Қазақстан Республикасының
Заңы
Бәсекелестік туралы
(2012.10.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2013 жылғы 6 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түпнұсқада мазмұны жоқ
Осы Заң бәсекелестікті қорғау, монополистік қызметті шектеу және тұтынушылардың заңды құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-БӨЛІМ. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңның нысанасы мен мақсаты
1. Осы Заң нарық субъектілері мен тұтынушылардың құқықтарын осы Заңда шектелген монополистік қызметтен, мемлекеттік органдардың бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерінен және жосықсыз бәсекеден қорғаудың құқықтық негіздерін айқындайды. Заң Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы адал бәсекелестікті қолдауға және оған қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
2. Осы Заңның мақсаты бәсекелестікті қорғау, тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау, экономикалық кеңістіктің біртұтастығын, тауарлардың еркін қозғалысын және Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету болып табылады.
2-бап. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның Қазақстан Республикасының аумағында күші болады және нарық субъектілері, тұтынушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар қатысатын Қазақстан Республикасының тауар нарықтарындағы бәсекелестікке ықпал ететін немесе ықпал етуі мүмкін қатынастарға қолданылады.
2. Осы Заңның ережелері, егер Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде нарық субъектісі жасаған іс-әрекеттер нәтижесінде мынадай шарттардың бірі орындалса:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы негізгі құралдар және (немесе) материалдық емес активтер, не нарық субъектілерінің акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлестері), Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына қатысты мүліктік немесе мүліктік емес құқықтар тікелей немесе жанама қозғалса;
2) Қазақстан Республикасында бәсекелестік шектелсе, мұндай іс-әрекеттерге де қолданылады.
4-бап. Бәсекелестік принциптері
Бәсекелестіктің негізгі принциптері:
1) жарыспалылық;
2) адалдық;
3) заңдылық;
4) тұтынушылардың құқықтарын сақтау болып табылады.
5-бап. Бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясат
1. Бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлейді және монополияға қарсы орган іске асырады.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде айқындалған өз құзыреті шегінде бәсекелестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.
3. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде бәсекелестіктің дамуына жәрдемдесуге және бәсекелестікке теріс ықпал ететін іс-әрекеттерді жасамауға міндетті.
2012.10.07. № 34-V ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) акцияларының (үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары - акцияларының (үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға акцияларының (үлестерiнiң) елу пайызынан астамы тiкелей не жанама түрде тиесiлi болатын заңды тұлғалар. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлға акцияларының (үлестерінің) елу пайызынан астамы әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілі болатынын білдіреді;
2) бәсекелестік - дербес жасаған іс-әрекеттері тиісті тауар нарығындағы тауарлар айналысының жалпы жағдайына олардың әрқайсысының біржақты ықпал ету мүмкіндігін тиімді шектейтін нарық субъектілерінің жарыспалылығы;
3) бірін-бірі алмастыратын тауарлар - тұтынушы оларды тұтыну (өндіру) процесінде бірін-бірімен алмастыра алатындай, өзінің функционалдық мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары, бағасы, сондай-ақ басқа да параметрлері бойынша салыстыруға болатын тауарлар тобы болуы мүмкін;
4) мемлекеттiк монополия - осы Заңда көзделген тәртiппен енгiзiлетiн, бәсекелестiк нарықта қандай да бiр тауарды өндiруге, өткізуге немесе сатып алуға арналған мемлекеттiң айрықша құқығы;
5) монополистік қызмет - жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі әсер етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі;
6) монополияға қарсы орган - бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
7) монополиялық жағдай - табиғи монополия, мемлекеттік монополия субъектілерінің, сондай-ақ тиісті тауар нарығында жүз пайыз үлеске ие нарық субъектілерінің жағдайы;
8) монополиялық табыс - нарық субъектісінің осы Заңда шектелген монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алған табысы;
9) нарық субъектісі - кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғасы, сондай-ақ шетелдік заңды тұлға (оның филиалы мен өкілдігі);
10) реттелетін нарықтар - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген тауар нарықтары;
11) реттеуші орган - реттелетін нарықтарда бағаларды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган;
12) сатушы (өнім беруші) - тауар өткізуші (беруші) жеке немесе заңды тұлға;
13) тауар - азаматтық айналым объектісі болып табылатын тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет;
14) тауар нарығы - тұтынушының тауарды сатып алуға экономикалық, аумақтық және технологиялық мүмкіндіктері негізге алына отырып айқындалатын, тауардың немесе бірін-бірі алмастыратын тауарлардың айналым аясы;
15) тергеу - монополияға қарсы органның осы Заңның бұзылуын растайтын фактілерді анықтауға, оларды тіркеуге және тиісті шешім қабылдауға бағытталған іс-шаралары;
16) тұтынушы - тауарды өз мұқтажы үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
17) Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі - тізілім) - табиғи немесе мемлекеттік монополия жағдайындағы нарықтарды қоспағанда, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің тізбесі.
