2. Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесiнiң Төрағасы мен мүшесi өз өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде қылмыс үстiнде қолға түсу немесе ауыр не аса ауыр қылмыстар жасау жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң келісімiнсiз қамауға алынбайды, мәжбүрлеп келтiрiлмейдi, қылмыстық жауапқа тартылмайды.
3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне айып тағу, қамауға алуға санкция беру, оны қылмыстық iзге түсу органына мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешу алдында енгiзiледi.
3-1. Қылмыс жасаған деп айыпталушы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын немесе мүшесін қамауға алу немесе үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы мәселені алдын ала тергеуді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде Астана қаласының аудандық соты шешеді.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алған соң iс бойынша әрi қарай iс жүргiзу осы Кодекстiң 496-бабының төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 498-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
498-бап. Судьяға қатысты алдын ала тергеу iсiн жүргiзу
1. Судьяға қатысты тергеу iсiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғауы мүмкiн, ол анықтау мен алдын ала тергеудi жүзеге асырушы органға тергеу жүргiзудi тапсырады. Судьяға қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу iсiн жүргiзу мiндеттi.
2. Судья Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген келісімiнсiз не Конституцияның 55-бабының 3-тармақшасында көзделген жағдайда - қылмыс үстiнде қолға түсу немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасау жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келісімiнсiз қамауға алынбайды, мәжбүрлеп келтiрiлмейдi, қылмыстық жауапқа тартылмайды.
3. Судьяны қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Президентiне, ал Конституцияның 55-бабының 3 тармақшасында көзделген жағдайда - Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатына ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс судьяға айып тағу, қамауға алуға санкция беру, судьяны қылмыстық iзге түсу органына мәжбүрлеп жеткізу қажеттiгi туралы мәселенi шешу алдында енгiзiледi.
3-1. Қылмыс жасаған деп айыпталушы судьяны қамауға алу немесе үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы мәселені алдын ала тергеуді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде Астана қаласының аудандық соты шешеді.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының шешiмiн алған соң iс бойынша әрi қарай iс жүргiзу осы Кодекстiң 496-бабының төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 499-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
499-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты алдын ала тергеу iсiн жүргiзу
1. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты қылмыстық iстi оның бiрiншi орынбасары ғана қозғауы мүмкiн. Қазақстан Республикасының бас Прокурорын өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған кезден бастап Бас Прокурордың бiрiншi орынбасарының ұсынуы бойынша тергеу аяқталғанға дейiн өзiнiң қызметтерiн атқарудан Қазақстан Республикасының Президентi шеттетедi. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры өзiнiң өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келісімiнсiз, қылмыс үстiнде қолға түскен немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасау жағдайларын қоспағанда, қамауға алынбайды, мәжбүрлеп келтiрiлмейдi, қылмыстық жауапқа тартылмайды.
2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорын қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім алу үшiн Бас Прокурордың бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатына ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына айып тағудың, қамауға алуға санкция берудiң, оны қылмыстық iзге түсу органына мәжбүрлеп жеткізудiң қажет екенi туралы мәселенi шешудiң алдында енгiзiледi.
3. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенатынан шешiм алған соң iс бойынша одан әрi iс жүргiзу осы Кодекстiң 496-бабының төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетiншi бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
3-1. Қылмыс жасаған деп айыпталушы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын қамауға алу немесе үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы мәселені алдын ала тергеуді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған қаулысының негізінде Астана қаласының аудандық соты шешеді.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты қылмыстық iстi тексерудiң заңдылығын қадағалауды оның бiрiншi орынбасары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу қимылын жүргiзуге санкцияны оның бiрiншi орынбасары бередi. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу мерзiмiн ұзартуды осы Кодексте көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасары жүргiзедi. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты қамауға алу немесе үйде қамауда ұстау мерзімін ұзарту Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары өтінішті қолдағаннан кейін осы Кодекстің 153-бабында және 496-бабының сегізінші бөлігінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
5. Айыптау қорытындысымен бiрге аяқталған iстi тергеушi осы Кодексте белгiленген тәртiппен сотқа жiберу үшiн Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бiрiншi орынбасарына тапсырады.
