2) атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса;
3) борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
2. Атқарушылық санкциясы республикалық бюджетке аударылады.
3. Борышкер атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысын дауға салу туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның мөлшерін азайту немесе атқарушылық санкциясын өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
125-бап. Борышкердiң атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi
1. Борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
2. Жауапқа тартылу борышкердi атқарушылық құжатта көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.
3-БӨЛІМ. СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
14-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІНІҢ НЕГІЗДЕРІ
126-бап. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасау кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен:
1) орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға (жеке сот орындаушысын қоспағанда);
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты, түсiнiктемелер мен анықтамаларды өтеусіз алуға құқылы. Бұл ретте жеке және заңды тұлғалар оларды дереу, ал арнайы құжаттарды өңдеудi, дайындауды талап ететiн жағдайларда үш күннен кешіктірмей сот орындаушысына беруге мiндеттi;
4) атқарушылық әрекеттер жасағанда негiзге алынатын атқарушылық құжаттар түсiнiксiз болған жағдайда түсiнiк алу үшiн сотқа немесе атқарушылық құжатты берген басқа да органдарға жүгiнуге;
5) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша, оның iшiнде орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру, ұзарту, орындау тәсiлi мен тәртібін өзгерту туралы, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша борышкерге iздеу салу мәселелерi бойынша сотқа ұсыныстар енгiзуге;
6) iс жүргiзiлiп жатқан атқарушылық құжаттар бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыртуға;
7) кез келген меншiк нысанындағы ұйымдарда атқарушылық құжаттардың орындалуын және олар бойынша құжаттаманың жүргiзiлуiн тексеруге;
8) нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша атқарушылық іс жүргізудің қатысушыларына тапсырмалар беруге;
9) борышкерлер, сондай-ақ оларда борышкерге тиесiлi мүлiктiң тұрғанын растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесiлi үй-жайлар мен қоймаларға кiруге құқылы. Қажет болған жағдайда борышкердің қатысуынсыз үй-жайлар мен қоймаларды мәжбүрлеп ашуға, куәгерлердің қатысуымен тексерулер жүргiзуге;
10) атқарушылық құжаттарды орындауға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдар, ұйымдар басшыларының және басқа да лауазымды адамдарының қабылдауына дереу кiруге;
11) борышкерлердiң банктердегi ақшалары мен бағалы қағаздарына осы Заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға;
12) мүлiктің кiмге тиесiлi екенiн анықтағанға дейiн осы Заңның 63-бабының 1-тармағында көзделген қағидаларды сақтай отырып оған уақытша тыйым салуға;
13) тыйым салынған мүлiктi алып қоюға, сақтау үшiн беруге және өткізуге;
14) алынған мүлiктi сақтау үшiн ұйымдардың үй-жайын, сол мүлiктi тасу үшiн өндiрiп алушы мен борышкердiң көлiгiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалануға;
15) қажет болған жағдайларда атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тартуға;
16) қылмыстық қудалау органына сот актілерін орындаудан қасақана жалтарған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзуге;
17) егер атқарушылық құжатты орындау процесінде осындай қажеттiлiк туындаса, басқа қаланың немесе ауданның сот орындаушыларына жекелеген атқарушылық әрекеттер жасауды тапсыруға;
18) Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
2. Сот орындаушысы:
1) сот актілерін, оның ішінде талап-арызды қамтамасыз ету және бітімгершілік келісімін бекіту жөніндегі сот ұйғарымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда өзге де органдардың актілерін орындауға;
2) тараптарға немесе олардың өкiлдерiне атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелер түсiруге мүмкiндiк беруге;
3) атқарушылық iс жүргiзу мәселесі жөніндегі арыздар мен тараптардың өтiнiштерiн қарауға және олар бойынша қаулылар шығаруға, оларға шағым және наразылық білдіру мерзiмдерi мен тәртібін түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесіне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға;
4) Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттер жасауға мiндеттi.
3. Сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
127-бап. Сот орындаушысының шешіміне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасау
Өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі шешіміне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкiн. Шағым Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген тәртiппен және мерзiмде сотқа берiледi.
