Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының тәуекелді талдау объектілеріне қатысты талаптарын ықтимал бұзушылықтарды ескере отырып, тәуекелдерді басқару бойынша практикалық шараларды әзірлеу және іске асыру міндеттерін орындаудан тұрады.
2. Тәуекелдерді азайту бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі және нақты тауарларға және (немесе) көлік құралдарына кедендік бақылау нысандарын қолданудың нәтижелері туралы ақпаратты жинауды, өңдеуді және талдауды кеден органдары тұрақты негізде жүзеге асырады.
3. Ақпаратты жинау және өңдеу, тәуекелдерге талдау және бағалау жүргізу, тәуекелдерді басқару жөнінде шаралар әзірлеу және іске асыру тәртібін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Тәуекел бейіндерінің және тәуекел индикаторларының мазмұны кеден органдарының пайдалануына арналған құпия ақпарат болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға жария етуге жатпайды.
24-тарау. Кедендік тексерулерді жүргізу тәртібі
220-бап. Камералдық кедендік тексеру
1. Камералдық кедендік тексеру кедендік декларацияларда көрсетілген мәліметтерді, тексерілетін тұлға табыс еткен коммерциялық, көліктік (тасымалдау) және өзге де құжаттарды, бақылаушы мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ аталған тұлғалардың қызметі туралы кеден органдарында бар басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау жолымен жүзеге асырылады.
2. Камералдық кедендік тексеруді кеден органы орналасқан жердегі кеден органдары тексерілетін тұлғаға бармастан, сондай-ақ ұйғарымды ресімдеместен жүргізеді.
3. Камералдық кедендік тексерулер оларды жүргізу кезеңділігі шектелмей жүзеге асырылады.
221-бап. Көшпелі кедендік тексеру
1. Көшпелі кедендік тексеруді кеден органы заңды тұлғаның тұрған жеріне, жеке кәсіпкердің қызметті жүзеге асыратын жеріне және (немесе) олардың қызметі іс жүзінде жүзеге асырылатын жерге (бұдан әрі - тексерілетін тұлғаның объектілері) бару арқылы жүргізеді.
2. Көшпелі кедендік тексеру жоспарлы немесе жоспардан тыс болуы мүмкін.
Жоспарлы көшпелі кедендік тексеру кеден органдары әзірлейтін жоспарлы тексерулер негізінде жүзеге асырылады.
3. Көшпелі кедендік тексеру ұйғарымның негізінде жүргізіледі.
4. Ұйғарымға кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) қол қоюға тиіс. Ұйғарымның нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Ұйғарым Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен прокуратура органдарында тіркеледі.
6. Кеден органының ұйғарымында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) ұйғарымды кеден органында тіркеу күні және ұйғарымның нөмірі;
2) ұйғарымды шығарған кеден органының атауы;
3) тексерілетін тұлғаның толық атауы;
4) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;
5) белгіленген тексерудің мәні;
6) кеден органының тексеретін тұлғаларының және кедендік тексеруге тартылған өзге де бақылаушы мемлекеттік органдардың тексеретін адамдарының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
7) тексеруді жүргізу мерзімі;
8) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
9) тексерілетін кезең.
7. Бір ұйғарымның негізінде тексерілетін тұлғаға бір ғана тексеру жүргізіледі.
8. Көшпелі кедендік тексерудің мерзімі ұзартылған, сондай-ақ ол тоқтатыла тұрған жағдайда, ұйғарымға тиісті жазбалар енгізіледі және тексерілетін тұлға хабардар етіледі.
9. Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулерді белгілеу үшін мыналар:
1) кеден органдарының және мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдарының дерекқорындағы Кеден одағының кеден заңнамасын және Қазақстан Республикасының заңнамасы бұзылуының ықтималдығын куәландыратын ақпаратты талдау нәтижесінде алынған деректер;
2) Кеден одағы кеден заңнамасының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ықтимал бұзушылық туралы куәландыратын деректердің болуы;
3) тұлғаның, оның ішінде кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғаның уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алуға өтініші;
4) осы баптың 11-тармағына сәйкес қарсы көшпелі тексеру жүргізу қажеттілігі;
5) шетелдік ұйымдармен сыртқы экономикалық мәмілелер жасаған тұлғаға тексеру жүргізу туралы шет мемлекеттің құзыретті органының өтініші (сұрау салуы);
6) мемлекеттік бақылау (қадағалау) органдары ұсынған, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының талаптарын бұзуды куәландыратын мәліметтерді алу;
7) шет мемлекеттердің салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпараттық алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді тексеру;
8) Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында көзделген жағдайлар;
9) кедендік тексерулер нәтижелері бойынша шығарылған актілердің орындалуын бақылау, кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешектерді өтеу туралы хабарламаның және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы талаптардың орындалуын бақылау;
10) жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан және Кеден одағының кеден заңнамасының және (немесе) Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылу ықтималдығы туралы куәландыратын өзге де адамдардан ақпараттар мен өтініштер алу;
11) тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты алу мақсатында тексерілетін тұлға азаматтық-құқықтық қатынастарда болған үшінші тұлғаларға қатысты қарсы тексеру;
12) тұлғаның кедендік тексеру жүргізу туралы бастамамен жүгінуі;
13) тексерілетін тұлғаның қайта ұйымдастырылуы және (немесе) тексерілетін тұлғаның банкроттыққа (таратылуға) арналған құжаттарды беруі негіздемелер болып табылады.
10. Көшпелі кедендік тексеру кедендік бақылаудың өзге де нысандарын қолдану нәтижелері бойынша, сондай-ақ камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша белгіленуі мүмкін.
11. Тексерілетін тұлға ұсынған мәліметтердің дұрыстығын растау қажет болған жағдайда кеден органы тауарлармен жасалған мәмілелер (операциялар) бойынша тексерілетін тұлғамен байланысқан тұлғаларға қарсы көшпелі кедендік тексеру жүргізуі мүмкін.
Қарсы көшпелі кедендік тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
12. Жоспарлы көшпелі кедендік тексерулер тексерілетін бір тұлғаға қатысты жылына бір реттен артық жүргізілмейді.
Кеден органдары уәкілетті экономикалық операторларға қатысты жоспарлы көшпелі кедендік тексерулерді үш жылда бір рет жүргізеді.
Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулер оларды жүргізу кезеңділігі бойынша шектеу қойылмай жүзеге асырылады.
13. Жоспарлы көшпелі кедендік тексеру үшін тексерілетін тұлғаларды іріктеп алу:
1) кеден органдарының ақпараттық ресурстарын пайдалана отырып;
2) алдыңғы тексерулердің, оның ішінде камералдық тексерулердің нәтижелері бойынша;
3) мемлекеттік органдардан;
4) банктерден және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан;
5) Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден және (немесе) өзге де бақылаушы мемлекеттік органдарынан;
6) бұқаралық ақпарат құралдарынан;
7) ресми жолмен өзге көздерден алынған ақпаратты пайдалана отырып жүргізіледі.
14. Жоспарлы көшпелі кедендік тексеру жүргізуді бастар алдында кеден органдары тексерілетін тұлғаға жоспарлы көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы хабарламаны тапсыру туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтімімен жібереді немесе мұндай хабарламаны оны алу фактісін растауға мүмкіндік беретін өзге де тәсілмен береді.
Почта жөнелтімінің тексерілетін тұлғаның тұрған жерінде болмауына байланысты адресатқа хаттың тапсырылмағанын куәландыратын белгімен қайтып келуі жоспарлы көшпелі кедендік тексеру жүргізудің күшін жою үшін негіздеме болып табылмайды.
Жоспарлы көшпелі кедендік тексеру тексерілетін тұлға хабарламаны алған күннен бастап кемінде он бес күнтізбелік күннен кейін не адресатқа хаттың тапсырылмағаны туралы белгісі бар почта жөнелтімінің кеден органына түскен күнінен басталуы мүмкін.
15. Тексерілетін тұлғаға кедендік тексеру туралы ұйғарымның көшірмесін тапсырған күн көшпелі кедендік тексеру жүргізу басталған күн болып саналады.
Кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымның көшірмесін тексерілетін тұлғаға кеден органының лауазымды адамы тапсырады не тапсыру туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтімімен жібереді.
Кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымның көшірмесін табыс ету кезінде тексерілетін тұлғаның басшысы не оның өкілі кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымның түпнұсқасына онымен танысқаны туралы, сондай-ақ кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымның көшірмесін алған күні және уақыты туралы белгі қояды.
Кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымның көшірмесін алудан бас тартқан жағдайда, кеден органының лауазымды адамы кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымға бұл туралы тиісті жазба жасайды.
Тексерілетін тұлғаның кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымның көшірмесін алудан бас тартуы, сондай-ақ почта жөнелтімінің тұлғаның тұрған жерінде болмауына байланысты адресатқа хаттың тапсырылмағандығын куәландыратын белгімен қайтып келуі көшпелі кедендік тексеру жүргізудің күшін жою үшін негіздеме болып табылмайды. Бұл жағдайда ұйғарымда кедендік тексеруді жүргізу туралы ұйғарымның көшірмесін алудан бас тарту туралы жазба жазылған күн не адресатқа хаттың тапсырылмағаны туралы белгі қойылған почта жөнелтімі кеден органына келіп түскен күн тексеру басталатын күн болып саналады.
Тексерілетін тұлғаның объектісінде көшпелі кедендік тексеру жүргізуді бастар алдында кеден органының лауазымды адамдары тексерілетін тұлғаның басшысына не оның өкіліне қызметтік куәліктерін көрсетуге міндетті.
16. Көшпелі кедендік тексеру жүргізу кезеңінде тексерілетін тұлға оның қызметіне байланысты тексерілетін құжаттарға өзгерістер және толықтырулар енгізуге құқылы емес.
17. Көшпелі кедендік тексеру жүргізу мерзімі екі айдан аспауға тиіс. Тексерілетін тұлғаға құжаттар мен мәліметтерді табыс ету туралы талаптар қойылған күн мен мұндай құжаттар мен мәліметтерді алу күні арасындағы уақыт кезеңі көрсетілген мерзімге қосылмайды.
Тексеруді жүзеге асыратын кеден органының шешімі бойынша көшпелі кедендік тексеру жүргізу мерзімі тағы бір айға ұзартылуы мүмкін.
Зерттеулер немесе сараптамалар жүргізу, Кеден одағына мүше мемлекеттердің немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарына сауалдар жолдау, тексерілетін тұлғаның тексеру жүргізуге қажетті құжаттарды қалпына келтіруі, тексеру нәтижелері бойынша қорытындыларға әсер ететін тексерілетін кезеңге қатысты қосымша құжаттарды табыс ету қажет болған кезде тексеруді жүргізу кеден органы басшысының (оны алмастыратын адамның) немесе шексіз мерзімге ол уәкілеттік берген адамның шешімі бойынша тоқтатыла тұруы мүмкін.
18. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
19. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
20. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
21. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
22. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
23. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
24. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
25. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
26. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
27. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
28. 2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 221-1-баппен толықтырылды
221-1-бап. Кедендік тексеру нәтижелерін ресімдеу және оның нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау
1. Кедендік тексеру аяқталғаннан кейін кеден органының лауазымды адамдары:
1) тексеру жүргізу орнын, акт жасау күнін;
2) кеден органының тексеру жүргізген лауазымды адамдарының лауазымын, тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде);
3) тексерілетін адамның тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) не тұлғаның толық атауын;
4) тексерілетін тұлғаның тұрған жерін, банктік деректемелерін, сәйкестендіру нөмірін;
5) тексерілетін тұлғаның басшысы мен кедендік және қаржылық есептілікті жүргізуге, кеден органдары алатын кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуге жауапты лауазымды адамдарының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде);
6) алдыңғы тексеру және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұрын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қолданылған шаралар туралы мәліметтерді;
7) тексерілетін тұлға ұсынған құжаттар туралы мәліметтерді;
8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінің тиісті нормаларына сілтеме жасай отырып, кеден ісі саласында анықталған құқық бұзушылықтардың егжей-тегжейлі сипаттамасын;
9) тексеру нәтижелері, кедендік тексеру жүргізу кезінде қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді;
10) кедендік тексеру жүргізген кеден органын;
11) кедендік тексеру нысанын көрсете отырып, кедендік тексеру актісін жасайды.
