2. Әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген қосымша демалыстар беріледі.
Жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы тиісті жыл үшін алпыс тәуліктен аспауға тиіс, бұл ретте демалыс өткізу орнына дейін бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшінің демалысы қызмет мүдделерін ескере отырып, екі бөлікке бөлінуі мүмкін.
3. Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне жалпыәскери жарғыларда айқындалған тәртіпте көтермелеу түрінде қысқа мерзімді демалыс беріледі.
4. Қажет болған кезде әскери қызметшілерге ауыруы бойынша, отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді, ал әскери оқу орындарында (әскери факультеттерде) оқитындарға каникулдық демалыстар беріледі.
Әскери қызметшілерге (мерзімді қызмет әскери қызметшілерінен басқа) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасын іске асыратын ұйымдарда оқуға түсу емтихандарына дайындалу және тапсыру үшін, сондай-ақ жоғары оқу орындарына оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін оқу демалыстары, ал философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесінің ізденушілері болып табылатындарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шығармашылық демалыстар беріледі.
5. Жыл сайынғы негізгі демалыс жұмылдыру, соғыс немесе төтенше жағдай жарияланған жағдайда, соғыс уақытында және қызметтік қажеттілік жағдайында уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен тоқтатылады. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлігі ағымдағы жылы немесе келесі жылы беріледі.
Егер демалыстың пайдаланылмаған бөлігі он және одан астам күнтізбелік күнді құраса, әскери қызметшілерге демалыс өткізу орнына бару және кері қайту үшін қажетті уақыт қосымша беріледі.
Әскери қызметшінің баянаты бойынша демалыстың пайдаланылмаған бөлігі келесі жылдың жыл сайынғы ақылы негізгі демалысына қосылады.
6. Өздеріне жүктелген міндеттерді орындау үшін немесе оқуға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге жіберілген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының аумағында қызмет өткеретіндердің демалысқа құқықтарын пайдаланады.
47-бап. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері
Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарында күнтізбелік есептеуде кемінде сегіз жыл қызмет өткерген келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалатын шығындарын бюджет қаражаты есебінен оқыту құнының елу пайызы мөлшерінде өтетуге құқылы. Осы құқықты әскери қызметшілер бір рет пайдалана алады.
Әскери қызметшіге көрсетілген шығындарды өтеуді құрылымында әскери қызметші әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган жүргізеді.
Әскери қызметшіні басқа білім беру ұйымына ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге жатады.
Әскери қызметшіге академиялық демалыс берілген кезде оның Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтету құқығы сақталады.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге құқылы әскери қызметшіге, ол оқыған (оқитын) білім беру ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған, әрекетін тоқтатқан, білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайларда басқа жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге кепілдік беріледі.
2013.04.02. № 75-V ҚР Заңымен 48-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
48-бап. Мерзімді қызмет әскери қызметшілерін және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттарын әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері
Мерзімді қызмет әскери қызметшілері және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нормалар бойынша заттай мүлікпен, тамақтанумен қамтамасыз етіледі.
Демалысқа, каникулға кеткен кезде азық-түлік үлесінің орнына оларға ақшалай өтемақы төленеді.
Мерзімді қызмет әскери қызметшілері қысқа мерзiмдi демалысқа барған және керi қайтқан кезде, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттары каникулдық демалысқа және тағылымдамадан өтуге барған кезде, сондай-ақ керi қайтқан кезде оларға мемлекет есебiнен темiржол, су және автомобиль көлiгiмен жол жүру құқығы берiледi. Шетелдік әскери оқу орындарында білім алатын курсанттарға каникулдық демалысқа барған және керi қайтқан кезде мемлекет есебiнен әуе көлігімен жол жүру құқығы да берiледi.
Мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне, әскери оқу орындарының бірінші және екінші курс курсанттарына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде почта жөнелтілімдеріне арналған өтемақы да төленеді.
Мерзімді қызмет өткеру және әскери оқу орнында оқу уақытында тұру үшін әскери қызметшілер казармаларға орналастырылады. Курсанттарға, сондай-ақ әскери оқу орнында (әскери факультетте) оқу уақытында жатақхана берілуі мүмкін.