500-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты қылмыстық iстi соттың талқылауы
1. Iстi қарау осы бапта жазылған ережелер ескерiле отырып сотта талқылаудың жалпы қағидалары бойынша жүргiзiледi.
2. Сот сотталатын Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына тыйым салу шарасы ретiнде қамауға алуды, ал iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шарасы ретiнде - егер Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 4-тармағында, 71-бабының 5-тармағында, 79-бабының 2-тармағында, 83-бабының 3-тармағында көрсетiлген мемлекеттік органдар қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келісім беруге алдын ала тергеуде бас тартса немесе мұндай келісім сұралмаса, осы Кодекстiң 496-бабының үшiншi бөлiгiне, 497-бабының үшiншi бөлiгiне, 498-бабының үшiншi бөлiгiне, 499-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес көзделген тәртiппен бұған келісім беру туралы ұсыныспен өтiнiш жасап, мәжбүрлеп келтiрудi қолдануға құқылы.
501-бап. Қылмыстық iзiне түсуден дипломатиялық иммунитетi бар адамдар
1. Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес қылмыстық iзiне түсуден иммунитеттi мынадай адамдар пайдаланады:
1) шет мемлекеттiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, осы өкiлдiктердiң дипломатиялық қызметкерлерi және, егер олармен бiрге тұрса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, олардың отбасыларының мүшелерi;
2) өзара негiзде дипломатиялық өкiлдiктердiң қызмет көрсету қызметкерлерiмен, егер осы қызметкерлер мен олардың отбасыларының мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, олармен бiрге тұратын олардың отбасыларының мүшелерi, консулдықтардың басшылары және олардың қызмет мiндеттерiн атқаруы кезiнде жасаған әрекеттерiне қатысты, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, басқа да консулдық лауазымды адамдар;
3) өзара негiзде дипломатиялық өкiлдiктердiң әкiмшiлiк-техникалық қызметтерiнiң қызметкерлерi және, егер бұл қызметкерлер мен олардың отбасыларының мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, олармен бiрге тұратын олардың отбасыларының мүшелерi;
4) дипломатиялық курьерлер;
5) шет мемлекеттердiң басшылары мен өкiлдерi, Парламент және Үкiмет делегацияларының мүшелерi және өзара негiзде - Қазақстанға халықаралық келiссөздерге, халықаралық конференциялар мен кеңестерге қатысу үшiн немесе басқа ресми тапсырмалармен келетiн, не сондай мақсаттармен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен жол шеккен шет мемлекеттер делегацияларының қызметкерлерi және егер бұл отбасылар мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, аталған адамдардың олардың қасына ерiп жүрген отбасыларының мүшелерi;
6) халықаралық ұйымдардағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң басшылары, мүшелерi мен қызметкерлерi, халықаралық шарттардың немесе жалпы жұрт таныған халықаралық салт-дәстүрлер негiзiнде Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн осы ұйымдардың лауазымды адамдары;
7) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтушi шет мемлекеттердiң үшiншi бiр елдегi дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, өкiлдiктерiнiң дипломатиялық қызметкерлерi және аталған адамдардың қасына ерiп жүретiн немесе оларға қосылу немесе өзiнiң елiне оралу үшiн жеке келе жатқан олардың отбасыларының мүшелерi;
8) Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1, 4-7 тармақтарында аталған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар қылмыстық iзiне түсушiлiкке шет мемлекет қылмыстық iзiне түсушiлiк иммунитетiнен үзiлдi-кесiлдi бас тарту жасаған жағдайда қылмыстық iзiне түсушiлiкке ұшырауы мүмкiн. Мұндай бас тарту туралы мәселе Бас Прокурордың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі арқылы дипломатиялық жолмен шешiледi. Тиiстi шет мемлекеттiң аталған адамдар жөнiнде қылмыстық iзiне түсушiлiк иммунитетiнен бас тартуы болмаған жағдайда оларға қатысты қылмыстық iс қозғалмайды, ал қозғалған iс тоқтатылуға тиiс.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнiң қағидалары бұл адамдардың жасаған қылмысы өздерiнiң қызмет мiндеттерiн атқаруға байланысты болған және Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталмаған жағдайларды қоспағанда, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2 және 3 тармақтарында аталған адамдарға қолданылмайды.