2. Кедендік тексерудің нәтижелері бойынша ресімделген, екі данада жасалатын және кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдар қол қоятын кедендік тексеру актісі жасалған күн кедендік тексеру аяқталған күн болып есептеледі.
Көшпелі кедендік тексеру актісін кедендік тексеруді жүргізген кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) бекітеді.
Кедендік тексеру актісінің бірінші данасы кедендік тексерудің материалдарына қоса тігіледі, екінші данасы кедендік тексеру аяқталған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей тексерілетін тұлғаға табыс етіледі немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтілімімен жіберіледі.
3. Егер кедендік тексеру аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталмаған болса, тексеру актісінде тиісті жазба жасалады.
4. Кедендік тексеру актісіне кеден органының лауазымды адамы жүргізген құжаттардың көшірмелері, есеп айырысулар және кедендік тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса тіркеледі.
5. Тексеру актісі тексеру актілерін арнайы тіркеу журналында тіркеледі, ол нөмірленуге, тігілуге және кеден органының мөрімен бекітілуге тиіс.
6. Тексерілетін тұлға кедендік тексеру нәтижелерімен келіспеген жағдайда, тексеру актісіне тиісті жазба жазылады.
7. Кедендік тексеруді жүргізу кезінде оның нәтижелері бойынша Кеден одағының кеден заңнамасын және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар анықталған кезде кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысандар бойынша кедендік төлемдер, салықтар және өсімпұлдар бойынша берешектерді өтеу туралы хабарлама шығарылады және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы талап қойылады.
Хабарлама кедендік тексеру нәтижелері бойынша кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерге әсер еткен бұзушылықтар анықталған жағдайларда шығарылады.
Кедендік тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы талап кедендік тексеру нәтижелері бойынша кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерге әсер етпейтін бұзушылықтар анықталған жағдайларда қойылады.
8. Хабарлама осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіпке сәйкес тексерілетін адамға жіберіледі.
9. Бұзушылықтарды жою туралы талап тексерілетін тұлғаға кедендік тексеру актісімен бір мезгілде табыс етіледі немесе жолданады.
Бұзушылықтарды жою туралы талапты орындау мерзімі тексерілетін тұлғаға талап табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімді құрайды.
10. Тексерілетін тұлғаның тексеру нәтижелеріне осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде шағым жасауға құқығы бар.
222-бап. Кеден органының лауазымды адамдарының көшпелі кедендік тексеру жүргізу үшін тексерілетін тұлғаның объектісіне қолжетімділігі
1. Тексерілетін тұлға кеден органының лауазымды адамдары кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымды және қызметтік куәліктерін көрсеткен кезде көшпелі кедендік тексеру жүргізу үшін көрсетілген тұлғалардың тексерілетін тұлғаның объектісіне (тұрғын үй-жайларды қоспағанда) қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен жекелеген объектілерге мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары қолжетімділігінің арнайы тәртібі белгіленсе, онда мұндай қолжетімділік осы заңнамада айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
3. Тексерілетін тұлға кеден органының лауазымды адамдарына объектіге қолжетімділігінен мынадай жағдайларда, егер:
1) кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарым және (немесе) қызметтік куәліктер көрсетілмесе;
2) кеден органдарының лауазымды адамдары және кедендік тексеруге тартылған өзге де бақылаушы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымда көрсетілмесе;
3) егер мұндай рұқсат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажет болса, лауазымды адамдардың объектіге қолжетімдігіне арнайы рұқсаты болмаса бас тартуға құқылы.
4. Тексерілетін тұлға көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін лауазымды адамдардың объектіге қолжетімділігінен бас тартқан кезде хаттама жасалады.
5. Хаттамаға тексеру жүргізетін лауазымды адамдар, тексерілетін тұлға не оның өкілі қол қояды.
Көрсетілген хаттамаға қол қоюдан бас тартқан кезде тексерілетін адам бас тарту себебі туралы жазбаша түсініктеме беруге міндетті.
Хаттаманың көшірмесі тексерілетін адамға не оның өкіліне беріледі.
Тексерілетін адам кеден органдарының лауазымды адамдарының және кедендік тексеруге тартылған өзге де бақылаушы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының қолжетімділігін қамтамасыз етуден негізсіз бас тартқан жағдайда, олар екі куәгердің қатысуымен қарсыласудың жолын кесе отырып және жабық үй-жайларды ашу арқылы объектіге кіруге құқылы. Кеден органдары қарсыласудың жолын кесе отырып және жабық үй-жайларды ашу арқылы объектілерге кірудің барлық жағдайлары туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарлайды.
223-бап. Кеден органының лауазымды адамдарының кедендік тексеру жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Кеден органының лауазымды адамдары кедендік тексеру жүргізу кезінде:
1) коммерциялық, көлік (тасымалдау) құжаттарын, бухгалтерлік есеп және есептілік құжаттарын және басқа да, оның ішінде тексерілетін тауарларға қатысты электрондық жеткізгіштердегі ақпаратты талап етуге, алуға және тексеруге;
2) тексерілетін тұлғалардан оларға қатысты көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін тауарларды көрсетуді талап етуге;
3) кедендік бақылау мақсаттары үшін есептілікті ұсынуды талап етуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендік тексеру жүргізу үшін қажетті, ұйымдардың шоттары бойынша ақша қозғалысына қатысты, оның ішінде банктік құпия бар ақпаратты және құжаттарды банктерден талап етуге және алуға;
5) салық, өзге де мемлекеттік органдардан қажетті ақпарат пен құжаттарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес коммерциялық, банктік, салықтық және заңнамамен қорғалатын өзге де құпиясы бар қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға және алуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көшпелі кедендік тексерулер жүргізу кезінде тауарларға түгендеу жүргізуге (түгендеу жүргізуді талап етуге);
7) кедендік тексеру жүргізуге байланысты халықаралық сұрау салуларды жіберуге;
8) кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымды және қызметтік куәліктерді көрсете отырып, тексерілетін тұлғаның объектілеріне қол жеткізуге;
9) осы Кодекстің 25-тарауына сәйкес көшпелі кедендік тексерулер жүргізу кезінде акт жасай отырып, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін іріктеп алуды жүзеге асыруға;
10) көшпелі кедендік тексерулер жүргізу кезінде алып қою актісін жасай отырып, тексерілетін тұлғадан құжаттарды не олардың көшірмелерін алып қоюға;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көшпелі кедендік тексеру жүргізілетін тауарларды иеліктен айыруға не өзге тәсілмен билік етуге бағытталған іс-әрекеттердің жолын кесу үшін көшпелі кедендік тексеру жүргізу мерзіміне тауарларға тыйым салуға немесе оларды алып қоюға;
12) тауарлар орналасқан үй-жайларға сүргі салуға;
13) Кеден одағының заңнамасында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де іс-әрекеттерді жүргізуге;
14) тауарларға және көлік құралдарына сүргі салуға;
15) көшпелі кедендік тексеру жүргізу кезінде тексерілетін тұлға өкілдерінің жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге құқылы.
