Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Жол жүрісі туралы
Қабылданды - ҚР 2014 жылғы 17 сәуірдегі № 194-V Заңын қараңыз
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 1688 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
Осы Заң жол жүрісінің жұмыс істеуі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен жалпы шарттарын белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автомагистраль - көлік құралдарының жүрісі үшін арнайы жобаланған және салынған (немесе реконструкцияланған), жол маңындағы иеліктерге қызмет етпейтін жол. Оған әртүрлі деңгейлердегі жол айрығы арқылы басқа жолдармен ғана өтуге болады. Бұл жол:
әртүрлі бағыттардағы жүріс үшін бір-бірінен бөліп тұратын, жүруге арналмаған белдеумен бөлінген бөлек жүру бөліктеріне ие;
басқа жолдарды, теміржолдарды немесе трамвай жолдары мен жаяу жүргінші жолдарын бір деңгейде кесіп өтпейді;
автомагистраль ретінде арнайы белгіленеді;
2) автомобиль - жолдарда жүруге және онда адамдарды немесе жүктерді немесе өзіне орнатылған жабдықтарды тасымалдауға арналған немесе жолдарда адамдарды, жүктерді немесе өзіне орнатылған жабдықтарды тасымалдауға арналған көлік құралдарын сүйретуге арналған, оның ішінде троллейбустарды қоса алғанда, механикалық көлік құралы;
3) автотұрақ - жол жүрісі қағидаларына және белгіленген тәртіппен бекітілген басқа техникалық нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған жол учаскесі болып табылатын көлік құралының ақысыз тұратын орны;
4) айрықша мақсаттағы автомобиль - күзетілетін адамдарды тасымалдау үшін арналған көлік құралы;
5) аялдау - көлік құралының жүрісін 5 минутқа дейін, сондай-ақ, егер бұл жолаушыларды мінгізу немесе түсіру не көлік құралына жүк тиеу немесе түсіру үшін қажет болса, одан да көбірек уақытқа әдейі тоқтату;
6) велосипед - мүгедектер арбаларынан басқа, екі немесе одан көп доңғалағы бар және үстіндегі адамдардың дене күшімен қозғалысқа келтірілетін көлік құралы;
7) велосипед жолы - велосипедтердің жүрісіне арналған және тиісті белгімен белгіленген жеке жол немесе жол бөлігі. Велосипед жолы басқа жолдардан немесе нақ сол жолдың басқа элементтерінен конструкциясы бойынша бөлінеді;
8) велосипедтік жүріс белдеуі - жүру бөлігінің велосипедтер жүрісіне арналған белдеуі. Велосипед белдеуі қалған жүру бөлігінен бойлық жол белгілеуі арқылы бөлінеді;
9) елді мекен - кіретін және шығатын жерлері тиісті белгілермен белгіленген, құрылыс салынған аумақ;
10) жаяу жүргінші - жолда көлік құралынан тыс жерде тұрған және онда жұмыс істеп жатпаған адам. Жаяу жүргіншіге қозғалтқышы жоқ мүгедек арбасымен қозғалатын, велосипедті, мопедті, мотоциклді сүйемелдеп жүретін, шана, қол арба, балалар немесе мүгедектер арбасын сүйретуші жеке тұлғалар теңестіріледі;
11) жол - көлік құралдарының жүрісіне арналып жасалған немесе икемделген және пайдаланылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік есепке алынуға жататын, бөліп берілген жердің бүкіл белдеуі не жасанды ғимараттың үсті. Жол бір немесе бірнеше жүру бөліктерін, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиегін және олар болған кезде бөлу белдеулерін қамтиды;
12) жол жүрісі - адамдар мен жүктің жолдар шегінде көлік құралдарының көмегімен немесе оларсыз орын ауыстыруы процесінде, сондай-ақ осы орын ауыстыру шарттарын реттеу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастар жиынтығы;
13) жол жүрісінің қағидалары - Қазақстан Республикасының аумағындағы жол жүрісінің бірыңғай тәртібін белгілейтін нормативтік құқықтық акт;
14) жол жүрісіне қатысушы - жол қозғалысы процесіне жаяу жүргінші, жолаушы немесе жүргізуші ретінде тікелей қатысатын адам;
15) жол-көлік оқиғасы - көлік құралының жолдағы жүрісі процесінде және оның қатысуымен туындаған, адамдар қаза тапқан немесе жараланған, көлік құралдары, құрылыстар, жүктер зақымданған не өзге материалдық залал келтірілген оқиға;
16) жол жүрісінің қауіпсіздігі - қатысушыларының жол-көлік оқиғалары мен олардың салдарынан, сондай-ақ жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың дене және психикалық саулығына теріс әсерінен қорғалу дәрежесін көрсететін жол жүрісінің жай-күйі;
17) жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету - жол-көлік оқиғаларын, жол жүрісінің экологиялық жағдайға, халықтың дене және психикалық саулығына теріс әсерін болғызбауға, олардың салдарының ауыртпалығын азайтуға, сондай-ақ осындай салдарды жоюға бағытталған қызмет;
18) жолаушы - көлік құралының ішіндегі (үстіндегі) және оны басқармайтын адам;
19) жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган және оның астанадағы, республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері;
20) жол жүрісін реттеудің техникалық құралдары - жол белгілері, жол таңбалары, бағдаршамдар (олардың жұмыс бағдарламасын айқындайтын жабдықтарды қоса алғанда), темір жол өткелдеріндегі реттегіш құрылғылар, сондай-ақ жол қоршаулары мен бағыттаушы құрылғылар;
21) жол жүрісін ұйымдастыру - жол жүрісін басқару бойынша ұйымдастырушылық-құқықтық, нормативтік-әдістемелік, жобалау-зерттеу, ұйымдастырушылық-техникалық, бақылау-қадағалау, билік етушілік және басқа да іс-шаралар кешені;
22) жол жүрісі саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесі - тиімді жоспарлау жүргізілуін және бақылау қызметінің неғұрлым басым бағыттарына ресурстарды таңдап алу, оларды оңтайлы бөлу қағидаттарына негізделген бақылау іс-шараларының өткізілуін қамтамасыз ететін әкімшілік ету жүйесі;
23) жол жүрісі қауіпсіздігінің аудиті - бұл тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша жол-көлік оқиғаларының себептерін ерте анықтау және оларды жол конструкциясы мен көлік құралын түзету жолымен жою үшін жолдың, көлік құралының технологиялық дайындығының әртүрлі сатыларында аудиторлық ұйым өткізетін бақылау әдісі;
24) жолдың жүру бөлігі - көлік құралының жүрісі үшін пайдаланылатын жол бөлігі;
25) жол иелері - жолдың жеке меншік иелері болып табылатын немесе шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жолдарды басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
26) жүргізуші - көлік құралын (велосипедтерді қоса алғанда) басқаратын адам, жүгі бар немесе салт жануарларды немесе табынды жол бойымен айдап бара жатқан адам;
27) жүргізуші куәлігі - тиісті санаттағы көлік құралын басқару құқығын растайтын құжат. Иесінің жеке бас құжаты болған кезде, алып қойылған немесе жоғалтылған құжаттың орнына заңнамада белгіленген мерзімге берілетін құжат жүргізуші куәлігі болып есептеледі;
28) интеллектуальды көлік жүйесі - жол жүрісін басқару мен бақылауды қамтамасыз ететін өзара байланысты автоматтандырылған жүйелер кешені;
29) көлік құралы - адамдарды, жүктерді немесе өзіне орнатылған жабдықтарды жолдармен тасымалдауға арналған құрылғы;
30) көлік құралының иесі - көлік құралының меншік иесі, сондай-ақ көлік құралына шаруашылық жүргізу құқығында немесе оралымды басқару құқығында не өзге де заңдық негізде (жалдау құқығы, көлік құралын жүргізу құқығына сенімхат, тиісті органның осы тұлғаға көлік құралын беру туралы өкімі) иелік ететін тұлға. Өзінің қызмет немесе еңбек міндеттерін орындауына орай, оның ішінде көлік құралының меншік иесімен немесе өзге иеленушісімен арадағы еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде көлік құралын басқаратын тұлға көлік құралының иесі болып табылмайды;
31) көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік - көлік құралының жол жүрісіне қатысуға жіберілгенін растайтын құжат;
32) көлік құралдарының белсенді қауіпсіздігі - көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларын болғызбауға және олардың көлік құралының конструкциялық ерекшеліктерімен байланысты туындайтын алғышарттарын жоюға бағытталған конструкциялық және пайдалану қасиеттерінің жиынтығы;
33) көлік құралының белсенді емес қауіпсіздігі - көлік құралдарының жол-көлік оқиғаларының ауыртпалығын азайтуға бағытталған конструкциялық және пайдалану сипаттамаларының жиынтығы;
34) көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган - автомобиль көлігі саласында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шегінде басшылықты, салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