502-бап. Дипломатиялық иммунитеттi пайдаланушы адамдарды ұстау және қамауға алу
1. Осы Кодекстiң 501-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 4-7-тармақтарында аталған адамдар, сондай-ақ өзге де адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес жеке басына тиiспеушiлiк құқығын пайдаланады. Оларға қатысты заңды күшiне енген үкiмдi орындау үшiн қажет жағдайларды қоспағанда, оларды ұстауға немесе қамауға алуға болмайды.
2. Осы Кодекстiң 501-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2 және 3-тармақтарында аталған адамдар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, олар ауыр, аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн iзiне түскен жағдайда не соттың заңды күшiне енген үкімін орындау кезiнде ғана ұсталуы немесе қамауға алынуы мүмкiн.
503-бап. Айғақтар беруден дипломатиялық иммунитет
1. Осы Кодекстiң 501-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 3-6-тармақтарында аталған адамдар, сондай-ақ өзге де адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес куәгер, жәбiрленушi ретiнде айғақтар бермеуiне болады, ал мұндай айғақтарды беруге келiскен жағдайда бұл үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi органға келуi мiндеттi емес. Аталған адамдарға тапсырылған жауап алуға шақыру қағазында олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органға келмегенi үшiн мәжбүрлеу шараларымен қоқан-лоққы жасалмауы тиiс.
2. Егер осы адамдар алдын ала тергеуде жәбiрленушi, куәгер ретiнде айғақтар берген, ал сот отырысына келмеген жағдайда, сот олардың айғақтарын оқып бере алады.
3. Осы Кодекстiң 501-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында аталған адамдар, өздерiнiң қызмет мiндеттерiн атқаруына байланысты мәселелер бойынша берген айғақтарды қоспағанда, куәгерлер мен жәбiрленушiлер ретiнде айғақтар беруден бас тарта алмайды. Консулдық лауазымды адамдар куәгерлiк айғақтар беруден бас тартқан жағдайда оларға iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шаралары қолданыла алмайды.
4. Дипломатиялық иммунитеттi пайдаланушы адамдар қылмыстық процестi жүргiзушi органға хат-хабар мен өздерiнiң қызметтiк мiндетiн атқаруға қатысты басқа да құжаттарды табыс етуге мiндеттi емес.
504-бап. Үй-жайлар мен құжаттардың дипломатиялық иммунитетi
1. Дипломатиялық өкiлдiк басшысының резиденциясы, дипломатиялық өкiлдiк орналасқан үй-жайлар, дипломатиялық қызметкерлер мен олардың отбасылары мүшелерiнiң тұрғын үй-жайлары, олардағы мүлiк пен жүрiп-тұру құралдары қол сұғылмайтын болып табылады. Осы үй-жайларға кіру, сондай-ақ тiнту, сұрыптап алу, мүлiкке тыйым салу дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оны алмастыратын адамның келісімiмен ғана жүргiзiледi.
2. Өзара негiзде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген иммунитет дипломатиялық өкiлдiктiң қызмет көрсетушi қызметкерлер және олармен, егер бұл қызметкерлер мен олардың отбасыларының мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса, олармен бiрге тұратын олардың отбасыларының мүшелерi орналасқан тұрғын үй-жайларға қолданылады.
3. Консулдық орналасқан үй-жай мен консулдық басшысының резиденциясына өзара негiзде қол сұғылмаушылық құқығы қолданылады. Осы үйлерге кіру, тiнту, сұрыптап алу, тыйым салу тиiстi шет мемлекет консулдығының немесе дипломатиялық өкiлдiгi басшысының өтiнiшi бойынша немесе келісімiмен ғана орын алуы мүмкiн.
4. Дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдықтардың архивтерi, ресми жазысқан хаттары және басқа да құжаттар қол сұғылмайтын болып табылады. Олар дипломатиялық өкiлдiк консулдық басшысының келісімiнсiз қаралмайды және алынбайды. Дипломатиялық почта ашылуға және ұсталуға тиiс емес.