7-бап. Тұлғалар тобы
1. Өздеріне қатысты мынадай шарттардың бірі орындалса:
1) тұлғаның заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы дауыс беретін акциялардың (қатысу үлестерінің, пайлардың) жиырма бес проценттен астамына тікелей немесе жанама түрде (үшінші тұлғалар арқылы) билік етуге құқығы болса;
2) заңды тұлғаның немесе бірнеше аффилиирленген заңды тұлғалардың басқа тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындауға, оның ішінде осы тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүргізуінің шарттарын айқындауға не басқару органының өкілеттігін жүзеге асыруға мүмкіндігі болса;
3) жеке тұлғаның, оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының басқа тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындауға, оның ішінде осы тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүргізуінің шарттарын айқындауға не басқару органы өкілеттігін жүзеге асыруға мүмкіндігі болса;
4) тұлғаның әрқайсысы осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген қандай да бір негіз бойынша белгілі бір тұлғамен топқа кірсе, сондай-ақ басқа да тұлғалар осындай тұлғалардың әрқайсысымен осы тармақтың 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген қандай да бір негіз бойынша бір топқа кірсе, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жиынтығы тұлғалар тобы болып табылады.
2. Тұлғалар тобы нарықтың біртұтас субъектісі ретінде қарастырылады. Осы Заңның нарық субъектілеріне қатысты ережелері тұлғалар тобына қолданылады.
2-БӨЛІМ. МОНОПОЛИСТІК ҚЫЗМЕТ. ЖОСЫҚСЫЗ БӘСЕКЕЛЕСТІК
2-тарау. МОНОПОЛИСТІК ҚЫЗМЕТ
8-бап. Монополистік қызметтің түрлері
Осы Заңда шектелген монополистік қызметке:
1) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері;
2) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттері;
3) үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану жатады.
9-бап. Бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген
іс-әрекеттердің түрлері
1. Бір тауар нарығында бәсекелестер не әлеуетті бәсекелестер болып табылатын нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген іс-әрекеттер деңгейлес болып табылады.
2. Бірі тауарды сатып алатын немесе оның әлеуетті сатып алушысы болып табылатын, ал екіншісі тауарды ұсынатын немесе оның әлеуетті сатушысы (өнім берушісі) болып табылатын бәсекелес емес нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер сатылас болып табылады.
10-бап. Бәсекелестікке қарсы келісімдер
1. Нарық субъектілерінің арасындағы кез келген нысанда қол жеткізілген, нәтижесінде бәсекелестікті шектейтін не шектеуі мүмкін бәсекелестікке қарсы келісімдерге, оның ішінде:
1) тауарларды сатып алудың немесе өткізудің келісілген бағаларын не басқа жағдайларын белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға;
2) сауда-саттықтың, аукциондар мен конкурстардың қорытындыларын оларды өткізудің белгіленген тәртібін бұзу, оның ішінде бағаны көтеру, төмендету немесе ұстап тұру, сондай-ақ лоттар бойынша бөлу жолымен бұзу нәтижесінде бұрмалауға;
3) тауар нарықтарын аумақтық белгісі, тауарлардың ассортименті, оларды өткізілу немесе сатып алыну көлемі бойынша, сатушылар (өнім берушілер) немесе сатып алушылар тобы бойынша не басқа белгілер бойынша бөлуге;
4) тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеуге;
5) белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарттар жасасудан негізсіз бас тартуға не жалтаруға;
6) нарықтың басқа субъектілерінің белгілі бір тауарларды сатушылар (өнім берушілер) немесе олардың сатып алушылары ретінде тауар нарығына кіруін шектеуге немесе оларды нарықтан ығыстырып шығаруға;
7) басқа нарық субъектілерімен маңызы бірдей шарттарға кемсітетін талаптар қолдануға;
8) келісімшарт жасаушы агенттердің өзінің мазмұны бойынша немесе іскерлік айналым дәстүріне сай осы шарттардың нысанасына қатысы жоқ қосымша міндеттемелер (қаржы қаражатын және өзге де мүлікті, мүліктік немесе мүліктік емес құқықтарды беруді негізсіз талап ету) қабылдауы кезінде шарттар жасасуға қатысты бәсекелестікке қарсы келісімдерге тыйым салынады және олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен толығымен немесе ішінара жарамсыз деп танылады.
2. Нарық субъектілерінің экономикалық қызметін жеке және заңды тұлғалардың осы баптың 1-тармағында тізбеленген салдарларға әкеп соқтыратын немесе әкеп соқтыра алатындай үйлестіруіне тыйым салынады.
3. Нарық субъектілерінің арасындағы келісімдерге, егер олар тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасамаған және:
1) олардың тауар нарығындағы жиынтық үлесі он бес проценттен аспаған;
2) озық және (немесе) ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу жолымен өндірісті жетілдіруге бағытталған;
3) шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған;
4) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлеуге және қолдануға бағытталған жағдайда жол беріледі.
4. Осы бапта көзделген шектеулер:
1) лицензиялық шарттар;
2) кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) шарттары;
3) технологияларды беруге байланысты шарттар;
4) ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарындағы кооперация туралы шарттар;
5) зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды беруге байланысты өзге де шарттар;
6) бір тұлғалар тобы ішіндегі шарттар мен іс-әрекеттер;
7) ұзақ мерзімді инвестициялық немесе концессиялық шарт бойынша келісімдерге қолданылмайды.
11-бап. Нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы
келісілген іс-әрекеттері
1. Нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге бағытталған, оның ішінде:
1) тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа жағдайларын белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға;
2) тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеуге;
3) белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарттар жасасудан негізсіз бас тартуға;
4) басқа субъектілермен маңызы бірдей шарттарға кемсітетін талаптар қолдануға қатысты келісілген іс-әрекеттеріне тыйым салынады.
2. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында аталған іс-әрекеттері, егер жиынтығында олар мынадай:
1) нарық субъектілерінің үш ай мерзім ішінде қатар жасалған іс-әрекеттері және нәтижесінде нарық субъектілерінің әрқайсысы келісілген іс-әрекеттердің болмауы салдарынан көзделмеген пайда алған;
2) нарық субъектілерінің іс-әрекеттері олардың әрқайсысына алдын ала белгілі болған;
3) аталған нарық субъектілерінің әрқайсысының іс-әрекеттері осы нарық субъектілеріне тең дәрежеде ықпал ететін мән-жайлардың салдары болып табылмаған талаптарды қанағаттандырса, келісілген іс-әрекеттер деп танылуы мүмкін.
3. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында аталған іс-әрекеттері жазбаша келісімнің болуына қарамастан, келісілген іс-әрекеттер болып танылады.
4. Егер келісілген іс-әрекеттерді бір тұлғалар тобына кіретін немесе тауар нарығындағы жиынтық үлесі он бес проценттен аспайтын нарық субъектілері жасаса және тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасамаса және олар:
1) озық технологияларды енгізу жолымен өндірісті жетілдіруге;
2) шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға;
3) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлеуге және қолдануға бағытталса, ондай іс-әрекеттерге жол беріледі.
12-бап. Үстем немесе монополиялық жағдай
1. Тиісті тауар нарығындағы нарық субъектісінің немесе бірнеше нарық субъектісінің нарық субъектісіне немесе бірнеше нарық субъектісіне тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін жағдайы үстем немесе монополиялық жағдай болып танылады.
2. Тиісті тауар нарығындағы үлесі отыз бес және одан да көп процентті құрайтын нарық субъектісінің жағдайы үстем жағдай болып танылады.
3. Егер:
1) тиісті тауар нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, үшеуден аспайтын нарық субъектісінің жиынтық үлесі елу және одан көп процентті құраса;
2) тиісті тауар нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, төртеуден аспайтын нарық субъектісінің жиынтық үлесі жетпіс және одан көп процентті құраса, бірнеше нарық субъектісінің әрқайсысының жағдайы үстем жағдай болып танылады.