128-бап. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамағаны үшін жауаптылық
1. Сот орындаушысының сот актілері мен басқа да органдардың актілерін орындау бойынша қоятын талаптары барлық органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті.
2. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сот орындаушысын борышкердің ақшалай сомасының немесе мүлкінің бар-жоғын тексеруге жіберуден бас тарту, сұрату бойынша мәліметтерді бермеу, қорлау, қорқыту, күш көрсету немесе сот орындаушысының қызметтік әрекетіне байланысты өзінің немесе отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына, мүлкіне қол сұғу, сот орындаушысының қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтіретін басқа да әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Сот орындаушысын мемлекеттік органның, меншік нысанына қарамастан, ұйымның ғимаратына, үй-жайына немесе аумағына қызметтік куәлігін көрсеткен кезде кедергісіз кіргізуден бас тартудан көрінетін заңды қызметіне кедергі келтірілген кезде сот орындаушысы бұл туралы акт жасайды, ал кінәлілерді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін материалды орындалатын жері бойынша сотқа береді.
15-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
129-бап. Атқарушылық іс жүргізу жүйесі
1. Атқарушылық іс жүргізу органдарының жүйесін:
1) уәкілетті орган;
2) уәкілетті органның облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық органдары (аумақтық органдар);
3) аумақтық органдардың аудандардағы, қалалардағы және қалалардың аудандарындағы бөлімдері (аумақтық бөлімдер) құрайды.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті органның өкілеттігі және қызметінің тәртібі Қазақстан Республикасы Әділет министрі бекітетін ережеде айқындалады.
Уәкілетті органның аумақтық органдары мен аумақтық бөлімдерінің өкілеттігі және қызметінің тәртібі уәкілетті орган бекітетін ережеде айқындалады.
130-бап. Мемлекеттік сот орындаушысын қызметке тағайындау тәртібі
1. Мемлекеттік сот орындаушысы мемлекеттік қызметші болып табылады.
2. Мемлекеттік сот орындаушысын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аумақтық органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
3. Мемлекеттік сот орындаушыларының сандық құрамы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 131-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен 131-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
131-бап. Мемлекеттік сот орындаушысына қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, жоғары заңгерлiк бiлiмi бар, Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiн, өзiнiң iскерлiк және жеке басының қасиеттерiмен, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша өзiне жүктелген мiндеттердi орындауға қабiлеттi адам мемлекеттік сот орындаушысы болып тағайындалуы мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған; өзіне мемлекеттік сот орындаушысы қызметіне тағайындалғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған; сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған; заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам мемлекеттік сот орындаушысы бола алмайды.
3. Мемлекеттік сот орындаушыларына қызметтiк куәлiктер берiледi, олар үлгiлерiн уәкiлеттi орган бекiтетiн нысанды киіммен (погонсыз), жетонмен және эмблемамен қамтамасыз етiледi.
132-бап. Мемлекеттік сот орындаушысының жауаптылығы
Мемлекеттік сот орындаушысының өзiне жүктелген мiндеттердi және лауазымдық өкiлеттiктердi орындамауы не тиiсiнше орындамауы заңдарда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
133-бап. Мемлекеттік сот орындаушысының қызметiн бақылау
Мемлекеттік сот орындаушысының қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган және оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 134-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
134-бап. Аумақтық бөлiмнiң басшысы - аға сот орындаушысы
Аумақтық бөлiмнiң басшысы - аға сот орындаушысы:
1) өзi басқарып отырған аумақтық бөлiмнiң жұмысын ұйымдастырып, бақылайды және мемлекеттік сот орындаушыларына жүктелген мiндеттердiң орындалуына дербес жауапты болады;
2) уәкiлеттi және аумақтық органдардың бұйрықтарының, әдiстемелiк ұсынымдарының, нұсқауларының және өкiмдерiнiң орындалуын ұйымдастырады;
3) сот орындаушыларының әрекеттерiне жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен арыздарын шешудi жүзеге асырады, оларды қабылдауды жүргiзедi;
4) аумақтық бөлiмнiң қызметi туралы статистикалық есептiлiк жасайды және iс жүргiзу мен мұрағат жүргiзу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
5) осы Заңда көзделген атқарушылық әрекеттерді жасайды;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттердi жасайды.
