ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 397-бап өзгертілді
397-бап. Істі қарау шектері
1. Істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот істе бар материалдар бойынша өтініштің, наразылықтың дәлелдері шегінде бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар шығарған сот актілерінің заңдылығын тексереді.
2. Қадағалау сатысындағы сот заңдылық мүдделерін көздеп, өтініштің немесе наразылықтың шегінен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген шешімнің заңдылығын толық көлемінде тексеруге құқылы. Сот осы Кодекстің 25-29-тарауларында көзделген істер бойынша бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар шығарған қаулылардың заңдылығын толық көлемінде тексереді.
11.07.01 ж. № 238-II; 2005.30.12 № 111-III (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен; 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 398-бап өзгертілді
398-бап. Істі қадағалау сатысында қараудың тәртібі, қадағалау сатысындағы соттың шешімдері
1. Қадағалау сатысындағы сот отырысы төрағалық етушінің қандай сот шешімі және кімнің өтініші (наразылығы) бойынша қайта қаралып отырғанын, сот құрамына кімдердің енетінін және сот отырысы залында іске қатысушы адамдардан кім келіп отырғанын жариялауымен ашылады. Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген, өтініш (наразылық) берген адамның болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Iстi қарау кезiнде қадағалау сатысының сотына прокурордың қатысуы мiндеттi.
2. Мәлімделген қарсылықтар мен өтініштер шешілгеннен кейін сот тыңдауды жалғастыру туралы не оны кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды. Сот істі тыңдауды жалғастыру туралы шешім қабылдаған жағдайда төрағалық етуші өтінішті (наразылықты) берген адамға сөз береді. Егер мұндай адамдар бірнешеу болса, олар өздері ұсынатын сөз сөйлеу кезегін сот назарына жеткізеді. Егер олар келісімге келе алмаса, сөз сөйлеу кезегін сот белгілейді.
3. Өтініш (наразылық) беруші адам, өз пікірі бойынша, шағым жасалып отырған шешімнің заңсыз, негізсіз болып табылатынына себептер мен дәлелдерді айтып береді. Содан кейін төрағалық етуші сот белгілеген тәртіппен іске қатысушы басқа адамдарға сөз береді.
Сотқа қатысушы адамдар сөз сөйлегеннен кейiн прокурор iс бойынша қорытынды бередi.
4. Істі қадағалау тәртібімен қараудың нәтижесінде сот кеңесу бөлмесінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бірінші, апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы шешімді өзгеріссіз, ал өтінішті, наразылықты қанағаттандырмай тастайды;
1-1) осы Кодекстің 387-бабында көзделген негіздердің болмауына байланысты істі сот қадағалауы тәртібімен қайта қараудан бас тарту туралы;
2) бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттың шешімінің күшін толық немесе бір бөлігінде жояды және істі апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотқа немесе, егер іс апелляциялық сатыдағы сотта қаралмаған болса, бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жібереді. Қадағалау сатысындағы сот қаулыда көрсетілмеген не онда жоққа шығарылған мән-жайларды анықтауға немесе оларды дәлелденген деп есептеуге, қандай да бір дәлелдемелердің дұрыстығы немесе дұрыс еместігі, бір дәлелдемелердің басқаларынан артықшылығы туралы, істі жаңадан қарау кезінде материалдық құқықтың қай нормасы қолданылуға тиіс және қандай қаулының қабылдануға тиіс екендігі туралы мәселелерді алдын ала шешуге құқылы емес;
3) бірінші, апелляциялық сатыдағы және кассациялық сатылардағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және талап-арызын қарамай тастайды не іс бойынша іс жүргізуді қысқартады;
4) іс бойынша шығарылған шешімдердің біреуін күшінде қалдырады;
5) бірінші, апелляциялық немесе кассациялық сатылардағы соттың шешімін өзгертеді не оның күшін жояды, материалдық құқық нормаларын қолдануда және түсіндіруде қате жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей, жаңа шешім шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 399-бап өзгертілді
399-бап. Қадағалау сатысындағы сот қаулысының мазмұны
1. Қадағалау сатысындағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық қаулы үшін белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Қадағалау сатысындағы соттың қаулысына іс бойынша шешім қабылдаған барлық судьялар қол қояды.
