5) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.»;
5) 10-бапта:
1-тармақтың 3) тармақшасындағы «алуға құқығы бар.» деген сөздер «алуға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажетті құжаттардың қолданылу мерзімі аяқталған кезде әлеуметтік төлемді тоқтата тұруға құқығы бар.»;
2-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
«1-1) қате есепке жатқызылған немесе артық төленген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегенi үшiн өсімпұлдар сомаларын қайтаруды жүзеге асыруға;»;
6) 11-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«11-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:
1) Қордың қаржылық тұрақтылығын талдауды, бағалауды және бақылауды жүзеге асырады;
2) өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын қамтамасыз ету үшiн Қордың қаржылық және өзге де есептiлiгiнiң тiзбесiн, нысандарын, оны ұсыну мерзiмдерiн айқындайды;
3) Қордың басшы қызметкерлерін тағайындауға келісім береді;
4) Қор қызметi туралы мәлiметтердi, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан өзiнiң бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшiн қажеттi мәлiметтер алуға құқылы;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен Қордың қызметін ішкі бақылауды жүзеге асырады;
6) Қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді әзірлейді;
7) Қор активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының тізбесін әзірлейді;
8) Қордың бағалы қағаздарға және басқа да қаржы құралдарына байланысты қызметті жүзеге асыру тәртібін әзірлейді;
9) Қор активтерінен алынатын комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын белгілеу туралы жыл сайын ұсыныс әзірлейді;
10) әлеуметтік аударымдарды есептеу мен аударудың тәртібін және мерзімдерін әзірлейді;
11) Қордан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу (айқындау), қайта есептеу және арттыру қағидаларын әзірлейді;
12) еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған жағдайда, Қордан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін арттыру туралы ұсыныс әзірлейді;
13) әлеуметтік төлемдер тағайындау жөніндегі уәкілетті органның, Орталықтың және (немесе) Қордың кінәсінен уақтылы алынбаған не толық алынбаған әлеуметтік төлемдер сомаларын төлеу қағидаларын әзірлейді;
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлерiнде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.»;
7) 12-баптың 2-тармағының 4) тармақшасындағы «сақтауға міндетті.» деген сөздер «сақтауға;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) әлеуметтік төлемдерді алу кезеңінде әлеуметтік төлемдер бойынша Қор міндеттемелерінің орындалуына әсер ететін барлық өзгерістер туралы, осындай өзгерістер туындаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Орталықтың құрылымдық бөлімшелерін хабардар етуге міндетті.»;
8) 13-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы «әлеуметтік аударым сомаларын» деген сөздер «әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдар сомаларын» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 15-бапта:
2-тармақта:
екінші бөліктегі «Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде» деген сөздер «республикалық бюджет туралы заңда» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Егер күнтізбелік айда қызметкердің есебіне жазылған табыстардың жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жалақының ең төмен мөлшерінен кем болса, онда әлеуметтік аударымдарды есептеу объектiсi жалақының ең төмен мөлшері негізге алына отырып айқындалады.»;
3-тармақ алып тасталсын;
10) 17-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Егер әлеуметтік аударымдар бойынша берешек республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомадан аспайтын болса, мұндай хабарлама жіберілмейді.»;
11) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«19-бап. Артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдарды қайтару
Төлеуші артық (қате) төлеген әлеуметтік аударымдар және (немесе) әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдар сомалары төлеушінің банктік шотына банктік үш күн ішінде Орталықтың кейіннен аударуы үшін төлеушінің өтініші Қорға келіп түскен күннен бастап банктік жеті күн ішінде Орталықтың банктік шотына аударылуға жатады.»;
12) 20-баптың 1 және 6-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш жасау өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша Орталықтың құрылымдық бөлiмшелерiне өтiнiш беру арқылы жүзеге асырылады. Өтiнiшке тiзбесi осы Заңмен белгiленетiн құжаттар қоса беріледі.»;
«6. Қордан төленетiн әлеуметтiк төлемдер Қордан төленетiн әлеуметтiк төлемдерге құқық туындаған күннен бастап тағайындалады.
Қордан төленетiн әлеуметтiк төлемдерге құқық:
еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда - әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің Қорға өзі үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысының жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесiн белгiлеген күннен бастап;
асыраушысынан айырылған жағдайда - қайтыс болу туралы куәлiкте көрсетiлген қайтыс болған күнінен бастап не азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешiмiнде көрсетiлген күннен бастап туындайды.
Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем үлесiн бөлу құқығы әлеуметтік төлемдер тағайындау жөніндегі уәкілетті органға оны бөлу үшін өтiнiш жасалған күннен бастап туындайды;
жұмысынан айырылған жағдайда - мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің Қорға өзі үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысының жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жұмыссыз ретiнде тiркелу үшiн өтiнiш жасаған күннен бастап;
жүктiлiкке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда - еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетiлген жүктiлiкке және босануға байланысты демалыс берiлген күннен бастап;
жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда - еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетiлген, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыс берiлген күннен бастап;
бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда - баланың туу туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап, баланы (балаларды) асырап алған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бір жасқа дейінгі балаға қорғаншылық тағайындалған жағдайларда - баланы (балаларды) асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қорғаншы тағайындалған күннен бастап туындайды.
Жұмысынан айырылған, жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайларда Қордан төленетiн әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтініш жасау мерзімдері Қордан төленетiн әлеуметтiк төлемдерге құқық туындаған күннен бастап он екі айдан аспауға тиіс.»;
13) 21, 22, 23, 23-1 және 23-2-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«21-бап. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындау және оның мөлшерi
1. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысына әлеуметтiк төлем алуға өтiнiш жасаған уақытқа қарай жұмысты тоқтатқанына немесе iстеп жатқанына қарамастан тағайындалады.
2. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындау үшiн өтiнiшке:
1) жеке басты куәландыратын құжат;
2) тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер (мекенжай анықтамасы немесе ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң анықтамасы);
3) жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесiн куәландыруды жүргiзу және белгiлеу туралы мәлiметтер;
4) банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банктік шотының нөмірі не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер қоса беріледі.
3. Адамның жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін куәландыруды және белгiлеуді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырады.
4. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдерге құқық туындаған күннен бастап еңбек ету қабiлетiнен айырылған деп белгiленген бүкіл кезеңге тағайындалады.
Еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi өзгерген жағдайда, әлеуметтiк төлем еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi өзгерген күннен бастап еңбек ету қабiлетiнен айырылудың жаңадан белгiленген дәрежесiне сәйкес келетiн мөлшерде жүзеге асырылады. Бұл ретте, әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган әлеуметтiк төлемдер мөлшерiнiң өзгергенi туралы шығарылған шешiмге қатысты Орталықты және оның құрылымдық бөлiмшелерiн үш жұмыс күнi iшiнде хабардар етеді.
5. Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтiк төлем мөлшерi республикалық бюджет туралы заңда белгiленген жалақының ең төмен мөлшерінің сексен пайызын шегеріп, әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшерiн табысты ауыстырудың, еңбек ету қабiлетiнен айырылуының және қатысу өтілінің тиiстi коэффициенттерiне көбейту арқылы айқындалады.
Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
Бұл ретте, табысты ауыстыру коэффициентi 0,6 болады.
Еңбек ету қабiлетiнен айырылу коэффициентi:
жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi сексеннен жүз пайызға дейiн болатын, еңбек ету қабiлетiнен айырылған адамдар үшiн - 0,7;
жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi алпыстан сексен пайызға дейiн болатын, еңбек ету қабiлетiнен айырылған адамдар үшiн - 0,5;
жалпы еңбек ету қабiлетiнен айырылу дәрежесi отыздан алпыс пайызға дейiн болатын, еңбек ету қабiлетiнен айырылған адамдар үшiн 0,3 болады.
Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы үшiн қатысу өтілінің коэффициентi:
алты айдан кем болғанда - 0,1;
алты айдан он екi айға дейiн - 0,7;
он екi айдан жиырма төрт айға дейiн - 0,75;
жиырма төрт айдан отыз алты айға дейiн - 0,85;
отыз алты айдан қырық сегiз айға дейiн - 0,9;
қырық сегiз айдан алпыс айға дейiн - 0,95;
алпыс ай және одан да көп айларға - 1,0 болады.
6. Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем:
1) алушыға Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдері тағайындалған күннен бастап;
2) алушының қайтыс болуына (соттың хабар-ошарсыз кеттi деп тануына немесе қайтыс болды деп жариялауына) байланысты тоқтатылады. Әлеуметтік төлем оны алушы қайтыс болған (соттың хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап) айды қоса алғанда, жүзеге асырылады;
3) әлеуметтік төлемдер тағайындау жөніндегі уәкілетті орган алушыны еңбек етуге қабілетті деп тану туралы шешім шығарған күннен бастап тоқтатылады.
7. Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем алушының еңбек ету қабілетінен айырылған деп белгілеген кезеңі аяқталған күннен бастап еңбек ету қабілетінен айырылған деп кезекті кезең белгіленгенге дейін тоқтатыла тұрады.
22-бап. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындау және оның мөлшерi
1. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының - мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысының мына отбасы мүшелерiнің:
1) он сегiз жасқа толмаған және егер осы жастан асқан балалары он сегiз жасқа толғанға дейiн мүгедек болып қалса, олардың, оның iшiнде асырап алған балаларының, аға-iнiлерiнің, апа-сiңлiлерi мен немерелерiнің асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдердің тағайындалуына және оларды алуға құқығы бар. Бұл ретте, аға-iнiлерiнiң, апа-сiңлiлерi мен немерелерiнiң еңбек етуге қабiлеттi ата-анасы болмаған немесе олар ата-анасынан алименттер алмаған жағдайда, олардың да осындай құқығы бар. Осы тармақшада аталған, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын он сегіз жастан асқан адамдардың жиырма үш жастан аспайтын шекте оқуын бітіргенше әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар;
2) егер қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының үш жасқа толмаған балаларының, аға-iнiлерiнің, апа-сiңлiлерiнің немесе немерелерiнің күтiмімен айналысатын болса, жасына және еңбек етуге қабiлеттiлiгiне қарамастан, ата-анасының бiреуiнің немесе жұбайының не атасының, әжесінің, аға-iнiсiнің немесе апа-сiңлiсiнің асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдердің тағайындалуына және оларды алуға құқығы бар.
2. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өздерi үшiн мiндеттi әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушыларының - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тағайындалған әлеуметтiк төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес айырылып қалған әрбiр ата-анасы үшiн асырап алушыға, қорғаншыға төленедi.
3. Бала кезiнен бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған адамдарға әлеуметтiк төлемдер мүгедектiк белгiленген мерзiмге тағайындалады.
4. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындау үшiн өтiнiшке:
1) жеке басты куәландыратын құжат;
2) отбасының құрамы туралы мәлiметтер;
3) тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер (мекенжай анықтамасы немесе ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң анықтамасы);
4) асыраушысының қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесі немесе соттың адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі;
5) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) адаммен туыстық қатынастарын растайтын құжаттардың, неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы, қайтыс болған асыраушының балаларының туу туралы, асырап алу туралы куәлiктерінің көшiрмелерi;
6) отбасы мүшелерiнiң күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын оқушылар немесе студенттер болып табылатыны туралы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарынан алынған анықтама (оқу жылының басында жыл сайын жаңартылады);
7) қорғаншы етіп тағайындау туралы анықтама (қажет болған кезде);
8) мүгедектiк тобын куәландыруды жүргiзу және белгiлеу туралы мәлiметтер (он сегiз жасқа толмаған және осы жастан асқан балалары, оның iшiнде асырап алған балалары, аға-iнiлерi, апа-сiңлiлерi мен немерелерi бала кезiнен бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер деп танылған жағдайда);
9) банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банктік шотының нөмірі не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер қоса беріледі.
5. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдердің тағайындалуына және оларды алуға құқығы бар отбасының барлық мүшелерiне бiр әлеуметтiк төлем тағайындалады.
6. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшесiнiң жазбаша өтiнiшi бойынша оның әлеуметтiк төлемдегі үлесi бөлiнедi және оған бөлек төленедi.
Әлеуметтiк төлемнiң үлесiн бөлу әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органға өтiнiш жасалған күннен бастап жүргiзiледi.
7. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi санының өзгергенi туралы және тиiсiнше әлеуметтiк төлемдердi қайта есептеу туралы шешiмдi қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшесiнiң жазбаша өтiнiшi негiзiнде әлеуметтiк төлемдер тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган қабылдайды. Бұл ретте, әлеуметтiк төлем мөлшерi өтініш берілген күннен бастап, әлеуметтiк төлем алуға құқығы бар отбасы мүшелерiнiң санына қарай тиiсiнше ұлғайтылады немесе азайтылады.
8. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтiк төлем мөлшерi республикалық бюджет туралы заңда белгiленген жалақының ең төмен мөлшерінің сексен пайызын шегеріп, әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшерiн табысты ауыстырудың, асырауындағылар санының және қатысу өтілінің тиiстi коэффициенттерiне көбейту арқылы айқындалады.
Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемдер қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерiне қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының отбасы мүшесiнiң (мүшелерiнiң) әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы сақталатын уақыт кезеңі бойына ай сайын төленiп тұрады.
9. Асырауындағылар санының коэффициентi мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы қайтыс болғанға дейiн оның асырауында болған адамдар санына қарай айқындалады және асырауында бiр адам болса - 0,4, асырауында екi адам болса - 0,5, асырауында үш адам болса - 0,6, асырауында төрт және одан да көп адам болса - 0,8 болады.
Бұл ретте, табысты ауыстыру коэффициентi мен қатысу өтілінің коэффициентi осы Заңның 21-бабына сәйкес есептеледi.
10. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем:
1) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған, бала кезінен бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған адамдарға мүгедектікті белгілеу мерзімі аяқталған күннен бастап қайта куәландыруға дейін;
2) отбасы мүшелерінің күндізгі оқу нысаны бойынша оқушы немесе студент болып табылатыны туралы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарынан алынған анықтаманың қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап тоқтатыла тұрады. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем анықтаманы кезекті ұсынған кезде тоқтатыла тұрған кезінен бастап қайта жалғасады.
11. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем:
1) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады. Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем қайтыс болған айды қоса алғанда жүзеге асырылады;
2) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адамға мүгедектікті белгілеу мерзімі аяқталған күннен бастап;
3) қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған адам он сегіз жасқа толған күннен бастап (он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болып қалған адамдарды қоспағанда), ал аталған адам күндізгі оқу нысаны бойынша жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында оқыған жағдайда жиырма үш жасқа толған күннен бастап тоқтатылады.
23-бап. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындау және оның мөлшерi
1. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жұмыссыз ретiнде тiркеуге өтiнiш жасаған күннен бастап тағайындалады.
2. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындау үшiн өтiнiшке:
1) жеке басты куәландыратын құжат;
2) тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер (мекенжай анықтамасы немесе ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң анықтамасы);
3) жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органның анықтамасы;
4) банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банктік шотының нөмірі не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер қоса беріледі.
3. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем мөлшерi әлеуметтiк аударымдар объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшерiн тиiсті табысты ауыстыру коэффициенттерi мен қатысу өтілінің коэффициентiне көбейту арқылы айқындалады.
Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi ретiнде ескерiлген табыстың орташа айлық мөлшері жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) табыстар сомасын жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.
Бұл ретте, табысты ауыстыру коэффициентi 0,3 болады, ал қатысу өтілінің коэффициентi осы Заңның 21-бабына сәйкес есептеледi.
4. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген қатысушысына жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер:
ол үшін алты айдан он екі айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - бір айға;
ол үшін он екі айдан жиырма төрт айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - екі айға;
ол үшін жиырма төрт айдан отыз алты айға дейін әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - үш айға;
ол үшін отыз алты айдан бастап және одан көп айларға әлеуметтік аударымдар жүргізілген жағдайда - төрт айға тағайындалады.
5. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді алып тұрған, бiрақ жұмысқа орналасуына байланысты, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем алу құқығынан айырылған жағдайда, кезектi әлеуметтiк төлем жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем алған әрбiр ай үшiн сол уақыт ішінде мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң мұндай қатысушысына әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген он екi айдың шегерілетіні негiзге алына отырып, тағайындалады.
6. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган алушыны есептен шығарған ай өткен соң тоқтатылады.
23-1-бап. Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтiк төлемдi тағайындау және оның мөлшерi
1. Жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетiн әлеуметтiк төлем Қордан төленетін әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнің қатысушысына 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалады.