Қазақстан Республикасының
Заңы
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы
(2012.10.07. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2013 жылғы 3 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қараңыз
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және жеке және заңды тұлғалар қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу туралы куәлік - энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган беретін, заңды тұлғалардың энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыру құзыретін куәландыратын ресми құжат;
2) квазимемлекеттік сектор субъектілері - мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқару холдингтері, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар;
3) Мемлекеттік энергетикалық тізілім - Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері туралы ақпараттың жүйеленген жиынтығы;
4) Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыратын ұйым;
5) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері - энергетикалық ресурстарды жылына шартты отынның бір мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар көлемінде энергетикалық ресурстар тұтынатын жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың субъектілері;
6) терможаңғырту - үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың жылу энергиясы ысырабының азаюына әкелетін, олардың жылу техникалық сипаттамасын жақсарту жөніндегі іс-шара;
7) үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігі сыныбы - үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тұтыну үнемділігінің пайдалану сатысындағы энергия тиімділігін сипаттаушы деңгейі;
8) шартты отын - техникалық-экономикалық есептеулер кезінде қабылданған, органикалық отынның алуан түрлерінің жылу құндылығын салыстыру үшін қызмет ететін, нормативтер мен стандарттарда регламенттелетін бірлік;
9) энергетикалық аудит (энергия аудиті) - энергия үнемдеудің мүмкіндігі мен әлеуетін бағалау және қорытынды дайындау мақсатында энергетикалық ресурстардың пайдаланылуы туралы деректерді жинау, өңдеу және талдау;
10) энергетикалық ресурстар - запастағы энергиясы қазіргі уақытта шаруашылық және өзге де қызмет түрлеріне пайдаланылатын немесе перспективада пайдаланылуы мүмкін табиғи және өндірілген энергия көздерінің жиынтығы, сондай-ақ энергия түрлері (атом, электр, химия, электрлі-магнитті, жылу және энергияның басқа түрлері);
11) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану - энергетикалық ресурстарды пайдаланудың техникалық жағынан мүмкін болатын және экономикалық жағынан ақталған деңгейіне қол жеткізу;
12) энергетикалық тиімділік (энергия тиімділігі) - энергетикалық ресурстарды пайдаланудан болған пайдалы әсердің осы әсерді алу мақсатында өндірілген энергетикалық ресурстардың шығындарына қатынасын көрсететін сипаттамалар;
13) энергия тұтынатын электр құрылғысының энергия тиімділігі сыныбы - энергия тұтынатын электр құрылғысының энергия тұтыну үнемділігінің пайдалану сатысындағы энергия тиімділігін сипаттаушы деңгейі;
14) энергия үнемдеу - пайдаланылатын энергетикалық ресурстардың көлемін азайтуға бағытталған ұйымдастырушылық, техникалық, технологиялық, экономикалық және өзге де шараларды іске асыру;
15) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу - энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті органның энергия аудиті және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыруға заңды тұлғалардың құзыретін ресми тану рәсімі;
16) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы менеджмент (энергия менеджменті) - энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатын, іс-шаралар жоспарын, мониторинг рәсімдері мен әдістемелерін, энергия тұтынуды бағалауды әзірлеу мен іске асыруды және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған басқа да іс-қимылдарды қамтитын, энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге және басқару объектісінің энергия тиімділігін арттыруға бағытталған әкімшілік іс-қимылдар кешені;
17) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
18) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасы - энергетикалық ресурстарды пайдаланумен және үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды салу, сондай-ақ оларды реконструкциялауды, күрделі жөндеуді жүргізу кезінде тұтынушылардың энергиямен қамтамасыз етуге арналған шығындарын оңтайландыруымен байланысты сәулет-құрылыс және техникалық шешімдердің энергия тиімділігін бағалау мақсатында жүргізілетін сараптама;
19) энергия үнемдеуші жабдық - энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жабдық;
20) энергия үнемдеуші материал - энергетикалық ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін материал.
2-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғандардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік реттеу
3-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттары
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттары:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында техникалық реттеуді жүзеге асыру;
2) энергетикалық ресурстарды өндіру және тұтыну саласындағы теңгерімді тарифтік саясат пен баға белгілеуді жүзеге асыру;
3) энергия үнемдейтін жабдықтар мен материалдарды пайдалануды қоса алғанда, энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру;
4) энергетикалық ресурстардың тиімді пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
5) энергетикалық ресурстарды тиімді пайдаланудың экономикалық, экологиялық және әлеуметтік артықшылықтарын насихаттау, осы салада қоғамдық білім беру деңгейін арттыру;
6) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асырады;
3) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу қағидасын бекітеді;
5) энергия тұтынудың нормативтерін, дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың электр желілеріндегі қуат коэффициентінің нормативтік мәнін бекітеді;
6) Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін бекітеді;
7) Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторын айқындайды;
8) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар қызметін бағалау тетігін бекітеді;
9) үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың және олардың қоршау конструкцияларының бөлігі болып табылатын элементтерінің энергия тиімділігі жөніндегі талаптарды белгілейді;
10) көліктің энергия тиімділігі бойынша талаптарды белгілейді;
11) электр қозғалтқыштарының энергия тиімділігі бойынша талаптарды белгілейді;
12) үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігі сыныбын айқындау және қайта қарау қағидасын бекітеді;
13) энергия аудитін жүргізу тәртібін және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүргізу тәртібін бекітеді;
14) үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына қойылатын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптарды бекітеді;
15) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үлгі келісімді бекітеді;
16) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы салалық бағдарламаны бекітеді;
17) энергия аудитінің қорытындысы бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекітеді;
18) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының қызмет тәртібін айқындайды;
19) орталық атқарушы органдардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы жөніндегі есептерінің нысанын және оларды ұсыну мерзімдерін бекітеді;
20) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
3) мемлекеттік органдардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
4) Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
6) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
7) Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың нысанын әзірлейді және бекітеді;
8) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы салалық бағдарламаны әзірлейді;
5-баптың 9) тармақшасы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
9) Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің энергетикалық ресурстарды, суды тұтынудың көлемін өнімнің, үйлердің, құрылыстар мен ғимараттардың алаңы бірлігіне, энергия аудиті қорытындылары бойынша айқындалған шамаға дейін жыл сайын азайтуды қамтамасыз етпеген субъектілерінің, оның ішінде энергия тұтынудың нормативтерін сақтамайтын мемлекеттік мекемелерді қамтитын тізбесін қалыптастырады және өзінің интернет ресурсында орналастырады;
10) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ технологиялық әзірлемелерді жүргізуді ұйымдастырады және үйлестіреді;
11) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссияны құрады, оның құрамын және қызмет тәртібін бекітеді;
12) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы аккредиттеуді жүргізеді және аккредиттеу туралы куәліктің нысанын бекітеді;
13) аккредиттеу туралы куәлік алған заңды тұлғалардың тізілімін жүргізеді;
14) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарын құруды және олардың жұмысын ұйымдастырады;
15) энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының тізбесін қалыптастырады;
16) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылу мониторингін жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде орталық атқарушы органдар ұсынатын есептерге талдау жүргізеді;
17) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы үлгілік келісімді әзірлейді;
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
19) Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады;
20) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы құзыреті
1. Орталық атқарушы органдар өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша және мерзімдерде уәкілетті органға энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру туралы есептерді береді.
2. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган:
1) үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды реконструкциялау, салу мақсатында әзірленетін және бекітілетін сәулет-құрылыс және өзге де жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;
2) терможаңғыртуды ескере отырып, үлгілік көппәтерлі үйлердің жобалау алдындағы және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамаларының әзірленуі мен бекітілуін қамтамасыз етеді;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган:
1) кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес энергия тұтынатын электр құрылғылардың техникалық құжаттамасында және заттаңбаларында энергия тиімділігінің сыныбы мен сипаттамаларының белгіленуіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды тиісті аумақтың даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтынудың нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды тиісті аумақтың даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтынудың нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, мемлекеттік мекемелердің энергия аудитін өткізуді, терможаңғыртуды, мемлекеттік мекемелер үшін энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптары мен жылу тұтынуды реттеудің автоматты жүйелерін сатып алуды және орнатуды ұйымдастырады, сондай-ақ энергия үнемдейтін шамдарды пайдалануды ескере отырып, саябаққа және көшеге жарық беруді жаңғыртуды қамтамасыз етеді;
4) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жаратуды ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
6. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму бағдарламасына енгізуді қамтамасыз етеді;
2) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
3) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтыну нормативтерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады, мемлекеттік мекемелердің энергия аудитін өткізуді, терможаңғыртуды, мемлекеттік мекемелер үшін энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптары мен жылу тұтынуды реттеудің автоматты жүйелерін сатып алуды және орнатуды ұйымдастырады, сондай-ақ энергия үнемдейтін шамдарды пайдалануды ескере отырып, саябаққа және көшеге жарық беруді жаңғыртуды қамтамасыз етеді;
4) тұрғындарда пайдалануда болған, құрамында сынап бар энергия үнемдеу шамдарын кәдеге жаратуды ұйымдастырады;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
7-бап. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік бақылау:
1) Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ұсынылатын ақпараттың дұрыстығына;
2) осы Заңның 11-бабының 3-тармағында көрсетілген объектілерден басқа, үйлерде, құрылыстар мен ғимараттарда энергия тиімділігі жөніндегі талаптардың орындалуына;
3) дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың энергия тұтыну нормативтері мен электр желілеріндегі қуат коэффициентінің нормативтік мәндерін сақтауына;
4) энергия аудитінің және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасының жүргізілуіне, энергия аудитін және (немесе) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру сараптамасын жүзеге асыратын кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ энергия менеджменті жүйесін құру, енгізу және ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарына қойылатын талаптардың сақталуына;
5) осы Заңда және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру саласындағы басқа да нормативтік құқықтық актілерде белгіленген өзге де талаптардың сақталуына жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3-тарау. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жалпы талаптар
8-бап. Энергия үнемдейтін жабдықтар мен материалдарды пайдалану, жаңа объектілерді қабылдау бойынша шектеулер және тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы төлеу
1. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын объектілердің құрылыс жобаларында энергия үнемдейтін материалдарды міндетті пайдалану, энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарын, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату көзделеді.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің жобаларында энергия үнемдейтін материалдарды міндетті пайдалану, жалпы үйдің жылу энергиясын есепке алу аспаптарын және пәтер бойынша электр энергиясын, суық және ыстық суды, газды есепке алу аспаптарын, сондай-ақ жылыту жүйелерінде реттеуші аспаптарды, жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерін орнату көзделеді.
8-баптың 2-тармағы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Энергетикалық ресурстарды тұтынатын, энергетикалық ресурстарды есепке алудың тиісті аспаптарымен және жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелерімен жарақтандырылмаған жаңа объектілерді пайдалануға қабылдауға жол берілмейді.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының жылу тұтынуды реттеудің автоматтандырылған жүйелері бөлігіндегі талаптары жылу энергиясын сағат бойынша орташа 50 кВт-дан аз тұтынатын (жылу энергиясы, жылыту, желдету, кондиционерлеу және ыстық сумен жабдықтау шығыстарын қоса алғанда) объектілерге қолданылмайды.
8-баптың 4-тармағы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
4. Тұтынушылар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес бекітілген, жылу энергиясын есепке алу аспаптарының болуына немесе болмауына байланысты сараланған тарифтер бойынша тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы төлеуді жүргізеді.
9-бап 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
9-бап. Мемлекеттік энергетикалық тізілім
1. Мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілетін ақпарат:
1) Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің атауын, мекенжайы мен олардың қызметінің негізгі түрлерін;
2) күнтізбелік бір жыл ішінде заттай және ақшалай көріністегі энергетикалық ресурстарды және суды өндіру, шығару, тұтыну, беру және жоғалту көлемдерін;
3) энергия аудиті қорытындысы бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ осы энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілетін толықтыруларды және (немесе) өзгерістерді;
4) есепті кезең ішінде энергия аудиті қорытындысы бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектісі әзірлейтін энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелерін;
5) өнім бірлігіне шаққанда нақты энергия тұтынуды және (немесе) үйлер, құрылыстар, ғимараттар ауданының бірлігіне шаққанда жылытуға кеткен энергетикалық ресурстар шығынын;
6) энергия аудиті бойынша қорытындының көшірмесін;
7) энергетикалық ресурстарды есепке алу аспаптарымен жарақтандырылуы туралы ақпаратты қамтиды.
2. Мемлекеттік мекемелер үшін 3), 4), 6) тармақшаларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратты Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері жыл сайын қағаз және электронды жеткізгіштерде бірінші наурызға дейін Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторына ұсынады.
3. Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің және мемлекеттік органдардың деректері негізінде уәкілетті орган жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын және Қазақстан Республикасында энергетикалық ресурстарды пайдалану тиімділігін талдауды және болжамдауды қамтамасыз етеді.
10-бап. Энергия менеджменті
10-баптың 1-тармағы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1. Жылына бір мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар шартты отын көлемінде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілері энергия менеджменті бойынша халықаралық стандарттың талаптарына сәйкес энергия менеджментінің жүйесін құруға, енгізуге және оның жұмысын ұйымдастыруға міндетті.
2. Энергия менеджменті жүйесін құруды, енгізуді және ұйымдастыруды бақылау жылына бір мың бес жүз және одан көп тоннаға барабар шартты отын көлемінде энергетикалық ресурстарды тұтынатын Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің бірінші басшыларына жүктеледі.
11-бап. Үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігін қамтамасыз ету
1. Жобаланатын және салынатын (реконструкцияланатын, күрделі жөнделетін) үйлер, құрылыстар, ғимараттар Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігі бойынша талаптары:
1) үйдегі, құрылыстағы, ғимараттағы энергетикалық ресурстар шығынының үлестік шамасын сипаттайтын көрсеткіштерді;
2) сәулет, көлемдік-жоспарлау, технологиялық, конструкциялық және инженерлік-техникалық шешімдерге үйлердің, құрылыстардың, ғимараттардың энергия тиімділігіне ықпал ететін талаптарды;
3) үйлерде, құрылыстарда, ғимараттарда пайдаланылатын инженерлік жүйелер мен технологиялық жабдықтарға қойылатын талаптарды;