4. Егер:
1) тиісті қаржы қызметтерін көрсету нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, екеуден аспайтын қаржылық ұйымның жиынтық үлесі елу және одан көп процентті құраса;
2) тиісті қаржы қызметтерін көрсету нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, үшеуден аспайтын қаржылық ұйымның жиынтық үлесі жетпіс және одан көп процентті құраса, қаржылық ұйымдардың жағдайы үстем жағдай болып танылады.
5. Тиісті тауар нарығындағы, оның ішінде қаржы қызметтерін көрсету нарығындағы үлесі он бес проценттен аспайтын нарық субъектісінің жағдайы осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес үстем жағдай болып таныла алмайды.
6. Табиғи монополия, мемлекеттік монополия субъектілерінің, сондай-ақ тиісті тауар нарығында жүз процент үстем үлеске ие нарық субъектілерінің жағдайы монополиялық жағдай болып танылады.
13-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану
Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің тиісті тауар нарығына кіруді шектеуге, бәсекелестікті болдырмауға, шектеуге және жоюға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін және (немесе) тұтынушылардың заңды мүдделеріне қысым жасайтын іс-әрекеттеріне немесе әрекетсіздіктеріне, оның ішінде:
1) монополиялық жоғары (төмен) немесе монопсониялық төмен бағаларды белгілеу, ұстап тұру;
2) нарық субъектілерімен жасалған маңызы бірдей келісімдерге объективті түрде өзін-өзі ақтамайтын себептермен әртүрлі бағалар қолдану не әртүрлі талаптар қою;
3) өзінен сатып алынған тауарларды қайта сатуға аумақтық белгісі, сатып алушылар тобы, сатып алу талаптары, сондай-ақ саны, бағасы бойынша шектеулер белгілеу;
4) нарық субъектісіне өз мазмұны бойынша немесе іскерлік айналым дәстүріне сай осы келісімдердің мәніне қатысы жоқ қосымша міндеттемелер қабылдату жолымен келісімдер жасасуға шарт қою не оны күштеп таңу;
5) тиісті тауарды өндіру немесе өткізу мүмкіндігі бола тұрып, жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту не осындай шарт жасасуға бір айдан асып кететін мерзімде жауап ұсынбаудан көрінген жалтару;
6) тауарлар беруге бәсекелестер өндіретін не өткізетін тауарларды сатып алу кезінде шектеулер қолдану шартын қою;
7) тұтынушылардың сұраныстары немесе тапсырыстары бар тауарларды өндіру немесе беру мүмкіндігі бола тұрып, өндіру және (немесе) беру көлемін негізсіз қысқарту немесе өндіруді және (немесе) беруді тоқтату сияқты іс-әрекеттеріне тыйым салынады.
14-бап. Тауардың монополиялық жоғары және монополиялық төмен бағасы
1. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
1) осы баға нақ сол тауар нарығында бәсекелестік жағдайында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін ең жоғары бағадан асып кетсе;
2) осы баға осындай тауарды өндіру және өткізу үшін қажет шығыстар мен пайда сомасынан асып кетсе, тауардың монополиялық жоғары бағасы болып табылады.
2. Салыстырмалы тауар нарығы деп тауарды сатып алу немесе сату мақсаттарын негізге ала отырып айқындалатын сатылатын тауар көлемі, тауарды сатып алушылар немесе сатушылар (өнім берушілер) құрамы және тауар нарығына кіру талаптары бойынша салыстырылатын басқа тауар нарығы түсініледі.
Нақ сол тауар нарығындағы бағаны салыстыру мүмкін болмаған жағдайда, салыстырмалы тауар нарығындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі салыстырмалы тауар нарығындағы тауар бағасымен салыстыру жүргізіледі.
3. Реттеуші органның нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгілеген тауар бағасы монополиялық жоғары баға болып танылмайды.
4. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
1) осы баға нақ сол тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін бағадан төмен болса;
2) осы баға осындай тауарды өндіру мен өткізудің нақты шығыстары сомасынан төмен болса, тауардың монополиялық төмен бағасы болып табылады.
5. Егер, тауардың бағасы осы баптың 4-тармағында аталған критерийлердің біреуіне де сәйкес келмесе, ол монополиялық төмен баға болып танылмайды. Реттеуші органның нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгілеген тауар бағасы монополиялық төмен баға болып танылмайды.
15-бап. Монопсониялық жағдай және монопсониялық төмен баға
1. Сатып алушы ретінде үстем немесе монополиялық жағдайға ие,тиісті тауар нарығындағы үлесі жетпіс және одан көп процентті құрайтын нарық субъектісінің жағдайы монопсониялық жағдай болып танылады.
2. Монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауарды сатып алатын тауар бағасы, егер:
1) осы баға монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісіне тауар өткізетін нарық субъектілері есебінен өндіру және (немесе) өткізу шығындарын төмендету жолымен оған қосымша табыс алуға мүмкіндік берсе;
2) осы баға тауар өткізуші нарық субъектісіне осындай тауарды өндіру мен өткізуіне қажетті шығыстар мен пайда сомасынан төмен болса, монопсониялық төмен баға болып табылады.
3. Егер тауардың бағасы осы баптың 2-тармағында аталған критерийлердің біреуіне де сәйкес келмесе, ол монопсониялық төмен баға болып танылмайды.
3-тарау. ЖОСЫҚСЫЗ БӘСЕКЕЛЕСТІК
16-бап. Жосықсыз бәсекелестік
1. Құқыққа сыйымсыз артықшылықтарға қол жеткізуге немесе оларды беруге бағытталған, сондай-ақ тұтынушылардың заңды құқықтарын бұзатын бәсекелестіктегі кез келген іс-әрекеттер жосықсыз бәсекелестік болып табылады. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
2. Жосықсыз бәсекелестікке мынадай іс-әрекеттер жатады:
1) тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану;
2) басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
3) бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;
4) нарық субъектісінің беделін түсіру;
5) көрінеу жалған, жосықсыз және дәйексіз жарнама;
6) мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу;
7) сатушыға (өнім берушіге) бойкот жасауға шақыру;
8) сатып алушының (өнім берушінің) беделін түсіруге шақыру;
9) нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру;
10) сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық;
11) сатып алушының қызметкерін сатып алушылық;
12) коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану.
17-бап. Тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану
Бөгде тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар үшін олармен ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану немесе құқық иеленушінің немесе оған уәкілетті тұлғаның рұқсатынсыз әдеби, көркем шығармалардың, мерзімді басылымдардың атауын пайдалану немесе буманы тұтынушыны тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына қатысты немесе оны өндірушілерге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп пайдалану тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
18-бап. Басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану
Құқық иеленушінің немесе оған уәкілетті тұлғаның рұқсатынсыз өндірушінің белгілерін өзгерту не алып тастау жолымен басқа өндірушінің тауарын өз белгісімен шаруашылық айналымына енгізу басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
19-бап. Бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу
1. Нарықтың басқа субъектісі бұйымының сыртқы түрін қайта жасап шығару және оны тұтынушыны тауар өндірушіге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп шаруашылық айналымға енгізу бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу болып табылады.
2. Егер мұндай көшіріп алу олардың функционалдық қолданылуына ғана байланысты болса, бұйымның сыртқы түрін немесе оның бөліктерін көшіріп алу құқыққа сыйымсыз болып танылмайды.
20-бап. Нарық субъектісінің беделін түсіру
Нарық субъектісінің қызметіне байланысты көрінеу жалған, дәйексіз мәліметтерді кез келген нысанда тарату нарық субъектісінің беделін түсіру болып табылады.
21-бап. Көрінеу жалған, жосықсыз және дәйексіз жарнама
Жосықсыз, дәйексіз және көрінеу жалған жарнамалардың белгілері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
22-бап. Мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу
Сатушының (өнім берушінің) тауарды өткізу кезінде тұтынушының құқығына қысым жасайтын және өзінің мазмұны бойынша немесе іскерлік айналым дәстүріне сай мәміленің нысанасына қатысы жоқ қосымша талаптар немесе шарттар белгілеу жөніндегі кез келген іс-әрекеттері мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу болып табылады.
23-бап. Сатушыға (өнім берушіге) бойкот жасауға шақыру
Бәсекелестің тікелей өзі немесе делдал арқылы ұйымдастырған, сатып алушылардың сатушымен (өнім берушімен) шарттық қатынастарды орнатудан немесе оның тауарларын сатып алудан бас тартуға бағытталған іс-әрекеттері сатушыға (өнім берушіге) немесе оның тауарына бойкот жасауға шақыру болып табылады.