2. Дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткізу жөніндегі комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы бiр мезгiлде дауыс беруге арналған үй-жайдағы сайлаушылардың санын реттейдi; тәртiпке жауапты болады және осы Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткізуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге хақылы.
Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңдарын бұзған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясының мүшесi оның жұмысына қатысудан дереу шеттетiледi, ал байқаушы мен өзге адамдар сайлау комиссиясының жазбаша нысанда қабылданған дәлелдi шешiмi бойынша дауыс беруге арналған үй-жайдан шығарылады.
Осы шешiмнің орындалуын iшкi iстер органдары жүзеге асырады, олар сонымен қатар сайлау комиссиясының шеттетiлген мүшесiн, сондай-ақ шығарылған байқаушыны немесе өзге адамды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту жөнiнде шаралар қабылдайды.
3. Дауыс беруге арналған үй-жайларда тәртiптi қамтамасыз ету iшкi iстер органдарына жүктеледi. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi дауыс беруге арналған үй-жайда комиссия төрағасының шақыруымен ғана болуға тиiс және тәртiп қалпына келтiрiлгеннен кейiн не комиссия төрағасының өтініші бойынша ол жерден дереу шығуға мiндеттi.
14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңдарымен 38-бап өзгерді
40-бап. Дауыс берудi ашу
1. Президенттi, партиялық тізім бойынша сайланатын Мәжілістің депутаттарын, мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастауға тиiс.
2. Сенат депутаттарын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған пункттердi аша бастауға тиiс.
3. алынып тасталды
4. Учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясының төрағасы;
1) дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар екенiн немесе жоқ екенiн, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады;
2) комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 41-бап өзгертілді
41-бап. Дауыс берудi ұйымдастыру
1. Әрбiр сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс бередi.
2. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.
3. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға (таңдаушыларға) сайлаушылар тiзiмдерi (таңдаушылар тiзiмдерi) негiзiнде сайлаушының (таңдаушының) жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi бойынша берiледi.
4. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмге бюллетеньдердi алғандығы туралы қол қояды.
5. Комиссияның бюллетеньдi (бюллетеньдердi) берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi (бюллетеньдердi) алған сайлаушының (таңдаушының) тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.
Сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының бюллетеньдер бepуге құқығы жоқ.
6. Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрілмей берiле алатын жазбаша өтініші бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс.
Осы тармақта көрсетілген өтініш келіп түскен жағдайда, сайлау комиссиясының төрағасы өтiнiш берген сайлаушының сайлаушылар тiзiміндегі аты-жөнiнің тұсына тиiстi белгi қояды.
Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастырған кезде тасымалданатын жәшiктердi сайлау комиссиясының екі мүшесi алып жүредi.
Учаскелiк сайлау комиссиясының мүшелерi байқаушыларды, сенім бiлдiрілген адамдарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiн сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруі туралы хабардар етуге мiндеттi.
Сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру үшiн шыққан кезде оларға байқаушылар не сенім бiлдiрілген адамдар iлесiп жүруге құқылы.
Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру кезiнде сайлау комиссиясының мүшелерi, сайлау бюллетеньдерiнiң бүлiнуi мүмкiн екендiгi ескерiле отырып, олардың қажеттi мөлшерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.
Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде дауыс берiлген жағдайда бюллетень (бюллетеньдер) сайлаушыларға дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштерiнiң негiзiнде берiледi, олар бұл туралы өтiнiштерiне қол қояды.
Бюллетень (бюллетеньдер) берген комиссия мүшесi оған өз қолын қояды, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiшке де қол қояды.
6-1. Жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тiзiмдерiн ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші бойынша және ол жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. Бұл ретте сайлаушылар тiзiміне тиiсті белгі қойылады. Дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретін күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тiзiміне енгізедi.
Есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беретін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады.
7. алынып тасталды
8. алынып тасталды
9. Дауыс берудi осы баптың 6-тармағына сәйкес ұйымдастырып, өткізу азаматтардың сайлау құқықтарын бұзу, дауыс беру құпиясын бұзу немесе сайлаушының ерiк бiлдiруiн бұрмалау мүмкiндiгiн болдырмауға тиiс.
