4. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1991 ж., № 52, 636-құжат; 1995 ж., № 19, 117-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., № 10, 101-құжат; 2004 ж., № 19, 115-құжат; № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 10, 69-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; 2011 ж., № 16, 128-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат):
16-1-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығына:
1) Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде кемінде төрт жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұрған оралмандар;
2) тұрған мерзiмiне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын, өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе азаматтығын жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары қабылдануы мүмкiн.».
5. «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., № 9-10, 68-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 12, 184-құжат; 2001 ж., № 8, 50, 54-құжаттар; № 21-22, 285-құжат; 2006 ж., № 5-6, 31-құжат; 2007 ж., № 3, 23-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 17, 82-құжат; № 24, 122-құжат; 2011 ж., № 16, 128-құжат; 2013 ж., № 2, 10-құжат; № 9, 51-құжат):
1) 4-баптың екінші бөлігі «Оралмандарды» деген сөзден кейін «қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған өңірлерге келген этникалық қазақтарды» деген сөздермен толықтырылсын;
2) 22-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Қазақстан Республикасына келу
Егер Қазақстан Республикасының тиiстi тараппен келiсiмiнде өзгеше тәртiп белгіленбесе немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, шетелдiктер жарамды шетелдік паспорттар немесе оны алмастыратын құжаттар бойынша Қазақстан Республикасының келу визалары болған кезде Қазақстан Республикасына келе алады.
Шетелдіктің Қазақстан Республикасына келуіне:
1) ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіп пен халықтың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мүддесі үшін;
2) егер оның iс-әрекетi конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталса;
3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсіздігіне қарсы шықса, оның аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
4) егер ол ұлтаралық және дiни араздықты тудырса;
5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн қажет болса;
6) егер ол террористік немесе экстремистік ұйымдарға тиесілі болса, террористiк немесе экстремистік іс-әрекетi үшiн сотталған болса не оның іс-әрекетін сот аса қауіпті рецидив деп таныса;
7) егер ол Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін өзіне қолданылған жазаны өтемеген болса;
8) егер жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасында алдыңғы болған кезеңде ол мұндай декларацияны табыс етпесе;
9) егер ол, этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасында болу және одан кету үшiн қажеттi қаражатының бар екендiгi туралы растауды ұсынбаса;
10) егер ол келу туралы өтiнiшхат жолдаған кезде өзi жөнiнде жалған мәлiметтер хабарлаған болса немесе қажеттi құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мерзiмде табыс етпесе;
11) онда Қазақстан Республикасына келу үшін қарсы айғақтар болып табылатын аурулары болған кезде тыйым салынады.
Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген шетелдiктерге шығарып жiберу туралы шешiм шығарылған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.
Қабылдаушы тұлғалардың шетелдіктерді Қазақстан Республикасына шақыру туралы өтініштері, егер мұндай өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде қабылдаушы тұлғалар көшіп келушілерді уақтылы тіркеу, олардың Қазақстан Республикасында болу, ел аумағында жүріп-тұру құқығына құжаттарды ресімдеу және болудың белгілі бір мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілікке тартылса, қаралмайды.
Қазақстан Республикасына келу кезiнде шетелдiктерге Қазақстан Республикасының Үкiметi көздеген тәртiппен көшi-қон карточкалары берiледi.
Келу визаларын немесе оларға сәйкес келетiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi және консулдық мекемелерi немесе жекелеген жағдайларда бұған арнайы уәкiлдiк берiлген Қазақстан Республикасының өкiлдерi бередi.
Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қабылдаушы тұлғалардың шақырулары немесе Қазақстан Республикасының бұған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарының рұқсаты виза беру үшiн негiз болып табылады.»;
3) 23-баптың бірінші бөлігі «өзгеше тәртiп белгiленбесе» деген сөздерден кейін «немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше тәртiп белгiлемесе» деген сөздермен толықтырылсын.