2. Қадағалау сатысындағы сот осы Кодекстiң 230-232-баптарында көзделген жағдайларда және тәртiппен қате жазылған жазбалар мен анық арифметикалық қателердi түзету туралы мәселенi қарауға, қосымша қаулы шығаруға немесе бұдан бұрын қадағалау сатысы шығарған қаулыны түсіндiруге құқылы.
400-бап. Қадағалау сатысындағы сот қаулысының заңды күшіне енуі
Қадағалау сатысындағы сот қаулылары олар қабылданған кезден бастап заңды күшіне енеді.
401-бап. 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
402-бап. 2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 403-бап өзгертілді; 2012.17.02. № 565-ІV ҚР Заңымен 403-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
403-бап. Сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының күші жойылғаннан кейін істі қарау
1. Қадағалау тәртібімен сот актілерінің күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға тиіс.
2. Бұрын қабылданған сот актілерінің апелляциялық, кассациялық тәртіппен немесе қадағалау тәртібімен күші жойылғаннан кейін шығарылған жаңа сот актілеріне өтініш, наразылық олардың күшін жойған себептерге қарамастан, жалпы негіздерде берілуі, келтірілуі мүмкін.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 403-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
403-1-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысын тағайындау
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы немесе Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы келіп түскеннен кейін Жоғарғы Соттың Төрағасы жалпы отырысты шақырады. Жалпы отырыстың хатшысы жалпы отырыстың мүшелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына жалпы отырыстың өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы хабарлайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 403-2-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
403-2-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының ұсынуды немесе наразылықты қарауының тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы ұсынуды немесе наразылықты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының жалпы санының кемінде үштен екісі болған кезде қарайды.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы немесе Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ұсынуды немесе наразылықты енгізудің осы Кодекстің 384-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздері туралы баяндайды.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы көрсетілген негіздер болмаған кезде істі қайта қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады, ал негіздер болған кезде істі мәні бойынша қарау үшін сот отырысын тағайындайды.
4. Істі мәні бойынша қарау судьяның ұсынудың мән-жайлары мен негіздері туралы баяндамасымен не прокурордың наразылықтың мән-жайлары мен негіздері туралы баяндамасымен басталады. Істі одан әрі қарау осы Кодекстің 398-бабында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
44-тарау. Заңды күшіне енген шешімдерді, ұйғарымдар мен
қаулыларды жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау жөнінде іс жүргізу
2005.30.12 № 111-III ҚР Заңымен 404-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
404-бап. Қайта қарау негіздері
Заңды күшіне енген шешімдер, ұйғарымдар мен қаулылар жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы мүмкін. Шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін:
1) арыз берушіге белгілі болмаған және белгілі бола алмаған іс үшін елеулі мән-жайлар;
2) заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленген, заңсыз не негізсіз шешім шығаруға әкеп соққан, куәнің көрінеу жалған жауаптары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс аудармау, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы;
3) заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленген, тараптардың, іске қатысушы басқа адамдардың, не олардың өкілдерінің қылмысты әрекеттері немесе судьялардың сол істі қарау кезінде жасаған қылмысты әрекеттері;
4) белгілі бір шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің немесе қаулысының не өзге де орган қаулысының күшін жою;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің соттың сот актісін шығаруы кезінде қолданған заңын немесе өзге нормативтік құқықтық актісін конституциялық емес деп тануы негіздер болып табылады.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 405-бап өзгертілді
405-бап. Сот шешімдерін, ұйғарымдары мен қаулыларын жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарайтын соттар
1. Бірінші сатыдағы соттың заңды күшіне енген шешімін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша осы шешімді шығарған сот қайта қарайды.
2. Бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгерткен немесе жаңа шешім шығарған апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатыларындағы ұйғарымдарды, шешімдерді, қаулыларды жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарауды шешімді өзгерткен немесе жаңа шешім шығарған сот жүргізеді.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 406-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
406-бап. Арыз беру
1. Шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан анықталған мәнжайлар бойынша қайта қарау туралы арызды іске қатысқан адамдар, құқықтары мен заңды мүдделерін шығарылған сот актісі қозғаған өзге де мүдделі тұлғалар немесе прокурор шешім, ұйғарым немесе қаулы шығарған сотқа береді.