ҚР 06.11.98 ж. № 285-I; 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Дауыс берудi өткізу
1. Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы (таңдаушы) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының (таңдаушының) бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиiс емес:
1) сайлау комиссиясының мүшесi;
2) жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
3) кандидаттың сенім бiлдiрген адамы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;
5) тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.
2. Сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
Сайлаушы саяси партиялардың атаулары бар бюллетеньде өзі жақтап дауыс беретін саяси партия атауының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгi қояды.
3. Сайлаушы мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органының мүшелерін сайлаған кезде өзi дауыс беретiн кандидаттар тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
3-1. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгізуге жол берiлмейдi.
4. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы (таңдаушы) дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
5. алынып тасталды
8-тарау. Дауыс беру қорытындыларын анықтау
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Сайлау учаскесіндегі (дауыс беру пунктіндегі) дауыстарды санау
1. Президенттi, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада басталады. Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады.
Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытындылар осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауға тиiс.
Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiн столдар учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенім бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады. Сайлау бюллетеньдерiн санау кезiнде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгiлi бiр мүшесi қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды.
Бұл ретте бюллетеньдер әрбiр кандидат, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады.
2. Парламент Сенаты депутаттарын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады.
3. Дауыстарды санау әрбiр кандидат әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады.
3-1. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдер салынған жәшіктердi ашқанға дейiн учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша бюллетеньдер алған сайлаушылардың есебiн жүргiзедi және олардың жалпы санын анықтайды. Учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы не оның орнындағы комиссия мүшесi санау нәтижелерiн жария етедi және оларды дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаға енгiзедi.
Бiрiншi болып тасымалданатын сайлау жәшiктерi кезегiмен ашылады. Тасымалданатын сайлау жәшiгіндегі бюллетеньдердің саны дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру мүмкiндiгiн жасау туралы жазбаша өтiніштердiң санына сәйкес келуге тиіс. Егер тасымалданатын сайлау жәшiгiнде белгiленген үлгідегі сайлау бюллетеньдерiнің саны жазбаша өтініштердің тиісті санынан артық болып шықса, онда бұл жәшіктегі барлық сайлау бюллетеньдерi жарамсыз деп танылады. Бұл жағдайда тасымалданатын сайлау жәшігінен алынған барлық сайлау бюллетеньдерiнiң жарамсыз деп танылғаны туралы акт жасалады, онда сонымен бiрге осы тасымалданатын жәшiктiң көмегiмен дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi өткiзген комиссия мүшелерiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiледi. Дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшiктер ашылғаннан кейiн тұрақты жәшiктер ашылады.
4. Жәшiктердi ашардың алдында пайдаланылмаған барлық бюллетеньдердi тиiстi сайлау комиссиясы санайды және жояды. Сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша:
1) учаскедегi (дауыс беру пунктіндегі) сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) бюллетеньдер алған сайлаушылар (таңдаушылар) санын;
3) комиссияның әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер санын анықтайды.
4-1. Жәшiктердi ашқаннан кейiн сайлау комиссиясы бюллетеньдердiң саны бойынша:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берілген дауыстар санын;
3) жарамсыз ден танылған бюллетеньдер санын;
4) учаскелiк сайлау комиссиясы алған бюллетеньдер санын;
5) жойылған бюллетеньдер санын анықтайды.
Дауыс беруге арналған жәшiктерден алынған бюллетеньдердiң саны сайлаушылар тiзiмдерiнің және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштердiң негiзiнде берiлген бюллетеньдер санынан асып кеткен жағдайда, сайлау комиссиясының әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер саны анықталады.
5. Мынадай бюллетеньдер:
1) белгiленбеген үлгiдегi;
2) тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезiнде дауыс берудi қоспағанда, бiр кандидаттан артық, бiр саяси партиядан артық белгiленген;
4) белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
Дауыстарды тiкелей санау кезiнде жарамсыз сайлау бюллетеньдерi дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) бюллетеньдерi қатарынан алып тасталады.