6. «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1995 ж., № 23, 154-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; № 12, 184-құжат; 1998 ж., № 17-18, 225-құжат; № 23, 416-құжат; № 24, 436-құжат; 1999 ж., № 8, 233, 247-құжаттар; № 23, 920-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; 2001 ж., № 13-14, 174-құжат; № 17-18, 245-құжат; № 20, 257-құжат; № 23, 309-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 12, 82-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; № 24, 154, 155-құжаттар; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; 2008 ж., № 15-16, 61-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; № 18, 84-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 8, 41-құжат; № 24, 149-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 25-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 8-құжат; № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 14, 75-құжат; № 16, 83-құжат):
5-1-баптың 1-тармағының 36) тармақшасындағы «көшiп кету мен көшiп келу саласындағы заңдарының» деген сөздер «халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасының» деген сөздермен ауыстырылсын.
7. «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2011 ж., № 16, 127-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат):
1) 1-бапта:
мынадай мазмұндағы 4-1) және 10-1) тармақшалармен толықтырылсын:
«4-1) еңбекші көшіп келушіге рұқсат - жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстар орындау (қызметтер көрсету) үшін ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге беретін, белгіленген нысандағы құжат;»;
«10-1) қабылдаушы тұлға - шетелдіктерді Қазақстан Республикасына уақытша тұру үшін шақыру туралы және (немесе) оларды тіркеу туралы өтініш жасайтын, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы, шетелдік және азаматтығы жоқ адам немесе Қазақстан Республикасында тіркелген заңды тұлға;»;
13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«13) оралман - тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныстандырылатын және осы Заңда белгiленген тәртiппен тиiстi мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендiк алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендiк алғаннан кейiн одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары;»;
16) тармақша алып тасталсын;
17) және 19) тармақшалардағы «халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган» деген сөздер «ішкі істер органдары» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 8-баптың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындайды;»;
3) 9-бап мынадай мазмұндағы 16-1) тармақшамен толықтырылсын:
«16-1) еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар береді және оларды кері қайтарып алады;»;
4) 10-баптың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) оралман мәртебесін беру туралы өтініш берген этникалық қазақтарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған оралмандарды қоныстандыру өңірлері туралы хабардар етеді, Қазақстан Республикасына келу туралы өтiнiш берген көшiп келушiлердiң құжаттарын қабылдап, тiркейдi, оларды ұлттық қауiпсiздiк органына жiбередi, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру үшін келуге визалар ресімдейді;»;
5) 11-бапта:
4) тармақшадағы «оралмандардың көшiп келу,» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:
«4-1) Қазақстан Республикасының Үкіметіне оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы ұсыныстар енгізеді;»;
5) тармақшадағы «оралмандардың көшiп келу, iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын және шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квоталарды» деген сөздер «iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын және шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квоталарды» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 15-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«15-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) оралмандар мен көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық көмек алуын қамтамасыз етедi;
3) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға еңбек ресурстарының қажеттiлiгiн ескере отырып, iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасын қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
4) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
5) еңбекші көшіп-қонушыларды есепке алуды және тiркеудi жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының азаматтарынан қоныс аударушы мәртебесiн беруге және iшкi көшiп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгiзуге қажеттi құжаттарымен қоса берген өтiнiштi қабылдайды;
7-тармақтың 6) тармақшасының оныншы абзацы 2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
7) қоныс аударушы мәртебесін беру, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгізу және ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгізілген қоныс аударушыларға біржолғы жәрдемақылар төлеуді тағайындау туралы шешімдер қабылдайды;
8) қоныс аударушы куәлiктерiн бередi;
9) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарының, уақытша орналастыру орталықтарының қызметiн ұйымдастырады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшiп-қонушылардың балаларының бiлiм алу құқығын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайды;
11) жұмыс берушiлерге тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірлік аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсаттарды бередi, сондай-ақ көрсетiлген рұқсаттарды тоқтата тұрады және қайтарып алады;
12) тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын шетелдiк қызметкерлерге халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бөлген квота шегiнде тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бірлік аумағында жұмысқа орналасуға рұқсаттарды бередi, сондай-ақ көрсетiлген рұқсаттарды тоқтата тұрады және қайтарып алады;
13) бизнес-көшiп келушiлердiң уақытша тұруға арналған рұқсаттарының қолданылу мерзiмiн ұзартуға немесе қысқартуға өтініш хат бередi;
14) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) өз құзыретi шегiнде халықтың көшi-қоны саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
2) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес халықтың нысаналы топтарына жататын оралмандарға жұмысқа орналасуға, кәсiптiк даярлықтан өтуге, қайта даярлаудан өтуге және бiлiктiлiгiн арттыруға жәрдем көрсетедi;
3) көшiп-қонушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мектептерден, мектепке дейiнгi ұйымдардан, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк мекемелерден орын бередi;
4) оралмандарға қазақ тiлiн және өздерiнiң қалауы бойынша орыс тiлiн үйрену үшiн жағдай жасайды;
5) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде осы баптың 1 және 2-тармақтарында айқындалған құзыреттен басқа, жергілікті атқарушы органдар:
1) оралмандарды есепке алуды және тiркеудi жүзеге асырады;
2) этникалық қазақтардан оралман мәртебесiн беру туралы қажеттi құжаттарымен қоса берген өтiнiштi қабылдайды;
3) оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды;
4) оралман куәліктерін береді;
5) оралмандарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетеді;
6) оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу және саяжай құрылысын, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерiн бередi.»;
7) 16 және 17-баптар алып тасталсын;
8) 18-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«18-бап. Оралман мәртебесiн беруге өтiнiш берудiң тәртiбi
1. Қазақстан Республикасының аумағына өз бетiнше келген және Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған этникалық қазақтар осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдарға оралман мәртебесiн беру туралы өтiнiш бередi.
2. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оралман мәртебесін беру туралы өтініш береді.
3. Оралман мәртебесін беру осы Заңның 20 және 21-баптарына сәйкес жүргізіледі.
4. Өтiнiште Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын барлық отбасы мүшелерi:
1) жұбайы (зайыбы);
2) өтiнiш берушiнiң және жұбайының (зайыбының) ата-аналары;
3) балалары (оның iшiнде асырап алған балалары) және олардың отбасы мүшелерi;
4) некеде тұрмайтын, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi (қарындастары) көрсетiледi.»;
9) 19-бап алып тасталсын;
10) 20 және 21-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«20-бап. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейiн бұл туралы өтiнiш жасаған этникалық қазақтарға оралман мәртебесiн беру
1. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi этникалық қазақтардан оралман мәртебесін беру туралы өтiнiштер мен құжаттарды қабылдап алады және оларды тiркеген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннiң iшiнде халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiбередi.
2. Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейiн оралман мәртебесін беру туралы өтiнiш жасаған үмiткердiң ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазба негiзiнде белгiленедi. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiберiлетiн құжаттарға үмiткердiң ұлтын растайтын басқа да құжаттардың көшiрмелерiн қоса бередi.
3. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган этникалық қазақтардың оралман мәртебесін беру туралы өтiнiштерi мен құжаттары келiп түскен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде оларды оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдау үшiн осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдарға жiбередi.
Шешім қабылдау үшін осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оларды оралман мәртебесін беру туралы өтініш жасаған үміткерлердің Қазақстан Республикасының аумағында қылмыстар немесе құқық бұзушылықтар жасағаны туралы әшкерелейтін мәліметтердің және олардың террористік немесе экстремистік ұйымдарға тиесілігі туралы өзге де ақпараттың бар не жоғы тұрғысынан тексеру үшін тиісті өңірлердің ішкі істер органдарының, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура органдарының аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
Ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері, ұлттық қауіпсіздік, прокуратура органдары этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттары тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беруге кедергі келтіретін, осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген негіздердің бар немесе жоқ екені туралы ақпаратты осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
Осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар ақпарат келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оралман мәртебесін беру туралы өтініш берген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру туралы не одан бас тартудың негізделген дәлелді себептерімен оралман мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді дайындайды.
4. Үмiткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгiленген шарттарға сай болған кезде оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылданады.