35) қызмет өңірі - тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін бөлу қағидаты бойынша көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган айқындаған аумақ;
36) мемлекеттік баяндама - жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйі туралы жыл сайынғы есеп;
37) мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі - мемлекет меншігі болып табылатын және тіркеуші орган механикалық көлік құралына беретін жеке-дара әріп-цифр белгілерін қамтитын және ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес дайындалған, көлік құралының ортаңғы бойлық кесіндісіне перпендикуляр күйдегі вертикал түрде орнатылатын, көлік құралы көлік құралдарын есепке алудың мемлекеттік жүйесінде тіркелген бұйым. Бұл ұғым «Транзит» нөмірлік белгілеріне де қолданылады;
38) механикалық көлік құралы - мопедтер мен рельсті көлік құралдарын қоспағанда, қозғалтқышпен қозғалысқа келтірілетін өздігінен жүретін жол көлік құралы. Бұл ұғым жол жүрісіне қатысқан кезде тракторлар мен өздігінен жүретін машиналарға да қолданылады;
39) механикалық көлік құралын пайдалану - механикалық көлік құралының тіркелген кезден бастап кәдеге жаратылған кезге дейін мақсаты бойынша пайдаланылуын қамтитын «өмірлік циклі» сатысы;
40) механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесі - механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің иелері, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері, міндетті техникалық қарап тексеруді өткізу нәтижелері, техникалық қарап тексерудің халықаралық сертификаты туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер базасы;
41) мопед - цилиндрінің көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен жабдықталған екі немесе үш доңғалақты көлік құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамасы бар басқа көлік құралдары теңестіріледі;
42) мотоцикл - бүйір тіркемесі бар немесе онсыз, қозғалтқышы бар екі доңғалақты механикалық көлік құралы. Мотоциклдерге жүктемесіз салмағы 400 килограммнан аспайтын үш және төрт доңғалақты көлік құралдары, цилиндрінің көлемі 50 текше сантиметрден асатын скутерлер және осыған ұқсас сипаттамасы бар басқа көлік құралдары теңестіріледі;
43) міндетті техникалық қарап тексеру - пайдаланудағы механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін есепке алудың және олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін диагностикалаудың мерзімді процесі;
44) техникалық қарап тексерудің стационарлық желісі - міндетті техникалық қарап тексерудің өткізу үшін механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін диагностикалау құралдарымен жарақтандырылған, ғимаратта немесе құрылыста орналасқан кешен;
45) техникалық қарап тексерудің ұтқыр желісі - міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу үшін механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін диагностикалау құралдарымен жарақтандырылған, арнайы көлік құралынан тұратын жылжымалы кешен;
46) техникалық қарап тексеру орталығы - механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің техникалық жай-күйін диагностикалау жөніндегі жұмыстарды орындау үшін белгіленген тәртіппен тіркелген, осы мақсаттар үшін стационарлық және (немесе) ұтқыр техникалық қарап тексеру желісі бар заңды тұлға, дара кәсіпкер;
47) техникалық қарап тексерудің диагностикалық картасы - механикалық көлік құралы мен оның тіркемелерінің техникалық жай-күйі параметрлерінің тізбесі бар, иесі және механикалық көлік құралы мен оның тіркемелері, берілген туралы және міндетті техникалық қарап тексеру нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын құжат;
48) техникалық қарап тексеру операторы - міндетті техникалық қарап тексеруден өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және техникалық қарап тексеру операторларының тізіліміне енгізілген заңды тұлға немесе дара кәсіпкер;
49) техникалық қарап тексеру операторларының тізілімі - техникалық қарап тексеру операторларының бірыңғай тізбесі, оны жүргізуді көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады;
