ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 895 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2017.07.04. № 181 Қаулысымен үлгілік қағидалары жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген
Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің
үлгілік қағидалары
(2017.07.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрі - «Білім туралы» Заң) әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан олардың қызмет тәртібін айқындайды.
2. Мамандандырылған білім беру ұйымдары дарынды балалардың ғылым, мәдениет, өнер, хореография, спорт, алғашқы әскери дайындық негіздерін терең меңгеруіне бағытталған мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша элитарлық білім беруді іске асырады.
3. Мамандандырылған білім беру ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ осы Қағидаларға және олардың негізінде әзірленген жарғыға сәйкес жүзеге асырады. Жарғыны мамандандырылған білім беру ұйымы әзірлейді.
4. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының негізгі мақсаты - серпінді даму ортасына өзін-өзі бейімдеуге дайын бәсекеге қабілетті адамды және дарынды балалардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету.
5. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының міндеттері:
1) элитарлық білім беруді іске асыру;
2) елдің зияткерлік әлеуетін сақтау және дамыта түсу;
3) дарынды балаларды дербес оқытуды және білім алушылардың мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын сапалы меңгеруін қамтамасыз ету;
4) дарынды балалардың өзіндік, жобалық және зерттеушілік қызмет дағдыларын жетілдіру;
5) ұлттық мақтаныш, азаматтық қадір-қасиет, Отанына, өз халқына деген сүйіспеншілік сезімі бар азамат пен патриоттың әлеуметтік белсенді тұлғасын қалыптастыру.
6. Мамандандырылған білім беру ұйымының мынадай бағыттары бар: жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық, экономикалық, технологиялық, музыкалық, хореографиялық, көркемдік-эстетикалық, әскери, спорттық.
7. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім берудің жаңа мазмұнын іздеуді, әзірлеуді, оны ендіру нысандары мен әдістерін, эксперименттік білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын сынамалауды ұйымдастыратын шығармашылық зертхана болып табылады.
2. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі
8. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын құру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.
10. Лицензиялау рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесін және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып электрондық нысанда жүзеге асырылады.
11. Мамандандырылған білім беру ұйымы дербес заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өз атауы жазылған мөрі, ағымдағы шоты және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да шоттары болады.
12. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті кадрлардың, қажетті материалдық-техникалық базаның және білім беру процесін тиісті оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және ғылыми сүйемелдеу болуы қажет. Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қажетті жағдайлар жасалады.
13. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мамандандырылған білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды мемлекеттік білім беруді басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.
14. Мамандандырылған білім беру ұйымындағы білім беру процесін ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін мамандандырылған білім беру ұйымдарына арналған үлгілік оқу жоспарлары негізінде әзірленген оқу жұмыс жоспарлары бойынша жүзеге асырылады.
15. Оқу жұмыс жоспары мен мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеуді мамандандырылған білім беру ұйымы дербес жүзеге асырады.
16. Мамандандырылған білім беру ұйымдары жарғыларында айқындалатын оқытудың нысандарын, құралдары мен әдістерін өз бетінше таңдайды.
17. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім алушылардың сұраныстарына және кадрлық әлеуеттің мүмкіндіктеріне сәйкес ішкі бейіндеуші пәндер, сондай-ақ қолданбалы курстар мен факультативтердің білім салаларын айқындайды.
18. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының әр деңгейдегі сынып-комплектілері мен сыныптардағы білім алушылар саны тиісті жағдайлар болғанда қалыптастырылады.
19. Мемлекеттік (орыс тілінде оқытатын сыныптар үшін) және орыс (қазақ тілінде оқытатын сыныптар үшін) тілдерін, ақпараттық-есептеу техникасы негіздерін, ритмиканы, хореографияны, музыканы, дене тәрбиесін, технологияны, көркемдік пәндерін оқыту, сондай-ақ бейінді пәндерден зертханалық, практикалық жұмыстар жүргізу кезінде сыныптар 2 топқа, шетел тілдерін және пәндерді шетел тілінде оқыту кезінде 3 топқа бөлінді.
20. Жалпы орта білім деңгейінде таңдау бойынша (тереңдетілген деңгей) пәндерді ағылшын тілінде оқыту кезінде сыныптар 2-3 шағын топқа бөлінеді.
21. Сыныптарды қосымша бөлу, икемді вариативті кесте жүйесі, деңгейлік бөлу, консультациялар мен таңдау бойынша пәндер жүйесі арқылы жалпы орта білім беру деңгейінде бейінді саралауды жүзеге асыру мамандандырылған білім беру ұйымының толық күн режимінде жұмыс істеуін талап етеді.
22. Білім алушылардың оқу-тәрбие қызметін тиімді ұйымдастыру үшін 10 сынып-комплектіге психологтың бір ставкасы есебінен психологиялық қызмет құрылады, сынып-комплектілер санын ұлғайту кезінде психолог ставкасының саны тиісті жылға көзделген жалақы қорының есебінен және соның шегінде арттырылады.
23. Мамандандырылған білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзіліс көзделуі тиіс.
24. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім алушылар мен тәрбиеленушілердің бойында тамақтану мәдениетін қалыптастыруды, соның ішінде үйлестірілген пайдалы тамақтану және табиғи, жаңа піскен өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы қамтамасыз етеді.
3. Басқару және кадрлық қамтамасыз ету
25. Мамандандырылған білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға, мамандандырылған білім беру ұйымының жарғысына және құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
26. Мамандандырылған білім беру ұйымын алқалы басқару нысандары педагогикалық кеңес, оқу-әдістемелік кеңес, қамқоршылық кеңес және т.б. болып табылады.
27. Тікелей басшылықты қамқоршылық кеңестің келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалатын басшы жүзеге асырады.
28. Мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:
1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
4) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілері мен қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген өзге де талаптарды бұзғаны үшін жауапты болады.
29. Мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.
30. Мамандандырылған білім беру ұйымын материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз етуді, ондағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша шарттық негізде өзінің қызмет бағытына сәйкес жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелермен өзара іс-қимыл жасайды.
31. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері «Білім туралы» Заңда, жарғыда, Ішкі тәртіп қағидаларында және лауазымдық нұсқаулықтарда айқындалады.
32. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
33. Мамандандырылған білім беру ұйымының қызметін қаржыландыру:
1) мемлекеттік - жергілікті және республикалық бюджет қаражаты;
2) заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ақылы білім беру қызметтерін көрсетуден және қызметтің басқа да түрлерінен түскен қаражат есебінен жүзеге асырылады.
34. Мамандандырылған білім беру ұйымы халықаралық қызметке білім беру саласындағы уәкілетті органның желісі бойынша, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебінен өз бастамасы бойынша қатысады.
35. Мамандандырылған білім беру ұйымы оқыту, тағылымдамадан өту, тәжірибе алмасу, семинарлар, конференциялар, олимпиадалар жұмыстарына қатысу және т.б. бойынша халықаралық қызметті жүзеге асырады.
36. Мамандандырылған білім беру ұйымын қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.