2. Мұндай арызды іске қатысушы адамдар қайта қарау үшін негіз болатын мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай ішінде бере алады.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 406-1-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
406-1-бап. Арыздың нысаны мен мазмұны
1. Сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз сотқа жазбаша нысанда беріледі. Арыз берген тұлға немесе оның уәкілетті өкілі арызға қол қояды.
2. Сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызда:
1) арыз берілген соттың атауы;
2) арыз берген тұлғаның және іске қатысатын басқа тұлғалардың атауы, олардың тұрған жері немесе тұрғылықты жері;
3) арыз беруші жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтініш жасап отырған сот актісін қабылдаған соттың атауы; сот актісінің қабылданған күні; даудың нысанасы;
4) арыз берген тұлғаның талаптары; осы Кодекстің 404-бабында көзделген және осы мән-жайлардың ашылуын немесе анықталуын растайтын құжаттарға сілтеме жасала отырып, арызданушының пікірі бойынша жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы мәселені қою үшін негіз болған жаңадан анықталған мән-жайлар;
5) қоса тіркелген құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Арызда іске қатысатын тұлғалардың телефон, факс нөмірлері, электронды почтаның мекенжайлары және өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
3. Арыз берген тұлға іске қатысатын басқа тұлғаларға оларда жоқ арыздың және қоса берілген құжаттардың көшірмелерін жіберуге міндетті.
4. Арызға:
1) жаңадан анықталған мән-жайларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) арызданушы қайта қарау туралы өтініш жасаған сот актісінің көшірмесі;
3) іске қатысатын басқа тұлғаларға оларда жоқ арыздың және құжаттардың көшірмелері жіберілгенін растайтын құжат;
4) тұлғаның арызға қол қою өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса тіркелуге тиіс.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 406-2-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
406-2-бап. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау
1. Арыздың мазмұны мен нысанына қойылатын талаптарды сақтай отырып берілген сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз тиісті соттың іс жүргізуіне қабылданады.
2. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені ол сотқа келіп түскен күннен бастап бес күн мерзімде тиісті соттың судьясы жеке-дара шешеді.
3. Тиісті соттың судьясы арызды іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарады.
4. Ұйғарымда арызды қарау жөніндегі сот отырысын өткізудің күні мен орны көрсетіледі.
5. Ұйғарымның көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жіберіледі.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 406-3-баппен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
406-3-бап. Сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қайтару
1. Егер тиісті соттың судьясы арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешу кезінде:
1) арыздың осы Кодекстің 405-бабында белгіленген қағидалар бұзыла отырып берілгенін;
2) арыздың белгіленген мерзім өткеннен кейін берілгенін және оны қалпына келтіру туралы өтініштің жоқ екенін немесе арыз берудің өткен мерзімін қалпына келтіруден бас тартылғанын;
3) арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмағанын анықтаса, арыз беруші берген сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды оған қайтарады.
2. Арызды қайтару туралы ұйғарым шығарылады.
Ұйғарымның көшірмесі арызбен және оған қоса тіркелген құжаттармен бірге ұйғарым шыққан күннен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей арыз берушіге жіберіледі.
3. Арызды қайтару туралы соттың ұйғарымына шағым жасалуы, наразылық берілуі мүмкін.
407-бап. Арыз беруге арналған мерзімнің есептелуі
Арыз беруге арналған мерзім:
1) осы Кодекстің 404-бабының 1-тармақшасында көзделген жағдайларда - іс үшін елеулі маңызы бар мән-жайлар анықталған күннен бастап;
2) осы Кодекстің 404-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда - қылмыстық іс жөніндегі үкім заңды күшіне енген күннен бастап;
3) осы Кодекстің 404-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот үкімі, шешімі, ұйғарымы, қаулысы заңды күшіне енген немесе мемлекеттік немесе өзге де орган қайта қаралатын шешім, ұйғарым немесе қаулы негізге алынған үкімге, шешімге, ұйғарымға немесе қаулыға өз мазмұны бойынша қайшы келетін қаулы шығарған күннен бастап есептеледі.