50) тұрақ (паркинг) - көлік құралдарының сақталуына (тұруына) арналған және жол жүрісі қағидалары мен басқа да техникалық нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған бір немесе көп деңгейлі инженерлік құрылысты немесе арнаулы ашық алаңды қоса алғанда, арнайы жабдықталған ғимарат (ғимараттың бөлігі) болып табылатын орындарда көлік құралының жүрісін жолаушыларды мінгізуге немесе түсіруге не көлік құралына жүк тиеуге немесе түсіруге байланысты емес себептер бойынша 5 минуттан астам уақытқа әдейі тоқтату;
51) тіркеме - қозғалтқышпен жабдықталмаған және механикалық көлік құралының құрамында жүруге арналған көлік құралы. Бұл ұғым жартылай тіркемелер мен ұзартылмалы тіркемелерге де қолданылады;
52) халықаралық техникалық қарап тексеру сертификаттары - қатаң есептегі бланк болып табылатын және ең ауыр салмағы 3500 килограммнан астам М 2, М 3, № 2 және № 3 санатындағы механикалық көлік құралдарының міндетті техникалық қарап тексеруден өту және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдерде белгіленген талаптарға сәйкестігінің фактісін растайтын құжат.
2-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігi туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда белгіленгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттардың қағидалары қолданылады.
3-бап. Жол жүрісінің негізгі қағидаттары
Жол жүрісінің негізгі қағидаттары:
жол жүрісіне қатысушы азаматтардың өмірі мен денсаулығының шаруашылық қызметтің экономикалық нәтижелерінен басымдығы;
жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекет жауапкершілігінің жол жүрісіне қатысушы азаматтар жауапкершілігінен басымдығы;
жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде азаматтар, қоғам мен мемлекет мүдделерінің сақталуы;
жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жүйелі көзқарас болып табылады.
4-бап. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесi
Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі мемлекеттік саясатты іске асыру құралы болып табылады және ол жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормаларды, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, меншік нысанына қарамастан заңды тұлғалардың, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің, жол жүрісіне қатысушылардың, жол жүрісі қауіпсіздігін және жол-көлік оқиғаларының салдарын жоюды қамтамасыз ететін құралдар мен шаралардың жиынтығын қамтиды.
2-тарау. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару және саясат
5-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару
1. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік басқару:
1) жол жүрісі саласында мемлекеттік саясат жүргізуді;
2) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды қаржыландыруды;
3) көлік құралдарының иелері мен тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің міндетті сақтандырылуын қамтамасыз етуді;
4) жол жүрісі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жай-күйінің негізгі нысаналы көрсеткіштерінің статистикалық есептілігін және мемлекеттік есепке алынуын жүргізуді;
5) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілерді белгіленген тәртіппен әзірлеуді, бекітуді және іске асыруды;
6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретін белгілеуді;
7) жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың салдарының ауыртпалығын азайту мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің, заңды және жеке тұлғалардың қызметін үйлестіруді;
8) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуді;
9) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жол-көлік оқиғаларының салдарын жоюды;
10) жолдардың қауіпсіздігі мен олардың өткізу қабілетін қамтамасыз етуді;
11) көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
12) жол пайдаланушылардың қауіпсіз мінез-құлқын қамтамасыз етуді;
13) халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруды;
14) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында Қазақстан Республикасы заңнамасының, қағидалардың, стандарттардың, техникалық нормалар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің орындалуына мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруды;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де басқару нысандарын қамтиды.