6. алынып тасталды
7. Келiспеушiлiк пайда болған жағдайда мәселенi учаскелiк комиссия дауыс беру жолымен шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жартысынан астамы даусымен қабылданады.
7-1. Учаскелiк сайлау комиссиясы (Сенат депутаттарының , Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы кезiнде аймақтық сайлау комиссиясы) сенім бiлдiрілген адамның талабы бойынша дауыстарды қайта санауды осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген мерзiмде бiр рет қана жүргiзедi.
8. Дауыстарды санау нәтижелерiн учаскелiк сайлау комиссиясы қарап, хаттамаларға түсiредi, оларға сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаларға учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
Дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды қарындашпен және әр түстi сиялармен толтыруға, сондай-ақ оларға қандай да бiр түзетулер енгізуге жол берiлмейдi. Бұл ретте дауыс беру нәтижелерiнiң сандық мәнi сөзбен жазылып қайталануы тиiс.
Хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi беріледi.
8-1. Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi округтiк сайлау комиссиясының отырысында анықталады, ол отырыс орны мен уақыты туралы мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана отырып, округтік сайлау комиссиясы дауыс берiлетiн күннен кемiнде он күн бұрын айқындаған сайлау учаскелерiнiң бiрiнде өткiзiледi. Нәтижелер осы учаскеге жеткiзiлетiн учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде анықталады.
Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi туралы хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнің үй-жайында ілінедi және үй-жайда үш күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшірмесі беріледі.
8-2. Округтік сайлау комиссиясы дауыс беру күнінен бастап бес күннен кешіктірмей сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санаудың нәтижелері туралы алдын ала жиынтық тiзiмдеме жасайды және оны жалпы жұрттың танысуы үшiн өз отырысы өткен сайлау учаскесiнiң үй-жайында iледi.
Ресми жиынтық тiзiмдеме учаскелiк сайлау комиссияларының дауыстарды санаудың нәтижелерi туралы алынған хаттамаларының негiзiнде жасалады, оған округтiк сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды және ол жалпы жұрттың танысуы үшiн iлiнедi.
9. Тиiстi жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелiк сайлау комиссияларының (Сенат депутаттарын , Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаған кезде аумақтық сайлау комиссияларының) хаттамаларында қателердi, сәйкессiздiктердi анықтаған болса, сондай-ақ дауысты есептеудiң дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиiстi учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешiм қабылдауға хақылы. Сайлаушылардың дауысын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесiнiң және дауыстардың дұрыс саналмағандығы фактілерiн табыс еткен өтiнiш берушілердің қатысуымен жүргiзiледi.
Сайлау комиссиясы шешімінің негiзiнде жүзеге асырылатын дауыстарды қайта санау сайлау қорытындылары ресми жарияланғанға дейiн жүргізілуге тиiс.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) ; 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 44-бап өзгертілді
44-бап. Сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.
2. Мәслихат депутаттарын, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерiн сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды.
3. Сайлау қорытындылары хаттамаға түсiрiлiп, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаға комиссия төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
4. Сайлау қорытындылары туралы хабарды:
1) Президентті, Парламент депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
2) мәслихаттар депутаттарын, сайлау қорытындылары туралы хабарды тиiстi аумақтық және округтік сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күннен кешiктiрмей жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаудың қорытындысы туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен кейiн төрт күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Орталық (аумақтық) сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлау датасы, сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне енгiзілген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; сайлау округтерiнiң жалпы саны; дауысқа түскен кандидаттардың жалпы саны; дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берген сайлаушылардың саны; сайлауға қатысқан саяси партиялардың саны; қайта дауыс беру өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктер саны ; тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк бойынша Президенттiкке, Парламент Сенаты депутаттығына әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берiлген дауыстар саны; Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар үшін берілген дауыстар саны; сайланған Президент, Парламент Сенатының , Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттары; мәслихаттардың депутаттары, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерi, олардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын лауазымы (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Тиiстi округтiк сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлаушылар тiзiмдерiне енгiзiлген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; әрбiр кандидат үшiн берiлген дауыс саны; сайлау учаскелерi бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң саны; мәслихаттар депутаттығына сайланған адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын қызметi (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер - сайлау округтерi бойынша, ал округтiк сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер сайлау учаскелерi бойынша ұсынылады. Тиiстi сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы тiзiмдеме нысанындағы хабарламаны дауыстарды санау аяқталғаннан және тиiстi хаттама жасалғаннан кейiн қырық сегiз сағаттан кешiктiрмей жариялайды.
6. 2006 ж . 22 желтоқсандағы № 208 -III ҚР Конституциялық заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
45-бап. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн тiркеу
Тиiстi сайлау комиссиялары осы Конституциялық заң белгiлеген тәртiппен жетi күн мерзiм iшiнде олардан Конституцияға және Республика заңдарына сәйкес Президенттiң, Парламент, мәслихат депутатының және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын өз мiндеттерiн доғару туралы жазбаша өтiнiштерiн алғаннан кейiн сайланған Президенттi, Парламент, мәслихат депутаттары, жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарының мүшелерiн тiркейдi.
46-бап. Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутатының және өзге де жергiлiктi өзi-өзi басқару органдары мүшелерiнiң куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi
1. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде Президентке тиiстi куәлiгi мен Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi тапсырады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Парламентi депутаттарын сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн әрбiр депутатқа куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгiсiн тапсырады.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарында тiзiмдер жарияланғаннан кейiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:
1) мәслихаттар депутаттарына - олардың әрқайсысына мәслихат депутаттарының куәлiгiн және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi бередi;
2) өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiне олардың әрқайсысына өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшесiнiң Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi куәлiгiн бередi.
9-тарау. Сайлау бостандығының кепiлдiктерi
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 47-бап өзгертілді
47-бап. Кандидаттар қызметiнiң сайлау науқаны барысындағы кепiлдiктерi
1. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркелген күнiнен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейiн жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы. Кандидаттарын сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек стажына есептеледi.
2. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелiгiне кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келісімiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстыруға, сондай-ақ iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды.
3. Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ оларды Президент, Парламент депутаты ретiнде тiркегенге дейiн Орталық сайлау комиссиясының келісімiнсiз тұтқынға алуға, ерiксiз әкелуге, оларға сот тәртібімен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға, сондай-ақ тiкелей қылмыс үстiнде ұсталғаннан және ауыр қылмыс жасағаннан басқа реттерде ұстауға болмайды.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 48-бап өзгертілді
48-бап. Мемлекеттік органдардың сайлау бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі қызметi
1. Соттар, прокуратура мен iшкi iстер органдары үшiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі ұйымдар үшiн дауыс беру күнi мен соның қарсаңындағы күн жұмыс күнi болып табылады.
2. Iшкi iстер органдары мен тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі ұйымдар сайлау комиссиялары қажет ететiн, тиiсiнше, мынадай:
1) дауыс берудi өткізу кезiнде қоғамдық тәртiп пен сайлау бостандығын қамтамасыз ету;
2) сайлаушылар тiзiмдерiн нақтылау;
3) сайлау комиссияларының қызметiнде туындаған басқа да мәселелер жөнiнде көмек көрсетуге мiндеттi.
3. Егер сайлау комиссиясы өзiнiң атына берiлген өтiнiштi тексеру кезiнде өтiнiште көрсетiлген мән-жайларды құқық қорғау органдарының тексеруi қажет деп тапса, онда тиiстi органдар сайлау комиссиясының өтiнiшi бойынша мән-жайларды тексередi және өтiнiштi алған күннен бастап - үш күндiк мерзiмде, ал егер өтiнiш дауыс берілетiн күн алдындағы бес күнге жетпейтін уақыт ішінде не дауыс берілетін күні алынған жағдайда дереу өтiнiш бойынша шешiм шығарады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 49-бап өзгертілді
49-бап. Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен iс-әрекеттерге шағым беру және олардың күшiн жою
Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткізуге қатысты, сондай-ақ сайлау туралы заңдардың бұзылуы жөніндегі сайлауды әзiрлеу мен өткізу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қарап, оларды бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.
Жергiлiктi мемлекеттік басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады.