Борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі № 326 Қаулысы
(2013.05.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2013 жылғы 18 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу ережесі бекітілсін.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
ҚР Үкіметінің 2007.30.04. № 352 Қаулысымен (2010 жылғы 13 тамыздан бастап енгізіледі) (бұр.ред.қара); 2008.11.09. № 840 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 2305 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2010.18.06. № 613 қаулысымен (бұр.ред.қара) ереже өзгертілді; ҚР Үкіметінің 2011.27.07. № 867 Қаулысымен ереже жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 26 сәуірдегi
№ 326 қаулысымен
бекітілген
Борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу
ережесi
Осы Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді және банкроттық рәсімдерінде сауда-саттыққа қатысуға тең қол жетімділік, сауда-саттыққа қатысушылардың бәсекелестігі қағидаттарында талап ету құқықтарын қоса алғанда, борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу тәртібін реттейді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) аукциондық нөмір - сауда-саттыққа қатысушыға берілетін нөмір;
2) жеңімпаз - аукцион лоты үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған қатысушы;
3) лот - аукционда бір мезгілде сатылатын зат немесе бірнеше заттар;
4) лоттың бастапқы бағасы - әрбір лот бойынша сауда-саттық басталатын баға;
5) лоттың ең төмен бағасы - лот одан төмен сатылуы мүмкін емес баға;
6) сату бағасы - сауда-саттық нәтижесінде белгіленген лоттың түпкілікті бағасы;
7) сатушы - конкурстық басқарушы;
8) сатып алушы - сатушымен сатып алу-сату шартын жасасқан жеңімпаз;
9) сауда-саттыққа қатысушы - осы Ережеде белгіленген тәртіппен сауда-саттыққа қатысу үшін тіркелген жеке немесе заңды тұлға;
10) сауда-саттықты ұйымдастырушы - конкурстық басқарушымен сауда-саттық жүргізу жөнінде қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан және олардың нәтижелеріне мүдделі емес жеке немесе заңды тұлға;
11) сауда-саттықтың ағылшындық әдісі - ең жоғары баға ұсынған бір қатысушы қалған сәтке дейін, алдын ала жарияланған қадаммен бастапқы баға өсетін сауда-саттық әдісі;
12) сауда-саттықтың голландтық әдісі - қатысушылардың бірі аукцион лотын жарияланған баға бойынша сатып алуға келісім берген сәтке дейін, жарияланған қадаммен бастапқы баға төмендейтін сауда-саттық әдісі;
13) уәкілетті орган - банкроттық саласында (банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда) мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2. Табиғи монополия субъектілері немесе тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайды иеленген не республиканың экономикасы үшін маңызды стратегиялық мәні бар, азаматтардың өміріне, денсаулығына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоршаған ортаға ықпал етуге қабілетті, сондай-ақ мемлекеттің бастамасы бойынша банкрот деп танылған нарық субъектілері болып табылатын ұйымдар банкрот болған кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтардың және мемлекеттің мүддесін қорғау мақсатында конкурстық массаны сатудың ерекше шарттары мен тәртібін және конкурстық масса объектілерін сатып алушыларға қосымша талаптар белгілеуге құқылы.
3. Борышкердің мүлкін сатуды сатушы, осы Ережеде белгіленген тәртіппен келісілген және бекітілген борышкердің мүлкін (активтерін) сату жоспарына (бұдан әрі - сату жоспары) сәйкес сауда-саттық жүргізу жолымен жүзеге асырады.
2. Борышкердің мүлкін сатудың жоспарын жасау, келісу және бекіту тәртібi
ҚР Үкіметінің 2012.20.06. № 809 Қаулысымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сату жоспарын сатушы түгендеу деректерінің және борышкердің конкурстық массасын бағалау негізінде осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес жасайды.
Ауыл шаруашылығы ұйымы болып табылатын борышкердің мүлкін (активтерін) сату жоспары міндетті түрде қызметінің негізгі түрін сақтай отырып, борышкердің мүлкін бастапқыда аукционға бірыңғай лотпен шығару туралы қосымша шартты қамтиды.
Сату жоспарына: түгендеу актісі, бағалау актісі (бағалауды жүргізген кезде) немесе мүлікті теңгерімдік құны бойынша қоюға келісу туралы кредиторлар комитетінің хаттамалық шешімі, құқық белгілейтін құжаттар, сондай-ақ қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларда, заңнамада белгіленген тәртіппен алынған мүлікке (активтерге) құқықты іске асыруға мемлекеттік органдардың жазбаша келісімі қоса беріледі.
Сату жоспарын борышкердің кредиторлар комитеті бекітеді.
5. Мүлікке бағалау жүргізу үшін сатушы бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалаушыны тартады, оның қызметіне ақы төлеу осы Ереженің 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредиторлар комитеті бекіткен смета шеңберінде борышкер мүлкінің есебінен жүргізіледі.
ҚР Үкіметінің 2012.20.06. № 809 Қаулысымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Бағалаушыны тарту конкурстық негізде бағалау ұсыныстарына сұрау салу әдісімен осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес ақпараттық хабарлама қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына немесе борышкер және (немесе) оның мүлкі орналасқан жер бойынша тиісті облыста (республикалық маңызы бар қалада) таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялана отырып, жүргізіледі.
Сонымен бір мезгілде конкурстық басқарушы ақпараттық хабарламаны уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялау үшін оны уәкілетті органға ұсынады.
Уәкілетті орган конкурстық басқарушы ұсынған борышкердің мүлкін (активтерін) бағалау бойынша қызметтерді сатып алу жөнінде конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламаны екі жұмыс күні ішінде интернет-ресурсында орналастырады.
7. Бағалаушыны тарту үшін қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, конкурстық басқарушы, кредиторлар комитетінің келісімімен «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес мүлікті сауда-саттыққа теңгерімдік құны бойынша шығаруға құқылы.
8. Сату жоспарын жасау кезінде сату объектілерінің сауда-саттықтың ағылшындық және голландтық әдісі бойынша сатудың бастапқы бағалары бағалау құнынан төмен болмайтын мөлшерде, ал бағалау болмаған кезде - теңгерімдік құн бойынша белгіленеді.
Дебиторлық берешек сауда-саттыққа голландтық әдіс бойынша оның номиналды мәні мөлшеріндегі бастапқы бағасымен шығарылады.
Сату жоспары бір лот бойынша екі және одан да көп сауда-саттықтың өткізілуін көздемейді.
ҚР Үкіметінің 2012.20.06. № 809 Қаулысымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Сауда-саттықты ұйымдастыру және жүргізу үшін сатушы қызметіне ақы төлеу комитет кредиторы бекіткен смета шегінде борышкер мүлкінің есебінен жүргізілетін сауда-саттықты ұйымдастырушыны тартуға құқылы.
Сауда-саттықты ұйымдастырушыны тарту конкурстық негізде бағалау ұсыныстарына сұрау салу әдісімен осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес ақпараттық хабарлама қазақ және орыс тілдерінде борышкер және (немесе) оның мүлкі орналасқан жер бойынша тиісті облыста (республикалық маңызы бар қалада) таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялана отырып, жүргізіледі.
Сонымен бір мезгілде конкурстық басқарушы ақпараттық хабарламаны уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялау үшін оны уәкілетті органға ұсынады.
Уәкілетті орган конкурстық басқарушы ұсынған сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметтерін сатып алу бойынша конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламаны екі жұмыс күні ішінде интернет-ресурсында орналастырады.
3. Сауда-саттықты дайындау жөніндегі іс-шаралар
ҚР Үкіметінің 2012.20.06. № 809 Қаулысымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Сату жоспарында көзделген сауда-саттық жүргізу туралы ақпараттық хабарлама осы Ережеге 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына және борышкер және (немесе) оның мүлкі орналасқан жер бойынша тиісті облыста (республикалық маңызы бар қалада) таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында сауда-саттық жүргізілгенге дейін кемінде 15 жұмыс күні бұрын жарияланады.
Егер сату жоспары бойынша барлық ұсынылатын лоттардың бастапқы құны 300 айлық есептік көрсеткіштен аспаған жағдайда, сауда-саттық жүргізу туралы хабарламаны жариялау борышкер және (немесе) оның мүлкі орналасқан жер бойынша тиісті облыста (республикалық маңызы бар қалада) таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жүргізіледі.
Сонымен бір мезгілде конкурстық басқарушы ақпараттық хабарламаны уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялау үшін оны уәкілетті органға ұсынады.
Ауыл шаруашылығы ұйымының конкурстық массасын сату жөніндегі аукционды өткізу уақыты мен орнын конкурстық басқарушы кредиторлар комитетінің келісімімен «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес анықтайды.
Уәкілетті орган конкурстық басқарушы ұсынған борышкердің мүлкін (активтерін) сату бойынша сауда-саттық өткізу туралы ақпараттық хабарламаны екі жұмыс күні ішінде интернет-ресурсында орналастырады.
11. Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін сатушы барлық тілек білдірушілерге борышкердің сауда-саттыққа шығарылған мүлкі, сондай-ақ аукционды ұйымдастыру мен жүргізудің ережелері туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
12. Сауда-саттыққа қатысуға осы Ережеде белгіленген тәртіппен тіркеуден өткен жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік заңды тұлғалар жіберіледі.
Сауда-саттыққа барлық тілек білдірушілердің қатысуға құқығы бар.
Бұқаралық ақпарат құралдары сауда-саттықтар жүргізу кезінде бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамада көзделген тәртіппен өз журналистерін аккредиттей алады.
13. Сауда-саттыққа қатысушыларды тіркеу ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін келесі күннен бастап жүргізіледі және сауда-саттық басталғанға дейін бір сағат бұрын аяқталады. Сауда-саттық өткізуді бастау жергілікті уақыт бойынша сағат 11-ден ерте белгіленбейді.
ҚР Үкіметінің 2013.05.06. № 574 Қаулысымен 14-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
14. Сауда-саттыққа қатысушы ретінде тіркелу үшін мыналарды ұсыну қажет:
1) сауда-саттыққа қатысуға өтінім;
2) паспорт немесе жеке куәлік;
3) кепілдік жарна енгізгендігін растайтын төлем құжатының көшірмесі;
4) өкілдің өкілеттігін куәландыратын құжат;
5) конкурстық массаны сатып алушыларға Қазақстан Республикасының Үкіметі ерекше шарттар мен қосымша талаптар белгілеген жағдайда, осы шарттарға және талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар.
Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама не салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларымен бірге куәлік* пен жарғының көшірмесін не куәлік* пен жарғының нотариалды куәландырылған көшірмелерін қосымша ұсынады;
ескертпе: * «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады.
Шетелдік заңды тұлғалар мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариалды расталған аудармасы бар құрылтай құжаттарын қосымша ұсынады.
15. Өтінімдерді қабылдауды және сауда-саттыққа қатысуға тілек білдіруші тұлғаларды тіркеуді осы Ереженің 14-тармағына сәйкес талап етілетін құжаттардың барлығы болған кезде сатушы жүргізеді. Сауда-саттыққа қатысуға тілек білдіруші тұлғаларды тіркеу өтінімдерді қабылдаған күні жүзеге асырылады.
16. Әрбір лот бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін кепілдік жарна ағылшындық әдіс кезінде лоттың бастапқы бағасының 10 %-ын, голландтық әдіс кезінде лоттың ең төменгі бағасының 10 %-ын құрайды.
Кепілдік жарнаны қатысушы үшін кез келген басқа жеке немесе заңды тұлға енгізе алады. Кепілдік жарнаны алушы борышкер болып табылады.
17. Кепілдік жарна сауда-саттыққа қатысушыға сауда-саттықтың ағылшындық әдісі кезінде бастапқы баға жарияланған кезде немесе сауда-саттықтың голландтық әдісі кезінде ең төменгі бағаға қол жеткізілген кезде аукциондық нөмірді көтермеген жағдайда қайтарылмайды.
Сауда-саттықта жеңіп шыққан және сатып алу-сату шартын жасасқан қатысушының кепілдік жарнасы сатып алу-сату шарты бойынша тиесілі төлемдер шотына жатқызылады.
Осы тармақта көзделмеген қалған жағдайларда кепілдік жарналар сауда-саттық аяқталған күннен бастап банктік бес күннен аспайтын мерзімде қайтарылады.
18. Сатушының:
1) сауда-саттыққа қатысушыдан сауда-саттықтарға қойылғандардың арасынан сол немесе өзге лотты сатып алуға ниеті туралы ақпарат беруін талап етуге;
2) сауда-саттыққа дайындаудың және оларды өткізудің бүкіл кезеңі ішінде сауда-саттыққа қатысушыларға қатысы бар ақпаратты жария етуге;
3) осы Ереженің 14-тармағында тізбеленгендерден басқа қатысушы ретінде тіркелу үшін қосымша құжаттарды ұсынуды талап етуге құқығы жоқ.
19. Тіркеуден өткен тұлға сауда-саттық жүргізілетін күні аукциондық нөмір алады. Сауда-саттық процесінде аукциондық нөмірді басқа тұлғаның пайдалануына тыйым салынады.
20. Сатушының айрықша функциялары мыналар болып табылады:
1) кепілдік жарналарды қабылдау;
2) сауда-саттықтың жүргізілу барысын бақылауды жүзеге асыру;
3) сауда-саттық жеңімпаздарымен сатып алу-сату шарттарын жасасу және олардың орындалуын бақылау;
4) сауда-саттыққа қатысушылармен және сатып алушымен есеп айырысуларды жүзеге асыру.
4. Сауда-саттық өткізу
21. Сауда-саттықты сауда-саттықты ұйымдастырушы өткізеді. Сауда-саттықты ұйымдастырушыны тарту үшін қаражат жеткіліксіз болған кезде, сауда-саттықты осы Ережеде белгіленген тәртіппен конкурстық басқарушы жүргізеді. Сауда-саттық оны жүргізу ережесін хабарлаудан басталады. Қатысып отырған адамдардың сауда-саттықтың барысына ықпал етуге немесе оны жүргізу ережесін бұзуға құқығы жоқ, олай болмаған жағдайда олар сауда-саттықты жүргізу залынан шығарылып жіберілуі мүмкін.
Сатушы, сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттықтың бейнежазбасын жүргізе алады.
22. Әрбір лот бойынша сауда-саттық, сауда-саттықты ұйымдастырушының аукцион затын, оның қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықты өткізу әдісін, бастапқы бағаны және бағаның өзгеру қадамын жариялаудан басталады.
Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттық процесінде бұл туралы хабарлай отырып, бағаның өзгеру қадамын өзгертуге құқылы. Өзгеру қадамы лоттың ағымдағы бағасының 5%-ға дейінгі мөлшерінде белгіленеді.
23. Сауда-саттық төменде сипатталған екі әдістің бірі бойынша өткізіледі:
1) сауда-саттықтың ағылшындық әдісі - сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың бастапқы бағасын және бағаның өсу қадамын жариялайды. Сауда-саттыққа қатысушылар нөмірді көтеру арқылы аукцион затын бастапқы баға бойынша сатып алуға дайындығын растайды. Сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда-саттыққа қатысушылардың лот бойынша аукциондық нөмірлерін жариялайды, бағаны бекітіп береді және оны көтеруді, бірақ кемінде жарияланған қадамға көтеруді ұсынады. Лот бойынша сауда-саттық ең жоғары ұсынылған бағаға дейін жүреді. Сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың соңғы бағасын үш рет қайталайды және кемінде 10 секунд ішінде басқа көтерілген нөмірлер болмаған кезде балғаның соққысымен осы лоттың сатылғандығы туралы хабарлайды. Лот үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған сауда-саттыққа қатысушы жеңімпаз деп жарияланады.
Егер бағаны жоғарылатқан кезде сауда-саттыққа қатысушылардың ешқайсысы лотты сауда-саттықты ұйымдастырушы жариялаған баға бойынша сатып алуға тілек білдірмеген жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушы бағаның өзгеру қадамын азайту туралы хабарлайды және сауда-саттыққа қатысушыларға сауда-саттықты жалғастыруды ұсынады. Лот үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған сауда-саттыққа қатысушы жеңімпаз деп жарияланады;
2) сауда-саттықтың голландтық әдісі - сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың бастапқы бағасын хабарлайды және оны жаңа, бірақ лоттың ең төменгі бағасынан кем емес бағаны хабарлай отырып, мәлімделген қадаммен төмендетеді. Аукциондық нөмірді көтерген кезде сауда-саттықты ұйымдастырушы лоттың бағасын үш рет қайталайды және жарияланған баға кезінде бірінші болып аукциондық нөмірді көтерген қатысушының нөмірін атайды және кемінде 10 секунд ішінде басқа көтерілген нөмірлер болмаған кезде балғаның соққысымен оны осы лот бойынша жеңімпаз деп хабарлайды. Егер қатысушының нөмірін қайталаған кезеңде басқа қатысушы (қатысушылар) нөмір көтерген жағдайда осы лот бойынша сауда-саттықты жалғастыру ағылшындық әдіс бойынша жүзеге асырылады.
