«Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға байланысты қылмыстар жөніндегі істер бойынша қылмыстық заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 29 маусымдағы № 3 Нормативтік қаулысын қара
301-бап. Поезды қажет болмаған жағдайда өз бетiнше тоқтату
Поезды стоп-кранмен не ауа тежегiш магистральдарын ажырату жолымен немесе өзге әдiспен қажет болмаған жағдайда өз бетiнше тоқтату, егер бұл кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, -
екi жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 302-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 302-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
302-бап. Көлiкте қолданылатын қағидаларды бұзу
1. Жол, құрылыс және басқа да ұйымдарда басқару функцияларын атқаратын және жолдар мен жол құрылыстарын, олардың жабдықтарын пайдалануға, сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастыруға жауапты адамдардың, денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiрген, осындай әрекетті жасағаны үшін оған бір жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылған адамның көлiкте қолданылатын тәртiпті сақтау және қозғалыс қауiпсiздiгi қағидаларын бұзуы, -
жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз, бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
2. Адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет, -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 303-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
303-бап. Магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу кезiнде қауiпсiздiк ережелерiн бұзу
1. Магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу кезiнде қауiпсіздiк ережелерiн бұзу, егер бұл әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге не iрi залал келтiруге әкеп соқса, -
екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда кiсi өлiмiне әкеп соққан дәл сол әрекет -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет -
төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2010.06.10. № 343-ІV ҚР Заңымен 304-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
304-бап. Құбырларды қасақана зақымдау немесе қирату
1. Құбырларды, оның ішінде мұнай-газ құбырларын қасақана зақымдау немесе қирату, -
екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлік тәркіленіп, нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Нақ сол әрекет:
а) абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқса;
б) бірнеше рет жасалса;
в) адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса, -
қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлік тәркіленіп, екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекет:
а) қоршаған ортаны ластауға әкеп соқса;
б) ірі залал келтіруге әкеп соқса;
в) ұйымдасқан топ жасаса;
г) абайсызда адам өліміне әкеп соқса, -
сотталған адамның мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, сондай-ақ қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлік тәркіленіп, жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2010.06.10. № 343-ІV ҚР Заңымен 304-1-баппен толықтырылды; 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен 304-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
304-1-бап. Құбырларды абайсызда зақымдау немесе қирату
1. Құбырларды, оның ішінде мұнай-газ құбырларын, белгіленген пайдалану режимінен ауытқуына әкеліп соққан не адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтірудің нақты қатерін төндірген, абайсызда зақымдау немесе қирату, -
айлық есептік көрсеткіштің үш жүзден алты жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға жазаланады.
2. Нақ сол әрекет:
а) абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге;
б) қоршаған ортаны ластауға;
в) ірі залал келтіруге;
г) абайсызда адам өліміне әкеп соқса, -
екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 305-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
305-бап. Кеме капитанының апатқа ұшырағандарға көмек көрсетпеуi
1. Теңiзде немесе өзге де су жолында апатқа ұшыраған адамдарға кеме капитанының, егер осы көмек көрсету өзiнiң кемесiне, оның экипажы мен жолаушылары үшiн елеулi қауiп келтiрмейтiн болғанда, көмек көрсетпеуi -
екi жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Теңiзде немесе су жолында соқтығысқан кемелердiң бiрiнiң капитанының басқа кеменi құтқару үшiн тиiстi шаралар қолданбауы абайсызда кеменiң опат болуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, егер бұл шараларды өз кемесiне, оның экипажы мен жолаушыларына елеулi қауiп төндiрмей қолдану мүмкiн болса, -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 306-бап өзгертілді
306-бап. Ұшудың халықаралық ережелерiн бұзу
1. Рұқсатта көрсетiлген маршруттарды, қону орындарын, әуе қақпаларын, ұшу биiктiгiн сақтамау немесе халықаралық ұшу ережелерiн өзге де бұзу -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Кiсi өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекеттер -
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ҚР 25.09.03 ж. № 484-II Заңымен 13-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
13-тарау. Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару
мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстар
23.07.99 ж. № 454-1 ҚР Заңына сәйкес ескерту өзгертілді; 05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңына сәйкес 307-бап өзгертілді; 25.09.03 ж. № 484-II ҚР Заңымен 307-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2007.21.07. № 308-III ҚР Заңымен; 2009.07.12. № 222-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.01.02. № 551-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 307-бап өзгертілді
307-бап. Қызмет өкiлеттігін терiс пайдалану
1. Мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның қызметтiк өкiлеттiгiн өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiне кереғар пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса, -
бес жүзден бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Лауазымды адам жасаған нақ сол әрекет, -
бір мыңнан екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адам жасаған нақ сол әрекет, -
екі мыңнан төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан не ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қауымдастықтың (қылмыстық ұйымның) мүддесінде жасалған әрекеттер, -
мүлкі тәркіленіп, жеті жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертулер.
1. Мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамдарға лауазымды адамдар, Парламент пен мәслихаттардың депутаттары, судьялар және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес барлық мемлекеттік қызметшiлер жатады.
2. Мемлекеттік қызмет атқаруға уәкiлеттi адамдарға:
1) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адамдар;
2) заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасының Парламентi мен мәслихаттардың депутаттығына, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органдарының мүшелiгiне кандидаттар ретiнде тiркелген азаматтар;
3) жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетiнiң қаражатынан төленетiн қызметшiлер;
4) мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі елу пайыздан көп болатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, олардың дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы өздеріне тиесілі еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы көрсетілген еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда басқару функцияларын атқаратын адамдар теңестіріледі.
3. Тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша өкiметтiң өкiлi қызметiн жүзеге асырушы не мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-әкiмшiлiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық қызметтердi орындаушы адамдар лауазымды адамдар деп танылады.
4. Мемлекет қызметтерiн және мемлекеттік органдардың өкiлеттiктерiн тiкелей орындау үшiн Қазақстан Республикасының Конституциясында , Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгiленген лауазымдарды атқаратын адамдар, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік қызметшiлердiң саяси лауазымдарын атқаратын адамдар жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адамдар деп түсiнiледi.
5. Осы Кодекстің 176-бабы үшінші бөлігінің г) тармағында, 177-бабы үшінші бөлігінің г) тармағында, 192-бабы екінші бөлігінің в) тармағында, 193-бабы үшінші бөлігінің а) тармағында, 209-бабы үшінші бөлігінің а) тармағында, 226-1-бабы үшінші бөлігінің б) тармағында, 307-бабында, 308-бабы төртінші бөлігінің в) тармағында, 310 - 315-баптарында, 380-бабында, 380-1-бабы екiншi бөлiгiнiң в) тармағында, 380-2-бабында көзделген қылмыстар сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп танылады.
2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен 307-1-баппен толықтырылды
307-1-бап. Ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалған операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты заңсыз жария ету немесе өзгедей заңсыз пайдалану
Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалған операциялар туралы қаржы мониторингі субъектілерінен алынған мәліметтер мен ақпаратты заңсыз жария етуі немесе өзгедей заңсыз пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соқса -
бес жүзден бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңына сәйкес 308-бап өзгертілді; 25.09.03 ж. № 484-II ҚР Заңымен 308-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2009.07.12. № 222-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 308-бап өзгертілді
308-бап. Билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану
1. Билiктi не лауазымдық өкiлеттiктi асыра пайдалану, яғни мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның өзiнiң құқықтары мен өкiлеттiгi шегiнен көрiнеу асып кететiн және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соғатын әрекеттер жасауы -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Лауазымды адам жасаған нақ сол әрекет, -
үш жүзден жетi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адам жасаған нақ сол әрекет, -
бес жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер не ауыр зардаптарға әкеп соқтырған әрекеттер:
а) күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы;
б) қаруды немесе арнайы құралдарды қолдану арқылы;
в) өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында жасалса, -
мүлкі тәркіленіп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 309-бап өзгертілді
309-бап. Лауазымды адамның өкiлеттiгiн иемдену
Лауазымды адам болып табылмайтын мемлекеттік қызметшiнiң лауазымды адамның өкiлеттiгiн иемденуi және соған байланысты оның жасаған әрекетi азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса, -
елуден жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не жүз жиырма сағаттан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланады.
10.07.98 ж. № 283-1 ҚР Заңына сәйкес 310-бап өзгертiлдi; 25.09.03 ж. № 484-II ҚР Заңымен 310-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2009.07.12. № 222-IV ҚР Заңымен 310-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.18.01. № 393-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 310-бап өзгертілді
310-бап. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу
1. Мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адамның не оған теңестірілген адамның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын ұйым құруы не мұндай ұйымды басқаруға заңда белгіленген тыйым салуға қарамастан, жеке өзінің немесе сенім білдірген адам арқылы қатысуы, егер осы әрекеттер мұндай ұйымға жеңілдіктер және артықшылықтар беруге немесе өзге де нысандағы қамқоршылыққа байланысты болса, -
екі жүзден төрт жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, лауазымды адам жасаған әрекеттер, -
екі мыңнан төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе жеті жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жауапты мемлекеттік лауазымдағы адам жасаған әрекеттер, -
төрт мыңнан алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Лауазымды адамның мемлекеттік емес ұйымдарға, оның ішінде қоғамдық бірлестіктерге лицензиялау жөніндегі өкілеттіктерді беруге әкеп соққан іс-әрекеттер жасауы, -
екі мыңнан төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға жазаланады.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 310-1-баппен толықтырылды
310-1-бап. Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау
1. Дара кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерін ұйымдық-құқықтық нысанына немесе меншік нысанына қарай шектеу, сол сияқты дара кәсіпкердің немесе коммерциялық ұйымның дербестігін шектеу не қызметіне өзгедей заңсыз араласу, егер бұл әрекеттерді мемлекеттiк функцияларды атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның қызметтiк өкiлеттiктерiн өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiне кереғар пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне ірі залал келтіруге әкеп соқса, -
бес жүзден бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттерді:
а) лауазымды адам;
б) алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы;
в) ұйымдасқан топ жасаса, -
бір мыңнан екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не жүз сағаттан жүз елу сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не екі жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді:
а) жауапты мемлекеттiк лауазым атқаратын адам;
б) аса ірі мөлшерде;
в) ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) мүддесінде жасаса, -
екі мыңнан бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, не жүз елу сағаттан екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не мүлкі тәркіленіп, дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертулер.
1. Осы бапта азаматқа айлық есептiк көрсеткiштен жүз есе асатын сомада келтiрiлген залал, не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен мың есе асатын сомада келтiрiлген залал iрi залал деп танылады.
2. Қылмыс жасалу сәтінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштен мың есе асатын сомада азаматқа келтiрiлген залал, не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептiк көрсеткiштен он мың есе асатын сомада келтiрiлген залал аса iрi залал деп танылады.
05.05.00 ж. № 47-II ҚР Заңымен ; 25.09.03 ж. № 484-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.21.07. № 308-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.07.12. № 222-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 311-бап өзгертілді
311-бап. Пара алу
1. Мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның өзi немесе делдал арқылы пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамның пайдасына жасаған iс-әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлiк, мүлiкке құқығы немесе мүлiк сипатындағы өзі немесе басқа адамдар үшін пайда түрiнде пара алуы, егер, мұндай iс-әрекет (әрекетсiздiк) мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның қызметтiк өкiлеттiгiне кiретiн болса не ол қызметтiк жағдайына байланысты осындай iс-әрекетке (әрекетсiздiкке) мүмкiндiк жасаса, сол сияқты жалпы қамқоршылығы немесе қызметi бойынша жол берсе, -
жетi жүзден екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, мүлкi тәркiленiп немесе онсыз нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Лауазымды адамның нақ сол әрекеттердi жасауы, сол сияқты заңсыз iс-әрекет (әрекетсiздiгi) үшiн пара алуы -
жеті жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, мүлкi тәркiленiп үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, жауапты мемлекеттік лауазымды атқарушы адам жасаған әрекеттер -
жеті жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып, мүлкi тәркiленiп бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер олар:
а) қорқытып алу жолымен;
б) адамдар тобы алдын ала сөз байласып немесе ұйымдасқан топ;
в) iрi мөлшерде;
г) әлденеше рет жасалса -
мүлкiн тәркiлеп жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші немесе төртінші бөліктерінде көзделген әрекеттер, егер олар аса ірі мөлшерде жасалса, —
мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту.
1. Бес жүз айлық есептiк көрсеткiштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүлiктiң немесе мүлiктiк сипаттағы пайданың құны iрi мөлшердегi пара деп танылады.
2. Егер сыйлықтың құны екi айлық есептiк көрсеткiштен аспаса, мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның бiрiншi рет сыйлық ретiнде мүлiк, мүлiкке немесе өзге мүлiктiк пайдаға құқық алуы бұрын жасалған заңды әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн алдын ала уағдаластық болмаған жағдайда маңызы аз екендiгiне байланысты қылмыс болып табылмайды және тәртiптiк немесе әкімшілік ретпен қудаланады.
3. Екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасы, бағалы қағаздардың, өзге де мүліктің немесе мүліктік сипаттағы пайданың құны аса ірі мөлшердегі пара болып танылады.
4. Осы Кодекстің осы бабына және 312-бабына қатысты лауазымды адамдарға осы Кодекстің 307-бабының ескертулерінде көрсетілген лауазымды адамдар, сондай-ақ шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың лауазымды адамдары жатады.