ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 895 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 2017.07.04. № 181 Қаулысымен үлгілік қағидалары жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің
үлгілік қағидалары
(2017.07.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және меншiк нысанына қарамастан орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі - орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы) қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары білікті жұмысшы кадрларды, орта буын және орта (жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік) білімі бар азаматтар арасынан қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауға бағытталған.
3. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының алдында мынадай мiндеттер тұр:
1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;
2) білім алушылардың кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ету;
3) жалпы оқыту, жұмыс орнында оқыту және еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әрбір адамға білімге негізделген өзінің жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмек беретін өмір бойы оқыту жүйесін дамыту;
4) білім алушылардың дұрыс тамақтану мәдениетін, оның ішінде теңгерімді дұрыс тамақтануды насихаттау арқылы қалыптастыру.
4. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ осы Қағидаларға және олардың негізінде әзірленген білім беру ұйымдарының жарғыларына сәйкес жүзеге асырады.
5. Ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.
2. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі
6. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары күндізгі нысан бойынша оқитын тиісті контингент болған жағдайда негізгі түрі колледж, жоғары колледж болып табылатын білім беру ұйымдарында іске асырылады.
7. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Қағидалар мен орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының жарғысында белгіленген шектерде оқу және тәрбие процестерін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, оқу-әдістемелік, қаржылық-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
8. Оқу және тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары жүзеге асыратын оқу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысын жоспарлау мен есепке алу болып табылады.
9. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмысын жоспарлау оқу жылына арналған оқу-тәрбие процесінің кестесі мен теориялық және практикалық сабақтардың кестесін бекіту арқылы жүзеге асырылады.
Оқу-тәрбие процесінің кестесі мен оқу сабақтарының кестесін орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының басшысы бекітеді.
Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмысының есебі теориялық және өндірістік оқытуды есепке алу журналдарын және оқу бағдарламаларының оқу сағаттарында орындалуын есепке алу табельдерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
10. Оқу жұмыс жоспарлары мен оқу жұмыс бағдарламаларын тиісті үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары әзірлейді және олар жұмыс берушілермен келісіледі.
Үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары тиісті білім деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес әзірленеді.
11. Жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнына, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алуға қолжетімділік жағдайларының жасалуына байланысты оқыту күндізгі, кешкі, сырттай оқу, экстернат және ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдар (балалар) үшін қашықтықтан оқыту нысанында жүзеге асырылады.
12. Орта білімнен кейінгі ұйымдарға оқуға қабылдау тәртібі Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес белгіленеді.
13. Білім алушыларды ауыстыру тәртібі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы бекіткен Білім беру ұйымдарының түрлері бойынша білім алушыларды ауыстыру және олардың оқуын қалпына келтіру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
14. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы бекіткен Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
15. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
16. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу жылы 1 қыркүйекте басталады және оқу процесінің кестесіне сәйкес аяқталады.
Білім алушыларға толық оқу жылы ішінде кемінде екі рет, жылына жалпы ұзақтығы 11 аптадан көп емес, оның ішінде қысқы мерзімде кемінде 2 апта демалыс белгіленеді.
Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақ кестесі оқу процесінің кестесіне және оқу жоспарларына сәйкес жасалaды.
Аудиториялық сабақтардың барлық түрлері үшін 5 минуттық үзіліспен ұзақтығы 45 минут академиялық сағат белгіленеді, 10 минуттық үзiлiспен қосарланған сабақтарға рұқсат етіледі.
17. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу сабақтары сабақтар, дәрістер, семинарлар, практикалық сабақтар, зертханалық, бақылау және өзіндік жұмыстар, консультациялар, әңгімелесулер, факультативтік сабақтар, курстық және дипломдық жобалар, жұмыстар және оқу сабақтарының басқа да нысандары түрінде өткізіледі.
18. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім беру процесіне қатысушылар білім алушылар мен ата-аналар, педагог қызметкерлер мен кәмелетке толмаған білім алушылардың заңды өкілдері болып табылады.
19. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында бiлiм алушыларға студенттер, курсанттар, тыңдаушылар жатады.
20. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлерге техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқытумен және тәрбиелеумен байланысты білім беру қызметімен айналысатын адамдар жатады.
21. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің саны мен педагог қызметкерлер лауазымдарының тізбесі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы бекіткен мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттары және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесі негізінде айқындалады.
22. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері лауазымдарын алмастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
23. Мамандықтар бойынша кадрлар даярлау бейініне қарай оқу-тәрбие процесін басқару үшін орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, қажет болған жағдайда одан тыс жерлерде мамандықтар (кәсіптер) топтары бойынша бөлімшелер және басқа да құрылымдық бөлімшелер құрылады.
Бөлімшелер (күндізгі, сырттай, кешкі) бір немесе бірнеше ұқсас мамандықтар мен кәсіптер бойынша кадрлар даярлау кезінде құрылады.
24. Бөлімшеге басшылықты орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын меңгеруші жүзеге асырады.
Бөлімше меңгерушісі:
1) бөлімшедегі оқу және тәрбие жұмысын ұйымдастыруды және тікелей басқаруды;
2) оқу жоспарлары мен бағдарламаларының орындалуын;
3) білім алушылар үлгерімінің есебін ұйымдастыруды;
4) білім алушылардың тәртібін бақылауды;
5) курстық және дипломдық жобалау кезеңінде білім алушылардың жұмысын бақылауды;
6) стипендиялық комиссияның (күндізгі нысан) жұмысына қатысуды;
7) бөлімше бойынша жұмысты есепке алуды және есеп беруді қамтамасыз етеді.
25. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (күндізгі, сырттай, кешкі) бөлімшелер кадрлар даярлау кезінде бір немесе бірнеше мамандықтар бойынша құрылады.
26. Кәсіптік практиканы өткізу үшін орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары шарттық негізде (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің білім беру ұйымдарынан басқа) практиканың базасы ретінде ұйымдарды айқындайды, олармен келісілген практиканы өткізудің оқу бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерді бекітеді.
27. Оқу-өндірістік шеберханалар, оқу шаруашылықтары, оқу полигондары - мамандықтар бойынша кадрлар даярлау бейініне қарай мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың оқу бағдарламаларының мазмұнын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын кәсіптік білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшелері.
Оқу-өндірістік шеберханалар:
1) теориялық оқытуды өндірістік еңбекпен үйлестіруді;
2) білім алушылардың оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес кәсіптік дағдылар алуын;
3) өнім шығаруды ұйымдастыруды, шеберханалар үшін құрал-саймандар мен құрылғыларды, кабинеттер мен зертханалар үшін көрнекі құралдар мен аспаптар жасауды, сондай-ақ жабдықтарды, машиналар мен тетіктерді жөндеуді;
4) кәсіпорындарға, ұйымдарға және халыққа ақылы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін оқу және өндірістік база болып табылады.
Оқу шаруашылықтарында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы (оқу шаруашылығының алқаптары мен фермаларында) технологиялары бойынша зертханалық-практикалық сабақтар мен ауыл шаруашылығы жұмыстарының алуан түрлері өткізіледі.
Оқу полигондарында автомобильдерді, тракторларды, әртүрлі өзі жүретін машиналарды жүргізу; әртүрлі жабдықтар және тетіктермен қызмет көрсету және оларды пайдалану бойынша оқыту жүргізіледі.
28. Оқу шеберханаларында, оқу шаруашылықтарында оқу-өндірістік жұмыстарды орындау жөніндегі тізбені, мазмұны мен талаптарды кадрлар даярлау жүзеге асырылатын жұмыс берушілермен келісу бойынша тікелей орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын бiлiм беру ұйымдары айқындайды.
29. Кәсіптік практика мен өндірістік оқыту оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында, сондай-ақ тікелей тиісті бейіндегі өндірісте және ұйымдарда жүзеге асырылады.
Өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың оқу бағдарламаларына сәйкес оқу-өндірістік жұмыстарды орындау, оның ішінде өнімдер (тауарлар, жұмыстар, қызметтер көрсету) шығаруды көздейді.
Білім алушыларды өндірістік оқыту оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында жүзеге асырылады.
Білім алушылардың кәсіптік практикасы оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында шарттар негізінде жұмыс берушілер ұсынатын үйрету орындарында жүзеге асырылады.
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылықтарында және оқыту полигондарында шығарылатын өз өндірісінің өнімдерін сатады.
30. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және оқу орнының жарғысына сәйкес дара басшылық пен алқалылық қағидаттарында жүзеге асырылады.
31. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:
1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;
3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
4) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілері мен қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
5) қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражатын нысаналы пайдаланбағаны;
6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген өзге де талаптарды бұзғаны үшін жауапты болады.
32. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
33. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге:
1) медициналық қарсы көрсетілімі бар;
2) психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар;
3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жіберілмейді.
34. Білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеу сапасын, оқытушылардың педагогикалық шеберлігін арттыру және әдістемелік жұмысты жетілдіру мақсатында орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында алқалық басқару органдары құрылады.
35. Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
36. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды өз құзыреттеріне сәйкес мемлекеттік білім беруді басқару органдары жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік аттестаттау мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
Аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдары аккредиттеу мерзіміне, бірақ 5 жылдан аспайтын мерзімге аккредиттелген білім беру бағдарламалары (мамандықтар) бойынша мемлекеттік аттестаттау рәсімінен босатылады.
Медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын, жаңадан құрылған білім беру ұйымдарында бірінші мемлекеттік аттестаттау мамандардың алғашқы бітірген жылынан кешіктірілмей өткізіледі.
37. Кітапхана қорының болуы толық оқу кезеңінде білім алушылар контингентіне қарай үлгілік оқу жоспарларына, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларына сәйкес қалыптастырылады.