268-бап. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу үшін:
1) медициналық ұйым берген, қайтыс болу туралы белгіленген нысандағы құжат;
2) қайтыс болу фактісін белгілеу туралы немесе адамды қайтыс болды деп жариялау туралы соттың заңды күшіне енген шешімі негіз болып табылады.
269-бап. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу орны
Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу қайтыс болған адамның тұрған жері бойынша немесе ол қайтыс болған жер бойынша тіркеуші органдарда жүргізіледі.
270-бап. Қайтыс болу туралы мәлімдеме
1. Қайтыс болу туралы мәлімдемені қайтыс болған адаммен бірге тұрған адамдар, ал ондай адамдар болмаған жағдайда көршілері, тұрғын-үй пайдалану ұйымдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, қайтыс болған адамды күтіп-баққан не адам сонда қайтыс болған ұйымның әкімшілігі немесе мәйітті тапқан ішкі істер органы жазбаша немесе ауызша нысанда береді.
2. Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті қайтыс болған адамның тұрған жері бойынша сот-медициналық сараптамасы ұйымының лауазымды адамы жазбаша нысанда береді.
3. Мәлімдеме жасаушы қайтыс болу туралы мәлімдемеде қайтыс болған адам туралы мынадай мәліметтерді: қайтыс болған адамның атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін, туған жылын, соңғы тұрғылықты жерін және оның отбасылық жағдайын, қайтыс болған жылын, айы мен күнін, қайтыс болу себебін, сондай-ақ қайтыс болу туралы мәлімдеме жасаған адамның атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін және тұрғылықты жерін көрсетеді.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қайтыс болуды тіркеу кезінде қайтыс болған адамның жеке басын куәландыратын құжаттары, әскери билеті тіркеуші органға тапсырылуға жатады.
271-бап. Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуын мемлекеттік тіркеу
Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуын мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар мәйіттің жатқан жері бойынша немесе сот-медициналық сараптаманың қорытындысын берген жер бойынша жүргізеді.
Мәйіттері танылмаған адамдардың қайтыс болуын мемлекеттік тіркеу кезінде қайтыс болу туралы актінің жазбасына қайтыс болу туралы медициналық куәлікте қамтылған, мемлекеттік тіркеу үшін қажетті мәліметтер ғана енгізіледі.
Егер қайтыс болған адам кейіннен танылған болса, ол туралы жетіспейтін мәліметтер қайтыс болу туралы медициналық куәліктің және мәлімдеме жасаушының жазбаша өтінішінің негізінде қайтыс болу туралы актінің жазбасына қорытынды жасалмастан енгізіледі.
Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың мемлекеттік тіркелгені туралы жергілікті атқарушы органдардың тиісті қызметіне Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша қайтыс болу туралы анықтама беріледі.
272-бап. Қайтыс болу туралы акт жазбасының мазмұны
Қайтыс болу туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) қайтыс болған адамның аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, туған күні, айы, жылы мен туған жері, соңғы тұрғылықты жері, жынысы, азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе, ұлты, қайтыс болған күні мен орны;
2) қайтыс болу фактісін растайтын құжаттың негізінде қайтыс болу себебі;
3) қайтыс болу фактісін растайтын құжат;
4) қайтыс болу туралы мәлімдеме жасаған мәлімдеме жасаушының аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, тұрғылықты жері не органның, ұйымның атауы және заңды мекенжайы;
5) қайтыс болу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
273-бап. Қайтыс болу туралы куәлік беру
Қайтыс болу мемлекеттік тіркелгеннен кейін қайтыс болған адамның мұрагерлерінің аясына кіретін жақын туыстарына не қайтыс болған адам қамқорлықтарында болған азаматтарға, сондай-ақ қайтыс болған адам тұрған немесе жазасын өтеген мемлекеттік ұйымдар әкімшілігінің өкілдеріне қайтыс болу туралы куәлік беріледі.
Басқа туыстарына қайтыс болу туралы куәлік мұрагерлік іс қарауында жатқан нотариустың хабарламасы бойынша беріледі.
