2) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясы берілген айға дейін күнтізбелік он күн бұрын оны шығарудың, желілерге жіберудің, энергия беруші ұйымдарға берудің болжамды көлемдері немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерден қабылдау туралы ақпарат беруге;
3) жыл сайын жиырмасыншы желтоқсанға қарай қаржы-есеп айырысу орталығына алдағы жылға электр энергиясын шығарудың, желілерге жіберудің, энергия беруші ұйымдарға берудің болжамды көлемдері туралы ақпарат жолдауға міндетті.
3. Қаржы-есеп айырысу орталығы:
1) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген және олар Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне берген электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеуді ескере отырып, қаржы-есеп айырысу орталығы мен жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым арасындағы сатып алу-сату шартын жасасу күні қолданыста болатын тіркелген тариф бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен сатып алуға және шартты тұтынушылар үшін белгіленген ақы төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей оның ақысын төлеуге;
2) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан сатып алынған электр энергиясын осы Заңда белгіленген тәртіппен, электр энергиясын тұтыну аймағына сәйкес жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф бойынша шартты тұтынушыларға сатуға;
3) жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын, бір жыл алға болжанатын шығындарды жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлерінен өндірілген және Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне берілген электр энергиясының бір киловатт-сағатына есептеп айқындауға және болжамды жылдың он бесінші қаңтарынан кешіктірмей өзінің интернет-ресурсында тиісті ақпаратты жариялауға міндетті.
4. Қаржы-есеп айырысу орталығы осы Заңға сәйкес қолдау жүзеге асырылатын және уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізген жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын он бес жыл мерзімге жасасады және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуды тиісті тіркелген тарифтің қолданылу мерзімінен аспайтын мерзім ішінде жүзеге асырады.
5. Қаржы-есеп айырысу орталығы «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізуге және оның нәтижелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар:
1) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясы берілген айға дейін күнтізбелік он күн бұрын оны шығарудың, желілерге жіберудің болжамды көлемдері туралы ақпарат беруге;
2) ай сайын қаржы-есеп айырысу орталығына электр энергиясы берілген айдан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей оны шығарудың, желілерге жіберудің тәулік сайынғы нақты көлемдері туралы ақпарат беруге;
3) қаржы есеп айырысу орталығына жыл сайын жиырмасыншы желтоқсанға қарай айларға бөле отырып, электр энергиясын шығарудың, желілерге жіберудің алдағы жылға арналған болжамды көлемдері туралы ақпарат жолдауға;
4) өңірлік электр желілік компанияға және (немесе) жүйелік операторға тәуліктік және айлық (ай басталғанға дейін күнтізбелік он күн бұрын) электр энергиясын беру кестелерін ұсынуға міндетті.
7. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясын беру басталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға қаржы-есеп айырысу орталығымен сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінім береді.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінімге қоса мынадай материалдар мен құжаттарды:
1) құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерін;
2) берілетін электр энергиясының көлемдері туралы ақпаратты береді.»;
9) мынадай мазмұндағы 8-1-баппен толықтырылсын:
«8-1-бап. Тіркелген тариф
1. Тіркелген тарифтерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында қолдау көзделген жаңартылатын энергия көздерінің әрбір түрі үшін он бес жыл қолданылатын мерзіммен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2. Бекітілген тіркелген тарифтер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, инфляция ескеріле отырып жыл сайын индекстеледі.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарымен көзделген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бұрын бекітілген тіркелген тарифтердің деңгейлерін үш жылда бір рет түзетуге құқылы. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітілген тіркелген тарифтерді түзету туралы актісі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде алғашқы ресми жарияланғанынан кейін кемінде бір жылдан соң қолданысқа енгізіледі.
Осы тармақтың күші қаржы-есеп айырысу орталығының жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдармен жасасқан қолданыстағы сатып алу-сату шарттарына қолданылмайды.»;
10) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр және (немесе) жылу энергиясын сату кезіндегі қолдау
1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өз қалауымен, өндірілген электр энергиясын мынадай нұсқалардың бірі бойынша:
1) осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеуді ескере отырып, өзі мен қаржы-есеп айырысу орталығы арасында сатып алу-сату шартын жасасқан күні қолданыста болатын тіркелген тариф бойынша қаржы-есеп айырысу орталығына;
2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жасалған екіжақты шарттарға сай шарттық бағалар бойынша тұтынушыларға өткізуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес қызметін жүзеге асыратын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өндірілетін электр энергиясын осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген нұсқа бойынша өткізуге көшуге құқылы емес.
2. Қаржы-есеп айырысу орталығы жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарды электр энергиясын шартты тұтынушылар арасында олардың желіге жіберу үлесіне барабар бөледі.
3. Егер осы Заңның 7-1-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын сатудан қаржы-есеп айырысу орталығы алған ақша сомасы ағымдағы айда жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарды өтеу үшін қажетті шамадан аз болған немесе асып кеткен жағдайда, қаржы-есеп айырысу орталығы қайта есептеуді жүргізеді және келесі айға электр энергиясын шартты тұтынушылар арасында шығындарды қайта бөледі.
Шартты тұтынушының нарықтан шығуы, таратылуы себебі бойынша одан ақша толық алынбаған жағдайда, қаржы-есеп айырысу орталығы жоғарыда көрсетілген тұтынушыға есептелген электр энергиясының тиісті үлесін барлық шартты тұтынушыларға Қазақстан Республикасында электр энергиясын тұтынудың жалпы көлеміне қатысты олардың тұтыну көлеміне барабар бөледі.
4. Қаржы-есеп айырысу орталығынан жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шартты тұтынушының шығындарын осы шартты тұтынушының электр энергиясын сатып алушылар желіге жіберілген электр энергиясының жалпы көлеміне қатысты сатып алушының сатып алған электр энергиясы көлемінің тиісті үлесіне барабар өтейді.
5. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген жылу энергиясын сатып алу-сату шарттары жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде айқындалған, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының өзін-өзі ақтау мерзімінен кем емес кезеңге жасалады.
6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндіретін және орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiндегi жылу тасымалдағыштың тиісті параметрлерiне сәйкес келетiн параметрлерiмен елдi мекеннің орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiне берiлетін барлық жылу энергиясын осы елді мекеннің энергиямен жабдықтаушы ұйымы сатып алады.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі өндiрген жылу энергиясына жұмсалатын шығындар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен энергиямен жабдықтаушы ұйымның тарифiне енгізіледі.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жылумен жабдықтаудың маусымдық сипатына байланысты орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесiне жылу энергиясын беру кезеңдерiн энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келiседi.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жылу энергиясын беру кезiнде энергия берушi ұйымдардың жылу энергиясын беру қызметіне ақы төлеуден босатылады.
7. Энергия беруші ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдарға желілер бойынша электр энергиясын беруге еркін қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
Бұл ретте жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясын беру кезінде энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беру қызметтеріне ақы төлеуден босатылады.
8. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен өндірілетін электр энергиясының теңгерімсіздігін қаржылық реттеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс істеу қағидаларына сәйкес, жаңартылатын энергия көздерін қолдауға арналған тариф бойынша қаржы-есеп айырысу орталығы жүзеге асырады.
9. Нетто-тұтынушы өзіне қызмет көрсететін энергиямен жабдықтаушы ұйымға оның қолданыстағы тарифі бойынша, электр желісінен есепті кезең ішінде өзі тұтынған электр энергиясының көлеміне, нақ сол кезең ішінде электр желісіне нетто-тұтынушы берген көлемді шегере отырып, ақы төлейді.
Электр желісіне есепті кезең ішінде нетто-тұтынушы берген электр энергиясының көлемі желіден нақ сол кезең ішінде өзі тұтынған электр энергиясының көлемінен асып кеткен жағдайда, нетто-тұтынушыға қызмет көрсететін энергиямен жабдықтаушы ұйым жоғарыда көрсетілген асып кету көлемінде, бірақ айына бес жүз киловат-сағаттан аспайтын көлемде нетто-тұтынушы берген электр энергиясын сатуға арналған ұйымның қолданыстағы тарифі бойынша нетто-тұтынушыға ақы төлейді.
10. Мемлекет Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, жиынтық қуаты бес киловаттан аспайтын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғылары құнының елу пайызы мөлшерінде жеке тұтынушыларға атаулы көмек береді. Атаулы көмек жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғылары іске қосылғаннан кейін төленеді.
11. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қондырғысын сатып алуға атаулы көмек алған жеке тұтынушы осы қондырғыда шығарылған электр және (немесе) жылу энергиясын басқа тұтынушыларға сатуды жүзеге асыруға құқылы емес.»;
7-тармақтың 11) тармақшасы жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді
11) 10-бапта:
1-тармақтағы «жаңа» деген сөз «жаңадан салынған» деген сөздермен ауыстырылсын;
3, 4, 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Энергия беруші ұйымдардың электр желілерінің өткізу қабілеті шектелген жағдайда, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өндірген электр энергиясын беруге басымдық берілуі тиіс. Бұл талап Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесіндегі авариялық бұзушылықтарды жүйелік оператордың жою кезеңдеріне қолданылмайды.
4. Қазақстан Республикасы бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне электр энергиясын беру-тұтынудың тәуліктік диспетчерлік кестелерін қалыптастыру кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен электр энергиясын беру оларға басым тәртіппен қосылады.
5. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу үшін қажетті энергия беруші ұйымдардың қолданыстағы электр және жылу желілерін кеңейтуді және реконструкциялауды энергия беруші ұйым тиісті шығындарды Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ұйымның тарифтеріне қоса отырып, жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін өзінің желілеріне қосуға өтінім берген энергия беруші ұйым электр немесе жылу энергиясының мәлімделген көлемін қабылдауға және беруге желісінің техникалық даяр болмауы себебімен қосудан бас тартуға құқылы емес.
