоғалуының немесе елеулі түрде бүлінуінің нақты қаупі болу жағдайларын қоспағанда, сәйкестендіру құралдарын тек кеден органдары арқылы немесе олардың рұқсатымен өзгертілуі, алып тасталуы немесе жойылуы мүмкін. Кеден органына сәйкестендіру құралдарының өзгертілгені, алып тасталғаны немесе жойылғаны туралы тез арада хабарланады және аталған қауіптің бар екендігіне дәлелдер ұсынылады.
Кеден органы сәйкестендіру құралдарының өзгертілгені, алып тасталғаны, жойылғаны немесе айырбасталғаны туралы Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленетін нысан бойынша акт жасайды.
21-тарау. Кедендік бақылау жүргізу нысандары мен тәртібі
199-бап. Кедендік бақылау нысандары
Мыналар:
1) құжаттар мен мәліметтерді тексеру;
2) ауызша сауалнама;
3) түсіндірмелер алу;
4) кедендік қадағалау;
5) кедендік қарау;
6) кедендік тексеріп қарау;
7) жеке кедендік тексеріп қарау;
8) тауарлардың арнайы таңбалармен таңбалануын, оларда сәйкестендіру белгілерінің болуын тексеру;
9) үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарау;
10) кедендік бақылаудағы тауарларды есепке алу;
11) тауарларды есепке алу жүйесін және олар бойынша есептілікті тексеру;
12) кедендік тексеру кедендік бақылау нысандары болып табылады.
200-бап. Құжаттар мен мәліметтерді тексеру
1. Кеден органдары мәліметтердің дұрыстығын, құжаттардың түпнұсқа екенін және (немесе) олардың толтырылуының және (немесе) ресімделуінің дұрыстығын анықтау мақсатында кедендік операциялар жасау кезінде табыс етілген құжаттар мен мәліметтерді тексереді.
2. Кеден органдарына кедендік операциялар жасау кезінде табыс етілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру оларды басқа дереккөздерден алынған ақпаратпен салыстыру, кедендік статистиканың мәліметтерін талдау, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып мәліметтерді өңдеу арқылы, сондай-ақ Кеден одағының кеден заңнамасында тыйым салынбаған басқа да тәсілдермен жүзеге асырылады.
3. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органы кедендік құжаттарда қамтылған ақпаратты тексеру мақсатында жазбаша нысанда қосымша құжаттар мен мәліметтерді дәлелді түрде сұратуға құқылы.
4. Егер осы Кодексте тікелей өзгеше көзделмесе, осы баптың 3-тармағына сәйкес қосымша құжаттар мен мәліметтерді сұрату және оларды тексеру тауарларды шығаруға кедергі келтірмеуге тиіс.
201-бап. Ауызша сауалнама
Осы Кодекске сәйкес кедендік операциялар жасау кезінде кеден органдарының лауазымды адамдары жеке тұлғалармен, олардың өкілдерімен, сондай-ақ Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты өкілеттіктері бар ұйымдардың өкілдері болып табылатын адамдармен, көрсетілген тұлғалардың жазбаша нысанда түсініктемелерін ресімдеместен, ауызша сауалнама жүргізуге құқылы.
202-бап. Түсіндірмелер алу
1. Кеден органдары лауазымды адамдарының тасымалдаушылардан, декларанттардан және кедендік бақылауды жүзеге асыру үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтері бар өзге де тұлғалардан кеден ісі саласындағы қажетті ақпаратты алуы түсіндірмелер алу болып табылады.
2. Түсіндірмелер Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген жазбаша нысанда ресімделеді.
3. Тұлғаны түсіндірме алу үшін шақыру қажет болған жағдайда кеден органы шақырылатын тұлғаға табыс етілетін жазбаша нысандағы хабарламаны ресімдейді.
203-бап. Кедендік қадағалау
Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың, соның ішінде кедендік бақылаудағы көлік құралдарының тасымалдануын, олармен жүк және өзге де операциялардың жасалуын жария, мақсатты, жүйелі немесе біржолғы, тікелей немесе жанама түрде көзбен, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып қадағалауы кедендік қадағалау болып табылады.
204-бап. Кедендік қарау
1. Көлік құралдарын, тауарлардың орамдарын ашпай, тексерілетін объектілер мен олардың бөліктерін бөлшектемей және өзге де тәсілдермен бүтіндігін бұзбай, тауарларды, оның ішінде көлік құралдарын, жеке адамдардың багажын, сондай-ақ жүк ыдыстарын, кедендік пломбаларды, мөрлерді және өзге де сәйкестендіру құралдарын сырттай көзбен шолып қарау кедендік қарау болып табылады.
2. Кеден органы лауазымды адамдарының тауарларды, оның ішінде халықаралық тасымалдың көлік құралдарын, халықаралық почта жөнелтімдерін, жеке тұлғалардың багажын кедендік қарауы кедендік бақылаудағы тауарлардың сипаты, шығарылған жері, жай-күйі, саны туралы, тауарларда, көлік құралдарында және олардың жүк тұратын жайларында кедендік пломбалардың, мөрлердің және басқа да салынған сәйкестендіру құралдарының бар екендігі туралы мәліметтерді растауды алу үшін жүзеге асырылады.
3. Кедендік бақылау аймағында декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге де адамдар және олардың өкілдері кедендік қарау кезінде қатысуға тілек білдіретін жағдайларды қоспағанда, кедендік тексеру аталған адамдардың қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
4. Кедендік қарау қаралатын объектінің ішкі құрылымын көзбен шолуды қамтамасыз ететін және мұндай объектінің физикалық ерекше сипаттамасының болуы туралы өзге де түрде хабар беретін техникалық құралдарды қолдана отырып жүргізілуі мүмкін.
5. Егер мұндай қараудың нәтижелері кедендік мақсаттар үшін пайдаланылатын болса, кеден органдарының лауазымды адамдары қарау нәтижелері бойынша Кеден одағы комиссиясының шешімімен белгіленген нысан бойынша акт жасайды.
Тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаның талабы бойынша кеден органының лауазымды адамдары кедендік қараудың жүргізу фактісі туралы акт жасауға, не көліктік (тасымалдау), коммерциялық немесе кедендік құжатта белгі қоюға міндетті.
Кедендік қарау жүргізілгені туралы актінің екінші данасы тауарларға қатысты өкілеттіктері бар адамға табыс етіледі.
205-бап. Кедендік тексеріп қарау
1. Кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың орамдарын немесе көлік құралының жүк тиелетін жайларын не ыдыстарды, контейнерлерді және тауарлар бар немесе болуы мүмкін өзге де орындарды салынған кедендік пломбаларын немесе өзге де сәйкестендіру құралдарын бұза отырып ашуға, тексерілетін объектілер мен олардың бөліктерін бөлшектеуге және өзге де тәсілдермен бүтіндігін бұзуға байланысты іс-әрекеттері кедендік тексеріп қарау болып табылады.