49-бап. Әскери қызметшілердің жекелеген санаттарын қосымша әлеуметтік қамсыздандыру
Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге және барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындауға қатысатын Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне жыл сайынғы демалысына қосылатын ұзақтығы екі апта қосымша демалыс беріледі.
Жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге жауынгерлік іс-қимылдар және террорға қарсы операциялар кезеңінде жеңілдіктер шарттарымен еңбек сіңірген жылдарына қызметінің бір айы үш ай болып есептеледі.
Бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге бітімгершілік операцияларына қатысқан кезең жеңілдіктер шарттарымен қызметінің бір айы бір жарым ай болып есептеледі.
50-бап. Әскери қызметтен шығарылған азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру
1. Жасы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты ауырған, сондай-ақ жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар адамдарға мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған аурулар тізбесі бойынша көрсеткіштер бар болған кезде әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету, ал жиырма бес және одан да көп еңбек сіңірген жылдары барларға - санаторлық-курорттық емделу беріледі.
Әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық көрсеткіштер бойынша тиісті бөлімшелер не арнайы жабдықтар болмаған кезде көрсетілген адамдарға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде:
1) ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында;
2) жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында;
3) жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда көрсетіледі.
Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде емделуге жұмсалған қаражатты көрсетілген адамдарға құрылымында олар әскери қызмет өткерген уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен өтейді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар Қарулы Күштерден шығарылған кезде, оның ішінде әскери қызмет өткерген кезеңде азаматтық мамандықтарды меңгеру мақсатында әлеуметтік бейімделумен қамтамасыз етіледі.
51-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда әскери қызметшілерге өтемақы төлеу
2013.04.02. № 75-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әскери қызметін өткеру кезеңінде әскери қызметші немесе әскери жиындарға шақырылған әскери міндетті қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оған мүгедектік белгіленген кезде немесе ол әскери қызмет мiндеттерiн орындауға байланысты мертiккен жағдайда біржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүргiзiледi.
2. Әскери қызмет өткеру кезеңінде не қызметтен шығарылғаннан кейін әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда әскери қызметшінің мұрагерлеріне қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде, ал мерзімді қызмет әскери қызметшісінің, әскери оқу орны (әскери факультет) курсантының, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттінің мұрагерлеріне - 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.
3. Келісімшарт бойынша әскери қызметшіге, ол әскери қызмет өткерген кезеңде немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан туындаған мүгедектік белгіленген кезде біржолғы өтемақы әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл өткенге дейін:
1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде төленеді.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшiлер әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқтырмаған ауыр мертiгу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) жағдайында оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертіккенде - жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
Мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлеріне, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) стипендия алатын курсанттарына, әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлерге осы тармақта көзделген жағдайларда:
1) I топтағы мүгедекке - 250 айлық есептiк көрсеткiш;
2) II топтағы мүгедекке - 150 айлық есептiк көрсеткiш;
3) III топтағы мүгедекке - 50 айлық есептiк көрсеткiш;
4) ауыр мертіккені үшiн - 12 айлық есептiк көрсеткiш;
5) жеңiл мертіккені үшiн - 4 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде бiржолғы өтемақылар төленедi.
4. Егер әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе ол алған мертігу:
1) соттың заң күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізген жағдайларды қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау нәтижесінде;
2) қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
3) олар алкогольдік, есірткілік немесе масаңдану жай-күйінің өзге де түрін туғызатын заттарды тұтыну немесе қолдану себебінен;
4) өзiне-өзі қасақана қандай да бiр дене жарақатын түсiру (денесiне зиян келтiру) немесе біржолғы өтемақы алу немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтiру нәтижесінде;
5) әскери қызметшінің әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын бұзған әрекеттері нәтижесінде туындағаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
5. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшілерді, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді жерлеу әскери қызмет (жиындар) орны бойынша немесе олардың туыстарының тілегі бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты барлық шығыстар әскери қызметшілер, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызмет (жиындар) өткерген уәкілетті орган есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде жүзеге асырылады.
Осы тармақта көрсетілген ережелер әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты әскери қызметтен шығарылған, әскери қызметтің жалпы ұзақтығы 25 және одан да көп жылдары бар азаматтарға, сондай-ақ әскери қызметтің жалпы ұзақтығына қарамастан, жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысушыларға қолданылады, бұл ретте әскери қызметшілер қатарынан зейнетақы төлемдерін алатын қайтыс болғандардың отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде төленеді.
52-бап. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру
1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әскери-медициналық мекемелерде медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
Қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда медициналық көрсеткіштер бойынша тиісті бөлімшелер не арнайы жабдықтар болмаған кезде медициналық көмек ведомстволық тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, жеке меншік құқығына негізделген денсаулық сақтау ұйымдарында және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде көрсетіледі.
2. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің олармен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелеріне әскери қызметші қызметі бойынша ауысқан, оны әскери қызметтен шығарған кезде мемлекет есебінен әуе, теміржол, су және автомобиль көлігінде жол жүру құқығы беріледі.
3. Әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабар-ошарсыз кеткендердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезектен тыс орындар береді.
Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары әскери мектеп-интернаттарына, «Жас ұлан» республикалық мектебіне конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады.
9-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
53-бап. Әскери қызметшілердің жауаптылығы
1. Әскери тәртіпті бұзғаны үшін командир (бастық) әскери қызметшіге тәртіптік жазалардың:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
5) лауазымында бір сатыға төмендету;
6) әскери атағын бір сатыға төмендету;
7) теріс себептер бойынша әскери қызметтен босату түрлерін қолданады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерден басқа, мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттарына қатысты тәртіптік жазалардың мынадай түрлері қолданылады:
1) әскери бөлім орналасқан жерден немесе корабльден жағалауға кезекті сейілге шығудан айыру;
2) Қарулы Күштердің кеуде айырым белгісінен айыру.
3. Әскерге шақыру бойынша офицерлерге қатысты әскери атақты төмендету «кіші сержант» («екінші дәрежелі старшина») әскери атағына дейін жүргізіледі. Бұл ретте осы әскери қызметші сержанттар (старшиналар) құрамына ауыстырылады және мерзімді қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін қызмет етеді.
4. Теріс себептер бойынша әскери қызметтен босату әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге қатысты қолданылмайды.
5. Әскери қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту жалпы әскери жарғыларда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
54-бап. Әскери қызметшiлердiң қылмыстар, теріс қылықтар және өзге де құқық бұзушылықтар үшiн жауаптылығы
Әскери қызметшiлер қылмыстар, теріс қылықтар және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкiмшiлiк, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады.
10-тарау. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
55-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 44-баптың 2, 4 және 7-тармақтарын және 45-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгiзілгенге дейiн әскери атақтар берілген әскери қызметшілердің осы әскери атақтардағы еңбек сіңірген мерзімдері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес есептеледі.
3. Осы Заңда әскери қызметте болудың шектi жасы өзгертiлген әскери қызметшiлер мынадай шектi жасқа:
1) подполковникті (екінші дәрежелі капитанды) қоса алғанда - қырық бес жасқа;
2) полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) - елу үш жасқа;
3) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) - елу жасқа;
4) әскери атақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген генерал-майорлар (контр-адмиралдар) және генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) - елу сегіз жасқа;
5) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген генерал-майорлар (контр-адмиралдар) және генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) - елу бес жасқа;
6) әскери атақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген генерал-полковниктер (адмиралдар) - алпыс жасқа толғаннан кейін жұмыстан шығуға немесе отставкаға шығуға құқылы.
4. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт, өз қолданысын осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданылатын заңнамаға сәйкес мерзімі аяқталғаннан кейін тоқтатады.
5. Осы Заң тек әскери қызмет кезеңінде қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету бөлігінде 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте кемінде он жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылады.
Тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төлеу 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте кемінде он жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге жүргізіледі.
6. 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте күнтізбемен есептегенде он және одан да көп жыл болатын әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорынан беріледі, олар оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіппен (жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасқан тұрғын үйлерді қоспағанда) жекешелендіруге құқылы.
7. 2013 жылғы 1 қаңтарға әскери қызметте күнтізбемен есептегенде он бес және одан да көп жыл болған әскери қызметшілер күнтізбелік есептеуде әскери қызметтің жиырма жылы өткеннен кейін қызметтік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіруге құқылы.
Қызметтік тұрғын үй өтеусіз, оның ішінде жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және комендатураларда орналасуы салдарынан жекешелендіруге жатқызылмайтын жағдайларда өтеусіз жекешелендіру құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен тиісті тұрғын үй құнымен өтеледі.
Осы баптың 6-7-тармақтарында көзделген жеңілдіктер бір рет қолданылады.
8. Әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, келісімшарт мерзімінің өтуі бойынша, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты шығарылған, 2013 жылғы 1 қаңтарға еңбек сіңірген жылдары он және одан да көп жыл болған келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге әскери қызметтен босатылған кезде мынадай:
әскери қызметте 10 жылдан 15 күнтізбелік жылға дейін еңбек сіңірген жылдары барларға - төрт айлық ақшалай қаражат;
15 жылдан 20 жылға дейінгілерге - бес айлық ақшалай қаражат;
20 жылдан 25 жылға дейінгілерге - алты айлық ақшалай қаражат;
25 жылдан 30 жылға дейінгілерге - жеті айлық ақшалай қаражат;
30 жылдан астамдарға - сегіз айлық ақшалай қаражат мөлшерінде шығу жәрдемақысы төленеді.
Әскери қызмет өткеру кезеңінде орденмен (ордендермен) наградталған әскери қызметшілерге шығу жәрдемақысының мөлшері ақшалай қаражатының екі айлықақысына арттырылады.
9. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарына келісімшарт бойынша әскери қызметке алғаш рет кіретін азаматтарға жасасатын келісімшарт мерзіміне байланысты мынадай мөлшерде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді:
3 жылға - 1 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
5 жылға - 10 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;
10 жылға - 20 лауазымдық айлықақы мөлшерінде.
Көрсетілген ақшалай сыйақыларды төлеу келісімшарт жасаған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей жүргізіледі.
Алынған біржолғы ақшалай сыйақы:
1) осы Заңның 26-бабы 1-тармағының 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген жағдайларда келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызметтен шығарылған кезде;
2) егер әскери қызметті одан әрі өткерумен сыйыспайтын жаралануы, контузиясы, жарақаты, мертігуі немесе ауруы әскери қызметші заңға қарсы іс-қимыл жасаған немесе алкогольдік, есірткілік, уытты масаңдануы немесе өзіне қандай да бір дене жарақатын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтіруі себебінен болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе, қайтаруға жатады.
Төленген біржолғы ақшалай сыйақыны қайтару әскери қызметші әскери қызмет өткерген мемлекеттік органға әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір ай мерзімде жүргізіледі.
Әскери қызметші әскери қызмет өткерген кезеңде қаза тапқан (қайтыс болған), әскери қызметті одан әрі өткерумен сыйыспайтын жараланған, контузия, жарақат алған, мертіккен немесе ауырған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақыны қайтару жүргізілмейді.
10. Осы Заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап:
1) «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» 1993 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1993 ж., № 2, 32-құжат; № 18, 429-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; № 22, 133-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 79-құжат; 1999 ж., № 8, 247-құжат; № 23, 920-құжат; 2001 ж., № 20, 257-құжат; 2003 ж., № 15, 135-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 20, 152-құжат; 2009 ж., № 2-3, 8-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 16, 129-құжат);
2) «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 14, 60-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; 2010 ж., № 10, 48-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 17, 136-құжат; 2011 жылғы 15, 16 қарашада «Егемен Қазақстан» және 2011 жылғы 15, 16 және 19 қарашада «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне құқық қорғау қызметін жетілдіру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2011 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 16-ы.
№ 561-IV