5. Осы баптың бiрiншi, екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген үй-жайларға кіруге, оларға тiнту жүргiзуге, сұрыптап алуға, сондай-ақ қарау мен осы баптың төртiншi бөлiгiнде аталған құжаттарды қарауға және сұрыптап алуға дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдықтар басшыларының келісімiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі арқылы прокурор сұратады.
6. Аталған жағдайларда тiнту, сұрыптап алу, қарау прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігі өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
12-бөлім. Айрықша іс жүргізу
54-тарау. Ессіз күйдегі адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
туралы істер бойынша сот ісін жүргізу
505-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзу негiздерi
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 90-бабында аталған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзу есi кiресiлi-шығасылы күйде қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекет жасаған немесе қылмыс жасаған соң жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын дәрежеде психикасы бұзылып ауырған адамдарға қатысты iстер бойынша жүзеге асырылады.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары дерттi психикалық ауытқушылық өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiп-қатермен байланысты болған не оның өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiн болған жағдайда ғана тағайындалады.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен және сонымен бiрге осы тараудың ережелерiмен айқындалады.
506-бап. Дәлелдеуге жататын мән-жайлар
1. Осы Кодекстiң 505-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi.
2. Алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде мынадай мән-жайлар анықталуы тиiс:
1) жасалған әрекеттiң уақыты, орны, тәсiлдерi мен басқа да мән-жайлары;
2) осы адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасауы;
3) әрекетпен келтiрiлген залалдың сипаты мен мөлшерi;
4) қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған адамның оны жасағанға дейiнгi, сондай-ақ одан кейiнгi мiнез-құлқы;
5) осы адамда бұдан бұрын психикалық ауытқушылықтың бар-жоғы, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасау кезiнде немесе iстi қарау кезiнде психикалық сырқаттану дәрежесi мен сипаты.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 507-бап өзгертілді
507-бап. Қауiпсiздiк шаралары
1. Заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған және психикалық сырқатқа шалдыққан адамдарға бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Осы адамдарға қажет болған жағдайда мынадай қауiпсiздiк шаралары қолданылады:
1) денсаулық сақтау органдарын хабарландыра отырып, ауруды туыстарының, қамқоршыларының, қорғаншыларының қарауына беру;
2) психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға орналастыру.
508-бап. Туған-туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына беру
1. Психикалық сырқатқа шалдығу фактiсi анықталған кезден бастап заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған, бiрақ айналадағы адамдарға қауiп төндiрмейтiн адам, денсаулық сақтау органдарын хабарландыра отырып, туған-туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына берiлуi мүмкiн.
2. Осы шараны таңдап алу туралы тергеушi, сот дәлелдi қаулы шығарады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 509-бап өзгертілді
509-бап. Мамандандырылған медициналық ұйымға орналастыру
1. Бұлтартпау шарасы ретiнде бұдан бұрын қамауға алынған адамның психикалық сырқатқа шалдығу фактiсi анықталған кезде прокурордың қаулысы бойынша ол қатаң оқшаулау жағдайында ауруларды ұстауға лайықталған психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға ауыстырылады.
2. Қамауда ұсталған адамды психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық ұйымға орналастыру осы Кодекстiң 247-бабының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
510-бап. Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасаған немесе қылмыс жасағаннан кейiн психикасы бұзылумен ауырған адамға қатысты iстi бөлiп алу
Егер қылмыстық iстi тексеру кезiнде қатысушылардың бiрi әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасағаны немесе қылмыс жасаған соң психикасы бұзылумен ауырғаны анықталатын болса, оған қатысты iс жеке iс жүргiзуге бөлiнуi мүмкiн.
511-бап. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның құқықтары
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адам, сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша бұған оның сырқатының сипаты мен ауырлық дәрежесi кедергi келтiрмейтiн болса; өзiн қандай әрекеттi жасағаны үшiн айыптайтындығын бiлуге; түсiнiктемелер беруге; дәлелдер келтiруге; өтiнiштер мен бас тартуларды мәлiмдеуге; өзiнiң ана тілінде немесе бiлетiн тілінде түсiнiсуге аудармашының көмегiн тегiн пайдалануға; қорғаушысы болуына және онымен оңаша және құпия кездесуге; тергеушiнiң рұқсатымен оның өтiнiшi немесе қорғаушысының өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу қимылдарына қатысуға; осы қимылдардың хаттамаларымен танысуға және оларға ескертпелер жасауға; сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға; алдын ала тергеу аяқталған соң iстiң барлық материалымен танысуға және одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; тергеушiнiң, прокурор мен соттың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар жасауға, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға құқылы. Iстiң сотта талқылауында, бұдан басқа, аталған адамның дәлелдердi зерттеуге және сот жарыссөздерiне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер жасауға; соттың қаулысына шағымдануға және шағымдалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iсi бойынша келтiрiлген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға құқығы бар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамға тергеушi оның құқықтарын түсiндiруге және олардың тiзбесiн жазбаша түрде табыс етуге мiндеттi. Соттың талқылауындағы құқықтары түсiндiрiлгенi туралы сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
2011.09.11. № 490-ІV ҚР Заңымен 512-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
512-бап. Заңды өкiлдiң қатысуы
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның жақын туысқаны немесе өзге тұлға осы адамның заңды өкiлi болып танылады және тергеушiнiң немесе прокурордың қаулысы бойынша не соттың қаулысы бойынша iске қатысуға тартылады.
1-1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның заңды өкілінің сотқа қатысуы міндетті болып табылады.
2. Заңды өкiл өзi өкiлi болып отырған адамның заңмен тыйым салынған қандай әрекеттi жасағаны мойнына қойылуын бiлуге; өтiнiштер мен бас тартуларды мәлiмдеуге; дәлелдер келтiруге; тергеушiнiң рұқсатымен оның немесе қорғаушысының өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу қимылдарына қатысуға; өзi қатысқан тергеу қимылдарының хаттамаларымен танысуға және ондағы жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескертпелер жасауға; алдын ала тергеу аяқталған соң iстiң барлық материалымен танысуға, одан кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде көшiрiп алуға; iстi тоқтату туралы немесе iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға; сот талқылауына қатысуға; тергеушiнiң, прокурор мен соттың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар беруге соттың қаулысына шағым жасауға және шағымдалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iс бойынша келтiрiлетiн шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға құқығы бар.
3. Заңды өкiлге құқықтарының түсiндiрiлгенi туралы хаттама жасалады.
513-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс бойынша iс жүргiзуге қорғаушының қатысуы, егер қорғаушы бұдан бұрын iске өзге негiздер бойынша араласпаған болса, өзiне қатысты iс жүргiзiлiп отырған адамның есiнiң кiресiлi-шығасылылығы немесе психикасының бұзылу фактiсi анықталған кезден бастап мiндеттi болып табылады.
2. Iске араласу кезiнен бастап қорғаушы, егер бұған қорғалушының денсаулық жайы кедергi келтiрмейтiн болса, қорғауындағы адаммен оңаша жүздесуге құқығы бар, сондай-ақ осы Кодекстiң 74-бабында көзделген басқа да барлық құқықтарды пайдаланады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 514-бап өзгертілді
514-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы
1. Алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн тергеушi:
1) iс жүргiзу iсiн - 37-бапта және 269-баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, сондай-ақ сырқатты психикасының бұзылуы өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiп-қатермен не өзге елеулi зиян келтiрiлуi мүмкiн жағдайларда қысқарту туралы;
2) iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулы шығарады.
2. Iстi қысқарту туралы немесе iстi сотқа жiберу туралы тергеушi өзiне қатысты алдын ала тергеу жүргiзiлген адамға, егер өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша бұл адам тергеу қимылдарына қатысуға қабiлеттi болса, оның заңды өкiлiне және қорғаушысына, сондай-ақ жәбiрленушiге хабарлайды. Тергеушi процестiң аталған қатысушыларына олардың iстiң материалдарымен танысу құқығын түсiндiредi және бұл құқығын олардың қайда және қашан пайдалана алатындығын хабарлайды. Iспен танысудың тәртібі тексерудi толықтыру туралы өтiнiштер мен рұқсаттардың тәртібі осы Кодекстiң 275, 276-баптарымен белгiленедi.