135-бап. Мемлекеттік сот орындаушыларының қызметiн қамтамасыз ету
Мемлекеттік сот орындаушыларының қызметiн ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
136-бап. Атқарушылық iс жүргiзу органдары қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғау шаралары
Атқарушылық iс жүргiзу органдарының қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда қаза тапқандардың отбасылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алуға құқылы.
16-тарау. ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
137-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызмет
1. Жеке сот орындаушыларының сот актілерін және өзге де органдардың актілерін орындау жөніндегі қызметі - осы Заңда аталған атқарушылық құжаттарды орындаудың балама тәсілі.
2. Жеке сот орындаушыларының қызметі Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасына
сәйкес атқарушылық және өзге де әрекеттерді жасау кезінде адам мен азаматтың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.
138-бап. Жеке сот орындаушысы қызметінің негіздері
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жеке сот орындаушысының орындауына, мемлекеттен өндіру туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, осы Заңда көзделген барлық атқарушылық құжаттар қабылдануы мүмкін.
2. Жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді өтеулі негізде жүргізеді. Жеке сот орындаушысы жасаған атқарушылық әрекеттерге ақы төлеу осы Заңда көзделген тәртіппен айқындалған тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады.
3. Жеке сот орындаушыларына Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасының борышкерден атқару санкциясын өндіріп алу бөлігіндегі ережелері қолданылмайды.
139-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметке кепілдік
1. Жеке сот орындаушысы өз қызметінде әділ әрі тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясын, осы Заңды, Қазақстан Республикасындағы атқарушылық іс жүргізуді реттейтін басқа да заңдарды, сондай-ақ халықаралық шарттарды басшылыққа алады.
2. Жеке сот орындаушысына қызметтік міндеттерін орындау кезінде, сондай-ақ оның кеңсесінде жұмыс істейтін адамдарға атқарушылық әрекеттер жасауына байланысты, оның ішінде өкілеттігін тоқтатқаннан немесе жұмысынан босатылғаннан кейін де, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзіне белгілі болған мәліметтерді жариялауға, құжаттарды жария етуге тыйым салынады.
Жасалған атқарушылық әрекеттер туралы мәліметтер (құжаттар) олардың атынан, тапсырмасы бойынша немесе осы әрекеттер соларға қатысты жасалған адамдарға ғана берілуі мүмкін.
Жасалған атқарушылық әрекеттер туралы анықтамалар өздерінің іс жүргізуіндегі қылмыстық немесе азаматтық істерге байланысты сот, прокуратура, тергеу органдарының талап етуі бойынша беріледі.
1-параграф. Жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындау
140-бап. Қазақстан Республикасындағы жеке сот орындаушысы
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жеке сот орындаушысы лауазымына жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлiк бiлiмi бар, жеке сот орындаушысында үздiксiз тағылымдамадан өткен, бiлiктiлiк емтиханын тапсырған, атқарушылық құжаттарды орындау жөнiндегi қызметпен айналысу құқығына лицензия (бұдан әрi - сот орындаушысының лицензиясы) алған, осы Заңда белгiленген тәртiппен жеке сот орындаушысының бос лауазымына орналасуға конкурстан өткен Қазақстан Республикасының азаматы тағайындалады.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған; өзіне жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындалғанға дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған; сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған; бұрын мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептермен босатылған; заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар; кезеңдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық іс бойынша борышкер болып табылатын және үш айдан артық кезеңдік өндіріп алу бойынша берешегі бар адамды қоспағанда, атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып табылатын; жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына берілген лицензиядан айрылған адам жеке сот орындаушысы бола алмайды.
3. Жеке сот орындаушысы зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін өз қызметін жүзеге асыруға құқылы. Жеке сот орындаушысы зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін өз міндетін Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының ұсынуы бойынша қабылданған уәкілетті органның рұқсатымен ғана, бірақ зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін көп дегенде бес жыл орындауға құқылы.
4. Жеке сот орындаушысының тағылымдамадан өту тәртібін уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының келісімі бойынша айқындайды.
5. Жеке сот орындаушысы өзінің лауазымдық міндеттерін өз атынан және өзінің жауапкершілігімен орындайды. Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасына салық салу дара кәсіпкерлер үшін белгіленген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
141-бап. Біліктілік комиссиясы
1. Біліктілік комиссиясы:
1) тағылымдамадан өткен және атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысуды қалайтын адамдардан емтихан алады;
2) жеке сот орындаушысы лауазымының бос орнына орналасуға конкурс өткізеді;
3) жеке сот орындаушыларын кезекті аттестаттаудан өткізеді.
2. Біліктілік комиссиясы уәкілетті органның жанынан құрылады.
Біліктілік комиссиясының қызметін ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы жүзеге асырады.
3. Уәкілетті орган емтиханды өткізу рәсімін, емтихан сұрақтарын, сондай-ақ біліктілік емтиханын тапсырғаны үшін ақы төлеу мөлшерін бекітеді.
4. Біліктілік емтиханын тапсырған адамға уәкілетті орган сот орындаушысының лицензиясын тапсырады.
5. Біліктілік емтиханын тапсыра алмаған адамдар оны қайтадан тапсыруға біліктілік комиссиясы шешім қабылдағаннан кейін кемінде бір жыл өткен соң жіберіледі.
6. Біліктілік комиссиясының шешіміне оның көшірмесі мүдделі адамға тапсырылғаннан күннен бастап бір айлық мерзімде сотқа шағымдануға болады.
7. Біліктілік комиссиясы туралы ережені уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының келісуімен бекітеді.
142-бап. Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия
1. Сот орындаушысының лицензиясын алған жеке сот орындаушысы осы Заңға сәйкес атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысуға құқылы.
2010.28.12. № 368-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сот орындаушысының лицензиясын біліктілік комиссиясы шешімінің негізінде уәкілетті орган береді. Уәкілетті орган Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензиялардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді.
3. Біліктілік емтиханын тапсыруға жіберу үшін қажетті құжаттардың тізбесі уәкілетті орган Жеке сот орындаушыларының республикалық алқасының келісуімен бекітетін біліктілік емтихандары туралы ережеде белгіленеді. Сот орындаушысының лицензиясын берудің мерзімі мен тәртібі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
4. Сот орындаушысының лицензиясы берілгені үшін алым алынады, оны төлеудің мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.
5. Сот орындаушысының лицензиясы шектеусіз мерзімге берілген бас лицензия болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.
6. Лицензия алған, бірақ сот орындаушысы лауазымында жұмысқа үш жыл бойы кіріспеген азамат біліктілік емтиханын қайтадан тапсырғаннан кейін ғана сот орындаушысының лауазымына жіберіледі. Біліктілік емтиханын қайта тапсырғаны үшін ақы алынбайды.
Аталған мерзімді есептеу адамның жеке сот орындаушысының көмекшісі болып істеген уақытында тоқтатыла тұрады.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Тұрақты судьялар, өз мiндеттерiн орындау кезiнде атына кiр келтiретiн терiс қылықтары және заңдылықты бұзғаны үшiн судья қызметiнен босатылған судьяларды қоспағанда, тұрақты судья болып жұмыс iстеген адамдар не теріс себептермен босатылғандарды қоспағанда, атқарушылық iс жүргiзу саласындағы уәкiлеттi органда және оның аумақтық органдарында кемiнде бес жыл жұмыс iстеген адамдар, кемінде он жыл жұмыс өтілі бар құқық қорғау органдары қызметкерлері тағылымдамадан өтпей және бiлiктiлiк емтиханын тапсырмай сот орындаушысы лицензиясын алуға құқылы.
143-бап. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру тәртіптік комиссия шешімінің негізінде берілген уәкілеті органның талап-арызы бойынша сот шешімімен жүзеге асырылады.
2. Сот орындаушысы лицензиясының қолданылуы мынадай жағдайларда:
1) жеке сот орындаушысы айыпталушы ретінде қылмыстық іске тартылғанда;
2) жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел бұзғанда;
3) жеке сот орындаушысы өзіне осы Заңға сәйкес айқындалған атқару округінің аумағынан тыс жерде атқарушылық әрекеттер жасағанда тоқтатыла тұруы мүмкін.
3. Сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы сот шешімінде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың себептері мен мерзімдері көрсетілуге тиіс. Лицензияның қолданылуы лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатыла тұрады. Тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар жойылған кезде уәкілетті орган лицензияның қолданылуын қалпына келтіру туралы шешім шығарады.
4. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы сот шешімі қабылданған күннен бастап жеке сот орындаушысы ретіндегі қызметті жүзеге асыруға және атқарушылық әрекеттерді жасауға тыйым салуға әкеп соғады.
5. Жеке сот орындаушысының өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін өз қызметін тұрақты немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаты болып сайланған жағдайда оның өтініші бойынша тоқтатыла тұрады. Депутаттың өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін осы адам жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін атқаруды қайта жалғастыра алады.
144-бап. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату
1. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату уәкілетті органның талап-арызы бойынша мынадай жағдайларда:
1) жеке сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, Жеке сот орындаушыларының кәсіби ар-намыс кодексін бірнеше рет бұзған не мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне залал келтіріп, Қазақстан Республикасының заңнамасын бір рет өрескел бұзған;
2) лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептері жойылмаған;
3) жеке сот орындаушысы сот орындаушысының лицензиясын беру үшін негіз болып табылатын құжаттарда дәйексіз немесе қасақана бұрмаланған ақпарат беру фактісі анықталған;
4) біліктілік комиссиясы қайта аттестаттау қорытындылары бойынша жеке сот орындаушысын атқаратын қызметіне сай келмейді деп таныған;
5) жұмыс істеп жүрген жеке сот орындаушысы атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметін дәлелсіз себептермен үш
күннен астам жүзеге асырмаған;
6) денсаулық жағдайы бойынша кәсіби міндеттерін орындау мүмкін болмаған жағдайда сот тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуы уәкілетті органның шешімі бойынша:
1) жеке сот орындаушысы өз еркімен өтініш берген;
2) жеке сот орындаушысының азаматтығы өзгерген немесе Қазақстан Республикасынан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
3) жеке сот орындаушысы қылмыс жасағаны үшін сотталған жағдайда - үкім заңды күшіне енгеннен кейін;
4) сот жеке сот орындаушысын қайтыс болды деп жариялаған немесе хабарсыз кетті деп таныған жағдайларда тоқтатылады.
3. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату туралы ұсынысты уәкілетті органға прокуратура, жеке сот орындаушыларының тиісті өңірлік алқасы немесе аумақтық орган енгізеді.
4. Жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасы уәкілетті органның тапсырмасы бойынша лицензиясының қолданылуы тоқтатылған жеке сот орындаушысының іс жүргізуін, мұрағатын, ағымдағы шотының қаражатын басқа жеке сот орындаушысына тапсыру жөнінде, сондай-ақ жеке сот орындаушысының лицензиясын оны уәкілетті органға тапсыру үшін алып қою және жеке сот орындаушысының жеке мөрін жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым уәкілетті орган басшысының бұйрығы негізінде қызметін тоқтатқан жеке сот орындаушысының орнын басқан жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына билік етушіні алмастыруды жүргізеді.
5. Егер жеке сот орындаушысына қатысты тәртіптік іс жүргізу қозғалған болса, онда ол тәртіптік іс жүргізу тоқтатылғаннан кейін ғана өз еркімен лауазымынан босатылуы мүмкін.
6. Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданылуын тоқтату туралы уәкілетті органның шешіміне сотқа шағым берілуі мүмкін.