6-бап. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясат
1. Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясаты жол жүрісі қатысушыларын қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және олардың салдарының ауыртпалығын азайтуға бағытталған.
2. Жол жүрісі саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары:
1) жол жүрісінің қауіпсіздігі мен қолжетімділігін, оның қатысушылары үшін қолайлылық пен сервисті қамтамасыз ету;
2) орнықты көлік жүйесін қамтамасыз ету;
3) жол жүрісіндегі қатерді азайту;
4) қауіпсіз көлік құралдарына көшу;
5) қоғамдық көлікті пайдалануды ынталандыру және көтермелеу;
6) жол жүрісі қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету;
7) жол-көлік оқиғаларының салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру;
8) жол жүрісі саласында қоршаған ортаны қорғау;
9) Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне сәйкес жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзге де бағыттар болып табылады.
7-бап. Жол жүрісі саласындағы қызметті қаржыландыру
Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметті қаржыландыру бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге көздердің есебінен жүзеге асырылады.
8-бап. Жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жай-күйінің көрсеткіштерін есепке алудың мемлекеттік жүйесі
1. Қазақстан Республикасының аумағында адамдар қаза болған және/немесе жарақаттанған, көлік құралдары, құрылыстар, жүктер зақымданған не өзге материалдық залал келтірілген жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ жол жүрісі саласындағы құқық бұзушылықтар санының көрсеткіштерін, жол жүрісінің жай-күйін және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті көрсететін басқа да көрсеткіштерді есепке алудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі жүзеге асырылады.
2. Жол жүрісінің жай-күйін және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті көрсететін көрсеткіштер туралы ақпарат жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның ресми сайтында орналастырылады.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жол жүрісі және оның
қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құзыреті
9-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының аумағында жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлейді және жүргізеді;
2) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық етеді, олардың Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін орындауына бақылау жасайды;
3) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, көлік құралдарын басқару құқығына емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекітеді;
5) механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруді ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық қарап тексеруді өткізу кезеңділігін бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға жіберу жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түрлі түсті графикалық схемалар бойынша боялуға жататын жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекітеді;
7) жол жүрісі қауіпсіздігіне аудит жүргізу қағидаларын және жол жүрісі қауіпсіздігінің аудиті жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
8) механикалық көлік құралдарының жүргізушілігіне үміткерлерге міндетті медициналық куәландыру жүргізу және механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне мерзімді медициналық қайта куәландыру жүргізу қағидаларын бекітеді;
9) көлік құралдарының жүргізушілеріне рейс алдында, рейстен кейін және ағымдағы медициналық қарап-тексерулер жүргізу қағидаларын бекітеді;
10) жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек ұсыну қағидаларын, медициналық көмектің түрлері мен көлемін бекітеді;
11) жолдарда көлік құралдарының жүрісін тоқтату немесе уақытша шектеу, сондай-ақ елді мекендер шегінде жолдарды пайдаланғаны үшін ақы төлеу және елді мекендердің әртүрлі аймақтарына белгілі бір көлік құралдары санаттарының ақылы түрде кіруін енгізу тәртібін бекітеді;
12) міндетті техникалық қарап тексеруді өткізу жөніндегі қызметтердің бағасын анықтау әдістемесін бекітеді;
13) өзіне Конституцияда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының Президенті актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
10-бап. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:
1) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу, механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау, көлік құралдарын басқару құқығына емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын әзірлейді;
3) Қазақстан Республикасының жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға жіберу жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түрлі түсті графикалық схемалар бойынша боялуға жататын жедел және арнайы қызметтер тізбесін әзірлейді;
4) жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және оны жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жол жүрісі қауіпсіздігінің жай-күйі туралы жыл сайынғы мемлекеттік баяндаманы енгізеді;
6) мемлекеттік органдардың жол жүрісі және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;