408-бап. Арызды қарау
Сот жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны қайта қарау туралы арызды сот отырысында қарайды. Арыз берушіге және іске қатысушы адамдарға отырыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.
2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 409-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
409-бап. Соттың істі қайта қарау туралы ұйғарымы
1. Сот шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қарай келіп, не арызды қанағаттандырады және шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күшін жояды, не оны қайта қараудан бас тартады.
2. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот актісінің күшін жою туралы және сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдеріне белгіленген тәртіппен шағымдануға және наразылық беруге болады.
3. Шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күші жойылған жағдайда сот істі осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша қарайды.
4-бөлім. Жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру
410-бап. Арыз беру
1. Азаматтық іс бойынша толық не бөлігінде жойылған, шешім шығару немесе қысқарту арқылы аяқталған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіруді сот осы бөлімде белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы іс іске қатысушы адамдардың не прокурордың арызы бойынша қозғалады.
3. Сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз даудың мәні бойынша шешім не іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым шығарған сотқа беріледі.
4. Жойылған атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз атқарылатын жеріндегі сотқа беріледі.
5. Арызда: арыз беруші нақ қандай іс жүргізуді қалпына келтіруді өтінетіні, мәні бойынша соттың шешім қабылданғаны немесе іс бойынша іс жүргізу қысқартылғаны, онда арыз берушінің іс жүргізуде қандай жағдайда болғаны, іс бойынша тағы да кімдердің қатысқаны және іс жүргізуде қандай жағдайда болғаны, олардың орналасқан немесе тұратын жері, арыз берушіге жоғалған іс жүргізудің мән-жайларынан ненің белгілі екені туралы, іс жүргізу құжаттары көшірмелерінің немесе ол туралы мәліметтердің жатқан жері, нақты қандай құжаттарды арыз беруші қалпына келтіруді қажет деп есептейтіні, оларды қалпына келтіру қандай мақсат үшін қажет екені көрсетілуге тиіс.
6. Сақталып қалған және іске қатысты құжаттар немесе олардың көшірмелері, тіпті олар белгіленген тәртіппен куәландырылмаса да, арызға қоса тіркеледі.
7. Жойылған істі қалпына келтіру туралы арызға мемлекеттік баж төленбейді.
411-бап. Арызды қарау
1. Арызда жойылған істі қалпына келтіру туралы мәселе бойынша сотқа жүгіну мақсаты көрсетілмеген жағдайда сот арызды қозғалыссыз қалдырады және арыз берушінің оны жазуына қажетті мерзім береді.
2. Егер арыз беруші көрсеткен жүгіну мақсаты оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға байланысты болмаса, сот істі қалпына келтіру туралы іс қозғаудан бас тартады, не, егер ол іс қозғалған болса, оны дәлелді ұйғарыммен қарамай тастайды.
3. Жойылған сот ісін жүргізу мәні бойынша қаралғанға дейін осы тарауда белгіленген тәртіппен қалпына келтіруге жатпайды. Талап қоюшы мұндай жағдайда жаңадан талап қоюға құқылы. Сот ісін жүргізудің жоғалтылуына байланысты жаңа талап қою бойынша іс қозғау туралы сот ұйғарымында осы мән-жайлар міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
4. Істі қарау кезінде сот іс жүргізудің сақталған бөліктерін, іс жүргізу жоғалғанға дейін істен азаматтар мен ұйымдарға берілген құжаттарды, бұл құжаттардың көшірмелерін, іске қатысы бар басқа да материалдарды пайдаланады.
5. Іс жүргізу іс-әрекеттерін жасау кезінде қатысқан адамдардан, ал қажет болған жағдайларда - жоғалған іс бойынша істі қараған сот құрамына кірген адамдардан, сондай-ақ сот шешімін орындаған адамдардан соттың куә ретінде жауап алуына болады.
412-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Іс жүргізуді қысқарту туралы соттың шешімі немесе ұйғарымы, егер олар іс бойынша шығарылса, міндетті түрде қалпына келтірілуге тиіс.
2. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы жойылған сот шешімін немесе ұйғарымын қалпына келтіру туралы сот шешімінде сотқа табыс етілген және жойылған іс бойынша процеске барлық қатысушылар қатысқан сот отырысында зерттелген қандай нақты деректер негізінде сот қалпына келтірілетін сот актісінің мазмұны анықталды деп есептейтіні көрсетіледі.
3. Жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы іс бойынша шешімнің дәлелдеме бөлігінде қандай дәлелдемелерді соттың зерттегені және жойылған іс бойынша қандай іс жүргізу іс-әрекеттері жасалғаны дәлелденгені туралы да сот қорытындысы көрсетіледі.
4. Жойылған іс бойынша сот қаулысын дәлме-дәл қалпына келтіру үшін жиналған материалдар жеткіліксіз болған жағдайда сот ұйғарымымен іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды қарауды тоқтатады және іске қатысушы адамдарға жалпы тәртіппен талап қою құқығын түсіндіреді.
5. Жойылған іс бойынша сот қаулысын қалпына келтіру туралы арызды қарау оның сақталу мерзімімен шектелмейді. Алайда орындау мерзімі біткен және сот қалпына келтірмейтін атқару парағын ұсыну үшін оны орындау мақсатында жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызбен жүгінген жағдайда сот арыз бойынша іс жүргізуді де қысқартады.
6. Егер шешім орындалса, жойылған атқару ісі қалпына келтіріледі.
7. Сот шешімін орындау туралы акт орындау кезінде сот орындаушысы жасаған және актіде көрсеткен іс-әрекеттердің мәні көрсетіле отырып, сот шешімімен қалпына келтіріледі.
8. Шешім орындалғанға дейін атқару ісі жойылып, атқару қағазының дубликаты берілуі мүмкін жағдайда, сот жойылған атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы іс қозғаудан дәлелді ұйғарыммен бас тартады.
9. Жойылған істі қалпына келтіру туралы арыз бойынша сот қаулыларына заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалады.
10. Көрінеу жалған арыз берілген жағдайда жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз бойынша іс қозғауға байланысты сот шығындары арыз берушіден өндіріліп алынады.
5-бөлім. Халықаралық процесс
45-тарау. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша іс жүргізу
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 413-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
413-бап. Шетелдік тұлғалардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттері
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік және халықаралық ұйымдардың (бұдан әрі - шетелдік тұлғалар) өздерінің бұзылған немесе даулы болып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқығы бар.
2. Шетелдік тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және ұйымдарымен бірдей іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін орындайды.
3. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекске және өзге де заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының іс жүргізу құқықтарына арнайы шектеулер қойылатын мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы соған сәйкес шектеулер белгілеуі мүмкін.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 414-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
414-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық іс жүргізуге әрекет қабілеттілігі
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық іс жүргізуге әрекет қабілеттілігі олардың жеке заңы бойынша айқындалады.
2. Азаматтың жеке заңы өзі азаматы болып табылатын мемлекеттік құқығы болып табылады. Егер азаматта шет мемлекеттің азаматтығымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтығы да болса, оның жеке заңы Қазақстан Республикасының заңы болып есептеледі. Мұндай адамда шет мемлекет азаматтығының болуын Қазақстан Республикасының соттары танымайды.
3. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болса, бұл адам неғұрлым тығыз байланыстағы мемлекеттің құқығы оның жеке заңы болып табылады.
4. Азаматтығы жоқ адамның тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы сол адамның жеке заңы, ал мұндай болмаған жағдайда - оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы болып табылады.
5. Өзінің жеке заңы бойынша іс жүргізу әрекетіне қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іс жүргізу қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында іс жүргізу әрекетіне қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
415-бап. Шетелдік халықаралық ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеттілігі
1. Шетелдік ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеттілігі ұйым соған сәйкес құрылған шет мемлекеттің заңы бойынша белгіленеді. Бұл заң бойынша іс жүргізу құқығына қабілеті жоқ шетелдік ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құқық қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
2. Халықаралық ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеті ұйым соған сәйкес құрылған халықаралық шарт, оның құрылтай құжаттары немесе Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органымен келісім негізінде белгіленеді.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 416-бап өзгертілді
416-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстан Республикасы соттарының құзыреті