6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен энергия беруші ұйымның желілеріне қосу нүктесіне дейінгі желілерді салуға, желіге қосуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен энергия беруші ұйымның желісіне қосу нүктесіне дейін энергия беруге және берілетін энергияны өлшеуге байланысты шығындар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің меншік иесіне жүктеледі.».
2-бап.
1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 6-тармағы 3) тармақшасының төртінші абзацын және 5) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарын, 7-тармағының 8) және 11) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіретін электр энергиясын сатып алу үшін тіркелген тарифтерді қолдану тәртібін реттейтін нормалары осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін іске қосылған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілеріне, сондай-ақ қолданыстағы негізгі генерациялайтын жабдықты ауыстыра отырып, реконструкцияланатын объектілерге ғана қолданылады. Бұл ретте реконструкцияланатын объектіде іске қосылатын жаңа жабдықтың құны осы объектіні реконструкциялау жөніндегі жұмыстар басталған кездегі реконструкциялау объектісінің баланстық құнының кемінде елу пайызын құрауға тиіс. Реконструкциялау объектісін реконструкциялау жөніндегі жұмыстар басталған кездегі оның баланстық құнының шамасын аудиторлық ұйым растауға тиіс.
3. Электр энергиясын өндіру үшін осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін іске қосылған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін пайдаланатын және өңірлік электр желілік компаниялармен және (немесе) жүйелік оператормен жасасқан электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бар энергия өндіруші ұйымдар осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде мынадай схемалардың бірін:
1) жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен және онымен келісілген техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген деңгейден аспайтын босату бағалары бойынша қаржы-есеп айырысу орталығына өткізуді;
2) жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясын Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жасалған екіжақты шарттарға сай шарттық бағалар бойынша тұтынушыларға өткізуді таңдағаны туралы шешім қабылдайды және уәкілетті органға жазбаша хабарлама береді.
Қаржы-есеп айырысу орталығының осы тармақта көрсетілген энергия өндіруші ұйымдардан электр энергиясын сатып алу мерзімі техникалық-экономикалық негіздемеде белгіленген өзін-өзі ақтаудың қалған мерзімінен аспауға тиіс.
Электр энергиясын өндіру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар белгіленген мерзімде уәкілетті органға жазбаша хабарламаны ұсынбаған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген схема бойынша электр энергиясын өткізуге құқылы емес.
4. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен және онымен келісілген техникалық-экономикалық негіздемесі бар кәсіпкерлік субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тіркелген тарифтерді бекіту туралы актісі қолданысқа енгізілгеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде мынадай схемалардың бірін:
1) жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясын тіркелген тарифтер бойынша қаржы-есеп айырысу орталығына өткізуді;
2) жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясын жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен және онымен келісілген техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген деңгейден аспайтын босату бағалары бойынша қаржы-есеп айырысу орталығына өткізуді;
3) жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясын Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес жасалған екіжақты шарттарға сай шарттық бағалар бойынша тұтынушыларға өткізуді таңдағаны туралы шешім қабылдайды және уәкілетті органға жазбаша хабарлама береді.
Кәсіпкерлік субъектілері осы тармақта көзделген мерзімде уәкілетті органда жазбаша хабарлама болмаған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген схемалар бойынша электр энергиясын өткізуге құқылы емес.
5. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген схеманы таңдаған энергия өндіруші ұйымдардың әрқайсысы үшін және осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген схеманы таңдаған кәсіпкерлік субъектілерінің әрқайсысы үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасының уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен және онымен келісілген техникалық-экономикалық негіздемесінде белгіленген босату бағасының деңгейінен аспайтын тарифті және техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес оның қолданылу мерзімін бекітеді.
Тіркелген тарифтерді жыл сайынғы индекстеу осы тармақта көзделген тарифтерге қолданылмайды.
6. Уәкілетті орган осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген кәсіпкерлік субъектілерінің және осы баптың 5-тармағында көрсетілген энергия өндіруші ұйымдардың тізбесін үш жұмыс күні ішінде қаржы-есеп айырысу орталығына жібереді.
7. Қаржы-есеп айырысу орталығының осы баптың 5-тармағында көзделген тарифтер бойынша электр энергиясын сатып алу жөніндегі шығындары жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға жұмсалатын шығындарға кіреді.
Қаржы-есеп айырысу орталығы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен және онымен келісілген техникалық-экономикалық негіздемеде белгіленген жобаның өзін-өзі ақтауының қалған мерзімінен аспайтын мерзім ішінде, осы баптың 5-тармағында көзделген тарифтер бойынша өткізілген электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы шілденің 4-і.
№ 128-V