Мәйіттері танылмаған және талап етілмеген адамдардың қайтыс болуы туралы куәлік қайтыс болу туралы акт жазбасына барлық қажетті мәліметтер енгізілгеннен кейін ғана беріледі.
274-бап. Қайтыс болу туралы куәлік
Қайтыс болу туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) қайтыс болған адамның атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін, туған күні, айы, жылы мен туған жерін, жасын, қайтыс болған күні мен орнын;
2) қайтыс болу туралы акт жазбасының жасалған күні мен нөмірін;
3) құжаттың берілген күнін және оны берген тіркеуші органның атауын;
4) қайтыс болу туралы куәліктің сериясы мен нөмірін қамтиды.
7-бөлім. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы нормаларының қолданылуы
32-тарау. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы нормаларының шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылуы
275-бап. Ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері
Ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері аумағында өздері бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен, ал бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде аумағында олардың соңғы бірге тұратын тұрғылықты жері болған мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Бұрын бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған ерлі-зайыптылардың мүліктік емес және мүліктік жеке құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
276-бап. Әке (ана) болуды анықтау және оны даулау
1. Әке (ана) болуды анықтау және оған дау айту бала туған кезде азаматы болған мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.
2. Әке (ана) болуды анықтаудың және оған дау айтудың тәртібі Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тіркеуші органдарда әке (ана) болуды анықтауға жол берілсе, баланың Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұратын ең болмаса біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын ата-аналары әке (ана) болуды анықтау туралы Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерiне өтініш беруге құқылы.
277-бап. Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері
Ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде ата-аналардың балаларын күтіп-бағу жөніндегі міндеті аумағында олардың бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Ата-аналар мен балалардың бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде ата-аналардың және балалардың құқықтары мен міндеттері бала азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Талапкердің талап етуі бойынша алименттік міндеттемелерге және ата-аналар мен балалардың арасындағы басқа да қатынастарға аумағында бала тұрақты тұрып жатқан мемлекеттің заңнамасы қолданылуы мүмкін.
278-бап. Кәмелетке толған балалардың, сондай-ақ отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері
Ата-аналардың пайдасына алименттік міндеттемелер, сондай-ақ отбасының басқа да мүшелерінің алименттік міндеттемелері аумағында олардың бірге тұратын тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңнамасымен айқындалады. Бірге тұратын тұрғылықты жері болмаған кезде мұндай міндеттемелер алимент алуға құқығы бар адам азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.
279-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi жүргізеді және олар жасаған акт жазбалары Қазақстан Республикасы астанасының аумақтық әділет органына беріледі.
2. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерiнде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кезінде, егер мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылса, Қазақстан Республикасының заңнамасы қолданылады.
280-бап. Азаматтық хал актілерінің жасалуын растайтын шет мемлекеттердің құжаттарын тану
Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты тиісті мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары берген Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде азаматтық хал актілерінің жасалғанын растайтын құжаттар, егер олар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, сондай-ақ консулдық ресмилендірілген не арнайы мөртаңба (апостиль) болған кезде Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
Қазақстан Республикасының құзыретті органдары босқындар мен мәжбүрлеп қоныс аударушыларға бұрынғы тұрған жері бойынша неке қию (ерлі-зайыпты болу), туу туралы куәліктерді және азаматтық хал актілерінің басқа да құжаттарын алуға жәрдем көрсетуге міндетті.
33-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
281-бап. Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
282-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
1. Осы Кодекс, осы баптың 2-тармағын қоспағанда, қолданысқа енгізілгенінен кейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
2. Бала асырап алу жөніндегі агенттіктер осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органында аккредиттеуден өтуге міндетті.
283-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 23, 430-құжат; 2001 ж., № 24, 338-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 9, 67-құжат; № 20, 152-құжат; 2011 ж., № 6, 49-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2011 жылғы желтоқсанның 26-ы.
№ 518-ІV