5. Оралман мәртебесін беру туралы не одан бас тартудың негiзделген дәлелдi себептерімен бас тарту туралы шешім екi жұмыс күнi iшiнде халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жiберіледi. Халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган бұл шешімді өтiнiш берушiге жеткiзу үшiн Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне жiбередi.
6. Этникалық қазақтардың оралман мәртебесін беру туралы өтiнiшiн қараудың жалпы мерзiмi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға ол келiп түскен күннен бастап үш айдан аспауға тиiс.
7. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi оралман мәртебесін беру туралы шешімді алғаннан кейiн оны бiр айдың iшiнде этникалық қазаққа жiбередi және оның Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жәрдем көрсетедi не оралман мәртебесін беруден бас тартылғаны туралы хабарлайды.
8. Осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар оралман мәртебесін беру туралы өтініш берген этникалық қазақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қоныстандыру өңірлеріне келгеннен кейін өтініш жасалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұдан бұрын қабылданған шешiмді ескере отырып, өтiнiш берушi мен оның отбасы мүшелерiне оралман мәртебесiн бередi.
9. Оралмандардың және олардың отбасы мүшелерiнiң өздерi өтiнiш жасаған кезден бастап он жұмыс күнi iшiнде тұрақты тұруға рұқсат алуға, тұратын жерi бойынша тiркелуге және оралман куәлігін алуға құқығы бар.
21-бап. Қазақстан Республикасының аумағына келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесiн беру
1. Осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына келген және онда тұрақты тұруға рұқсат алған этникалық қазақтардың оралман мәртебесiн беру туралы өтiнiштерiн өтініштер тiркелген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарайды және олар бойынша шешiм қабылдайды. Оралман мәртебесiн беру үмiткер осы Заңның 1-бабының 13) тармақшасында белгiленген шарттарға сай болған кезде жүзеге асырылады.
Оралман мәртебесiн беру туралы шешiм қабылданған жағдайда осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының аумағына келген этникалық қазаққа және оның отбасы мүшелерiне оралман куәлiгiн бередi.
2. Оралман мәртебесiн алуға үмiткердiң ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазбаға сәйкес расталады. Мұндай жазба болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның сұратуы бойынша үмiткердiң ұлтын растайтын басқа құжаттардың көшiрмелерiн жiбередi.»;
11) 22-бап алып тасталсын;
12) 23-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«23-бап. Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелерiне берiлетiн жеңiлдiктер мен әлеуметтiк көмектiң басқа да түрлерi
1. Оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келетін этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өздерiнiң төлем қабiлеттiлiгiн растаудан босатылады.
2. Оралман мәртебесiн алған адамдар мен олардың отбасы мүшелерi:
1) оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетумен;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен;
3) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiмен;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi.
3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң жерлерінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және босалқы жерлерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.
4. Осы Заңның 15-бабының 3-тармағында көрсетілген жергiлiктi атқарушы органдар оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiне тұрақты тұрғылықты жерiне жол жүру және мүлкiн тасымалдау шығындарын қамтитын бiржолғы жәрдемақыларды белгiлей алады.
5. Оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келген оралмандар мен олардың отбасы мүшелерiне, осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген жеңiлдiктерден және әлеуметтiк көмектiң өзге де түрлерiнен басқа, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен тұрғын үй салуға, оны қалпына келтiруге немесе сатып алуға жеңiлдiктi кредиттiк қарыз ұсынылады.
6. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген оралмандар:
1) Қазақстан Республикасында тұрған алғашқы бес жылдың iшiнде оралман мәртебесін алған кезде қоныстандыру үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңiрден тыс жерлерге өзiнiң ерiк қалауымен өз бетiнше iшкi көшiп-қонған;
2) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен жағдайларда тұрғын үй салу, оны қалпына келтiру немесе сатып алу үшін өздері алған жеңiлдiктi кредиттiк қарызды мерзімінен бұрын толық көлемде өтеуге мiндеттi.»;
13) 24-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Оралмандарды қоныстандыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерiн оралман мәртебесiн алғанға дейiн алғашқы қоныстандыру олардың қалауы бойынша уақытша орналастыру орталықтарында халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен және мерзiмге жүзеге асырылады.»;