24. Әрбір сатылған лот бойынша сауда-саттықтың нәтижелері әрбір лот бойынша аукцион аяқталғаннан кейін сатушы, сауда-саттықты ұйымдастырушы және жеңімпаз қол қоятын сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамамен ресімделеді.
Сауда-саттыққа қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан кезде, бұл факт сауда-саттық нәтижелері туралы хаттамада жазылады.
Хаттама: сауда-саттықтың өткізілген күнін, уақытын және орнын, лоттың нөмірін, оның қысқаша сипаттамасын, сауда-саттықты өткізу тәсілін, бастапқы бағасын, бағаны өзгерту қадамын, сату бағасын қамтиды. Сауда-саттыққа қатысушы сауда-саттық нәтижесімен келіспеген жағдайда оларға сот тәртібінде шағымдануға құқылы.
25. Сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттама сауда-саттықтың нәтижелерін және жеңімпаз бен сатушының объектіні сату бағасы бойынша сатып алу-сату шартын жасасу міндеттемесін тіркейтін құжат болып табылады.
Жеңімпаз хаттамаға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде сатып алу-сату шартын жасасуға міндетті.
26. Сауда-саттық:
1) сауда-саттықтарға қатысуға өтінімдер келіп түспеген немесе тек бір өтінім келіп түскен;
2) сауда-саттыққа барлық қатысушылар келмеген немесе қатысушылардың біреуі ғана келген;
3) лоттың бастапқы бағасы жарияланған кезде (сауда-саттықтың ағылшындық әдісі кезінде) және лоттың ең төменгі бағасына қол жеткізілген кезде (сауда-саттықтың голландтық әдісі кезінде) көтерілген аукциондық нөмірлер болмаған немесе тек қана бір аукциондық нөмір көтерілген жағдайларда өткізілмеді деп танылады.
Сауда-саттық өткізілмеді деп танылған жағдайда, сауда-саттықты ұйымдастырушы сатушы қол қоятын тиісті хаттама жасайды және мүлік сауда-саттыққа қайтадан қойылады.
Мүлік сауда-саттыққа қайтадан қойылғанда:
1) борышкердің мүлкін (активтерін) сату жоспары осы Ереженің 4-тармағында белгіленген тәртіппен жасалуға, келісілуге және бекітілуге жатады;
2) ақпараттық хабарлама осы Ереженің 10-тармағында белгіленген тәртіппен жарияланады.
Егер сауда-саттыққа қайта қойылған мүлік сатылмаса, бұл мүлік өз талаптары толық көлемде қанағаттандырылмаған тиісті кезектегі кредиторларға сату жоспарында көрсетілген ең төменгі баға бойынша олардың келісімімен ортақ үлестік меншікке берілуге тиіс.
27. Борышкердің айналымы шектелген мүлкін сату жабық сауда-саттықта жүзеге асырылады. Жабық сауда-саттықтың қатысушылары осы мүлікті сатып алуға құқығы бар адамдар болуы мүмкін.
5. Шарт жасасу және мүлікті беру тәртібi
28. Объектіні сатып алу-сату шарты сатушы мен сатып алушы арасында жазбаша нысанда жасалады және ол шарт жасасу негіздемесі ретінде сауда-саттықтың нәтижелері туралы хаттамаға сілтемені қамтуға тиіс.
Сатушы сатып алу-сату шартында сатып алушыда объектіге меншік құқығы оны толық төлегеннен кейін пайда болатындығы туралы көрсетуге міндетті.
29. Сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушы арасында жүргізіледі.