2. Кедендік тексерулерді жүргізу кезінде кеден органдарының лауазымды адамдары:
1) тексерілетін тұлғаның құқықтарын және заңды мүдделерін сақтауға, заңсыз шешімдермен және әрекеттермен (әрекетсіздігімен) тексерілетін тұлғаларға зиян келтіруге жол бермеуге;
2) көшпелі кедендік тексеру жүргізу кезеңінде тексерілетін тұлғаның белгіленген жұмыс режимін бұзбауға;
3) кедендік тексерулер жүргізу барысында алынған кез келген ақпаратты тек кеден мақсаттарында пайдалануға;
4) кедендік тексеруді жүзеге асыру кезінде белгілі болған құпия мәліметтерді және салықтық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпиясы бар мәліметтерді жария етпеуге;
5) тексерілетін тұлғаның талабы бойынша Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының көшпелі кедендік тексерулер жүргізу тәртібіне қатысты ережелері туралы қажетті ақпаратты беруге;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік тексерулер жүргізу барысында алынған және жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, олардың мазмұнын тексерілетін тұлғаның келісімінсіз жария етпеуге;
7) тексерілетін тұлғаға оның тауарларды шығарғаннан кейін кедендік бақылау жүргізу кезіндегі, оның ішінде сараптаманы (зерттеуді) тағайындау және жүргізу кезіндегі, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алу кезіндегі құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беруге;
8) Кеден одағының кеден заңнамасында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
224-бап. Тексерілетін тұлғаның кедендік тексеру жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Тексерілетін тұлға кедендік тексеру жүргізу кезінде:
1) кеден органдарынан Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының кедендік тексерулерді жүргізу тәртібіне қатысты ережелері туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
2) оның иелігіндегі тауарлардың шығу фактісін, сондай-ақ Кеден одағының кеден заңнамасын және Қазақстан Республикасының заңнамасы сақталғанын растайтын қолдағы барлық құжаттарды және мәліметтерді табыс етуге;
3) осы Кодексте белгіленген тәртіппен кеден органдарының шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағымдануға;
4) Кеден одағының заңнамасында және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Тексерілетін тұлға кедендік тексеру жүргізу кезінде:
1) оларға қатысты кедендік тексеру жүргізілетін тауарларды көрсетуге;
2) кеден органының талабы бойынша белгіленген мерзімдерде, оның қандай ақпарат жеткізгіште орналасқанына қарамастан, қағаз жеткізгіштегісін қоса отырып, мәліметтерді және құжаттарды табыс етуге;
3) көшпелі кедендік тексеру жүргізетін лауазымды адамдардың тексерілетін тұлғаның объектілеріне кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жұмыс орнын ұсынуға;
4) кедендік тексеруді жүргізу туралы ұйғарымның түпнұсқасында оны алғаны туралы белгі жасауға;
5) егер кедендік тексеру мақсаттары үшін қажетті құжаттама қазақ және орыс тілдерінен өзге тілде жасалса, кеден органының тексеруші лауазымды адамдарына көрсетілген құжаттаманың аудармасын табыс етуге;
6) кедендік тексеру жүргізу туралы ұйғарымды көрсеткен күннен бастап екі күнтізбелік күннен кешіктірмей кеден органының тексеруші лауазымды адамдарына ақпараттарды табыс етуге жауапты тұлғалар шеңберін айқындауға;
7) көшпелі кедендік тексеру жүргізетін кеден органдарының лауазымды адамдарына көшпелі кедендік тексеру жүргізу үшін қажетті құжаттарға (ақпаратқа) қолжетімділікті қамтамасыз етуге;
8) Кеден одағының заңнамасында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
225-бап. Кедендік тексеру жүргізу мақсаттары үшін құжаттар және мәліметтер ұсыну
1. Салық және өзге де мемлекеттік органдар кеден органдарының сұрау салуы бойынша заңды тұлғаларды тіркеуге, салықтарды төлеуге және есептеуге қатысты қажетті құжаттарды және мәліметтерді, бухгалтерлік есептілікті және оның ішінде коммерциялық, банктік, салықтық құпияны құрайтын өзге де құжаттарды және мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі заңнамасының талаптарын сақтай отырып табыс етеді.
2. Банктер кеден органының сұрау салуы бойынша кедендік тексеру жүргізу үшін қажетті ұйымдардың шоттары бойынша ақша қозғалысына қатысты, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктік құпияны құрайтын құжаттарды және мәліметтерді табыс етеді.
25-тарау. Кедендік бақылау жүргізу кезіндегі кедендік сараптама
226-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) кедендік сараптама - кеден ісі саласындағы міндеттерді шешу үшін арнайы және (немесе) ғылыми танымдарды пайдалана отырып, кедендік сарапшылар және (немесе) өзге де сарапшылар жүзеге асыратын зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу;