ядролық қондырғыда, иондандырушы сәуле көздерiнде және орналастыру пунктiнде авариялық дайындық шараларын және аварияға қарсы шараларды, сондай-ақ аталған объектiлер қызметкерлерi, халық және қоршаған орта үшiн авариялардың терiс салдарын азайту жөніндегі шараларды әзiрлеу мен iске асыруды;
атом энергиясын пайдаланатын объектiлер қызметкерлерiнiң жеке дозаларын есепке алу және олардың өтемге құқықтарын iске асыруды қамтамасыз етеді.
4. Пайдаланушы ұйымының қызметкерлерi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аттестациядан өтедi.
4-тарау. Атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызметтiң экспорты мен импорты
19-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызметтiң экспорты мен импортын жүзеге асыру
Атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызметтiң коммерциялық мақсатта берiлуiн, сатылуын немесе сатып алынуын немесе коммерциялық емес сипатта берiлуiн қамтитын экспорты мен импортына уәкiлеттi орган бақылау жасайды және олар Қазақстан Республикасының заңдарына, сонда-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
20-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы тауарлар мен қызметтiң экспорты мен импортын жүзеге асыру тәртібі
Ядролық материалдардың, технологиялардың, жабдықтар мен ядролық қондырғылардың, арнаулы ядролық емес материалдардың, иондандырушы сәуле көздерiнiң, радиоактивтi заттар мен радиоактивтi қалдықтардың экспорты мен импортын жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
5-тарау. Азаматтардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi
21-бап. Азаматтардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың атом энергиясын пайдалану саласындағы құқықтары
Қазақстан Республикасының азаматтары, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар:
салынғалы отырған, жобаланып, салынып, пайдаланылып отырған және пайдаланудан шығарылатын атом энергиясын пайдалану объектiлерiнiң қауiпсiздiгi туралы, өздерiнiң тұратын немесе еңбек қызметiн жүзеге асыратын жерлеріндегі радиациялық жағдайға бақылау жасау туралы, сондай-ақ алынған сәуле дозасы туралы атом энергиясын пайдалану жөніндегі уәкiлеттi орган мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпарат алуға;
атом энергиясын пайдалану саласындағы саясатты, заң актілерінiң жобаларын және бағдарламаларды талқылауға қатысуға;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жобалық құжаттарға қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзуге және қоршаған ортаның радиациялық жағдайына бақылау жасауға;
ядролық қондырғыларды сақтау және көму пункттерiн белгiленген тәртiппен танысу мақсатында барып көруге;
ядролық немесе радиациялық авария нәтижесiнде келтiрiлген залал мен зиянды осы аварияға жол берген пайдаланушы ұйым есебiнен өтеттiруге;
сәуле алудың нормативтiк шектiк мөлшерi артық болған жағдайда адам денсаулығына иондандырушы сәуленiң терiс әсерi үшiн және қосымша қатер факторлары үшiн заңдармен белгiленген тәртiппен пайдаланушы ұйым есебiнен өтем алуға құқылы.
22-бап. Азаматтардың, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдардың атом энергиясын пайдалану саласындағы мiндеттерi
Азаматтар, қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдар атом энергиясын пайдалануды реттейтiн заңдарды сақтауға, атом энергиясын пайдалану саласындағы қауiпсiздiк нормалары мен ережелерiнiң талаптарын орындауға, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану жөніндегі ұйымдардың лауазымды адамдарының талаптарын орындауға мiндеттi.
6-тарау. Атом энергиясын пайдалану саласындағы заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
23-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiк және дауларды шешу
1. Атом энергиясын пайдалану саласындағы белгiленген нормативтердiң, стандарттар мен ережелердiң бұзылуына, авариялардың пайда болуына жағдайлар мен алғышарттар жасалуына кiнәлi азаматтар, лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
2. Ақпарат беруден негiзсiз бас тартқаны үшiн, ақпаратты қасақана бұрмалағаны үшiн немесе жасырғаны үшiн, сондай-ақ атом энергиясын пайдалану мәселелерi жөнiнде жалған ақпарат таратқаны үшiн ұйымдардың, соның iшiнде қоғамдық ұйымдардың (бiрлестiктердiң) және бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
3. Атом энергиясын пайдалану туралы заңдарды қолдану мәселелерi жөніндегі даулар сот тәртібімен қаралады.
4. Уәкiлеттi органның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым берiлуi мүмкiн. Шағым беру уәкiлеттi орган қабылдаған шешiмнiң қолданылуын тоқтатпайды.
24-бап. Атом энергиясының объектiлерiн тиiстi дәрежеде пайдаланбау салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу
1. Атом энергиясының объектiлерiн тиiстi дәрежеде пайдаланбау салдарынан азаматтардың денсаулығына, сондай-ақ олардың қайтыс болуына байланысты келтiрiлген зиян зардап шегушiнiң еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесi, оны емдеуге, денсаулығын қалпына келтiруге, науқасқа күтiм жасауға жұмсалатын шығындар, Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес тағайындалған жәрдемақылар ескерiле отырып, зиян келтiрушiнiң есебiнен толық көлемiнде өтелуге тиiс.
2. Заңды және жеке тұлғалар ұйымдар мен азаматтардың атом энергиясын тиiстi дәрежеде пайдаланбауына байланысты, мүлiктiк шығындарды және меншiк нысанына қарамастан ұйымдарға, авариялық-құтқару мен атом энергиясы объектiлерiн тиiстi дәрежеде пайдаланбау зардаптарын жоюға қатысушы жеке адамдарға жұмсалған шығындарды зиян келтiрушiлерден заңдарда белгiленген тәртiп бойынша толық өтеудi талап етуге құқылы.
3. Атом энергиясы объектiлерiнiң тиiстi дәрежеде пайдаланылмауына кiнәлі заңды және жеке тұлғалар жердi жаңғырту мен жердiң табиғи құнарлылығын қалпына келтiруге жұмсалатын шығындарды қоса алғанда, жерге, суға, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiне келтiрiлген зиянды заңдарда белгiленген тәртiп бойынша өтеуге мiндеттi.
7-тарау. Халықаралық шарттар
25-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы халықаралық шарттар
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта атом энергиясын пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
Қазақстан Республикасының