Сатушы мен сатып алушы арасындағы барлық есеп айырысулар борышкердің сауда-саттық жүргізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген банктік шоты арқылы жүргізіледі.
Аванстық төлем мүлікті сату бағасының кемінде 30 пайыз мөлшерінде сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап банктік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде енгізіледі. Аванстық төлем сатып алу-сату шарты бойынша міндеттемелерді сатып алушының тиісті түрде орындауын қамтамасыз ету болып табылады. Аванстық төлемнің сомасы, мерзімі және енгізілу мен қайтарылу талаптары сатып алу-сату шартында көрсетіледі.
Кепілдік жарна тиесілі аванстық төлемнің шотына есептеледі. Қалған сома сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірілмей енгізіледі.
Түпкілікті төлемнің мерзімі өткен жағдайда сатушы шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы. Түпкілікті төлем мерзімінің өтуі салдарынан шарт бұзылған кезде аванстық төлем қайтарылмайды.
30. Объектіні беру сатып алушы мүліктің сату бағасын толық төлегеннен кейін қабылдап алу-беру актісі бойынша жүргізіледі.
31. Түпкілікті төлем мерзімінің өтуі салдарынан сатып алу-сату шарты бұзылған жағдайда мүлік жеңімпаздан кейін ең жоғары баға ұсынған сауда-саттыққа қатысушыға ұсынылады. Егер жеңімпаздан кейінгі келесі ең жоғары бағаны екі және одан да көп сауда-саттыққа қатысушылар ұсынған жағдайда, мүлік сауда-саттыққа қатысуға басқалардан бұрын өтінім берген сауда-саттыққа қатысушыға ұсынылады. Ол бас тартқан жағдайда мүлік сауда-саттыққа қайта қойылады.
6. Қорытынды ережелер
32. Мүлікті сатудан алынған қаражат, сондай-ақ осы Ереженің 17-тармағына сәйкес қайтарылуға жатпайтын кепілдік жарналар сомасы конкурстық іс жүргізудің әкімшілік шығыстарын және «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлардың талаптарын өтеуге жіберіледі.
ҚР Үкіметінің 2012.20.06. № 809 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2013.05.06. № 574 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 1-қосымша жаңа редакцияда
Борышкердің мүлкін (активтерін)
сату жөнінде сауда-саттық
жүргізу ережесіне
1-қосымша
«Бекітілген»
Кредиторлар комитеті отырысының
20__ ж. «___» _____ № __ хаттамасы
__________________________________
__________________________________
Кредиторлар комитетінің төрағасы
__________________________________
(Т.А.Ә., қолы)
__________________________________
(күні)
Борышкер
_____________________________________________
(борышкердің атауы)
мүлкін (активтерін) сату жоспары
Осы Сату жоспары «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 84-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі № 326 қаулысымен бекітілген Борышкердің мүлкін (активтерін) сату жөнінде сауда-саттық жүргізу ережесіне (бұдан әрі - Ереже) және өзге де нормативтік құжаттарға сәйкес әзірленген.
Атауы және деректемелері (БСН (ЖСН): _________________________________________________________________
Заңды мекенжайы ___________________________________________________________________________________
Банктік шоты ________________________________________________________________________________________
Қызметтің негізгі түрі _________________________________________________________________________________
___________ облысының (қаласының) мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 20__ жылғы «___» _________ шешімімен
__________________________________________________________________________________ банкрот деп танылды.
(борышкердің атауы)
20___ жылғы «___» _____________ № ________ бұйрықпен конкурстық
басқарушы болып _________________________________________________________________________ тағайындалды.
(Т.А.Ә.)
Конкурстық басқарушы борышкердің мүлкін (активтерін) түгендеуді 20__ жылғы «___» _________ бастап 20__ жылғы «___» _______ аралығында жүргізді.
Борышкердің мүлкін (активтерін) бағалауды ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті 20__ жылғы «___» ____________ берген, тіркеу нөмірі _________ мүлікті бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына мемлекеттік лицензиясы бар
____________________________________________________________________________________________________
(атауы, БСН (ЖСН)
___________ жүргізді. 20__ жылғы «___» _________________ шартқа сәйкес 20__ жылғы «___» _____ 20__ жылғы «___» ___________ аралығында бағалау жүргізілді (бағалау жүргізілген жағдайда).